Первый и второй журналов «Темирказик», издание 1923 года.
Ответственный исполнитель особого сектора Обкома ВКП(б) – Мальков» [115].
Осындай құпия бұйрықтар бола тұра 1923 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан шыққан «Темірқазық» журналдарының 1,2,3 сандары еліміздің кітапханаларында сақталып қалған. Бұл дегеніміз ұлтқа, әдебиетке, қазақ баспасөзіне жаны ашитын, болашақты ойлаған азаматтардың ісі деп білеміз.
«Темірқазық» елден жырақта, Мәскеу қаласында шықанына қарамастан журнал редакциясына Ташкент, Орынбор, Қызылжар, Көкшетау, Кереку, Қарқаралы, Омбы, Қостанай, Ордадан тілектестікке толы хаттар легі толассыз келіп жатқан. «Темірқазыққа» түгел басып оқушыларымызды таныстыруға, көптің сөзі де, көңілі де бір болғандықтан лайық көрмедік. Сондықтан хаттардағы сөздерден іріктеп қана басып отырмыз»,- деп редакцияға келіп түскен мына шумақтарды жариялайды.
Ескендір Шынтас ұлы – ел қазағы хатында жазады:
Қайырлы құтты болсын «Темірқазық», Саналы аңсағанға бұл бір азық.
Етеді жолбасшылық, жөн көрсетіп, Адассақ бағыт ауып, жолдан азып.
Қазақтың кіндікте өскен айнасы бұл, Өз мінін өзіне айтар тергеп қазып.
Аз сөзбен елден көңіл білдіремін, Сүйелді қолдарыммен өлең жазып.
Ахмет Жантелі ұлы, Мұқан Әлімбет ұлы, Сабыр Жамантай ұлы деген ел қазақтары да ел атынан осы сықылды сөздермен тілектестіктерін білдіреді.
Керекуден жазып отырған Уалихан Омарұлының сөзінен қысқаша үзінді келтірсек: «Темірқазықты оқып қуаныстық. Өзі жасы ұзақ болып, қадам жолы, ұсынған беті жұғымды болсын! Бар әлімізше барымызбен «Темірқазыққа»- жәрдемдес болуға біз әзірміз».
«Темірқазықтың» ұстанған жолы, ойлаған ойына түсініп қарсы алған азаматтарға, елге басқарма мүшелері шын көңілімізден жақындық ризашылығымызды білдіреміз, тілектес сәлемімізді жібереміз» [112, б. 226].
Нәзір – тура пікірлі, қаламы өткір публицист. Қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру мәселесі оны қатты толғандырған. Әсіресе партияның ХІІ сьезінің әуел баста тәтті үміттерді оятқан шешімдеріне сүйенген ол «Ұлт мәселесі жайынан» атты мақаласын жариялайды [112, б. 1-6]. Мақала тіл мәселесін көтереді. «Қазақ тілін іс жүргізетін үкімет тілі жасау керек, бірақ ол үшін басын ауыртып жүрген бір адам жоқ» деп налиды. Салыстырмалы түрде татар тілін алады. Татар республикасында татар тілі іс-қағаздары үшін жүріп тұр. Ал Қазақ республикасында қазақ тілінің дәрежесі төмен екенін айтады. Тіпті, 1921 жылы Лениннің қабылдауында болғандарында ол кісінің өзі «Кеңсе тілін өз ана тілдеріңде жүргізіп жүрсіңдер ме?» деп сұраған екен. Елдегі жағдайдың тіл мәселесіне келгенде қиын жағдайда отырғанын, даладан келген қазақтар тілмаш іздеп, өз тілдерінде жауап ала алмай қор болатынын жазады. Журнал бетінде тіл мәселесін көтерген автор Орынборда отырған комиссарлар Қазақ республикасына кеңес нұрын төгемін дегендерге сенбейтінін ашық жазған. Қазақ халқының санасы оянып, үкіметпен жақындаса отырып тіл мәселесін шешудің жолдарын іздейді. Расында да қазақ халқы үшін тіл мәселесі ежелден келе жатқан ұлттық мәселе. Тіл - біздің тамырымыз. Ұлт оқығандары баспасөз арқылы тіл мәселесін жалпы ұлттық мәселе ретінде көтеріп басылым беттерінде үзбей жариялаған.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі баспасөзді тіл тағдыры қатты алаңдатады. Журналға Нәзір Төреқұлов «Қашан болады?» атты мақала жазған [116]. Онда «қазақ тілінің үкімет тілі, мемлекет тілі деп жарияланғанына талай уақыт өтті. Сөйтсе де бүгінге дейін қазақтың не дара әліппесі жоқ, не жазу машинкасы жоқ... Осы жоқтарды созып жатудан Қазақ республикасының мәдениетіне, елдігіне қанша зиян екенін білсек етті» деп реніш білдірді. Тіл кабинетте жасалмайды. Үкімет кеңесіне кіріп күн сайын жұмсауда болғанда ғана ұлт тілінің белі, буыны қатаяды. Сонда ғана ортада жүрген «тілмәштарды» шығарып тастап, қалың кедей кеңестер маңына топтасады, деп ескертті. Нәзір баспасөзге қатысып, оны пайдаланып қана қойған жоқ, оның қажымас насихатшысы да болды. «Ақ үстінде қара танығандарың газет, журнал алып, дүниенің халінен хабардар болып тұрыңдар... Газет оқымасаң, дүниеде не болып жатқаннан хабарсыз қаласың»,- деп үнемі ескертіп отырды [72, б. 118].
Мақала барысында: «Біздің Қазақ республикасында кеңсе түзеу, жергілікті халықты жақындастыру дегенді кім ойлап отыр. Мен ойлаймын: Сейфуллин жолдастай он мың «Асау тұлпар» жазып «пролетариат ақыны» болып даңқын көтерген үлкен санасыз коммунистен екі-үш уиезде жақсы, арзан, іске епті кеңсе құрып берген жабайы даңқсыз коммунист анағұрлым артық», деп те жібереді.
Сәкенмен арадағы салқындықты, әсіресе, ақынның «Асау тұлпар» өлеңдер жинағына [111, б. 25], «Бақыт жолына» [112, б. 120] пьесасына жазған рецензияларында айқын аңғартады. (Сәкен) Садуақас Сейфоллаұлының 1914- 1922 жыл арасында жазған өлеңдеріне сын жазады. Абайдың өлең жолдарын эпиграф етіп алады.
Содан кейін барып Сыншы (критик) мен доктор арасында бір-ақ айырма бар деп аздап түсінік бере кетеді. Ауыру кісі мен оны емдейдін дәрігердің ара қатынасын мысалға келтіреді. Науқастың хәлі мүшкіл болса, дәрігер оған күнің жақындап қалды деп айтпайды. Шынын айтса, науқастың жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Шынын айту, айтпау дәрігердің өз еркінде. Оның шындықты жасырып қалуынан жұртқа зиян жоқ. Ал сыншы дәрігер емес, ол шынын айту керек. Оның өтірігі бір адамға ғана емес, бүкіл жұртқа зиян келтіруі мүмкін. Жазушы ол сыннан өлмейді, көңіліне ауыр тиетін жағдайдың өзінде сыншы өз міндетін адал атқаруы керек. Осылайша, Н. Төреқұлов Сәкен Сейфуллиннің
«Асау тұлпарына» сын жазып, оны басылым бетіне басады.
«Маржан», «Марияға», «Жазғы түнде», «Надежда, Үміт, Ұмила», «Айт күні», «Азия», секілді өлеңдері мен аудармаларына сын жазады. Мысал келтірсек: «Надежда, үміт, ұмила» деген өлеңін оқыңыз:
«Албырап, биік саяда»
«Уыздай болып піседі»
«Не шіриді, не құрт жеп»
«Не бір бәнді үзеді» Сен алмасың биікте» Сен әлі жас баласың»
«Білмей қалқам қаласың» (?)
Бұл «өлеңнің» астында «1922» нші жыл тарихы тұр!
Кітаптағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйел, махаббатқа арналған. «Бірақ байқұстың білген әйелі осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді»,- деп көптеген лирикалық өлеңдерін түкке тұрғысыз етеді [111, б. 27]. Журналист А. Шәріп: «Драма авторының «тіршілік- тің мәнісі – сүю, құшу»,- деген түйініне сыншы әбден шүйлігіп: «Сәкеннің қай философиясы болсын, жүрегіңді айнытпай қоймайды. 1923 жылда, кеңес хүкіметінің алтыншы жыл дәуірінде халықты бұлай ағартуға болмайды»,- деп
«Революцияға не пайдалы?», деген сауалға жауап іздеу керектігін алға қояды. Нәзірдің бұл көзқарасында социологиялық тұрпайылау түсініктің басымдығы анық», - деген пікірде болады. Сын мақаласына орай әдебиеттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, сыншы Рахманқұл Бердібаев: «Бұл тақырыпқа қалам тартқандардың көбі «Нәзір бұл мақалаларына С.Сейфуллиннің «Асау тұлпар» және «Бақыт жолында» деген кітаптарын тым қатал сынаған» деумен келеді. Біздің ойымызша, Нәзір Сәкен өлеңдері мен пьесасындағы жасандылықтар мен қара дүрсін сөз қолданыстарды дәл танып, әділ көрсеткен»,- деп жазады [113, б. 19].
Н. Төреқұлов С. Сейфуллиннің тек өлеңдеріне ғана емес аудармаларын да сынайды. Мысалы:
«Шайх Сағдыдан» (Асау тұлпар, 34):
Әнмен күйге түйеде (?)
Шаттанар, хайуан десек де Сезбейтін оны адамды
Салпаң құлақ есек те».
Осы тәжірмасына орай аударманың оқырманға беретін тәрбиесіне, оқушының білім алуына қажетті еңбектерді аудару керектігін баса айтады. Аудармасының өзіне көңілі толмайды. Басқа ұлттың әдебиетін аударғанада да бұл біздің халыққа не береді, оқырман өзіне не алады, жастар үйренетін өнер бар ма деген пікірде болу керек екенін қадап айтады. «Алайда, біз Сәкеннің аудармаларынан мұны көре алмай отырмыз» деп қынжылады.
Сын жазудың бірнеше себептерін бағамдауға болады. Біріншіден, сол заманда қазақ оқырмандарының қолына ұстататын кітап аз болды. Н. Төреқұлов жұрттың қолына осы мәндес кітапты ұстата салу үлкен қателік болар еді, дегенді айтады. Кітап - жұртқа тәрбие беретін, білім беретін, танымын ашатын дүние болу керек, деген принципті ұстанады. Екіншіден, кітап- оқырманның қолына тигенше сыннан әбден өтуі керек деген. Олай болмаған жағдайда әдебиет көрінгеннің ермегіне айналуы мүмкін. «Ал Сәкеннің «Асау тұлпары» оқырманға білім болмайды, пайдасы жоқ» деген. Қазақ Республикасы аяғынан енді тұрып, есін енді жинап келе жатқанда мұндай кітаптің шығып, оқырманға тарауы дұрыс емес дегенді айтады.
«Неге десеңіз:
Сана орнына «ботқа» берген,
Ахылақ орнына порнография берген, Революция рухы орнына «асаулық» берген, Кім оқыса бұл кітапты?
Қазақ кедейіне беруге болмаса, Мектеп баласына жарамаса,
Әйел қыздарға көрсетуге ұят болса,
Сәкен өзін де келеке қылған, әдебиетімізді де! «Кітаптың» осы «қасиеттері» критиканың ауыр болуына себеп болды»,- деп жазады.
Нәзір Төреқұлов мұны 1923 жылдың 11 қаңтарында жазған. Бұл сын
«Темірқазық» журналының 1-санына басылған. Н. Төреқұловты әдебиетші, сыншы, ақын ретінде танимыз. Бұл салада С. Сейфуллиннің «Асау тұлпар» жинағына [111, б. 25], «Тар жол, тайғақ кешу» романына жазған сындары белгілі [117]. Бұл еңбектерінде ол әдебиетті жақсы түсінетінін, әлсіз тұстарды дәл басатынын, ой-пікірін өткір де әсерлі етіп жеткізе алатынын танытқан. Сәкеннің «Асау тұлпарындағы» «біраз өлеңдерінің саяси-идеялық қате, кемшіліктерін көрсеткен, сынаған. Шынын айту керек, өте орынды көрсеткен, әділ сынаған. Оны Нәзірге жазған жауабында Сәкеннің өзі де мойындаған»,- деген профессор Б. Кенжебаев пікірі дұрыс. Тек қана кей тұстарда басараздықтың, эмоцияға берілудің салдарынан ағат пікір, артық айыптауларға орын беріп алғаны өкінішті [72, б. 119].
Белгілі оқымысты Ғаббас Тоғжанов қазақ тарихында түңғыш рет «Ұлт деген не?» атты көлемді теориялық мақала жазып, оны «Темірқазық» журналында бас- тырды [112, б. 76]. Ол Еуропа ойшылдары Отто Бауэрдың, Карл Каутскийдің, Карл Реннердің, Сталиннің алуан арналы тұжырымдамаларын талдай отырып, Карл Каутскийдің ұлт болу үшін ең керек екі шартын құптайды. «Ұлт болу үшін ең керек шарт – тіл бірлігі. Екінші керек шарт – жер бірлігі»,- деген тұжырымына тоқтайды. Бір ел бір бірінінің тілін ұқпаса қалай ұлт болады деген мәселені көтерген. Ұлтта жер болса ел болады, ел болса шаруашылығы дамиды, шару жағдайы көтерілсе өнері де, әдебиеті де өркендейді деген ұстанымдарды алға тартқан.
Ал Сталиннің «Ұлттың ең елеулі белгісінің бірі – экономика ортақтығы» де- ген пайымына талас білдіреді. Сталин, «Шаруа байланысы – жиі қатынас болу қажет шарттың бірі»,- дейді.
Біздің ойымызша, шаруа қатынасы ұлттықты тудыратын қажет шарттың бірі деп ерекше бап қылу артықша дейміз. Жері бір болса, тілі бір болса, тұрмысына, тіршілігіне қарай мінез-жан сипаты бір болса, шаруашылық байланысы, жиі қатынас дегеніміз өзінен өзі туады. Ғаббас өзінің осы күнге дейін маңызын жоймаған үш шартты үстанатынын жазады: «Алдымен ұлт болу үшін керек шарт – тіл бірлігі. Бір тілде сөйлеу, жазу керек. Бұл – бір. Екінші – жер бірлігі. Бір жерде орнығу керек, бұл – екі. Үшінші: тұрмыстан, тіршілік қамынан, кәсіптен туған мінез – жан сипатының бірлігі керек. Бұл – үш»,- деп қорытынды- лайды. Осы үш негізгі шарт болған жағдайда, яғни жері, тілі, ұлтық мінезі бар жұрт, ел болып, халық болып ұйысатынын алға тартады.
«Темірқазықтың» ендігі көтерген мәселесі «Ұлы ма? – ов па?» атты тақырыппен шыққан. Онда: «Біздің қазақ хат жазып қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді: «Жаманбай Аманбайов», - деп жазады. Жаманбай хат жазып, қол қойса, өзі де Аманбайов, деп қол қояды. Бұл Иван Ивановичтың тәржімасы»
[112, б. 99] Мақала түйіні «ов»- ты орыс ұлтының» өзіне қайтарып, «ұлы» деп жазуды ұсынады. Осылайша журнал шығарушылар сол дәуірдің өзінде-ақ әлі күнге дейін бір ізге түспей келе жатқан мәселенің түйінін тарқатты. Әрі оны жәй декларация күйінде қалдырмай, журнал бетіндегі мақалаларының астына аты- жөндерін тек қана «-ұлы» деген үлгімен жазып, өзгелерге өнеге көрсетті. Ғасыр өтсе де бұл мәселе Тәуелсіз елімізде әлі де бірізділікке түскен жоқ.
«Темірқазық» халық әдебиетінің бай қазынасынан алынған жұмбақ, жоқтау, айтыс, т.б. фольклорлық мұра материалдарын ел ішінен жиыстырып, жариялап отырды.Сонымен қатар, ұлттық жазба әдебиеттің де мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Мысалы, «Ел асылын жасытпаңдар!» атты редакциялық мақа- лада әдебиет мәселесін көтереді. Ел арасында ақын-жазушылардың өлең- жырлары, жазған сөздері жарығып, елге ұсынылмайды. Себебін – тұрмыстарының, күн көру жағдайларының төмен екенімен байланыстырып, үкімет тарапынан жазушыларға қолдау көрсетуін сұрайды. Бұл – ел руханиятына журнал тарапынан шын жанашырлықтың белгісі.
«Темірқазық» журналының бірінші нөмірінде жазылған алғысөзіне байланысты профессор Т. Қожакеев былай деп жазады: «Яғни журналды шығарғанда елге өнер-білім таратам, ел тілегіне, ел мұңына үн қосам жұртқа түзу жол сілтеймін, елдің қисығын, теріс-тетігін түзетем деп ниет етті. Бірақ оған ескі оқығандар отырып алып, журналды таза советтік бағытта, коммунистік идеяда шығаруға мүмкіндік бермеді» [72, б. 118]. Ал редакция алқасының аты-жөндері журнал бетіне былайша басылған еді:
«Темірқазық» журналына жазушылар:
Әбдолла Бөкейханұлы, Әбдірахман Байділдәұлы, Әміржан Сыдықұлы, Ш. Наушаруанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Санжар Аспандиярұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Ғапар Мырзәліұлы, Қыр баласы, Қошмұхаммет Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Смағұл Қазбекұлы, тағы басқалар». Бұл тізімнен біз тәуелсіздікті, елдікті аңсаған және де сол жолда аянбай күрескен тұлғалар мен олардың ұрпақтарының есімдерін оқимыз.
Оқу бөлімімінде Сыдықұлы Әміржан, Мырзаұлы Ғапар деген авторлардың
«Еңбек мектебі» [111, б. 16], «Қазақ елінде мектептер қалайша құрыла бастау керек ...» «Мәскеудегі қазақ оқушыларының халі» деген мақалалары басылады,
«А. Қ.»,-деген бүркеншік есіммен «Қазақша жазу тақырыбы» деген мәселелер көтеріледі.
Қазан төңкерісінен кейін Россияда еңбек мектебі құрыла бастағаны белгілі. Бірақ еңбек мектебінің негізгі жолдары оқытушылардың көбінде түсініксіз болды. Тәрбие білімін, оқыту жөнін жақсы біледі деген семинария, иниституттарда оқып шыққан орыс учительдері де ұғына алмағанын айтып, оны Еңбек мектебінің бұрынғы мектептен айырмасы ретінде:
Еңбек мектебінде, алғаш баланың сабағы тұрмысында бар, баланың көзі көрген, балаға таныс нәрседен алынады.
Балаға не үйретілсе де, қандай сабақ берілсе де бала өзі ықыластанып, сабағына илігіп отырады.
Бала үйренетін білімінің көбіне іспен қанады. Қолы мен ұстап, көзі мен көріп біледі. Әліне қарай еңбек қылады, білгенін өзі істеп үйренеді.
Бала өзінің істеген еңбегінің пайдасының іске жарарлығын біліп отырады.
Бала тұрған жерінің шаруасын, жер-суын, тұрмысын үйренеді. Мектептен шыққанда сол жердің шаруа, тұрмысын жақсы білетін қызметкер болады.
Еңбек мектебінде бала денсаулығын түзейді. Еңбек мектебі баланың бір жағынан көңіл көтеретін, сауық сайранмен уақытын өткізетін қызықты орны болады.Еңбек мектебінде жоба бойынша оқылатын ғылымдар тізіміне мына пәндерді енгізген:
1) ана тілі;
2. есеп;
жағрапия;
жаратылыс;
сурет салу, әдемі сызу;
басқа халық тілдері.
Мақалада осы еңбек мектебінде оқытылатын ғылымдарды қай жолмен балаларға оқыту керек деген мәселенің түйінін тарқатады.
«Темірқазық» журналы Мәскеуде шыққан соң сол елде білім алып жүрген жастардың жағдайы оларға жақсы таныс болды. Мәскеудегі студент жастардың жағдайы туралы көптеген мақалалар жазды. Білім алып жүрген жастардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Қазақ Республикасынан жәрдем беруін сұрайды.
Ескі үкімет құлап, азаттықтың таңы атқанда қазақ халқы еркін тыныстап, жан-жағына қарап, қамданып, өркениетке ұмтылып, білім алуға деген құлшынысы артқаны табиғи іс екені рас. Журнал осы ретте білімге ұмтылған қазақ жастарының жағдайын барлап, зерттейді. Қазақтың білімге ұмтылған ниетіне орай барлық жағдайын жасап, оқуға кеткен жастардың жәрдемақыларын көтеруін, уақытында төленуін талап қылады. Сараптамалық мақаланың мақсаты
оқырманға жағдайды барынша ұғынықты етіп беруге тырысып, арнайы кестеге түсіру. Өткен жылы (1921) Мәскеуде (Түркістан, Қазақстаннан) 18 қазақ жасы оқиды.
Тізімде мына түрде:
Кесте 13 – Мәскеуден оқитын қазақ жастарының көрсеткіші (1921ж) [111, б. 19]
Қай мектептің қай бөлімінде
|
Қай республикадан
|
Неше адам
|
1
|
2
|
3
|
Жоғары дәрежелі
шаруашылық иниституты
|
Түркістаннан
|
1
|
Инженерлік бөлімі
|
Қазақстаннан
|
1
|
13-кестенің жалғасы
|
1
|
2
|
3
|
Жұмыскерлер факультеті
|
Қазақстаннан
|
1
|
Түркістаннан
|
1
|
Жоғары дәрежелі Күншығыс тану мектебі
|
Қазақстаннан
|
1
|
Жоғары дәрежелі соғыс ғылымын үйрететін академия
|
«
|
1
|
Горный академия
|
«
|
1
|
Жоғары дәрежелі халық ағартатын жұмыскерлер дайындау мектебінде
|
«
|
1
|
Күншығыс ортақшылдар университетінде
|
Екі республикадан
|
10
|
|
Барлығы
|
18 адам
|
Бұлардың ішінде соңғы екі мектепте һәм жоғарғы дәрежелі әскери академияда оқушылардың халі, қазынадан тамақ киім беріліп тұрғандықтан жаман болған жоқ, басқаларының халі өте нашар болды. Жіберген республика түк қаражат бермеді. Туған-туысқандары өздері аштық апатына ұрынып жатқандықтан жәрдем ете алмады. Өлермендік пен үй тауып алса жағатын отын, ішетін астары жоқ болып оқушылардың бір сыпырасы көлденең жұмыс тауып тамағын асырады. Мәскеу көшесінде жыртық шинелді, етігінен шұлғауы шығып, қабысып, еңкеңдеп жүрген адамдар көрінсе, олардың қазақ студенттері екенін сұрамай-ақ білгендей болды. Хал жайларын білдіріп хүкімет басындағы азаматтарға шаққан мұң жауапсыз қалды. Бірақ аштық жалаңаштық жолдас болып, бастарынан қандай ауыртпалықтар өткізіп жүрсе де оқушы жастар оқып, біліп, еліне іс істеу қасиетті тілектері екен дегенінен таймады. Бәріне де шыдады. Оқуын жақсы оқып өтті. Биыл 22-23-ншы жылда оқушылардың жалпы саны екі есе артты.
Кесте 14 – Мәскеуде оқитын қазақ жастарының көрсеткіші (1922-1923жж.) [111, б. 20]
Қай мектептің қай бөлімінде
|
Қай республикадан
|
Қанша адам
|
1
|
2
|
3
|
Жоғары дәрежелі шаруашылық иниституты, шаруашылық бөлімі
|
Қазақстаннан
|
4
|
« »
|
Түркістаннан
|
1
|
Инженер бөлімінде
|
Қазақстаннан
|
1
|
14-кестенің жалғасы
|
1
|
2
|
3
|
Жұмыскерлер « - »
|
Қазақстаннан
|
3
|
Түркістаннан
|
1
|
Университеттің дәрігерлік бөлімінде
|
Қазақстаннан
|
2
|
Фонда
|
«
|
2
|
Күншығыс тану мектебінде
|
«
|
1
|
Горныйда
|
«
|
1
|
Жоғары дәрежелі соғыс академиясында
|
Қазақстаннан
|
1
|
Карл Маркс атындағы шаруа иниститутында
|
«
|
1
|
Жоғары дәрежелі халық ағарту жұмыскерлерін даярлайтын институтта
|
«
|
1
|
Пречистенкенің жұмыскерлер факультетінде
|
Түркістаннан
|
2
|
Күншығыс ортақшылдар университетінде
|
Түркістаннан
|
42
|
Қазақстаннан
|
18
|
|
Барлығы
|
92 адам
|
Бұл көрсетілген 92 оқушылардың тең жарымының жәйі жақсы. Даяр оқу, даяр тамақ, даяр киім, бәрін Мәскеу береді. Тең жарымысынан азының халі өткен жылғыдай. Кейбіреулерінің әлі үйі де жоқ. Көбі үш-төрт ай сандалып жүріп пәтерлерін әзер тауып алды. Қазақстан хүкіметінен беріліп отырған мардымды жәрдем жоқ», деп бөлінген стипендияның жоқ екенін жаза отырып, Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастарының қиын жағдайларына тоқталады.
Салыстыру мақсатында, мысалға Түркістаннан келіп оқитын жастар жағдайын баяндайды: «Түркістан республикасы оқушыларына 100-ден аса Мәскеуге деп степендия ашып отыр. Степендия 400-500 миллионнан ақша береді. Оқушылардың даяр үйі бар. Кітап керек болса онысын қарастырып тауып беруге тырысады. Біздің Қазақстанға осы Түркістан да үлгі болуға жараса керек», деп Мәскеуде тұрмысы жаман, ең сорлы оқушылар Қазақстаннан келген оқушылары деп ашына жазады. «Әліде болса, Қазақстанның Мәскеу оқушыларына жәрдемін күтеміз», деген үмітпен автор, журналға жазушы Ғапар Мырзаәліұлы өзінің проблемалық мақаласын аяқтайды. Бұл мақала арқылы оқырман 1920 жылдарды Мәскеуде оқыған жастардың хәлімен толық таныса алады.
Журналдың 2-3 сандарында «Елдің күйі» атты мақала басылған. Онда жеке тақырып ретінде «Соттар туралы», «Милиция», «Халық билері», «Елге шыққан инструктор, инспектор, агенттердің» қызметін сынға ала отырып «Малай» атты бүркеншік есіммен жазған ұлт жанашыры: «Қазақ елі хүкіметке сене қалмайды. Қазақ елінің сенімін алу үшін, қазақ даласындағы хүкіметтің ұстап отырған
бетін, әдісін өзгерту керек. Қазақ даласындағы қазіргі хүкіметтің ұстап отырған беті, әдісі еш бір уақытта қазақ елінің сенімін ала алмайды», деген.
Басылым ұлтқа қатысты көтерген тақырыптардың барлығында да елдің, жердің қамын ойлаған. Жер жайына келгенде: «Қазақ Россия қолтығына кірген соң-ақ, шет бұшпақтап жерінен айырыла бастады»,- деп сол кездегі саясатты ашық жазады. Оқу жайы қалай көтерілді дегенде: «Орыстастырудың аяғы келіп ауылнай школына соқты. Қазақтың балдырғандай жас баласын, ана тілінен айырып орыс тілімен оқытатын қылды Үстірт қарағанда хүкімет те қазақ үшін
тырысқан сияқты, бірақ хүкімет ісінің ішін ақтарсаң арамдығы аңқып шыға келеді. Хүкімет қазақ баласын оқытқанда білім алсын, ел ағартсын деп ойлаған жоқ, қазақтың жас баласын елінен айырып орыстық рухын сіңдіріп қазаққа орыстық идеясын тарататын үндеуші қылу мақсатында болды», дейді
«Темірқазық» басқармасы.
«Коммунист партиясының ұлт мәселесі туралы жобасы»,- атты мақаласын Партия кіндік комитеті мақұлдаған жолдас Сталиннің нұсқасы ретінде ұсынған [118]. Бұрын біздің қазақ жүнін тоқып шекпен қылып, терісін илеп тон қылып киген. Малын сауып сүт ішіп, ірімшік, құрт қайнатып тамақ қылып жеген. Ет керек болса, қорадағы малын сойған. Желі-арқанды, көгенді, өзге жіп-шуды өз малының қылынан, жүннен ескен. Ол уақытта не керек болса, өзінен тапқан», деп қазақ базарды білмеген, әр кімнің шаруасы өзімен-өзі болғандығын,қазіргі жағдай өзгеріс заманы туғанын, алайда «Бұл өзгерісті, сақал шыққанын білмей қалған бозбаладай, адам өзі білмей қалады»,- деп жазады. Ұлт мәселесінің шешуі былай болмақ деп Сталиннің айтқандарын басады. Онда ұлтқа деген құрметке баса назар аударылып, Әр ұлттың еркі өзінде, қай жерге барып, тұрады, қайда көшіп барады деген секілді мәселелерді өзі шешеді деген. Сондай-ақ, ұлттың өзінің әдебиеті болсын, әдебиетін дамытсын, өз тілінде жазсын деген ұсыныстарды алға тартады. Жастар мәселесін көтеретін күштің жұмылдырып қадағалауды ұсынады. Журнал осыған орай былай деп жазады: «Бұл кеселдің жоғары шық деп орын беретін ақсақалы бұрын аз ұлттарды құлданып, құлдың басына қамшы үйіріп қалған біздің үлкен ауылдың баласы орыстың өзімшілдігі, менменшілдігі өзгені құл орнына ұстап құл деп қарағаны. (1)» деген тұжырымына мақала соңында мынандай түсінік бере кетеді. «(1) Бұл жерде жолдас Сталиннің айтқаны мынау болады. Карл Маркс, бұл ақсақалдың тілі ащы, қаламы улы болатұн, А. Гертсенге ашуланып:
«Орыстың таз басын тырнасаң, астынан қалмақтың қаны, ноғайдың қамшысы шығады» деген Маркс. Николайдың заманында мұны өзгертіп: «біздің патшаның төрелерінің таз басын тырнасаң, астынан көкпеңбек болып жандарым шығады», дейтұн.
Осы күні Николайдың төрелерінің балаларының бұрқыраған шашын тарасаң, құжынап өзімшіл, ұлтшылдың биті шығады.
«А! Ит қазақ! Саған автономия керек екен. Мә!», деп қамшымен басқа салып кетеді. Өзі коммунист жолдас Сталин ескі ауыру мінез мерезі деп, осыны айтады [118. б. 20].
Мәскеу қаласы, «Күншығыс» баспасынан шыққан «Темірқазық» журналы туралы тұжырымдай келе, елден жырақ шықса да қалың қазақ елінің оқырмандарына тараған:
ұлт мәселесі көтерілген;
қазақтың саяси – тарихы тұрмысынан мәселелер қозғалған;
қазақ оқушыларының жәй-күйі, білім күші бағамдалған;
қазақ елінде мектептер қалайша құрыла бастау керек, еңбек мектебі дегеніміз не?, қазақ тілінің жазу мәселесі қалай шешілмек, деген ойларды қозғаған;
ауыз әдебиетінің үлгілері басылды.
Осылайша, Мәскеудің төрінен елге тараған «Темірқазық» журналы қазақ баспасөзінің тарихында ғана емес, оның қоғамдық сана соқпағының дамуында да өзгеше із қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |