Қоршаған ортаны, табиғатты корғауға арналған шараларға барлық қоғам мүшелері бірдей қатысуы тиіс. Өз заманында ұлы химик Д. И. Менделеев: «Химияда қалдық жоқ, тек пайдаға аспаған шикізат бар», — деп,
[11] көрегендікпен қалдықсыз өндіріс құру қажеттілігін меңзеген еді. Осы күні ғалымдарымыз бен өнертапқыштарымыз өндіріс қалдықтарынан баска заттар өндіруге арналған тиімді әдіс-тәсілдерді іздестіруде. Химиялық экология проблемалары адамзат іс-әрекетінің нәтижесінде ұзақ уақыт бойы біртіндеп жинақталып, пайда болған тіршіліктің жағымсыз көрінісі [12].
Химия пәні мұғалімі ретінде оқушыларды ғылымның ашқан жаңалықтарымен таныстыра отырып, оның пайдасы мен зиянды жақтарын жете түсінуге көңіл бөліп отыру керекпіз. Экологияландыру негізіне заттардың құрамы, қасиеттері, құрылысы мен биологиялық функциясының арасындағы байланыс,олардың тірі табиғаттағы екіжақты рөлі туралы, химиялық элементтердің биологиялық өзара орын алмасуы және үрдістің организмге тигізер әсері, биогеохимиялық циклдердің бұзылу себебі жатады.Осы сияқты 9-сыныпта элементтерге және олардың жеке қосылыстарына тоқталу кезінде дәлірек айтқанда бейметалдар химиясында-
күкірт, азот және фосфорға мынадай мәліметтерді ұсынғанды дұрыс деп ойлаймыз.
«Қышқыл жаңбырлардың түзілуі және оның әсері» деген тақырыпта жаңбыр суы ең таза сулардың бірі болуы керек, бірақ олай емес. Атмосфера құрамына енген өндіріс қалдықтары күкірт диоксиді және азот оксидтері ондағы ылғалмен әрекеттесіп күкірт және азот қышқылдарын түзеді.Әдетте рН мәні 5,6 кем болса, жауын-шашын қышқыл жаңбыр деп аталады. Күкірт және азот оксидтері металлургия өндірісінде және көмір, мұнай мен әртүрлі газдар жиналған кезде түзіліп атмосфера құрамына енеді, күкірт оксиді жылу электрстанциясынан бөлінсе, азот оксиді автомобиль көлігінде жанармай жанған кезде түзіледі. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 1 т отын жанғанда, жылу электр станцияларында орта есеппен 150 кг, ал автомобиль моторында 1 кг бензин жанғанда 270 г ластағыш заттар бөлінеді. Көмірді және мұнайды жаққанда түзілетін күкірт диоксиді газы атмосферада күкірт триоксидіне дейін тотығады. Түзілген оксид ауадағы су буымен әрекеттесіп, күкірт қышқылын түзеді.
SO2 + O2 = SO3 SO3 + H2O = H2SO4
Күкірт қышқылы ауа құрамында аэрозоль және майда тамшы түрінде болады. Азот оксиді де ауада ылғалмен әрекеттесіп, азот қышқылына айналады.
2NO + O2 = 2NO2 4NO2 + O2 + 2H2O = 4HNO3
Қышқыл жаңбыр топырақ құрамына еніп, өсімдіктердің өсіп жетілуіне қорек болатын қажетті заттармен бірге улы ауыр және жеңіл металдардың еруіне мүмкіндік туғызады. Өз кезегінде улы заттар келеңсіз жағдайларға алып келеді. Мысалы, аздап қышқылданған судағы алюминий мөлшерінің 0,2 мг/л балықтар үшін өте қауіпті, сонымен қатар ағаштардың өсуін тежейді. Қышқыл жаңбыр әсерінен ормандардың құрғақшылыққа және ауруға төзімділігі нашарлайды. Жаңбыр тамшыларында еріген күкірт қышқылы атмосферада тұман түзіп, адамдардың аллергия және басқа да аурулармен науқастануына алып келеді. Қышқыл жаңбырларды болдырмаудың негізгі тәсілі техникалық қондырғыларды қолдану арқылы күкірт және азот оксидтерін атмосфераға жібермеу [13].
Мектеп бағдарламасындағы 9-сыныпта «азот, күкірт, фосфор» элементтеріне байланысты төмендегідей тақырыптарды қарастыра отырып, экологиялық тәрбие қалыптастырамыз.
16 (VIA) - топ элементтері. Күкірт. №7 көрсетілім «Күкірттің аллотропиялық түрөзгерістері».
Табиғаттағы күкірт және оны алу
Күкірттің қосылыстары
Күкірт қышқылы және оның тұздары. №5 практикалық жұмыс
«Сұйылтылған күкірт қышқылы ерітіндісі және оның тұздарының химиялық қасиеттерін зерттеу».
15 (VA) – топ элементтері. Азот. №11 зертханалық тәжірибе
«Азот молекуласының моделі».
Аммиак. Аммиактың қасиеттері, алынуы мен қолданылуы. №12 зертханалық тәжірибе «Аммиак молекуласының моделі».
№6 практикалық жұмыс «Аммиактың алынуы және оның қасиеттерін зерттеу». Аммиак өндірісі.
Азот қышқылы. №13 зертханалық тәжірибе «Азот қышқылының басқа қышқылмен ортақ қасиеттері».
Азот қышқылы мен нитраттардың өзіне тән қасиеттері.
Фосфор және оның қосылыстары.
Минералды тыңайтқыштар. №8 көрсетілім «Минералды тыңайтқыштар».
10- сыныпты қарастырғанда:
Азот молекуласы құрылысы және қасиеттерінің ерекшеліктері. Аммиак, аммоний тұздары. Ортофосфор қышқылы және фосфаттар. Азот және фосфор қосылыстарының тыңайтқыш ретінде қолданылуы.Азот оксидтерінің, нитраттар және фосфаттардың қоршаған ортаға экологиялық әсері. Пратикалық жұмыс №2 «Аммиак алу, оның сулы ерітіндісінің және аммоний тұздарының қасиеттерін зерттеу»
Аммиак, азот қышқылыш өндіру
Химиялық және металлургиялық өндіріс қалдықтарымен қоршаған ортаның ластануы [14].
10 - сыныптағы «Азот қышқылының өндірісі» тақырыбын қарастырады, азот қышқылын өндіретін зауыттың мұржасынан «түлкі құйрық» деп аталатын қызғылт сары түтін будақтап жатады. Бұл азоттың улы оксидтері. Бір зауыт тәулігіне 20 тоннаға жуық оксидтер шығарады. Құрамында 3-6 мг/л азот (II) оксиді бар ауамен 6-12 мин, 0,1 мг/л азот (II) оксиді бар ауамен 1 сағат тыныс алған адамның өміріне қауіп төнеді. Онымен уланған адамның басы айналады, әлсірейді өңі қашып, қанның қысымы төмендейді. Бұл газдың өндіріс ауасындағы 0,005 мг/л - ден аспауы керек.
10 - сыныптағы «Минералды тыңайтқыштар өндірісі» тақырыбында жер бетіндегі алты миллиард адамды асырау үшін минералды тыңайтқышты пайдалану экономикалық жағынан өзін-өзі ақтайды, дегенменде минералды тыңайтқыштардан өсімдіктер 40-50% азотты, 20-25% фосфорды, 70-80% калийді ғана пайдаланады. Ал, қалған бөлігі топырақта қалып, топырақ (эрозиясына) ластануына жол беріледі. Азотты тыңайтқыштардан көп берілген жағдайда 300-400 ц/га артық берілу адамдарды уландыру қаупін туғызады. Әсіресе нитраттардың артық мөлшері көкөніс және бақшалық өсімдіктер үшін өте қауіпті келеді [15].
Қорыта айтқанда, химия сабақтарында түрлеріне сай іріктеліп алынған әдістер оқушылардың танымдық қызығушылықтары мен белсенділіктерін арттырып, сол арқылы оқушылардың химиялық-экологиялық ұғымдары негізінде білімдерінің тереңдеуін, оны іс жүзінде пайдалана алу мүмкіндіктерін күшейтеді. Оқу материалын меңгертуде тірек - сызбаларды мәтінге айналдыру, дәріс сабағы, «Сұрақтар мен жауаптар», «Химиялық - экологиялық диктант» т.б. оқыту тәсілдері қолданылды. Бұрынғы дәстүрлі
оқу үрдісінде мұғалімге басымдылық рөлі берілсе, ал мұндай оқу үрдісінде оқушы белсенділік көрсетуі тиіс оны оқытпайды, өздігінен оқу керек. Ал, мұғалімнің негізгі көңіл аударатыны әрбір оқушының жеке қызығуы мен мүмкіндіктерін ашу болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |