Мемлекет пен құқық өркениеттің аса зор жетістігі, оның адамзат тарихындағы мәні айрықша



бет12/18
Дата26.10.2022
өлшемі213.2 Kb.
#463429
түріЛекция
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18
darister

Заңның шекаралары
Қоғамдық қатынастарды және оларды іске асыратын мінез-құлықты нормативтік реттеу – адамзаттың тамаша әлеуметтік тәжірибесі. Ол қоғамның ыдырауының алдын алды, әсіресе адамдардың жеке басының бостандығына деген ұмтылысы өсіп отырған жағдайда оның бірігуін күшейтті. Мұнда хронологиялық тұрғыдан бірінші орынға әдет-ғұрып секілді әлеуметтік нормативтік реттегіш шығарылады. Әдет-ғұрып өз алдына тарихи қалыптасқан мінез-құлық стандарттарын білдіреді. Оның үстіне әдет-ғұрыптың «идеялық қаруы», яғни формуласы әрқашан мінез-құлық қағидасы – нақты жағдайдағы іс-әрекеттің толық ұйғарымы» болады.15
Бастапқыда кез келген әдет-ғұрыптың негізі жеке және қоғамдық мәнге ие болса да, ұрпақтан ұрпаққа жеткен кезде қайталанып отыратын болғандықтан, оның мәні уақыт өте келе адам санасынан сырғып, көмескіленіп немесе мүлдем жоғалады. Мысалы, қазіргі кезде көптеген халықтарда кездесетін қонақжайлылық салты қоғамдық тамақтану орындары мен түнеп шығатын орындардың болмауына байланысты жолаушыға көмек көрсету мақсатында туғаны қазір ешкімнің де ойына кіріп шықпайтын болар.
Әдет-ғұрып дегеніміз алдыңғы ұрпақтың тәжірибелерін кейінгілерге жеткізуші ерекше тасымалдаушылар екеніне әрі осы тұрғыда біріктіруші және реттеуші мәнге ие екеніне қарамастан, олар күнделікті өмірде тарихи қайталанып отыратын және қоғамда мойындалған әдеттегі іс-әрекет актілері ретінде қабылданады. Оларды сақтау аса бір терең ынталандыру процестерін талап етпейді, көпшілік әлеуметтің көңіліне орныққан әдет-ғұрып талаптары баршаға ортақ деген дағдыға негізделеді. Салт-ғұрып адамды алғашқы қауымдық құрылыстан бөлінбеген кездегі туыстық тіршілік ету тәсіліне қайта алып келетін секілді. Демек, әдет-ғұрыпқа мойынсұнған адам еркіндікке ұмтылмайды. Сондықтан еркіндікті шектеуге қоғамдық қажеттілік те туындамайды. Мұндай жағдай қандай да бір әдет-ғұрып өзінің көнелігіне қарай әлеуметтік мінез-құлықтың қалыптасқан жаңа модельдеріне қайшы келмейінше жалғаса береді. Бұл қайшылықтар ескірген салт-дәстүрлерді кейінге ығыстырып шығарады, тіпті оны жоюға дейін апарады. Сонымен бірге мемлекет маңызын жоймаған әдет-ғұрыптарды жаңа жағдайларда құқық дәрежесіне көтеріп, соның арқасында әдет-ғұрып құқығы немесе құқықтық әдет-ғұрып деп атайтын кері процесс жүруі мүмкін. Бұл түрлі халықтарда мемлекеттің пайда болуының ерте кезеңдеріне тән болды. Қоғамды басқаруда мемлекеттің рөлінің күшеюіне орай мұндай тәжірибе жойыла бастады, ал қазіргі кезде ол кездеспейді.
Осылайша, белгілі бір әдет-ғұрыпқа тұтастай бағыну, оның билік жүргізуі уақыт өте келе аяқталады. Мұндай жағдай уақытпен бірге дамып немесе өзгеріп отыратын адамдар әдет-ғұрыпты өздерінің еркіндігін шектеу деп қабылдай әрі оның шегінен шыға бастаған кезде орын алады және сонымен бір мезгілде, социумның деңгейінде оны бұзып, бүлдіреді. Қоғамда әдет-ғұрыптарды қорғаудың қоғамдық пікірден басқа пәрменді тетіктері болмағандықтан, әдет-ғұрыптың реттеуші мәні әлсірейді, ол дәстүрлі және консервативті қоғамдарда ғана өзінің зор маңызын сақтайды. Сонымен қатар, әдет-ғұрып пен құқықты реттеу пәні сәйкес келген жағдайда әдет-ғұрыптың құқық нормаларын іске асырудағы рөлі жағымды болады. Осылайша, құқықты өзіндік тану құқық нормаларын белгілеу мағынасында емес, оларды қоғамның мақұлдауы мен қолдауы мағынасында жүзеге асады.
Әдет-ғұрып пен құқық қайшы келген жағдайда олардың арасындағы кереғарлық соңғысының пайдасына шешіледі, өйткені құқық нормаларында психологиялық және физикалық мәжбүрлеу бар. Ал әдет-ғұрып нормалары мәжбүрлеу күші жоқ қоғамдық пікірмен ғана қамтамасыз етілген. Әдет-ғұрыпқа қатысты мұндай ықтиярлы қарым-қатынас олардың пәндік мазмұны әдет-ғұрып аясында жасалатын амал-әрекеттерді қоғам тарапынан бағалаған кезде ешбір мәнінің болмауына байланысты қалыптасқан сияқты. Бастысы адамдардың барлығы байқап көретін сыртқы мінез-құлық актілерін шығару болды. Мұндай реттеу тәсілі адамды осындай жағдайлар қайталанған кезде нұсқаларды әр қайталанған сайын қайта таңдауды шешу қажеттігінен босатады.
Мінез-құлықты моральдық тұрғыдан реттеуге келсек, әңгіме басқаша. Құқық жүйесінде еркіндік аясы шектелген қоғамдық қажеттілік ретінде танылатыны, ал әдет-ғұрыпты ұстануда мәжбүрлеусіз тәуелділік болатыны секілді қоғамдық өмірдің тек моральмен реттеліп, моральмен түсіндірілетін арнайы саласы жоқ. «Адамдардың күнделікті өміріндегі әлеуметтік және әлеуметтік-психологиялық жағдайлар (экономика, саясат, ұйымдастыру, тұрмыс, қарым-қатынас) – бұлар сонымен бірге қашан да әділдік пен әділетсіздіктің, ізгілік пен рақымсыздықтың, адалдық пен алдаудың көрінісі. Қоғамдық құбылыстар әлемде болып жатқан іс-әрекеттердің барлығына сезімталдықпен жауап қайтара отырып, оны өз бетінше електен өткізетін моральдық санаға осындай адамгершілік мән-мағына, ерекше құнды өң береді».19
Сөйтіп, мораль әдет-ғұрыптар, құқықтар, саяси және өзге әлеуметтік нормалар арқылы нормативтік тұрғыдан реттелген қарым-қатынастарды «жақсы – жаман», «қайырымдылық – зұлымдық», «пайдалы – пайдасыз», «орынды – орынсыз» деп дихотомиялық шәкіл бойынша бағалай отырып, жіктеледі. Сөйтіп, мораль әдет-ғұрыпты бағалай отырып, оның әсерін күшейте немесе азайта, белгілі бір құқық нормаларын ерікті және бастамашылықпен сақтауға ықпал ете немесе олардың бұзылғанын ақтай алады. Қоғамдық пікірге сүйенетін моральдық көтермелеу мен моральдық жазғыру басқа әлеуметтік нормалар арқылы егжей-тегжейлі реттеуге ұшыраған маңызды қосымша реттегіштер болып табылады. Адам баласы игерген моральдық құндылықтар жеке және ұжымдық мінез-құлықтың, оның ішінде құқықтың қолданылу аясында ынталандырушы зор факторға ие.
Қоғамды біріктіруде әдет-ғұрыптармен, құқықпен, моральмен қатар діннің де атқаратын айрықша рөлі бар. Өтіп жатқан табиғи және қоғамдық оқиғаларды діншілдік, құдайдың қалауымен болған себепті шарттастық, алдын ала маңдайға жазылатын жазмыш тұрғысынан діннің бағалауы әлеуметтік еркіндікке деген ұмтылысты азайтады. Жаратушының талассыз беделінің алдында мойынсұну үрдісі күшейеді, бұл әсіресе, белгілі бір діни ағымды ынта-шынтасымен жақтаушылардан айрықша байқалады. Бірақ сонымен бірге тіпті аса діншіл емес қоғамдарда да кейде діни идеологияның тақуалық пен күнәһарлық, киелілік пен кәделік, тылсым мен жаратылыстан тыс күш санаттарындағы ақиқаттың фрагменттерін бағалауда жаппай болмаса да, қызықтырып, еліктіру жағдайлары кездеседі. Мұндай баға тіршілік қарекетінің түрлі салаларындағы адамның мінез-құлқын мейлінше жағымсыз, қоғамға қауіпті қылықтардан бастап аса жоғары гуманитарлық мақсаттарға құрылған іс-әрекеттерге дейін кең диапазонда ынталандырады. Сондықтан діни талаптар мен нормаларды архаикалық, қазіргі кезде қолданылмайтын нормалар қатарына жатқызуға біржақты болмайды. Бір конфессиялы қоғамда өзін сенімді, иманға ұйытушы етіп көрсететін діннің біріктіруші рөлі бүлдіргіш күштер діни факторды шеберлікпен пайдалана білетін көп конфессиялы қоғамда мүлдем қарама-қарсы рөлге енуі мүмкін екенін білу және есте ұстаған жөн.
Сөйтіп, әдет-ғұрып, құқық, мораль, дін белгілі бір бірлі-жарым мінез-құлыққа бір мезгілде, бірақ әр түрлі тәсілдер арқылы реттеуші әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан заңды мінез-құлық сонымен қатар әрі моральдық, әрі діни, әрі әдет-ғұрыпты іске асырушы болуы мүмкін, оның үстіне бұған мемлекет рұқсат берген болса. Осы мінез-құлықты сырттай реттегіштердің бірлескен іс-қимылы күрделі психологиялық ынталандыру процесінде іске асырылады, бұл кезде адам қойылатын талаптардың арқасында немесе ол талаптарға қарамастан, мінез-құлық нұсқасын саналы түрде таңдайды. Мұнда әдет-ғұрыптар мен дін бірінші жағдайда - адамды өзінің іс-әрекеті аясында еркі жоқ, ұжымға немесе өзге социумға толық тәуелді және екінші жағдайда - жаратқанның еркінде деп қарастырады.
Құқық пен мораль қоғамдық қажеттіліктің жеке еркіндігін шектеуді талап етеді. Мұнда моральдық реттеу шекаралары қоғамдық қажеттілікпен байланысты және психологиялық және физикалық мәжбүрлеу арқылы дүркін-дүркін қайталанап отыратын еркіндікті шектеудің бірлі-жарым актілері ғана қамтылатын құқықтық реттеу шекараларынан әлдеқайда кең. Мәжбүрлеудің соңғы түрі моральға жат. Моральдық жазғыру және сөгу адамның өктем күшті қаншалықты шындап қабылдауына қарай психологиялық мәжбүрлеуге жатады. Бұдан бөлек, мораль үшін бір рет немесе бірнеше дүркін қайталанатын бірлі-жарым еркіндікті шектеу фактісінің маңызы жоқ. Еркіндіктің шексіз көрінісінің жеке-дара бір рет байқалу фактісі құқықтық реттеудің мәніне айнала алмайды, бірақ оған жағымсыз моральдық баға берілуі әбден мүмкін. Құқық үшін, керісінше, шектеу қойылуы тиісеркіндіктің көп дүркін қайталануы мінез-құлықты нормативтік реттеу талаптарының бірі болып табылады.
Адам іс жүзінде осы еркіндікке ие болып, оны сезінген кезде ғана еркіндікті әлеуметтік шектеудің мәні болады. Құқық үшін нақ осы жағдай маңызды. Еркі, бас бостандығы жоқ адамның шектейтін де ештеңесі жоқ. Сондықтан ежелгі Римде құлдар тілі бар құралдар деп танылып, құқық субъектілері ретінде танылған жоқ.
Қоғамдық қатынастардың күрделі шиеленісіндегі адамның еркіндігінің шекараларын құқықтық тұрғыдан анықтау осы қатынастар аясындағыоның еркіндігінің шамасын білдіреді. Жеке бастың еркіндігі, осылайша, индивидтің құқықтық еркіндігіне айналады. Яғни, шектеулі, бірақ сонымен қатар осы құқық субъектісі қатысатын қоғамдық қатынастардың басқа субъектілерінің қол сұғушылығына тәуелсіз кепілді құқық. Өз кезегінде, осы субъектілердің еркіндігі олармен өзара іс-қимыл жасаушы субъектілер үшін қаншалықты қажет болса, соншалықты шектеледі. Заңның сөздік қорында бұл еркіндіктер қызметтің әлеуетті немесе нақты әрекет ететін бастамашысы тарапында субъективті құқық және осы құқықты іске асыруға жәрдемдесуге және кедергі келтірмеуге тиіс адамдар тарапында заңдық міндеттер атауын иеленді.
Қоғамның мемлекетке дейінгі өмір сүру дәуірінде адамдардың нақты бірлі-жарым іске асырылатын және көп дүркін қайталанатын іс-әрекеттеріндегі мұндай өзара қарым-қатынастары қоғамдық тәжірибеде тіркеліп, заң түрін иеленбеген нақты құқыққа айналды2. Кейіннен, қоғамдық өмірдің күшейіне қарай олар мемлекет белгілеген заң нысанына ие бола бастады. Бірақ қоғамға мемлекет белсене араласқан (мемлекет қарауына алған) кезеңде адамның еркіндігін шектеуге қатысты бұрыннан қалыптасқан және алғаш рет пайда болған жаңа ережелер күшінде бола береді. Бұл неше түрлі ар-намыс, іскерлік, кәсіби және корпоративтік этика кодекстерін көрнекі түрде көрсетеді. Сондықтан практикалық тұрғыда осы ережелерге заң нысанын берудің, яғни оларды заңдастырудың мақсаттылығы туралы мәселе қашан да өзекті болып қала береді. Өйткені, Маркстің дәл айтқанындай, заң шығарушы заң шығармайды, ол оны ашып, қалыптастырады. Бұл - оң құқықтың бастапқы проблемасы, заңдардан бастап небір түрлі нұсқаулықтарға дейінгі нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік органдардың күнделікті қызметі оны шешуді көздейді.Бұл қызмет сонымен қатар қоғамды әрі қарай күшейтуге, мемлекеттендіруге бағытталған, өйткені заң жұмыс істейтін жерде мемлекет осы заңдардың кепілі ретінде анық және көзге көрінбей қатысып отырады. Соған сәйкес, құқықтық реттеу шекараларын анықтай отырып, қоғам сонымен бірге қоғамдық өмірді шамадан тыс мемлекеттендіру мәселесін шешеді. Сондықтан заң нысанындағы құқықтың күшінің шекараларын анықтаған кезде кейбір өмірлік жағдайларға назар аудару қажет, оларды ескермеген жағдайда құқықтық реттеудің өзінің ешбір мәні болмайды. Сонымен, мысалы, заңдар сана мен ерік-жігер берілген ерікті адамдарға бағытталуы тиіс. Олар нақты қалыптасқан немесе қалыптасатын экономикалық қатынастарға сәйкес келуі және олардың дамуына кедергі келтіретін қарама-қайшылықтарды жоюы тиіс. Заңдар өз талаптарын басымдыққа ие моральдың құндылықтарымен мөлшерлегені жөн. Бір жынысты некелерді құқықтық тұрғыдан реттеу әрекеттері қатты қарсылыққа тап болатыны кездейсоқтық емес. Құқықтың күшіне діни фактордың біржақты әсерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Христиан діні «не ексең, соны орасың3, сыйға-сый, сыраға - бал»4 қағидатын уағыздай отырып, мемлекеттің заңдарын сақтауды мақұлдайды. Бірақ олардың және құдай заңдарының арасында қайшылықтар болған жағдайда, артықшылықты соңғыларына беруге шақырады. Заңның тақырыптық шекаралары қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық және басқа қарым-қатынастар аясында жатады. Мұнда заңдар қанша қайталанып келсе, сол шамада әрекет ететін болады, яғни бірнеше рет қалпына келтірілген қайшылықтар мінез-құлықты әлеуметтік реттеудің өзге нормаларымен шешіле алмайды.
Бұдан бөлек, заңның шекаралары қолданылатын аумақпен, ол есептелген кезеңмен, құқық субъектісі немесе міндеттердің иесі болып табылатын және бола алатын адамдар тобымен анықталады. Сонымен, құқық шекаралары көптеген басқа критерийлер бойынша анықталады, оларды неғұрлым толық қамту тиімді негізделген заң қабылдауды қамтамасыз етеді.


Литература

1.Алимжан К.А.Вопросы теории обычного права, 2003. – 320 с.


2.Дробницкий О.Г. Понятие морали. М.: Изд.-во « Наука», 1974.388 с.
3.Мораль.-В кн.: Философский энциколопедический словарь. – М.: Инфра-М., 2001, с. 275-276
4.Мораль и право. – В кн.:Словарь по этике/Под.редакцией А.А.Гусейнова и И.С. Кона. – М.: Политиздат, 1987, с.447
5.Нурпеисов Е.К. – Пределы правового регулирования –В ст.: Развитие законодательства советского Казахстана и практика борьбы с преступностью. Караганда. 1984, с. 34-45
6. Обычай. В кн.:( Обычаи, традиции и преемственность поколений. М.: Политиздат, 1976.-с. 314-315 (см.пред...)
7. Суханов И.В. Обычаи, традиции и преемственность поколений. М.: Политиздат, 1976. – 2016 с.
8. Религия. – В кн.:Философский энциклопедический словарь.-М.: Инфра-М,2001, с. 391-392
9. Романов Р.А. Закон, правило, норма, долженствование.// Правоведение, 2001, № 6, с. 13-19
10. Тусупов Е.О. Шарль Луи Монтескье: Характер народа и дух законов // Право и государство, 2001, № 1(20), с. 26-28


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет