Дістемелік кешені


Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романы



бет50/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   73
tzha keshen-2022-2023

Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романы
Қазақ әдебиеті шығармаларындағы көркемдік шешім жүйесінің қазіргі жалғастығын біз жазушы Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романынан көреміз. Романның композициясы да осындай поэтикалық бейнелеудің нақты көрсеткішіндей болып аталыпты: «Бөрі бауыр дүние», «Жалғыз бөлтірік», «Үйірі жоқ көкжал». Романның тақырыптық-идеялық, сюжеттік-композициялық желісіне алынған өзекті мәселе – XX ғасырдың 90-жылдарынан басталған Қазақстанның тұрмыстық-әлеуметтік қоғамдық тіршілігі.
Романның «Жалғыз бөлтірік» атты 1-бөлімінің басталу бетіндегі мынадай авторлық-эпикалық баяндау – өмірлік шындық көрінісі:
«Соңғы үш-төрт жылда Алматы ғана емес, адамдар да өзгерген. Тер мен темекінің күлімсі иісі, әтірдің жұпары араласқан қапырық ауа қолқасын қапқан жүргіншілердің өз уайымдары өзінде. Қатулы қабақ, тұнжыраған пішіндердің ұқсастығы сондай, нарық заманы бәрінің маңдайына тауқымет мөрін басып қойғандай. Кәрі-жасының жүзінен арты өкініш, алды үмітсіз, өмірдің көлеңкесі көрінеді. Қала тұрғыны мен ауыл адамын киімінен емес, сөзінен ажыратасың. Үкіметті сыбаса – қала тұрғыны, әкімді боқтаса – ауыл қазағы. Ашынған елдің тілі де ащы» [79, 30-31 бб].
Романның және оның бөлімдері тақырыптарының да «Көкжал» атауымен берілуінде символдық-мегзеулік мағына негіз етіп алынған секілді. Адамгершілік пен имандылық, адалдық пен арамдық, мәрттік пен ездік, мейірімділік пен қатыгездік, жомарттық пен сараңдық және т.б. бір-біріне мүлдем қарама-қайшы қасиеттер қақтығысқан жаңа кезеңдегі адам тағдыры романның идеялык-поэтикалық сипатын құрайды. Алғашқы «Бөрі бауыр дүние» экспозициясының да романның мазмұны мен пішініндегі уақыт шындығына поэтикалық мегзеулі баламалау тұрғысында жазылғаны аңғарылады: «1) Кілт; 2) Ақсұр қаншық; 3) Ақшулан; 4) Шолақ бөрі; 5) Бөрі бауыр дүние» [79, 3-29 бб].
Романның осы алғашқы мегзеу-балама бөлімінде қасқырлар (Ақсұр қаншық, Ата бөрі, анасын талап жеген Ақшулан арлан) тағдыры кезеңдерінің, адамзат қоғамы өзгерістерімен, құбылыстарымен жеке адамдар тағдырларымен егізделе, мегзеле баламаланып алынғанын аңғарамыз. Мысалы, қаншық қасқырды да, бөлтіріктерін де ашкөз арланнан құтқарған, тамақ әкеліп тойындырған Ата бөрінің табиғат аясындағы тұлғасын бейнелеу аркылы қаламгер байырғы шешімімен Бөрілі Байрақты қазақ рухының мәңгілік сарынын, тағылымын елестеткендей әсер аламыз. Мысалы:
«Бір кезде жұлдыз жамыраған аспанда Ай туды. Қарауытқан құба жондардың иір-иір сұлбасы айшықтанып, түнгі дала аппақ нұрға шомылған. Туған айдың толықсыған буы, шалқыған лебі ме, шөптің басын толқындатып қырдың қоңыр самалы есті.
Ата бөрі Айға қарап ұлыды. Топ-толық дөңгелек Айға бұл да көзін тіккен. Адымын ұзатпай алқымдаған әлсіздігі аяқ астынан ғайып болған.
Тынысы кеңейіп, көкірегі ашылып, әлдебір мұң, зардан ада мадақ, қанды қыздырып, қайсар рухты оятатын тектің ұраны көмейін бүлкілдетті. Ата бөрінің ұлыған үні күндізгіден өзгеше еді. Аспандағы Айдың нұры мен қырдағы бөрінің көзі шағылысып, шамырқанған атой жырынан түнгі тымық ауа шыңылдап, тербеліске түсті» [79, 6 б].
Жазушы Ғ. Құлахмет романының көркемдік шындық поэтикасы
аясында алынған қасқырлар мен табиғаттағы Күн, Ай, дала көріністері
тұтастық өріліммен бейнеленіп, жалпы тіршілік қозғалыстарындағы тектес,
үндес болмыс шындығын аңғартады. Ғарыштық кеңістіктегі тіршілік
мүшелері іс-әрекеттеріндегі, тұрпаттарындағы үндестіктердің де, өзгешеліктердің де өзара сабақтаса жүріп жататын заңдылығын қаламгерлер эпикалық туындылардың мазмұны мен пішінінде басты назарға алады. Сөз арқауындағы романның аталған бөлімінде арлан Шолақ пен Ақсұр қаншық екеуінің табиғат көріністерімен сабақтасқан тұрпаттарын бейнелеудің поэтикалық мағыналары тіршілік иелерінің бәріне ортақ заңдылықтар тағылымын мегзейді:
«Түнгі аспанның жұлдыздар жымыңдаған төрінен Ай көрінді. Толықсып туған Ай. Қар тозаңындай қырық құбылған күміс сәулесі түнгі даланың көркін ашты.
Шолақ ұлыды. Апан аузындағы Ақсұр қаншық та үн қосып, тау мен даланың тымық ауасына толқын діріл араласты. Бірақ, бұл жорық жыры емес еді. Әуені ұқсас болғанымен әуезі басқаша. Бірі қою, бірі нәзік. Табиғаты тылсым түз тағысының, төбе тағысының құйқаны шымырлатар шері, зары Тәңірінің түнгі шырағы Айға карай талпынды. Жерге түспей, тау мен қырқаға асылмай шырқау биікке барып сіңіп жатыр. Ай нұрының тамшысы көкбөрі ұрпағының жалт-жұлт еткен көзінде тамады. Ішін тартып солықтаған түн патшалығына тіл біткен. Түрленген. Кемі толып, толғаны кемерінен асып шүпілдеген шабытты шақтың шашыраған шоққа күйдірмейтін шарбат, ләззатын тек ғана жан сезініп, тән білер» [79, 13-14 б].
«Үйірі жоқ көкжал» романының негізгі кейіпкерлерінің (Теңіз Медетов, Мақат Назарұлы, Балтакескен Халықов, Михаил Иманбаев, Мария Араловна, Жұман Ақбергенов, Эдуард Георгиевич Ли, Кенбай Қосаев) сюжеттік-композициялық желідегі эпикалық-баяндау, диалог, монолог, пейзаждық-психологиялық егіздеу, т.б. көркемдік тәсілдермен дараланған тұлғаларынан қазіргі уақыт адамдарының тарихи шындықпен бейнеленуін танимыз. Романның экспозициялық бөлігіндегі қасқырлар мен қазіргі адамдар тұлғалары арасындағы баламалы мегзеулердің поэтикалык мағыналары да тарихи шындық үндестігімен аңғартылған.
Халық тағдыры – жеке адамдардың, отбасылардың әрі үндес, әрі өзгеше жан әлемі мен іс-әрекеттерінен құралатын әлеуметтік құбылыс. Табиғат құбылыстарын адамдар тағдырларымен поэтикалық баламалы тұтастықпен бейнелеу арқылы қаламгерлер өмірлік шындыққа негізделген романтикалық және реалистік көркемдік әдістер бірлігімен орындалатын шығармашылық шешім шынайылығын белгілейді.
Профессор С. Негимов көркем шығармалардағы табиғат көріністері мен адамдар тағдырлары бейнеленуіндегі осындай поэтикалық тұтастықтың көркемдік мәнін атап көрсеткен:
«Жазушы әдеби шығармада көркем ойлаудың ажары ретінде, жаны есебінде, образдық-метафоралық жүйесінің арқауы сипатында табиғат келбетін ұсталықпен пайдаланады. ...Суреткер табиғаттың алуан-алуан кескін-келбетін кейіпкер басындағы қуанышты, шаттықты, я болмаса, шерлі, мұңлы, күйлерге ыңғайлап отырады.
Көркем пейзаж жасау суреткердің дүниетанымының кеңдігіне, рухани және материалдық мәдениеттерді жете білуіне, бір-біріне жақындамайтын тегі басқа тірлігі оқшау құбылыстарды орайластырып, жымдастыруға, алыс ұғым-түсініктерді бір-бірімен шебер қиюластыруға саяды» [74, 163-164 бб].
Демек, қазіргі қазақ романдарындағы халық, жеке тұлға тағдыры мен табиғатты тұтастыра бейнелеу арқылы тіршілік әлемінің күрделі психологиялық-философиялык сипаты эстетикалық таныммен жан-жакты таныла түседі.
Қорыта айтқанда, роман жанрындағы күрделі туындылардың композициясындағы идеялық-эстетикалық дүниетаным поэтикалық кешенді бейнелеулер арқылы айқындалады. Сөз өнерінің ерекшелігі адамзаттың дүниетану, көркемдік ойлау көзқарастарын танытатын әдебиет шығармаларының рухани қуатты құрал екендігін дәлелдейді.
Көркем шығармалардың реалистік сипатын халық тарихындағы материалдық және рухани мәдениет мәселелері құрайды. Халықтың еңбек шаруашылық кәсіптерінің түрлері, отырықшылық немесе көшпелілік тұрмыс мәдениеті жүйесі де көркем шығармалардағы шынайылықтың, деректіліктің тарихилығын дәйектейді. Адамдардың тұрмыстық қолданысындағы еңбек құралдары да кезең шындығын танытады. Ал, әдет-ғұрыптардың, салт-дәстүрлердің халық тұрмысындағы көріністері де шығармалар арқауындағы табиғилықты айқындай түседі. Қазақ әдебиетіндегі әр түрлі жанрлардағы шығармаларда халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының орын алуы тарихилық заңдылығының көрінісі болып саналады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет