Дипломдық жұмыс Тақырыбы:


«Қыз Жібек» жырының зерттелу тарихы



бет2/3
Дата15.06.2016
өлшемі249.5 Kb.
#137754
түріДиплом
1   2   3

1.2 «Қыз Жібек» жырының зерттелу тарихы.
«Қыз Жібек» жыры –адамгершіліктің, достықтың, ар намыстың, бет қайтпас ерліктің, тұрақты махаббаттың үлгісі. Бұл жыр қазақ халқының өмірінде болған тарихи шындықты суреттеп қана қоймай, сол кездегі ел тұрмысын баяндайды. Жырда қазақтың төл салт-дәстүрлері, тұрмыс ерекшелігімен қатар, сауда саттықпен айналыса бастаған кезеңі, орыс отаршылдарымен енген кірме сөздерін кездестіруге болады.

«Қыз Жібек» жырында естірту, жұбату, жоқтау, айтыс, сыңсу өлеңдері көп кездеседі. Көшпенді елдің негізгі күнкөріс құралы мал шаруашылығы болғаны мәлім. Жылдың барлық нұсқаларынан осы жайға байланысты айтылған айқындау сөздер, теңеулерді көптеп кездестіруге болады.

Уақыт озған сайын ауыз әдебиетінің жекелеген туындылары ғана емес, тұтас жанрлары да эволюцияны бастан кешіреді, бірі жаңаланса, екіншісі ескіріп, үшіншісі тыңнан пайда болады.

Шығарма тексінің ұдайы қозғалыста, азды-көпті өзгерісте болып отыруы ауыз әдебиетіне тән негізгі шарттың бірі. Енді осыдан келіп, фольклор туындыларының көп варианттылығы деген заңдылық шығады. Ескі сарынды жаңаша өңдей қосымшалар енгізу немесе қысқарту ауыз әдебиетінің айрықша белгісі болып табылады.

Көп варианттылық қандай да болмасын шығарманың ел арасына кең тарағанының халық көңілінен терең көңіл алғандығының нышаны.

«Қыз Жібек» - ел арасына ауызша да, баспа арқылы да кең тараған лиро-эпостық жыр. Қазақ фольклористерінің басым көпшілігі «Қыз Жібек» жыры ХVІІ ғасырда пайда болған деп тұжырым жасайды. Жырдың нұсқалары көп емес және олардың арасында айырмашылықтары да аз. Мұның барлығы «Қыз Жібектің» кейін пайда болған жыр екенін аңғартады. Жырдың тұңғыш рет 1880 ж Е.А. Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударып жазған. ХІІ ғ ІІ жартысында татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсанда ел арасынан «Қыз Жібек» жырын жинап, 1894 жылы Қазан қаласында баспаға түсіреді. Ал Жүсіпбек Шайхысламұлы нұсқасы Қазан қаласында 1900, 1903, 1905, 1909, 1911 жылдары қазақ тілінде жарияланды. «Қыз Жібектің» Тухватуллин жинаған нұсқасы 1925, 1933, 1939, 1957, 1967 жылдары басылып шығып, 1958 ж «Қазақ эпосы», «Казахский эпос» жинақтарында, 1963 ж. «Қыз Жібек» деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жарияланды. Сондай-ақ орыс тілінде 1988 ж жеке кітап болып шықты. Қазір ҚР Ғылым академиясының Орталық кітапханасының қолжазба қорында жырдың 2 нұсқасы сақтаулы. Оның ішінде Қ. Мырзағалиев, Ә. Дәнікереев, Ж. Қалмағамбетов, Е. Рақметов, Р.Мәзқожаевтардың нұсқалары бар.

«Қыз Жібек» жырының әр-кезде әркімдердің орындауынша бізге келіп жеткен весиялары түптеп келгенде 2-3 нұсқадан аспайды, қалғандарының қайсысын алсақ та солардың бірін болмаса да бірін қайталайды. Жырдың халық арасында негізгі айтушыларының бірі – Мұсабай жырау – дейді.Ы.Дүйсенбай. [10; 70-75]

Бірақ ел арасында көп тарап, әйгілі болған нұсқасы Жүсіпбекқожа Шайхысламұлының сан рет жарияланған ««Қыз Жібек» хикаясы атты поэма екенінде ешбір күмән жоқ.

Осыншама көркем, әсем жырдың нұсқалары неге аз деген сұраққа Ы.Дүйсенбаев төмендегідей дәлелдермен жауап береді.

Біріншісі «Қыз Жібек» көне жыр емес, әрі кетсе ХVІІ ғасырдың шамасында шыққан, яғни оның көбірек тамыр жаюына мүмкіндік болмай қалған.

Екіншісі. Ел арасында кезінде мол тараған бұл поэманың нұсқалары сақталмай, көпшілігі біздің заманға келіп жетпеген. Олай деуімізге мынадай дәлелдер бар:

1. Орыстың ориенталист ғалымы А.Е.Алектров өзінің белгілі көрсеткішінде Мұсабай жыраудың бір кеш бойы Қыз Жібек пен Төлегеннің жырын айтқанын келтірсе де, бұл нұсқа әлі күнге дейін белгісіз болатын-ды. Соңғы жылдарда Мәскеу қаласындағы тарихи музей архивынан «Қыз Жібектің» 1887 жылы қағаз бетіне түскен жаңа бір варианты табылды, тегі бұл нұсқа Мұсабай жараудың орындауынан жазылып алынса керек.

2. Қарт жазушы Сапарғали Бегалиннің куәлігі бойынша белгілі халық ақыны Омар Шипин жас шағында «Қыз Жібек» жырын Қалшынбай ұлы Әби жыраудың аузынан жаттап алып айтып жүрген, бірақ қарт ақын кейінгі кезде оның көпшілігін ұмытып қалып, есіне тек бірер шумақтарын сақтап келген:

Жақсыға бір сөз айтсаң шам алмайды,

Сөз бабын жаман адам таба алмайды.

Жайықтың екі жағын бірдей жайлап,

Өтіпті он бір үйлі Жағалбайлы.

Әр қойды жетім қозы елеген-ді,

Екі айғыр қасаң байтал тебегенді.

Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз

Айтайын өлең қылып Төлегенді.

Ояды орыс барып қатқан мұзды,

Жалайды түйе барып кеннен тұзды.

Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз,

Айтайын өлең қылып Жібек қызды...
Әрине бұл шумақтарға қарап, «Қыз Жібектің» Омар Шипин бір кезде орындаған нұсқасына баға беруге немесе белгілі бір тұжырым жасауға бола қоймас. Алайда, бұл мәліметті біз «Қыз Жібек» поэмасының ертеректе басқа да үлгілері болуымен бірге, олар қазақ жерінің түпкір-түкпіріне таралғанын дәлелдеу үшін келтіріп отырамыз. Жоғарыда келтірілген үш шумақтың өзінен жырдың бұл вариантын да ескі дәстүрді, яғни ауыз әдебиетінің түрін бұлжытпай сақтағанын анық аңғарамыз.

3. Аса көрнекті аға жазушымыз Ғабит Мүсірепов те өзінің жас шағында естіген «Қыз Жібек» жырында әмеңгерлік (Сансызбайға байланысты оқиғалар. – Ы.Д.) мүлдем жоқ екенін баяндап, төмендегідей бір үзінді келтіреді:

Көрпені ағаң ашқан сен ашқандай,

Не болды, жас басыңнан сорлы бала.

4. «Қыз Жібек» поэмасының Майлықожа ақын орындауында да тағы бір нұсқасы болса керек. Өйткені, осы әйгілі дастанды өзбек тіліне сол Майлықожаның версиясынан аударған көрінеді.

Үшіншісі. Жүсіпбекқожа Шайхұлысламұлының варианты революцияға дейін алты рет жарық көріп (1900, 1903, 1905, 1909, 1910, 1911) бүкіл қазақ өлкесіне тарағандықтан соңғы уақытта тек осы нұсқа ғана орын тепкен, жаңа варианттардың тууына жағдай кесіліп қалған.

Жырдың қай вариантын алсақ та негізгі батырлар жырынан өзгешелігі – мұнда қазақ елінің қалмақ ханымен жауласуына үлкен маңыз берілмейді.

«Қыз Жібек» жыры 1894, 1900 жылдары Қазанда басылмастан бұрын, 1891 жылы Әулие – Ата (қазіргі Жамбыл) қаласында болып өткен үлкен бір аста Мұсабай жырау айтқандығы туралы және ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Майлыбай қожаның айтып жүргені туралы деректер сақталған. [8; 182]

«Қыз Жібек» жырының қазіргі күнге дейін ауыз әдебиеті түрінде сақталып келе жатқан екі варианты бар. Бұл варианттардың екеуі де Ақтөбе облысында, ертерек кезде Жағалбайлы руының көшіп-қонып жүрген жерлерінде таралған.

Бұл нұсқаларды жинап алған Шапай Қалмағамбетовтың айтуынша, бұның екеуі де сол елде жеті атадан бері айтылып келе жатыр дейді.

Бұл екі варианттың екеуінде де «Қыз Жібек» жырының негізгі желісі болған Төлегеннің қыз іздеп ел кезуі және қосымша оқиғалар түгел сақталған.

Жалғыз –ақ, бұл варианттың біреуінде Төлегеннің әкесі Базарбай бай емес, жай шаруа болып суреттелінген, Жібектің әкесінің аты Сырлыбай емес, Қараман деп беріледі.

Бұл варианттың біреуінде, Төлеген Шектіге барар жолында Сырдарияны жағалай жүріп Түркістанды басып өтеді, ал екінші вариантында Ақпатшаға бармақ болып шығады.

Бұлар – осы күнге дейінгі жазып алынбаған, ауыз әдебиеті түрінде сақталған шығарма. Бұл - заңды жағдай. Сонымен қатар бұл қолжазба «Қыз Жібек» жырының анық халықтық екенін тағы да дәлелдей түседі.

Ал Жүсіпбек Шайхұлысламұлының вариантында лирикалық шегіністер, діни уағыздаулар кездеседі және ХІХ ғасырдың аяғында қазақ тіліне енген жаңа сөздердің әсері байқалады.

Кеңес дәуірінің аса көрнекті ақын-жазушылары: Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Есмағамбет Ысмаилов, Ысқақ Дүйсенбаевтар «Қыз Жібек» жырының қай жерде туғандығы, көркемдік ерекшелігі, қайшылықтары мен кемшіліктері жайында құнды ой-пікірлер айтқан болатын.

Сәкен Сейфуллин, «Қыз Жібек» жыры ноғайлы рулары ыдырап, бөлініп кеткен заманды суреттейді , - [20; 150] десе, М.Әуезов пен С.Мұқановтың айтуына қарағанда бұл жыр ХVІІ ғасырдың шамасында туған секілді. [14; 548] [6; 151]

Өйткені осы жырда аталатын рулар, яғни ғл Жағалбайлы, Шекті рулары сол кезде Жайық бойларын мекендеп, сол маңда көшіп қонып жүрген.

Ғалымдардың айтуы бойынша Жағалбайлы руы қазіргі Атыраудан бастап Магнитогорскіге дейінгі жерлерді мекендеген.

Мұсатай Ақынжановтың пікірі бойынша «Қыз Жібек» жыры Кіші жүздің Ресейге қосылуынан кейін туған. Бұны былай дәлелдейді.

Біріншіден, жырда аталатын мекендерді Кіші жүз халқы Ресейге қосылмастан бұрын мекендемеген. Екіншіден, жырдағы кісі аттары, Базарбай, Төлеген, Сырлыбай, Қорен қалмақ аттары кейінде пайда болған, - дейді. [1; 11-12]

Әдебиетшілер мен тарихшылардың екінші бір көтерген мәселесі «Қыз Жібек» жырының халықтың немесе халыққа жат шығарма екіндігін анықтау болды. Сәкен «Қыз Жібек» жыры байлардың ұлдары мен қыздарын ардақтаған, соларды мадақтап суреттеген жыр болды деп айтқан пікірін М.Ақынжанов та қостайды. Жырдың жұртқа танымал нұсқаларын да халықтық сипат аз, идеясы мен мазмұны халықтық емес. Бұл жыр ілгері ұмтылуға шақырмайды деген ой айтады. Бірақ, ғалымдардың екінші бір тобы бұл ой-пікірмен келіспейді. Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмағалиевтар жырда халықтық сипаттың бар екендігін, көптеген өзгерістер енгендігін атап көрсетті.

Ал, жырдағы Кіші Жүз мекендеген жер Жайық, Орал бойлары екендігіне мынандай дәлелдер келтіреді. Ноғайлы ХVІ ғасырдың орта кезінде ыдырайды. Соның бір бөлігі Кіші Жүз халқы болатын. Тарихымыздан белгілі болғандай олар Жайық маңын мекендеген. Шығармадағы адам аттары кейін туған деген оймен келіспей, Базарбай, Сырлыбай, Төлеген, Шеге деген адам аттарының Ахмет Ясауиге байланысты аңыздарда сауда-саттық, базар ұғымдарының бар екендігін айтады. Жоғарыдағы ғалымдардың пікірлері шындыққа сай келеді.

1995 жылы 2 мамырда «Қазақ Әдебиеті» газетіне Мұхамбетәли Есмағамбетовтың «Қыз Жібек» оқиғасы қай жерде болған?» деген мақаласы ойға-ой қосып, жырдың зерттелу тарихының тағы бір бетін ашты.

Бұл мақаланы жазуға себеп болған жайт, автордың айтуы бойынша жырдың сегіз сері нұсқасы.

Жырдың халық арасына кең тараған нұсқасы да, эпостан экранға түскен кинофильмі де, Жібектің Шекті елінің қызы, Төлегеннің Жабағайлы, ал Бекежанның Орта жүзден екендігі айтылады. Жырда Жабағайлы руы Жайық жағасын, Шекті осы күнгі Ақтөбе мен Қызылорда арасындағы байтақ мекенді алып жатқан.

«Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 19 шілдедегі санында Сейтқали Қарамендиннің, «Бекежан да бір арыс» деген тұтас бір беттік мақаласы жарық көрген. Мақаланы оқып шыққанда осында аттары аталатын тарихи тұлғалардың барлығы да Шалқар өңірінен болып шықты.

Енді әңгімені әріректен бастайық. Әлімнің алты баласының үлкені Жаманақтан (кейін Шекті атанып кеткен) үш бала Шыңғыс, Өріс, Баубек тауады. Бұлардан тараған ұрпақ жаз жайлауы Табын, Жағалбайлы елдерімен қатар болған.

Дастанның бізге жеткен нұсқасында, сондай-ақ «Қыз Жібек» кинофильмінде Бекежан жауыз, қандыбалық қарақшы ретінде бейнеленеді. Оның үстіне ол Орта жүз Арғын елінен келіп, Шектіні паналап жүрген. Ал сегіз сері хатқа түсірген дастанның бірінші нұсқасы не дейді?

Құс салып, тазы ерткен аңға құмар,

Көрген жау айбатына емес шыдар.

Кіші жүз Әлімұлы Алты Шекті

Елінде бес Жүз алпыс мырзасы бар.

Басшысы жиырма алтыға жасы келген,

Тартатын жылқы, түйе Түрікпеннен,

Зайыбы Салиха атты Естек қызы,

Мезгілсіз ажал жетіп былтыр өлген.

Жетім қалған үш ұл, бір қыз баласын.

Немере арасына мүлде берген.

Әйелі өлгеннен соң бойдақ болып,

Бекежан сол себепті салт бос жүрген.

Ер болып жас кезінен шыққан аты.

Ішінде Алты Шекті Бөлек заты.

Бөлектің қабағынан шықса – дағы,

Болмапты Бекежанның көңіл шаты.

Бұдан Бекежанның Арғын емес, Шекті, оның ішінде Қабақ руынан екені белгілі. Енді Қабақты тікелей таратсақ – Шектіден Өріс, одан Бөлек, одан Айт, одан Қабақ туады. Бекежанның әйелі Салиха деп отырғаны – башқұрт халқының Естек жұртындағы Құрамыс байдың қызы. Сегіздің шежіресінде «Бекежан 1667 жылы туып, 1730 жылы қайтыс болған» деп жазылған. Сонда жоғарыдағы жыр жолдарына қарағанда «Қыз Жібек» оқиғасы 1692-1694 жылдар шамасында болған.

Бекежаннан Байрақ, Қайрақ, Тайлақ деген үш ұл және Нұргүл есімді қыз туады.

Қожаберген жыраудың «Елім-ай» атты жырында «Ақтабан – шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы Бекежан балалары туралы, олардың кімнен шыққаны, қандай болғаны былайша суреттеледі:

Қатысты Кіші Жүзден Тайлақ мерген,

Сулатты көздегенін атқан жерден.

Бір мерген Саңырақ атты жараланды

Екеуі де Кіші жүзде Шекті екен,

Қалмаққа әуел баста кекті екен.

Ағасы Тайлақ мерген Байрақ, Қайрақ

Олар да жүрек жұтқан бетті екен.

Баласы Бекежанның мерген Тайлақ

Садақпен Жүз қалмақты атты байлап

Ағасы оның Қайрақ ғаскер жинап

Дұшпанға қарсы аттанды қару сайлап.

Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабы жайлы әркім әртүрлі пікір айтып жүр. Бірақ осы кітаптың 260-261 беттерінде мынадай жолдар бар: «Кіші Жүз Шекті батырлары – Қабақ ұрпақтары – Байрақ, Қайрақ, Тайлақ – үшеуі осы Далатаудағы соғыста үш рулы елдің ұрысын жүргізеді. Мен осылай дегенімде, Бөгембей да құптап жауап береді.» Яғни, Сегіз серінің де, Қожаберген жыраудың да, Қазыбек бектің де Бекежан мен оның балаларының кім және қай жерден шыққандығы жөнінде пікірлері бір жерге тоғысып отыр.

С.Қарамендин жоғарыда аты аталған мақаласында былай дейді: «Шежіре деректеріне қарағанда, Бекежанның әкесі Айбектің туған ағасы Қарабас байдан бірнеше ұл туып, олардан ұрпақ көп тарап, өсіп өнген. Қарабас кейін рулы елге айналған. Бұл да айна-қатесіз дәлелді пікір. Өйткені, Қарабас Қабақтың шөбересі. Оның Мәмбеталы, Жамалы, Жапақ, Тінәлі, Үмбеталы, Досалы, Өтеулі деген балалары болған. Жоғарыда аттары аталған, Арыстан Тінәліден, Көтібар Жапақтан тарайды. Ал Бекежанның әкесі Айбек Қалдыбай, Жолдыбай, Қайыпберді, Шіңірдің балаларының бірі болуы мүмкін. Өйткені бұлар Қарабастың әкесі Пұсырманмен бірге туған. Бірақ бұлардан ұрпақ аз тараған.

Әлімсақтан бойымызға сіңіп, халықтың Бекежанға деген жиіркенішті қарғысына ұшыратқан жайт-оның Төлегенді жауыздықпен өлтіруі. Бірақ дастанның Сегіз сері нұсқасына Төлегенді өлтірген Бекежан емес, сол Бекежанды паналап жүрген қарақшы қожа Кескентерек екендігі айтылған.

Бас болған елдің бұзық наданына,

Мәз болған айласы мен амалына,

Қожадан жол тонаушы сотқар шыққан

Бекежан Айбекұлы заманында.

Есімі тонаушының Кескентерек,

Тыңдамай ата-анасын жүрген бөлек,

Ұрлыққа бала кезден әуес болған,

Қан төккіш, мейірімсіз қара жүрек.

Әрине, дастан ұзақ уақыт бойы қолдан-қолға, ауыздан-ауызға көшіп жүргендіктен, түрлі өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін. Біреулер оқиғаны бұрмалап, жанынан қосуы да ықтимал. Себебі, бұл кезде яғни, Бекежан жиырма беске толған 1662 жылы оның әйелі Салиха қайтыс болады. Бекежан әйелінің жылын бергесін, біршама уақыттан кейін Түрікпен жұртына Зулфия деген екінші әйелін алып келуге кетеді. Осы сәтті пайдаланып, Кескентерек Төлегенді өлтіреді. Себебі ол Жібекке ғашық болады. Ал Бекежан Жібекпен рулас болғандықтан, жеті атаға жетпейді, ол өз қарындасына ғашық болып, Төлегенді өлтіруі қисынсыз нәрсе.

С.Қарамендиннің мақаласында былай делінген: «Сегіз серінің «Қыз жібек» жырында Төлегенді Кескентерек деген Қожа жігіті жолда тосып, Кіші Борсық құмы төңірегіндегі Қособа деген көлдің жағасында атып өлтіргендігін ... Сансызбайдың ағасы Төлегеннен үш жас кіші екендігін, Төлегенді өлтірген соң екі жыл бойы көрсетпей жүрген көк жорға атты Кескентеректі өз тобынан аластап қуғанын суреттеген.

«Осындағы Кіші Борсық құмы деп отырғаны – Шалқардағы атақты құм. Ұзындығы 100, ені – 12-15 шақырым шамасында Арал ауданына дейін созылып жатыр. Ал Қособа көлі дәл сол Кіші Борсықтың басталар жерінде, жоғарыда айтқан Шалқардан Оңтсүтік шығысқа қарай 45 шақырым жерде. Бірақ кейін Аралдың экологиялық апатқа ұшырауына байланысты кеуіп қалған. 1900-1903 жылдары теміржол салынғанда сол жердегі бекетке сол көлдің аты берілген. Әлі күнге Қособа бекеті болып аталады.» [11; 14 б]

Бұдан шығатын қорытынды, «Қыз Жібек» жыры әлі де болса зерттелуді қажет ететін лиро-эпостық жырлардың бірі.




ІІ тарау.

«Қыз Жібек» жырының поэтикасы.

2.1 «Қыз Жібек жырында қолданылған көркемдегіш - бейнелегіш тәсілдер.»

«Қыз Жібек» жыры қазақ халқының сүйіп оқитын көркем шығармасы. Неге десеңіз, ол өзінің көркемдік стилімен оқырманды өзіне баурап алады. Жырдың сарыны, әуені батырлар жырының желісіндей айтуға ыңғайлы. Тыңдаушысын жалықтырмайды. Бір оқиғадан соң екінші оқиға қара сөзбен байланысып, түсініктеме беріле жалғасып отырады. Жырда қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс ерекшелігі, сауда-саттықпен айналыса бастаған кезеңі, орыс отаршылдығымен бірге енген сөздерді кездестіруге болады. Сол сияқты, «Қыз Жібек» жырында естірту, жоқтау, жұбату, айтыс, жырлай арнау, зарлай арнау, сыңсу т.б. кездеседі. Жырдың өне бойына зер салып, тоқталғанымызда айшықтау мен троптың түрлері жиі кездесетінін байқауға болады.

Әсіресе аттың шабысын, батырдың ұрысын суреттегенде «Алпамыс», «Қобыланды батырлар» жырына ұқсайды. «Қыз Жібек» жырының бірнеше нұсқасы барын білеміз. Сол нұсқаларының кез келгені өзіндік жырлану стилімен көзге түседі.

Академик, жазушы М.Әуезов «Қыз Жібек» жыры туралы, «қазақтың өткеннен қалған эпостық мұрасының ішінде, «Қыз Жібек» жыры асқан көркемдігімен ерекшеленіп, оқшау танылады. Дастанның мол да алуан түрлі формасы оның күрделі де шебер композициялық құрылысы үйлесе үндесіп келген» деген.

М.Әуезовтың сөзімен айтсақ, алуан түрлі формасы дегеніміз не? Ол жырдағы естірту, арнайы жырлау, қоштасу, араздасу, түс көру, әмеңгерлік, көңіл айту, өтініш, айтыс, бата, тілек т.б салт жоралғылар мен көркемдегіш құралдар жиынтығы болып табылады. «Қазақ әдебиетіңнің тарихы» деген еңбекте де «Қыз Жібек» жырының көркемдігі біршама ашылған, бірақ авторлық ұжым «Қыз Жібек» жырының мазмұндық ерекшелігін, кейіпкерлердің ерекшелігін таңдауды мақсат тұтқан.

Дастанның ең құнды жағының өзі оның тілінің таза, бай, көркем болып жасалуында. Сан алуан әсірелеу, көркем ұқсатулардан басқа кейбір жеке-жеке сөздердің шеберлігі де сұлу, жатық. «Ай қараңғы көшесі, айдың өткен кешесі» дейтін сөз кестесінің көркемдігі бұған дәлел бола алады. Жырда мұндай образды сөз кестесі өте көп. «Асуда асу бел дейді, аса бір соққан жел дейді» дейтін сөз шумақтары да сыртынан қарағанда әншейін ғана бір сөз ұйқасы сияқты» деп айтылған. [14; 566 -588] [60; 566-588 б]

«Басыр басыр, басырды, аққа құлып жасылды», - дейтін жырдағы ақынның тілінің шеберлігіне, композициялық көркемдігіне шолу жасап, бағыт-бағдар береді. Әрине, бір екі ауыстыру (метафора) ұлғайту (гипербола), кішірейту (литота) мысалдар келтірілген. Ол төмендегіндей:

Қанатым де қияғым,

Табаным да тұяғым,

Көлге біткен құрағым,

Суырылып озған пырағым.

Кішірейтуге (литота):

Дария шалқар көлеміз

Жер болып қалған суалып.

«Қыз Жібек» жырының көркемдігі, кейде кейіпкердің іс-әрекетін төрт түлік малға салыстыру арқылы көрсетеді. Жырда бұл теңеулердің кездесуі түсінікті де. Өйткені қазақ тікелей мал шаруашылығымен ұзақ жылдар араласқандықтан, жырға да өзінің таңбасын қалдырған. Кезінде, зерттеуші С.Толыбеков 1959 жылы өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми теориялық конференцияда жасаған баяндамасында: «В миро эпической поэме» «Кыз Жибек» главная геройня поэмы, красавица и ханская дочь говорит про себя, что она подобно течению реки, народ бережет ее как свой скот, весь род ухаживают за ней, как стадом овец. Ее дяда Каршига, обращаясь к Кыз Жибек говорит ей: «Ты мой камыш, растущий на озере, ты мой лучший скакун». О Кыз Жибек говорится, что она как скаковый конь ее движения плавны как движение трехгодалого барана, она ходит неспеша, выпрямившись, как темно-бурый марал, она как тающее масло, она же, подобно жирному яженку и.т.д. [5; 15 -19]

Жырдың өзіне тән стилін, тілін көркемдік тұрғысынан қарастырған ғалым Қ. Жұмалиев: «біздің айтайын дегеніміз тілінің жалпы көркемдігі емес, басқа жырларда жоқ, кейбір ерекшеліктері, жырда кездесетін (эллипсис)сөз тастап кету туралы да», - деп өз ойын білдіреді.

Жұмалиев Қ. Сөз тастап кету, бір жағынан жыр жыршының ойының логикасының кеңдігін, ұтқырлығын көрсетсе, екінші жағынан оқырманның ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. М. Ғабдуллин де өзінің жыр туралы пікірін айта келіп, былай түйеді: «Қыз Жібек» ақындық тіл жағынан да әдемі жырдың бірі. Неше түрлі әсірелеу, көріктеу, кейіптеулер, әдемі теңеулер, сөз айшықтары жиі ұшырайды. Жыршы ақын халықтың тіл байлығын пайдалана отырып, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген». [9; 274]

Осындай жақсы ойды сабақтай келіп, Ә.Қоңыратбаев «Қыз Жібек» жырының тілінде троп пен фигура мол кездесетіндігін айта келіп, сөйлемнің түрлі сезімдерді білдіретін арнаулы фигуралық түрлері эпостан да, сөйлеу тілінен де алынған дейді. (Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихиАна тілі). «Қыз Жібек» жырына көз тоқтатып, көңіл бөлген академик З.Қабдолов. «Сондай-ақ, біздің көркемдегіш сөздеріміздің көпшілігі баяғы бабалар дәуірінен бері қарай мың мәртебе қолданылып келеді. Ол әсіресе ауыз әдебиетінде тұнып тұр», деп, төмендегіндей мысал келтіреді.

Әуелдей бас қосқаным Жағалбайлы;

Жылқысын көптігінен баға алмайды,

Өлгені Төлегеннің рас болса,

Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды? [13; 95, 244]

Бұндай көрікті ойдың кемелінен көріне білген әдебиеттер өте көп, соның бірі, Бойжеткеннің тол бойынан табылуға тиісті тағы бір қасиет-сымбаты мен көркі. Мәселен, халқымыздың қыз сұлулығы туралы ежелден қалыптасқан талғам түсінігі, «Қыз Жібек» жырында былайша жырланады:

Қыз Жібектің ақтығы,

Наурыздың ақша қарындай

Ақ бетінің қызылы,

Ақ тауықтың қанындай. [21; 52]

Осындай жырдың стилінен хабар берген лебіздердің тізбегін соза беруге болады.

Жырдың стилін айтпас бұрын, жырдың екі нұсқасын алып, оның мазмұнына салыстырмалы тексеру жасаймыз. Сонда ғана қай жырдың стилінің көркем екендігіне көзіміз жетеді. Оның үстіне алдымызда жырдың стилі мен тілі тұр, ал жырдың мазмұндық көркем дәрежесін білмей жырдың басқа да түрін аша қою қиын іс.

Ендігі әңгіме «Қыз Жібек» жырының 1887 ж жазылған Мұсабай нұсқасы мен Қыз Жібектің хикаясы Қазан, 1900, Жүсіпбек Шайхысламұлы нұсқаларын салыстырып, мазмұн ерешелігіне тоқталыс жасайық.

Эпос пен ғашық жырында да кездесетін кейіптеу табиғат құбылысына, жан-жануарға тәуелді болып, келтіреді. Өз өмірінің бір кезеңін екінші құбылыспен береді. «Қыз Жібек» жырындағы, Төлеген өлейін деп жатқанда, әуелеп ұшқан бес қазға өзінің хал-жайын сипаттап жеткізеді. Еліне айтып баруын сұрайды.

Мысалы: Мұсабай ақынның нұсқасында:

Сәлем айтып Төлеген,

Бес қазға сонда сөйледі.

Қайырыла кетіп қоңыр қаз.

Сіздер елге барғанда,

Күзекке тартып болар жаз (22).

Бес қазы шулап ұщып жөнеді.

Арада жалғыз қонады

Таң сарғайып атқанда,

Төлегеннің елін,

Алты жасар Сансызбай,

Жылқы баққан жеріне,

Бес қаз ұшып келеді.

Сансызбай қазды көреді,

Жалғыз ағам Төлеген

Көре алдың ба қоңыр қаз?

Сонда қаздар сөйлейді.

Аса рудың еліне

Төлегенді көрдік,-деп,

Жалғыз ағаң Төлеген

Тулап жатыр екен,-деп (24)

Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының нұсқасында:

Әуелеп ұшқан алты қаз,

Жерге неге қонбайсың?

Сіздер тірі, мен өлі,

Жатырсың неге демейсің?

Қасірет, қайғы қалымды,

Неге келіп білмейсің?

Тілсіз мақұлық жануар,

Бірге келген жолдасым,

Қасыма неге келмейсің? (90)

Алдыңнан шығып Сансызбай,

- Көкешім менің Төлеген,

Көрдім бе? десе не дейсің?

Сауыттың көзі сөгіліп,

Сетіней кетті дегейсің. (90)

Міне, осы екі жырда да, Төлеген ұшып бара жатқан қаздарды киелі санап, жалбарынып көмек сұрайды. Төлегеннің қоңыр қаздарға жалбарынып- жауап сұрауы, басқа көне жырдан ауысқан болуы керек. Мұндай жалбарынуды, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында да кездестіреміз. Құбылтудың бір түрі алмастыру. (метономия). Жырда ол былай көрініс тапқан.

Мұсабай Жыраудың нұсқасында:

Сұлу тауып ала алмай (7)

Он екі жорғаның мойнына (8)

Бір зергерге барады (9)

Бір шоқ қара көрінді (20)

Сүй деп сақау жөнеді (39)

Бір тайыңды тілепті (39)

Сансызбай мінді аттың беліне. (48)

Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы нұсқасында:

Тұлпардың қалған тұяғы (109)

Асындым алмас беліме (109)

Ерлер мінер тұлпарды (107)

Атаңа лағнет, алпыс ит (89)

Иттердің қылған зорлығай (88)

Қу бауырды қия алмай (81)

Өледі кемпір- шалыңыз. (58)

«Қыз Жібек» жырының көркемдігі, әр бір оқыған жырда кездесіп отырады. Әсіресе, 1900 жылғы басылымда Қыз Жібектің көшінің сән-салтанаты, кетіп бара жатқан қыз-келіншектер, ақ бәйбішелер, бәрі жүзіктің көзінен өткендей сұлу сүреттеледі. Ал, бұл көрініс 1887 жылғы басылымда оншалықты көркем суреттелмеген. Осы орайда салыстырмалы түрде Қыз Жібектің бейнесі суреттелген жерінен үзінді келтіріп, қатар беріп көрелік.

Мұсабай жырау нұсқасында:

Алтауының қарындасы,

Жібек сұлу деген бар екен,

Айтулының өзі екен,

Қырымдағы сұлу қыз екен,

Оймақтай аузы түрілген,

Ішкен асы асалдың,

Тамағынан көрінген,

Қостан әйкен тағынған,

Жүз теңгелік опа ендік,

Екі бетке жағылған (88)

Жүсіпбекқожа нұсқасында:

Қыз Жібектің құрметі,

Жаһаннан асқан сәулетті,

Ләйлі-Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті,

Үш қыз бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай,

Көбісінің өкшесі,

Бұқараның гауһар тасындай,

Ақ маңдайы жарқылдап,

Танадай көзі жарқылдап. (69)

Жыршы Қыз Жібектің сұлулығын екінші затқа балап, салыстыру арқылы көрсетіп, нұрландырып отырады. Мысалы,

Қыз Жібектің ақтығы,

Наурыздың ақша қарындай

Ақ бетінің қызылы,

Ақ тауықтың қанындай.

Қандай әсем сурет. Психологиялық параллемизм бар, екі затты ұқсату бар. Қыз Жібек ақ емес, наурыздың ақша қарындай, ақтан да ақ, осыдан артық ағартуға бола ма? Қыз Жібектің беті қызыл емес, ақ тауықтың қанындай қызыл. Осыдан артық Қыз Жібектің бетін қызартуға бола ма? Әрине, жоқ. Бағана көш салтанаты туралы сөз болғандықтан, енді нақты мысалмен осы көшті көрсетелік.

Мұсабай жырау нұсқасы:

Қыз Жібектің аулы

Жылғалы сайдан көшіпті,

Уық буын шешіпті,

Жібек көштің соңында

Сексен қазға жетіпті,

Он екі жорға жегіпті. (11)

Жүсіпқожа нұсқасы:

Бір көш шықты түбектен,

Көш алдына қараса

Бір қыз кетіп барады,

Отыз түйе жетелеп,

Сары мая үлектен,

Мұрындағы сары жез,

Бұйдасын ескен жібектен

Толған айдай толықсып

Бұралып кетіп барады. (61)

Осы жырдағы көшті бастап бара жатқан, сары мая, сары жез мұрындыққа тағылған жібек бұйда, оны жетелеп, толықсып бара жатқанның бірі-бәрі, бірін-бірі толықтырып жырға ерекше күй және әр беріп тұр. Мұндай жыр сұлуын тебіренбей оқу мүмкін емес. 1887 жылғы Мұсабай жыраудың нұсқасын кейінгі кезде көп түзеп, өңдеуге түскені анық байқалады. Керісінше бұл жырда кеткен олқылықтың орны 1900 жылғы басылымда айқын көрінеді.

1900 жылғы нұсқада астарлаудың сан алуан түрлері кездеседі. Мысалы: Ай мүйізді қошқардың, Бөрі тартар қоңынан (65), Іңірде шайтан көшкендей, құланның атты қодығы, Алдыма жанған шырағым, Біреу үрлеп өшіріп, Желкесін қиды бидайық (86). Жырда ұлғайтудың түрлері батырлар жырынан ауысқан сияқты да әсер береді. Мысалы,

Кірістен оғы кетеді,

Топ арғынға жетеді,

Селдірлеген шетінен,

Жетеуінен өтеді,

Аруағы оның асады,

Төлеген сынды мырзаның

Қанын судай шашады.. (89)

Немесе,


Бұлайша талғап Сансызбай,

Қарамсаққа қол салды

Бір салғанда мол салды,

Садақты қолға алады,

Толықсып тұрған кәпірді,

Талғап тартып қалады. (21)

Енді жырда кішерейту қалай берілген, соған мысал келтірелік.

Қалынға соққан қырандай,

Қанатымнан қайрылдым,

Тасқа тиіп тұяғым,

Табанымнан тайырылдым (97)

Қалың жолды қақ жарып,

Арық қойдай тырысып, Тарта тарта Жібектің алақанына тозады. (114)

1887 және 1900 жылғы басылымдарды салыстырып көркемдік стилін біршама аштық. Енді 1894 ж «Қыз Жібек хикаясы», 1957, 1959 жылғы басылымдар туралы бір ауыз сөз айтқанды жөн көрдік. 1894 жылғы Қазан қаласында басылған нұсқасы. Мұнда жырдың кіріспесі қара сөзбен әңгімеленіп беріледі. Мазмұны жырланғаннан көрі, көбінесе қара сөзді әңгімесі басым. Жалпы, 1894, 1957, 1959 жылғы басылымдардың мазмұн желісі бір. Тек қана кейбір сөздерде әлқиссаның түсінігінде ауытқулар бар. Мысалы, 1894 жылда жазатын (93), 1957 жылда «Жауаптұғын» немесе 1894 жылда «Мекке таман барамын» болса (95), 1957 жылда «Мекке тарап барамын» - деп өзгеріске ұшыраған.

Қорыта айтқанда тіл байлығы ерекшелігі жағынан «Қыз Жібек» жыры қазақ ауыз әдебиетінде жеке дара тұрған ғажап туынды, шын мәніндегі шедевр екендігіне күмән жоқ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет