Жаһандану үрдісі шеңберіндегі өзекті мәселелер
Ең бірінші орында ядролық соғыс қару-жарақтың жетілуі мен халықаралық бақылаудың шеңберінен шығып кетуі жатыр. Бұрыннан келе жатқан ядролық қаруы бар бес мемлекетке бүгінгі таңда Үнді, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Израиль сияқты елдер қосылды. Біршама елдер ядролық технологияны игеру үстінде (Иран, Солтүстік Корея). Әңгіменің қиындығы- бұл қосылған жаңа елдер халықаралық шиеленістер аймағында орналасқан. 2001ж. Үнді мен Пәкістан арасындағы қақтығыстар сол елдердің мемлекет қайраткерлерінің "ядролық қаруды қолдануымыз мүмкін" деген жантүршігерлік қорқытуымен аяқталғанын білеміз. Бұл проблеманы шешудің негізгі жолы – барлық ядролық елдерді (соның ішінде ешкімге де артықшылық жасамай) халықаралық бақылау негізінде жаппай қарусыздандыру болмақ. Атомның күш-қуаты тек АЭС-терді салу арқылы бейбіт жолға қойылуы керек. Өкінішке орай, ядролық мемлекеттердің "өзімшіл пиғылы" бұл мәселені үзілді-кесілді шешуге кедергі жасауда. Алайда, бұл мәселе ертелі-кеш шешілмейінше, бүкіл адамзат үстіндегі "ядролық дамокл қылышы" сол үрейінде тұра бермек.
Екінші үлкен мәселе – бүгінгі қалыптасқан тәндік-сезімдік өмір бағыт негізінде тойымсыздық, табиғи ресурстарды өлшемсіз пайдалану, жағалай ортаны ластау – адамзатты болашақ экологиялық апатқа әкелу мүмкіндігі. Біз бұл мәселені толығырақ арнаулы тарапта талдаған болатынбыз (қараңыз: осы кітап, 31-38 б.б.).
Үшінші – демографиялық мәселелер, яғни, жер бетіндегі халықтың тым тез қарқынмен өсуі. Егер соңғы мыңжылдықта жер бетіндегі халықтың саны 15 рет өссе, оның бірінші рет екі есеге өсуі 700 жылда болса, соңғысы – 40 жылда (егер 1956 ж. жер бетінде 2,8 млрд халық өмір сүрсе, 2004 ж. –6,3 млрд.). Әрине, бұл деректер үлкен ойға қалдырады. Бұл өсімнің 9/10 даму барысындағы елдерге жатады. Сонымен қатар, дамыған елдердегі халықтың құрылымын алар болсақ, онда кәрілердің саны өсіп (жақсы жағдайдағы өмір ұзақтығына байланысты), сонымен қатар туу деңгейі тым төмендеп кеткен. Сондықтан, ол елдерде халықтың өсуі түгіл, оны ескі деңгейде сақтау үлкен мәселеге айналуда.
Демографтардың болжауынша, алдағы уақытта Үнді халқының саны қытайлықтардан да гөрі өсіп, ал Африкада халықтың саны 1,5 млрд. дейін жетуі мүмкін. Халқы тез өсіп жатқан даму үстіндегі елдердегі өндіргіш күштердің төмендігі, ауыл шаруашылығы өнімділігі, тұрғындардың жалпы мәдени деңгейі, білім беру саласы – бәрі де сын көтермейтін жағдайда. Мұндай ақуал бұрыннан келе жатқан өмір салтын ұстау, бала тууға шек қоймау әдетімен байланысты екені айдан анық. Сондықтан, бұл үрдіс таяу арада бәсеңдейді деу артығырақ болар. Дегенмен де, Қытай еліндегі соңғы 15 жыл шамасында жүргізілген демографиялық саясат өз күшін көрсетті. Ертелі-кеш басқа елдер де сондай саясатқа көшуі мүмкін.
Жаһандану үрдісі "Солтүстік пен Оңтүстік" проблемасын тудырды. Бұл төртінші мәселе. Жалпылай келе, экватордан жоғары орналасқан елдердің даму қарқыны мен өмір сүру деңгейі төмен жатқан елдерден гөрі анаұғұрлым биік. Егер де дамыған елдерде тойымсыздық жолына түскен "алтын млрд." тұрып жатса, жер бетінде осы күнге дейін тағы 1 млрд. жуық адам, басқа қажеттіктерді өтеуді айтпағанның өзінде, күнбе-күн азық-түлікке жарымай отыр, ал 75 млн. аштықтың зардабынан жыл сайын дүниеден кетеді. Бұл дамыған елдер мен дамып келе жатқан елдердің арасындағы қайшылықтың өсуімен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда дамып келе жатқан елдер дамыған елдерге 1 трлн. доллардан артық берешекті!!! Олар оны өтеу түгіл, оның өсімінің өзін төлеуге қиналады. Сондықтан да, Кубаның көсемі Ф.Кастро БҰҰ-ның мінбесінен осы борышты сызып тастауға шақырды. Алайда, дамыған елдер ондай шараға барар емес. Ал мұндай жағдайдың өршуі кедей елдердің наразылығын тудырып, неше-түрлі экстремистік қозғалыстарға дем береді.
Әрине, дамыған елдер оларға көмек жасағандай болады. Жылына, шамасымен 50 млрд. доллларға жуық қаржы бөлінеді (салыстырыңыз: 2003-2004 ж.ж. АҚШ бір ғана Ирактағы соғысқа 200млрд. артық қаражат жұмсады). Өткен ғасырдың екінші жартысында дамыған елдер "көмек" ретінде ауыр да кір өндіріс салаларының біршамасын дамып келе жатқан мемлекеттерге аударды. Нәтижесінде, олар үш ұтысқа ие болды: өз елдерінің экологиясын дұрыстады, екіншіден, арзан жұмыс күшін пайдаланып, табыстарын өсірді, үшіншіден, ол елдердің шикізаттарын пайдаланды. Дегенмен де, ол кезде дамыған елдер мен дамып келе жатқандардың арасындағы айырмашылық бірте-бірте қысқарады деген үміт болатын-ды. ХХғ. 70-80ж.ж. бұл айырмашылық, керісінше, күрт өсе бастады. Өйткен себебі, біршама дамып келе жатқан елдер жаңа компьютерлік бағдарламаға негізделген технологияларды игеруге халықтың жалпы білімінің төмендігінен қол жеткізе алмады. Ғалымдардың есебі бойынша, кейбір елдер дамыған мемлекеттерден 150 есеге дейін қалып қойыпты!!! Егер де, шикізатқа бай елдер табиғи байлықтарын сатып күн көрсе, жоқ елдер – дүниежүзілік сауда үрдісінің шетіне ысырылып, қайыршылықтың ауыр зардабын көруде. Сонымен, құрметті оқырман, халықаралық терроризм мен экстремизмнің негізгі қайнар көзі Ислам дінінде емес, дамып келе жатқан елдердің аянышты әлеуметтік-экономикалық жағдайында екенін түсінген боларсыздар.
Енді бесінші мәселеге келер болсақ, жоғарыда көрсетілгендей, халықтың білім деңгейін көтермей, бүгінгі технологияларды игеру мүмкін емес. Адам тіпті әріптерді танып, оқи алғанның өзінде де "функционалдық надандықта" болуы мүмкін. Яғни, ол компьютерлік технологияларды игеріп, жұмыс істей алмайды. Олай болса, білім беру мәселесі де жаһандану үрдісінің негізгі проблемаларының біріне айналып отыр. Екінші жағынан, надандық демографиялық мәселені шешуге де кедергі тудыратыны белгілі. Дүниежүзілік практика "жан-ұяны жоспарлау" тек сауатты, салауатты да білімі жоғары елдерде ғана іске асатынын көрсетеді.
Алтыншыдан, соңғы кезде ғалымдар жаһандану үрдісінің негізгі проблемалары ретінде денсаулықты сақтау мәселесін атауда. Өйткені, бүгінгі таңда адамзаттың жағалай ортаны түбегейлі өзгертуі мен адамдардың денсаулығы төмендеуінің арасындағы байланысты анықтап отыр. Оның куәсі ретінде жүрек, бүйрек, бауыр, мұрыннан қан кету, СПИД, рак т.с.с. "цивилизация ауруларын" келтіруге болады. Егер де, дамыған елдердегі аурулардың көбі тамақты көп ішу, аз қозғалыста болу, шылым шегу, тәндік-сезімдік өмір бағытын ұстаудағы жолда байлықты өсіремін деп жүйкені тоздыру т.с.с. себептерден болса, дамып келе жатқан елдерде жағалай ортаның ластануы, баспана қиындығы, ішетін ас-су сапасының төмендігі туберкулез, трахома, малярия т.с.с. "әлеуметтік ауруларды" тудырады. Жаһандану үрдісі миллиондаған адамдардың бір елден екіншіге, бір континенттен келесіге миграция жасауына әкеліп жатыр. Сондықтан, жұқпалы аурулар бүкіл Дүниеге кеңінен тарап адамзаттың үрейін туғызуда…
Жаһандану мәселелерін шешу жолдарын зерттеуде негізінен екі бағыт қалыптасты. Олар: технооптимизм (болашақ жарқын) және технопессимизм (болашақ қасіретті).
Технооптитмистік көзқарастар өз мәресіне ХХғ. 60 жж. жетті. Ол кезде ғылыми-техникалық революция (ҒТР) жетістіктерін кеңінен өндірісте пайдалану қарқын алған болатын. Дж.Гелбрайт, Р.Арон т.б. ғалымдар ғылым мен техниканың дамуы "бұқаралық нарықты" тудырып болашақта Жер бетіндегі барлық халықтарға тамаша өмір әкеледі деген ой тастады. 80ж.ж. Д.Бэлл, Ж.Фурастье, А.Тофлер сияқты ғалымдар "ғылымның негізгі өндіргіш күшке" айналуына байланысты барлық жер бетінде қорланған мәселелерді компьютерлік технологияларды өмірге еңгізу арқылы шешуге болатынын айтты. Алайда, жақын арада-ақ, ҒТР-дің теріс салдарлары да айқындала басталды. Көп елдер экологиялық дағдарысқа ұшырады. Шикізат қорлары шексіз еместігі анықтала басталды. Дамыған елдер мен артта қалған елдердің арасында қайшылық өсе бастады т.с.с. Әрине, бұл теріс өзгерістер технопессимистік көзқарастарды тудырды.
Технопессимизм (Г.Маркузе, К.Лоренц, Д.Гудмен т.б.) қазіргі қоғам адамдарды ғылым мен техниканың құлына айналдырады,- деген пікір айтты. К.Лоренц ҒТР адамдарды мыңдаған жылдар бойы бейімделген табиғи жағалай ортадан жұлып алып "тастан жасалған джунглиге" қамады. Кейбір адамдар жылдар бойы табиғатқа шыға алмайды. Автоматтар адамдарды ауыр қара жұмыстан босатқанмен, оның жүйкесін анағұрлым тез тоздырады. Қиындығы жоқ жеңіл өмір адамның күшті сезімдерін, өмірге деген жігерін әлсіретіп, зерігуе әкеледі. Іші пысқан адам не істерін білмей, өз өміріне қанағаттанбай, нашамен әуестене бастайды…
Технопессимистер тәндәк-сезімдік өмір бағдарламасынан бас тарту, тойымсыздық пиғылды жою, қанағатқа келу мәселелерін көтерді.
Батыста, Рим қаласында 1968ж. көрнекті ғалымдар "Рим клубын" құрып, адамзат алдында тұрған орасан-зор қиын мәселелерді зерттеуге кірісті. Нәтижесінде, "жарылған бомбадай" дүниежүзілік қауымға әсерін тигізген "Өсудің шегі" (The Lіmіt of Growth) деген баяндама 1972ж. дүниеге келді. Бұл баяндамада Табиғат байлықтарының шектелгені жөнінде, әрі қарай жаңа өндіріс кешендерін салу экологиялық теңдікті жойып, адамзатты апатқа әкелу мүмкіндігі баса айтылды. Осы клубтың бірінші президенті А.Печчеи адамзатқа ең керекті нәрсе – руханияттылық, әсірсесе – адамгершілік. Тек сонда ғана қорланған мәселелерді шешуге болады деген пікірге келеді. Орыстың ұлы ғалымы Н.Моисеев "ХХғ. адамзатқа ескерту жасады. Егер ХХ1 ғ. ол оған мойын сұқпаса, құрып кетуі мүмкін",- деген ой тастайды.
Әрине, бүгінгі таңдағы ұлы ғалымдар алаңдауының терең себептері бар. Уақытында ағылшын ойшылы лорд Честертон айтқандай, байлық адамды аздыртады. Өкінішке орай, материалдық байлықтың өсуі, көп жағдайда, соншалықты рухани өрлеуге әкелмейді. Керісінше, рухани құлдырау байқалады. Оны бүгінгі таңдағы өз өмірімізден-ақ көріп жатырмыз. Бұл қайшылықты жою адамзаттың қолынан келер ме екен? -Болашақ өмір оны көрсетер деген ойдамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |