3. Қазіргі кездегі мектеп курсындағы физиканы оқыту бағдарламасы.
Қазіргі кездегі мектепте физика курсы классикалық немесе жаңа физика (кванттық) болып екіге бөлініп оқытылмайды. Бұл екеуі бірігіп тұтас бөлім құрады. Сондықтан да жаңа физиканың кейбір негізгі тәжірибелері, ұғымдары мектеп физикасына енгізілген. Классикалық физика қазір де өзінің танымдық практикалық маңызын жойған жоқ.
Мысалы, салыстырмалылық теориясын кванттық физиканы түсіндірген кезде макроскопиялық түрде адамның көз алдына елестете отырып түсіндіру мүмкін емес. Оны кейде адамның ойына сыйымсыз, қиял деп те қарайды. Мұндай материалды классикалық физикадан кейін түсіндірген кезде оқушылардың ұғуы қиындайды және де жетістіктерге жете бермейді. Сондықтан да қазіргі кезде затты қарастырғанда оның құрылысынан бастайды. Алдымен оны молекулалық, атомдық, ядролық, электрондық тұрғыдан қарап түсіндіреді. Мысалы: жылу құбылысын қарастырғанда заттың молекулалық, электрлік құбылыстарда – атомдық және электрон ұғымы, жарық құбылыстарын түсіндіргенде – жарықтың электрмагниттік толқындық табиғаты және тағы басқалары қарастырылады.
Классикалық физика мен кванттық физиканы біріктіріп тұтастай оқыту молекуланың, атомның, электронның және басқа да элементар бөлшектердің магнит, электр өрістерінің тек болжам емес, материялды өмірде бар екені дәлелденгеннен кейін ғана іске асты. Яғни, құбылыстағы микромеханизмдердің қозғалыс заңдылықтарын түсіндіру мектеп бөліміндегі физика пәні арқылы іске асты. Мысалы: оқушылардың 3-5 сыныптарда табиғат тану, физикалық географиядан алдын-ала алған білімдері 7 сыныпта бірден заттың молекулалық құрылысын оқытуға мүмкіндік туғызды.
Бірінші шеңберде «Физика және астрономия» пәнінде заттың молекулалық құрылысын және қозғалысын оқытудан басталады. Осыдан кейін механикалық қозғалыс, жылдамдық, өзара әсер-күш, масса, инерция, тартылыс құбылысы оқытылады. Салмақ пен салмақсыздық, инерция күші туралы ұғым енгізіліп, оны ескеру жолдары қарастырылады. Молекулалардың өзара әсері арқылы газдың қысымы және Паскаль заңы (сұйықтар мен газдарға арналған) түсіндіріледі. Атмосфералық қысым гидростатиканың түсініктері де Паскаль заңынан кейін беріледі. Архимед заңы осы құбылыстарды оқып үйренгеннен кейін оқытылады. Денелердің жүзу шарттары, су көлігі, ауада ұшу, беттік керілу, жұғу, капиллярлық құбылыстар, жұмыс, қуат, энергия оқытылады.
8 сыныпта оқушыларды жылу, электр құбылыстарымен таныстыру басталады. Мұнда да молекулалық физиканың кейбір элементтері беріледі. Мысалы: оқушыларға ішкі энергия, термодинамиканың бірінші заңы, қаныққан және қанықпаған булар түсіндіріледі.
Электр құбылыстарын оқытқан кезде атомның құрылысымен танысып, электрон ұғымы енгізіліп оқытылады. Электр тарауында Кулон заңы, конденсаторлар, электр тоғы, тоқ күші, кернеу, кедергі, тізбек бөлігі үшін Ом заңы, тоқтың жұмысы мен қуаты, әр түрлі ортадағы электр тоғы өтіледі. 8 сынып электрмагниттік құбылыстарды тек сапалық түрде ғана қарастырумен аяқталады.
9 сыныпта қозғалыс және денелердің өзара әсерлесуі, тербелістер мен толқындар, аспан сферасы және аспан координаталары, атом және атом ядросы, ядролық энергияны пайдалану тақырыптары оқытылады.
Оқытудың екінші шеңберінде, яғни бағдарлы мектепте механика, молекулалық физика және термодинамика, электрдинамика, кванттық физика бөлімдері оқытылады.
Достарыңызбен бөлісу: |