Сүйіктім менің, электра (пьеса) Ласло Даркодан



бет4/16
Дата03.01.2023
өлшемі74.92 Kb.
#468093
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Сүйіктім менің, Электра

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Сіз мұнда кімді іздеп жүрсіз?
ОРЕСТ. Кім біліпті, мүмкін, сені іздеп жүрген шығармын.
ЭЛЕКТРА. Мені дейсіз бе?
ОРЕСТ. Осы күні жұрттың бәрі кезбе боп кетті ғой: біреулер ігіл сүйегімен сауда жасайды, біреулер бөтен өлкенің ғажайып көркін көргісі келеді, ал үшінші біреулер бөтен жұрттың тілін зерттегісі келеді. Енді кейбіреулер өзінен-өзі қашып, басқа мемлекетке кетеді. Ал, мен осы жолға, кім біледі, сені іздеп шыққан шығармын.
ЭЛЕКТРА. Менің кім екенімді білесің бе?
ОРЕСТ. Әрине. Ең әдемі райхан сенсің. Қызарып атқан таң сенсің. Сіздің қаланың ең қымбат қазынасы сенсің.
ЭЛЕКТРА. Ондай көпірме сөзді доғар.
ОРЕСТ. Егер сенің сұлулығыңды басқа бір нәрселерге теңегені ақымақтық болса оған дауым жоқ. Ал енді кісі өзінен басқалардың не дәметіп тұрғанын айтса, оның несі ақымақтық. Қыздар сен сұлу екенсің дегенге қашан қанағат қылған! Олар дәйім көтермелеп айтқан көпірме сөзге құмар ғой!
ЭЛЕКТРА. Сонда сен де көпірмейсің бе?
ОРЕСТ. Онда тұрған не бар? Менің ештеңем кетпейді, ал оның көңілі өсіп қалады.
ЭЛЕКТРА. Өтірік айтқанда да тұрған ештеңе жоқ па?
ОРЕСТ. Ол атымен басқа мәселе. Мен айтсам, сұлу әйелдерге сұлу екендіктерін айтам. Олар мен мақтаған сайын әдемі бола түседі.
ЭЛЕКТРА. Ендеше ондай қошаметіңді басқа біреуге барып айт. Сенің өтірік қолпашыңа оңай сенетіндер осында да толып жатыр.
ОРЕСТ. Ендеше солармен сөйлескенім дұрыс шығар.
ЭЛЕКТРА. Сен өзіңе-өзің риза желөкпе суайтсың!
ОРЕСТ. Шындықты айтқан кісінің көретіні қашанда осы: аузымды ашпай жатып сөз естідім.
ЭЛЕКТРА. Жә, жетер. Бұл көкімең іш пыстырып жіберді.
ХОР. Бұларын қалай түсіндік? Ренжіскендері ме, жоқ ризаласқандары ма? Бәлкім, адамдар ризаласып ренжісіп, ренжісіп ризаласатын шығар?
ОРЕСТ. Сен мені көріп тұрғаныңа бес минут те болған жоқ. Сол екі ортада мен туралы қорытынды шығарып та қойдың. Бұның ұшқарылық болмас па екен?
ЭЛЕКТРА. Мен жыланның көзін бір түскеннен-ақ, жылан екенін біле қоям.
ОРЕСТ. Қошеметіңізге рахмет. Бірақ, жыланды қалай да өз төріңді өзің сынар деп зорлап жатқан адам жоқ. Ал, адам пақыр заманына қарай амалы деп азғантай ғұмырында мың бір бұлтаққа түсуге мәжбүр ғой?
ЭЛЕКТРА. Бұл айтып тұрғаның шын сырың ба?
ОРЕСТ. Жоға, әншейін былшыл әңгіме. Бұ заманда қыздарды бос сөзден басқа немен алдарқатасың?
ЭЛЕКТРА. Ондай бос сөзге ең алдымен өзіңнің зауқың соқпай тұрса қайтер едің?
ОРЕСТ. Мына сөзіңнің жаны бар сияқты.
ЭЛЕКТРА. Мылжың ғана емес, ақымақ та екенсің.
ОРЕСТ. Жұртты қалай тез біліп қоясың. Ал менің сен туралы бар біліп үлгергенім – сұлулығың.
ЭЛЕКТРА. Ондай қысыр әңгімені қысқартқаныңыз жөн болар. Жоқ, ешкім маған ешқашан сұлусың деп айтқан емес.
ОРЕСТ. Шамасы, жұрт сұлулығыңды айта-айта мезі қылған-ау!
ЭЛЕКТРА. Жоқ, ешкім маған ешқашан сұлусың деп айтқан емес.
ОРЕСТ. Өйтіп, өтірік мүсәпірсімеңіз.
ЭЛЕКТРА. Мен ешқашан өтірік айтып көрген емеспін.
ХОР. Бұл айтқаны ақиқат. Электра ешқашан өтірік айтын көрген емес. Оның басындағы ең үлкен кемшілік те сол.
ОРЕСТ. Апырай, сонда бұл қалада өңшең көрсоқырлар немесе сұлу әйелдің көркіне көздері түсе бермейтін өңшең қақбас кәрілер ғана қалғаны ма?
ЭЛЕКТРА. Өйтіп арамтер болмай-ақ қой. Ажарсыз екенімді сенсіз де білем.
ОРЕСТ. Міне, көрдің ғой, шынымды ашып ем, сенбей қойдың. Мен, бәлкім, мұнда ойымда не барын ақыры бір ашып айту үшін келген шығармын.
ЭЛЕКТРА. Ол үшін ел асып, жер асып сапар шегу керек болғаны ма?
ОРЕСТ. Бойжеткен, сен мен туралы не білесің?
ЭЛЕКТРА. Мен сені көріп тұрмын.
ОРЕСТ. Ендеше, сен жайраңпаздың сауықтан соң өз күркесіне барып, кісі күлдіретін кержік мұрнын сыпырып тастап, айнадағы шын дидарына қарағаның көргенің бар ма?
ЭЛЕКТРА. Жайраңпаз бетпердесін сыпырып тастағанмен, айнадан бәрібір жайраңпазды көреді.
ОРЕСТ. Сен өзіңді сол жайраңпаз сезініп көрген кезің болды ма?
ЭЛЕКТРА. Ал, сен ше?
ОРЕСТ. Көрдім десем сенер ме едің?
ЭЛЕКТРА. Сені түсінбей тұрмын.
ОРЕСТ. Ендеше, мен бәлкім, осы жолға, бір сұлу бойжеткенді жолықтырып, оған сұлу екенін айтын, соған көзін жеткізу үшін шыққан шығармын.
ЭЛЕКТРА. Қызық адам екенсің!..
ОРЕСТ. Неге олай дейсіз. Мен қандай болсам сондаймын. Ал, егер мен өз болмысымнан басқаша боп көрінгім келсе тек сонда ғана таңғалуға болар еді.
ЭЛЕКТРА. Бұрын жұрттық жалған сөйлеп тұрғанын бірден біле қоюшы едім. Қазір аңғара алмай тұрғаным.
ОРЕСТ. Ендеше, бұдан былай өтірік айта бастағанымда саған алдын ала ескертіп қоярмын.
ЭЛЕКТРА. Сен өйтіп қылжақ қылма.
ОРЕСТ. Қалжыңды сүйетінім рас. Бірақ, осы қазір ешқандай қалжыңсыз айтып тұрмын.
ЭЛЕКТРА. Сен өзің кімсің, түсінсем бұйырмасын.
ОРЕСТ. Кім екенімде тұрған не бар? Тағдыр дегенге жазса, ол сауалыңның да жауабын ертелі-кеш бір біле жатарсың.
ЭЛЕКТРА. Сен мұндай сылдыр сөзіңмен қанша қыздың құлағын сарсыттың екен?
ОРЕСТ. Мұндай сөзді әзір ешкімге айта қойғам жоқ. Бірақ, айтқан күнде де онда тұрған ештеңе жоқ. Ал, қазір мына сенімен сөйлескенде, неге екенін білмеймін, әр сөзімнің айырықша мағынаға ие боп тұрғаны.
ЭЛЕКТРА. Бәрін айт та бірін айт, сендей жігіттің мұншалық суайт болғаны қандай өкінішті.
ОРЕСТ. Маған осынша сенбеуің қалай?
ЭЛЕКТРА. Саған неге сенуім керек?
ОРЕСТ. Ішіңді пыстырсам, қайтейін?
ЭЛЕКТРА. Оны өзің біл.
ОРЕСТ. Ал, мен сенің қасыңда қалғым кеп тұр. Сен білесің бе?
ЭЛЕКТРА. Ендеше, кеткенің дұрыс. Сенсіз де бір басыма шырғалаң жеткілікті.
ОРЕСТ. Ол неғылған шырғалаң?
ЭЛЕКТРА. Менің басымдағы тауқыметте сенің шаруаң қанша?
ОРЕСТ. Жоқ, шаруам бар.
ЭЛЕКТРА. Тауқыметті кісі бөле жарыспайды. Басыма түскенге, не де болса, бір өзім шыдап бағам.
ОРЕСТ. Жоқ, ол тауқыметті менімен бірге бөліс, саған жеңіл болады.
ЭЛЕКТРА. Өйтіп жеңіл өмір іздеп жүрген жоқпын.
ОРЕСТ. Қалай ойлайсың: осы жұртпен бөліскен тауқыметің азайын, жұртпен бөліскен қуаныштың көбейе түсетіні несі екен.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сол көл-көсір қуанышыңды бөлісетін басқа бір бойжеткен тауып ал.
ОРЕСТ. Бірақ, маған тек сен керексің ғой?!
ЭЛЕКТРА. Ендеше қателесіпсің. Сенімен бөлісер ешқандай қуанышым жоқ. Мен тек қасірет тарту үшін жаралған жанмын.
ОРЕСТ. Олай деп жүрген кім? Бұған қалай сенесің?
ЭЛЕКТРА. Бұл жалғанда менің қасіретімді бірге бөлісер бір-ақ адам бар.
ОРЕСТ. Ол, бірақ, мен емес шығармын.
ЭЛЕКТРА. Өкінішті-ақ. Бірақ, сен емессің.
ОРЕСТ. Сен оны жақсы көресің бе?
ЭЛЕКТРА. Жақсы көргенде қандай! Ол мен үшін күннің нұры, бойымдағы барша жасты қуып шығатын тау бұлағы. Жаңа туған ай.
ОРЕСТ. Менің түсіме де кейде махаббат енеді... Бірақ, сол көрген түсімді ауызбен жеткізе алмаймын. Түсіме қайдағы бір самсаған теректер... арғы жағасына адам жетіп болмас асау өзен кіреді. Әйтеуір бар білетінім махаббат туралы түс көру – құдайдың бір рахаты.
ЭЛЕКТРА. Махаббатты рахат дейсің бе? Ол тек рахат қана ма екен?
ОРЕСТ. Енді не?
ЭЛЕКТРА. Меніңше, ол тек рахат қана емес азап та, ажал да. Ең тамаша ажал сол. Мен міне өз-өзімнен суалып, өлімге бет алдым, бірақ әлі тірі жүрмін.
ХОР. Пәлі, Электра, сен махаббат аңсайды екенсің ғой!
ОРЕСТ. Ғашығың аймаласа да, суала түсесің бе?
ЭЛЕКТРА. Менің ғашығым жоқ.
ОРЕСТ. Ендеше, әлгі жақсы көретінің кім?
ЭЛЕКТРА. Мен жалғыз ағамды айтып тұрмын.
ОРЕСТ. Рас айтасың ба?
ЭЛЕКТРА. Мен ешқашан өтірік айтпайтынымды айтпадым ба?
ОРЕСТ. Міне, қызық! Міне, тамаша! Мен сені көргенде қатты қуанғанмын, артынан бірдеңеге көңілім бұзылды. Енді міне, қайтадан қуанышым қойныма сыймай тұр.
ЭЛЕКТРА. Шын айтасың ба?
ОРЕСТ. Енді саған ешқашан өтірік ештеңе айтпаймын.
ХОР. Жаңағы айтқанын жадыңда сақта. Бұл адамнан бұдан асқан қошамет ести алмайсың.
ЭЛЕКТРА. Сен өзің қызық жігітсің.
ХОР. Сендер екеуің де қызық адамсыңдар.
ЭЛЕКТРА. Мен бірдеңе туралы айтсам, тыңдар ма едің?
ОРЕСТ. Айт, сүйіктім.
ЭЛЕКТРА. Осы қалада менімен құрдас бір қыз бар. Оны өзі жек көретін бір адамға зорлап ұзатқалы жатыр.
ОРЕСТ. Жек көрсе неге барады?
ЭЛЕКТРА. Ол қыз күйеуге шықса да құриды, шықпаса да құриды.
ОРЕСТ. Түсіне алмадым.
ОРЕСТ. Түсінсем бұйырмасын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет