Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы



бет118/175
Дата19.10.2023
өлшемі2.79 Mb.
#481135
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   ...   175
lektsii po filosofii

Сопылық философия.
Қожа-Ахмет Яссауидiң шығармашылық ойлары
Орта ғасырлардағы қалыптасқан философиялық ағымдардың iшiнде сопылық философия ерекше орын алады. “Сопы» деген сөздiң төркiнi шамасы “sophos»- “дана» деген грек сөзiнен шықса керек. Сопылық философия ислам дiнiнiң шеңберiнде пайда болған мистикалық (құпия) аскеттiк (өз-өзiн шектеу) ағым. Оның дүниеге келу себебiн жете түсiну үшiн бiз ислам дiнiнiң кейбiр ерекшедлiктерiне өз назарымызды аударуымыз қажет.
Ислам дiнi тарихи ең соңғы дүниеге келген дүниежүзiлiк дiн. Сондықтан, бұл дiндегi аса үлкен басымдық - бiрлiк, бiрқұдайлық - ол абсолюттi, оған ешқандай күмән келтiрiлмеуi керек. Бұл қағиданы мықты ұстаудың астарында осы уақытқа шейiн бытыраған көшпендi араб тайпаларының басын бiрiктiрiп, оларды бiр халыққа айналдырып үлкен мемлекет құру қажеттiгi жатқан едi. Иудаизм мен христиандық дiн аз да болса “көпқұдайлықтыңұ сарқыттарынан әлде де болса арылған жоқ-ты (мысалы, құдайды адамға ұқсатып бейнелеу - икона, бiр құдайдың үштiгi - құдай - әке, ұл және киелi рух т.с.с.). Ислам дiнiндегi “Алла-тағаланы» алсақ, Ол адамнан тым алшақ, қаһарлы, қатал, адамды саналы пәнде етiп жаратқанмен өзiне ұқсас еткен жоқ. Сондықтан, адам адасып кетпес үшiн Ол қоғам өмiрiндегi болуға тиiс тәртiптiң негiздерiн, адамның өмiрдегi жүрiс-тұрысының қағидаларын Мухаммед пайғамбар арқылы Құрандағы Шариғатта алдын ала берген және олар бұлжытпай орындалуы керек.
Алайда, ақиқат әрқашанда нақтылы, өмiр өне бойы өзгерiсте болғаннан кейiн ресми мешiттiң бұлжымас қағидалары шынайы өмiрде әр-тұрлi қайшылықтарды тудырады. Сондықтан, жаңа дiндi уағыздаушылар көп ұзамай екi топқа бөлiнедi. Олардың бiрiн “абид»(құдайдың құлы) десе, екiншiсiн “захид»(дәруiш) деп атады. Бiрiншiлерi дiннiң талаптарын ойланбастан бұлжытпай орындауға тырысса, екiншiлерi өз iзденiстерi мен тебiренiстерi арқылы Алла-тағаланы жете түсiнуге, оған рухани жетiлу арқылы жақындасып, онымен қосылуға, сiңiсуге тырысты. Мiне, осы екiншi бағыт ислам дiнiнiң шеңберiнде сопылық ағымды тудырады.
Алғашқы уақыттағы сопылар пендешiлiкке қарсы шығып, дұниеқорлық, байлықты жинаудан бас тартып (зухд) Алла-тағаламен бiрге болуға тырысты (тақуа). Бұл ауыр жолда олар Мухаммед пайғамбардың өмiр жолын өнеге еттi, өйткенi ол қандай керемет бай өмiр сұру мұмкiншiлiктерiне қарамастан, өзiн өте әдептi ұстап, қайыршы мен кедейлерге қол ұшiн беруге тырысты. Алғашқы сопылардың бiрi Хасен Басри “бұл дүние үшiн о дүниенi сатқан екi дүниеден бiржола айырылады, бiрақ, о дүние үшiн бұл дүниенi сатқан екi дүниеге де ие болады»,- деген екен. Яссауи бабамыздың сыйлаған, өнеге тұтқан сопыларының бiрi - осы Хасен Басри. Ол жөнiнде Яссауи :
“Нәпсiсiн тиып қаһар қылды Хасен Басри...
әзiздердiң жағында болғым келер...»,- деген екен. Сонымен, сопылық философия адамдарды аскеттiк өмiрге, дұниенiң алдамыш қызықтарына құмартпауға, рухты биiк дәрежеде ұстауға шақырды.
Сопылық жолдың екiншi үлкен басымдығы - Құдайды шын жүрекпен сүйiп оған толығынан берiлу мәселесi. Ол үшiн адам өзiнiң менмендiгiн толығынан ұмытып кұндiз-тұнi тек Алла-тағалаға деген құштарлық ғашықтық сезiмде болуы қажет. Сонда ғана адамның өзiндiк сана-сезiмi жойылып, құдайлыққа жол ашылады. Мұндай жан-дүние ақуалын сопылар фана (бейболмыс, құдайға жетiп сiңiсу) деген ұғыммен берген. Орта ғасырлардағы Шығыс жұлдыздарының бiрi Руми Джалаледдин төмендегiдей нақыл сөздер арқылы бiзге оны ашық та айқын түсiндiредi:
“Бiреу сүйген жарының (Абсолюттiң) есiгiн қағады. “Бұл кiм?,- деген сұраққа “Менмiн»,- деп жауап бередi. Есiктiң әржағынан “Бұл үйге Менiмен Сен сыймайсың»,- деген дауыс естiледi. Есiк жабық қалпында қала бередi. Ол тақыр далаға кетiп, жалғыздықтың азабын тартып, аузын берiк ұстап, күндiз-түнi қ»дайға құлшылық етедi. Бiр жылдан кейiн қайтып оралып, есiктi тағы қағады. “Бұл кiм?“,- деген сұраққа, Ол : “Сенсiң»,- дейдi. Сол сәтте есiк дереу ашылады. Сонымен, тек “мендiк» толығынан құдайлықтың шеңберiнде ерiп-сiңген кезде ғана адам рухтың ең биiк сатысына көтерiлiп, Алланың құшағына қосылады.
Сопыларды ресми мешiт алғашқы ғасырларда қанша қудаласа да қарапайым халық арасында олардың беделi өсе бердi. Олар тек қана Құранның аяттарын, шариаттың қағидаларын түсiндiрiп қана қоймай дiндi философиялық тұрғыдан тереңдете бiлдi. Сопылардың ойынша, Шариғатты терең игерiп, оның талаптарын бұлжытпай орындау - ол құдайшылдықтың бiрiншi сатысы ғана.
Өйткенi, адамның сыртқы iс-әрекеттерi мен оның iшкi пиғылы, ниеттерi бiр-бiрiнен тiптi алшақ болуы да мүмкiн. құдайлыққа өтудiң екiншi сатысында адам осы екi ортада ешқандай қайшылықтар болмауы ұшiн iс-әрекеттер жасауы керек, ол Алла-тағаланың алдындағы ең жоғарғы адалдық дәрежеге көтерiлуi қажет. Ол ұшiн адам өзiндiк сана сезiмiне өне бойы тереңдей түсiп, оны Жаратушының құдiреттi күштерiне бейiмдеуi қажет - бұл адамның екiншi сатыдан - Тариқаттан өтуiмен тең.
Сонда ғана адам құдайға, яғни үшiншi саты - Ақиқатқа көтерiлiп, Алла-тағаланы жүрекпен сезiнiп, онымен қауышады. Алайда бұл сиқырлық мистикалық қиын жол, ол адамның құдайды iздеудiң жолында күндiз-түнi құлшылық етiп, өне бойы рухани iзденiсте болуын талап етедi. Сонда ғана оның iшкi көкей көзi (интуиция) ашылып, аян арқылы ол Алла-тағаламен сұхбаттаса алады.
Мiне, осындай сопылық философияның Орта Азиядағы көрнектi өкiлi ретiнде қожа Ахмет Яссауи (1094-1167ж.ж.) бабамызды айтуға болады. Ол халықтың дiлiнде аса ұлы дiни қайраткер ретiнде осы уақытқа дейiн сақталған : “Меккеде - Мухаммед, Түркiстанда - қожа Ахмет», -деген сөздердiң өзi оны бiзге ашық көрсетедi. Негiзгi осы уақытқа шейiн жеткен еңбегi “Диуани Хикмет» (Даналық кiтабы). Бұл еңбектi негiзiнен алғанда адамның рухани даму жолын жарқырытып көрсетiп тұратын шамшырақ ретiнде қарауға болады.
Қ. А. Яссауи философиясында қойылған негiзгi мәселе - ол адам болмысы, ал оның өзiнiң екi жағы бар. Бiрiншiден, адам - дене, оның қажеттiктерi өтелмей өмiр сүру мүмкiн емес; екiншiден, адам - рух, ол оның басқа тiршiлiктермен салыстырғандағы негiзгi ерекшелiгi, аса баға жетпейтiн қасиетi. Бұл арада қ.А. Яссауи үзiлдi-кесiлдi адамның терең мәнiн оның рухани тұңғиығынан iздейдi - бұл көзқарас ХХ ғ өмiр сүрген немiс ойшылы К.Ясперстiң “нағыз адамның өмiр сүру ақуалы - рухани ақуал» деген сөзiмен үндеседi. өзiнiң жас кезiндегi пендешiлiктiң шырмауында болғанын жасырмай сынай келiп, ұлы ойшыл былай дейдi:
“Жиырма тоғыз жасқа кiрдiм, халiм харап.
Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ.
Халiм харап, бауыр кәуәп, көз бұлдырап,
Сол себептен хаққа сиынып келдiм мiне.
Пендешiлiктiң жолында (байлыққа, билiкке, дене ләззаттарына ұмтылу т.с.с) адам өз өмiрiнiң мәнiн ашып адамгершiлiк қасиеттерiн сақтап қалуы мұмкiн емес - ол жалған жолға тұседi.
“Нәпсiге сен ерiк берсең не тiлемес,
Еңiресең де Алла саған мойын бұрмас.
Қолға алсаң, жаман құстай қолға қонбас...»,- дейдi ұлы ойшыл.
Сондықтан Алла-тағалаға жақындау жолы - пендешiлiктен арылу, нәпсiнi тию. Ойшыл бұл жолдағы өнегелiк мысал ретiнде Парсы патшасының ұлы Ибрахим ибн Әдхамды келтiредi. Руми Джалаледдин ол аңыз жөнiнде былай дейдi:
Бiр күнi әдхамның сақшылары сарайдың шатырынан айғай-шу естидi. Сақшылар шатырға шығып, сондағы жүрген адамдарды ұстап алып Әдхамның алдына әкеледi. “Мұнда не iстеп жүрсiңдер ,- деген сұраққа, олар: “Түйелерiмiздi iздеп жүр едiк»,- дептi. “Қай заманда кiм түйенi шатырдан iздеген екен ,- деген сұраққа, олар: “Бiз сенен өнеге аламыз, сен тақта отырып Алла-тағаламен жақындасқың келмей ме? Қай заманда, кiмде-кiм осындай орыннан құдайға жақындаған ,- дептi. Осыдан кейiн Әдхам сарайдан қашып шығып, ел кезiп дәруiштiк жолға тұскен екен. Мiне, Қ.А. Яссауи Әдхамды өнеге етiп былай дейдi:
“Әдхам сипат тақ пен бақтан қашып жүргiл,
Тiлек берсең дүние қызығын тепкiм келер»
Сопылық философияның көрнектi өкiлi Баязиттi де өнеге келтiрiп:
“Шайық Баязит жетпiс рет өзiн сатты,
Бұл дүниенiң бар қызығын тастап атты»,- дейдi.
Әрине, мұндай пiкiрлер кейбiр оқырмандардың дүниеге деген көзқарасына сай келмеуi мүмкiн. Бүгiнгi жеке меншiктi қалыптастырып оны әрi қарай дамыту жолында “баю идеологиясы» көп насихатталынғаны баршаға мәлiм - саяси тұрғыдан алғанда ол керек те болған шығар, өйткенi, бұрынғы Кеңес Одағындағы өндiрiстi бiрегей (тотальды) мемлекеттендiру адамдардың өндiрiстi дамытуға деген ынталарын су сепкендей басып, өндiргiш күштердi тоқыраулатқан болатын. Негiзiнен, сол себептi ол қоғам да құлдырап, келмеске кеттi емес пе? Алайда, тек дүние қуу жолында дұрыс қоғам орнату мүмкiн бе? -әрине, жоқ. Бұл жөнiнде қ.А.Яссауи былай дейдi:
“Дүние менiкi дегендер - жаһан малын алғандар,
Құзғын құстай арамға белшесiнен батқандар.
Молда, муфтий болғандар - жалған жала жапқандар,
Ақты қара қылғандар: ол тамұққа тұседi.
Қазы, имам болғандар - нақақ жала қылғандар,
Есектей болып жегiлiп жұк астында қалады.
Пара алған әкiмдер - арамдықпен жұргендер,
Өз бармағын өзi шайнап өкiнiшпен қалады»
Ол өз заманындағы рухани-адамгершiлiк ақуалға көңiлi толмай, ондағы кемшiлiктердi қынжыла сынайды:
“үлкен-кiшi адамдардан әдеп кеттi,
қыз, келiншек, нәзiк жаннан ұят кеттi.
“ұят барда иман бар»,- деп Расул айтты...
Ғажап сұмдық замана болды, достар.
Ел, дүние, халқымызда қайырым жоқ,
Патша мен уәзiрлерде әдiлет жоқ...
Түрлi бәле халық үстiне жауды...»
Шамасы, Қ.А.Яссауидiң өмiр сүрген заманы - ерте феодалдық қатынастардың қалыптасып қарқымды даму, таптық қатынастар қайшылықтарының өсу кезеңi болса керек. Ендi бүгiнгi күнге көз жiберсек “қазы, имам болғандар» (қазiргi соттар), “пара алған әкiмдер», “ар-ұждан, әдеп, ұят, имандылық, қайырымдылық, әдiлеттiлiк» т.с.с. рухани құндылықтардың құлдырауы Қ.А.Яссауидiң заманасына ұқсамай ма екен? ,- деген ащы сұрақ ойымызға келедi.
Жоғарыда қойылған сұраққа жауап беру үшiн бiз қысқаша болса да өткен жақын тарихқа көз жiберуiмiз керек. Кеңес үкiметi бүкiл ұлттық байлықты мемлекеттендiрiп, жеке меншiктi түбiрiнен опырып, оның иелерiн қуғын-сүргiнге ұшыратып, қоғам өмiрiне тұрпайы теңдiк принципiн еңгiзген болатын. Мұндай жағдайда адамдар ерiктi еңбек етiп, өз қалауынша өмiр сұре алмай iшiнен тынып, екiжүздiлiкке, айтылған сөзбен ой арасындағы алшақтыққа баруға мәжбүр болды. Ендi мiне, үш үрпақ бойы (75ж.) жаншылған ерiктiкке деген ынта, ырық тұрпайы социализмнен бас тартқан кезде өзiнiң арнасынан шығып қоғамның рухани-адамгершiлiк құндылықтарына өзiнiң терiс әсерiн тигiздi. Көркемдеп айтсақ, көп жылдар бойы бетi жабық ыстық қазанның iшiнде жыйналған пар ұлкен жарылысқа әкелiп қоғамның бiршама рухани iргетастарына зақым келтiрдi. Сондықтан да, мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру басталған кезде бiршама байлық “тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында» кете барды, лезде бай, өте бай адамдар пайда болып, халықтың көпшiлiгi кедейленiп, бiршама бөлiгi тiптi қайыршылық жағдайға кез болды. Кеңес заманында шын билiкке жете алмай Мәскеу партократтарының қолшоқпарларына айналған, сол рухта ондаған жылдар бойы тәрбиеленген көп шен иелерi жаңа ғана қалыптасып жатқан мемлекеттiң шеңберiнде өздерiн бүкiлұлттық сана-сезiмнiң, талаптардың деңгейiнде ұстай алмай, өз қамын ойлауға, жемқорлыққа көшкендерiнiң негiзгi себебi де осында жатса керек. Қ.А. Яссауи бабамыздың сөздерiмен айтсақ, сол кезде пендешiлiк руханияттылықтан басым болып, “өзiмшiлдiк», қоғамдық мүддемен санаспаушылық өз тойын тойлады.
Бүгiнгi таңда, мемлекеттi басқаруға жаға ұрпақтар легi келген кезде, нарықтық қатынастар бiрте-бiрте заңды жолға қоя басталды да сол себептi қоғамдық ақуал да басқаша өзгере бастады. қазiргi басты мiндеттердiң бiрi - қоғамның рухани өмiрiн жандандырып адамгершiлiктi басым ұстау болып отыр. Сонда ғана қоғамның бiрлiгiн нығайтып қарапайым адамдардың өмiрге деген ынтасын арттыруға болады. Ал оның өзi бiздiң бостандығымыздың iргетастарын нығайтып, бұкiладамзаттық қауымның шеңберiнде абыройлы орын алуға мұмкiншiлiк бередi. Расында да, адам бұл өмiрде жалғыздан-жалғыз өмiр сүрмейдi - менiң еркiмнiң шеңберi екiншi адамның еркiнiң аумағына жеткен кезде тоқталуы қажет. Белгiлi француз ойшылы Ж.П. Сартр айтқандай “ерiктiк дегенiмiз адамның басқалардың алдындағы жауапкершiлiгiнiң ауыр жүгi». Бiреу күйзелiс пен зардап шегуде болған жағдайда екiншiнiң қанша дәулетi тасығанымен бақытты болуы мүмкiн емес.
Қ.А.Яссауи бабамыздың даналығы - қоғамдағы күйзелiстен шығу жолдарын қайсыбiр зорлық-зомбылықтан, қантөгiстен, төңкерiстен iздемеуi. Ол Сократтың “өзiңдi тани бiл», Будданың “ең ұлы жеңiс - адамның өзiн-өзi жеңе бiлуi» деген қағидаларына жақын жолды ұстайды :
“Залым егер жәбiр қылса Алла дегiл,
қолың жайып, дұға оқып мойын сұңғыл.
құдай тiлек бермесе сабыр қылғыл,
Хақтан естiп бұл сөздердi айттым мiне».
“Сабыр түбi сары алтын»,- деген халықтың нақыл сөзi осы Яссауидiң жоғарыдағы ойларымен үндесiп жатыр. Адамзаттың өткен жазулы тарихында зорлық-зомбылықтың негiзiнде бақытты қоғамды орнатқан бiрде-бiр ел аталмайды. Керiсiнше, зорлық қарымына одан де өрескел зұлымдықты тудырады. “Жек көру жек көрушiлiкпен ешқашанда тоқталмайды. Тек жек көрушiлiктiң жоқтығы ғана жек көрушiлiктi жояды»,- деген екен ұлы Будда. Зорлық-зомбылықтың жолымен “жер бетiнде жұмақ - коммунизмдi - орнатқысы келген большевиктер қоғамды қандай кұйзелiске әкелгенiн өткен жақын тарихымыздан жақсы бiлемiз. Бұгiнгi таңда бүкiладамзаттық деңгейде соғысты, зорлық-зомбылықты болдырмау, әр болуы мүмкiн шиеленiстердi бейбiт жолмен шеше бiлу, жеке адамның құқтарын басымды орынға қою мәселелерi үлкен орын алып отыр.
Қ.А. Яссауидiң қойған пендешiлiктi шектеу, нәпсiнi тиу, руханиятты жоғары ұстау, қанағаттыққа келу мәселелерi бүгiнгi жер бетiндегi өмiр сүрiп жатқан адамзат қауымына өзiнiң өзектiлiгiмен танылуда. әрине, арада сан ғасырлар өттi, өндiргiш күштер ол заманда түске де кiрмейтiн ғажап биiктiктерге көтерiлдi, бiрақ, сонымен қатар қоғамның рухани-адамгершiлiк саласы да сондай биiктiктерге замғады деп айта алмаймыз. әрине, бұл сала да бiр орнында қалған жоқ, онда да алға жылжушылық байқалады, бiрақ оның даму қарқыны материалдық саламен салыстырғанда анағұрлым төмен болуда. Нәтижесiнде, дамыған елдер бүгiнгi таңда өз халықтарына материалдық жағынан қандай биiк тұрмыс деңгейiн жасағанмен, миллиондаған адамдар өз өмiрiнiң терең мән-мағнасын таба алмай iшiмдiкке, нашақорлыққа, қылмыстыққа т.с.с. бұрмаланған өмiр жолына тұсуде. Тойымы жоқ қоғамда қанша мол материалдық игiлiктер өндiрiлсе де үне бойы жетiспеушiлiк байқалады. Сондықтан да осы елдердiң көш басындағы АҚШ мемлекетi өз шекарасынан ондаған мың шақырым алыстағы жерлердi “өз ұлтының мүддесi бар аймақтар» деп жариялауда...
Қорыта келе, Қ.А.Яссауи бабамыздан қалған идеяларды бұгiнгi адамзаттың рухани-адамгершiлiк кұйзелiстен шығу жолында iске жаратуға болатындығына бiз кәмiл сенемiз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   ...   175




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет