300
Сүлеймен қарақшы
Аркашаға бұрылып, қызу сөйлей бастады. Аракiдiк қолдарын
сермеп-сермеп қояды.
Аркаша
бiр нәрсенi дәлелдегiсi келiп, қиналса да жауап
қатып жатыр. Оған шекесiнде екi алмадай iсiгi бар кiсi қосылды.
Төртбақ оны бiр ұрды. Ол бiрден үнiн өшiрiп, кейiн жылыстады.
— Орыстарға мынаның алдында құрдай жорғалап не көрiндi?
— дедi Аязбек.
— Кешегi айтқан Османы осы бiлем ғой.
— Мұның адам қорқатындай ештеңесi жоқ сияқты.
— Кейбiреулер аса дәу болмағанмен, жаужүрек болады.
Сондайдың бiрi шығар бұл.
— Бiзге тиiсетiн болса,
сен емес, мен-ақ шығайыншы
төбелеске.
— Өзiмiзше тимейiк. Алда-жалда тиiссе, көре жатармыз.
Бiрақ Осман да, серiктерi де бейбiт отырды. Кеш батты.
Осман екi орыстың шекпенiн шешiп алып, бiрiн төсенiш, бiрiн
жамылғы еттi.
Анау сорлылар дiрдектеп, шапаны барлардың
қолтығына тығылды. Түн түстi. Екi күннен, екi күннен емес-
ау, нешеме тәулiктен берi қамауда жатып, ұйқыдан басқаны
бiлмейтiн сотталушылар бiрден ұйықтай қоймайды. Әркiм
жанындағысымен күбiрлесiп, уақыт өткiзедi. Бүгiн түнде де солай
болған. Түн түсiсiмен әр бұрыштан
өзара сөйлескен дауыстар
тағы шыға бастады.
— Өшiрiңдер дауыстарыңды! Ұйқы берiңдер! — деген қатқыл
үн шықты Осман жақтан. — Егер ендi кiмде-кiм сөйлесе, өлдiм
дей берсiн.
Ақырған Осман ба, жоқ бiр жандайшабы ма, ешкiм бiлмедi. Бiр
анығы — Микайдың даусы емес. Бiрақ осыдан кейiн әр жерден
шыққан дауыстар сап тиылды. Ал көп сөйлемейтiн Сүлейменге
бәрiбiр. Алайда қасақана сөйлегiсi келдi.
— Аязбек, анау жақтан бiр айғыр кiсiнегендей болды ма?
— Қайдам. Менiң құлағыма биенiң даусы келгендей болды.
— А, мен айғыр ма десем, бие ме едi...
Бұл сөзге Османдар тарапынан жауап болмады.
— Неге тым-тырыс? — дедi Аязбек.