Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидалары Жалпы ережелер



бет1/3
Дата13.06.2016
өлшемі496.5 Kb.
#131220
  1   2   3


Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2013 жылғы «5» ақпандағы

№ 87 қаулысымен

бекітілген

 

 



Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер

 

1. Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және темір жол көлігін пайдалану, оның ішінде магистралдық инфрақұрылым объектілерін, құрылыстарды, жылжымалы құрамды және арнайы жылжымалы құрамды жөндеу тәртібін белгілейді.



2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) автоматты локомотив сигнализациясы сигнализация мен байланыстың дербес құралы ретінде - аралықтағы поездар қозғалысы кезінде локомотив бағдаршамдарының сигналдары бойынша жүзеге асырылатын, ал бөлектенген пункттер блок-учаскелердің белгіленген шекаралары болып табылатын жүйе;

2) аз әрекетті учаскелер – жолаушылар және жүк поездарының (қосындысында) кесте бойынша қозғалыс мөлшері тәулігіне 8 жұптан артық болмайтын учаскелер;

3) алынбалы-салынбалы жылжымалы бірліктер – жолға қызмет көрсететін жұмысшылардың қолымен шешілетін алынбалы-салынбалы дрезиналар, жөндеу мұнаралары, жол вагондары, жол өлшеуіш, дефектоскоптық арбалары;

4) аралық байланыс – теміржол станцияларының кезекшілерімен жұмыс жасап жатқан және аралықта жүрген қызметкерлер арасындағы қызметтік келіссөздер жүргізуге арналған байланыс;

5) аралық - темір жол желісінің шектес станциялармен, разъездермен, озу пункттерімен немесе жол қосындарымен шектелген бөлігі;

6) арнайы жылжымалы құрам (бұдан әрі – АЖҚ) - магистральдық темір жол желісін және кірме жолдарды күтіп ұстау, оларға қызмет көрсету, қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған өздігінен жүретін және өздігінен жүрмейтін темір жол көлігі құралдары;

7) арнайы жылжымалы құрамның бригадасы (бұдан әрі – АЖҚ бригадасы) - АЖҚ басқару және оған қызмет көрсету үшін тағайындалатын қызметкерлер. АЖҚ басқару үшін бригада - машинист және машинистің көмекшісі немесе дрезинаның жүргізушісі және жүргізушінің көмекшісі (тиісті машинаны пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес) тағайындалады;

8) ауа аралығы (оқшаулағыш түйіндесу) - түйіспе желісінің шектес учаскелерінің электр оқшауламасымен түйіндесуі (ток айырық);

9) ауыр салмақты жүк поезы - локомотивтердің тиісті сериялары үшін салмағы қозғалыс кестесінде белгіленген осы поезд жүретін учаскедегі салмақ нормасынан 100 т және одан астам жүк поезы;

10) бағыттама - рамалық рельстерде, үшкірлерден және бұру механизмінен тұратын бағыттамалы бұрманың бөлігі. Жылжымалы өзекшесі бар айқастырмасы болған кезде бағыттама ұғымына айқастырма да кіреді;

11) бағыттама қосыны - бағыттама қосынының бір кезекшісі қызмет көрсететін орталықтандырылмаған басқарудағы бір немесе бірнеше бағыттамалы бұрмалар;

12) бағыттамалы аудан - бағыттама қосынының бір аға кезекшісінің бақылауындағы шектес бағыттама қосындар тобы;

13) бағыттамалы бұрма - жылжымалы құрамды бір жолдан екіншісіне бұру үшін қолданылатын құрылғы. Бағыттамалы бұрмалар бағыттамалардан, айқастырмалардан және олардың арасындағы жалғастырушы жолдардан тұрады. Айқастырмалар жылжымайтын немесе жылжымалы өзекшесімен болуы мүмкін. Жылжымайтын элементтері жоқ айқастырманың негізгі элементтері өзекше, екі мұртша, екі контррельс, бекіткіштер мен төсемелер, түйіспелі бекітпелер және құрастырылған айқастырмалар жағдайында мұртшалар мен өзекшені бірыңғай құрылымға біріктіруге арналған епелектер мен сомындары бар бұрандамалар;

14) бағыттамалық байланыс - іргелес темір жолдарында теміржол жылжымалы құрамын бекіту және бағыттаманы (теміржол жолдары мен бағыттамаларының бос екенін тексеруін қоса) дайындау мәселелерімен айналысатын атқару және орындалушы теміржол станцияларының қосындары мен теміржол станцияларының кезекшілерінің арасындағы қызметтік келіссөздер жүргізуге арналған байланыс;

15) бейтарап ендірме - екі ауа аралығы (оқшаулағыш түйіндесу) арасындағы электр жылжымалы құрамның ток қабылдағыштары өткен кезде түйіндесетін учаскелердің электр оқшаулауын қамтамасыз ететін қалыпты кернеуі жоқ түйіспелі аспаның учаскесі;

16) сигнализация және байланыс шаруашылығы кәсіпорындары - автоматика, телемеханика және телекоммуникация құрылғыларының қауіпсіз толассыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету және жөндеу мақсатында құрылған жол бойындағы кәсіпорындар;

17) блок учаскесі - сигнализация мен байланыстың дербес құралы ретінде қолданылатын, темір жол станциясының өткізу бағдаршамдарымен немесе өткізу бағдаршамымен (блок учаскесінің шекарасы), кіріс бағдаршамымен, сондай-ақ шығыс бағдаршамымен және бірінші жолай өткізу бағдаршамымен (блок учаскесінің шекарасымен) шектелген автобұғаттау немесе автоматтық локомотив сигнализациясы кезіндегі станция аралығындағы аралық бөлігі;

18) бүйірлік жол - жүру кезінде жылжымалы құрам бағыттамалы бұрма бойынша ауытқитын жол;

19) ерекше жол белгілері - темір жолға бөлінген белдеудің шекаралары, бағыттама нөмірінің көрсеткіші, жолаушылар ғимараты осінің белгісі, желілік жол ғимараттарындағы белгілер, шеңберлі қисықтардың басы мен соңының, сондай-ақ өтпелі қисықтар басының, ортасы мен соңының, жер төсемінің жасырын құрылыстарының, сулардың ең жоғары көкжиегінің және толқынның ең жоғары биіктігінің реперлері;

20) жол белгісі - темір жол желілерінің бейіні мен ұзындығының тұрақты көрсеткіші;

21) жол шаруашылығы кәсіпорындары - темір жолдары мен құрылыстарды жөндеуге және ұстауға арналған жол бойындағы көсіпорындар;

22) жолаушылар поезды - жолаушыларды, багажды, жүк багажды және почтаны тасымалдауға арналған, жолаушылар вагондарынан құралған поезд;

23) жолаушылардың аялдама пункті - жол тарамдары жоқ, бөлектенген пункт болып табылмайтын, тек қана жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған аралықтағы пункт;

24) жұмыстардың басшысы - пайдаланылатын темір жолдарында, құрылыстар мен құрылғылардағы жұмыстарға басшылық ету жүктелген жауапты адам;

25) жүрдек жолаушылар поезы - 141-ден 200-ге дейінгі км/сағ қозғалыс жылдамдығымен жүретін жолаушылар поезы;

26) жылжымалы құрамның габариті - түзу көлденең жолға қойылған, тиелген де, сондай-ақ бос та жылжымалы құрам сыртқа шықпай орналасуы тиіс шекті көлденең (жол осіне перпендикуляр) кескін;

27) поездың жүру барысында жылжымалы құрамның техникалық күйін автоматты бақылау құралдары - автоматты режимде кезекшіге алдағы тұрған станция бойынша, поезд диспетчеріне, машинистке поезда ақаулы жылжымалы құрамның болуы мен орналасуы және ақаудың түрі туралы ақпаратты анықтауға және беруге мүмкіндік беретін аппаратура;

28) итермелегіш локомотив - жекелеген аралықтарда немесе аралықтың бөлігінде жетекші локомотивке көмек көрсету үшін арналған локомотив (поездың соңында);

29) кепілдік учаске - ұзындығы поездың құрамында вагондардың ақаусыз күйде қауіпсіз жүруі қажеттілігін негізге ала отырып анықталатын техникалық қызмет көрсету пункттерімен шектелген учаске;

30) қосындар арасындағы аралық - жол қосындарымен немесе жол қосын және станциямен шектелген аралық;

31) көлбеу - көлденең сызыққа (жоғары, төмен) көлбеулігі бар темір жол жолының бойлық бейінінің элементі;

32) құрылыстардың жақындау габариті - соның ішіне құрылыстар мен құрылғылардың ешқандай бөлігі кірмейтін шекті көлденең (жол осіне перпендикуляр) кескін. Ерекшелікті тек олардың жылжымалы құраммен өзара әрекеттесуіне арналған құрылғылар ғана (жұмыс күйіндегі вагондық баяулатқыштар, бекіту бөлшектері бар түйісу сымдары, бағананың суды алу кезіндегі бұрылатын бөлігі) құрауы мүмкін;

33) қызметтік тежеу - жылдамдықты азайту немесе поезды көзделген жерде тоқтату үшін сатылармен тежеу;

34) локомотив - поездардың немесе бөлек вагондардың темір жолдармен қозғалысын қамтамасыз ететін теміржол жылжымалы құрамы;

35) локомотив бригадасы - локомотивтерге, сондай-ақ моторвагонды поездарға қызмет көрсету үшін тағайындалатын қызметкерлер;

36) маневрлік құрам - өзара және маневрлер жүргізуші локомотивке тіркелген вагондар тобы. Бір вагонға тіркелген локомотивте маневрлік құрам ретінде қаралады;

37) моторвагонды жылжымалы құрам - жолаушыларды тасымалдауға арналған моторвагонды поездар (электр поездары, дизель-поездар, рельстік автобустар) құралатын моторлы және тіркеме вагондар;

38) озу пункті - жол тармақтары бар, поездарды басып озуға жол беретін және қажетті жағдайларда поезды бір бас жолдан екіншісіне ауыстыруға жол беретін қос жолды желілердегі бөлектенген пункт;

39) орталықтандырылған бағыттама - үшкірлері (ал жылжымалы өзекшесі бар айқастырмасы болған кезде өзекшесі де) бір орталық пункттен басқарылатын арнайы құрылғылармен бұрылатын бағыттама;

40) орталықтандырылмаған бағыттама - үшкірлері қолмен тікелей бағыттаманың жанындағы бұру механизмінің көмегімен бұрылатын бағыттама;

41) поездардың аса қарқынды қозғалысы - кесте бойынша жолаушылар және жүк поездарының (қосындысында) қос жолды учаскелерде тәулігіне 100 жұптан артық және дара жолды учаскелерде 48 жұптан артық қозғалу мөлшерлері;

42) поездардың қарқынды қозғалысы - кесте бойынша жолаушылар және жүк поездарының (қосындысында) қос жолды учаскелерде тәулігіне 50 жұптан артық және дара жолды учаскелерде 24 жұптан артық қозғалу мөлшерлері;

43) поездық диспетчерлік байланыс - қызмет көрсетілетін диспетчерлік учаскеге кіретін теміржол станциялары кезекшілері мен поезд диспетчерлерінің арасындағы қызметтік келіссөздер жүргізуге арналған байланыс;

44) радиобұғаттау - цифрлық радиобайланыс желісінің негізіндегі поездар қозғалысын интервалды реттеуші жүйе;

45) разъезд – коммерциялық операцияларды жүзеге асыра алатын, поездардың айырылысуы және озуы үшін тағайындалған жол тарамдары бар дара жолды желілердегі бөлектенген пункт;

46) рефрижераторлы поезд - рефрижераторлық вагондардан құралған поезд;

47) сақтандырғыш тұйық - жылжымалы құрамның поездардың жүру маршруттарына шығуының алдын алуға арналған жол;

48) созылмалы еңіс - тіктігі мен ұзындығының келесі мәндері болған кездегі еңіс:


 Тіктігі

 

Ұзақтығы

0,008-ден 0,010-ға дейін

 

8 км және одан артық

0,010-нан 0,014-ға дейін

 

6 км және одан артық

0,014-нан 0,017-ға дейін

 

5 км және одан артық

0,017-нан 0,020-ға дейін

 

4 км және одан артық

0,020-нан және одан тік

 

2 км және одан артық;

49) станция - поездарды қабылдау, жөнелту, айыру және озу жөніндегі операцияларды, жүктерді қабылдау, беру және жолаушыларға қызмет көрсету, ал дамыған жол құрылғылар болған кезде – поездарды тарату және қалыптастыру жөніндегі операцияларды және поездармен техникалық операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін жол тарамдары бар бөлектенген пункт;

50) станция бойынша кезекші - поездарды қабылдауды, жөнелтуді және өткізуді, сондай-ақ станцияның бас және қабылдау-жөнелту жолдары бойынша (маневрлік диспетчер жоқ жерде – басқа да жолдар бойынша) жылжымалы құрамның басқа қозғалыстарын жеке өзі басқаратын станция басшысының ауысымдық көмекшісі;

51) станцияаралық поездық байланыс - көршілес теміржол станцияларының теміржол станциялары кезекшілері арасындағы қызметтік келіссөздер жүргізуге арналған байланыс;

52) станциялар арасындағы аралық - станциялармен, разъездермен және озу пункттерімен шектелген аралық;

53) станциялық орталықтандыру қосыны - станциядағы орталықтандырылған бағыттамалар мен сигналдар тобын басқару шоғырландырылған қосын;

54) тежеу жолы - машинист шұғыл тежеу кран тұтқасын тежеу жағдайына аударған сәттен бастап толық тоқтағанға дейінгі уақыт ішінде поезд жүріп өтетін қашықтық. Тежеу жолдары тежеу түріне (қызметтік, толық қызметтік және шұғыл) қарай бөлінеді;

55) темір жол-құрылыс машиналары - АЖҚ-ның құрылыс, жөндеудің барлық түрлері, темір жол желісінің құрылыстары мен құрылғыларын күтіп ұстау және оларға техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды орындайтын бір немесе бірнеше жұмыс органдары бар түрінің бірі;

56) технологиялық кідіру - жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аралық, аралықтың немесе станцияның жекелеген жолдары бойынша поездардың қозғалысы тоқтатылатын уақыт;

57) тиеу габариті - жүк (орамасын және бекітпесін ескергенде) түзу көлденең жолда тұрған ашық жылжымалы құрамда сыртқа шықпай орналасуы тиіс шекті көлденең (жол осіне перпендикуляр) кескін;

58) түйіспе желісі - электр энергиясының тартымдық қосалқы станциялардан электр жылжымалы құрамның ток қабылдағыштарына берілуін қамтамасыз ететін сымдардың, конструкциялар мен жабдықтардың жиынтығы;

59) уәкілетті орган - темір жол көлігі саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

60) ұстағыш тұйық - басқаруын жоғалтқан поезды немесе қозғалыстағы поездың бір бөлігін тоқтатуға тағайындалған жол;

61) шаруашылық поезы - жұмыс істеп тұрған локомотивтен немесе локомотив ретінде қолданылатын өздігінен жүретін арнайы жылжымалы құрамнан, теміржол ұйымының арнайы және техникалық қажеттіліктері үшін бөлінген вагондардан, магистральдық теміржол желісінің құрылыстары мен құрылғыларын күтіп ұстау, оларға қызмет көрсету және жөндеу үшін тағайындалған өздігінен жүретін арнайы және өздігінен жүрмейтін жылжымалы құрамнан қалыптастырылған поезд;

62) шұғыл тежеу - магистральды шұғыл разрядтау және барынша жоғары тежеу күшін іске асыру арқылы поезды дереу тоқтату үшін қолданылатын тежеу.


2. Жылжымалы құрамды және АЖҚ пайдалану тәртібі
1.Жалпы ережелер
3. Жылжымалы құрам, сондай-ақ, магистральдық темір жол құрамына кіретін АЖҚ, тиесілігіне және меншік нысанына қарамастан, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес болуы қажет.

4. Теміржол жылжымалы құрамның әр бірлігінде мынадай анық айыру белгілері мен жазбалары болуы тиіс:

1) теміржол жылжымалы құрамы иесінің атауы;

2) нөмірі, жасалған күні мен орны көрсетілген жасаушы зауыттың тақтайшасы;

3) нормалар мен қағидаларда белгіленген орындарда құрама бөлшектерінде сәйкестендіру нөмірлері мен қабылдау таңбалары;

4) белгіленген жөндеу түрлері жүргізілген күні мен жері (локомотивтерден басқа),

5) ыдыстың салмағы (локомотивтерден басқа).

Бұдан басқа, мынадай жазбалар жазылуы тиіс:

1) локомотивтерде, моторвагонды теміржол жылжымалы құрамда және АЖҚ - конструкциялық жылдамдығы, сериясы мен бортының нөмірі, тіркелген орнының атауы, резервуарлардың, бақылау аспаптарының және куәландырылғаны туралы тақтайшалар мен жазбалар;

2) жолаушылар вагондарында, қызметкерлерді жұмыстарды жүргізу орнына және кері қарай жеткізу көзделіп отырған моторвагонды теміржол жылжымалы құрам мен өздігінен жүретін арнайы жылжымалы құрамда – орындар саны,

3) жүк, почта, багаж вагондарында - жүк көтергіштігі.

Әр локомотивке, вагон мен моторвагонды және АЖҚ-ның әр бірлігіне техникалық және пайдалану сипаттамалары қамтылған техникалық паспорт (формуляр) жүргізіледі.

5. Қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақаулары бар жылжымалы құрамды, соның ішінде АЖҚ пайдалануға және поездарда жүруге жіберілуге рұқсат етілмейді.

6. Жылжымалы құрам және АЖҚ белгіленген мерзімде жоспарлы-ескерту жөндеу түрлерінен және техникалық қызмет көрсетуден өтуі тиіс.

Жыл сайынғы метрологиялық тексеруден аппаратурасы өндірушінің пайдалану құжаттарына сәйкес жоспарлы жөндеуден өтпеген: техникалық қызмет көрсету кемінде жылына 1 рет, орташа жөндеу 2 жылда кемінде 1 рет, жаңғырту 4-6 жылда кемінде бір рет болмаса, жолөлшеуіш құралдармен және дефектоскопты аппаратурамен жабдықталған АЖҚ-дар қолданысқа жіберуге рұқсат етілмейді.

7. Темір жол жылжымалы құрамының иелері және оны күтетін теміржол көлігі қызметкерлері дұрыс техникалық жай-күйін, оған техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді және теміржол жылжымалы құрамының белгіленген қызмет көрсету уақытын сақтауды қамтамасыз етеді.

8. Жылжымалы құрамның және АЖҚ техникалық жай-күйін локомотив бригадалары немесе АЖҚ бригадалары техникалық қызмет көрсету орындарында қазіргі заманғы диагностика құралдарымен жабдықталған, жүк және жолаушылар деполарында, заводтарда және жөндеу базаларында, жол машина станцияларында және АЖҚ арналған деполарда кешенді және мамандандырылған бригадалары жүйелі түрде тексеріп отыруы тиіс.

9. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді тікелей жүзеге асыратын қызметкерлер, тиісті зауыттардың, деполардың, жөндеу кәсіпорындарының, соның ішінде АЖҚ деполарының, жол машина станцияларының, дистанциялардың, шеберханалардың және техникалық қызмет көрсету пункттерінің шеберлері мен басшылары техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің сапасын және жылжымалы құрам мен АЖҚ қозғалыс қауіпсіздігін қадағалайды.

10. Тартқыш жылжымалы құрам, сондай-ақ жолаушылар вагондары, АЖҚ жылына екі рет (көктемде және күзде) комиссиялық түрде қарап тексеріледі.

Техникалық қызмет көрсету және жөндеу түрлері мен уақытын уәкілетті орган белгілейді.

11. Локомотивтік, сондай-ақ жолаушылар, моторвагонды және АЖҚ орнатылған қауіпсіздік және поездық радиобайланыс құрылғылары осы құрылғылардың жұмысын тексеру және оларды реттеу арқылы бақылау пунктінде кезең-кезеңмен қарап тексеріледі.

Қауіпсіздік және поездық радиобайланыс құрылғыларын тексеру мерзімділігі инфрақұрылымның және теміржол жылжымалы құрамның иеленушілері белгілейді.

12. Жұмыс істеп тұрған локомотивтерді, моторвагонды және АЖҚ, оларды пайдалана алатын қызметкердің қадағалауынсыз депо жолдарында және кәсіпорындардың жолдарында, ал АЖҚ машиниссіз және жүргізушісіз немесе олардың көмекшісінсіз станциялық жолдарда қалдыруға рұқсат етілмейді.

13. Пайдаланылатын теміржол жылжымалы құрамының құрылғысына пайдалану сипаттамаларына әсерін тигізетін өзгерістер енгізуге, пайдалану құжаттамасының талаптарын сақтай отырып рұқсат етіледі.

14. Жүк және жолаушылар вагондарының, тартқыш жылжымалы құрам мен АЖҚ қызмет ету мерзімін ұзарту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

2. Локомотивтер мен моторвагонды жылжымалы құрамды пайдалану тәртібі

 

15. Локомотивттер мен моторвагонды теміржол жылжымалы құрамды (өздігінен жүретін арнайы жылжымалы құрамды) поездардың айналым бағыттары бойынша инфрақұрылымның поездық радиобайланыс жүйесімен үйлесетін (инфрақұрылымда пайдаланған жағдайда) поездық радиобайланыс құрылғыларымен, белгіленген көрсеткіштерді тіркейтін жылдамдық өлшегішпен, автоматты локомотивтік сигнализацияның локомотивтік құрылғылармен және қауіпсіздік құрылғылармен жарақтандырылуы қажет.



16. Жолаушылар локомотивтері жоғары вольтті жылыту үшін қуатты іріктеу, электрпневматикалық тежегіштерді басқару құрылғыларымен жарақтандырылады. Жүк поездарының локомотивтері магистральды тежегіш тығыздығын бақылау үшін құрылғылармен, аспаптармен жабдықталады.

17. Поездық локомотивтерге және моторвагондық поездарға бір машинист қызмет көрсеткен кезде мынадай қауіпсіздік құралдарымен және құрылғыларымен:

1) поездың тежелуін автоматты басқару жүйесімен немесе кешенді локомотивтік қауіпсіздік құрылғысымен, сондай-ақ машинистің сергектігін бақылау жүйесімен;

2) артқы көрініс айналарымен немесе басқа ұқсас құрылғылармен;

3) автоматты өрт сөндіру жүйесімен және өртсөндіргіш жүйемен;

4) тежеу бұғаттамасымен;

5) автожүргізу жүйесімен жарақтандырылады.

Моторвагонды жылжымалы құрам есіктердің жабылуын бақылау сигнализациясымен және «жолаушы-машинист» байланысымен жабдықталады.

18. Бір машинист қызмет көрсететін маневрлік локомотивтер:

1) оларды вагондардан дистанциялық ағыту құрылғыларымен;

2) екінші басқару пультімен;

3) артқы көрініс айналарымен;

4) машинист кенеттен локомотив жүргізу қабілетінен айырылған кезде автоматты тоқтату құрылғыларымен жабдықталады .

Созылмалы еңістері мен өрлеулері бар аз қамтылған учаскелердегі жүк қозғалысының маневрлік жұмысы кезінде шығару, тапсыру, диспетчерлік және басқа жұмыс түрлерімен айналысатын локомотив, сондай-ақ локомотив тартқыштары жолаушы қозғалысындағы, моторвагондды жылжымалы құрамды қоспағанда поезд локомотивтерінің бір машинисіне қызмет көрстеуге рұқсат етіледі.

19. Локомотивтерге және моторвагондық поездарға бір машинистің қызмет көрсетуін олардың қауіпсіздік құрылғыларымен қамтамасыз етілуіне және жабдықталуына қарай кезең-кезең бойынша жүргізуге рұқсат етіледі.

20. Белгіленген қызмет көрсету мерзімі өткен локомотивтер мен моторвагонды жылжымалы құрамды жүк және жолаушы поездарға беруге рұқсат етілмейді.

21. Бірнеше локомотивтерге немесе қосылған секцияларға бір кабинадан басқарылатын бір локомотив бригадасымен қызмет көрсетіледі.

22. Мынадай ақаулылықтардың ең болмаса біреуі болған жағдайда локомотивтерді, моторвагонды және жылжымалы құрамды пайдалануға шығаруға рұқсат етілмейді:

1) дыбыс сигналын беруге арналған аспаптың ақаулығы;

2) пневматикалық, электрпневматикалық, қол тежегіштердің немесе сығымдағыштың ақаулығы;

3) ең болмаса бір тартымдық электр қозғалтқышының ақаулығы немесе өшіп қалуы;

4) автоматты локомотивтік сигнализациясының немесе қауіпсіздік құрылғыларының ақаулығы;

5) автоқтатудың немесе машинистің сергектігін тексеру құрылғыларының ақаулығы;

6) жылдамдық өлшегіштің және оның құрылғыларының реттеуші жетегінің ақаулығы;

7) поездық және маневрлік радиобайланыс құрылғыларының ақаулылығы, ал моторвагонды жылжымалы құрамда - «жолаушы-машинист» байланысының ақаулылығы;

8) гидродемпферлердің, аккумуляторлық батареяның ақаулығы;

9) автотіркегіш құрылғылардың ақаулығы, соның ішінде ағыту тұтқышы шынжырының үзілуі немесе оның деформациясы;

10) құм беру жүйесінің ақаулығы;

11) прожектордың, буферлік шамның, жарықтандырудың, бақылау немесе өлшеу аспабының ақаулығы:

12) қамыттағы, серіппелі іліністегі немесе серіппенің түпкі табағындағы жарық, серіппе табағының сынуы;

13) букс корпусындағы жарық;

14) букстық немесе моторлы-осьтік мойынтіректің ақаулығы;

15) бөлшектердің жолға түсіп қалуынан сақтандыратын конструкцияда көзделген құрылғының болмауы немесе оның ақаулығы;

16) тартқыш тісті берілістің ең болмағанда бір ғана тісінің жарығы немесе сызаты;

17) жаққыш майдың ағып кетуіне әкелетін тісті беріліс қаптамасының; жоғары вольтты камераның қорғағыш бұғаттауының ақаулығы; ток қабылдағыштың ақаулығы;

18) өрт сөндіру құралдарының, автоматты өрт сөндіру сигнализациясының ақаулығы (локомотив конструкциясында көзделген);

19) қысқа тұйықталу токтарынан, асқын жүктемеден және асқын кернеуден қорғау, дизельдің авариялық тоқтынан сақтандыру құрылғыларының ақаулығы;

20) дизельден тарсылдау, бөтен шуыл дыбыстарының пайда болуы;

21) электр жабдығының қорғаныш қаптамаларының болмауы;

22) локомотивті басқарудың микропроцессорлық жүйесінің ақаулығы.

23. Локомотивтерде және моторвагонды жылжымалы құрамда орнатылған манометрлерге, сақтандырғыш клапандарға, сондай-ақ электр энергиясы мен отынның жұмсалуын тіркейтін аппараттар мен аспаптарға пломба салынады.

24. Электр сақтандырғыш құрылғылары, өрт сөндіру құралдары, өрт сигнализациясы және локомотивтердегі және моторвагонды жылжымалы құрамдағы автоматика, манометрлер, сақтандырғыш клапандар, ауа резервуарлары белгіленген мерзімдерде сынақтан және куәландырудан өткізіледі.


3. Вагондарды пайдалану тәртібі
25. Вагондардың барлық элементтері беріктігі, орнықтылығы және техникалық жай-күйі бойынша поездардың қауіпсіз және жатық қозғалуын қамтамасыз етуі тиіс.

26. Электр жылытуы бар жолаушылар поездарына қосылатын вагондар электр жылытуды автоматты басқару жүйесімен жабдықталуы тиіс.

27. Поездарға тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігін сақтай алмайтын жүк вагондарды қоюға рұқсат етілмейді.

28. Поездарға электрпневматикалық тежегішінің, электр жабдықтарының, өрт сөндіру сигнализациясының, тасымалдау жағдайларын бұзатын ауаны баптау, желдету, жылыту жүйесінің ақаулықтары және жолаушыларды, жолаушылар вагондарын, сондай-ақ жолаушылар поезды бастығының (механик-бригадирінің) локомотив машинисімен радиобайланысы жұмыс істемейтін радиокупесі (штабтық) бар жолаушылар вагондарын қосуға рұқсат етілмейді.

29. Жүк тиеуге және адамдарды отырғызуға техникалық қызмет көрсетуге ұсынылмаған вагондарды беруге рұқсат етілмейді. Оларды жарамды деп тану туралы жазба арнайы журналға жазылады.

Техникалық қызмет көрсету пункттері жоқ станцияда жүк тиеуге берілетін бос вагондар, сондай-ақ осындай станцияларда қосарланған операцияларда қолдану көзделіп отырған жүк тиелген вагондар қарап тексерілуі, ал олардың ақаулықтары болған жағдайларда жақын маңдағы техникалық қызмет көрсету пунктінде жөнделуі тиіс.

30. Қалыптастыру және тарату станцияларында, жол жүріп келе жатқанда – поездардың қозғалысы кестесінде көзделген станцияларда поездың әр вагоны техникалық қызмет көрсетуден өтеді, ал ақаулықтары анықталған кезде – жөнделеді.

31. Техникалық қызмет көрсету кезінде мыналар тексеріледі:

1) жабдықтардың, тораптардың және бөлшектердің жай-күйі және тозуы және олардың белгіленген мөлшерлерге сәйкестігі;

2) қауіпсіздік және радиобайланыс құрылғыларының, тежегіш жабдықтарының және автотіркегіш құрылғыларының бақылау, өлшеу, және сигнал беру құрылғыларының, электр тізбектері жұмысының дұрыстығы;

3) қозғалғыш бөлігінің жай-күйі және жарамдылығы. Арбашаның екі жағындағы сырғақтар арасындағы қосынды саңылау барлық үлгідегі төрт осьті жүк вагондарында, ЦНИИ үлгісіндегі хоппер-дозаторларды қоса алғанда, 20 мм-ден артық болмайтын және кем дегенде 4 мм, саңылауы 12 мм-ден артық болмайтын және кем дегенде 6 мм болатын көмірді, ыстық агломератты, апатиттерді тасымалдауға арналған хопперлерден және ЦНИИ-2, ЦНИИ-3 үлгісіндегі хоппер дозаторларынан, ВС-50 үлгісіндегі думпкарларынан басқа, ал ВС-80, ВС-82, ВС-85 үлгісіндегі думпкарларында 20 мм-ден артық болмайтын және кем дегенде 12 мм болуы тиіс;

4) сегіз осьті цистернаның бір шетінің екі жағында жалғағыш және шүберін арқалықтарының сырғақтары арасындағы саңылаулар қосындысында 4-тен 15 мм-ге дейін;

5) тасымалданатын жүктің сақталуына кепілдік беретін шанақтың және цистерналар қазандығының жарамдылығы;

6) өту алаңдарының, арнайы баспалдақтардың және тұтқалардың жарамдылығы;

7) жылжымалы құрам бөлшектері мен жабдықтарының жолға түсіп қалуынан сақтандыратын құрылғылардың болуы және олардың жарамдылығы.

32. Вагондарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу технологиялық процеске және поездардың қозғалыс кестесіне сәйкес жүргізіледі.

Техникалық қызмет көрсету пунктерінің қызметкерлері кепілдік учаске шегінде қозғалыс қауіпсіздігі және вагондардың поезд құрамында жарамды күйде жүруін қадағалайды.

Жүк поездары үшін кепілдік учаскелері локомотивтердің айналым учаскелерінің ұзақтығын, автотежегіштерді толық байқау, вагондарға сапалы техникалық қызмет көрсету және коммерциялық қарап тексеру қажеттілігін негізге ала отырып белгіленеді.

33. Жолаушылар поездарының құрамдарын қалыптастыру станцияларының және құрамдардың айналым станцияларының қызметкерлері жолаушылар вагондарының поездың құрамында қалыптастыру және айналым пунктінен поезды таратудың (тағайындалу) соңғы пунктіне дейін қауіпсіз жүріп өтуін қамтамасыз етеді.

34. Жолаушылар вагондарындағы электр қорғау құрылғылары, өрт сөндіру құралдары, өрт сигнализациясы және автоматика кезеңдік сынақтан өткізіледі.


4. Қалпына келтіру және өрт сөндіру поездарының жұмыс тәртібі

 

35. Қалпына келтіру поезы магистральдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторының арнайы құрылымы болып табылады және жылжымалы құрамның рельстерден шығып кетуі мен соқтығысуының салдарларын жоюға арналады.



36. Өрт сөндіру поезы магистральдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторының арнайы құрылымы болып табылады және объектілер мен жылжымалы құрамда профилактикалық өрт жұмыстарын өткізуге және өрттерді сөндіруге арналады.

Кірме темір жолдарындағы және басқа ұйымдардың объектілерінде өртті сөндіру, рельстен шығып кеткен және соғысып қалған жылжымалы құрамның салдарларын жоюды өрт сөндіру және қалпына келтіру поездары шарт бойынша жүзеге асырады.

37. Қалпына келтіру және өрт сөндіру поездары жөндеудің жоспарлы-ескерту түрлерінен, техникалық қызмет көрсетуді уақытылы өткізу және пайдалану процесінде техникалық жарамды күйде ұсталуы тиіс.

38. Қалпына келтіру поездары орналасқан пункттер арасындағы қашықтық кемінде 300 км болуы тиіс, аз әрекетті учаскелерде кемінде 400 км қашықтыққа рұқсат етіледі. Өрт сөндіру поездарының шығатын учаскелері өрт сөндіру поезының шығу радиусы 100 км-ден артық болмайтын шектелген учаскелердің соңғы пунктіне жеткізу үшін қажетті уақыттың есебінен (1,5 сағаттан артық болмайтын) белгіленеді.

39. Қалпына келтіру және өрт сөндіру поездары тұратын жерлері екі жаққа шығуы бар жолдарда болады және қалпына келтіру және өрт сөндіру поездарының АЖҚ тұруына ғана арналған.

40. Рельстерден шығып кетулердің, авариялардың, объектілердегі және құрамдағы өрттерді сөндіру салдарларын жою, сондай-ақ АЖҚ жетіспеген кезде жұмыстағы пайда болған қиындықтарды, поездар қозғалысындағы бұзылулардың алдын алу үшін магистральдық темір жол желісі (инфрақұрылым) операторы бөлімше бойынша бұйрықпен оперативтік резервтегі, жөндеудің жоспарлы түрінен өткен АЖҚ-ны пайдалануға тартады.


5. Қар жинағыш және қар тазалағыш техниканы пайдалану тәртібі

 

41. Магистральдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторы және концессия шарты бойынша теміржол иеленушісі тиісінше поездардың үзіліссіз қозғалысы үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.



42. Қар жинағыш және қар тазалағыш техникаларды (қар жинағыш поездар, соқалы қар тазалағыштар, қар тазалағыш жоңғылар, роторлы қар тазалағыштар) қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау магистральдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторы белгілеген мерзімдерде дайындалады. Қар жинағыш және қар тазалағыш техниканың қыс кезіндегі жұмысқа дайындығын магистральдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторы белгілейді.

Барлық қар жинағыш және қар тазалағыш техникаға жұмыстардың басшылары, машинистер және олардың көмекшілері тәулік бойына жұмыс істеумен қамтамасыз ету есебінен бекітіледі.

43. Қар жинағыш және қар тазалағыш машиналарды қою жоспары, қармен күресудің жедел жоспарын тиісінше Магистральдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторы және концессия шарттары бойынша теміржол иесі бекітеді.

44. Қар жинағыш және қар тазалағыш техникасы бар поездар жұмыс басшысының локомотив машинисімен, поезд диспетчерімен, станция бойынша кезекшімен және манерв ауданының операторымен байланысуы үшін радиоаппаратурамен жабдықталады.

45. Соқалы қар тазалағыштар электрлендірілген учаскелерде жұмыс істеген кезде түйіспе сымының кернеуі алынбайды. Учаскеде жол осінен тіректердің ішкі шетіне дейінгі қашықтық кемінде 3,1 метр болатын түйіспе желісінің тіректері болған кезде соқалы қар тазалағыштардың қанаттарын ашып жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.

46. Роторлы қар тазалағыштар электрлендірілген учаскелерде жұмыс істеген кезде түйіспе сымының кернеуі өшіріледі.

47. Қызмет көрсету иіні бір соқалы қар тазалағыш үшін қар қатты басатын және қар басатын учаскелерде бас жолдың жазылмалы ұзындығының кем дегенде 100-150 км, қар орташа басатын және қар аз басатын учаскелерде кем дегенде 200-300 км-ін құрайды.

48. Күрделі метеорологиялық жағдай кезеңінде, қар жинағыш және қар тазалағыш техника жетіспеген кезде, поездар қозғалысындағы іркілістер мен қиындықтарды болғызбау үшін Магистралдық теміржол желісі (инфрақұрылым) операторы қар жинау жөніндегі жұмысқа деполық және/немесе күрделі жөндеуден өткен жедел резервтегі қар жинағыш және қар тазалағыш техниканы жұмысқа тартады.


6. АЖҚ ұстау тәртібі
49. Жедел резервтегі АЖҚ-ны техникалық қарап тексермей станциядан жөнелтуге рұқсат етілмейді.

50. АЖҚ-ның бригадасының құрамы оның үлгісіне және осы арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрамды басқаруға және көліктік тәртібінде қызмет көрсетуге тағайындалған жұмысшыларды бөлген жағдайда белгіленеді

51. Комиссиялық қарап тексерудің нәтижелері, жөндеудің, кезеңдік қызмет көрсетудің түрлері АЖҚ жұмысы, оған кезеңдік техникалық қызмет көрсету және жөндеу журналына жазылады.

52. АЖҚ-ның негізгі тораптары мен жүйелері (электржабдықтары, жылыту, автотежегіш және автотіркеу жабдықтары, жүріс бөліктері) жарамды жай-күйде болуы керек.

53. АЖҚ-ның жұмысқа жарамсыз күйі қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретін, қызмет көрсетуші персоналдың денсаулығына қауіп туғызатын, АЖҚ көрінісінің габаритін бұзатын ақаулықтардың болуымен сипатталады.

54. АЖҚ-ның консервацияда тұру уақытын темір жол көлігі ұйымдары, сондай-ақ олардың меншік иелері АЖҚ-ның қызмет ету мерзіміне енгізбейді.

55. АЖҚ-ны пайдалану кезінде жоспарлы-ескерту жөндеу жүйесіне сәйкес жөндеу ұйымдары деполық жөндеуді, күрделі жөндеуді және қызмет ету мерзімін ұзартатын күрделі жөндеуді орындайды.

56. Қызмет ету мерзімі аяқталған АЖҚ-ның техникалық жай-күйін тексеруді тораптар мен бөлшектердің бар зақымдануларын, ақаулықтарын, сондай-ақ конструкциясының негізгі элементтерінің тозу деңгейін анықтау мақсатында қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында техникалық диагностикалау жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығы бар ұйымдар жүргізеді.

57. АЖҚ иелері техникалық пайдалану, жоспарлы жөндеулердің қауіпсіздігі талаптарының және техникалық куәландыру көлемдерін және пайдалану құқығын беретін құжаттарды ресімдеу тәртібін сақтайды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет