Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


тақырып. Болмыс ілімі ( Онтология )



бет129/175
Дата19.10.2023
өлшемі2.79 Mb.
#481135
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   175
lektsii po filosofii

14 тақырып. Болмыс ілімі ( Онтология )
1. Философиядағы болмыс ұғымы
2. Материя философиялық категория ретінде
3. Қозғалыс. Кеңістік. Уақыт.
Таяуда ғана өткен жақын тарихымызда философия пәнін оқуды "материя" ұғымынан бастау дәстүрі болған. Өйткені, ол маркстік философияның, жалпы алғанда, бүкіл материалистік бағыттың негізінде жатқан ұғым болатын-ды. Мұндай жағдайда сонау көне заманда пайда болған "болмыс" ұғымы ескерусіз қалған болатын. Алайда, бұл көзқарасқа бүгінгі таңда өзгерістер еніп, философия пәнінің ең шегіне жеткенінше көлемді ұғымы – болмыс - категориалдық жүйеге еңгізілді. Оның негізгі себебі, болмыс ұғымы материя ұғымынан гөрі көлемі жағынан кең - материя мен рухты бірдей қамтиды, өйткені, дүниеде кең түрде алып қарағанда екі-ақ нәрсе өмір сүреді – ол, бір жағынан, материя, яғни өлі және тірі табиғат болатын болса, екінші жағынан, материалдық емес - идея, сана, рух. Уақытында ұлы И.Кант айтып кеткеніндей, Құдайдың барлығын, я болмаса, жоқтығын ешкім ешқашанда дәлелдей алмайды – ол ашық сұрақ. Бірақ, дүниеде өмір сүріп жатқан тірі адамның жан-дүниесі, сана-сезімі, рухы барын ешкім де теріске шығара алмас.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, болмыс ұғымының қайнар көзі Дүниеде "болу", "өмір сүруге" келіп тіреледі (салыстырыңыз: орыс тілінде "бытие" - "быть", ағылшын тілінде "beіng" - "to be" – деген етістіктен шыққан). Олай болса, болмыс ұғымы Дұниеде өмір сүріп жатқанның бәрін қамтитын кең көлемді философиялық категория. Әрине, Дүниеде өмір сүріп жатқан нәрселердің сан-алуан қасиеттері бар – олар көк - қызыл, ауыр - жеңіл, дымқыл - құрғақ, т.с.с.- шексіз айта беруге болар еді. Бірақ, олардың бәрін біріктіретін қасиет – олардың болуы, өмір сүруі, яғни, - болмысы. Ең алдымен осыны ұғып алмай, біз әрі қарай ешнәрсеге талдау жасай алмас едік. Бұл – философиялық бастама.
Алайда, философия тарихына жүгінсек, бұл арада ойшылдардың үлкен қиындыққа тап болғанын байқаймыз. Өйткені, жағалай қоршаған Дүниеге зерделі көзбен қараған адам бірде-бір мәңгі өмір сүріп жатқан нәрсені таба алмайды. Қарапайым адам да, Дүниеде біртуар тұлға да бұл өмірге келіп, содан кейін уақыты келгенде – кетеді. Далада жатқан тас та мыңдаған жылдардан кейін құмға, шаңға айналып ғайып болады. Яғни, болмыс бейболмысқа ауысып жатады. Мұны байқаған біздің бабаларымыз Дүниені "жалған" деп түсінген. Үнді ойшылдары да бұл Дүниені "Ұлы сағым - Мая" деп атаған. Ал ұлы Гегельге келер болсақ, ол болмысты "жоғала бастаған болмыс" , Дүние дегеніміз - мәңгілік қалыптасу,- деп түсінді.
Оқырманның байқағанындай, болмыс категориясын жете түсінудегі негізгі қиындық - бір жағынан, Дүниенің ағымдығы, екінші жағынан, ол қанша өзгеріске түссе де өмір сүріп қала беруі. Бұл ақуалды өзеннің суымен салыстыруға болар еді – ол әрқашанда ағыста болғанымен таусылмайды, өмір сүріп қала береді.
Болмыс ұғымы ең мейлінше кең ұғым болғаннан кейін, оған қарсы тұрған ұғым – бейболмыс, яғни, ештеңе, жоқтық.
Бір қарағанда, болмыс ұғымы мейлінше кең болғаннан кейін мазмұн жағынан алғанда мардымсыз болып көрінеді. Бірақ, соған қарамастан, сонау көне заманнан бастап оған әр-түрлі мағна беріліп Батыс пен Шығыс дүниесезімі мен дүниетанымы екіге бөлініп, осы күнге дейін созылып келе жатқан айырмашылықты тудырды. Мұның өзі де философияның өмірмен тығыз байланысты екенін, Адамзат өркениетінің түп-тамырында жатқанын көрсетсе керек.
Бұл ойды нақтылай келсек, көне Қытай философиясындағы Даосизм ағымында болмыс "дао" ұғымы арқылы беріледі. Қытай тіліндегі көп сөздер сияқты, дао ұғымы да көп мағналы: бір жағынан ол аспанның құдіретті заңдылықтары ретінде түсінілсе, екінші жағынан, болмысты бейнелейді. Ал соңғының өзі екі мағнаға бөлінеді – ол "бірінші дао" – абсолютті болмыс, және "екінші дао", я болмаса "дэ" – көз алдымызда өмір сүріп жатқан өтпелі Дүние. Бірінші даоға қанша қарасаң да көре алмайсың, қанша тыңдасаң да ести алмайсың, оған ат қояйын десең де қоя алмайсың, өйткені оның аты жоқ,- деп қорытады,- көне Қытай ойшылдары. Демек, ол не?,- деген сұрақ дереу біздің ойымызға келеді. Ол – ештеңе, яғни,- жоқтық. Бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар содан шығып өмір сүруге келеді де, ақырында, соған барып өшеді. Тек ешқандай өзгеріске түспейтін, мәңгілік, абсолютті – бірінші дао ғана. Ал, Дүниеге келген заттарды, яғни, екінші даоны - дэні алатын болсақ, оның әрбіреуінің өз аты бар, олар өтпелі, мінді, салыстырмалы т.с.с.
Енді Шығыс философиясынан Батысқа назарымызды аударсақ, көне Грек ойшылдарының ішінде алғаш рет болмыс категориясын терең талдаған Парменидке келіп тоқталамыз. Ол кісінің атақты сөздері – Тек қана болмыс өмір сүреді, бейболмыс тіпті де жоқ. Яғни, Дүниеде бар нәрсе – бар, жоқ нәрсе – жоқ. Бір қарағанда, қисынды сөздер! Бірақ, осы ойды айтқаннан кейін, Парменид, қозғалысты, Дүниеге келу мен кетуді жоққа шығарып, терістеуге мәжбүр болды. Өйткені, бір нәрсенің Дүниеге келуі дегеніміз не? – Ол болмыста бұрын жоқ еді, енді, міне, Дүниеге келді. Ал, Парменидке келер болсақ, ол жоқтың аты жоқ дейді, яғни, Дүниеге келуді мойындамайды. Сол сияқты, Дүниеден өтуді де, яғни, бардың жоққа айналуын да мойындамайды, өйткені, бар нәрсе бар, ал жоққа келер болсақ - жоқ. Ал, Дүниеге келу мен кетудің өзі қозғалыс арқылы жүрмей ме? – Олай болса, болмыста қозғалыс та жоқ. Яғни, болмыс дегеніміз ешқашанда өзгермейтін, кемеліне келген, абсолютті, өз-өзіне тепе-тең.
Әрине, мұндай көзқарастың өмірдегі тәжірибеге сай келмейтіні әрбіреуге жақсы таныс. Бұл дүниеде қозғалмайтын, өзгермейтін ешнәрсе жоқ. Олай болса, Парменид бұл Дүние нағыз болмыс емес, оған – ой елегі арқылы ғана жетуге болады,- деген пікір айтады. Яғни, ойлау мен болмыс бір-біріне тең. Сонымен, Парменидтің болмысы ой арқылы жететін идеалды, ешбір мінсіз, кемеліне келген, мәңгі, дөңгелек, өз-өзіне тепе-тең, бөлінбейтін болмыс болып шықты.
Сонымен, сонау көне заманнан бастап, Батыс пен Шығыс болмысты әр-түрлі түсініп, соған негізделген әр-түрлі Дүниеге деген көзқарасты қалыптастырды.
Шығыс бейболмыстың өмір сүруін мойындап оның іргетастығын анықтағаннан кейін, бұл Дүниені сол бейболмыстың көмескі бейнесі ретінде ғана түсініп, оның өтпелігіне аса назар аударады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бейболмысқа өтетін Дүниені адамның өз еркіне көндіруі тіпті мүмкін емес, оны өзгерту, жетілдіру де мағнасыз нәрселер. Сондықтан, негізгі мақсат – адам өз ішкі өміріне үңіліп, тек соған назарын аударып, соны ғана жетілдіруі қажет. Осындай көзқарастың негізінде Шығыста интраверттік (іntra,-лат. сөзі – ішкі деген мағна береді) мәдени бағыт қалыптасты.
Ал енді Батысқа келер болсақ, Парменидтің бейболмысты теріске шығаруы, сонымен қатар идеалды, еш мінсіз, жетілген, мәңгілік Болмыстың бар екенін мойындауы – бүкіл Батыс өркениетінің қалыптасып, бүгінгі күнге дейін дамуының астарында жатқан іргетасты көзқарас екеніне оқырманның ерекше назарын аударғымыз келеді. Соңынан пайда болған христиан дінінің негізгі қағидаларының бірі – адамды Құдай өз бейнесіне ұқсатып жаратты да осы жаратылған Дүниенің әміршісі қылды деген қағиданың өзі де Парменидтің болмыс ілімімен ұштасып жатқан жоқ па? Ал енді марксизмнің өзін, осы тұрғыдан алып қарағанда, Батыс Еуропа ой-өрісінің қисындық шегі деп бағалауға болатын сияқты, өйткені, коммунизм – кемеліне келген, адамдардың барлық қажеттіктері толығынан өтелген, соның негізінде әлеуметтік біркелкілік орнаған қоғам. Яғни, ол - жер бетінде адамның шығармашылық іс-әрекеті арқылы орнатылған идеалдық қоғам.
Сонымен, егер нақтылы өмір сүріп жатқан сезімдік, кемеліне келмеген Дүние мен қатар идеалды болмыс болса, ал бейболмыс тіпті болмаса, онда жағалай қоршаған мінді ортаны идеалды болмысқа сай етіп өзгертуге, жетілдіруге болады. ХХ ғ. өмір сүрген көрнекті Еуропа ойшылы Теяр де Шарденнің "Дүние әлі жаратылып біткен жоқ, - ол жаратылу үстінде. Оны әрі қарай жетілдіретін негізгі күш - адамзат",- деген ойының да Парменидтің болмыс түсінігімен ұштасып жатқанын байқауға болады. Сонымен, Батыс мәдениеті экстраверттік (extra,- латын сөзі,- сыртқа бағытталған деген мағна береді),- жағалай қоршаған ортаны танып-біліп, соның негізінде жетілдіруге бағытталған болып шықты.
Бұл арада "Шындық қайда, кімнің қолында,- Батыста, я Шығыста ма? ",- деген заңды сұрақ пайда болады. Батыс Рухы мыңдаған жылдарға созылған өркениеттік тарихында жағалай қоршаған ортаны жетілдіру жолында сан-алуан жетістіктерге жетті – оның айқын көріністері - ғарыштағы ұшып жүрген жасанды Жердің серіктері, бүкіл Дүниежүзін шырмап алған Интернет жүйесі, өмірдің шын сырын ашу жолындағы жасалып жатқан клональдау эксперименттері, миллиондаған әр-түрлі техникалық құралдар мен жабдықтар т.с.с.
Бірақ, сонымен қатар, өмірді нәзік те терең сезінетін ойшылдар ХІХ ғ. аяғынан бастап-ақ бүкіл ХХ ғ. шеңберінде Батыс өркениетінің шытынай бастағанын ашық айтқан болатын (О.Шпенглер, Х.Ортега-и-Гассет, Э.Фромм, Г.Маркузе т.с.с.). Материалдық Дүниені өз еркіне көндіріп оны өзгерту барысында Батыс адамы өзінің Құдай еместігіне бүгінгі таңда әбден көзі жетті. ХХғ. өткен екі Дүниежүзілік соғыстар, соның нәтижесінде қырылған миллиондаған адамдар, бүгінгі таңдағы экологиялық апаттар мен дағдарыстар, адамның материалдық жағынан бай болғанымен рухани-адамгершілік тұрғысынан жүдеуі т.с.с. бәрі де – Батыс өркениетінің тұйықтыққа келіп тірелгенін көрсетеді.
Ал Шығыс елдеріне келер болсақ, ғылыми-техникалық жетістіктерді игеріп, оны өз мәдениеті, дүниесезімімен ұштастыра білген елдерді саусақпен ғана санауға болады (Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея). Өз рухани мәдениетінің мыңдаған жылдарға созылған ерекше тарихы болса да, көп Шығыс елдері жаңа ғана дамып келе жатқан елдер қатарына жатады – онда кедейшілік пен қайыршылық, жұмыссыздық кең етек алған. Бір жағынан алғанда, Шығыс елдеріндегі халықтар Батыс mass medіa туындыларын қабылдамайды, өйткені, олардың рухани болмысына олар қайшы келіп қалың бұқараның наразылығын тудырады. Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, дамыған елдердің экономика жағынан алға кетіп алшақтай түсуі, көп жағдайларда олардың кедей елдердің табиғи байлықтарын төмен бағаға сатуға мәжбүр етуі т.с.с. себептер, әсіресе, ислам ілімі терең тамыр жайған елдерде экстремизм мен терроризмнің етек алуына, сонымен қатар, "ғаламдасу үрдісімен " бірге кіретін Батыстың зорлық-зомбылық, порнографиялық т.с.с. мәдени үлгілерінен сақтану жолында көп қарапайым адамдардың "таза исламға қайтып оралу" идеясын насихаттайтын вахабизм сияқты кертартпа діни ұйымдардың құрамына кіріп, саяси эстремизмнің қайнар көзіне айналып жатқанын байқауға болады.
Олай болса, шындық Батыста да, Шығыста да толығынан жоқ сияқты. Бүгінгі таңдағы адамзат болмыс тірегін бір жағынан ашынған, қорқынышты үрейлік сезіммен, екінші жағынан, бітпейтін үмітпен іздестіруде… Бұл адамзат ізденістеріне, құрметті оқырман, сіз де, пісіп-жетіле келе, өз үлесіңізді қосарсыз деген үміттеміз.
Енді болмыс ұғымын әрі қарай талдасақ, оның құрамынан негізгі екі шындықты табуға болады: оның бірі – жағалай бізді қоршаған табиғат, материалдық әлем, екіншісі – рух әлемі, адамның жан-дүниесі мен санасы. Егерде бірінші өзімен-өзі объективті, адамның санасынан тәуелсіз өмір сүрсе, екінші – рух әлемі – адамның, яғни субъектің ішкі жан-дүниесімен, оның ырқы, қалауы, қажеттіктерімен тығыз байланысты. Егер болмыс ұғымы арқылы біз материалдық әлемді анықтасақ, сана арқылы болмыс өз-өзін анықтайтынын байқаймыз. Уақытында ұлы Л.Фейербах айтқанындай "Ұлы мәртебелі Табиғат (яғни, болмыс, С.М.) адам арқылы өз-өзін сезіну, түсіну дәрежесіне көтеріледі ".
Сана мен материяның өзара бір-біріне өтуі субъектіні тудырады, яғни ол материалдық денесі, сонымен қатар, санасы бар, өзінің сан-алуан қажеттіктерін өтеу үшін іс-әрекет жасай алатын пенде – адам. Сонымен, жоғарыда айтылған екі Әлем адамның бойында жинақталады екен. Адам дене ретінде өз қажеттіліктерін өтеп, басқа тіршіліктер сияқты осы болмыста өмір сүреді. Сонда адам болмысы осы тіршілікте болумен теңеле ме ? Бұл дүниеде құмырсқа да жаңбыр құрты да өмір сүріп жатқан жоқ па? -Әрине, адамды құмырсқаға, бұл тіршіліктегі қайсыбір жануарға теңеу үлкен қателік болар еді. Адамды шынайы адам қылатын – оның санасы, ішкі рухани өмірі, соның негізінде пайда болатын шығармашылық іс-әрекеті емес пе ?! Қайсыбір жануарды алсақ та, ол өз болмысын бұлдыр, көмескі сезінеді, өз өмірі мен өлімі, жалпы Әлем жөнінде тебірене алмайды. Тек адам ғана бұл өмірде тіршілік жасап қоймай, сонымен қатар, Дүниенің болмысы, өз халқының тағдыры, оның әржағында бүкіл адамзат, жалпы тіршілік жөнінде ойланып тебіренеді, "мен бұл Дүниеге не үшін келдім",- деген сұрақты өз алдына оқтын-оқтын қояды. У.Шекспирдің Гамлеті қойған сұрақ "to be ore not to be? – That іs the guestіon! " ( Болу ма, я болмау ма? – Міне, негізгі сұрақ !) – адамзаты қаншалықты өмір сүрсе, соншалықты өміршеңді болып қала бермек. ХХ ғ. ортасында бұл сұраққа әдейі арнап кітап жазған көрнекті американ философы Э.Фромм, қазіргі Батыс цивилизациясы адамның өмірдегі болмысын баю, иелену арқылы көреді,- деген тұжырымға келіп, оның тигізген барлық теріс әсерін көрсеткен болатын. Қазақ халқы өзінің трагедияға толық тарихында өз жолынан таймай "жігіт бір сырлы, сегіз қырлы" болу керек, әр күнді бағалап, оны қуаныш, той-думан, өнер-сайысқа айналдыру керек деп есептеген – бұл оның даналығын көрсетеді. Бірақ, бүгінгі таңдағы реформа кезінде біз осы сара жолдан тайып, Батыс дүниесезіміне, тойымсыздыққа қарай ауысып бара жатқан жоқпыз ба?,-деген сұрақ та ойландырмай қоймайды.
Адамның саналы шығармашылық іс-әрекетінің нәтижесінде Жер бетінде "екінші табиғат" болмысы пайда болды. Егер "бірінші табиғат" деп біз адам қолымен өзгеріске түспеген тағы табиғатты айтатын болсақ, "екінші табиғат" - адамның саналы іс-әрекеті арқылы өзгеріске түскен. Егер жануар өзіне қажеттінің бәрін таза табиғаттан тауып алатын болса, адам оған қанағаттанбайды. Сондықтан, ол табиғатты өзгертіп, өз мүддесіне сай етіп өмір сүреді. Оның бүгінгі таңдағы көріністері – алып қалалар, асфальт және темір жолдар, жасанды көлдер мен ормандар, мәшинелер мен неше-түрлі техникалық жабдықтар т.с.с. Олардың бәрі де саналы іс-әрекеттің туындылары. Олай болса, адамның санасы мен рухы осы екінші табиғаттың туындыларында сөнген, яғни, заттанған. Қайсыбір адамның қолымен жасалған заттың негізінде белгілі-бір идея жатыр. Сол жасалған затты пайдаланып, оны игерген кезде,- сөнген идея дереу "лап етіп жанып" тағы да сол адамның ішкі рухани өмірінің құрамдас бір бөлігіне айналады, яғни заттанған идея өзінің материалдық қабығынан босап, тағы да санаға айналады. Екінші табиғаттың бұл терең сырын жете түсіну үшін, оқырманға бір қарапайым мысал келтірейік. Егер сіздің мәшинәңіз сынып қалса, сіз сол сынған бөлшекті қолыңызға алып, ең алдымен ол қалай жұмыс істейтінін түсінуге тырысасыз, бұл жәйтті түсінген кезде, соны ойлап шығарған инженердің сол бөлшекте заттанған идеясын тағы да "тірілтіп" өз санаңыздың байлығына айналдырасыз. Егер сіздің техникаға икеміңіз болса, сол бөлшектің жетілмеген жерін анықтап оны тіпті қайта өзгертуіңіз де мүмкін. Оны қоғам рационализаторлық әрекет деп бағалайды. Идеяның затқа, заттың қайта идеяға айналу диалектикасын осы мысалдан көруге болады. Қорыта келе айтарымыз – мыңдаған жылдардағы адамзат қолынан шыққан туындыларда оның барлық дүниеден алған тәжірибесі, шығармашылығы, білімі заттанған. Әрбір Дүниеге келген жаңа ұрпақ соларды игеріп, оны әрі қарай дамытып, өзінің рухани байлығына айналдырады.
Енді, міне, сол "екінші табиғатты" тудырған адамның рухани болмысын талдауға да уақыт келіп қалған сияқты. Алғашқы жақындағанда, оны екіге бөлуге болады. Біріншіден, ол тарихи сахнада өмір сүріп жатқан нақтылы тірі адамның рухани өмірі – оны субъективті рух деуімізге әбден болады. Тірі адамның түйсіктері, сезім тебіреністері, ырқы, өзіндік сана-сезімі, ғылыми түсініктері, тіпті бейсаналық инстинктері – бәрі де оның ішкі рухани өмірін құрайды. Адамның ішкі өмірі сыртқы Дүние сияқты – тұңғиық, шексіз. Сондықтан да көне гректер адамды "микрокосм" ретінде қарап оны "макрокосмға", яғни, Дүниеге теңеген болатын. Бір адам басқа адамның ішкі дүниесін толық білмек түгіл, кейбір кезде өз ішінен бұрын білмеген қасиеттерді тауып алып таңғалады !
Әрине, адамның ішкі рухани болмысы сыртқа шығуға үне бойы талпынады, өйткені, адам басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсіп барып өмір сүре алады – Д.Дефоның "Робинзоны" тек қиялдан шыққан көркемдік бейне ғана емес пе ?
Олай болса, қоғам өмірінде интерсубъективтік (іnter,- латын сөзі,- екіаралық, көпаралық деген мағна береді) рух дүниеге келеді. Ол жеке өмір сүретін бір адамның ғана қазынасы емес, ол қоғамның, яғни, бір-бірімен байланыс, қарым-қатынасқа түскен көп адамдардың ортақ байлығы. Мысалы, сізге қоғамның белгілі бір саласын жетілдіруге бағытталған ой келді - ол тек сіздің ғана ойыңыз. Бірақ, сіз оны ақпарат құралдары арқылы қоғамға жария еттіңіз. Сіздің ойыңыз өзекті болып, оны көп адамдар қолдады – енді, міне, ол сіздің уысыңыздан шығып, қоғамның рухани құндылығына айналды, өйткені, ол басқа адамдардың санасына да ұялап, олардың ой-өрісіне өзінің әсерін тигізді. Сонымен, интерсубъективтік, яғни, объективтік рух қоғамның үстінде, аспандағы бұлт сияқты, жеке адамның санасынан бөлініп, дербес өмір сүріп жатқан идея емес, ол көп адамдардың санасында өмір сүріп жатқан, солардың мойындаған, ішкі рухының бөлігіне айналған құбылыс. Философияда объективтік рухтың формалары ретінде ғылым, өнер, дін, мораль, құқықтық нормалар т.с.с. айтылады.
Енді, субъективтік және объективтік рухтың өзара байланысы қандай ?, - деген сұрақ заңды түрде пайда болады. - Әрине, жеке адамның тұлға болып қалыптасуында қоғамдық сананың, яғни объективтік рухтың маңыздылығын асыра түсіну өте қиын. Дүниеге келген сәби ананың ақ сүтімен бірге оның сүйіспеншілігін, әлди-әлди өлеңдерін, неше-түрлі ертегілерін бойына сіңіріп, тілі шығып, өсе келе бала бақшасы, мектеп, жоғарғы оқу орнына барып тәлім-тәрбие алып тұлғаға айналады. Сонымен қатар, пісіп-жетіле келе оның бойында жаңа идеялар, туындылар пайда болып, оларды жарыққа шығарып қоғамдық сананы әрі қарай дамытады. Тек бұл арада айта кететін нәрсе, өкінішке орай, осы уақытқа шейін адамзаттың көпшілігі қоғамдық сананы пайдаланады да, тек элитарлық (elіte, - франц. сөзі, қоғамның үстем білімді, өнерлі азшыл тобы деген мағна береді) аз топ қана оны әрі қарай дамытады. Осыған өкінген ХХ ғ. ұлы испан философы Х.Ортега-и-Гассет халық бұқарасын тобырға теңеп, қазіргі кездегі рухани дағдарыстың себептерін "тобырдың көтерілісінен" көреді. К.Маркстің ойынша, тек қана жер бетінде коммунизм орнаған кезде ғана әр адам жан-жақты дамып, шығармашылық деңгейіне көтеріліп, қоғамдық сананы дамытуға қол жеткізеді.
Қоғамның рухани болмысын талдауда әдебиетте "абсолюттік рух" деген ұғым да кездеседі. Көбінесе, оны философия тарихында Құдайға әкеліп тірейді. Гегельдің ойынша, абсолюттік рухқа "өнер", "дін", "философия" жатады. Өнер арқылы абсолюттік рух өзін толық еріктіктің негізінде аңлайды; дін арқылы өз-өзіне беріліп қабылдайды; тек философия сатысына жеткен кезде ғана өз-өзін ұғымдар арқылы жете түсінеді,- сондықтан, Гегельдің ойынша, философиядан биік рух жоқ, ол рухтың ең биік сатысы.
Қорыта келе, біз болмыс ұғымының өз бойына бүкіл Әлемді (материя мен рухты, субъект пен объектіні), олардың өзара байланысын қамтитынын байқадық. Бұл шегіне жеткенінше кең ұғым, сондықтан, оның мазмұны да жиырылған түрінде оның ішінде жатыр. Енді біз оларды өз қисынының негізінде "сыртқа шығарып" жайып талдауымыз керек – сонда ғана оның астарында жатқан ұғымдардың жүйесі болмыс жөніндегі ілімді толыққанды суреттейді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   175




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет