Дәріс №1 Пәнге кіріспе. Отандық тарихты оқудың


Қазақ жерлерінің ҚКАСР құрамына біріктірілуі



бет14/41
Дата09.09.2022
өлшемі174.91 Kb.
#460513
түріСабақ
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   41
Д ріс №1 П нге кіріспе. Отанды тарихты о уды

4.Қазақ жерлерінің ҚКАСР құрамына біріктірілуі.
Қазақстанда азамат соғысының аяқталуы және контрреволюциялық күштермен ақ гвардияшыларды талқандаумен байланысты Кеңес өкіметін қайта қалпына келтіру мәселесі ерекше орын алды. 1919 жылғы маусым айында Кеңестердің ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Қазақ кеңес автономиясын құру туралы арнайы мәселе қарады. Онда қазақ халқының қалың бұқарасымен тығыз байланыс орнайтын, мұндағы жаудан азат етілген аймақтарда саяси және шаруашылық жұмыстарды ұйымдастырып, өлкеде Кеңестердің құрылтай съезін шақыруға әзірлік жасайтын арнаулы орган құру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты 1919 жылы 10-шілдеде РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің декреті бойынша Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрылды. Революциялық комитеттің бірінші құрамына С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Мендешев, Б.Қаратаев кірді. Әр түрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдеев, Ғ.Әлібеков, Б. Қаралдин еңбек етті. Революциялық комитеттің жұмыс істейтін орталығы болып Орынбор қаласы белгіленді.
Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің жанынан басқару салалары бойынша: еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және халық ағарту, егіншілік, юстиция, пошта және телеграф, азық-түлік, жұмысшы-шаруа инспекциясы, халық шаруашылығы кеңесі сияқты бөлімдер мен бөлімшелер құрылды.
Қазақ өлкесі территориясындағы өкімет билігі мен басқару жоғары органы - Қырғыз (қазақ) революциялық комитетінің функциялары өте кең әрі сан-салалы болды. Ол өлкені интервенттер мен ақ гвардияшылардан азат етуде Қызыл Армияға көмек көрсету, мемлекеттік өкімет органдарын нығайту, азат етілген аудандарда кеңестерді қалпына келтіру, өнеркәсіп пен көлік қатынасын жандандыру, мәдениетті өркендету т. б. мәселелермен айналысты. Оның қазақ еңбекшілерін мемлекеттік құрылысқа тарту, кеңес кадрларын дайындау жөніндегі қызметінің зор маңызы болды.
Казревком 1919 жылдың шілдесінен 1920 жылдың қазан айына дейін 15 ай жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде оның басшылығымен халық шаруашылығындағы басты сала – отын өндіру бағытында Орал-Ембі мұнай кәсіпшілігін, Қарағанды мен Екібастұздың шахталарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Өнеркәсіп саласында Екібастұз зауытындағы, Риддер рудниктерінде қорғасын қорыту жұмыстары жолға қойылды. Семей және Ақмола губернияларының кәсіпшіліктерінде тек 1920 жылы 8,5 миллион пұт тұз өндірілді. Семей губерниясында алтын шығару жұмысы қайта басталды. Оралда, Қостанайда, Семейде, Ақмолада және басқа қалаларда электр станциялары жұмыс істей бастады. Жылдың аяғына қарай өлкеде 59 электр станциясының 45-і қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Өлке жұмысшылары мен шаруалардың күш-жігері арқасында 1920 жылы Бөкей, Қостанай, Семей және Ақтөбе губернияларында көптеген орта және ұсақ өнеркәсіп орындары мен шеберханалары қатарға қосылып, бұларда 20 мыңнан астам адам еңбек етті.
Қазақ ревкомының басқаруымен жергілікті өкімет органдары орасан зор зиян шеккен темір жол қатынасын калпына келтіруге айрықша көңіл бөлді. Өйткені жаулар тек Орынбор-Ташкент темір жолында ғана 550 шақырым жол төсенішін, 172 көпірді, 18 темір жол станциясын, 11 су тартқышты, ондаған депо мен шеберханаларды қиратты. Омбы, Петропавл учаскесінде ақтар 36 темір жол көпірін, соның ішінде Есіл мен Ертіс өзендеріндегі үлкен көпірлерді құртып кетті. Орал-Покровск (қазіргі Энгельс қаласы) жолында 75 көпір өртеліп, бұзылды. Арнайы білікті темір жол жұмысшылары мен мамандарынан құралған отрядтардың жүргізген жұмыстары арқасында жоғарыдағы көрсетілген темір жол магистральдарының көптеген көпірлері, жол шаруашылығы, байланыс желілері калпына келтірілді.
1920 жылы бүкіл елдегі сияқты, өлкеде қоғамдық еңбекке жаңа қөзкарас туып, «Еңбек майданы апталығы», еңбек сенбіліктері мен жексенбіліктері ұйымдастырылды. Сол жылғы наурызда Орал губерниясында, сәуірде Петропавл станциясында алғашқы жексенбіліктер өтті. 1-мамырда бүкіл Қазақстан бойынша сенбіліктер өткізіліп, оларға қалалардағы өнеркәсіп орындарының мыңдаған еңбекшілері мен село халқы қатысты.
Азамат соғысы еліміздің ауылшаруашылығына орасан зор зардаптарын тигізді. 1920 жылдың басында бұл маңызды салада терең дағдарыс орын алды. Оны жою үлкен күш-жігер жұмсауды қажет етті. Кеңестер шаруаларға Колчак әскерлері тартып алған жерлерді қайтарып берді. 1920 жылдың көктемінде Қазақстанның бірқатар уездерінде жері жоқ және жері аз шаруалар үлесті жерлер алды. Сонымен бірге сол жылдың күзіне қарай өлкеде 1039 ұжымдық шаруашылықтар құрылды.
Революциялық комитеттерден кеңестерге көшу ең алдымен Орал облысында басталды. 1920 жылғы қаңтардың бас кезінде Орал уезінің 22 болысында болыстық, станицалық, селолық және ауылдық кеңестер құрылды. Болыстық кеңестердің құрамына 101 депутат, селолық кеңестерге 396 депутат сайланды. Сол жылы шілденің басында Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерінің көп жерінде селолық, ауылдық және болыстық кеңестер ұйымдастырылды.
1920 жылғы жаздың аяғына қарай жергілікті жерлерде мемлекеттік өкімет органдарының бірыңғай жүйесіне көшу негізінен аяқталды. Революциялық комитеттер төтенше органдар ретіндегі өз релін атқарып, өз орнын конституциялық органдарға - кеңестерге берді. Ерекше жағдай ретінде революциялық комитеттер тек Адай уезінде және Жетісуда сақталып қалды. Сол жылдың күзінде өлкедегі кеңестердің губерниялық съездері өтті, сонымен қатар барлық уездерде, қалалар мен болыстарда қалалық, уездік партия конференциялары болды. 1920 жылдың 30-сәуірінде РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросы Қазақстанда партия облыстық бюросын құру туралы қаулы қабылдады. Оның құрамына С.Пестковский, Ә.Жангелдин, Ә.Әйтиев, А.Авдеев, М.Мырзағалиев, С.Арғыншиев, Ә.Әлібеков кірді.
РК/б/П Қырғыз/Қазақ/ облыстық бюросы құрылғаннан кейін өлкеде Кеңес өкіметін, мемлекеттік құрылысты одан әрі нығайту жұмысы одан әрі өрістей түсті. 1920 жылғы 17-тамызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26-тамызда БОАК пен РКФСР Халком Кеңесі РКФСР құрамында «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын кұру туралы» жарлық қабылдады.
Қазақ республикасына Семей, Ақмола, Торғай және Орал губерниялары, Маңғыстау уезі, Закаспий облысының Красноводск уезіндегі 4-ші және 5-ші Адай болыстары, Астрахань губерниясындағы Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округтарына шектес, қазақтар қоныстанған бұрынғы қазыналық жерлер кірді. 1920 жылғы 22-қыркүйекте Бүкіл Ресейлік Атқару Комитетінің жаңа декреті бойынша ҚАКСР-ның құрамына Орынбор губерниясы енгізілді, ал Орынбор қаласы республиканың астанасы болды.
1920 жылдың 4-12 қазанында Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезі болып өтті. Съезге Қазақстанның барлық губернияларынан 273 делегат және Алтай губерниясы қазақтарының атынан 6 делегат қатысты. Делегаттардың қатарында 128 қазақ, 127 орыс және басқа да ұлттардың 18 өкілі болды. Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті (төрағасы С.М.Меңдешев) және Халком Кеңесі (төрағасы В.Радус-Зенькович) сайланды. Съезд Қырғыз (Қазақ) АКСР-і РКФСР-дің құрамына кіретін жұмысшылардың, еңбекші қазақ халкының, шаруалардың, қазақтардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерінің автономиялық республикасы болып құрылғанын мәлімдеді. Декларация Кеңестердің таптық мәнін белгілеп берді. Ол халықты ұлттық езушілік пен құлдықта ұстау саясатынан батыл қол үзетінін жариялады.
Декларация Қазақстан еңбекшілерінің саяси құқықтарын:

  • Кеңестерді сайлау;

  • сайлану құкығын;

  • нәсілдік және ұлттық тегіне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқықтығын;

  • тегін білім алу құқығын;

  • қазақ әйелдерінің тең құқықтығын;

  • сөз, жиналыс, баспасөз, ождан бостандығын куаттап, баянды етті. Сонымен қатар, азаматтардың еңбек ету, елін қорғау міндеттері де белгіленді.

Кеңестердің Құрылтай съезі жер мәселесі жөнінде, экономикалық құрылыс туралы, әкімшілік мәселесі жөнінде, кеңестік заң органдары туралы, халыққа білім беру, денсаулық сақтау туралы және басқа мәселелер жөнінде шешімдер қабылдады.
Қазақ АКСР құрылуын және Кеңестердің құрылтай съезінің шешімдерін еңбекшілер мақұлдап қарсы алды. Қазақтың Кеңестік ұлттық мемлекеттігін құрудың орасан зор тарихи маңызы болды. Жаңадан құрылған жас республика тез аяқтана бастады. Қазақ халқының басқа ұлттармен қатар қалыптасу процесі күшейді. Оның Кеңес мемлекеті құрамындағы басқа халықтар мен достығы нығая түсті.
Кеңес өкіметі алға қойған маңызды міндеттерді іске асыруда тәжірибенің жоқтығы, жергілікті кадрлардың түсінігінің кемдігі, сауатының аздығы, т.б. себептер негізінде бұл революциялық шараларды іске асыру, солақайлықтың, теріс әрекеттердің орын алғанын, Кеңес өкіметіне сенімді азайтатын жайлардың болғанын да айту керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   41




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет