дәріс. Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы – академ сағ


-дәріс. Қазақстан мәдениеті (XVIII – ХХ ғ. басы) – 2 академ.сағ



бет6/9
Дата01.10.2023
өлшемі218.95 Kb.
#479356
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Дәрістер жинағы

7-дәріс. Қазақстан мәдениеті (XVIII – ХХ ғ. басы) – 2 академ.сағ.
Жоспары:

  1. XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті.

  2. Қазақстанды еуропалық және ресейлік ғалымдардың зерттеуі.

  3. Мерзімді баспасөз.

1. XVIII ғғ. Қазақстан мәдениеті өткен уақыт дәстүрімен жалғаса дамыды. Бұл көбінесе ақын-жыраулардың шығармашылығынан көрінді. Сол тарихи кезеңде елге танымал жырау Бұқар Қалқаманұлы (1693-1787) болды. Ол жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақтың ұлт-азаттық күресінің батырлары: Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібектердің ерлігін жастарға үлгі етті. Бұқар жырау бір орталықтан басқаратын күшті мемлекет құруды мақсат еткен, үш жүздің басын біріктірген Абылай ханның қызметін дәріптеді. Сол уақыттағы ақын, жыршы Тәттіқара, эпикалық ақын Ақтамберді жырау (1675-1768), әйгілі Шал ақын (1748-1819) т.б. халықтың мұң-мұқтажын пенделіктен жоғары қойды. Олар батырлардың ерлігін дәріптеді, ел басына қауіп төнген кезде халықты ерлікке, батырлыққа, күреске шақырды. Халық ауыз әдебиетіндегі «Елім-ай!», «Қап қағылған», «Шаңды жорық» сияқты туындыларда қазақ халқының жоңғарларға қарсы Отан соғысының оқиғалары баяндалды. XIX ғасырдың басындағы музыкалық және ақындық өнерде Исатай-Махамбет көтерілісіне арналған өлең-жырлар халық арасында кең тарады. Еркіндік, Отанға деген махаббат Махамбеттің «Ұлы арман», «Сұлтан Баймағанбетке», «Жәңгірге», «Қызғыш құс» және т.б. өлең-жырларына арқау болған. Ол көтерілісшілердің қайсарлығын, Исатайдың ерлігін жырлады. Тәттімбет Қазанғапұлы-XIX ғ. ұлы күйшісі, лирикалық және эпикалық дәстүрлерін байланыстырған шертпе күй дәстүрін жалғастырушысы. Тәттімбет өзіңнің әділдігімен, әділеттілігімен халыққа танымал би, сондай-ақ аралық қазы, мәмілегер, семсерлесуші, алтын өнеркәсібінің қожасы, Қоянды жәрмеңкесінің негізін қалаушылардың бірі болған.Қазақтың соңғы ханы Кенесарыға арналған Тәттімбеттің «Азына» атты күйі бар.


XIX ғ. Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр деп аталады. Ресейге бодан болу-Қазақстанның мәдени-рухани өміріне әсер етпей қоймады. Сол уақытта өмір сүріп, қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан қазақтың көрнекті қайраткерлері Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев қазақ тарихында өшпес із қалдырды.
Қазақ Ордасының Ұлық ханы Абылайдың шөбересі, орта жүздің ханы Уәлидің немересі, Аманқарағай дуанының аға сұлтаны Шыңғыстың ұлы Шоқан (Мұхаммед Қанафия-1835-1865)-қазақтың ұлы ғалымы, Қазақстандағы демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. 1853 ж. Омбыдағы Сібір кадет корпусын бітіріп шығып, Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың адъютанты ретінде, 1855 ж. Омбыдан Іле Алатауына дейінгі, 1856 ж. Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі және Құлжа экспедицияларына қатысады. Ол қазақтардың тарихы, діні, дәстүрі, ауыз әдебиеті туралы құнды мағлұматтар жинады. 1858-1859 жж. Ш. Уәлиханов Марко Полодан кейін алғаш рет Қашқарға барып, аса құнды тарихи және этнографиялық материалдар, қолжазбалар, өнер туындыларын ғылыми айналымға енгізді. Ол М.Х.Дулатидің «Тарих-и Рашиди», «Шығыс Түркістандағы қожалар әулетінің тарихы», Қарахан әулетінің негізін қалаушы «Сатұқ Богра хан сұлтанның өмірнамасы» сияқты аса құнды тарихи еңбектерді тапты. «Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-лудың (Кіші Бұхара) алты шығыс қалаларының жағдайы туралы» тарихи еңбегін жазды. Бұл еңбекте Ш.Уәлиханов мұсылман түрік халықтары: ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және дүнгендер мекендеген Шығыс Түркістанды Қытай үкіметінің отарлық басқару жүйесінің ерекшеліктеріне алғаш рет талдау жасады. 1857 ж. Орыс географиялық қоғамның толық мүшесі болып қабылданды.
Осы кезеңде қазақтың ағартушы-педагог әрі қоғам қайраткері Ыбырай
Алтынсарин (1841-1889) белсенді қызмет атқарды. Ол шекара комиссиясы жанындағы қазақ мектебінде оқыды. Ы.Алтынсарин Қазақстандағы тұңғыш бастауыш және кәсіптік білім беруге арналған мектептер ашқан қайраткер. Оның белсенді қызметі нәтижесінде өлкеде қазақ қыздарына арналған қолөнер, ауыл шаруашылық училищелері ашылды. 1879 ж. Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Ы. Алтынсарин қазақ халқын оқу-ағарту ісі арқылы ғана өркениетке жеткізуге болатынын дәріптеді.
Осы кезеңнен бастап дәстүрлі халық ауыз әдебиетімен қатар жазба әдебиеті де қалыптаса бастады. Оның көрнекті өкілі Абай Құнанбаев (1845-1904). Абай-қазақтың ұлы ақыны, философ, композитор, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Абай ауыл молдасынан сауатын ашып, содан соң «Ахмет Риза» медресесінде, сонымен қатар бірнеше ай бойы орыс мектебінде оқыған. Ежелгі грек философтары Сократ, Платон, Аристотель еңбектерін мұқият зерттеген. Абай шығармаларынан қазақ халқының ой-арманы мен мұң-мұқтажы, сол кезеңнің шындығы көрініс тапты. Ақын шығармашылығы елде етек жайған надандықты, екіжүзділікті, қулық-сұмдықты әшкерелеуге бағытталды. Ол жастарды ғылым- білімге, халық үшін ерінбей еңбек етуге шақырды. Абай көптеген лирикалык өлеңдер, бірнеше дастан мен ғақлия сөздер жазған. Пушкин, Лермонтов, Гете, Шиллер және басқа да Еуропа классиктерінің туындыларын қазақ тіліне аударған. Санкт-Петербургтегі студенттік қозғалыс басшыларының бірі ретінде Семейге жер аударылған Евгений Михаэлис 1870 жж. ақынды Ресейдің ішкі өміріндегі жаңалықтармен, орыс әдебиетінің озат ойлы өкілдерінің шығармаларымен таныстырды. Отаршыл әкімдерден басқа орыс зиялыларын кездестірмеген Абайға Михаэлис Ресей мәдениетінің ең алғашқы хабаршысы, ақынның іздену, қалыптасу кезеңіндегі жол нұсқаушы есебінде болды.
Қазақ музыкасын дамытуға үлкен үлес қосқан Кұрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Ықылас, атақты әншілер Мұхит, Әсет, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұсанын есімдері бүкіл қазақ даласына жайылды. Олардан қалған мол мұра - бүгінгі таңда да қазақ халқының игілігіне айналып отыр. Қазақ әдебиетіндегі батырлық рух ХVІІІ ғ. жоңғарларға қарсы күресте, ХІХ ғ. ұлт азаттық күресте қайта көтерілгенімен, Қазақстанның Ресей құрамына өтуі нәтижесінде зар заман кезеңі басталды. Жерінен айрылған халық әдеп-ғұрып пен қазақы мінезінен де айрылды. Патша үкіметі енгізген жаңа әкімшілік шаралар қазақ болмысына жат болып, қазақ қоғамын ұрлық, өсек, талас-тартыс , алауыздық, арызқойлық жайлады. Қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыстарды аяусыз сынға алған ақын-жырауларды М.Әуезов «Зар-заман» жыршылары деп атаған. Зар-заман кезеңінде, орталық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұңзармен жырлаған ақындар шоғырына Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қоңайұлы, Мұрат Мүмкейұлы, Әбубәкір Кердері, Аубан Асан, т.б. жатады. Олар халықты салт- дәстүрлерді қабығы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық-бітімнен ажырамауға шақырды.
2. Еуразия кіндігінде орналасқан қазақ мемлекетін құрып отырған қазақтар туралы, олардың ұлттық қадір-қасиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын мойындап Еуропада, Скандинавия мен Америка ғалымдары әр кезеңдерде өз пікірлерін білдіріп отырған. Дат ғалымы Э.С.Вульфсон өзінің «Қазақтар» очеркінде (1901) «Қазақ өз баласына - егер қарттарды сыйласаң Құдай сені сыйлайды деген нақылды миына құйып өсіреді, егер үйге ақсақал кіріп келсе, барлық жасы кіші түрегеліп бас иеді және әзіл-қалжың кілт тыйылады»-деп жазды. Неміс оқымыстысы Василий Радлов (1837-1918) өзінің «Из Сибири» деген еңбегінде, қазақтардың ұшы-қиырсыз далада жерін қорғап жүріп, өздерінің салт-дәстүрлері мен тілін, мәдени асыл мұрасын мүлтіксіз сақтап қалуы-олардың патриоттығы мен жауынгерлігінің ерекшелік белгісі деп қарайды деп, қазақ мәдениетіне аса жоғары баға берген. Қазақтар жөнінде Ресейде алғаш монографиялық еңбек жазған-Алексей Левшин (1792-1879) қайырымдылық, қарттарға, құрмет көрсету-олардың ең жақсы қасиеті, халықтың даңқын шығарған ұлдарына батыр деп ат беріп, өлсе де ұмытпай үлгі тұтады. Олар туған жерін, атамекенін қатты қастерлейді,-дейді. Поляк ақыны, революционер Адольф Янушкевич (1803-1857) «Қазақ даласынан жазған хаттар» деген естелігінде орыстардың қазақтар жөнінде сол кезде қалыптасқан «тағы-көшпелілер» дейтін теріс көзқарасын әшкерелеп, дала тұрғындарының өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі бар, шешендік, ақындық өнерге келгенде, ақыл-ой тапқырлығы жағынан Еуропаның ең мәдениетті деген елдерінен кем түспейтіндігін нақтылы баяндайды. Ресей империясына екі жүз алпыс жылдай бодан болған дала халқының дәм-тұзын татқан, қазақтарға шын тілеулес болып, жылы жүзбен қараған жат жұрт зиялылары қазақтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, өнері мен мәдениетін, әдебиеті мен ем-домы жайлы бағалы еңбектер жазып қалдырды. Мәселен, И.Кастанье: «…қазақтар өте қонақжай, өзі аш қалса да, соңғы етін қонаққа ұсынады»,-десе, И.Ганвей: «… қазақ күшті де ержүрек халық. Олар танымайтын адамдарға да кішіпейіл, қонақты ренжітуді үлкен ұятсыздық деп біледі»,- дейді. Қазақтың тіл байлығы туралы атақты түрколог С.Малов «түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл-қазақ тілі, қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» десе, шығыстанушы П.Мелиоранский: «…қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің шебері» дейді. Шұрайлы жерлерге казактар мен орыс мұжықтары орналасып, қазақтардың шөл-шөлейтті далаларға ығыстырылғаны туралы американ ғалымы Джордж Делеко жазды. Ағылшын Альберт Ситон, қазақ даласында Кеңес өкіметі зорлықпен орнатылғанын және оған жергілікті халықтың, оның большевиктер ықпалына түскен азын-аулақ өкілдері болмаса, қатыспай, бейтарап қалғандығын айтады. Кеңес үкіметінің идеологиялық сақшылары Қазақстан ғылымын Батыстың қоғамдық ой-пікірінен барынша оқшау ұстап келді. Осының салдарынан, АҚШ, Англия, Франция, Германия, Скандинавия елдерінде де қазақ халқының тарихы мен мәдениеті ертеден зерттелгеніне қарамастан, ол ғалымдардың еңбектері бізден жасырылды. Кеңестік тарихнама өкілдері ондай еңбектерді «ғылыми құндылығы жоқ, идеологиялық тұрғыдан зиянды» деген желеулермен соңғы кезге дейін, архивтердің арнаулы қорларында тығып келді. Осындай «қырағылық» бізді – қазақтарды дүниенің бәріне орыстың терезесі арқылы қарауға дағдыландырды.
1825 ж. желтоқсан айында патша өкіметіне, абсолюттік билікке қарсы бағытталған Декабристер көтерілісі болып, оған қатысқандарСiбiрге, Қазақстан қалаларына да жер аударылды. Олар патша үкiметiнiң отаршылдық саясаты салдарын, әкiмшiлiк қыспағында отырған халықтың ауыр тұрмысын өз көздерiмен көрдi. Орыс ғалымы Г.Карелин Каспий теңiзiнiң жағалауларынзерттеуге арналған экспедицияларға қатысты. М.МуравьевАпостол Бұқтырмакомендантынан жергiлiктi тұрғындарды емдеугерұқсат алып,«Бұқтырмада көп емдеп, көп көмектестiм»,-деп жазды. 1849 ж. Семейге жер аударылған Ф.Достоевский археологиялық ескерткiштержинаумен айналысып, жергiлiктi өлке тарихын зерттедi. Семейде Достоевский Ш. Уәлихановпен кездестi.
Ресей империясы, Иван Грозный (1530-1584) кезінен бастап, отарланушы халықтың осал тұсын табу үшін елдің ішкі басқару жүйесі мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрып заңдарын жинап толық зерттеді. Ресей мемлекеті Қазақстанды өзіне қосып алғаннан кейін, оның жағрафиясын, тарихын, экономикасын, этнографиясын, табиғи байлықтарын игеру, кен ресурстарын зерттеу үшін өлкеге ғылыми іздену экспедицияларын жіберді. 1769 ж. алғашқы ғылыми экспедицияны П. С. Паллас басқарды. Ол Орынбор, Елек, Гурьев, Жайық, Уфа қалалары аймақтарын аралады. 1769-1772 жж. Н. Рычков Қара Торғай, Терісаққан, Есіл аймағында мәліметтер жинастырды. 1896–1903 жж. қазақ жерін отарлау мақсатында жүргізілген Ф.Щербинаның экспедициясының нəтижесінде 13 томдық «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» деген дерек көзі пайда болды. Қазақстанның тарихы мен этнографиясы, географиясы туралы тарихшы А. И. Левшиннің «Қырғыз-казақ немесе қырғыз-кайсак далаларының сипаттамасы» деген еңбегі бар. Өлкені жан-жақты зерттеу орыс ғалымдары П. П. Семенов-Тяньшаньский, Н. А. Северцев, И. В. Мушкетов және т.б. есімдерімен байланысты.
XIX ғ. екінші жартысында Қазақстандағы қоғамдық ой мен мәдениетті дамытуда мәдени-ағарту мекемелері мен ғылыми қоғамдар маңызды рөл атқарды. Орыс географиялық қоғамының бөлімдері Орынборда (1868 ж.), Омбыда (1867 ж.), ал кейінірек Семей мен Түркістанда (1897 ж.) ашылды. Олар тарих, этнография, география туралы жинақтар жариялап отырды. Қоғам жұмысына қазақ зиялылары да белсене араласты. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда облыстық статистикалық комитеттері құрылды. Семей облыстық статистикалық комитетінің жұмысына Абай да қатынасты.
4.ХІХ ғ. екінші жартысында дүниеге келген қазақ тіліндегі баспасөз орыстың отаршыл саясатын насихаттады. 1870-1882 жж. Ташкенттен шыққан «Түркістан уәлаяты» газеті, 1888-1902 жж. Омбыдан шыққан «Дала уәлаятының газеті» патша жарлықтарын, үкімет ұйымдарының өкімдерін, отарлық шет аймақтарды игеру үрдісін жазды, қазақтардың тұрмысы, мәдениеті жөніндегі мәселелер де көтерілді. XX ғ. басында қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының өрістеуімен байланысты, ресми емес қазақ мерзімді баспасөзі қалыптасты. Ұлттық зиялы қауым үшін патша үкіметінің цензурасы кезінде газет-журнал ашып, оны халық арасына тарату өте қиын болды. Соған қарамастан 1911-1916 жж. Тройцкіде бірінші қазақ журналы «Айқап» шықты (редакторы Мұхамеджан Сералин). «Айқап» жер мәселесіне зор көніл бөліп, ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. Журналдың жұмысына Ж. Сейдалин, Б. Қаратаев, С. Сейфуллин, Б. Майлин, Қ. Кеменгеров, М. Ж. Көпеев т.б. белсене қатысты. XX ғ. алғашқы ширегінде қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын қамтып жазуда «Қазақ» газетінің рөлі зор болды. 1913-1918 жж. 265 нөмірі жарық көрген газеттің редакторы аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Газеттің негізгі идеалық-теориялық салмағын ғажайып үштік -А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов көтерді. «Қазақ» газеті ХХ-ғ. басындағы ұлт-азаттық қозғалысының стратегиясын анықтап берді. Газеттің жұмысына Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев, Ғ. Қарашев, С. М. Торайғыров, Ж. Аймауытов, Ж. Ақбаев, X. Досмұхамедов, М. Шоқай, М. Тынышбаев және т.б. көрнекті зиялылар белсене қатысты. Қазақ халқы дамудың қандай бағытын таңдауы керек, қандай жолмен жүруі қажет деген мәселе бойынша: «Айқап» газеті исламдық бағыттағы шығыстық үлгіні ұсынса, «Қазақ» газеті ұлттық ерекшеліктерді сақтай отыра батыстық өркениет даму жолының бағытын ұсынды. Жалпыұлттық деңгейге көтерілген 2 басылым да халықтың саяси санасын жандандыруда маңызды рөл атқарды. Жоғарыда аталған ұлт зиялылары, қазақ халқының отарлық езгіге қарсы азаттық күресін жаңа сапалық деңгейге көтерді. Ол бұрынғы қарулы көтерілістерден енді саяси-интеллектуалдық деңгейге шықты.
XX ғ. басында қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалыс бүкіл халықтық сипат ала бастады. Ұлттық қозғалыстың әртүрлі ағымдары қалыптасып, оның негізгі күші ұлттық интеллигенция болды. Сол тарихи кезеңде көрнекті саясаткер, ғалым, публицист Әлихан Бөкейхановтың (1866-1937) қоғамдық-саяси қызметі ерекше маңызды болды. Ә. Бөкейхановтың ғылыми еңбектерінің басты тақырыптары: Қазақ жеріндегі патшалық Ресейдің аграрлық және қоныс аудару саясаты; қазақтардың мәдени, саяси және шаруашылық өмірі; қазақ халқының болашақтағы мемлекеттік құрылымы; мемлекеттіліктің теориялық және құқықтық жүйесі мәселелері болды. Ә. Бөкейханов еңбектерін «Қыр баласы» деген жасырын атпен шығарып отырды.
Қазақ халқының XX ғ. басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынов (1873-1938). Ол мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым. Ұлттық жазудың реформаторы. А. Байтұрсыновтың алғашқы кітабы - «Қырық мысал» 1909 ж. жарық көрді. Бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің ауыр халін тұспалдап жеткізді. Ақынның азаматтық арман-мақсаты бейнеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жарық көрді (1911). «Маса» жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, еңбек етуге халықты қараңғылық пен енжарлықтан арылуға шақырды.
XX ғ. бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Міржақып Дулатов (1885-1935) - алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналист. 1907 ж. Санкт-Петербургте жалғыз ғана нөмірі шыққан «Серке» газетінде Дулатовтың «Жастарға» деген өлеңі басылды. Оның тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 ж. Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен шығады. Қазақ халқы үшін бұл жинақтың әсері үлкен болды. Өз заманында озық туған көрнекті тұлғалардың бірі-Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931). Ойшыл, фольклор танушы, тарихшы, философ этнограф, Мәшһүр Жүсіп ақындығымен қатар өлкетану, шежіре жинақтау салалары бойынша мол мұра қалдырды. Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады, күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет