6-дәріс. Жер мәселесі – 2 академ.сағ.
Жоспары:
Шекара сызығының салынуы, жерді тартып алу.
Көшпелі қоғамның әлеуметтік құрылымы.
Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы халық-азаттық күресі.
А) Е. Пугачев көтерілісіне қазақтардың қатысуы. «Көзге көрінбейтін» Көктемір көтерілісі (1775-76 ж.ж.)
Ә) Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздің ұлт-азаттық қозғалысы (1783-97 ж.ж.)
Б) Қаратай мен Арынғазы сұлтандардың (1816-21 ж.ж.), старшын Жоламан Тіленшіұлының (1822-24 ж.ж.) наразылық қозғалысы.
В) Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісұлының көтерілісі (1836-38 ж.ж.)
Г) Қасым Абылайханұлы, Саржан Қасымұлы бастаған Сібір қазақтары жеріндегі қозғалыс (1826-36 ж.ж.)
Д) Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (1837-47 ж.).
Е) Жанқожа Нұрмұхамедұлы мен Есет Көтібарұлының көтерілістері.
Ж) 1868-69 жж. Торғай, Орал облыстарындағы және 1870 ж. Маңғыстау қазақтары көтерілістері.
З) Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ даласы.
1. XIX ғ. екінші ширегі Қазақстанды әскери отарлаудың жүз жылдан астам уақытқа созылған шешуші кезеңі болды. Оңтүстік аймақтарды қоспағанда, өлкенің барлық аумағы империя құрамына қосылды. Бұған Қазақстанның саяси бытыраңқылығы, күрделі сыртқы жағдайы, сонымен қатар Ресейдің әскери басымдығы себеп болды. XIX ғ. ортасында бүкіл Қазақстан аумағы Жанаөзен, Илецк, Новоишимск, Ертіс, Жем, Ақмола-Көкшетау және Сырдария шекаралық шептерімен қоршап алынды. Оларда артиллериялық қару-жарақтары бар, драгун полктары, жеңіл қозғалатын казак отрядтары орналасты. Ресейдің Қазақстанмен шектес шептерінде әскери бекіністер желісіне сүйенген Орал, Сібір, Орынбор сияқты үш казак әскері болды.
«Казак» сөзі түркі тілінен, өз ортасынан бөлініп шыққан қашқын, ерікті адам дегенді білдіреді. 14-15 ғасырларда Алтын Орда ыдырағанда бөлініп шыққан ұлыстар өзара үздіксіз соғыс жүргізді. Осы соғыстардан қашып жекелеген адамдар Дон, Еділ-Жайық өзендері бойындағы далаларда топтасып өмір сүрген. Казактар 15-17 ғасырларда Еділ-Жайық, Дон, Солтүстік Кавказ далаларында жалданып жұмыс істеп, 18 ғасырдан 1917 жылға дейін шекаралық аудандарда әскери қызмет атқарған әскери әлеуметтік топ. Казак әскерлері жаңа жерлерді қосып алуға қатысуға, көрші мемлекеттердің басып кіруінен қорғауға, империя құрамындағы бұратана халықтардың ұлт-азаттық қозғалысын аяусыз басуға міндетті болды. Казактардың патша әкімшілігіне шын беріле адал қызмет етуі үшін оларға ең таңдаулы құнарлы жерлер бөлінді.
XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанға көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей шаруаларын қазақ даласына кең көлемде жаппай қоныс аудару мемлекеттік тұрғыда қолға алынды. Себебі:
1.1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Бірақ олар жаппай жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болып, шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өршуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастырды.
2. Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті.
3. Патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аудару арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың мүмкіндігі туар еді.
4. Патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын.
5. Қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді.
Әуелгі кезде патша өкіметі қазақ өлкесін әскери-казактық отарлаумен шектелсе, енді орыс шаруалары арқылы отарлық саясатты одан әрі күшейтті. 1868 жылы Жетісу облысына, 1886 жылы Түркістан өлкесіне орыс шаруаларын қоныстандыру туралы ережелер қабылданды. Бұл құжаттарға сәйкес қоныс аударушылардың жан басына 30 десятина (1десятина-1,09 гектар) жер берілді, салықтар мен міндеткерліктен, 15 жылға рекруттан босатылды, шаруашылықты жүргізу үшін100 сомға дейін несие берілді. Орыстарды қоныстандыру қазақ халқының ең шұрайлы жерлерін тартып алу арқылы жүргізілді. Қоныс аудару саясатының нәтижесінде 1897 ж. Ресейдің бірінші жалпы санағы бойынша Қазақ жеріндегі халық саны орыстардың үлесінен өсті. Бұл саясат Қазақ жерінің әлеуметтік-демографиялық және саяси-экономикалық жағдайын үлкен езгерістерге ұшыратып, қазақ халқын күйзеліске ұшыратты.
XIX ғ. ортасында Ресей-Қытай қатынасында Қазақстан маңызды рөл атқарып, Орталық Азиядағы Ресей мен Қытай арасындағы шекараны белгілеу үшін 1860 ж. 2 қарашада Пекин келісімі қабылданды. Ресей мен Қытай арасын бөлу 1864 ж. Шәуешек хаттамасында белгіленіп, бөліске түскен аудандардағы халық мемлекеттік шекараның қай жерден өткеніне қарамастан өз орындарында қалдырылды. Осы өлкенің саяси өміріне Цин империясына қарсы Шыңжан ұлт-азаттық қозғалысы үлкен әсер етті. 1864 ж. 7 маусымда дүнгендердің көтерілісі бүкіл Шыңжан өлкесін қамтып, оған ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар қатысты. 1865 ж. Маньчжоу-го билігі құлатылып, Жетішар, Тараншы, Дүнген сияқты ұйғырлар мен дүнгендердің мемлекеті құрылды. 1881 ж. 12 ақпандағы «Петербург келісіміне» сәйкес шекара аймағындағы халықтар қай елдің қол астына кіру туралы шешімді өздері таңдауға құқылы болды. Шыңжан көтерілісіне қатысқандарға қуғын-сүргін жасалмайды деген Қытайдың уәдесіне қарамай ұйғырлар мен дүнгендердің бір бөлігі Ресейдің қол астына кіріп, Жетісу және Солтүстік Қырғыз жерлеріне 1881-1883 жылдары 45 мың ұйғыр және 5 мың дүнген қоныс аударды. Дүнгендер мен ұйғырлар Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің қалыптасқан дәстүрлерін әкелді.
XIX ғ. II жартысынан бастап Қазақ жеріне Ресей капиталы белсенді түрде еніп, аймақтағы пайдалы қазба байлық пен ауыл шаруашылық шикізатының арзан көзіне ие болды. Капиталистік қатынастардың енуі, ауылдағы дәстүрлі шаруашылықты өзгертті. Мал шаруашылығы аясының тарылуы қазақ шаруаларын егін шаруашылығымен де айналысуына мәжбүр етті. Қазақ қоғамының әлеуметтік жіктелісі күшейді. Жоқшылыққа ұшыраған, көшіп-қонуға мүмкіншілігі жоқ малшылар «жатақтар» мен өнеркәсіптегі жалдамалы жұмысшыларға айналды. Жатаққа айналу Қазақстанның солтүстік және шығыс уездерінде күшті жүрді. Жатақтар байларға, казактар мен орыс шаруаларына, шағын кәсіпорындар мен кеніштерде жалданып жұмыс істеді. Олар бірте-бірте ауылмен байланыстарын үзіп, жергілікті жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік тобы қалыптасты.
XX ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюімен ерекшеленді. Отарлық саясат, әсіресе аграрлық салада пәрменді жүргізілді. Патша өкіметі «Қоныс аудару қорын» құру үшін Қазақ өлкесіндегі «артық» жерлерді анықтайтын қоныстандыру басқармаларын кұрды. «Қоныс аудару қоры» қазақтардың жайылым, суат, мал айдау жолдарын, қыстақтарын тартып алды. Мұндай тәртіп қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуіне әкеп соқтырды. 1906 жылы премьер-министр П.Столыпин елде аграрлық реформа жүргізіп, селоларда аграрлық буржуазияны, яғни орта дәулетті кулактар тобын қалыптастыру арқылы Ресейдегі аграрлық мәселені шешпек болды. Қазақ жеріне келген орыстардың әрбір хуторына 45 десятина жарамды және 15 десятина егістік жер берілді. Қазақтардың жерін тартып алып, олардың орнына орыс шаруалары мен кулактар орналастырылды. 1893-1905 жж. қазақтардан 4 млн. десятина жер тартып алынса, ол 1917 ж. 45 млн. десятинаға жетті. Егер 1895-1905 жж. Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстарына 294296 адам қоныстанса, 1906-1910 жж. қоныстанушылар саны 770 мың адамға жетті. 1897 ж. санақ бойынша Дала өлкесінде орыстардың үлесі 20% құраса, 1917 ж. 1 қаңтардағы есеп бойынша олардың үлесі 42%-ға жетті. Мұның бәрі қазақ халқын өз жағдайларын жақсарту үшін күреске шығуға итермеледі.
2. XV-XVIII ғ.ғ. қазақ халқы әлеуметтік құрамы жағынан екі топқа бөлінген. Дәстүр бойынша «қара халыққа» үстемдік етуші таңдаулы әулеттердің өкілдері «ақсүйектер» деп аталған. Олардың бұқарадан бөлек айырықша құқықтары мен артықшылықтары болған. Мемлекеттік билік «ақсүйектерге» берілген. Қазақ тарихында Шыңғыс ханның ұрпақтары-хан,сұлтандар ғана «ақсүйек» болған. Олар төре аталып, халықтың ерекше ілтипатына бөленген. Патшалық Ресей өкіметі «ақсүйектердің» ықпалын шектеді, ал Кеңестік дәуірде «ақсүйек» өкілдері саяси қуғынға ұшырап, зардап шекті. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы «ақсүйек» ұғымы әлеуметтану ғылымындағы «аристократия», «элита» ұғымдарына жақын. Халықтың барлық қалған бөлігі «қарасүйек» деп аталған. «Қарасүйек» өкілдерінде «ақсүйекке» қарағанда жеке рулар мен тайпаларға бөліну сақталған. «Қарасүйектің» қоғамдағы орны оның руы мен тайпасының артықшылық деңгейіімен анықталды. «Қарасүйек» қауымының ішінде жоғары тұрған бірнеше топ болды. Олар билер мен батырлар еді. Билер-әкімшілік және сот істерін атқарды. Батыр-соғыстағы жеке ерлігі немесе әскери-іс қимылдарды білгірлікпен басқарғаны үшін берілетін құрметті атақ. Мұндай атақты шыққан тегіне қарамай «қарасүйектің» кез келген мүшесі алды.
XIX ғ. екінші жартысындағы реформалар номадтардың әлеуметтік-экономикалық өмірін бұзып, олардың салт-дәстүрлері мен өзара қатынастары жүйесіне үлкен өзгерістер енгізді. Құқықтық қысымдарға ұшырап, мүліктік жағдайы әлсіреген Шыңғыс ұрпақтарының «ақсүйектерін» «қара сүйектен» шығып, байып алған мал өcipyшілep ығыстырып шығарды. Жаңа байлар, сұлтандарға болысты басқаруды бермей, сұлтандар екінші қатарға кетті. Ауылдағы әлеуметтік өзгеріс- «атқамінерлердің» рөлі артты. Қоғам игілігі көп жағдайда солардың іскерлігіне байланысты болғандықтан, ықпалды және «құрметті қазақтар» осылай аталды. Атқамінер-ел басқарушы қызметкердің ауызекі тілдегі жалпылама атауы. Халықтық дәстүрлі түсінікте олар кейде жағымды, кейде жағымсыз айтылады. Атқамінерлердің арасында өз ауылын, ұжымын пайдалы істерге жұмылдырғандары көп болды. Олардың мұндай қызметі ел шетіне жау тигенде, ашаршылық, жұт келгенде, ұжымдық шаруашылық, қоғамдық құрылыстар жүргізгенде т.б. жағдайларда айқын аңғарылған. Белгілі бір топтың немесе өзінің пайдасын ойлап кеткен атқамінерлер халық арасында жағымсыз әсер қалдырды. Әсіресе, кеңес дәуірінде солақай саясат ықпалымен елдің болашағын, халықтың тағдырын ойламай асыра сілтегендерді “шолақ белсенділер деп те атаған.
Патшалық Ресей қазақтардың әлеуметтік құрылымын жойып, өздері сенетін қазақ шенеуніктерінің пайда болуын қалады. Қазақ шенеуніктерін қалыптастыру үшін татар және орыс тілдерін білетін басқармашылар даярлана бастады. Орысша білім алуға үгіттеген Жәңгір хан, қазақ балаларының Неплюев оқу орнында білім алуына себепкер болды. Сондықтан ХІХ ғ. 20-30-жж. алғашқы оқушылар Бөкей ордасынан шықты. Білім ошақтарында қазақ балаларын орыс тіліне оқытып, Даладағы іс-қағазды орыс тілінде жүргізу көзделді. Болыстық басқармаларда хатшы қызметіне орыс тілін білетін қазақтарды тарту үшін жергілікті әкімшілік оларды ынталандырып отырды. Осылайша, ХІХ ғасырдың І жартысында Ресей үкіметі қазақ шенеуніктігінің қалыптасуына белгілі бір жағдай жасады.
ХVІІІ ғ. ортасынан басталған отарлау саясатының күштеу, зорлық-зомбылық көрсету тәсілдерінің орнына, патша үкіметі жаңа заманда қазақтардың ел билеушілерін өзіне тартып, сыйлық беру, алдап-арбау және дінді пайдалану сияқты отарлаудың жаңа әдістеріне көшті. Ресей орталық мұсылмандары діни басқармасы II Екатеринаның жарлығы бойынша 1788 ж. діни шенді тұлғаларды тексеруге және олардың ішінен «сенімділерді» сұрыптауға арналған мекеме ретінде құрылып, 1846-1917 жж. Орынбор мұсылмандары діни жиналысы деп аталды. Мұсылмандардың діни басқару әкімшілігін құрғанда патша өкіметі мұсылман дінбасыларын өз бақылауына алып, оларды Ресей саясатын жүргізу үшін пайдаланбақ болды. Ислам дінін таратушы молдалар, рухани жолды патша үкіметінің толық бақылауында жүргізіп, сатылы жүйе арқылы Патша үкіметіне бағындырылды. ХІХ ғ. екінші жартысында патша үкіметі қазақ даласында мектептер мен медреселер салдырып, Құранды қазына есебінен бастырып, оны қазақтар арасына тегін тарату сияқты шаралар жүргізді. Мұндағы мақсаты-халықтың ақыл-санасын бұрмаланған дінмен шырмап, қараңғылықта ұстау, қазақ жастарын орыстандыру арқылы өзінің отаршылдық саясатын іске асыру еді.
XIX ғ. аяғы-XX ғ. басы халықтың интеллектуалдық күштерінің даму кезеңі болды. Ұлттық зиялылардың қалыптасу жолы күрделі және ұзаққа созылған үрдіс болды. ХХ ғ. басында қазақ жастары оқу-білімге көптеп келе бастады. Олар сол кезеңдегі өнеркәсіп, ғылым мен мәдениеттің орталықтары Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Казанда, Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратов, Уфа, Троицк, т.б. қалаларда орта және жоғары оқу орындарында білім алды. ХХ ғ. басында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дұлатұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы сияқты ұлт зиялылары қазақтардың қоғамдық сана-сезімін оятып, оларды әлеуметтік мәселелерден (жер-су дауы, т.б.) гөрі саяси күрестерге шыңдау қажет деп есептеді.
Алаш зиялыларының ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басындағы ұстанған бағыты ғылым мен білімнің көзі-исламға бет бұру және оны жаңаша серпілту (жәдитшілдік) жолы еді. Қазақ даласына бұл жол қырым татарларының көрнекті ғалымы Ы.Ғаспыралының «Тәржімасы» арқылы тартылды. Жәдитшiлдiк бағыт негiзiн салушы Шаһабуддин Маржани болғанымен, қазақ оқығандары И.Гаспринский еңбектерi мен оқулықтарын пайдаланды. Орыстар, христиан қыла алмаған Татар және Башқұрт халықтарын еркіне жіберіп, білім беру жұмыстарын дін адамдарына тапсырған болатын. ХІХ ғасырдың соңына дейін жалғасқан осы саясаттың арқасында әр ашылған мешіттің қасында медресе болды.
Жәдитші медреселерде білім алған қазақ жастары 1916 жылы Қазақстанда усул-(сенім) жәдидті (жаңару) дамыту мақсатында “Садақ”атты журнал шығарды. “Жәдитші жастар қазақ-орыс мектептерінің керек емес екендігін, қазақтардың қазіргі жағдайын қозғай отырып “Оян Қазақ”, “Тұр Қазақ”,“Маса” атты кітаптарды Уфадан шығарып халыққа таратты. Жәдит медреселерін бітіріп шыққан жастар Қазақстанға келіп ағарту саласында қызмет атқара бастады.
Патшалық Ресей қол астындағы халықтарды бағындырып, біртұтас идеологиялық кеңістік құру мақсатында православ шіркеуінің қызметіне сүйенді және оның миссионерлік қызметі нәтижелі болу үшін жан-жақты қолдау көрсетті. Патша өкіметі діні өзгерген халықты басқару оңай болатынын білді. Қазақ жеріндегі православиенің миссионерлігі 3 кезеңге бөлінеді. 1.1862-80 жж.-қазақтарды православие дініне енгізудің мүмкіндіктері қарастырылды. 2. 1881-97 жж.-мұсылмандар үшін «Қырғыз рухани миссиясы» құрылды, миссионерлік стандар (тұрақ, мекендер) мен мектептер ашылды. 3. 1898-1917 жж.-қазақ халқын жаппай шоқындыру басталды. Патша үкіметі халықтарды шоқындыру мен орыстандырудың тиімді жолы білім беру ісі екенін жақсы біліп, бірнеше мектеп ашты. Қазақтарға православиені қабылдату жолында түрлі әдіс-тәсілдер қолданылды. Болашақ христиандарға мал, жер алуға жеңілдік берілді, шоқынған қазақтарға жалақы төленді. Православиені қабылдаған қазақтар негізінен кедейлер, жалшылар, жетімдер және туыстарының рұқсатынсыз үйленген жастар болды. Ғалымдардың пікірінше, XIX ғ. соңы-XX ғ. басында Қазақстан халқының ішінде шоқынғандар саны 2659 адам болды. Жалпы Орталық Азиядағы Орыс православие шіркеуінің миссионерлік қызметі сәтсіз болды.
3. Қазақ көшпелілерінің тәуелсіздіктен айрылғаннан кейінгі тарихы көтерілістерге толы жаңа дәуір. Ұлт-азаттық қозғалыс метрополияның саяси, экономикалық, идеологиялық, рухани-мәдени үстемдігіне жауап болып табылады. Үш ғасырға жуық Ресей империясы мен кеңестік тоталитарлық жүйе қыспағында зорлықтан, күшпен модернизациялаудан мың өліп, мың тірілген халқымыз азат өмірге құштарлығын бір сәтке жоғалтпастан, үздіксіз күреспен, кейде бейбіт, кейде қарулы қарсылықпен 1991 ж. 16 желтоқсанын-мемлекеттік тәуелсіздік күнін қарсы алуға асықты. Мамандардың есептеуінше, XVIII ғ. Сырым Датұлы көтерілісінен XX ғ басындағы Амангелді Иманов бастаған қарулы күреске дейін 300-ден астам баскөтеру қазақ даласында дүркіреп өтсе, осыншама рет наразылық білдіру кеңестік жылдарда да орын алыпты. Басқаша айтсақ, 1731 ж. Ресей бодандығын мойындағаннан 260 жыл бойына, орта есеппен, қазақтар әр жылда 2-3 мәрте отарлық немесе тоталитарлық жүйеге қарсы шығып отырған. Ұлт-азаттық қозғалысының үш мәнді белгісі бар: 1-қозғалысқа жалпыұлттық идеяның тән болуы; 2-қозғалыс алға қойған негізгі мақсаттың мемлекеттік билік мәселесіне келіп тірелуі; 3-қозғалыстың басында ұлт зиялыларының саяси көрегендік, қолбасшылық кемелдік, дипломатиялық әбжілдік қасиеттері бар көрнекті өкілдерінің туруы.
А) XVIII ғасырдың екінші жартысында қазақтардың тәуелсіздігі кезең-кезеңімен жойылды. Дәстүрлі көшпелі жерлері тартып алынып, бұл жергілікті халықтың қатты қарсылығын туғызды. Отарлау процесі Кіші жүзге ерекше әсер етті. Патша үкіметінің Жайық бойына көшіп-қонуға тыйым салуына байланысты Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары 1773-1775 жж. Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына белсене қатысты. Жайық бекінісін қоршауға, Кулагин бекінісін алуға, екі мың қазақ сарбазы Орынборға шабуыл жасауға қатысты. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі жеңілгеннен кейін, көтерлісшілерге көмек көрсетті деген желеумен Суворов басқарған патша әскері Кіші жүз қазақтарын жазалады. Қазақтар жазалаушыларға қарсы шығып, бұл қозғалыс тарихта «Көктемір көтерілісі» деп аталды. Оны «көзге көрінбейтін адам» атанған 22 жастағы Сапура Мәтенқызы басқарып, 1500 қарулы жасағымен 1775-1776 жж. Елек –Қобда өзендерінің бойында орыс шебіне бірнеше жорықтар жасаған.
Ә) Орыс озбырлығы мен Нұралы ханның алым-салығы тоздырған Кіші жүздегі 1783 ж. көтерілісті Пугачев қозғалысына белсене араласқан байбақты руының ағаманы С.Датұлы басқарды. 1797 жылға дейін созылған көтерілістің себебі: патша үкіметінің отарлық саясаты, олардың қазақ жерлерін тартып алуы, бекіністердің салынуы, көші-қон жүйесінің бұзылуы, казак әскерлерінің қысымы мен күш көрсетуі, қазақ халқының қарапайым азаматтық құқықтарының шектелуі болатын. С.Датұлы көтерілісі бірнеше күрделі сатыларды бастан өткеріп, көшпелілер жерін одан әрі басып алуды біраз уақытқа тежеді. Бірақ, генерал-губернатор О.А. Игельстромның әкімшілік саясатының түпкі сырын толық түсінбеген Сырым Кіші жүздің занды билеушісі Нұралыны күштеп ауыстырып, оның саяси қуғынға айналуына себепші болды. 1797 ж көтерілісшілер Нұралының ұлы Есім ханның ауылын шауып, өзін өлтіреді. Патша әкімшілігі жаңа әдіске көшіп, Кіші жүзде Хан кеңесін құрып, төрағалығына Әбілқайырдың ұлы, Айшуақ сұлтан тағайындағанда, С.Датұлы күресті тоқтататынын жариялайды. С.Датұлы бастаған көтерілістің тегеурінімен 1801 ж. патша үкіметі Еділ мен Жайық өзендері аралығына мал жаюға рұқсат етуге мәжбүр болды. С.Датұлының өзі Хиуа хандығына өтіп, 1802 ж. қазақ сұлтандары қолынан көз жұмады. Қазақ халқының Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысып, С. Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске шығуы отаршылдық үстемдік пен басқыншылыққа қарсы халықтың санасы мен жауынгерлік рухы жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.
Б) Сырым батырдың көтерілісі хан-сұлтандардың шексіз билігіне, сатқындығына және патшалық Россияның отарлау саясатына қарсылық болса, Кіші жүздеО хандыққа таласып, халық толқынысын, көтеріліс мақсатын жеке бас пайдасына бұрып әкетушілер де шықты.о Сондай қозғалыстардың біріне 1812-1821 жж. Қаратай Нұралиев басшылық етті. Есім хан өлген соң, ел жақсыларының қалауы соған түскенімен, Қаратай сұлтан таққа отырса қазақтар Россиядан бөлініп кетуі мүмкін деп, орыстар Айшуақты хан көтереді. Осыған наразы болған Қаратай Нұралиев патша үкіметіне қарсы шықты. 1815 ж. шекті, жаппас, алтыр, арғын руларының құрылтайында сайланған Арынғазы Абылғазыұлының да мақсаты хандық билікті нығайтып, Орта жүз бен Кіші жүзде ортақ мемлекет құру, оған ислам дінін, мұсылмандық құқықты, шариғатты тірек ету еді. Кіші жүздің бір ғана бөлігін басқарса да, патша үкіметінің осы өңірді отарлауына мейлінше қарсылық көрсетті. Шерғазыны ғана хан ретінде мойындаған I Николай патша оны тұтқындап, 1823 ж. күйші Арынғазы сұлтан Калугаға жер аударылды. Дәл осы кезде жайылымдарын патша отаршылдары тартып алған табын руын Жоламан Тленшиев бастаған көтерілісшілер 1835 жылы шекаралық аймақтарға, хан-сұлтандар ауылына қатты шүйлікті. Кейінен Жоламан батыр өз жерінен ығыстырылып, үш жүзді қамтыған Кенесары қозғалысына қатысты. Ме н дфыңВ) 1801 ж. Еділ мен Жайық өзендері аралығына Бөкей хан басқарған 5000 қазақ шаруашылықтары қоныс аударып, Ішкі (Бөкей) ордасы құрылды. 1801-1812 жж. аралығында Бөкей, 1812 жылдан бастап оның ұлы Жәңгір хан болды. Жердің көп бөлігін хан отбасымен иеленіп алды, қалған бөлігін қайын атасы Қарауылқожа Бабажанұлы және қалған қазақ феодалдары мен орыс помещиктері жайлады. Қарапайым халық тағы жерден таршылық көрді. Казактар да қазақ ауылдарына шапқыншылық жасап отырды. Жер дағдарысының күшеюі, салық, жерді түрлі себептермен кесіп алу 1836 ж. И.Тайманов пен М.Өтемісовтің көтерілісіне алып келді. 1837 ж. Тастөбеде, 1838 Қиылда көтерілісшілер жеңіліп, бірнеше топқа бөлініп кетті. Көтеріліске қатысушылар қатаң жазаланды, соққыға жығылды, дүние-мүліктері тәркіленді, Сібірге жер аударылды.
Г) Бұрынғы Бөкей ханның иелігінде-Қарқаралы және Уәли ханның иелігінде-Көкшетау округтерінің құрылуы, патша өкіметінің әскери-әкімшілік шараларының өрістей түcyi байырғы халықтың қатты наразылығын туғызды. Осы кезде ел мүдделерін Абылай әулетінің өкілдері білдірді. Олар Ресейдің Ci6ip казактары туралы 1822 ж. Жарғысын қазақ мемлекеттілігіне төнген қатер деп білді. Абылайдың отыз ұлының кенжесі Қасым сұлтан, онын бәйбшеден туған балалары - Саржан, Есенгелді, Ағытай, Бопы, Көшек және Кенесары, кіші әйелінен туған баласы Наурызбай жиырма жылға жуық ауыр күрестің табанды қатысушылары және ұйымдастырушылары ретінде тарихқа енді. Қасым сұлтан 1825 ж. бері орыстың озбыр саясатын тоқтату үшін Орынбор генерал губернаторына бірнеше рет хат жазып, нәтиже болмаған соң, 12 болысты басқарған он екі ұлымен халық қозғалысына басшылық етті. 1822 ж. жарғыны күшпен іске асыру, оппозицияның бытыранқы күштерінің бірігуін тездетіп, оны сұлтан Саржан Қасымұлы басқарды. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің шығуына түрткі болған 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» енгізілуі еді. Саржан Қасымұлы округтық приказдарды жоюды, Қазақ даласынан орыс әскерлерін шығаруды және бұрынғы қазақтың дәстүрлі заңдарын қайта орнатуды талап етті. Патша әскерінен жеңілген Саржан сұлтан Ташкент әмірімен Ресейге қарсы күресу үшін одақ жасауға мәжбүр болады. Алайда, 1836 ж. орыс әскерінен шегініп, ұлы жүз жеріне келген Саржан сұлтанды, енді өзімізге қауіп төндіреді деп, Ташкент билеушілірі балаларымен бірге жауыздықпен өлтіреді. 1840 жылы Қоқан билеушілері Саржан сұлтанның әкесі Қасым мен ағасы Есенгелдіні де осылай өлтіреді.
Д) Қазақ халқының өз жерлерін қайтарып алу жолындағы әр жерде бой
көрсеткен шашыраңқы бас көтерулерімен басталған ұлт-азаттық қозғалыс
бірте-бірте ұйымдасқан, жүйелі әрі мақсатты бола бастады. Ұлт -азаттық қозғалыс барысындағы мұндай өзгерістер К.Қасымұлының (1837-1847) қозғалысына тән болды. Өйткені ол алдында болған көтерілістерден сабақ алып, қорытынды жасады. Біріншіден, белгілі бір аймақты ғана қамтыған қарсылықтар ешқандай нәтиже бермейтіндігіне көз жеткізді. Сол себепті бүкіл халықты көтеру қажеттілігі айқын болды. Екіншіден, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалыста ортаазиялық хандықтармен одақтасудың қауіптілігін түсінді. К.Қасымұлы бастаған көтерілістің басқа көтерілістерден басты ерекшелігі Қазақстанның барлық аумағын, яғни үш жүзді қамтуы еді. Көтеріліс барысында Кенесары әскерінің саны 20 мыңға дейін жетті. Хандық билік қайта қалпына келтіріліп, Қазақ хандығы қайта құрылды. Кенесарының алғашқы соғыс қимылдары Ақтау бекінісіне шабуылмен 1837 ж. басталды. 1838 ж. көтерілісшілер Ақмола бекінісін өртеп жіберді. 1839-1840 жж. ол жазалаушы отрядтарға қарсы нәтижелі шайқастар жүргізді. К.Қасымұлына солтүстікте патша әскерімен, оңтүстікте Қоқан билеушілеріне қарсы екі майданда бірдей соғыс жүргізуіне тура келді. 1841 ж. Кенесары әскері Қоқан хандығының қол астындағы Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін азат етіп, сол жылы қазақтың үш жүзі өкілдерінің Ұлытаудағы құрылтайында К.Қасымұлы бүкіл қазақ ханы болып жарияланды. Ұлт-азаттық көтерілістің кең құлаш жайюынан қорыққан I Николай үкіметі 1843 ж. жазында көтерілісті басу үшін полковник Дуниковскийдің Орынбор отряды, генерал Жемчужниковтың Сібір отряды бар үлкен әскери экспедиция ұйымдастырды. Кенесары ханды Кіші жүз бен Орта жүз аймағынан ығыстыру үшін орыстар Ырғыз бен Торғай бекіністерін тұрғызғанда, көтерілісшілер 1846 ж. Жетісу мен Ұлы жүз аумағына ойысып, қырғыз жеріне тақады. 1847 ж. сәуір айында Кенесары 10 мың әскерімен қырғыз жеріне басып кірді. Ондағы мақсаты Қоқан хандығына қарсы бірігіп соғысу еді, бірақ қырғыз манаптары Кенесарыны қолдамады. Тоқмақ қаласына таман Алмалы жазығындағы соңғы шайқаста ол өзінің 32 сұлтанымен қырғыз әскерінің қоршауына түсіп, қырғыздардың қолынан қаза тапты. Кенесары көтерілісінің соңғы кезеңінде сәтсіздіктерге ұшырауының себептері: біріншіден, қырғыз манаптары Ресей әкімшілігімен келісімге келіп, орыс әскерінің соғыс жоспарын тиімді жасауына мүмкіндік берді; екіншіден, шешуші сәтте соғыс алаңын тастап кеткен Рүстем сұлтан мен Сыпатай би сияқты қазақ билеушілері Кенесарының әскери күшін әлсіретіп кетті; үшіншіден, Қоқан билеушілері қырғыздарды қолдап, Кенесарыға қарсы соғысу үшін әскери көмек берді.
Е) XIX ғасырдың ортасында Сыр бойы қазақтарының жағдайы өте ауыр
болды. Себебі олар Хиуа, Қоқан хандықтарының және Ресейдің отарлық саясатынан екі жақты ауыр езгіге түсті. Сырдария қазақтарының көтерілісі 1856 ж. басталды. Оған К.Қасымұлының көтерілісіне қатысқан 90 жастағы шекті руының батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы жетекшілік етті. 1856 ж. аяғында көтерілісшілер Қазалы аймағын басып алып, Қазалы форпосын қоршады, Солдат слободасын жойып жіберді. Көтерілісті басу үшін генерал-майор Фитингофтың зеңбіректермен қаруланған әскері жіберілді. 1857 ж. қаңтарда Арықбалық деген жердегі шешуші шайқаста көтерілісшілердің саны 5 мыңға жетсе де жеңіліске ұшырады. Жанқожа батыр қалған жасағымен Сырдарияның оң жағына, яғни Хиуа хандығына қарай өтуге мәжбүр болды. Көп жылдар бойы патша өкіметіне Есет Көтібарұлы да қарсылық көрсетті. 1847 ж. 18 маусымда Ембі өзені бойында олар Орынбордан шыққан жазалаушы отрядқа шабуыл жасайды. Бірақ, қарсыластарының жақсы қаруланған күштеріне төтеп бере алмай жеңіліске ұшырап, кейін шегінеді. Есет батыр 1858 жылдың күзіне дейін күресін тоқтатпады.
Ж) 19 ғасырдың І-жартысында Торғай және Орал облыстарында да бұқара халықты қанау күшейе түсті. Патша үкіметі қазақ жерін тартып ала бастады. Жерсіз қалған көп рулар қырға қоныс аударуға мәжбүр болды. Патша үкіметінің 1867-68 жж. реформасы отарлық езгіні күшейтті. Кіші жүз қазақтары Орта Азия хандарына жорық жасап жатқан патша әскерлерін азық-түлікпен, баспанамен, жылы киімдермен және т.б. жабдықтауға міндетті болды. Тек 1839-40 жж. арнайы құрылған ұйымдастыру комиссиясы халықтан 14 мың түйе, 15 мың пұт ет, 15 мың саржан киіз, 10 мың бас киім, қолғап тартып алды. Халық ашынды. 1868 ж. наурызда Табын, Кете, Адай, Таз, Ысық, Шеркеш, Есентемір руларының қарулы көтерілісшілері Гурьевтегі ұйымдастыру комиссиясына шабуыл жасады. 1869 ж. көтеріліс Торғай облысын ішінара, ал Орал облысын түгел қамтыды. Көтеріліс дүмпуінен қорыққан ірі феодалдар (сұлтандар, билер, дін басылары) мал-мүлкін айдап оңтүстікке, одан Хиуаға өтіп кетті. Шаруалардың бұл көтерілісі нашар ұйымдастырылды, стихиялық түрде өтті, сондықтан жеңіліске ұшырады. Солай бола тұрса да, Орал мен Торғай облыстарындағы көтеріліс қазақ шаруаларының отарлау саясатына, қанаушыларға қарсы қозғалысының ерекше бір көрінісі болды. Алайда, 1869 ж. қазақтардың жеңіліске ұшырауымен 1867-1868 жж. реформаның ережелерін жүзеге асыруға қарсылық тоқтаған жоқ. Отарлық үкімет адай руы Орал және Торғайдағы көтеріліске қолдау көрсетеді деп қорқып, 1867-1868 жж. ережені Маңғыстауға ендіруді 1870 ж. қалдырылған болатын. Маңғыстау приставы подполковник Рукин 1870 ж. кейбір би-шонжарлардың көмегімен, салық жинауға шықты. Халық Досан Тәжиев пен Иса Тіленбаев, Алғи Жалмамбетовтың бастауымен Рукин отрядын талқандады. Көтеріліс бүкіл түбекке тарап, көтерісшілер саны 10 мың салт атты адамға жетті. Көтерілісті басу үшін Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкі, Дағыстан полкі және Терек казак-орыстарының әскері келіп, көтерілісшілер қатал жанышталды. 1870 ж. Маңғыстау көтерілісі отаршылық езгіге қарсы, әсіресе салықтың өсуіне және жайылымдарды пайдалануға шек қоюға қарсы шыққан қысқа мерзімді жергілікті және стихиялық шаруалар көтерілісі болды.
З) 1916 ж. Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысы жылнамасының жарқын беттерінің бірі. Ол әлемдік империалистік соғыстың шиеленіскен уақытында, Ресейде шаруалар мен жұмысшылар қозғалысының белең алған кезінде өтті.1914 ж. патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигізді. Соғыс қажетіне орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді. Ресейден шаруаларды жаппай қоныс аудару саясаты, қазақ шаруашылығының құлдырауы, азаматтық құқықтың шектелуі Қазақстанда ұлттық қатынастың шиеленісуіне алып келді.
19-43 жас аралығындағы барлық бұратана ер адамдарды майдандағы тыл жұмысына алу мен әскер үшін қорғаныс құрылыстарын салу жұмыстарына шақыру жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, көтерілуіне себеп болды. Бұл қозғалысты Торғайда Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал мен Бөкей ордасында Сейтқали Мендешев, Абдрахман Әйтиев, Маңғыстауда Жалау Мынбаев, Ақтөбеде Әділбек Майкөтов, Жетісуда Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т.б. басқарды. Қозғалыс стихиялы түрде басталып 1916 жылғы шілденің аяғы мен тамыздың басында бүкіл Қазақстанды қамтыған көтеріліске ұласты. Көтерілісті басқаннан кейін жаппай түтқындау басталып, әскери-далалық сот іске кірісті. 1917 жылы 1 ақпанға қарай 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам қамауға кесілді.
Димаш Құдайбергеновтың «Самалтау» деген әнінде айтылғандай:
Атты емеспіз жаяумыз, жаяудан да баяумыз
15 күндей жүргенде, Омбы жаққа таяумыз,
Әке-шешем бар еді, жасы келген кәрі еді
Осынау әнге салдырған 16-ның зары еді
деп көтеріліске қатысқандарға берілген ең жеңіл жаза итжеккенге яғни каторгаға айдап жіберу еді. Жазалаушылар тек көтерілісшілерді ғана емес, бейбіт халықты да жазалады және көптеген ауылдарды жойып жіберді. Патша үкіметінің осындай жазалау шараларының салдарынан 300 мыңнан аса қазақтар мен қырғыздар Қытайға, Ауғанстанға барып паналауға мәжбүр болды. Торғайдағы көтеріліс 1917 жылға дейін созылып, Ақпан революциясына ұласып кетті. Бұл көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысының, жалпы ұлт-азаттық күресінің құрамдас бөлігі болды. 25 маусымдағы жарлық бойынша Қазақстан мен Орта Азиядан алынатын 400 мыңдай адам болса, соның 240 мыңы қазақтар. Көтеріліске көзқарас бойынша ұлт зиялыларымыз екіге бөлінді. Бірі қантөгіске қарсы шығып, бостан-босқа қырылып қалмауды ойлады. (Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов) Екіншісі, мемлекеттік құрылымда жұмыс істеген Сейітқали Меңдешев, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтар керісінше көтеріліске шығып, патшаға қарсы тұру керек деген пікір ұстанды. Көтерілістің негізгі себебі - жер мәселесі, әлеуметтік-экономикалық езгі еді. 25 маусым күнгі жарлық халықтың бұрқ етіп шығуына әсер етті. Өйткені, жерін алды, малын алды. Енді, жанын аламыз дегенде, халық көтеріліске шықты. Көтерілістің тағы бір себебі, орыс отаршылдық әкімшілігі бұратана халыққа менсінбей қарап, екінші сорт ретінде бағалады. Одан кейін, жергілікті халықпен келімсек орыс шаруаларының арасындағы қарым-қатынас. Мұның бәрі көтерілістің негізін қалады.
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. 2016 жылы осы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған Халықаралық конференция өтті. Осы конференцияда көтеріліске жаңа баға берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |