Дипломдық ЖҰмыс білім беру бағдарламасы: 6В01707 Қазақ тілі мен әдебиеті


Бауыржан Момышұлы әңгімелеріндегі портрет пен пейзаж



бет8/10
Дата01.10.2024
өлшемі218.56 Kb.
#504214
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Ернар Қызырбек диплом түзетілген нұсқа

2.2 Бауыржан Момышұлы әңгімелеріндегі портрет пен пейзаж



Қазақтардың ұлттық танымында төрткүл дүние, жеті қат көк, жеті қат жер түрінде қабылданатын кеңістіктің кіші бөлшегі – ата мекен, ата қоныс. Ата бабадан мұра болып қалған жер – қасиетті де құтты қоныс. Ежелден халқымыздың дүниетанымындағы ата мекен ерекше шабытпен жырланып, оның қасиет-киесіне ерекше назар аударылады. Қазтуғанның әйгілі «Алаң да лаң, алаң жұрт» толғауы осының мысалы. Данышпан жырау Асан қайғының Желмая мініп, жер шалып, Жерұйықты іздеуінің өзі халыққа құт әкелер, бейбіт ғұмыр сыйлар қасиетті мекенге қоныстандыруды мұрат еткені. Ел бірлігі мен тыныштығы жердің құттылығымен тікелей байланысты деп түсінген жыраулар өз толғауларында атамекен турасында толғамды ой қозғап, мәнді философиялық тұжырымдар жасады. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді.
Майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының прозасы ХХ ғасырдың 60–90 жылдарындағы және қазіргі әдеби үдерістегі тағылымымен танымал. Оның әңгімелері, повестері, романдары, публицистикасы – бәрі де қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті құрамында өзіндік көркемдік сипатымен, идеялық ерекшелігімен бағаланады. Оның шығармаларындағы туған жер, атамекен ерекше шабытпен, асқан сүйіспеншілікпен суреттеледі.
ХХ ғасырдың 60–90-жылдарындағы қазақ әңгімесі уақыт шындығын классикалық әдеби дәстүрімен бейнелегендігімен ерекшеленеді. Бұл кезеңдегі жазушылардың әңгімелерінің көбінде сол төңкеріске дейінгі және кеңестік дәуірдегі қазақтардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары көркем шындықпен суреттелді. Солардың қатарында Б.Момышұлын да атауға болады.
Жазушы Бауыржан Момышұлы «Жол үстінде» әңгімесі арқылы халық тілінің байлығын жақсы меңгергендігін айқын аңғартады. Әңгімедегі оқиға экспозициясы әскердегі жас жігіттің туған елін, ондағы алғашқы махаббатын еске алумен басталады. Әңгіме қаһарманы – Әзімхан. Әсіресе, әр кейіпкердің сыртқы портретін даралап ашуға ұмтылуы жазушының шынайы суреткерлік шеберлігінің жоғары екендігін танытады. «Сұңғақ бойлы, сымбатты, қалың қара шашты, мөлдіреген, айбатты қара көзді, қыр мұрынды, ашаң жүзді, келбетті, ауыр мінезді, салтанатты, еркек сұлуы деумен оның сыртқы бейнесінің суреттелуі бітеді» [24, 4]. Сөзбен сурет салу дегеніңіз осы болса керек. Жанды картина, шынайы адам бейнесі көз алдымызға көлбеңдеп тұра қалады. Жазушы оның сыртқы тұрқы осымен бітті дегенімен, оның ішкі болмыс-бітімін, жан дүниесін диалог үстінде, іс-әрекет барысында ашады. Жол қысқартудың жолын іздеп, атқосшылардың арасынан өлеңші табылмай сасқан тұста суырылып алға шыққан Әзімханның батылдығы ерекше көзге түседі. «Тайганы жаңғыртып қаз-қоңыр даусымен» Әзімхан мына өлеңді айтады:

Шашы бар қолаң қара ашаң жүзді,


Қыр мұрын, қиылған қас, қара көзді,
Толықша, сұңғақ бойлы, алма мойын,
Тиісті жауап берер майда сөзді.

Кең иық, һәм кеуделі құмырсқа бел,


Сымбатты, салтанатты көргенде ел.
Ақ тамақ, оймақ ауыз, ауыр мінез,
Көз алмас көрінгенге көңілі ер.

Ұн бетті, бояу ерін қылаң емес,


Жырқылдақ әсіреңкі сылаң емес.
Қылығы оларсыз-ақ жарасып тұр,
Ойыңа ой қосады берсе кеңес.

Жарасқан барлық кейпі денесіне,


Кім болмас риза туған енесіне.
Дәл соны жанға балап жар етпесең,
Өмірдің бұл әйелсіз керегі не [24, 6].
Автор портрет жасауда тек қана өзінің көріп білгенін ғана сөз етіп қоймай, оған сол шығарма кейіпкерінің де таным түсінігін, әйел сұлулығы туралы пайымдауларын оның айтқан әні арқылы қисынды кіріктіріп жіберген. Халық жырларындағы қыз бейнесін көріктеудің дәстүрлі түрін шебер пайдалана отырып атпал азаматты аһ ұрғызған арудың келісті сипатын соншалық нанымды суреттеуі, әрі оны Әзімханның өлеңі арқылы беруі шығарма сюжетін одан әрі қоюландыра түседі. Әңгімедегі негізгі оқиғалар енді осы қыз жайына, өлеңнің туу тарихына қарай ауысады. Автор қызды Әзімхан аузымен «орта бойлы, қолаң қара шашты, мөлдірген бота көз, қиылған қара қасты, қыр мұрынды, қызыл бет, аузында қолмен тізгендей ақ меруерт кірсіз тіс, ақ тамақты, тік иықты, тал шыбықтай бұраң бел... Сөздің қысқасы, Хор қызындай» етіп суреттейді [24, 8]. Автордың жазушылық шеберлігі сол, ол қызға Әзімхан мен өзін ғана емес, оқырманды да ынтықтырып қояды. Сол арқылы оқырманды да оқиғаға араластырып, Әзімхан бастаған топтың ортасына сүңгітіп жібереді. Осы тұста оқиға желісі кілт бұрылып, қосалқы эпизодтар пайда болады. Сөз әуені басқа арнаға ауады. Енді сіз Әзімханмен бірге табиғаттың сұлулығына тамсанып, ер жігіттің айнымас серігі болған жылқы жануарының тұрқына таңдай қағасыз, ауылнай Әлібек деген жігітпен танысасыз. Жазушы Әлібектің сыртқы тұрқын «залым да болса реңді, орта бойлы, аққұба, қара қасты, өткір күлімсіреген қара көзді, жылтыраған қара мұртты» деп бейнелейді [24, 12]. Көз алдыңызда «өмірінде аты арып, иті қаңғырып, құсы қашпаған» саяткер, сауықшыл сері жігіт көлбеңдеп тұра қалады.
Б. Момышұлы – тіл байлығы ғана емес, тіл мәдениеті де жоғары екендігін көрсеткен жазушы. Оған дәлел ретінде табиғат суретінің бір мезетін суреттеген мына бір үзіндіні алуға болады: «... жадыраған жаздың ашық күні сүйкімді сәулесін жер жүзіне төгіп балқытып, ойпаңдағы қызыл, көк, жасыл, ақ, сары гүлдер, көкорай шалғын саз, бидайығы қалың өскен тың, гүлдей көгерген жоңышқа, күздік, жаздық тәлімі бидай жетіле өсіп, күнге шағылысып, масатыдай түрленіп, жайқалып құлпырып, әдемі, өте көңілді болып жайнап жатыр екен. Қара жолдың сыртындағы жайлауға жиі қонған ауылдың ақ жұмыртқадай үйлері, өрістегі қара құрымдай жайылып жатқан төрт түлікті малдары, ойдағы сирек, бытыраңқы әр бұлақ басындағы қыстаулар да сырлы болып көрінді» [24, 14]. Мұндағы кең құлашпен, шырқау шабытпен жазылған сұлу табиғат көрінісі жазушы тілінің көркемдігімен қоса, эстетикалық талғамының шырқау биікте екендігін де көрсетеді. Бұдан арғы жазушының басынан өткен оқиғалары келесі «Мергендердің күркешесі» әңгімесінде жалғасын табады. «Тісі ақсиған жабайы шошқа, аяғын маң-маң басқан аңқау қара аю, қара көк қасқыр, мүйізі найзаның ұшындай, құлағы едірейген, бота көзді, жіңішке, тік аяқ елік, басында тас жарғандай жан-жаққа бытырап бұтақтанып өскен мүйізі бар, үлкендігі тайынша танадай бурыл- қоңыр бұғы, құйрығы бір будақ, алдамшы қара қоңыр түлкі, ағаш басын тұрақ еткен ақ тиін-тышқан, алақандай сары көзді, ағаш басында уілдеп отырған үкі, тағы басқа жабайы аң, құс, жәндіктерді тайганың тұрақты «ел- жұрты» десек те болады» [24, 18]. Бұл – автордың тайганы сипаттауы. «Шыбық-шілік, жаңа өспірім қарағайдың, еменнің, қайыңның немере- шөберелері бірімен-бірі шатасып, шырмалып «ит мұрны өтпейтін» болып біткен. Табан асты майда-ірісі аралас шіріп жатқан томар, шоқбырт жүруге өте ыңғайсыз-ақ» [24, 13]. Жазушы ойға, суретке ерік береді. Сол жәйттардың қалпын, түр-түсін көз алдыңа келтіреді. Реалист автордың сипаттауында жаңбырдың әр тамшысы да «торғайдың жұмыртқасындай» үлкен болып суреттеледі. Тайганың өзіне тән бейнесі, өзгеше табиғаты бірден көзге ұрады. Әдетте, әр ақын-жазушының өз жазу машығы, сөз өрнегі, сөйлеу мәнері мен кестелі тілі болады. Автор әңгімелерінде осы әдіс- тәсілдерін көлегейлемей-ақ, астарламай-ақ тура жеткізген. Мәселен, Б.Момышұлы «Өті адалдың еті арам ба?» әңгімесінде түйедей аюды ойыншықтай көтеріп, көкпардай өңгерген Макаров деген жігіттің тағдырын сөз етеді. «Аттың сырын бір мінгенде алуға болады, бір көргеннен адам сырын білуге болмайды», - дейді жазушының өзі. Сондықтан да ол Макаровты зерттейді, ішкі жан дүниесіне үңіледі. «Жастайынан жетім қалып, ата-ана тәрбиесін алмай, баскесер ұры болып, бұзықтықтың салдарымен түрмеге түскен» оған «Ақын болмау – өз еркің, азамат болу – міндетің» деп ескертіп, жөнге салуды көздеген командир мақсатына жетеді. Жазушы Макаров жолдасты оқырманға: «Орта бойлы, дембелше, тығыз бұлшық етті, күшті, жалпақ үйрек мұрын, ернінің қалыңдығы екі елі, сойдақ тісті, гүрілдеген жуан дауысты, майда секпіл бетті жирен жігіт жолықса, оны Макаров Алексей Тереньтевич десеңіз қателеспейсіз» деп таныстырады [24, 25].
Бұл кездегі қазақ прозасының келесі бір ерекшелігі – көркем үлгілердегі драматизмнің күшейгендігі дер едік. Жазушылар күрделі өмір процесстерін меңгеруде, әлеуметтік мәселелерге батыл деңдеуге келгенде, қат-қабат шындықтар бетін ашуда адам мінездерінің шынайы болмысын, рухын әйгілейтін драмалық тартыстарды көркемдік тәжірибенің негізгі бөлшегі ретінде пайдаланды. Қазіргі әдебиеттегі жазушы идеясының айналасындағы оқиғалардың шиеленіскен қайшылығы кейіпкерлердің ішкі драмаларынан туады, яғни, шығарма драматизмі образдың драматизмімен параллель дамиды. Қаламгерлер көркем шығарма бойындағы қайта-қайта ширығып отыратын екпінді баяндауға, оқырман психологиясына шым-шымдап емес, бірден әсер ететін экспрессивтік суретке айрықша ден қояды.
Шығарманың эстетикалық қуатын арттыру жолындағы Б. Майлиннің терең лирикалық стиліндегі дәстүр жетіле түсті. О. Бөкейдің – «Өлара», «Елең-алаң», «Мынау аппақ дүние», «Қар қызы», «Мұзтау», «Қайдасың қасқа құлыным», Д. Исабековтың «Бекет», «Гаухар тас», Ә. Таразидің «Аяз бен Бибі», Ә. Кекілбаевтің «Бір шоқ жиде», «Құс қанаты» сияқты повестер – лирикалық прозаның үлгілері.
Б.Момышұлының өзге әңгімелерінен тақырыптық-идеялық жағынан бөлек, айтар ойы, түйген түйіні ерек бір әңгімесі «Жон арқа» деп аталады. Кейіпкерлердің өзіне тән болмысы, қимыл-әрекеті жағынан бұл әңгіме соны сипатқа ие. Тіпті тақырыбының өзінің синекдоха арқылы берілуі, бүтіннің орнына бөлшекті қолдануы, «Жон арқаның» астында жатқан терең мағына, астарлы ой оқырманды қызықтырмай қоймайды. Әңгімеде психологизм, адамды тану, баға беру мәселесі сөз болады. Жазушы «Түсі игіден түңілме» дейтін қазақ мәтелін аксиома ретінде қабылдай беруге болмайтынын дәлелдей түскендей. Жазушының қалам алуына себеп болған әңгімедегі негізгі кейіпкер – полкқа жаңадан кеп қосылған жас офицер. Оның өзгешелігі сол: «Бойы сұңғақ, қимылы сергек, ашаң жүзінің самай шаштарын жақ сүйегінен құлағының сырға тағарына дейін жарыстыра өсіріп (ондай фасонды орысша бакенбарды дейді), суағарына төртбұрыштап қара қоңыздай мұрт қойып, әскери әсем киінген жігіт. Тұрпайына қарағанда әрі реңді, әрі пысық, әрі әсем, ал қызмет жағына да шалағай бола қоймас» [24, 65]. Иә, осылайша жас офицер ерекше бітім-болмысымен, әсіресе, әскери жүріс- тұрысының шапшаңдығымен командирге салған жерден ұнайды. Алайда жауға аттанар сын сағатта әскерді бастайтын серкені таңдау кезінде жаңағы мінездеу мен сыртқы түр-тұрпаттың келістілігі құмға сіңген тамшыдай ғайып болады. Неге? Қимыл-қозғалысында мін жоқ, шапшаң жігіттің ішкі жан дүниесін не нәрсе паш етіп, абыройы айрандай төгілді? Бар гәп мынада: «Оның иығы қомданып, жоны томпайып кетіпті...» Ғалым З.Қабдоловтың әдебиет теориясына арнап жазылған «Сөз өнері» еңбегінде суреткерге қойылар сегіз талап не ерекшелік атап көрсетілген. Соның бірі – интуиция еді. Міне, нағыз топ бастаған командирге, сөз бастаған жазушыға керек интуиция осында жатыр! Автор адамның сыртқы портреті мен ішкі жан дүниесіндегі кереғарлықты ер сыналар тұста анық та айқын етіп ашып көрсетеді.
Жазушы қай кейіпкерді болмасын өмірден алады, оның көркем әдебиеттегі шынайы образын жасайды. Сөйтіп, күнделікті сан мыңдаған адамдардың басынан өтіп жатқан қарапайым ғана тұрмыстық әрекеттерден үлкен ой түюге, адамдар арасындағы қармқатынастардың күрделілігіне назар аудартады. Белгілі орыс жазушысының ішімде сыртқа шыққысы келіп сұранып тұрған бір топ әскер бар деуі осыны аңғартса керек. Сол секілді автор «Нар» әңгімесінде де өз руынан шыққан атына заты сәйкескен, әділ би Нар атасының жайын сөз етеді. Жазушының барлық әңгімесіне өзек болып, желі тартып жатқан негізгі тақырып – өмірде болған әр алуан құбылыстар, соларға адамдардың берген бағасы, пайымы десек, Нар әңгімесі арқылы автор әйел-ана мәселесін, аналарды құрметтеп өткен қазақтың болмысын, асыл дәстүрімізді дәріптейді. Нардың өз әйелін сабаған еркекке тісін қайрап, «Әйелді сөзбен жықпай, таяқпен жығу әр жаман еркектің қолынан келеді» деуі, ана қадірін білмеген ауылдан дәм татпауы тамырын тағылыммен суарған тектіліктің исін айқын сездіреді. Бір қызығы, қазақтың қазыналы қартына сай осы бір қайсар мінезі оның сыртқы тұрпатынан да айқын аңғарылатындай: «Сырықтай тіп-тік, шойындай қап-қара, қолағаш мұрын, салпақ ерін, шүңгір көз, қалың бурыл сақал омырауын қаптай басқан еңгезердей биік шал»! [44, 13]. Иә, автор қандай кейіпкерді болмасын, оның сыртқы тұрқы мен ішкі жан дүниесін сәйкестендіріп, бір-біріне жарасты қылып, бір қалыпқа құя қояды. Бұлардың барлығы да өмірде болған адамдар, тіпті кейбіреуімен күнделікті қол алысып, араласып, көрісіп жүрген, жанымызда жүрген таныс адамдардай әсерде боласыз. Интеллектуал жазушының интеллигентті кейіпкерлері осымен бітпек емес. «Ана дүниеден радиограмма келіпті» әңгімесінде автор Бегімшені «Ұзын бойлы, сұңғақ, атжақты, шоқтай қара көзді, байсал мінезді, жеті-сегіз баланың анасы» [44, 161] деп суреттесе, оның жұбайын «Моп-момын келген орта бойлы, қара мұртты, тәмпіш мұрын, пысықша озат тракторшының біреуі» деп сипаттайды. «...Бегімшенің үйінде шай үстінде отырғанда кіші апам маған өте жас реңді көрінді, үстінде бостоннан жақсы тігілген костюм, басында ақ жібек орамал, аяғында жылтырауық кебіс, мәсі» [44, 163].
Табиғат суреті Б.Момышұлы шығармашылығында адам еңбегімен астарлас. Қолына қалам ұстаған қай ақын-жазушының болса да, табиғат көркін адамның ішкі дүниесіне байланыстыра суреттейтін кездері болады.
Сол секілді «Хат» әңгімесінде автор табиғаттың сұрғылт кейпін бір- бірімен қосыла алмаған қос ғашықтың талайлы тағдырымен, жүрек жарасымен қатар алып, жарыстыра, егіздей суреттейді: «Аспанды қапылыста қара бұлт қаптап, солтүстіктің сайтаны ұстап, ызғарлы жел долдана соққанда, өңменімнен өтіп барады.
Жел кейде айдаһардай ысқырып, ұйтқыта итеріп өте шығады. Кейде аңдай ұлып ышқынып, ішін тартып, үрейлендіре перідей соғып, астымыздағы жануарды тәлтіректетіп, иығынан екпіндей жұлып, бізді ер үстінен ауытқыта жаздайды. Кейде саябырсып, баяулап, сыбырлай жаяу аяңдап, жер бауырлап орман жапырақтарын сылдырлата желіп, бізді мазақтағандай сылқ-сылқ күліп майда желіске салып, мәймөңкелей жөнеледі» [44, 167]. Қарап отырсаңыз жазушы таңның атуы мен күннің батуын ғана сөз қылмай, сол табиғат суретінен өмірдің өзін, шынайы тұрмысты ашып көрсетіп отыр. Соғысқа кетіп бір-бірінен айырылып, қайғының қанын жұтқан, ішіне бір кесек шер боп қатқан халық тұрмысын, ана мен бала, қосыла алмай кеткен ғашықтардың қасіретін автор осы жауынгердің сағыныш хаты арқылы жеткізеді. «Жауынгер тұлғасы» әңгімесінде «Солтүстіктен соққан қара жел қарып жеп, кісінің өңменінен өтіп барады» [44, 187] - дей келе, соғыс даласын «Ресейдің қылшылдаған қысы малдас құрып, өз тағына түнере мелшиіп отырған кезі. Аяз бетті қарып, түкірген түкірікті жерге түсірер емес», - деп қаһарлы кейіпте суреттейді [44, 191]. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» демеуші ме еді қазақ? Бір жағы үздіксіз дүмпуіл мен жарылыстан қажыған көңілге табиғаттың да қабақ ашпай қаһарлануын автор жаудың қатігез саясатымен бірге өреді, екеуін қатарластыра суреттейді. Жазушы кескілескен ұрыс даласында жараланып, батальонын кімге сеніп тапсырарын білмей дал болады. Ойлана келе бұл қызметке кіші лейтенант Мұхаметқұл Сламқұловты лайық көреді. «Мұхаметқұл соғыстан бұрын Қазақстанда газет қызметкері болып істеген, орта бойлы, кең маңдайлы, жайнаған дөңгелек мөлдір көзді, салтанатты, келбетті жігіт еді. Түсі жақсыдан түңілме дегендейін, табанды, сабырлы, ісін ақылға салып, түбін ойлап істейтін, жүректі командирлеріміздің бірі еді» - дейді [45, 192]. Иә, автор суреттеп отырған әр образдың өзіне ғана тән ерекшеліктерін, бір-біріне ұқсамайтын дара болмыстарын аңғармау мүмкін емес. Бәрінде болашақ үшін, жас ұрпақ үшін ғибрат аларлық өнеге бар.
Ең алдымен әдебиеттің мақсаты адам, оның өзі, ісі, жан дүниесі. Жазушы Б.Момышұлы әңгімелерінде осы мақсатты берік ұстанған. Ол адамның бәрінен бұрын рухани фактор екенін алға қояды. Өз кейіпкерлерінің қай-қайсысын болса да, осы тезге, осы сынға салады. Олардың әрқайсысының өзіне лайық бет-пішіні, келбеті, өңі бар. Сондықтан әрқилы бейне, суреттерге қаныға отырып, олардың әртүрлі мінезі, қылығы, ойы, пікірі бар екеніне көзіңіз жетеді. Сол арқылы ішкі түйсігіңіз бен ақыл- санаңызды іске қосып, іштей түйін түйесіз, қорытынды шығарасыз. Бір сөзбен айтқанда, Б.Момышұлы шығармалары – адамды тәрбиелеудің, ізгі ұрпақ қалыптастырудың таптырмас құралы.
Жазушының өзіндік кескін-келбетінің және психологиялық бітім- болмысының өз туындыларында және ол туралы шығармалардағы кейіпкерді даралау мен мінездеудегі психологиялық талдаулармен астасып жатқанын байқаймыз. Оны Б.Момышұлының өзіне ғана емес, даңқты батыр туралы жазғысы келген басқа қаламгерлерге де ерекше талап қойып, ақиқат шындықты боямасыз бейнелеуге міндет етіп қоюынан да аңғаруға болады. Біз үшін оның екеуінің де маңызы зор.
Бұл анықтамадан автор портретінің сөз өнері туындыларындағы мазмұн мен пішінге, сюжет пен компазицияға және көркем шығармадағы уақыт пен кеңістікке қатыстылығын анық тануға болады. Жазушы Бауыржан Момышұлының прозалық және поэзиялық туындыларында және афоризмдерінде, көсемсөздерінде өзіндік автопортреттік бейнелеулері негізгі тарихи-поэтикалық желіні құрайды. Себебі, қаламгердің өмір шындығы қозғалыстарының халық ортасында, қат-қабат қайшылықты оқиғалардың, құбылыстардың қоршауында жүріп, өзіндік ұстанымын, көзқарас тиянақтылығын өмір бойы қатаң сақтағаны мәлім.
Бүгінде қазақ әңгімесінің алуан түрлері дүниеге келді. Әрбір көркем сөз шеберінің өз оқырманымен әңгімелесу мәнері әр түрлі. Баукеңнің де өзіне тән баяндау стилі, оқырманға ой салу тәсілі бар. Б.Момышұлы әңгімелерінде бір ғана оқиғаны, өзі әбден танып, мәні мен маңызын түсінген бір ғана сәтті бейнелеуге тырысады. Сол бір ғана сәттік оқиға арқылы өз қаһарманының, сонымен бірге оқырманның да көзқарасын, өмірлік ұстанымын өзгертуді көздейді. Бұл жағынан да жазушының қол жеткізген табыстарының бар екенін батыл айтуымызға негіз бар екенін теріске шығара алмаймыз.
Бауыржан Момышұлы әңгімелерінің бәрі бірдей классикалық туындылар еді деуден аулақпыз. Бірақ ол тудырған сөз өнерінің маржандары өзінің мазмұндылығымен, өмірдің әр алуан сырларын суреттеуде ой мен сезімге бай екендігімен есте қалатынын баса айтқымыз келеді. Сондықтан да Б.Момышұлы өз шығармаларын тудырушы ретінде үлкен суреткер, өзіне ғана тән көркем ойлау әдісі бар қарымды қаламгер.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет