Онтологиялық (болмыс) мәселелер
Болмыс жөнiндегi көзқарасында Р.Декарт дуалистiк (екiлiк) көзқараста болды. Оның ойынша, жалпы дүние жөнiнде екi субстанцияны мойындауға тура келедi. Олардың бiреуi - материалдық, заттық, денелiк субстанция. Оның негiзгi атрибуты (қасиетi)- созылу, кеңiстiкте белгiлi бiр орын алу. Екiншi субстанция - рух. Оның негiзгi атрибуты - ойлау. Жан-дуние бiр сәт те тоқтамай тұрақты ойлайды.
Бұл екi бiр-бiрiнен тәуелсiз жатқан субстанция адам мәселесiне келген кезде үлкен қиындықтарды тудырады. Қалайша адамның денесi оның рухына, жан-дүниесiне, ал соңғы оның денесiне сондай үйлесiмдi өз әсерiн тигiзе алады? Оны өз кезiндегi жаратылыстану тұрғысынан түсiндiре алмай Р.Декарт Құдай идеясына келуге мәжбүр болады. Оның ойынша, тек Құдай ғана дене мен ойдың үйлесiмдi қарым-қатынасын тудыра алады.
Бiрақ, Р.Декарт өзiнiң космогониялық (ғарыштың дүниеге келуi жөнiндегi ) болжамында Құдайдың рөлiн тек қана материаны жаратып, оны алғаш рет қозғап жiберуiмен шектейдi. Әрi қарай Дүние өзiнiң табиғи заңдылықтарының негiзiнде қалыптаса бастайды. Құйын сияқты қозғалған материалдық бөлшектер қыза келе жұлдыздарға, күнге айналады. Екiншi ұсақ дөңгелек қозғалғыш элементтерден аспан пайда болса, ең соңында үлкен аз қозғалатын бөлшектер бiр-бiрiмен қосылып жер, басқа планеталардың денесiн құрайды.
Ал жер бетiндегi өмiр сүрiп жатқан тiршiлiкке келгенде, Р.Декарт бұрынғы философиядағы гилозоистiк көзқарастардан бас тартады. Өз заманында Аристотельдiң болжаған өсiмдiк пен сезiмдiк жандарын Р.Декарт жоққа шығарады. Оған себеп болған 1628 ж. Гарвейдiң ашқан қан айналысы болса керек. Соған сәйкес, Р.Декарт жануардың өмiрлiк мүшесi - ол оның жүрегi деген пiкiрге келедi. Ол ғылымда алғашқы болып жануарлардың сыртқы әсерге жасайтын iшкi реакциясының механизмiн ашты. Оның ойынша, сыртқы әсердi миға жеткiзетiн артериалар iшiнде қозғалатын ең ұсақ қан бөлшектерi. әрине, бүгiнгi физиология ғылымының тұрғысынан мұндай пiкiрдi тұрпайы деп бағалауға болар едi. Бiрақ, шартсыз рефлекстiң алғашқы болжамын жасаған Р.Декарт екенi сөзсiз. Сонымен, егер жануарлардың жан-дүниесi болмаса, онда олар өте күрделi машиналар.
Адам дене ретiнде жануар әлемiне жақын, сонда ол да машина ма?- деген сұрақ заңды түрде ойға келедi. Оған Р.Декарт үзiлдi-кесiлдi терiс жауап бередi. Бiрiншiден, адам мақсатқа лайықты iс-әрекет жасай алады. Ол қандай да болсын сырттағы қалыптасқан ақуалға үйлесiмдi жауап бере алады, өйткенi ол ақыл-ой елегiнен барлығын өткiзiп шешiмiн табады. “Адамның ақыл-ойы, зердесi - жан-жақты құрал²,- дейдi Р.Декарт. Адамның екiншi ерекшiлiгi - ол сөйлей алатын пәнде. Олай болса, адамның басқа тiршiлiктен негiзгi айырмашылығы - оның рухында.
Достарыңызбен бөлісу: |