Серпілтер сезім сұлуы!



бет4/4
Дата10.06.2016
өлшемі314.5 Kb.
#126158
1   2   3   4

Сезім-жыр.
Не деген жаңбыр, кеткен бе көк те сөгіліп?

Көктемнің күйі келген бе әлде төгіліп.

Алаңдай бердім сен жаққа қарап қия алмай,

Жаным да тұр-ау егіліп.


Еріді қар да, езіліп жүрек жаншылып,

Тіршілік құмар әр жанда мөлдір тамшы үміт.

Сағыныш мені тағы да орап алды ғой,

Шақырған бақта тал шыбық.

Тап-таза сәтке жаныммен құлап тамсандым,

Бұлбұлым сайрап, менің де келді ән салғым.

Өткенім менің өкініш емес өкпелер,

Бақытты келер қарсы алғым.


Құйды да нөсер, табиғат таза жуынды,

Тіршілік жайнап бейнебір сәби туынды.

Тазалық сүйер жан дүнием бақты аңсады,

Ластықтан денем суынды.


Мөлдіреп тұрған сезімнен жырым құралды,

Көңілім аңсар бірлесе шырқар бір әнді.

Жаныма жақын әсем бақ еске түсті де,

Сол жаққа жүрек сұранды...


Мәңгілік нұрлы тілегім!
Абырой бер Алла, тағдырым сенің қолыңда,

Жаным да құрбан тазалық атты жолыңда.

Өзіме арман, сәбиге қорған бола гөр,

Жоқтайтын мені ұрпағым қалсын соңымда...


Ұрпағым өссін, көбейсін, мәңгі ұлғайып!

Рухымен ұлы тегімен терең, шын байып.

Иманға бастар, мәңгілік асқар биікте,

Құдіретке сенсің лайық!


Өмірден өтсем, ұрпақпен өмір сүремін,

Перзентпен менің ғұмырым мәңгі гүл егін.

Арнадым өмір, жаным да пида жолына,

Мәңгілік нұрлы тілегім!

24.02.2011жыл.
Жүрек сыры.

Тілім жетпеді,

Сөзім өтпеді.

Жүрек жұлқынып,

«Бағыңа кет»-деді.

Өкпем өгейсіп,

Бірақ та теппеді.

Жаным жабырқап,

Күлкісін шектеді.

Мөлдірлік аңсатып,

Ернімнің кепкені.

Жүректі тыншыттым,

Жазғырма тек мені.
Оймен алыстым,

Желмен жарыстым.

Қатал өмірмен,

Жастай таныспын.

Жүзу мүмкін бе?

Қарсы ағыс мың.

Жақсы жандармен,

Келеді табысқым.

Кей адам секілді,

Көктемгі қар ұшқын.

Ойлармен алқынып,

Күн түні алыстым.

Мені сын күтеді,

Келеді жарысқым.


Сындарда шыңдалдым,

Биікте тыңдалдым.

Адамдық-намысым,

Жолына құрбанмын.

Абырой ар үшін,

Өмірмен ұрландым.

Ұятқа әркез қалмауға,

Өзімді қолға алдым.

Өнермен өрледім,

Қыран боп шыңдар мың!

Жырларым жатталса,

Мәңгілік шын бармын!

11.03.2011жыл.

Заңдылық.
Көктем боп қардың төккені,

Түрлене қалған төңірек.

Әппақ қар қонған беттегі,

Езіліп, еріп, жеңілед.


Сезімді құйды себелеп,

Көгімнен әппақ хат келді.

Өзінше жерді егелеп,

Жайғасып жайлы жатты енді.


Атасы аяз түнерген,

Қарша қыз келді қалмастан.

Күн жігіт келсе күні ертең,

Бу болып көкке жармасқан.


Заңдылық екен алмасқан,

Орнында өмір тұрмайды.

Жүрміз ғой мойын бұрмастан,

Ай, жалған, бәрін ұрлайды.


Мақсатқа жету-талапта,

Ұят, намыс-асқақ, құт-арың.

Адамдық биік санатта,

Абырой екен ұтарың...

16.03.2011жыл.
Жан-ғашық үн.

Кім біледі күні ертең не боларын?

Жырымды елім қалай бағаларын?

Бір білерім жыр сүйер жылу тауып,

Жанына жақын демеу таба аларын.
Не білдім, не түсіндім, бағаладым,

Жазбаммен беріледі саған ағын.

Жабықсаң жалғыздықтың күйін кешіп,

Үміттің сөнбес отын жаға аламын...


Жырларым жастарыма жайып құшақ,

Сұлулыққа ендірер Жайыққа ұқсап.

Махаббат мұхитынан сусындасын,

Өздерін жат қылықтан аулақ ұстап.


Жырымнан тапса жастар жарасымын,

Сыр болып шыға келер бар асылым.

Өмірге соншалықты құштарлығым,

Өлең боп төгілген-ді жан-ғашық үн.


Бұл жалған арпалыспен өтеді екен,

Жақсылық бар адамға жетеді екен.

Ұрпағың ұлықтаса көңіл тоқ боп,

Өмірді сүргің келіп кетеді екен...

16.03.2011жыл.


Әз Наурыз келді...

Әз Наурыз келді көктемде,

Жайнады гүлмен көк бел де.

Тәубелік етер қария,

Бұл күнге аман жеткенге.
Ұлыстың ұлы күнінде,

Кешіргін бәрін, күлімде.

Бірлікке баста еліңді,

Ынтымақ жеңер түбінде!


Егілсін дарақ, көшеттер,

Өзіңе-өзің есеп бер!

Ұйыған ұлы елің бар,

Сақталсын жақсы қасиеттер!


Дастархан толып ақтыққа,

Сүйініп халқым шаттықта.

Жаңа күн жетті жайраңдап,

Бірлікте таң боп аттық та.


Еліме бар бақ қонсыншы!

Бақытқа халқым толсыншы!

Қасиетті қазақ жеріне,

Әз Наурыз құтты болсыншы!!!

28.03.2011жыл.

Ой-толғау.
Сабырлылық-пайғамбар қасиеті,

Үнемділік-өзі айтқан өсиеті.

Ысырапқа жол бермеу дегені бар,

Адамдықта асыл ой-дос ниеті.


Мақсатыңмен әр істің басталмағы,

Алда тұрар адамның басты арманы.

Қателіктен тұрады үйрену де,

Көңіл-күйден жаныңның жас болмағы.


Еңбектену, ерінбеу-ердің ісі,

Абыройы-өмірде ұмтылысы.

Биігі- адам атпен қалу болар,

Жемісі-адамзаттың ұғынысы.


Адамның жақсылықпен шырқары кең,

Ардақты ар намыстың тұлпарымен.

Жақсы деген жалыннан жылу алар,

Мәңгілік жасай берер ұрпағымен!


Мәңгілік жасай берсін қазақ елі!

Әлемге қамқор халық аз-ақ еді.

Осынау қасиетті жерде туып,

Еліңді сүю неткен ғажап еді!!!

31.03.2011жыл.

Өмір-сағыныш...
Сағындым ата анамды,

Аңсадым еркелеткенін.

Іздеумен қамқор панамды,

Байыпты жасқа жеткенім...


Сағындым сәби кезімді,

Аяулы ана құшағын.

Қанат қып мөлдір сезімді,

Беймәлім жаққа ұшамын...


Әкенің орны тым бөлек,

Анаға құрмет құранда.

Самғайтын демеу шың керек,

Қанаты қатқан қыранға...


Сағынышқа толы дүние,

Армансыз адам бар ма екен?

Өмірдің өшпес күйіне,

Бәріне жебеу АЛЛА екен!


Тоқтамас өмір-дария,

Аңсаумен ағар ағылып.

Жүз бірге келген қария,

Анасын жүрер сағынып...

06.03.2011жыл.

Жігіт болсаң...
Жігіт болсаң намысыңды қорғап бақ,

Нағыз жігіт адамдығын орнатпақ!

Сенімді бол семсер сөздің сертінде,

Ешкімге де бас имегін жалпақтап.


Ақылды бол әрбір істі салмақтап,

Ата-анаңды аялай біл ардақтап.

Тектіліктің тұғырында толысқын!

Қояндарша өмір сүрме жалтақтап!


Бір сөзді бол, қасиетің – иманың,

Ұятың қорғар, абыройың-жиғаның!

Дүние кең, жамандыққа орын жоқ,

Жақсы болсаң барлық жерге сыйғаның.


Өткір болғын қиып түсер қылыштай,

Ынтымақты ел мәңгі жасар ырыстай.

Азаматқа кеңпейілдік жарасар,

Ағайынмен тату болғын суыспай.


Бірлікті ойла, рухты жеткіз ертеңге,

Сезім қуып көбелектей өртенбе!

Еңбегіңмен, ерлігіңмен танылсаң,

Мәңгі өлмейтін ат қалдырғын мәрт елде!!!

18.04.2011жыл.
Қыз-қасиет...
Жан дүниесі үндес сұлу сымбаты,

Қылықты қыз халқымыздың қымбаты!

Қасиетті қаныменен сақтаған,

Болашақпен аталады бірге аты...


Арды ойлаған, ұяттың жібін үзбеген,

Ару келер қылдай қиын ізбенен.

Ел ертеңі Еңліктермен өлшенер,

Тағдырыңды таңдап берер қыз деген...


Қыз-ар, намыс, бастар ерді ерлікке,

Нәзік болып барлық істе көндікпе.

Ару-айбар ажалың да қаймығар,

Ойы-заңғар, мәңгі құштар теңдікке!


Қыз-ақ қайың тағдырына бұралған,

Мөлдір сезім тудырады жыр арман.

Қыз бейне тас, құпиясы таусылмас,

Көктем болып көгертуді сұранған!


Қыз-қасиет, ертеңгі ана-келешек,

Күн көңіліне кірбің салмай елесек.

Түннің өзі сәулесімен шуақты,

Әппақ қызды ай аруға теңесек.


Қызды биік көтеретін салтым бар!

Аруларды ардақ тұтар халқым бар!

Қазақ елін мәңгілікке жалғайтын,

Қыз-қасиет ертеңіңді айқындар...

Жан дүниесі үндес сұлу сымбаты,

Қылықты қыз халқымыздың қымбаты!

Қасиетті қаныменен сақтаған,

Болашақпен аталады бірге аты!!!

19.04.2011жыл.
Жүрек-жыр...
Мен сендерді өмірге ғашық етем!

Шаттандырам жақсыға асық етем!

Көңілді етем, күн етіп ашық етем!

Жан дүниемнің кәусарын шашып өтем!


Қонақпыз ғой аз ғана қуантатын,

Жылы сөзбен жандарды жұбантатын.

Пендеміз ғой жай кезде ескерілмей,

Сағынышта сарғайтып сұрантатын.


Жақын жанмен көңілдің нұрланбағы,

Жамандармен өмірдің ұрланбағы.

Адам көңілі көктемдей жас боп тұрса,

Арманменен сезіммен жырланбағы...


Намыс биік, шын жүйрік асау үшін,

Не жазылар көк таста қашау үшін?

Асығайық адамзат, үлгерейік!

Келгенбіз ғой жақсылық жасау үшін!


Тәтті өмірдің бал сәті ғасырмен тең,

Жақсы жанды зерттесең асылмен тең!

Халқың сатпас, қадірді ел біледі,

Алтын жатпас қаншама жасырғанмен...


Ар намыспен, ұятымен биікте елім,

Тектілік қасиеттің үйіп кенін.

Мәңгілікке жалғандың мәңгі өлмеске,

Сен неткен қазақ елі сүйікті едің!!!

22.04.2011жыл.


Өткенге ойша оралу.
Мынау менің жүріп өткен жерім бе?

Жастық шақтың құлпырушы ек төрінде.

Еркеліктің ескегімен есілдік,

Кереметтей айналушы ек керімге.

Білім қуып ұмтылғамыз жарыққа,

Ұрынбадық, ұрланбадық нарыққа.

Студент кез біздер еккен тал шыбық,

Орман болып айналыпты алыпқа!


Бәрі өзгерген жүрекке тым жақындау,

Білім орда сағынтып шын шақырды-ау.

Қаншама ұстаз бұл өмірден озыпты,

Жүрек аңсап, жан дүнием аһ ұрды-ау.

Жиырма екі жас ол кезде жалын едік,

Қызықтырар қыз-қырғын қалың елік.

Дос арттырдық достарға адал болып,

Алға ұмтылдық жастықтың бағына еріп...

Білім ордам әрқашанда биіксің!

Жүрегімнің ең төріне сыйыпсың!

Қайда жүрсем бір келуге асығам,

Жанға жақын сағыныш жер ұйықсың!!!

26.04.2011жыл.
Тектілік...

(Ақселеу Сейдімбек ағаны еске алу кешінде қызы Перизатқа қолма-қол бірден жазылып берілді)
Саф алтынның сынығы!

Бал бұлақтың тұнығы!

Қас тұлпардың құлыны!

Ұлылықтан ұғымы!

Алып еткен іріні!

Тарих-толғау сыр үні!

Шырайылылықтың шырыны!

Мықтылықтың мығымы!

Серіліктің сығымы!

Сезгіш жүрек дірілі!

Болашақты ойлау-шырылы!

Өмірін арнау-тұғыры!

Мәңгілік аңыз-жыр гүлі!

О, тектілік сен едің!!!

11.05.2011жыл.

Жас маман шықты сайысқа!

Армысыз қауым көпшілік!

Ұстазда тілек, есті үміт.

Жас маман келді алдыңа,

Сайыстан дүбір естіліп...
Ұстаздың жолын таңдадым!

Білімде айқын жанбағым.

Болашақ үшін болысып,

Ұрпаққа өмір арнадым!


Жақсылық үшін-күресің!

«Ертең»-деп өмір сүресің.

Бұлақтай мөлдір оқушым,

Білімі қосқан үлесім!


Мектептен таптым бақытты!

Бағалай білдік уақытты!

Қажырлы еткен еңбегім,

Шәкіртпен алтын жақұтты!


Ізденуден тұрар өсімім,

Ұстаз атану-кесімім!

Мейірім толы жанымда,

Тәртіп пен үндес кешірім...

18.05.2011жыл.
Қос өмір...
Қос өмір сүріп келемін,

Өзіме айқын дерегім.

Келгенмен сыйлы орта жас,

Қарайлай артқа беремін.


Күлеміз көңіл құсында,

Уайым да тұрар тұсында.

Қас қағым қайран өмір-ай,

Тамшыдай кірпік ұшында...


Өмірде көп қой ғажайып,

Жүректі жырмен жазайық!

Қарбалас мынау өмірде,

Айырылдым достан азайып...


Мәңгі жас көңіл көктемі,

Орта жас бәрін шектеді.

Ағарған қайран қара шаш,

Жастық шақ-әжім беттегі...


Қос өмір әрбір пендеде,

Өткенің өшпес көмбеде.

Ертеңмен өмір сүресің,

Үмітпен бүгін емделе.

Арманға құлап неше бір,

Өзіңе өрнек есе біл!

Құпия сырға толы әлем!

Болмаса сірә несі өмір???

19.05.2011жыл.
Асықпа жаным...

Асықпа жаным, арпалыс өмір аптықпа,

Тез шешімдерден ылғи да пайда таптық па?

Зуылдап жылдар, ай өтсе тағы қуандық,

Сыртылдап сағат көрсетер бағыт қарттыққа.
Асықпа жаным, ертелеу шықсаң несі мін?

Тек қана Алла шығарар нақты кесімін.

Өзіңе өмір сыйлашы жанға қамқор боп,

Тәңірден бәрі жақсылық, жаза, кешірім!


Өмірді сүйгін, жаныңда толы жақсы адам,

Өзіңді сыйлар сені артық көріп басқадан.

Достарың қымбат, сырымен сымбат құраған,

Қызығың алда сен жайлы шырқар асқақ ән!


Қымбат гүл-өмір ертеңгі күннің дерегі,

Адамдық атты сақтау мен қорғау керегі.

Ғашық қып қойған өмірге қандай құдірет?!

Өмірді сүргім келеді...


Тағдырың күрес, еленер тағы ерек сын,

Алладан сыйың, керемет, көркем бөлексің!

Өзіңді қорғай өзгені сақтай аласың,

Бәріне жаным керексің...

27.05.2011жыл.
Жыр дәптер...

Сабырға мені жетеле,

Жан жырым мені мәпеле!

Қасымда болдың жыр дәптер,

Жүресің бәрін көтере...
Алладан алдым айбынды,

Бөлістің мұң мен қайғымды.

Сағынышыммен сыр бөлдім,

Өткізбей әрбір жай күнді...


Көңілімнен сезгін көктемді,

Жанымнан жаздай леп келді!

Күздегі жырдан жемісім,

Қыс-тағдыр ұзақ өткерді...


Сезімнен жыр боп күй ақты,

Аша алдым көркем бұлақты...

Жанымның мөлдір кәусары,

Сия боп түскен сияқты...


Өтетін өмір ағын бар,

Ұмытылар бәрі сағымдар...

Сағынып мені іздеген...

Жырымнан тауып алыңдар!!!

03.06.2011жыл.


Қайран ана тілім-ай!
Армысыз қауым ардағым!

Өмірде сайыс, жанбағың...

Ел болу ана тіліңде,

Баянды мәңгі қалмағың!


Білімді жеңер бүгінде,

Жанашыр жүрек дірілде!

Қазақтың тілін қорғасақ,

Бақ келер бізге түбінде!


Қасиетті жерден нәр алдық!

Ұлылықтардан жаралдық!

Қазақтың тілін сақтасақ,

Отанға деген адалдық!


Кеңпейіл, дархан даласы!

Мұқағали, Абай данасы!

Жақсылық елде тұнып тұр,

Көркейіп тілмен санасы!


Ел ертеңі біліммен!

Бақытың, бағың іліммен!

Жайнай бер, жаса қазағым!

Өркенде ана тіліңмен!!!

03.06.2011жыл.
Ән: Кәусарым бұлақсың!

Жарығым жанатым,

Қарлығаш қанатым!

Бақытым базарлы,

Сағыныш санатым!

Жүректің әні де,

Көңілдің сәні де.

Өзіңмен өмірдің,

Мағына мәні де!

Қайырмасы:

Бағымсың, жаным жайнаған!

Бақытым, сенсің «Ай» маған!

Жаныма жарық сыйлаған,

Өзіңнен күнім айналам!


Кәусарым бұлақсың!

Кеудемде шырақсың!

Қуаныш сыйлаумен,

Бәріне ұнапсың!

Жайнаған күнімсің!

Жайқалған гүлімсің!

Бағыңды тілеумен,

Кірпігім ілінсін...

12.06.2011жыл.
Арман көп қой...
Арман көп қой, арман еді кешегі,

Өткен күннен сезім шуақ еседі.

Елес болған жастық шақтың қырлары-ай,

Мөлдір кезім-көктем, сұлу-нөсері...


Жаз-дидарың, әлде сұлу бақ па едің?

Өткен күнге сағынышты шақта едім.

Жүрек неге орынынан қозғалды?

Не күй туды дегбірімді ап менің?


Неге, қайда, соншалықты асықтым?

Көңілімді көлдей етіп тасыттым.

Дүниеге ынтызармын құштар боп,

Бұл өмірге соншалықты ғашықпын!!!


Мені іздесең табиғаттан табасың,

Әсем бақтан таба аласың жарасым.

Жырларымнан сезінесің сырлы күй,

Жаза аласың жанның бітпес жарасын...


Жалған өтер үмітіңді үзбеумен,

Қырандыққа талпынады сыз кеудем.

Сая таппай сарқылмайтын сағыныш,

Өмір өзі тұрады екен іздеуден...



16.06.2011жыл.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет