Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет33/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   42

Ақпан төңкерісінен кейін қазақтардың арасында автономия алу мәселесі басты саяси бағыт ретінде күш алды. Барлығы да: бұл мәселені шешетін Құрылтай жиналысы шақырылады деп үміттенді. Дегенмен де Құрылтай жиналысын күтпестен қазақтар 1917 жылы 13 шілде күні жалпықазақ құрылтайында автономия жариялады. Өкіметтің большевиктерге өтуіне байланысты 613 желтоқсандағы облыстық құрылтай қазақтардың автономия жариялау жөніндегі бірінші құрылтайдың шешімін бекітті. Орталық қазақ үкіметінің тұрақты орыны Семей қаласы болады деп шешті. Осымен бірге жергілікті қоныс аударушылармен келісім жүргізіліп, олар қазақ аятономиясы құрамында қала ма, жоқ па, сол туралы жергілікті ұсақ құрылтайлар өтті, бірақта құрылтайды большевиктер таратып жіберді. Семейді большевиктер басып алғаннан кейін 20 күн ғана өмір сүрді. Қаланы чехословактар қызылдардан тазартқаннан соң қазақ үкіметі қайтадан іске кірісті. Айта кететін мәселе, үкімет әкімшіліктің азаматтық істеріне араласқан жоқ, тек автономияға дайындық жұмыстары жүргізілді», – деп хабарлама жасады.
М.Есполовтың пікірі майда, тілі жұмсақ. Ол түсінікті де. Не астана жоқ, не әскер жоқ, өзі айтып отырғандай, құс қанаты талатын кең далада қазақ үкіметі табан тірейтін ұлтарақтай жер жоқ. Торғай облысының өкілі Лаванов міз бақпастан:

«Торғай облысында қазақтар 58 %, ал орыстар 42%. Қазақтарды жеке ажыратып бөле алмайсың, өйткені олар орыстармен араласып отыр. Торғай облысы үш үкіметтің Сібір, Құрылтай жиналысы мүшелерінің Самар үкіметі және Қазақ үкіметінің ықпалында тұр. Мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. Облыстың үш уезі Самараға іш тартады. Сібір үкіметіне де мойын бұратындар бар, олар Құрылтай жиналысынан кейін Самараға өтуге ыңғайланып отыр. Қалған екі уезд таза қазақтар, оларды Сібір үкіметіне қосқаннан көрі қазақ «Алашорданың» территориясына қосқан әділетті болар еді», деп баспақтай қысты.
М.Есполовтың жарыссөзде не айтқаны белгісіз. Бірақта қаулыдағы:

«1. Башқұртстан мен Алашорда автономия алуы керек, бірақ орыс аралас болыстар земствоның құрамында қалады, деген келісімге қол жеткізуі алаштың тәуелсіздігін мойындату деген сөз.
«Алашорда» үкіметі төрт құрсаудың большевиктердің, Колчактың, Самара үкіметі казактарының, чехословак корпусының қоршауында қалды. Сондай қысылтаяң оқиғаның ең шешуші жанталасы Торғайда өтті. «Алашорда ісіндегі» тергеуде де, «Алашорда» тарихы үшін де, жекелеген тұлғалардың тағдыры үшін де, жалпы қазақ үшін де ерекше маңызы бар бұл оқиға туралы барлық деректерді салыстыра отырып беруді жөн көрдік. Оқырман қай куәнің сөзіне сенсе де, бұл жанталастың соғыс жағдайында өткенін еске саламыз. Ал соғыс құрбандықты таңдамайды.

М.Дулатов (жалғасы): Келісім жүргізу үшін Торғайға Байтұрсынов және мен бардым. Келісімнің нәтижесінде біз уақытша кеңес өкіметі жағына шығатын болдық, ал біздің түбегейлі шешім қабылдауымыз үшін Байтұрсыновты Москваға жіберу керек деп шештік, келесі күні Байтұрсынов Москваға жүріп кетті. Келісім бойынша Торғай қаласына кірдік, өз отрядымызды жергілікті қызыл армия отрядымен біріктірдік, біздің біраз адамдарымыз совдептің құрамына кірді. Бұл 1919 жылдың көктемінің бас кезі еді. Торғай уезіне барымташы ретінде аты әйгілі болған Амангелді Иманов деген біреу әскери комиссар болып тағайындалыпты».

Торғайдағы оқиғаны басынан кешкен М.Денисов пен М.Гусманның 1919 жылы 10 желтоқсан күні Дала әскери комиссары Ә.Жангелдин растаған куәлігі:
«...Көктемде, шамамен наурыз айында «Алашорданың» әскері Қостанайдан кеңес өкіметі билеп тұрған Торғайға қарай бет алды. Қалаға 70-80 шақырым қалғанда уездік атқару комитетіне үш адамды Ахмет Байтұрсыновты, Мырзағазы Есполовты және Омар Алмазовты өкіл етіп жіберді. Олар: «Алашорда» әскері казактармен барлық байланысын үзді және кеңес өкіметі жағына шықты, сондықтан да кеңес өкіметі жағына толықтай шығу үшін Торғай қаласына келді. «Өзге облыстардан келген өкілдердің алдында жігіттерді жасытпас үшін қалаға қаруларымен шеру тартып кіруге рұқсат беріңдер», десті. Әскерді қалаға қарумен жібере ме, жоқ қарусыздандырып жібере ме деген мәселе ұзақ талқыланды, әскери комиссар Иманов соңғы ұсынысты жақтады, сөйтіп, алашордашылардың әскері қалаға қарусыз кірді. Алашордашылар өздері мойындамақ болған кеңес өкіметін аяққа таптап, атқару комитетіне: егерде біз кеңес өкіметін алдайтын болсақ, онда өзіміздің көсеміміз Байтұрсыновты Орталыққа келіссөзге жібермес ек, деп наразылықтарын білдірді».

М.Дулатов (жалғасы): «Бірде Шалқардағы қызыл армияның штабынан: Торғайдағы отрядтың жиырма төрт сағат ішінде Шалқарға келіп жетуі туралы төтенше бұйрық келді. Тура сол кезде көктемгі көксоқта басталды. Шалқар мен Торғайдың арасында қызыл су жүріп кетіп, сай-саладағы өзендер тасып жатты. Бұл кезде азық-түлік, қару-жарақ тиелген қосын түгіл, салт атты адамның өзі жүре алмайтын. Иманов төтенше кеңес шақырды. Оған Имановтың өзі төрағалық етті және соның ұсынысымен бірауыздан (Иманов бірінші боп қол қойды) жоғарыдағы себептерге байланысты отрядтың жорыққа шығуы мүмкін емес деп шешім қабылдап, оны хабарлауға тиіс болды. Жоғарыдағы шешімді Шалқарға шұғыл жіберудің орнына Иманов: жорыққа шығуға «Алашордашылар» қарсылық көрсетіп жатыр, сондықтан да бұйрықты орындай алмадым, – деп хабарлағанын бірнеше күннен кейін бір ақ білдік. Имановтың осы арандатуының салдарынан Шалқардағы, Ырғыздағы және Ақтөбедегі штабта: «Алашорданың» Торғайдағы бөлімшесі кеңес өкіметі жағына шығу туралы өздерінің уәдесінде тұрмады, – деген пікір қалыптасты. Бұдан кейін бізге деген сенімсіздік пен дұшпандық көзқарас өрши бастады. Егерде Имановтың тарапынан жоғарыдағы арандату болмаса, онда бұдан кейін орын алған оқиға туындамас еді. Иманов бұл мәселе жөніндегі арамыздағы түсініспестікті жоюдан сырт тартты. Имановтың арандатуының салдарынан орын алған түсініспестікті жою үшін біз: не Жангелдиннің, не Байтұрсыновтың келуін күттік. Біз сол кезде тұйыққа тіреліп, дағдарып қалдық: бір жағынан ақтардан қол үзіп кеттік, екінші жағынан қызылдар тарапынан себеп-салдарсыз сенімсіздік көрсетілді».

М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): «Алашорда» әскері қалаға кірген соң 18-19 сәуірге дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай қарсы әрекет жасаған жоқ. Соның алдында Ақтөбе майданынан Торғайдағы мекемелерді көшіру туралы жеделхат келген болатын. Әскери комиссар Иманов қоныс аударуға және жеке-жеке эскадрон бойынша қозғалуға бұйрық берді. Пасханың бірінші күні, яғни, 20-сәуір күні мен тәржімашы Ыдырыс Иусупов екеуміз Имановтың үйінде отырғанда екі орыс кіріп келді, олар өздерін Қостанайдың «көтерілісшілеріміз» деп таныстырды (бірінші адам Таран, екіншісі Иноземцев екен). Олар: қаладан 30-40 шақырым жерде тұрған отрядтарын қалаға толық қаруымен кіргізуге рұқсат беруін өтінді. Келе жатқан отряд тарапынан қандай да бір арандату орын алмас үшін Таран мен Иноземцевке қаруларын тапсыру қажеттігін өтінді. Таран мен Иноземцев оған толық келісті. Сол кезде Иманов: бұлар нағыз кеңес өкіметінің қорғаушылары екен, Торғай губерниясы бойынша төтенше комиссар Жангелдинге қалаға қарумен кіру туралы рұқсат сұрап жеделхат жолдаңдар, деді».

М.Есполов (жалғасы): «Байтұрсынов пен Жангелдин Алашорданың кеңес үкіметі жағына шығу мәселесін талқылау үшін өзара кездесіп, содан кейін осы мәселені түбегейлі шешу үшін Байтұрсынов Мәскеуге кетті. Торғайдың әскери комиссары болып Аманкелді Иманов бекітілді. Кәрім Тоқтабаевты «Алашордамен» қарым-қатынасты реттейтін көмекші етіп алды. Аманкелді қазақтарды жаппай әскерге шақыруды қолға алды.

М.Дулатов (жалғасы): “Бірде біздің назарымызға: Иманов бізді тұтқындағалы жүр екен, оның үйінде Қостанай жақтан келе жатқан әлдебір отрядтың барлаушысы тұрады екен деген мәлімет түсті. Осы мәліметті алысымен біз Имановты және оның үйінде жатқан белгісіз адамды тұтқындадық та, өзіміз жасақтың бір бөлігін ертіп Торғайға беттеп келе жатқан отрядтың қарсы алдынан шықтық. Қауесет шын болып шықты, бұл Таранның партизан отряды екен, ал Имановтың үйінде жасырынып жатқан белгісіз адам – Таранның өзі екен. Торғайдан отыз шақырымдай шыққан соң отрядпен бетпе-бет келдік, ешқандай қарулы қақтығыс болған жоқ, оларды казак полкінің қуғындап келе жатқанын сол жерде білдік. Біз, алашордалықтар, бұл отрядты қайтпек керек деп өзара кеңестік, егерде оны Торғайға қарай өткізіп жіберейік десек, Имановтан сескендік, өйткені олар бізден көрі соның сөзіне сенеді де, Иманов ойындағысын жүзеге асырып тынады. Бұл бір. Мәселенің екінші жағына келетін болсақ, егерде біз отрядты Шалқарға қарай ешқандай ұрыссыз әрі шығынсыз өткізіп жіберсек, онда оларды өкшелеп келе жатқан казак полкі жергілікті халықты сөзсіз қырып–жояр еді де, ең бірінші кегін бізден алар еді. Осының барлығын ақылға салып, біз отрядты қарусыздандырып, адамдарын өз еркімен қоя берейік дегенге бәтуаластық және солай істедік те. Шарасыздықтан мәжбүр болған бұл әрекетті сол арада отрядтағыларға түсіндірдік. Келесі күні Торғай қаласына кештетіп жеткеннен кейін ғана бізден бөлініп қалған жастар аласапыран кезінде Иманов пен Таранды мерт етіпті. Осыдан кейін біз казак полкінің келуін үрейлене күттік, себебі, біздің жасағымыздың саны 400-дей ғана адам еді, оның көпшілігі әлі әскери шайқасқа қатыспаған тәжірибесіз жасақтар еді”.

М.Есполов (жалғасы): Дулатов келгеннен кейін «Алашорда» кеңесінің төрағасы ретінде Жангелдиннің отрядын қайта жасақтады. Соның нәтижесінде қайшылықтар туындап, белгілі қайраткерлерді тұтқындау басталды. Соған жауап ретінде жиырмасыншы сәуірдің мөлшерінде Иманов тұтқындалды. Өйткені, ол Қостанайдан бізге қарай жазалау отрядінің шыққанын жасырып жүріпті. Біз винтовкамен қаруланып, казак әскерлерінің алдынан тосқауыл қоймақ болдық. Сол кезде Қостанайдан қызылдардың жазалаушы отряды шығып, Торғайды қоршауға алмақ болыпты. Біз қарсы шығып оларды қарусыздандырдық. Торғайға қайтып келгенде Аманкелді Имановтың атылғанын естідік. Сол кезде Қостанайдан шыққан казактардың, Ырғыз бен Шалқарға келген Қостанай жақтан шыққан Колчак армиясының Торғайға беттегенін, жолында кездескен қазақ ауылдарын атып, тонап жатқанын білдік. Қырғынға ұшырамас үшін қыстақта қалған жасақтарды Атбасарға қарай жөнелттік».

М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): «Сол кезде «Алаш!» деп ұрандаған айқай мен мылтық дауысы естілді. Мұны ести сала Таран мен Иноземцев Имановтың үйінен сыртқа шығып кетті. Біз Имановпен жеке қалдық. Сол кезде эскадрон инструкторы Валерьян Денисов жүгіріп келіп, түрік азаматы Хидаяттың сатып кеткенін, қаланы алашордашылар басып алғанын айтты. Келесі күні аткомның жиналысында Омар Алмазов жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, кедергі келтіре бергені үшін әскери комиссар Имановты және кеңес өкіметі жағындағы қызыл армияшыларды, Имановты қолдаушыларды алаштың әскері тұтқынға алғанын хабарлады. Солармен бірге Қостанай көтерілісшілері Таран мен Иноземцев, атбасарлық бас көтерушілер және басқалары да тұтқындады. Таранды тұтқындағаннан кейін олар оның отрядын алдаусырата отырып қарусыздандырды, оларды Атбасардан келе жатқан жазалау отрядына қарсы жіберді».

М.Дулатов (жалғасы): «Бір күні таңертең белгісіз бір отряд Торғай қаласын қоршап алды да жан-жақтан оқ жаудырды. Біз кешке дейін тосқауылда тұрып қорғандық та, кешке қарай шабуылға төтеп бере алмай Торғай қаласын тастап шықтық. Бұл Жиляевтің отряды екен. Ол Торғайда бір тәулік қана болды да әрі қарай Ырғызға бет алды. Олардан кейін үш күннен соң Торғайға капитан Могилев бастатқан казак полкі келіп кірді. Біздің барар жеріміз қалмады да Торғайға қайтып оралдық. Могилев полкі біздің барлық қуат-күшіміз бен жарақтарымызды өзінің қол астына жиып алды Бұдан кейінгі біздің әрекетіміз жоққа тән болды, ешқандай еркін қимыл жасауға мұршамыз келмеді, тек казак полкі мен тұрғындардың арасындағы делдалдық қана міндет атқардық. Бір, бір жарым айдың ішінде казак полкі Ырғыз бен Шалқарды өзіне қаратты. Алайда аз уақыттан соң қызыл армияның шабуылы басталды да тас-талқаны шыққан оңтүстік армия бей-берекет қаша жөнелді. Алашордалықтардың тобы (Есполов, Сейдалин, Бірімжанов, Тоқтыбаев, Шонанов және мен) біраз уақыт Торғай мен Атбасар уезінде тұрдық та, қаңтар айында Семей уездіне келдік, сонда қыстап шықтық. Сұрақ алған - Шығыс бөлімінің бастығы – Петров”.

М.Есполов (жалғасы): 1919-ші жылы земствоның жиналысынан кейін Әбдіқадыров, Дулатов, Байтұрсынов, Қадырбаев және басқаларымыз Қостанайға келдік. Қостанайда Колчак әскері мені тұтқындады. Қадырбаевтың таныс офицері мені босатты. Содан кейін Торғай тобымен Атбасарға қарай бет алдық. Шалқар, Арал маңындағы қызыл әскерлер Шалқарға қарай қозғалды деген хабар алдық. Қызылдардың, Колчактың, казактардың әскерінің жазалауына ұшырамас үшін мен, Дулатов, Бірімжанов, Тоқтабаев Кәрім, Сеидалин, Шонанов бәріміз 15-қазан күні Торғайдан Атбасар уезіне бет алдық. Торғайда кеңес үкіметі орнады. Семейге Шонанов, Дулатов, Бөкейханов кетті. Қадырбаев өз ауылына жақын болу үшін Орынборға кетті. Ор қаласында Валидов пен Бірімжанов кездесті. Олар еркін сөйлесетін. Қазақ-Башқұрт әскерін құру туралы ойласты”.
Міне, осындай қанды майдан жүріп жатқан кезде А.Байтұрсыновтың кеңес өкіметінің комиссарларына:

«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды», деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатыр.
Сондай-ақ әскери тұрғыдан арандап қалмасын деген сақтықта бар еді.

М.Денисов пен М.Гусман (жалғасы): «Арада аз уақыт өткен соң көтерілісші Жиляевтің отряды алашордашыларды талқандап, қаланы басып алды, пулеметтерді және басқа да қару-жарақты қолға түсірді. Жиляев пен алашордашылар соғысып жатқан кезде Алмазов пен Теміровтен: сәл шыдаңдар, Ақсуат станицасынан казактар көмекке келе жатыр, деп суыт хабар жіберді. Кейін білгеніміздей, бұл Могилевскийдің (Могилев шығар) отряды екен. Жолай Алмазов пен Теміров кеңес өкіметін қолдаған адамдарды ұстап берді, мысалы, Бекжан Жасымбаев атылды. Отряд қалаға келген соң 18 адамды атты, бұған басты кінәлі адам уезд бастығы Омар Алмазов.



Бұл куәлікке Гусман қосымша мынаны айтты: мамыр айында Могилевскийдің отряды келген кезде маған алашордашыл Мұзафар Қасымов келіп: сен бүгіннен бастап әскерге алынасың, «Алашордаға» қызмет етуге міндеттісің, қару-жарақты жөндеуге көмектесесің, – деді.

«Алашордашылардың» іс-әрекеті туралы көзі көргендердің бұл куәлігі Торғай уездік ревкомының мәжілісінде тыңдалды және ревкомның 12 желтоқсан күнгі мәжілісінде хатталды.

Дала өлкесінің ревәскери кеңесінің мүшесі және әскери комиссары Жангелдин. Торғай уездік ревкомының төрағасы (қолы). Хатшысы (қолы)».
Аманкелді Иманов пен Таранның қазасы туралы ең сенімді құжаттың бірі осы. Бұл шындықтың ашылуына тікелей мүдделі дала комиссары Ә.Жангелдиннің оқиға өте салысымен өзі жүргізген тергеудің хаттамасы. Бұл құжатта бір түсініксіздік бар және сол түсініксіздік үнемі өзге бір күдікке жетелейді. Анықтап алатынымыз мынау: соғыс жағдайында бір әскер тұрған қалаға екінші әскер қару-жарағымен кірмейді екен. Демек: большевиктердің «Алашордашыларды» қарусыздандыруы да, Аманкелдінің Таранның әскерін қарусыздандыруы да, сондай-ақ «алашордашылардың» большевиктерді (Таранның отрядын) қарусыздандыруы да әскери талап. Сұрақ: бір әскер екінші әскердің қалаға отыз-қырық шақырым қалғанша тақап қалғанын білмеуі, не одақтасы ретінде хабар бермеуі майдан жағдайында мүмкін бе? Тіпті білмеген жағдайда да сол отрядтың командирлерінің өзі неге жасырын келеді? «Алаш!» деген ұранды естігенде Таран мен Иноземцев неге үйден сыртқа тұра қашады, ал Иманов нені күтіп үйінде эскадрон командирін күтіп отырды? Басқасын былай қойғанда, Таранды қорғауға міндетті емес пе? Ең басты сұрақ: жоғарыдағы оқиғаның ішінде тікелей қатысып отырған Иван Денисов кім? Таран сыртқа қашып шыққаннан кейін бұл бөлмеде не істеген? Эскадрон командирі кірген соң Аманкелді қандай бұйрық берді? Үйге біреулер басып кірді ме, олар кімдер, Аманкелді сол жерде қолға түсті ме, жоқ атылды ма? Таң атқанша Денисов қайда болды? Міне, революциялық әскери кеңестің сұрайтын сұрағы, хаттайтын куәлігі осы болса керек. Бұдан кейінгі тура немесе жанама жүргізілген тергеулер де тура осы арада тұманданып сала береді.

Заки Валидовтің өзінің «Қатираларында» дұрыс айтқанындай, Торғайдағы «Алашорда» әскеріне ең басты қауіп төндірген ақгвардияшылар да емес, қызылдар да емес, өз ішінен шыққан большевиктер – Жангелдин мен Аманкелдінің әскері болды. Өйткені екі әскердің сүйенетіні де бір ел, азық-түлікпен қамтамасыз ететін де бір ел, бір-бірінің өмір сүру тәсілі мен айла-амалын да өте жақсы білетін. Негізінен Торғай мен Ырғыз өңірінен жасақ қатарына алынған қосындар сол баяғы ру тәсілі бойынша жасақталып еді. Ашығын айтайық, негізінен қызылдар – қыпшақтар, арғындар – алашордашылар армиясын құрады. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында қару ұстанып, әскери іске жаттығып қалған бұл өңірдің азаматтары майдан заңын тез игеріп кетті. Әрі Каспийден түсірілген оқ-дәрілер мен азық-түлік, қару-жарақ және рулық намыс үгіт-насихаттан көрі шешуші міндет атқарды. Бұл соғыста екі қазақ жасағы үшін алғы шеп те, артқы шеп те біреу ғана болатын. Бір ауылға большевиктер түстеніп, алашордашылар қоналқаға орналасып жүрді. Өкінішке орай, Ойыл мен Жымпитыдағы, Қызылқоға мен Үстірттегі, Созақ пен Сарысудағы, Торғайдағы, Ырғыздағы, Семейдегі сарбаздар мен сардарлардың, большевиктер мен алашордашылардың арақатынасы сол рушылдыққа негізделген екен. Архив деректерін оқып отырып төбе шашың тік тұрады. Біз оны таратып жатпаймыз.

Дегенмен де «Алашорда» ісіндегі» тергеуде қамтылатын оқиғалардан хабардар ететін, шындыққа көз жеткізуге себін тигізетін құжаттарды қамти кетеміз. Онсыз кімнің айғағы дұрыс, кімнің айғағы қате, кім жорта жауап берді, ол жағы толық ашылмай қалады. Біздің мақсатымыз – мәнді-мәнсіз мағлұматты жиып-теру емес, ақиқатты ажыратып, адам тағдырын аңыздан аршып алу. «Алашорда» мен Торғай ревкомының арасында «тыңшылық пен арандатушылық әрекеттер жасау үшін» қызметке тартылған Б.Алмановтың 1929 жылы 3 маусым күні БКП(б) Орталық комитетінің Қазақстандағы партиялық тазалау комиссиясының төрағасы А.С.Булинге берген анықтамасын да назарға іле кетеміз. Мұндағы деректер бұрынғы оқиғаларға «барлаушының» көзімен қарауға мүмкіндік береді:

Б.Алманов: «...Жангелдин жолдаспен бірге А.Иманов бастаған біздің отрядтың бір бөлімі 60 адам, соның ішінде мен де бармын, алашордашылардан тазартып, онда кеңес өкіметін орнату үшін Торғайға бардық. Бұл 1918 жылдың желтоқсан айы болатын. 1919 жылдың март айында «Алашорда» контрреволюциялық үкіметі Торғай мен Ырғызды басып алуға ұмтылған екі-үш ұмтылысы сәтсіз аяқталған соң, амал-айлаға көшті. Өздерінің өкілдері арқылы (қазіргі жер жөніндегі халық комиссары, Өлкелік комитеттің бюро мүшесі Тоқтабаев т.б.) дала өлкесінің төтенше комиссары ж. Жангелдинмен: алашордашылардың кеңес өкіметі жағына шыққысы келетіні және оны толық танитыны туралы келіссөз жүргізді. «Алашорданың» Байтұрсынов, Дулатов, Кенжин (Қазақ халық комиссарлары кеңесінің төрағасы), Қаратілеуов, Тоқтабаев және басқалары кеңес өкіметі жағына шыққан алаш әскерін қарусыздандырмауды және оны сол қалпында Торғайдағы қызыл әскер бөлімдерінің құрамына қабылдау туралы талапты басты шарт етіп қойды. Байтұрсыновты Жангелдин жолдаспен бірге Москвадағы Ұлттар жөніндегі комиссарға бірге барады деп шешті. Контрреволюцияшыл алашордашыларды, оның үстіне қарулы әскерді Торғайға жіберуге Аманкелді мен біздің, ырғыздықтардың қарсылығына қарамастан, алашордашылар өздерінің тілегін орындатты, сәуір айының басында Торғайға келіп кірді. Байтұрсынов Жангелдинмен бірге Қаралдинді ертіп Москваға кетті. Алашордашылар 1919 жылы 17-сәуір күні Торғайда контрреволюциялық төңкеріс жасады, Аманкелді бастатқан барлық коммунистерді тұтқындап, өкіметті өз қолдарына алды. Мұндай қара ниетті жүзеге асыруда өзгелермен бірге Кәрім Тоқтабаев (қазіргі жер жөніндегі халық комиссары) пен Аспандияр Кенжин (Қазақ халық комиссарлары кеңесінің төрағасы), екеуі де Өлкелік комитеттің бюро мүшелері, ерекше белсенділік танытты.



Ол кезде Қостанай қаласын Колчак әскері басып алған болатын, көтерілісшіл шаруалардың партизандық отряды Ақтөбе майданына, Ташкент темір жолына қарай шегінді. Торғайға бірінші болып партияның ежелгі мүшесі Таранның отряды келді. Таранға қарсы алашордашылар Торғай ревкомының атынан бекітілген сенімхат пен Имановтың жеке куәлігімен қамтамасыз етілген өздерінің «өкілдерін» жіберді. Өкілдер Таранға: қасына екі жолдасын (ж. Жиляев және тағы біреуді) ертіп Имановпен кездесу үшін Торғайға баруды, ал жолдан шаршап келген отрядты екі-үш күн ауылда тынықтырып алуды ұсынды. Таран жолдас бұған сеніп екі жолдасын ертіп Торғайға келді, қалаға келісімен екі жолдасымен бірге тұтқынға алынды, сол түні үшеуі де атылды. Сонымен қатар Таранның отряды да тұтқындалып, көпшілігі (60-қа жуық адам) сол жерде атылды. Бұл оқиға кезінде «Алашорданың» офицерлері капитан Мұзафар Қасымов (кейін біз оны Ақтөбе майданында атып тастадық) және Бердімұхамед Сисекенов (қазір Оңтүстік түрксиб жолының 4-бөлімшесінің бастығының орынбасары) ерекше қатыгездік көрсетті. 3 күннен кейін Қостанай жақтан алашордашылардың контрреволюциялық төңкерісінен хабардар Жиляев басқарған тағы бір партизан отряды Торғайға келді, қарулы күшпен Торғайды алды, алашордашыларды уезд аймағынан ығыстырды. Алайда шегінген кезде алашордашылар тұтқында жатқан Аманкелді Иманов бастатқан 22 адамды атып кетті. Жиляевтің отряды, олардың соңынан аты шыққан қанқұйлы Могилев бастатқан Колчактың әскері қуып келе жатқандықтан да Торғайда ұзақ тұрақтай алмады. Сөйтіп, Торғайдан шегінген «Алашорда» әскері Колчактың полкімен қосылып, солардың штыктеріне сүйеніп Торғайды қайта басып алды, одан әрі қызылдарға ту сыртынан соққы беру үшін Ырғыз бен Шалқарға бет алды (Ақтөбе майданының штабы Ембі ст. орналасқан еді)...», – деп көрсетті.

Кейін осы көрсетіндіге орай А.Кенжин де жауап берді. Онда Аманкелдінің қазасына байланысты ойға салып шайқауға болатын, жағдайды анықтай түсетін деректер бар. Сондықтан да біздің назарымызды аударатын тұсты ғана қысқаша тәржімалап береміз. «Алаш» әскерін жасақтауға М.Дулатовпен, Т.Қаратілеуовпен бірге қатысқанын, өзі әскердің шаруашылық жағын басқарғанын айта келіп А.Кенжин:



«...Кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейін мені «Алашорданың» құрылымындағы Әскери кеңестің мүшелігіне өткізді. Мен оған қарсы тұра алмадым, бұл менің төртінші қателігім... Маған мұндай «құрметті» лауазымнан бас тарту керек еді. «Алашорда» кеңес өкіметінің шартын қабылдап, өзінің отрядымен қоса әскери комиссар А.Имановтың қол астындағы бұрынғы Торғай отрядының бастығы Хидаяттың қарамағына өтіп, біртұтас кеңес армиясына айналғанына тоқталып жатпай, Торғай оқиғасына бірден көшейін.

Торғайға келген күннен бастап маған ондағы жағдай ұнамады. Арғындар мен қыпшақтардың (Торғай тұрғындары арғын қыпшақ деп екіге бөлінеді) арасындағы рулық дұшпандық бары анық сезіліп тұрды. Олар бір-бірімен жиі жауласып тұрады екен. Иманов пен «Алашорда» көсемдерінің (Дулатов, Испулов) арасында бір сенімсіздік бар еді. Мұндай жағдайда Қаратілеуов екеуміз Имановқа келіп, жағдайды реттеу үшін шара қолдануды, «Алашорда» көсемдерінің кеңес өкіметін сатып кетуі мүмкін екендігін ескертуіміз керек еді. Бұл да менің қателігім екенін мойындаймын.

Кейін анықталғанындай, төңкеріс былай жүзеге асты: «Алашорданың» жетекшісі Дулатов басы қосылған екі отрядтың бастығы, тұтқындалған түрік офицері Хидаят екеуі өзара келісіп алыпты. Осыдан бір-екі күн бұрын қызылдар соғысып жатқан Шалқар майданынан Торғайдағы отрядтың сонда бет алуы туралы бұйрық келді. Екінші рет жеделхат келген соң (отрядтың шұғыл түрде Шалқарға жетуі туралы) уездік әскери комиссар Иманов отрядтың жорыққа дайындалуына үш күн пұрсат берді, ал шаруашылық бөлімінің бастығы ретінде маған арба мен азық-түлік, жем дайындау бұйырылды. Мен шұғыл түрде дайындыққа кірісіп кеттім. Жақын маңдағы ауылдарға шабармандар жібердім, өзім қаладан 15 шақырым жердегі жайылымдағы аттарға кеттім. Қайтып келсем, төңкеріс жасалып қойыпты. Содан кейін Иманов ұсталды... Содан кейін Таранның отряды қарусыздандырылды (мен бармай қалада қалып қойғамын), Жиляевтің партизандарымен соғысты, менің Жиляевтің отрядына қосылмағаным да қателік болды, атып тастайды екен деп қорықтым... Алаш отряды қалаға қайтып оралды, ұрыс қарсаңында Имановты өлтірді. Оны мен Торғайдан шегініп кеткен күннің ертеңінде білдім. Шегінген түнде отрядтың дені қашып кетті, ал қалғандарының соғысарлық дәрмені жоқ еді. Могилев өзінің (ақтардың) отрядымен Торғайды қайтып алды. Содан бастап Могилевтің Торғайдағы қанқұйлы әрекеті басталды. Ол атқару комитетінің мүшелерін тұтқындады, әскери-тергеу комиссиясын құрды. Тұтқындалғандарды атып тастағанын келесі күні бір-ақ естідім. Әскери-тергеу комиссиясына «Алашордашылардан» Шонанов және бірнеше адам мүше болды, нақты есімде жоқ. Әскери-тергеу комиссиясына да, үкім қабылдауға да қатысқамын жоқ. Оны толық теріске шығарамын. Үкімді Могилевтің өзі шешті, мүмкін, алашордашылардың кейбіреуімен ақылдасқан да шығар. Могилевпен бірге Қасымовтың қарамағындағы «Алашорда» әскері қызылдардың соңына түсу үшін Ырғызға беттеді, ішінде «Алашорданың» өкілі А.Теміров болды», деп көрсетті.

Дамулла Битілеуовтың 5/1-29 жылғы кезекті жауабында алдыңғы Торғай оқиғасына қатысты көрсетінділері толықтырылып, бұрынғы жауаптарын өңдеп, шетіне “аударма” деп қол қойған. Онда жоғарыда аты аталған адамдармен қалай танысты, олармен қандай қарым-қатынаста болды, соны баяндаған.



Д.Битілеуов (жалғасы): “Алашорданың” Торғайдағы бөлімшесі туралы не білетінім жөніндегі сұраққа байланысты менің білетінім мынау: бұл бөлім Торғайға кетіп бара жатып, Ор қаласының айналасындағы ауылдардан жігіттерді жинап, Торғайға бет алды, ол жерге көктемге қарай келіп жетті. Ол кезде Торғай қызылдардың қолында болатын, әуеліде “Алашордашылар” қызылдарға қосылды, алайда біраз күн өткен соң “Алашорда” жасағы қызылдарды қарусыздандырды да әскери комиссар Аманкелдіні тұтқынға алды. Бұдан кейін Торғайдағы өкімет билігі “Алашорданың” Әскери Кеңесінің қолына көшті. Қызыл командирлердің ішінде үш түрік бар еді, оларды “Алашорда” әскери Кеңесі қызылдарды қарусыздандырмас бұрын өз жақтарына шығарып алып еді. Бұл туралы жігіттермен әңгімелесіп тұрған сәттерінің бірінде Дулатов айтып беріп еді, жаңағы түріктерді мақтады. Оның сөзіне қарағанда, бұл командирлерді (түріктерді) “Алашорда” жағына шығуға көндірген адам – Дулатовтың өзі екенін аңғаруға болатын”.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет