1.2. Көп құрамды құрмаластар
Көп құрамды құрмаластардың құрамында, аты айтып тұрғандай, кемінде үш жай сөйлем болады.
Көп бағыныңқылы сабақтас . Құрамында екi не одан да көп бағыныңқысы, бiр басыңқысы бар сабақтастың түрi көп бағыныңқылы сабақтас деймiз.
Көп бағыныңқылы сабақтастың мағынасы дара бағыныңқылы сабақтастың мағанасынан күрделi болады. Көп бағыныңқылы сабақтас бiр басыңқы, кемiнде екi я онан да көп бағыныңқы компоненттерден жасалады.
Бағыныңқылардың басыңқымен байланысына қарап, көп бағыныңқылы сабақтастар жарыспалы көп бағыныңқылы сабақтас, сатылы көп бағыныңқылы сабақтас болып екiге бөлiнедi.
Жарыспалы көп бағыныңқылы сабақтастардың құрамындағы әр бағыныңқы сөйлем басыңқымен тікелей байланысады. Бағыныңқыларының мағыналарына қарай, бiрыңғай жарыспалы бағыныңқы, әр алуан жарыспалы бағыныңқы болып өз ара екiге бөлiнедi. Бiрыңғай жарыспалы сабақтасқа мысал: Ертеңiне тұрсақ, жел басылып, бұлт ашылып, маужыраған бiр күн басталыпты (С.М.). Әр алуан жарыспалы бағыныңқыға мысал: Жиын есiне түскенде, бетiнен оты шықса да, мұғалiмнiң сөзiне көнбесiне Бектайдың шарасы болмады (М.И).
Сатылы көп бағыныңқылы сабақтастардың құрамындағы әр бағыныңқы сөйлем басыңқымен тікелей байланыса алмайды, бірінші бағыныңқы екіншімен, екінші үшіншімен т.т байланысып барып, басыңқы сыңармен байланысады.
Аралас құрмаластар
Компоненттерi салаласа да, сабақтаса да байланысатын құрмаластың түрi аралас құрмаластар деп аталады. Жасалу жолы жағынан келгенде, аралас құрмалас сөйлем құрмаластың ерекше түрi болып саналмайды. Өйткенi мұнда оның өзiне тән арнайы амал-тәсiлдерi болмайды, тек бұрыннан белгiлi салаласа және сабақтаса байланысу амалдарының қабаттаса келуi арқылы жасалады. Құрамында кем дегенде үш жай сөйлем болады.
Ерекшелігі:
құрамындағы компоненттер санының екіден көп болуы;
компоненттерінің салаласа да, сабақтаса да байланысуы.
Жабай шығып кетпегенде, Игiлiк жiгiттердi сөзге айналдырып бөгей тұрмақ едi, бiрақ оның ретi болмай қалды (Ғ. Мүсiрепов).
Достарыңызбен бөлісу: |