Сүйіктім менің, электра (пьеса) Ласло Даркодан



бет1/16
Дата03.01.2023
өлшемі74.92 Kb.
#468093
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Сүйіктім менің, Электра



СҮЙІКТІМ МЕНІҢ, ЭЛЕКТРА
(пьеса)
Ласло Даркодан
Рольдер:
Электра
Орест
Эгист
Клитемнестра
Хрисотемида
Хор
Мылқау
Күзет бастығы
Солдаттар
Қала тұрғындары
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Электра, Хрисотемида, Хор.
ХРИСОТЕМИДА. Сен нақұрыссың! (Электра үндемейді) Естіп тұрсың ба өзің?
ЭЛЕКТРА. Көшеге шықсам, жұрттың мені делқұлы санайтынын өзім де байқаймын. Сақшылардың да сыңайы сондай. Анам екеш анамның да ертелі-кеш құлағыма құйып баққаны сол. Бесікте жатқанымда әлдилеудің орнына. Электра, сен нақұрыссың!. – деп қақсайтын да отыратын.
ХРИСОТЕМИДА. Сонда жұрттың бұнысы қате ме?
ЭЛЕКТРА. Олар, шынында да алжасып жүрсе ше?
ХРИСОТЕМИДА. Қалған жұрт шетінен ақымақ, шетінен суайт та, сүттен ақ, судан таза, есі дұрыс адам бір өзім дейсің ғой.
ЭЛЕКТРА. Расында да жұрт шетінен ақымақ, шетінен суайт боп, есті-жөнді жалғыз адам тек мен ғана боп шықсам, қайтер едіңіздер.
ХРИСОТЕМИДА. Дені дұрыс адам құрыған. Тігерге тұяқ бір сен ғана. Басқаның бәрі суми, сүмелектер, адам исі бар жалғыз айдай-күндей Электра ғана!
ЭЛЕКТРА. Маған ешкімге ұқсамайсың дейтін жұрттың өздері ғой. Ендеше, не олар ақылды да, мен ақымақпын, не мен ақылдымын да, олар ақымақ. Екінің бірі. Дегенмен кім біліпті, ақылды олар емес, мен болып шығуым да ғажап емес қой.
ХРИСОТЕМИДА. Жалғыз жүріп періште болғаннан, көппен бірге пері болған дұрыс.
ХОР. Электра, естисің бе! Адам елден ерек көріну үшін тумайды. Онан да мынаны ескер: қалған жұрт қандай болса, сен де тап сондай бол!
ЭЛЕКТРА. Ендеше, апатайым, сен де жұрт көлбеңдегенге көлбеңдейтін көзсіз көбелек екенсің ғой!
ХРИСОТЕМИДА. Бәсе... Сенімен сөйлесіп не пәтуа табам деп едім-ау!
ЭЛЕКТРА. Рас па? Жұрттың бәрі солай дейді. Аузымды аштым-ақ, көздері атыздай боп, сенімен сөйлесіп пәтуа таппаспыз деп безе жөнеледі.
ХРИСОТЕМИДА. Ендеше, сол қасыңа жан жуымай қараумен өткенің.
(Электра үнсіз).
Онан да айтқан сөзге құлақ ас! Жалғыздықтың не екенін сен өзің білесің бе?
ЭЛЕКТРА. Мен кешқұрым ымырт түсе терезенің алдына барамын. Жұрт: Әне, Электра, сығалап тұр демесін деп, перденің тасасына жасырынып тұрамын. Көшеде балалар шаң-шаң болып, доп қуалап жүреді. Жастар екеу-екеу қолтықтасып бара жатады. Қалтақтаған кәрі әжелерді немерелері жетектеп алған. Ал, мен болсам шешек шыққандай құлазыған бөлмеде жападан-жалғыз тұрғаным. Тек бөлмеде ғана емес-ау, мынау сарайда, тіпті жарық дүниеде қасына қара жуымаған қу жалғыз менмін.
ХРИСОТЕМИДА. Жанға жуымай жалғыз жүрген қандай екен, білдің бе бәлем!
ЭЛЕКТРА. Тәйірі, онда тұрған не бар? Мен сендерге керек емес екем, ал сонда сендер кімге керексіңдер?
ХРИСОТЕМИДА. Бұл ойыншық емес. Миыңа кіре ме, жоқ па?
ЭЛЕКТРА. Ойыншық демекші... Мана сандығымды ақтарып отырып, көне қуыршағымды тауып алдым. Қаңырап бос тұрған сандыққа қайдан түсіп жүргенін білмеймін. Үстінде қызыл көйлегі, басында қызыл орамалы бар екен. Алдыма алып әлдилеп ұйықтаттым. Шешіндіріп төсегіне жатқыздым. Бұл әрине сендер үшін жәй қуыршақ қана! Мен оны лақтырып тастадым. Енді оның маған қажеті қанша!
ХРИСОТЕМИДА. Электра, құдай үшін, түсінсеңші... Бағың жансын десең, осы тұста қапы қалма. Әйтпесе, бұл күнге де зар боласың.
ЭЛЕКТРА. Шешем де ылғи жыл сайын "бұл жастығымның соңғы жылы, сосын қақпас кемпір болам" деп зар жылайтын да жүретін. Бірақ, ол жыл да өте шығатын. Ол айнаның алдына барып, баяғы бәдігін қайтадан қақсап тұратын-ды.
ХРИСОТЕМИДА. Сен Эгистің мінезін білесің ғой. Ол көп қылжақты көтермейді. (Электра үнсіз).
ЭЛЕКТРА. Қылжақты мен де көтермеймін.
ХРИСОТЕМИДА. Дегенмен, ойлан, артынан опынып жүрме!
ЭАЕКТРА. Эгаст, мейлі, мені де мертке ұшыратсын. Әкем құсатып айырға шаншып өлтіре ме, әлде атқа сүйретіп өлтіре ме, онысын өзі білсін, тек қылжақ қыла көрмесін!
ХРИСОТЕМИДА. Электра, байқа!
ЭЛЕКТРА. Ол падиша. Не істеймін десе де еркінде.
Қолынан қағар ешкім жоқ. Бірақ, Электра қандай тауқымет шексе де, сол Электра қалпында қалады. Электра бәрібір Электра боп өледі.
ХОР. Электра – өлсе де Электра.
ЭЛЕКТРА. Кішкентай кезімде ол тәттінің бәрін менің аузыма тықпалайтын. Мен қолынан қағып, маңыма жуытпайтынмын. Ең сұлу күңдерін маған жіберетін, беттеріне түкіріп жақындатпаушы ем. Тау-тау ғып қырмызы мен жібек жібереді. Күлпаршалап жыртып тастаймын. Менің мінезім әлі де сол. Жолымды көп кес-кестемегені дұрыс шығар.
ХРИСОТЕМИДА. Есуас қыз, сабаңа түс. Эгист белін бекем буып отыр: егер осыдан ертеңгі мейрамда елдің сөйлегенін сөйлемесең, сол бойда күйеуге бермекші. (Электра үнсіз). Шошқа бағатын Лотос дегенді естіп пе ең? Күнде ертемен қаладағы бар шошқаларын қорсылдатып алдына сап өріске айдап әкететін жалба-жұлба бақташы бар ғой? Күйеуің, әне, сол! (Электра үндемейді). Жылына үш теңге ақы алады. Нан мен пиязға өрістен жиып алған көк шөптерді қосып қоректенеді. Қала тұрғындары оның иінін бес жылда бір рет бүтіндейді. Есіңде болсын, жұрт оның өзіне киім алып бергенімен, әйеліне киім алып бермейді.
ЭЛЕКТРА. Көйлегімді көріп тұрсың ғой. Қашан жидіп түскенше тастамаймын. Аяғымдағы сандалым да солай. Нәрем айырсам болғаны, тамақтың да қажеті шамалы.
ХРИСОТЕМИДА. Өз бағыңды өзің ғой байлап тұрған, аузыңнан ләм шықса болды, қамқаға оранып, мамық төсеніп, дүниедегі бар тәтті үйме табақ боп үйіліп алдында тұрар еді.
ЭЛЕКТРА. Маған ештеменің де қажеті жоқ, түсінесің бе? Хрисотемида, ұғасың ба өзің? Маған асыл тон, алтын қамқаның, мамық төсек, алтын белдіктің түкке қажеті жоқ. Маған еркіндік керек!
ХОР. Айдай сұлу ханшайым, саған қандай еркіндік керек?
ЭЛЕКТРА. Менің атым. Электра. Мен үстімдегі киімді де сыпырып тастаймын! Мойнымдағы әшекейді де лақтырам! Тамақтан да бас тартам. Маған өзімнен басқа ештеңенің де қажеті жоқ.
ХОР. Айдай сұлу ханшайым, сонда сен кімсің өзің?
ЭЛЕКТРА. Мен – Электрамын. Байлық менің қолымды бұғау болып матайды. Сән-салтанат аяғымды кісен болып тұсайды. Мен адаммын, кісен кигім келмейді.
ХРИСОТЕМИДА. Ал, ертең әлгі нақұрыс Лотос ұлма-жұлма төсегіне ұмар-жұмар көтеріп ұрып, көйлегіңді сыпырып алса қайтесің? Сосын сасық аузы шие ерніңе қадалып, сілекей тілі сүліктей сорса не істейсің? Қабан жыққан қанды шеңгелі ұлпа бұғанаңды ұнтай жаздап, аршын төсіңді астына сап, тапап берсе, қайраның бар ма қылатын? (Электра үнсіз). Егер жендет ыстық темірмен ақ тәніңді қарыса ғой, сен соны істеп тұрған жендетті жек көрер едің, ал енді әлгі Лотостың құшағына кіргенде, өзгені емес, ең әуелі өзіңді өзің жек көріп кетесің. Оның күңірсік қолаңсасынан емес, өз тәніңнен өзің жиренесің. (Электра үнсіз).
ХРИСОТЕМИДА. Көрдің ғой, өзің де сөз таба алмай қалдың! Ал, білгіш болсаң, патша сосын менің басыма қандай зобалаң туғызатынын айтшы?!
ЭЛЕКТРА. Қорласын мейлі, абыройымды айрандай төксін мейлі, алтын басымды аяқтарына сап таптасын мейлі, өмір сүруім керек. Азап көрсем көрейін, бірақ өлмеуім керек. Қашан парыздан құтылғанша, қалай да тірі жүруім керек.
ХРИСОТЕМИДА. Ақылға кел, Электра. Біздің әкемізді өлтіргелі он бес жылдан асып барады.
ЭЛЕКТРА. Жүз он бес жыл өтсе де мейлі. Уақыт қылмысты ұмыттыра алмайды. Қылмысты қайтқан кек қана ұмыттырады.
ХРИСОТЕМИДА. Агамемнонның сүйегі әлдеқашан қурап қалған. Оның тәні баяғыда-ақ құрт-құмырсқаға жем болған. Ал, сен болсаң тірі адамсың. Балауса тәніңнің уыздай балбырап тұрғаны мынау. Өлінің күйігін күйттеп тірі тірлігінен қалсын деген қайдан шыққан заң?
ХОР. Шынында да, Электра, қайдағы бір қурап қалған қу қаңқаның күйігіне бола балбыраған бал уыз тәнді ләззатынан қаққаның қалай болар екен?!
ЭЛЕКТРА. Мен әкеміз моншада отырғанда, шешеміз қапияда тор лақтырып, қалай матап тастағанын көргенім жоқ. Эгистің қолындағы айырдың қанды тісі қадалғанда әкемнің қалай шыңғырғанын естіген емеспін. Бірақ, сол күннен бері мен түн баласы ұйқы көрмей, атар таңды көзіммен атқызып келем. Тіпті, ұйықтағым келмейді. Күндіз де дем алмаймын. Демалысты тіпті қажетсінбеймін де.
ХРИСОТЕМИДА. Ұмыт бәрін, Электра.
ЭЛЕКТРА. Құрт-құмырсқа көзін әлдеқашан ойып жесе жеген шығар. Бірақ, жалбарына қараған жанары көз алдымда әлі түр. Құрт-құмырсқа кеңірдегін әлдеқашан орып түскен шығар, бірақ жан дауысы құлағымда тұр.
ХРИСОТЕМИДА. Ең болмаса бір түн оны ойламай ұйықтап шықшы, ең болмаса бір күніңді Агамемнонға қимай, өзіңе қишы.
ЭЛЕКТРА. Жоқ, мен сендер секілді ұмытып кете алмаймын. Әке алдындағы парызымды өтемей тұрып, қара жамылмай қақыра киіп, қарқ боп жүрер жәйім жоқ.
ХРИСОТЕМИДА. Ендеше, есіл өмірді тұл бойдақ боп өткізгенің, Электра.
ЭЛЕКТРА. Демек, мен құшағым жылып жар құшпайды екем. Ерінім тұшып, сәби сүймейді екем. Сүйегім қуарып, маңдайымды әжім басып, көкірегім суалып, қартайып кәрі қыз атанам екен, бірақ бәрібір дегеніме жетпей тұрып, қазаның қара киімін шешпеймін.
ХРИСОТЕМИДА. Адам дегеннің ең басты мақсаты бақытты болу емес пе?
ХОР. Бұл өзі, қыздар, қиын мәселе екен: шынында да осы тірі адамның ең басты мүддесі не болады екен?
ХРИСОТЕМИДА. Таңертең қуанып оянып, бесікте уілдеп жатқан бөбегіңді көргенге жететін не бар, тәйірі?! Кешке ақ некенің адал төсегінде саған ынтық боп жатқан асыл жардың құшағына күмп беріп құлай кеткенге жететін не бар, тәйірі?!
ЭЛЕКТРА. Баяғыда анама көп, мені осында түнеп шықты деп айтыңдар деп жалынғанында да, әлгі ақ некелі жарыңды жарылқап шығып па едің? Жоқ, құлын мүшемді қор қылатын жәйім жоқ, енді бала таппаймын деп, тұлымыңды тұтқаныңды да ұмытып қалдың ба?
ХРИСОТЕМИДА. Сен оған түсінбейсің ғой. Бала көтергің келмей, шәт-шелегің шығатыны рас. Бірақ, артынан сәбиің туғанда бәрін ұмытасың. Беті жылтыраған біреуді көре салып естен танатының тағы бар. Алайда, о да қас қағымда өте шығады. Сонда артынан қасыңда басыбайлы жұбайың барын көргенде төбең көкке әзер жетпей қалады.
ЭЛЕКТРА. Егер мен біреуді сүйсем, өмірде тек соны ғана сүйіп өтер ем. Маған тек шын қуаныш қана қуаныш, ал қалғанының бәрі алдамшы. Алдамшы бақтың көк тиындық құны жоқ.
ХРИСОТЕМИДА. Сен қайда өмір сүріп жүргеніңді білесің бе, Электра? Бұл саған қайдағы бір қиял патшалығы емес!
ЭЛЕКТРА. Ал өзің ше? Сенің өмір сүріп жүргенің алдамшылық патшалығы ма?
ХРИСОТЕМИДА. Сен дүниеде өтірік айтпайтын адам бар дегенге шынында да сенесің бе? Ең болмаса сондай бір адамды көрсетші!
ХОР. Иә, Электра, ең болмаса сондай бір адамды көрсетші.
ХРИСОТЕМИДА. Жас кезінде кім-кім де өзі қалауынша өмір сүргісі келеді. Ал, аузындағы ана сүті кебер-кеппестен-ақ, өмір сүрудің қандай мүмкіндігі болса, солай өмір сүру керек екендігін түсінеді.
ХОР. Ұқтыңыз ба, патша қызы, ханшайым? Өмірді заңға икемдемеу керек, заңды өмірге икемдеу керек.
ХРИСОТЕМИДА. Сен тақта бөтен біреудің отырғаны, Клитемнестраның бауырынан шыққан перзенттерінен гөрі қандықол әміршіні сүйіп кеткені маған оңай тиіп жүр ғой дейсің бе? Жоқ, бірақ, Электра, еткен ереуіл, қалған салауат деген. Күнәдан кек қайтпайды, күнәні ұмыту керек, ұмытылған нәрсе ешкімнің мазасын алмайды.
ЭЛЕКТРА. Егер Агамемнонның кісі қолынан мерт болғанын біз ұмытсақ мына дүниеде тағы қандай сұмдықтардың өрбитінін кім білсін. Бәлкім, ертең күн де шықпай қалар. Жұмыр басты адам қайдағы бір құрт-құмырсқаға айналып кетер. Кім білсін, адамдардың бәрін қураған қурайдай қып өртеп жіберер, түсініп тұрсың ба, Хрисотемида. Егер қылмыскер зауалын тартпайтын болса, заңның да құрығаны, заң құрыса, адам да құрып, оның орнында адам секілді құбыжықтар қаптағаны.
ХОР. Егер қылмыскер зауалын тартпайтын болса, мына дүниеде адамшылық құрып, алдамшылық орнағаны. Заңсыздық дүниесі. Дүние емес зұлмат, заңсыздыққа бас ұрған адам емес мақұлқат!
ЭЛЕКТРА. Бүкіл шаһарды оба құсап жалғандық жайлап алған. Сіздер дүниеде ештеңе болмағандай, әкемізді өз әйелі өлтірмегендей, қаннен-қаперсіз жүріп-тұрып жатырсыздар. Билеушінің қолының қан екенін де білмегенсисіңдер. Уа, Хрисотемида, сендер жалғандыққа әбден еттерің үйреніп алған, ертеден қара кешке дейін айтатындарың өтірік: сіздер туған аналарыңыз бен туған балаларыңызды да алдайсыздар; бауырларыңыздағы жарларыңызға да айтқандарыңыз шып-шылғи өтірік; қабырға екеш қабырғаға, хайуан екеш хайуандарға да айтатындарыңыз шып-шылғи өтірік; сендер тіпті шөп екеш шөпті, көк екеш көкті өз түсімен атамай, әсірелеп суреттеп жалғандыққа ұрынасыздар; сіздер үшін шын қуаныш – былапыт, сіздер үшін шын сұлулық – күнәһарлық. Әй, Хрисотемида-ай, сендер жандарың қиналмай тұрып-ақ, өтірікті соға саласыңдар-ау. Өйткені, өтірік әбден қандарыңа дарып, сүйектеріңе сіңіп біткен.
ХРИСОТЕМИДА. Жарайды, солай-ақ болсын, есуас. Өтірікті сен-ақ әшкерелеп қарық бол. Қылмыстының бәрін жазалап, дүниені айнадай қып тазалап, күнді бұлтқа басқызбай, сенің-ақ шығар мүйізің шықсыншы.
ЭЛЕКТРА. Мен күннің көкте тұрғанын, адамның төрт аяқты хайуан емес, екі аяқты ақыл иесі болғанын қалаймын. Дүниеге күнәдан пәк сәбилерді туатын менмін. Иә, мен ештемені ұмытпайтын Электрамын. Дүниеде ең болмаса бір адам ұмытпай есте сақтап қалған ақиқатты ертең сендер де ұмыта алмайсыңдар. Дүниеде заңды сыйлар, әділдікті сыйлар бір адам бар болса, ақиқаттың да құрымағаны.
ХРИСОТЕМҢДА. Ендеше, неғып жүрсің, бар да әкеміздің кегін ал!
ЭЛЕКТРА. Әкеміздің кегі үшін емес, күллі қаламызды күйедей жайлап бара жатқан қылмысты құрту үшін, сазайын тартқызуымыз керек. Бір қылмыс екінші қылмысты, бір зорлық екінші зорлықты туғызады. Өйткені, заң жоқ жерде залымдықтың мерейі үстем болатын әдеті.
ХОР. Естисіңдер ме, азаматтар? Заңсыздық бар жерде залымдық етек алады?!
ХРИСОТЕМИДА. Ендеше, Электра, сол кесапаттың бәрін сен-ақ құрт! Бұл дүниеде сенен күшті ешкім жоқ боп тұр ғой!
ЭЛЕКТРА. Егер менде сен айтқандай құдірет болса, Эгист бүйтіп жер басып жүрмес еді.
ХРИСОТЕМИДА. Сонда баяғыдан бергі мылжыңдап тұрғаның не? Қолдан келмейтін нәрсеге құр босқа тіл безеп не әлек?
ЭЛЕКТРА. Сере садақты серпіп тартар білек менде жоқ. Көк семсерді қынаптан толғай суырар қайрат менде жоқ. Сондықтан да ұрымталды тосам. Орест келіп, жазықтының жазасын тартқызар сәтті күтем. Соған дейін ештеңені есімнен шығармай күте берем, күте берем.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет