Дипломдық ЖҰмыс білім беру бағдарламасы: 6В01707 Қазақ тілі мен әдебиеті


Б.МОМЫШҰЛЫНЫҢ БЕЙБІТ ӨМІР ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТЕР



бет7/10
Дата01.10.2024
өлшемі218.56 Kb.
#504214
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Ернар Қызырбек диплом түзетілген нұсқа

2 Б.МОМЫШҰЛЫНЫҢ БЕЙБІТ ӨМІР ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТЕР
2.1 Бауыржан момышұлының «ұшқан ұя» романындағы портреттік бейнелеулер мен пейзаждық суреттеулер



XX ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін қазақ сөз өнерінде рухани- эстетикалық ерекше серпіліс байқалды. Поэзияда да, прозада да жаңа эстетикалық критерийлердің, гуманистік-демократиялық тың принциптердің қалыптасуы – суреткерлер шығармаларындағы тақырып сонылығы мен өзектілігінен, әлеуметтік талдауға тереңдеп баруынан, заманның көкейкесті мәселелерін адам баласының ортақ мұраттарына орайлас қарауға деген талпынысынан, өткен тарих пен қазіргі уақытты қабыстыра отырып, қоғамның адамгершілік-рухани бейнесін тереңдеп ашуға бағытталған тенденциялардың өріс алуынан көрінеді. Көркем ойға батыл түрде қозғау салынып, біздің санамызға әлдеқайда күштірек ықпал жасай бастаған бірнеше шығармалармен қатар, осы кезеңнің интеллектуалдық серпінін таныта түскен «Қамшыгер», «Кербұғы», «Мұзтау», «Қар қызы», «Атау-кере», (О. Бөкей), «Ескерткіш», «Тіршілік», «Сүйекші», «Гаухар тас», «Қарғын» (Д. Исабеков), «Шыңырау», «Күй», «Аңыздың ақыры», «Ұркер», «Елең-алаң» (Ә. Кекілбаев), «Қос шынар», «Тас жарған», «Кен», (Ә.Тарази), «Құса» (Б.Шаханұлы) сияқты әңгіме, повесть, романдардың дүниеге келуі қазақ халқының рухани дамуындағы елеулі құбылыс екендігі ақиқат.
Бұл шығармалардың бойынан ғана емес, тұтастай алғанда 60-шы жылдардан кейінгі прозасында қадап-қадап айтарлықтай нендей ізденістер, осы кезең суреткерлерінің көркемдік жүйесінде қандай тың сипаттар бар деген сауалға жауап іздеу барысында жаңашыл үрдіс ретінде бағалауға болатын бірнеше елеулі өзгешеліктерге көз жеткіземіз. Біріншіден, осы тұс қаламгерлерінің қатты назар аударып, шешуге тырысқан ауқымды проблемасы – адам, оның жұмбақ болмысы, тіршілік тірегінің, айнала қоршаған дүниемен қатынасының мәнісі жайлы сауал ғұмыр бойы саналы тіршілік иесі тудырған әдебиеттің ғана емес, тұтастай көркем өнердің алдында тұрған және тұра беретін философиялық проблема. Қазақ суреткерлері де дүние мен адам сырын бейнелеуде бірыңғай қалыпты формалардың шеңберінде қалып қойған жоқ.
Адамгершілік принциптерге тұнып тұрған «Ұшқан ұяда» қаламгер отбасы, бала тәрбиесі, ұлттық дәстүр сынды асыл қасиеттер адам өміріне әсер ететін негізгі факторлар екендігін атап көрсетеді. Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында адам бойындағы ерекше мінездер мен сезім күйлерді шебер суреттей білген. Ол адам үшін негізгі міндет парыз деп көрсетеді. Батырдың пайымынша, парыз – өзінің мағыналық аясына ақыл, сезім, ерік, ұят, ар-ождан, әділеттілік, шындық, махаббат сияқты асыл қасиеттерді жинақтаған, жаман әрекеттерге қарсы қойылатын ұғым. Яғни парыз адамды теріс қылықтардан сақтауға үндейді. Сондықтан да Баукең: «Әлемде парыздан артық қуатты қозғаушы күш жоқ, әрі болмайды да», – деп кесіп айтады. Ал парыз деген ұғымның аясына енетін шындық, батырдың пікірінше, ерлікке, адамгершілік жағынан кіршіксіз болуға, мұқалмас ерік жігерді шыңдауға, өз парызына сенімділікке тәрбиелеуде ең бір құнарлы құрал болып табылады, ал өтірік – барып тұрған зиянды у. Міне осыларды өмірлік ұранына айналдырған Б.Момышұлы шығармаларындағы өмір мен соғыс бейнелері халық тұрмысы мен тіршілігінің өзінен алынып,тек шындық ақиқатқа құрылған дей аламыз.
«Ұшқан ұя» романында жазушы өз отбасынан алған тәрбиесін, өмір шындығын асқан шеберлікпен, көркемдік дәлдікпен суреттеп шығады. Бұл шығарманың жазылуы жайында автор: «Біздің кейде өткенді еске алсақ, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек-кесек кереметтер іздеп ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Дәл осы балғын кезге келе бермейді, өйткені бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы сезгенін, алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында, тұнық күйінде болмысына ұйытып алады да сол қалпында сақтай біледі. Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп жатпайды, қайта үзік-үзік үміттің өзінен рахат сезімге бөлене береді. Дәл қазір менің көз алдыма сонау сәби кездегі қызық пен қуаныштың елестері түйдек-түйдек жаңғырып, жанымды жай таптырмай отыр», – дейді [40, 16].
Бұл шығармада бүкіл дүние мен әлем бала Бауыржанның сезім-түйсігі арқылы сараланып, көрініс тауып жатады. Олай дейтініміз, ондағы баяндалатын оқиғалар барысы өмірдің өз өрнегін бұзбастан, терең шыншылдықпен әсерлі жеткізілген. Бұл тұрғыдан алғанда ғалым Ж. Дәдебаевтың: «Әдеби шығарма өмір шындығынан туады. Өмір шындығынан өнер туындысын, көркем әдебиет үлгісін жасау – инемен құдық қазғандай қиын, тіпті азапты еңбек», – деген пікірі өте құнды [41, 3].
«Ұшқан ұя» шығармасында автор бала кезден бергі есінде қалған, өзі куә болған оқиғалары арқылы сол кезеңдегі әлеуметтік, қоғамдық өмірді суреттеген. Мұнда жазушы ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылының шын болмысын ашуға ұмтылады, ұсақ-түйек әңгімелердің барлығын да тізбелеп бере бермейді. Сондықтан да Бауыржан Момышұлы бұл туындысында өзі өмір сүрген дәуірді реалистікпен суреттеп шығады. Бұл шығармаға өміріндегі ең қызықты кезеңі балалық шағын арқау етеді. Сондықтан да бұнда «жасанды деректер» емес, басынан кешкендері жазылады. Автордың балалық шағы ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерінің әлі де болса қатаң сақталатын кезеңіне сәйкес келеді.
Шығармада екі халық, қазақ пен орыстың өмір сүру ерекшеліктері, еңбек етудегі өздеріне тән дәстүрлері көрініс табады. Орыстан тапкан құрдасы Василий Гончаревпен достығы, өзінің «Буржан» немесе «Баржан» аталуы шынайы суреттелген. Бұл шығарма ақиқат өмірдің көрінісі болғандықтан да, халқымыздың сан ғасыр сарабынан өткен ұлттық тәлім- тәрбиесі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі де кеңінен сипатталады, осы арқылы автор өмірдің сан түрлі сұрақтарына жауап іздеп оған ұлттық тәрбие, салт- сана тұрғысынан жауап табады.
Жалпы Кеңес Одағы орнағаннан кейін сол тұстағы саяси идеологияға байланысты адам тәрбиесінің асыл діңгегі ұлттық салт-дәстүр мен әдет- ғұрып екендігін ешкім ашық айтуға батылы бармағаны шындық. Осы жағынан алғанда аталған шығармада ұлттық тағылымның өмір шындығы арқылы бейнеленіп, суреттелуі шығарманың шынайылығын ғана көрсетіп қоймай, құндылығын да арттыра түскен. Романда қазақ халқының көшпелі мәдениеттегі өмір тіршілігі, рухани мол болмысы үлкен шыншылдықпен суреттелген.
Ақын туған жерін жырына қосады, сазгер ғаламат әуенге арқау етсе, батыр сол жер үшін басын бәйгеге тігіп қорғайды. Ал Бауыржан Момышұлы болса сол туған отаны үшін жан алып жан беріскен соғысқа қатысты, сол елінің алақандай пұшпағына жау аяғы тимесін деп талай майданды өткізді. Өзінің азаматтық парызын абыроймен орындап шықты. Бейбіт күнде де сол туған жерінің сулулығын, қадыр-қасиетін танытатын сөзбен салынған ғажайып бейнелер жасады. Өзі дүниеге келген ауыл-аймағында өмір сүрген, өзіне бала күннен таныс адамдардың айшықты образдарын сомдап шықты. Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» романындағы пейзаждық суреттеулер ерекше идеялық-эстетикалық маңызға ие. Туған өлке табиғатын жазушы өте нәзік те сүйіспеншілік көңілмен сипаттайды. Романдағы барлық пейзаждық көріністер сол кезеңдегі өмір ағымына сай, адамдар бейнесімен өзектес бейнеленген. Ол пейзаждық суреттер өзінің әсем де әдемі бояуларымен шығарма қаһармандарының рухани әлемін ашып көрсетуге көмектеседі. Онда адамдардың келешекке деген сенімдері, жамандық пен жақсылық арасындағы күрес, кіршіксіз таза армандары мен терең ойлары сол табиғат аясында, сол табиғаттың құдіретті күшімен қатар өмір сүріп жатқандай әсер қалдырады.
Жазушы шығармадағы кейіпкерлер көңілдеріндегі өзгерістерді көп жағдайда айнала қоршаған ортадағы табиғат құбылыстарымен паралелл беруге тырысатыны байқалады.
Кейбір шығармаларда портрет бірнеше көркем идеяның қызметін атқарады. Тұлғаның қыр-сырын байқап, зерттеу арқылы көркем образды жасау зерттеушілердің назарын өзіне аударады. Бұл көбінесе көркем – детективті әдебиет жанрында кең қолданысқа енген. Жаңа әдеби бағыттың кейбір заңдылықтарына сүйене отырып, бұл жанрда қалам тартқандарға кейбір талаптар қойылады. М.Б.Храпченконың пікірі бойынша «Ірі образдарды жасау жолында жазушылардың көбі өмірде болған тұлғаларды прототип ретінде негізге алады. Дегенмен прототиптердің көбісі жаңа портретті жасау үшін қолданылатын материал болып келеді. Мұнымен қоса портрет өнердің ерекше жанры екендігін ұмытпаған жөн»,- деп өзінің пікірімен бөліскен еді.
Бауыржан Момышұлы шығармашылығында өзінің туып-өскен ортасы мен атамекені әрдайым аса бір сүйіспеншілікпен бейнеленеді. Оның шығармаларындағы автордың өз бейнесіне тән қасиеттердің түпкі бастау негізі оның отбасынан, ата-ана тәрбиесінен, туып-өскен ортасынан, халықтық ата-бабалар дәстүрінен, рухынан нәр алғандығы байқатады. Автордың отбасындағы ата-ана, туған-туыс, әулет мүшелері хақындағы ойлары жазушылар А.Бектің «Арпалыс», одан кейін Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», М.Қалдыбаевтың «Ұмытылмас кездесулер» атты кітаптарында да жеріне жеткізіле айтылып, көремдікпен суреттелген.
Алғашында жанры повесть, кейін роман деп өзгертілген «Ұшқан ұя» кітабы – жазушының қазақтың ұлттық болмысын тарихи-этнографиялық және көркем шындық поэтикасы тұрғысында сомдаған кесек туынды. Жазушы шығармашылығындағы авторлық идея – қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дүниетанымының тереңдігін, салт- дәстүрінің тәрбиелік мәнінің жоғарылығын дәлелдеуге негізделген. Деректі көркем прозада тарихи шындық пен көркем шындықтың тұтасуы негізінде өзінің әке-шешесі, бауырлары, туыстары, ағайыны-жұрты ішіндегі жекелеген тұлғалардың бойларына халықтық қасиеттерді шебер жинақтаған. Қазақтың туыстық қатынастары мен олардың арасындағы сыйластықты, кішінің үлкенге ізеті мен құрметін, үлкеннің кішіге деген мейірбандығы мен қамқорлығын көркемдік дәстүр аясында реалистікпен ашып көрсете алған.
«Таным - сыртқы заттар мен құбылыстардың, олардың қатынастарының адам санасында идеалды образдар жүйесі ретінде бейнеленуінің қайшылыққа толы күрделі процесі. Таным барысында адам өзінің қоршаған ортаны игереді, ол туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі; адамның заттар мен құбылыстар туралы жалпы мәліметі ішкі мәнге қарай ұмтылып, жүйелі, шынайы білімге айналады. Ендеше, танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп есептеуге болады» [20, 2]. Демек, ұлттық дүниетаным дегеніміз – белгілі бір ұлттың дүниеге, қоршаған ортаға деген көзқарасы, таным-түсінігі. Әрбір халық өз тілінің негізінде өзіне тән дүние сезім мен дүниетанымын қалыптастырады. Олай болса, жер бетінде өз тілінің негізінде қанша халық өмір сүріп жатса, соншалықты дүниесезім, дүниетаным, философия болады.
Қазақ халқының ұлттық дүниетанымының дәстүрлі тағылымын, өз шығармасында әр алуан кейіпкерлер бойына нақты дарыта алған. Қазақ халқының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері ата мен әже, әке мен шеше, аға мен әпке, іні мен қарындас өнегелері арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқандығы тарихи тағылымды ой желілерімен нақты үйлесім тапқан. Автордың эпикалық баяндаулары мен кейіпкерлердің ішкі монологтары арқылы берілетін мінез сипаттары, образдардың әр алуан психологиялық өзгерістері мен әрекеттердің сырын ашып беретін диалогтары қаламгердің шығармашылық өнерді барынша шеберлікпен меңгергендігіне дәлел бола алады.
«Ұшқан ұя» шығармасының басты кейіпкері автор Бауыржанның өзі. Барлық оқиғалар тізбегі сәби Бауыржанның, бала Бауыржанның, жігіт Бауыржанның көзімен бағаланып, сол кейіпкердің баяндауы арқылы оқырман түйсігіне жетіп жатады. Шығарманың сюжеттік желісінде автор қазақ халқының болмысына тән адамгершілік-имандылық қасиеттерді кейіпкерлердің іс-әрекеттері, шиеленісті оқиғалар арқылы жеткізген. Қазақтың ұлттық асыл қасиеттері (адалдық, мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, меймандостық, ұстамдылық, шыдамдылық, мәрттік- тұрлаулылық, т.б.) шығарманың сюжеттік-композициялық желісіндегі басты және жанама кейіпкерлердің іс-әрекеттерімен дәлелденген. Қазақ халқының ежелден келе жатқан ізгі қасиеттерінің бірі туыстардың да, алыс-жақын ағайындардың да, қазақ даласының әр атыраптары адамдарының да өзара сыйласқан қарым-қатынастар мәдениетінің қуаттылығы туындының идеялық болмысын құрайды. Қазақ халқы ұрпақтарының ата мен әжені сыйлап, солардың тәлім-тәрбиелік ықпалымен қалыптасып өсетіні – дәстүрлі жағдай. Бауыржанның атасы мен әжесінің кескін-келбеттерімен осы шығарманың алғашқы сөйлемдерінен-ақ таныса бастаймыз.
«Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы тоқсан екі жасында дүние салған. Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті – менің әкем Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен» [42]. Туындыда кездесетін негізгі кейіпкердің бірі – ұрпағының бойына қайсарлық пен батылдықтың, мейірімділік пен ізгіліктің, адамгершілік пен адалдықтың нәрін сіңдіре білген, ауыл анасы, Бауыржанның әжесі – Қызтумас. Әже бейнесі – шығармадағы өзіндік орны бар асқақ тұлға. Жазушы шығарманың өн бойында әже бейнесін тектіліктің, кемеңгерліктің діңгегі ретінде суреттейді, отбасының ғана емес, ауылдың ақылшысына айналған әже образын ерекше бір тебіреніспен бейнелейді. Суреткер өз өмірінің темірқазығына айналған тәлім мен тектіліктің негізін осы әжесінен алғандығын айтады. «Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен-саяқ. «Ұл біткеннің бәрі қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып аққұбаша ажарлы шықты» деп отыратын еді, жарықтық» [42]. Бұл жазушының шығарма «беташарында» баяндаған әже бейнесін ашудағы алғашқы қадамы. Өз анасынан ерте қалған бала Бауыржан әже тәрбиесімен өседі. Халықтық тағылым тұнып тұрған әже тәлімімен сусындап, дәстүрлі ортаның мол рухани қазынасынан өнеге алады. Бесік жырынан бастап, халық ауыз әдебиетінің небір үлгілерімен әже арқылы танысады.
Шығармада әже образы нақты бір көркемдік тәсілдер арқылы емес,тұлғаның қимыл-әрекеті, жүріс тұрысы,сөйлеген сөзі арқылы ашылады.Байырғы қазақ дәстүрінің негізін ұстанушы әже қазақ арасына дендеп ене бастаған,дәстүрді бұзатын жаңашылдыққа қарсы.Оның бұл әрекетін қалыңмалға қарсы айтқан сөздерінен аңғарамыз.Бұл оның жалпы жаңалыққа жаны құштар адам емес деп айтуға негіз болмайды Тек ұлттық санаға кері ықпалын тигізетін әсерлерден бұрынғы қалыптасқан орнықты жүйені қорғаушылық әрекеті деп түсінгеніміз жөн.
Халықтық ұғым мен танымнан бастау алатын әрбір өмірлік жағдаяқа байланысты әңгіме-аңыздарды әже аузынан естиді. Осы орайда жазушы өз өмірінің темірқазығына айналған тәлімнің тектілігінің негізі ертегі мен көне әңгімелерден қаланғанын келер ұрпаққа өнеге еткен. «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызга әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арадан неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда. Бөстекке отырып алып, басымды бауырына қысып, кәрі алақанымен арқамнан том-томп қағып қойып...»,- деп әже образының қырын аша кетеді [42].
«Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар. Сондай шырын шақтарда ең алдымен ата- аналарымның бейнесі елестейді. Солардың уағызы басымырақ бола береді... Өйткені есейе келе көрген көп ұстаздарым талай-талай тағылымға бой ұрғызғанымен, солардың бірде-бірі нақ өзімнің әжемдей... өсиет айдынына жүздіре алған жоқ, молынын құлаш сермете алған жоқ десем, ардақты ұстаздарымның көңіліне келмес...», – деп жазушының әже бейнесінің өз өміріндегі алар орнын ерекше әспеттейді [42]. Мұндағы ата-ана деп отырғаны – Бауыржанның әжесі, әкесі, айналасындағы қалың ағайын-туғаны мен бірге туған әпке-бауырлары деп ұғынсақ артық айтпаған болар едік.
Әже бейнесі – типтік образ. Бұл жалғыз ғана Бауыржанның әжесінің бейнесі емес, қазақтың ұлттық педагогикасын қалыптастырып, дамытқан, өз ұрпақтарынан толық адам етіп тәрбиелеп шығарған мыңдаған әжелердің жинақталған бейнесі. Балалары үшін әже ақылман, ертегі мен жыр дастандардың кені, баланың еркелігін көтеретін мейірбан ғазиз жан. Сонымен қатар қатал сыншы, айтқанын бұлжытпай орындататын адуын да айбарлы тұлға. Мұны жазушы көзі көрген жайттар арқылы ашады. Әжесі Момынқұл ағасына ашуланғанда қаталданып кетсе, сәлден соң, ашудың алғашқы бір сәттік қарқыны басылған соң мейірім шашқан кейпіне қайта түсіп, аналық қамқор көңілмен баласын іздей бастайды. Алайда қай балапаны болсын, адалдықтың ала жібінен аттаса, кешірімсіз қатал.
Шығармада әже образы нақты бір көркемдік тәсілдер арқылы емес, тұлғаның қимыл-әрекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі арқылы ашылады. Романдағы байырғы қазақ салт-жоралғысының негізін ұстанушы әже сол тұста қазақ арасына дендеп ене бастаған, атадан балаға мирас болып ғасырлар бойы жасап келе жатқан қазақы дәстүрді бұзатын жаңашылдықты қабылдай қоймайды. Оның бұл әрекетін қалыңмалға қарсы айтқан сөздерінен аңғарамыз. Әрине бұл Қызтумас әженің жалпы жаңалық атаулыға жаны қарсы адам үкім шығаруымызға негіз бола алмайды. Тек ұлттық санаға кері ықпалын тигізетін жағымсыз әсерлерден бұрыннан қалыптасқан орнықты жүйені қорғаушылық әрекеті байқалады. Адам санасын бір күнде, бір идеологиямен өзгерте салу мүмкін емес. Жазушы ашып айтпаса да өз әжесінің осынау әрекеті арқылы қазақ қоғамына зорлықпен ене бастаған батыстық демократияның сол тұста жалпы халықтық қолдауға ие бола алмағанын астарлап жеткізіп отыр.
Жазушы прозасында кейде әже бейнесін юморлық тәсілдермен ашады. Әже аузына жеңіл әзіл мен зілсіз сөздер салып, оқырманына езу тартқыза отырып, әженің бізге беймәлім өзге бір қырын танытуға талпыныс жасайды. Оның өзі аталған образдың жағымдылық, әділдік сипатын нақтылай түсетініне көз жеткіземіз. «Қазанның түп күйесіндей» болған ұлдарына өзі таңдаған жарды сүйгізуді қалауы, біржағынан алғанда, күлкілі жағдай болса да, мұның астарында болашақ ұрпағының қамын ойлаған даналық ой жатыр.
Бауыржан Момышұлының шығармаларындағы көркемдік-эстетикалық талғамға негізделіп, адамдардың кескін-келбеттерін бейнелеу мен қоршаған жаратылыс, табиғатты суреттеу ерекшеліктерінің айрықша ажарлы айшықтармен қолданылуы да осы әже-ана талғамының ықпалы аясында екендігі анық сезіледі. Туындының көркемдік-идеясы – қазақ халқы ұрпақтарының ата мен әженің тәрбиесімен, бата тілегімен өсіп-өркендейтіні.
Туғанына екі-үш ай ғана болған Бауыржанды анасы көктемде ағаш отырғызып жүрген Имаш атаға әкеліп «Атасының колын ұзартып, қолғабыс беруге келді», – деп ізетпен иілгенде, ол Бауыржанның қолына жас бұтақты ұстатып тағы да бата-тілек арнапты:
Құрық берсем – құл болма, Шыбық берсем – шіл болма. Бәрінен де, шырағым Баяны жоқ ұл болма, – деп келініне мені қайтарып берген екен, - деп еске алады [24, 10].
Ұлттық тәлім-тәрбиенің ұстаздары ата мен әжеден кейінгі тұлғалар әрбір ұл мен қыздың туған әкесі мен шешесі екендігі ақиқат. Бауыржан үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған анасының Рәзияның дидары сәбидің есінде де қалмаған. Ал, бір анадан туған тұңғышы Үбіш, Үбиан, Сәлима, Әлима одан кейінгі Бауыржан – бәрі де әкесі Момыштың, оның туған інісі Момынқұлдың тәлім-тәрбиесін көріп өседі.
Жазушы – ұрпақтардың ата-баба, ата-ана, туып-өскен орта, атамекен ықпалдарымен қалыптасатынын таныту үшін реалистік тағылымы айқын адамдардың және қоршаған табиғат ортасының шынайы болмысын кешенді түрде бейнелеу тәсілін қолданған.
Жазушы шығармасындағы Имаш бабаның да, оның баласы Момыштың да автордың баяндауы бойынша өз өңіріндегі табиғи ортамен, сан алуан қасиеттерімен ағайын, ауыл-аймаққа беделді болғандығы байқалады. Жазушы әке образын сомдағанда өзінің әжесінің қойған атауларына сәйкес ерекше қасиеттерін де, кескін-келбетін де ұлттық дүниетаным аясында бейнелегенін байқаймыз. Оны мына бір үзіндіден айқын аңғаруға болады:
«Жас кезінде әкемді әйелдер жағы «Молда бала» дейді екен, кейін «ұста бала» дейтін болыпты. Ал, әжем оны «Қара қатпа» деуші еді. Әкем орта бойлы, арық қара кісі еді. Маңдайы жап-жазық, қасы қалың, көзі шүңгіл еді. Сол арықтығына қарамай, керемет күшті болатын. Әжем оны «Тарамыс» деп те атайтын. Сол күштілігіне бола атаса керек. Мен бірде әжеме:
– Неге «Тарамыс» дейсіз? – деппін, әжемді кеміткен екен деп.
– Не десе де шешемнің еркі, – деп күлді әжем.

  • Қарай гөр, мына жаманды, әкесіне болысып жатыр-ай, – деп әжем өтірік ашуланған болды» [24, 11].

Шығармадағы баяндаушы автор – кейіпкердің өмір жолындағы атасы мен әжесінің, әкесінің тағылымы арқылы қазақтың отбасылық ұлттық тәлім- тәрбиесінің ұлағаты да айқын байқалады. Қазақ баласының ақыл-есі кіре бастасымен «Бесік жырын», одан кейін әжесінің не шешесінің, әпкесінің айтқан ертегілерін тыңдап өсетіні – қалыптасқан ұлттық-отбасылық үрдіс.
Эпикалық көлемді деректі шығарманың құрылысындағы ұлттық тәлім- тәрбие ұлағатын ұқтыратын ата-ана тәлім-тәрбиесінің тағы бір үлгісі – қыз ұзату және келін түсіру тойлары. Бауыржанның әпкесі Үбианның ұзатылу, келін боп түсу рәсімдері халық салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыптарының шынайы тағылымын, тәлімін ұқтырады.
Қазақ халқының қыз ұзату және келін түсіру салт-дәстүрінің негізгі мазмұны оның тәрбиелік мәні мен философиялық терең астарында жатқанын, жастарды үлкен өмірге даярлауға арналған мәнімен ерекшеленетінін жазушы өз шығармасында шебер көрсете алған. Олардың дәстүрлі ұлттық дәстүрде киінуі, араларындағы сыйластыққа негізделген дәстүрлі қарым-қатынас, мінез-құлық мәдениетіндегі ерекшеліктер де жазушының қырағы жанарынан тыс қалмайды. Мысалы, басты кейіпкер Бауыржанның туған әпкесі Үбианның кескін-келбеті, киінуі, жүріс-тұрыс дағдылары – бәрі де қазақтың ұлттық-этнографиялық тұрмыс-салт болмысының шынайы бейнесін көз алдымызға айқын елестетеді:
«Әпкем әбден толысып, ауылдың бұрала басқан бойжеткені болды. Содан ба, оның қолын қара жұмысқа тигізбей тек өрнек тігуге отырғызатын еді. Әпкем кестенің не түрін, алаша тоқудың сырын, кілемнің өрнегін салуды үйреніп алды. Енді ол мойны мен кеудесін алқаға толтырып, шашына шолпы тағатынды шығарды. Үкілі кәмшат бөркінің жиегіне де шетірмек тігуші еді. Саусақтары жүзікке толы. Ауылдың еркесі атанып, жиын-тойдың, айтыстың көркіне айналды. Өзі де еркін жүріп, ән-күйдің ортасында өсіп, жасының жиырмаға шығып бара жатқанын аңғармай да қалып еді» [42, 88].
Бойжеткен қыздың көңіл-күйіндегі осындай шынайы өзгерістер мен іс- әрекеттері де психологиялық құбылыстары да жазушы шығармасында аса бір қимастық сезіммен суреттеледі. Үбианның атастырылған болашақ күйеуі Аюбайға баруға келісімін бергенімен, бірақ оның кейбір олақ мінездерін көріп мұңая бастағаны, күйеуі жолдастарымен ұрын келгендегі болашақ жарының абыржып жүрген жүріс-тұрысына, момындығына, жасықтығына, қалжыңға қарымтасы жоқтығына, т.б. кемшіліктеріне ашуланғаны, Аюбайға бармаймын деп қиғалық салғаны, бірақ әкесі Момыштың оған келіспегені – бәрі де кейіпкерлер психологиясының өмір шындығына сай әрекеттері аясында көрсетілген.
Қазақтың ұлттық мәдениетінің аса бір салтанатты көрінісі– қалыңдықтың ұзатылар алдында ұлттық нақышпен өрнектелген әсем киімдерін кійіп, әшекейлерін тағып аттанып бара жатқан сәті. «Көкем қарагер жорғаны көлденең тартып тұр екен. Бұған Үбиан мінбек. Сондықтан ба, ер-әбзелі ерекше. Ауыздықтан бастап сағалдырығына дейін күміспен күптелген жүген. Тоқымы мен тебінгісі барқытпен тысталыпты. Ер үстіне барқыт көпшік төселген. Өмілдірігі төгіліп тұр») – бәрі де қазақтың ұлттық қол өнер үлгісі мәдениетінің аса көркем бедерленуімен көзге ұрады [42, 90].
«Мұнан соң Үбианды киіндіре бастады. Раушан түстес бүрме етек көйлекті кигенде әпкемді танымай қалдым. Керемет жарасымды екен. Көйлек сыртынан қынамабел көкбарқыт бешбет киді. Құндыз бөркінің төбесінде үкі желбірейді. Қос бұрымының ұшынап күміс тамшы төгілгендей, арқасында әсем шолпы сылдырайды. Аяғында биік өкше оюлы етік. Мойны моншаққа толы, кеудесін алқа көмкеріп тұр. Аппақ білегінде қос-қостан күміс білезік. Саусақтары сақинамен безенген. Тырнағына аздап сүрме жаққандай көрінеді» 42, 101]. Бұл қазақ мәдениетінің, қазақы эстетикалық талғамның басқа халықтардан артық болмаса кем емес екенін танытатын әсем де айшықты көрініс. Қаламгер қалыңдық киген әр бір киім үлгісін асқақтата суреттеу арқылы халықтық танымды, оның өмірмен, тұрмыспен, табиғатпен сәйкестігінің астарын қапысыз таныта алған деуге толық негіз бар.
Шығармада оқырман есінде сақталып қалатын тағы да бірнеше әйелдердің бейнелерін атап өтуге болады. Солардың ішінде Зәпира мен Зәуренің образдары ерекше сомдалған айшықты бейнелер. ХХ ғасыр басында ұлттық дәстүр мен енді құрылып жатқан жаңа қоғам арасында өз орындарын таба алмаған трагедиялық кейіпкерлер. Байтана руынан шыққан Нұрбай деген орташа шаруа кісінің еркін өскен сұлу қызы Зәпира малға сатылып «Нығмет байдың Анаргүл деген есуас әйелінен туған бесінші ұлы реңсіз, мыртық, кекеш - Дәулетке екінші әйел» болып келеді [24, 74]. Жазушы Зәпираның бейнесін «Зәпира келбетті жан еді. Талдырмаш сұңғақ бойына әркім-ақ сұқтана қарайтын. Оның ат жақты жүзі, қыр мұрыны, үлбіреген беті шығыстың сұлуларын елестететін. Жайнаған мөлдір көзі, қарлығаштың қанатындай қияқ қасы, шоқтай қызыл қалыңдау ерні өзгеше бір сұлулықтың нышанын аңғартып тұрушы еді», - деп суреттейді [42, 77]. Жазушы Дәулет пен Зәпираның портреттерін қатар суреттеу арқылы-ақ олардың бір- біріне тең емес екенін, керісінше сәйкессіздіктің түбі екеуінің арасындағы бітіспес өшпенділікті туындататынын қапысыз аңғартып тұр. Дәулет бай баласы болса да күйкі, мұрнының астынан алыстағыны көре алмайтын можантопай, сұлулық деген ерекше қасиетті түсінуге парқы жетпейтін топас жаратылыс иесі. Ал Зәпира оның осы қасиетін білгендіктен де өзін онан ғана емес, сол әулеттен биік санайды. Тәкәппар мінезі, іштегі ызадан сыртқа атойлап көрініп тұратын менмендігі, шектен тыс еркідігі сол басына тағдыр салған қайғы мен қасіретке қарсы бой көтерген өшпенділіктің көрінісі. Оны қаламгер «Зәпира осынау қалыптасқан қараңғы дағдыға бірден қарсы тұрды. Ол енесі Анаргүлге де, қайнағалары мен абысындарына да орынсыз бас иіп төмендемеді. Оның көз қарасынан, қимылы мен ісінен, үні мен мінезінен жәрбиген жаман күйеуіне деген, күйеуінің ағайын туысына деген өшпенділік оты ұшқындап тұратын»,- деп кейіпкерінің жан дүниесіндегі іштейгі толқынысты аша түседі [42, 77]. Автор Зәпира мінезіндегі дара құбылыстарды, өзі өмір сүрген ортамен сәйкеспеген трагедиялық күйді шебер көркемдікпен жинақтап көрсете алған. Әрине Запираның дәл осы мінезіне қарап оқырман мұның соңы үлкен тартысқа айналар, Зәпира өз бостандығын алар деген үмітте отыратыны сөзсіз. Бірақ жазушы өз үкімін басқаша шығарады. Адам жаны темір емес екенін, оның да морт сынатын, тағдыр талқысына шыдамай жеңіліс табатын кезі болатынын реалистікпен баяндайды. Қоғамдағы қатаң дәстүрдің кейде адам тағдырын ойыншық құрлы көрмейтін әділетсіздігіне күйіндіреді. Қызының бақыты үшін кеш те болса бас көтеріп, ара түскісі келген, қатал салтқа қарсы шыққан әкесі мен ағаларының да қолдарынан ештеңе келмей жеңіліс табады. Қазақ арасындағы рулық қатынастардың, әр рудың өз намысын жан алып, жан бере қорғайтынын да жазушы өте шынайы бейнелеген. Даудың ақыры Зәпираның мәңгі пенде болып Дәулетте қалуымен аяқталуы да сенімді шыққан.
Б.Момышұлы романында лирикалық шегініс жасай отырып Зәпираның кейінгі өмірінен де хабар бере кетеді. «1943 жылы ауылға демалысқа келгенде, қайтыс болған бір ағайынымның үйіне көңіл айтуға кірдім. Сырттан елдің ең соңы болып, белі бүкшиген, кір орамалы көзіне дейін түсіп кеткен бір әйел келді. Алғашында кім екенін танымай қалып, сәлем беруге орнымнан тұра бергенімде, әлгі әйел асқан бір жылы мейііріммен құшып, еркелете сөйледі. Киізге қайта жайғасқанымызда, менің хал-жаймды, денсаулығымды, мынау қағынған соғыс кезіндегі амандығымды сұрай бастады. Өзінің ерте келіп сәлем бере алмағанына кешірім сұрап жатыр. Сонда барып майшамның алакөлеңкесінде әйелдің Зәпира екенін әрең танып едім. Шүйкедей боп шөгіп, бүріскен күйі отыра берді. Шамның күңгірт жарығы әжімдерін адырайта айқындап, тіссіз қушиған иегін де әйгілеп тұрды» [42, 83]. Өмір кемесін ешкімнің де тоқтата алмасы белгілі. Бірақ сол өмірді ылғи да азаппен, өзің сүймеген жанмен іштей арпалыспен өткізу қандай ауыр. Зәпираның трагедиясы да дәл сол өксумен өткен, өзін күн сайын жерлеумен, қорланумен өткен өмір. Қаламгер бір кездегі сұлу да сымбатты әйелдің белінің жасына жетпей бүкшюін, бетіндегі ағыз-айғыз әжімдерді, тіссіз қушиған иегін суреттеу арқылы оның басынан өткен қайғы мен қасіреттің қаншалықты ауыр болғанын еріксіз еске салады.
Романдағы өз бақыты үшін күресуші, өзінің ар алдындағы тазалығын дәлелдеп қана қоймай, сол ары мен намысы үшін ақсақалдардың алдын кесіп өтпейтін қазақтың қатал салтының өзін батылдықпен өз пайдасына шеше алған жанның бірі – Аққұлдың ұлы Жақсыбайдың әйелі - Зәуре. Сайдағы жапырылып қалған шөп үшін екі араға өсекші тасыған арам сөзге жазықсыз күйіп отырған жас келін өзінің намысын аяққа таптаған күйеуіне қайтып мойнын бұрмастай көңілі қалған. Ол енді бұл елде қалғанмен де өсек оты өзін өмір бойы күйдіріп, күйеуі бетіне салық қылып өтетінін біледі. Сондықтан да өз құқығын өзі қорғауға тәуекел етеді. Зәуренің сол сәттегі портретін автор былайша суреттейді: «Кенет шеткі отаудан әсем киінген сымбатты келіншек көрінді. Ол батыл басып, әйел бас сұқпайтын мынау даулы ортаға қарай келе жатыр. Жұрттың бәрі аң-таң. Аққұл өз келінін көріп, шоршып түсті Әйел жақын келді де, үлкендерге иіліп сәлем берді. Әкесінің қасында бүрісіп отырған күйеуіне жек көре бір қарады. Қанын ішіне тартып, бозарып кетіпті. Жанары ызалы ұшқын атып, жас тығылып тұрғандай» [42, 155]. Әйелдің қозғалыс үстінде көрінетін күллі сыртқы бейнесі, қабағындағы ашу иектеген құбылыстар кейіпкердің жан дүниесінде болып жатқан іштейгі арпалысты нақты көрсетеді. Жазушы намысы тапталып, жаны жазықсыз күйген әйелдің аузына сол сыртқы портретіне сәйкес сөз салады. «Мен сіздердің алдарыңызда мына күйеуіме өз шешімімді естірте кетейін деп келіп тұрмын. Таза жүрегім өсектің қозына көмілгендей, өне бойым ұяттан өртеніп барады. Енді бұл күйікке шыдай алмаспын. Жаңа өкімет еркіндікке, теңдікке ерік беріпті. Сол теңдігімді енді пайдаланам. Масқара боп жүре алмаймын. Сондықтан бұл үйден біржола кетуге бел байладым. Қараниеттің қасында қалуға енді менде шама жоқ»,- деп өзін еліне жеткізіп салуды өтінеді [42, 155]. Жас келін осындай батыл әрекетке барса да жөнсіз қылық көрсетпейді. Үлкендерге ибамен иіліп сәлем салады, өз сөзін ешкімнің намысына тимей жүйелі айтып шығады және атасы Аққұлға сыйлағаны үшін алғысын айтып, билік айтып отырған Жарымбеттен кешірім сұрай тұрып, өзін еліне жеткізуді сұрайды. Барлық қылығы тәрбиелі, жөн білетін, сонымен қатар ақылды әйелге тін мінез. Жазушы өмірлік шындықты көркем тілмен керемет өңдеп, оқырман санасына әсерлі етіп жеткізе алған. Кез-келген суреткердің ақиқат шындықтың өзін тазалап, жетілдіріп көркем шындық жасайтыны белгілі. Белинский кезінде «Ақиқат шындықтан көркем шындық артық болғаны ма? – деген өзіне-өзі сауал қойып, оған өзі «иә» деп жауап берген екен. Б.Момышұлы романындағы Зәуре өз намысы үшін күрескен, сол жолда жеңіске жеткен ерекше образ. Оның бойында қазақ қыздарына тән қайсарлық, батылдықпен қатар өз отбасынан алған ақыл мен тәрбие жемісі айқын көрініс береді.
Шығармада өзінің ерекше мінезімен, әрдайым бірдеңеңге ұрынып, жазықсыз жапа шегіп жүретін, тазалығымен, қызулығымен есте қалатын образдардың бірі Бауыржанның әкесінің інісі – Момынқұл бейнесі. Момынқұл Баукеңнің әкесі Момышқа қарағанда өжет, ылғи да бойындағы күші мен қызуқандылығының арқасында әр түрлі оғаш істерге шатылып жүретін жас жігіт. Бірақ ар-ұяты мол, үлкен мен кішіні сыйлай білетін арлы да намысқой бейне. Оның портретін жазушы: «Момынқұл көкем атам мен әжемнің ең кенже баласы екен. Ұзын бойлы, сұлу, сымбатты, дөңгелек қара көзді, кертпе мұрындау, астыңғы ерні дүрдіктеу, аққұба жігіт болатын», - деп сипаттайды [42, 31]. Жалпы Бауыржанның ер азамат ретінде тәрбиеленуіне көп ықпал еткен адамның бірі осы Момынқұл көкесі. Шығарманың өн бойынан Момынқұл туралы ешқандай да жаман мінезді, жайсыз іс-әрекетті кездестіре алмаймыз. Бала Баукең тез шешім қабылдау, нар тәуекелге бел байлау жағынан сол көкесіне көбірек ұқсайтындай әсер қалдырады. Оның ептілігі, қандай шаруаға болмасын бел шеше кірісіп кететіні, бойындағы жас жігітке тән қызуқандылығы, ешкімге бас имейтін тәкәппарлығы, әрдайым әділеттің жақтаушысы болып жүретін ақжүректігі, ешкімнен сескенбейтін батылдығы Момынқұлды басқалардан ылғи да даралап тұрады.
Ал оның Серкебай нағашысының ауылына барып, діни сауатын ашып қайтқан кезін «Екі жыл өткен соң ғана көкем ауылға оралды. Үстінде ақ шапан, басында сәлде, аздап едірейген тікенек мұрт қойыпты. Ауыл адамдары жас жігіттің мысық мұртына сол күні-ақ күлген», - деп юмормен суреттейді [42, 32]. Осындағы екі портреттің алғашқысы нағыз Момынқұлдың реалистік бейнесі де, ал екіншісі оның мінезіне, күнделікті іс- әрекетіне сай келмейтін күлкілі бейне. Бұл жазушының өзі сомдап отырған образдың болмысын таныту жолында тапқан өзіндік тың әдісі.
Ал нағашысы Серкебай бейнесі өзінің дара сипатымен есте қалады. Бұл кейіпкер мінезінен тәкаппар, өздігінен ешкімге иіле қоймайтын, айттым бітті дейтін өжет те қырсық қазақ ақсақалдарының жинақталған типтік болмысын танимыз. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарт, осы шығармадағы Аққұл образдары бұл ойымызды дәлелдей түседі. Оны жазушы: «Серкебай асыл киімдерді қонымды етіп, сымбатты киініпті: алдымен құндыз бөркі құлпырып көз тартады. Бөркін шешкенде көк тақыр етіп қырған басында оқалы барқыт тақиясы қалды. Бешпет сыртынан буған кемер белдігінің жалпақтығы кере қарыстай еді. Сабы күміспен күптелген қамшысын сәнмен қос бүктеп қасына қойыпты. Етсіз қыр мұрыны, қысыңқы өткір көзі ашаң жүзін айбарландырып жібереді екен. Қияқтай етіп бастырған мұртының ұшы екі езуін жиектеп көмкеріп тұр. Селдір ұзын сақалы кеудесіне түседі. Ол аз сөйлеп, әр сөзін нығарлап, таптап, қарсы отырған адамына қарай қамшысын немесе сөқ қолын нұқып сесті айтады екен. Нағашым ешкімді бет қаратпайтын, айналасын айбармен меңдеп алған, өркөкіректеу көрінді. Өз қатарларының өзін менсінбейтін кісі, біз сияқты бала-шағаға көз қиығын да салған жоқ», - деп бейнелеген [43, 3]. Осынау портреттен-ақ оның кіділеу мінезі мен ішкі болмыс-бітімін танып біле аламыз. Киім киісі, мұрт қоюы, сөйлеу мәнері, тәкәппар мінезі бұл кейіпкердің өзгелерден ерек екенін айқындап тұр. Өмір оны осылай етіп тәрбиелеген бе, әлде осынау осқырып, жұртқа өктем сөйлеуінің астарында жасандылық бар ма оны жазушы нақты оқиғалар арқылы ашып көрсетпейді. Мүмкін ол бас кейіпкер болмаған соң қажет деп таппаған да шығар.
Қазақы болмысты, халықтың этнографиялық ерекшелігін айқындай көрсетуге септігін тигізген образдың бірі - Аққұл образы. Аққұл ауыл ақсақалы, еліне сыйлы қадірменді қарт. Сонымен бірге жасы біразға келсе де лап етпе қызуқандылығы басыла қоймаған, істің артын терең ойлай бермейтін, көбіне жалған намыс жетегінде кететін аңқау да дал адам.
Көкпар тарту – қазақтың ұлттық мінез-құлық психологиясы жинақталған дала өркениетіндегі ерекше спорт түрі. Шығармада осы ұлттық спорттың сюжеттік-композициялық желіде үш рет өткізілгенін оқимыз. Үшеуінде де туындының бас кейіпкерлерінің бірі Аққұл қарттың таңғажайып өнеріне тәнті боламыз.
Үбианның ұзатылу тойындағы көкпар тарту сайысындағы Аққұл қарттың көкпар тарту сайысу алдындағы алабұртқан көңіл-күйі мен кескін- келбеті былайша суреттеледі: «Сол-ақ екен Аққұл айтып тұрған әңгімесін ұмытып, арқасы қозып шыға келді. Қомданған бүркіттей көзі жайнап, жүзі алабұрттанып қиқулап тұр» деп сайыс кезіндегі қимыл-әрекеттері тұтаса романтикалық және реалистік суреттеу тәсілдерімен өрілген. Көкпар тарту сайысы кезіндегі Аққұлдың көкпаршы ретіндегі шеберлігі, оны тамашалап тұрғандардың көңіл-күйлері мен бет-бейнелері тұтаса келе қазақ көкпаршысы мен көрермендерінің тұтастай поэтикалық портреттерін көз алдымызға елестетеді:
«Көкем Аққұлға қатарласа жүгіріп серкені сүйреп барады. Ат үстіндегілер жаппай қиқаласып лап қойып келеді. Ауылдан аз ұзаған соң шабандоздар сақинаша дөңгеленіп тұра қалды. Ортада серкенің сирағынан ұстаған көкем. Кенет ол серкені тік көтеріп алды да Аққұлдан ұзай беріп лақтырып жіберді. Сол-ақ екен қасқырға құйылған қырандай Аққұл ілгері ұмтыла берді. Жардай үлкен шалдың жинақыланып бір уыс боп кеткеніне таң қалдым. Денесі шиыршық атып, әлгі серкені жерге жеткізбей қағып алды.

  • Пау, шіркін, – деп шу ете қалған шабандоздар дауысы сайыс аңсаған сұңқарлардың үніндей шаңқ етіп еді. Аққұл болса ортада шыр айналып сайыс әдісін жастарға жария еткендей өзімен-өзі егесіп, өнер көрсете бастады» [43, 155].

Аққұлдың мінезі шадыр, сәл нәрсеге шарт сынатын ожар шал. Бірақ жазушы сол мінезіне қарамай Аққұлдың әділдігін, оның ұлттық өнерге жан- тәнімен берілген жан екенін осы көкпар оқиғасы арқылы шебер суреттеген.
Әсіресе, желбуаздың жеңілтек өсегіне алданып, өзінің адал келіні Зәурені, туысқан інісін жазықсыз айыптап, бір топ адамды ертіп келіп айқайлап, Момынқұлды соққыға жыққысы келген кездегі ұсқыны да ашу буған адамның кескінін шынайы елестетеді: «Түрі бұзылып жауар бұлттай түйіліп алыпты. Ешнәрседен аянар түрі жоқ. Шүңірек көзі қанталап өз ашуына өзі буынып тұр» [42].
Момышқа інісі Момынқұл мен Аққұлдың келіні Зәуре – екеуіне жазықсыз жабылған жаладан оларды аршып алу оңайға түспейді. Қалыс ағайын өкілі Жәрімбет биге жүгініп отырған сәттегі Аққұлдың келбеті өзгеше кейіпте бейнеленеді: «Аққұлдың әжімді жүзі жыбырлап, өзі құрысқандай бір уыс болып, бозарып сала берді. Қанын ішіне тартып қатайып алыпты» деп суреттелсе, аппақ арына дақ түсірген өсекшілдікке, жел сөзге ергендерге көңілі қалған Зәуре кетіп қалғанда уездік комитет хатшысы Садықтың алдында келіп келінін қайтаруды өтініп сұрап тұрған Аққұл қарттың аянышты келбеті мүлдем басқаша сипатталады: «Аққұл бұдан ары сөйлей алмады. Иегі кемсеңдеп, көзінен жас парлап бара жатты. Садық осынау ел алдында өзін еркін ұстайтын, ауылының алға арқа тұтар ақсақалы болған маңғаз Аққұлдың еңсесі түсіп езілгенін тұңғыш рет көріп отыр. Кәрі көзден шыққан жас бетінен сорғалай ағып, ақ мұртты, салалы сақалынан мөлдірлей тамшылап аққанда, Садық ішінен жылап жібере жаздады» [42, 155]. Осындай психологиялық штрихтар арқылы берілген Аққұлдың портреті арқылы оның ішкі жан дүниесіндегі терең күйзелісті, өкінішті оқырман қапысыз таниды.
Келесі бір сюжеттік бөлікте көкпар тартудың аса намысты тең дәрежелі сайыстарымен алдында ғана қарғып өткен ордан кері қарай қайта қарғығанда Аққұл қарт Көкшолағымен бірге шыңырауға құлап жазым болады. «Не деген қайрат! Шал деп жүрсек шағылмаған болат екен ғой, – десіп жұрт гулесіп» тұрғанда жанындағы Жантөре қарғып өткенмен, Аққұл қарт та, аты Көкшолақ та шыңырау түбіндегі су үңгіп кеткені оқпанға құлап түседі [62, 182]. Шыңыраудан екеуін де тартып шығарып алғаннан кейінгі олардың жатқан жағдайларының суреттелуі де өмір шындығының деректі болмысын оқырманның көз алдына айқын елестетеді: «Қарасам бет-аузы қанға бөккен қыбырсыз Аққұл атамды құшақтап көтеріп келеді екен. Денем түршігіп кетті. Әлгінде ғана ат үстінде атой салып жүрген атамды дәл осылай қан жуып, шаңға көміліп жатады деп кім ойлаған? Жасыл шалғын үстінде қорқыраған Көкшолақ пен оның иесі Аққұл екеуі қыбырсыз жатыр. Қалған жұрт жандарын шүберекке түйіп, тілеу тілеп қалтырап тұр. Іштей жылап тұншығады. Көлбей түскен күн сәулесі атамның денесінен аққан қанды күлгіндендіріп жібергендей, біртүрлі үрей тудырады» [42, 188].
Адам – фәни дүниенің қонағы. Жазушы адам өмірі мен табиғат құбылысының, уақыт мезгілдерінің өзара егізделген, үндескен болмысын реалистік таныммен біріктіре бейнелеп, тіршілік қозғалыстарындағы табиғи сабақтастықтарды көркем шындықпен байыптаған. Жазушы Аққұл қарттың фәниден өтер сәттегі жағдайын да адам келбеті мен табиғат ажарын егізделген сипатта көрсеткен:
«Атамның басы былқ-сылқ етіп, икемге келер емес. Күбірлеп әлденені айтқан болып еді, түсіне алмадық. Бұл кезде күн еңкейіп, Шақпақ жонынан асып барады екен. Айнала өрттей қызарып, біртүрлі айбарлы алау шашып тұр. Ымырт үйіріліп, айнала күреңіте бастаған шақта ес жинаған Аққұлды ауылға жеткізбек боп бәріміз жабырласып едік. Екі атқа керіп тартқан Көкшолақтың терісіне Аққұл атамды жатқызып лек-легімізбен баяу ғана ауылға беттедік. Ешкім үн қатқан жоқ, көңілді күлкі де естілмейді. Тек ат тұяғының тысыры ғана жүрек лүпілін жиілетіп бір түрлі қобалжып келеміз. Сол түні Аққұл өз шаңырағына түнеп шықты да, таңға жуық жарық дүниемен қоштасып еді» [42, 189]. Үлкен трагедия. Жаңа ғана топ алдында өзінің ептілігін, атадан балаға ұласып келе жатқан ат үстіндегі өнерін көрсетіп жүрген адам аяқ астынан қазаға ұшырады. Қым-қиғаш шиеленіскен оқиғалар тізбегі. Бұл ширыққан сюжеттің оқырманды да бей жай қалдырмасы белгілі. Шағын эпизодтың шарықтау шегін де жазушы барынша шынайы суреттеген. «Атамның басы былқ-сылқ етіп, икемге келер емес. Күбірлеп әлденені айтқан болып еді, түсіне алмадық. ...
Бұл кезде күн еңкейіп, Шақпақ жонынан асып барады екен. Айнала өрттей қызарып, біртүрлі айбарлы алау шашып тұр», - деген адам әрекеті мен табиғат құбылысын салыстыра суреттеуі расында да Аққұлдың қарттың енді келмес қайтпас сапарға аттанғанын анық аңғартып тұр. [42, 189].
Көркем шығарма – адам мен оны қоршаған қоғамдық-әлеуеттік ортадағы тұрмыстық қарым-қатынастарды, онымен бірге олардың барлығын да табиғаттың үздіксіз өзгерістегі құбылыстарымен тұтастандыра бейнелейтін өнернама әлемі. Шығармадағы барлық сюжеттік бөліктерде де Аққұл қарт бейнесімен қатарлас көрінетін кейіпкерлер де табиғат құбылыстарымен егізделе бейнеленеді.
Қазақ әдебиетіндегі кенжелеп қалған әскери тақырыптағы шығармалар легіне соны леп әкеліп, оны үздік дәрежедегі көркемдік суреттеу сатысына көтерген қазақтың ардақты да, асыл қаһарман ұлдарының бірегейі Бауыржан Момышұлының қазақ әдебиетінде өзіндік дара орны бар. Кей ретте осы өзіндік бітім-болмысымен ерекшеленетін тұлғаны соғыс тақырыбына ғана қалам тербетіп, әскери мемуарлық шығармалар қалдырған жазушы ретінде санайтынымыз жасырын емес. Алайда эпистолярлық жанрда, поэзияда да өзіндік қолтаңбасы бар Бауыржан Момышұлының шығармашылығына ден қояр болсақ, оның басқа да тақырыптар мен жанрларда қаламын ұштап, өзіндік стилін қалыптастырғандығын, тақырып ауқымының кең екендігін байқау қиын емес.
Айта кетерлік жайт, қандай тақырыпқа қалам тартса да, Бауыржан Момышұлының кез келген шығармасы әдептілікке үндейді, ар тазалығына берік болуға шақырады, ерлік пен шыншылдыққа тәрбиелейді.
Кез келген қаламгердің шығармашылығы жайлы сөз болғанда оны суреткер дүниетанымынсыз қарастыру мүмкін болмас еді. Өйткені «биік дүниетану тұрғысы жоқ жерде, шындықты терең, дұрыс тану мүмкін емес» [42, 28]. Шындық өз деңгейінде танылмаса, шынайы шығарманың тумайтыны да айқын. Ал жазушы қоғамнан тыс өмір сүрмейді. Оның да суреткерлік дүниетанымын қалыптастыратын – өскен ортасы, қоғам, сол кезеңдегі оқиғалар мен дәстүрлі және заманауи ұстанымдар. Осы тұрғыдан келгенде Б. Момышұлы шығармашылығындағы ұлттық дүниетанымының негізі «Ұшқан ұя» повесінде деп айтар болсақ қателеспейміз.
Қазақтың байырғы дәстүрлі ортасының әдет-ғұрпы мен салт-санасы, дәстүрі мен ділі, өзіндік дүниетанымы мен психологиясы көрініс тапқан, қазақы тәлім-тәрбиенің тұнып тұрған тұнығы «Ұшқан ұя» туындысы – жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік шығарманың бірі. Туындыны кезінде қаламгердің өзі жазушы Мамытбек Қалдыбаймен сұхбатында:
«Ұшқан ұяны» ең жақсы шығармам деп ойлаймын. Оны мен сендердің заңдарыңа бағынбай, халқымның надан халық емес екенін, надан халық болмағанын дәлелдеу үшін жазғам. Осы шығармам арқылы әжеме, тентек, ерке Момынқұлға, Текебай биге, Үбиян әпкеме, яғни халқымның дәстүріне ескерткіш орнаттым», – деп атап айтқан болатын [42, 35].
Бұл шығарманың мазмұны терең, құрылысы қарапайым. Жазушы Бауыржанның өмірдегі, шығармашылық белестеріндегі шыншылдығы, нақты оқиғаның шынайылығын бұзбай, қаз-қалпында беру ерекшелігі мұнда да нақты көрініс тапқан. Тілі жатық, әсерлі, сюжеті тартымды, өмірдің өз өрнегі бұзылмай әсерлі әрі нақтылы баяндалған. Бұл туынды жазушының шеберлігін, өзгеге ұқсамайтын өзіндік өрнегін аңғартады. Әрқайсысы жеке оқиғалардан тұратын, алайда лирикалық кейіпкерлер арқылы тоғысатын шағын-шағын бөлімдерге бөлінген әңгімелер топтамасы шығарманың тұтас сюжетінің тараушалары ретінде қызмет атқарып, оқырманын алға сүйреп, құнықтыра еліктіріп, жетелеп отырады.
«Әдеби портрет» деген терминнің өзі кең етек жайған, соныдықтан да оған дәл анықтама беруді міндеттейді. Атап өту керек, қазіргі әдебиеттануда сөз өнерінің бір жанры ретінде «әдеби портрет» нені білдіретіні анық емес. Бұл терминмен мемуарлы-биографиялық очеркті де жиі атайды. Ол эссенің және әдеби-сындық мақаланың жүгіртпе штрихтарымен, қысқа репортажбен, егер олар белгілі бір адамға сипаттама беруге арналса, қоса беріледі, бірақ толық баяндауды қажет етпейді. Ал Б.Момышұлының шығармаларының басым бөлігі деректілікке құрылған. Оны таза мемуарлық деп жанрлық атау беруге асықпау керек. Өйткені бұл шығармаларда көптеген оқиғалар аз да болса жазушының еркімен өзгерістерге ұшыраған. Б.Момышұлы да өз шығармаларының жанрлық ерекшелігін мемуарлық, автобиографиялық деп көрсетпеген. Бірақ қалай десек те ондағы оқиғалардың өмірде болғандығы, тарихи тұлғалар мен уақыт және кеңістік жағынан көптеген тарихи оқиғалардың шынайы суреттелгені автор тарапынан ғана емес, оқырмандар тарапынан да толық құпталып келген. Сондықтан да «Ұшқан ұя» романындағы оқиғалардың барлығы да кезінде болған, адамдар куә болған тарихи шындықтан алынған деуімізге толық негіз бар.
Табиғат - адам баласының алтын бесігі. Саналы адам баласы табиғат аясында туып өскендіктен әр уақытта да оған құрметпен қарап, одан үйренуге, оның құпия сырларына тереңдеп енуге, оны өз танымы тұрғысынан түсінуге құштар. Сондықтан да болар ертедегі философтар «өмірді тану дегеніміз- табиғатты тану» деген тұжырым жасаған. Ал сол табиғаттың құпия сырларын өздерінше ұғынып, оны өнер тілімен бейнелеп, сырлы суретке айналдырып жүргендердің алдыңғы легінде әрдайым ақындар жүрген десек артық айтқанымыз емес.
Рас, табиғат барлық тіршілік иелерінің өмір сүретін ортасы, сонымен қатар саналы пенденің рухани жетілуі де тікелей табиғатқа тәуелді. Өнер әлеміндегі табиғаттың мәні туралы жазылған ғылыми пікірлер батыс пен шығыс елдерінің ойшылдарында баршылық, бірақ олардың бәрін саралап жатпай-ақ алаштың арда жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың мына пікірін тілге тиек етсек те жеткілікті болар: «Өзгермейтін, алдамайтын, таза қасиетті нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдік – міне, қашаннан бері ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған даруы»,- дейді ол. Ақылды сөз, дәләлді сөз екеніне дау жоқ. Адам баласының өмір бақи іздейтіні ақиқат шындық болса – оның жауабын сол табиғаттан іздейді екенбіз. Себебі ол таза екен. Ол махаббаттың, көркемдіктің баламасы екен.
Аталмыш романның панорамасы кең пішілген, поэтикалық палитрасы бай шығарма. Бұл туындысында да жазушы өзінің басқа шығармаларындай қазақ даласының өткені мен бүгінгі дидарын саралай салыстырып, ұлттық ұғымға сай салтанатты суретін символдық астармен үйлесімді бейнелейді. Мұнда да көтеріңкі де жоғары пафос дәстүрі сақталған. Бала Бауыржан өзінің табиғаттың тамаша көрінісімен алғаш кездескен сәтін былайша бейнелейді: «Аспанмен тілдескен ақбас шоқылар есімде. Күн шығып келе жатса керек. Ал шоқылар алаулап, көз қарығар алмастай жарқырап ала жөнелді. Күнде бұл уақытта киіз үйде пырылдап ұйықтап жататын бала, әлдеқалай оянып кетсем керек, әлгі күннің тау шоқыға асыла шығып келе жатқанын көргенде, дүниенің бұл кереметіне түсіне алмай, тұрып қалған болармын. Мына күннің шығып келе жатқан суретіне қадала қарап қалған қалпымды салқын самал да бұза алмаған болар» [42, 16]. Әр адамның басынан өтетін сұлу да сырлы сурет. Сан алуан түске боялып, түрлі сипатта құбылған табиғаттың сиқыр сұлулығының бала санасындағы образды бейнесі. Бірақ соны жазушы әдемі де айшықты тілмен барынша көркемдеп бейнелей көрсеткен. Ал одан арғы: «Ойпаңда қаз қатар киіз үйлер. Бөктерді жағалай қой өріп барады. Қойтас екенін, қой екенін біліп болмас, тау бөктері толы мал. Күн көтерілгенше шығыстағы шоқының ұзын көлеңкесі шатқалды көлегейлеп жатып алады. Күн көтеріле көлеңке де қысқара береді. Шатқал алтын нұрға малынып, дүниенің бір шалқыған шағы басталады», - деген үзіндіден автордың құр тамсану емес, асқар шыңдар мен даланың тарихи бейнесімен қатар өзіндік мінезін танытуға да көп күш салғанын аңғарамыз [42, 16]. Бұл шығарманың негізгі арқауы ата мекен, қазақ даласы екенін айттық. Сондықтан да жазушы шығарманың өн бойында туған жердің пейзаждық суретін, оның басқа жерлерден өзіндік ерекшелігін қаныққан бояумен барынша әсем етіп сипаттайды. Осындағы «көлеңке мен нұр» деген сөздердің астарында үлкен ой жатыр. Бұл жерде қаламгер асқар таулардың алыптығын, мызғымас сұстылығын ғана емес, мінезіндегі сырын аша қоймайтын тұйықтығын да сипаттап отыр. Ал «Дүниенің шалқыған шағы басталады» деген тіркестен табиғаттың динамикалық күйін, кейіпкердің сұлулыққа құштар ішкі болмысын айқын танығандай боламыз. Алғашқы суреттемедегі дала бейнесі «көз қарығар алмастай» деген теңеулер арқылы сәтті айшықталған.
Теңеу туралы айтылғанда салыстыру үшін қандай нәрсе алынып отырса, соған көбірек мән беріледі. Асылында, мәселе тек онда ғана емес. Сол салыстыру арқылы сипатталып отырған құбылыс, нәрсе қандай, оның нендей ерекшелігі көрсетіліп отыр және екі нәрсені теңестірудің өзінен қандай мағына туып, ой аңғарылады – міне, алдымен осылар толық ескерілуі тиіс.
Әбунәсір әл-Фараби «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактатында» көркемдеу тәсілінің бір түрі теңеу туралы: «Теңеу де өз көркемдік дәрежесімен ерекшеленеді. Бұл заттың- тақырыптың өзінен туындайды, теңеу дәл келе ме, жоқ, жуықтай ма немесе бір-бірімен тым алшақ екі затты қосымша кейіптеу арқылы суреткерге тән тәсілмен ұқсастыру – әрбір ақынның шеберлігіне байланысты. Дәл мұндай әсерді тек өнер кемелдігі ғана шақыра алатыны кәміл. Бұған ұқсас мысалды қазіргі ақындар тәжірибесінен мол ұштастырамыз; олар жыр жолының соңына ұйқас үшін сөз қоярда тіркес алдына соның мәнін ашатын сөз таңдайды. Онысы шынында да шұғылалы сезімге бөлейді», - деген.
Теңеуде салыстыра суреттеп отырған нәрсе бар да және оны ұқсатып отырған екінші нәрсе бар. Бірақ олардың арасы жымдасып кетпей, әрқайсысы өз алдына дара тұрады. Біреуі шығармада айқындап сипаттауды қажет етеді де, екіншісі алдыңғыны осыған ұқсату үшін дайын күйінде, бар қалпында алынады.
Бауыржанның табиғатты суреттеудегі басты ерекшелігі басқаларда кездесе бермейтін соны теңеулер мен лоликалық ұқсас құбылыстарды тауып сөз өрнегінде орынды пайдалануында. Мысалы, «Мына күннің шығып келе жатқан суретіне қадала қарап қалған қалпымды салқын самал да бұза алмаған болар» деп сипаттау әдебиетімізде көп кездесе бермейді, бұлайша бейнелеу суреткер ойының ұшқырлығын, образды ойлаудың соны үлгісін танытады.
Шынында да, Қазан төңкерісіне дейін негізгі кәсібі тек мал шаруашылығы болған қазақ даласында табиғатты малсыз елестету мүмкін емес еді. Үйір-үйір жылқы, отар-отар қой кез-келген ауылдың сәні мен нәрі болатын. Бұл халқымыздың бүкіләлемдік өркениеттен басқа жағынан кейін қалса да бай да бақуат өмір сүргенін көрсететін белгілер.
Бауыржан Момышұлы шығармаларында табиғат суреттері ылғи да әдемі, ылғи да жарқыраған таза күйінде ғана суреттеледі десек қателесеміз. Оқиға желісіне қарай, ондағы орын алған шиеленісті жағдайларға сай көбіне табиғат суреттері де әр алуан кейіпте өзгеріп, құбылып отырады. Бұл шығармашылық өнердің бір заңдылығы десек те болады. Осынау табиғат өзгерістерін Баукең бала кезінде қалай қабылдағаны туралы былайша сыр тиегін ағытады: «Ол ол ма, анау асқар таулар, етектегі еңісті шексіз дала, көгілдір аспан, түнде жымыңдаған жұлдыздар, толықсып туған ай, жасыл жайлау – бәрі-бәрі тек маған ғана елжірей қарап, мені ғана аймалап, әлдилейтін сияқты еді. Дүние сенің сәби көзіңмен көргендегідей өмір бойы қайырымды, аспаны – күмбез, желі – жібек, әдемі ертек болып тұра берсе қане.
Тек оқта-текте ауылдың үстін, тау бөктерін тұнжыр бұлт торлайтын. Бұлт сонда үн-түнсіз шаруақор менің әкеме ұқсайтын. Ал күн күркіресе, апамның ересек балаларына ақырып-зекіргені есіме түсіп, жым боламын. Жаңбыр жауса, жас баланың көз жасындай, кімді аяйтынымды білмеймін, әлдекімге жаным ашып, жылағым келер. Биелер шұрқырап, құлындар құтырып, ауылды айнала шауып, еріксіз елеңдетеді. Алақұйын айдалаға сен де жүгіре жөнелгің келеді. Енді бірде аспанға аң-таң боп қарап қаласың. Буда-буда бұлттар жалы желбіреп шауып бара жатқан асау айғырлар сияқты. Кейде шөгіп жатқан түйелер сияқты. Кішкентай қолдарыңды созып, сол керемет дүниеге ұшып барып, әлгі қанатты тұлпардың жалынан сипағың келеді. Баланың бақытты шағы сол кереметке сенетінінде шығар. Кейін есейе келе әлгі бұлттың су екенін, күннің қызуымен бу болып ұшатынын білу қандай қатал еді» [42, 17]. Жазушы өзі суреттеп отырған туған жер табиғатына жан бітіріп, оны адам кейпінде суреттеуі тек шығармашылық қиялдың ғана емес, ең алдымен өмірдің өзінен ойып алынған шындықтың жемісі.
Көркем әдебиеттің предметі адам дейтін болсақ, кез келген көркем шығармада оның айнала қоршаған ортасы, табиғат аясы суреткер назарынан тыс қалуы өте сирек құбылыс. Қай шығарманы алмайық адам мінезі, оның іс- әрекеті мен психологиялық ой орамдары сыртқы табиғат жай-күйімен тығыз байланыс бірлікте суреттеледі. Табиғат образ сомдаудың құрамдас бір бөлігі, немесе образ адам өмір сүрген ортаның бояуын қанықтыра түсетін фоны іспетті.
Батыс әдебиетінде пейзаждың ежелден қалыптасқан екі түрлі қасиеті бар. Оның біріншісі табиғат құбылысын кейіпкер көңіл-күйіне орай салыстырса, параллель суреттеу болса, екіншісі адам сезіміне кереғар бағытта, контраст қалпында суреттеу. Бауыржан Момышұлында осы табиғат мінезінің адам көңіл-күйімен параллель келу жағы басым түсіп жатады. Онда да іс-әрекет үстінде, жанды қимыл –қозғалысымен есте қалады.
Б.Момышұлының прозалық шығармаларында қаһарман мен табиғат құбылыстары әдемі суреттеулер мен даралық мінездеулер тарапынан да астасып, араласып жатады. Сондықтан да оның бейнелеуіндегі табиғат мінезі баршаға түсінікті, ол жасаған табиғат понарамасы әрқашан да сұлу, көркем болып шығады.
«Ұшқан ұя» романы көркемдігі жоғары, ойы терең шығарма. Шығарманың поэтикасын сөз еткенде қаламгердің өзі таңдап алған тақырыпты терең меңгергендігіне, әр образды барынша типтік деңгейге көтергеніне, баяндау тілінің әсерлі де, әсемдігіне тәнті боламыз. Жазушының «Москва үшін шайқас» романының реалистік сипаты басым болса, «Ұшқан ұяда» романтизм (Бауыржанның балық таным-түсінігі және көкпар ұлттық ойындары суреттелетін тұстар) көріністері де аралас келіп, романның сюжетіндегі оқиғалардың астарын қалыңдатып, көркемдік бояуын қоюлата түскен. Сонымен қатар аталған шығармада қаламгердің мекеншақты аса бір шеберлікпен шығарма арқауымен үйлесімділікте жасап шыққанының куәсі боламыз. Роман үшін мекеншақтағы көркем мазмұн – басты фактор ретінде көрініс тапқан. Сондықтан да жазушының өзі куә болған оқиғаларды бейнелеу принципі шығарманың тікелей жанрына тәуелді екендігі аңғарылады. Мәселен, роман жазуды мақсат тұтқан шығармашылық тұлға мен әңгіме жазуды жоспарлаған қаламгердің бейнелеу принциптеріне байланысты елеулі айырмашылықтар болады. Романдық жанрды айқындайтын басты ерекшелік мекеншақ деп көрсеткен М.М.Бахтин: «Хронотоп ақиқат шындыққа қатысты әдеби шығарманың көркемдік бірлігін айқындайды», - деген анықтама береді.
Шығармадағы мекеншақтың атқаратын қызметі ерекше. Біріншіден мекеншақтың сюжеттік мәні бар болады. Ол романдағы сатылап дамушы сюжеттердің басын біріктіретін ұйымдастырушы негіз болып саналады. Романдағы мекеншақ негізінде сюжеттік желілер рет-ретімен дамып, шешімін табады. Екіншіден, мекеншақта бейнелеушілік қызмет те көрініс беріп отырады. Шығарма желісінде оқиғалардың шиеленісуі мекеншаққа қатысты сезіп, тануға болатын образ ретінде бейнеленеді, ал әр әрекет, құбылыс нақтылана түседі. Романдағы оқиға туралы оның қай кезде (көркем уақыт), қай жерде (көркем кеңістік) болғаны туралы шынайы мағлұмат береді. Эпикалық туындыдағы барлық абстрактылы элементтер – философиялық-әлеуметтік қабаттар, шығарма идеясы, оқиғалар желісін тұтастырып тұрған логикалық дәлелдер, себептер мен салдарлар, бәрі түгел мекеншақ жүйесіне бірігіп, сол арқылы сюжеттік оқиғалар қоюланып, тұтаса келіп көркем образға айналады. Мұның бәрін мекеншақтың бейнелеушілік қыры деп түсінгеніміз жөн.
Аталған бөлімді қорытындылай келе Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романындағы портрет пен пейзаж мәселелерiнiң көркем жинақталуын, олардың бiр-бiрiмен байланысын, қаламгер тапқан тың тақырып пен идеяның арақатынасын айқындауға қол жеткіздік деп ойлаймыз. Аталған тараушада жазушының адам бейнесін сомдау және табиғат суретін сипаттаудағы ізденістері оны көркем бейнелеуiнiң негiздерін анықтап, ғылыми тұрғыда саралап баға беруге тырыстық. Б.Момышұлы прозасындағы, бұған дейiн арнайы зерттеу объектiсiне айналмаған табиғат пен адам, олардың сырқы бейнелерінің көркем суреттелу принциптерiн айқындау барысында да ойға алған мақсаттарымызды орындай алдық деп айта аламыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет