Дістемелік кешені


Көрнекті жазушы Сәбит Досановтың «Ұйық» (2005 ж.) [165] атты романының құрылымдық арқауында Қазақ елінің XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалары алынған



бет47/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   73
tzha keshen-2022-2023

Көрнекті жазушы Сәбит Досановтың «Ұйық» (2005 ж.) [165] атты романының құрылымдық арқауында Қазақ елінің XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалары алынған.
Романның тақырыбы – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік тұрмысы, идеясы – қазақ халқына материалдық және рухани зардаптарын тигізген апатты оқиғалардың (Қазан төңкерісі, аштық, 1937–1938 жж. қуғын-сүргін, т.б.) сипатын таныту.
Романның композициясы «Сағыныш», «Сабылыс», «Тосылыс» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.
Романның басты кейіпкерлері – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нұрдәулет Бабаханов және т.б. Бұлармен бірге, романның идеялық-композициялық желісіндегі оқиғаларда көрінетін жанама кейіпкерлер (Аманхан, Тұяқ, Асылхан, Гүлайым, Кутовой, т.б.) де мол.
Роман бөлімдерінің сюжеттік-композициялық желісінде Алаштың көрнекті қайраткерлерін олар өмір сүрген кезеңдер оқиғаларының барысында көрсетеді. Романның эпикалық кең құлашты сипатына сәйкес уақыт пен кеңістіктегі аса елеулі тарихи оқиғалардың қазақ халқының тағдырына әсер-ықпалын романтикалық және реалистік көркемдік-эстетикалық сарындармен жеткізген.
Романтикалық сарындылық қазақтың ұлттық санасындағы мәңгілік еркіндікті, тәуелсіздікті, биіктікті мұрат тұтқан рухани діл кеңістігінің болмысына баламаланған символдық-мегзеулік мәні бар суреттеулермен де, кейіпкерлерінің диалогтары мен монологтарымен де сабақтаса қамтылған. Бұл – қаламгердің көркемдік шешімінің көрінісі.
Романның басынан бастап аяғына дейін жазушы қазақтың ұлттық діліне тән романтикалық-отаншылдық дүниетанымның ең негізгісі даланың келбетін бұндағы аңдар, құстар, өсімдіктер таулар белдер, алқаптар, өзендер, көлдер, бұлақтар, т.б. – сан алуан көріністер тұтастығын кейіпкерлердің сезім құбылыстарымен де, оқиғалармен де егіздей суреттеуді тұрақты қолданады. Мысалы, романның алғашқы тарауының басталуындағы даланың тынысын, ондағы тіршілік қозғалысын суреттеулерден осындай романтикалық-отаншылдық көңіл-күй әуендерін сезінеміз:
«Буырқанған теңіз толқынына ұқсаған ақбурыл аспан астында Ақбас бүркіт ұшып жүр. Шырқау биікке шығып ап, айналаны отты көзімен шолған ол жер мен көктің арасындағы табиғат көріністері мен тіршілік иелерінің әрбір қимылын қалт жібермей қадағалайды. Ұшықиырына көз жетпейтін Ұлы Даланың байырғы тұрғыны – жаны таңғы шықтай таза, рухы биік қазақ халқы киелі санаған қасиетті Ақбас бүркіт тым биікте еді...
Ақбас бүркіт тым биікте ұшып жүр. Ұланғайыр Ұлы Даладағы әрбір қимылды жастайынан қырағы байқап үйренген қыр қазағы Нұрдәулет құстың керегедей кең жайылған куатты қанатын, ұзын құйрығын, алыстан кішірейіп көрінер ақ басын анық шолып келеді. Теңіз толқынындай бүктетілген бетегелі белге шыға келгенде Нұрдәулет ат тізгінін тартып тоқтай қалды. Алдан айнадай жарқырап жатқан Шақпақ көлі көрінді. Жағалауын көк жасыл құрақ көмкерген көлге су ішуге құлаған бір топ киік желе жортып барады. Кең далада еркін жортқан желаяқ жүйріктердің күрең түгі күн нұрымен шағылысып жалт-жұлт етеді. Алда көш бастаған көсемдері – өзгелерінен әлдеқайда үлкен ақтөс, ақбурыл теке. Қаңтарылған аттай қайқайған басын оң мен солға кезек бұрып, жан-жағын барлап келеді ол. Иісшіл танауын желге тосып, Сарыарқаның саумал самалын кеуде кере еркін жұтқан киіктер тобы көлге жете мөп-мөлдір боп жатқан тұп-тұнық суды қомағайлана сімірді. Шөлдері әбден қанған соң көл бетінде алаңсыз жүзген аққу мен қазға қадала қарап тұрды да, сәлден соң Құсұя жақты бетке алып, маң-маң басып кете барды... [165, 4-5 бб].
Бұл қазақтың ұлттық санасының поэтикалық мегзеумен бейнеленген суреті. Қазақ романтикасы – дала мен ондағы аң-құстардың, табиғат көріністерінің тұтасқан қозғалыстарымен егізделген дүниетаным. Қазақтың ата-бабалардан ұрпақтарға ауысқан ұлттық әуендері де Ұлы Даланың кешенді сипатымен қосыла айқындалады.
Романның басталуынан-ақ поэтикалық-символдық бейнелеумен көрінген Ақбас бүркіт – қазақ рухының көрінісі. Еуразия кеңістігінде мыңдаған жылдар бойы ерлік пен елдік ұлағатымен қалыптасқан қазақтың ұлттық-халықтық болмысын шексіз-шетсіз кеңістікті жан әлемімен мол қамтитын қалпымен осы Ақбас бүркіт тұлғасымен елестеткендей әсер аламыз.
Оның түр-тұлғасын бейнелеуде поэтикалық даралаудың баламалы мағыналылығы айқын байқалады:
«Өзге бүркіттер оның жанында тауықтың балапанындай ғана. Өзі өте ірі. Тұтас тұрқы құлындай. Жуан, етті сирақтарында білеуленген көкшіл тамырлары тарамыстай тартылып тұр. Өзге қанаттылардың тұяғынан әлдеқайда ұзын тұяғында төрт саусағы бар. Сол төрт саусақтың ішкі – жембасар, ортаңғы – сығым, сыртқы – шеңгел, артқы – тегеуірін – аталатын төртеу де қанжардай өткір қасқырдай қайратты. Тауда туып, томаға киіп көрмеген оның күндіз дамылдайтын тұғыры да, түнде ұйықтайтын тұрағы да шың» [165, 6 б].
Қазақтың ата-бабалық ұлттық рухымен баламалы тұрғыда алынған осы Ақбас бүркіт бейнесі романның идеялық сарынын құрайды.
Жазушының өзіндік көркемдік шешімі – романдағы басты кейіпкерлерінің үнемі осы Ақбас бүркіттің зеңгір көкте қалықтап ұшып жүргенінен қуат алатынын сюжеттік-композициялық желіге өріп отыратындағы. Романдағы кейіпкерлердің, оның ішінде Нұрдәулеттің Даласының ауасынан да, топырағынан да, өсімдігінен де, көкте самғаған қыран құсынан да қуат алатынын шығарманың идеялык-композициялық желісінде алу романтикалық сипатты танытады. Мысалы, басты кейіпкер Нұрдәулеттің туған өлкесіне алыстағы Ресейден, Петербургтен жеткенше көруге асыққан, сағынған даласымен қауышқан сәтіндегі көңіл-күйін, жан әлемі жағдайын романтикалық сипатымен өрнектелгенін оқимыз:
«Сағынған Ұлы Даласын қашан көргенше жүрегі алып ұшып қатты асығып еді. Енді сол Ұлы Даланың саумал самалын құшырлана жұтып тұр. Айдалада айналаға сүйсіне қараған Нұрдәулет сәлден соң аттан түсіп, туған жердің топырағына бауырын төсеп жата кетті. Мұрынына жусанның иісі келді. Бала кезінен таныс ашқылтым иіс. Иіскеген сайын жанына жағып барады. Енді бір сәт ол бірер тал жусанды жұлып алып аузына салды. Асықпай шайнап, жусанның сөлін жұтты. Сәл ашқылтым, кермек дәм көкірегін шайдай ашты. Сол сәт жолсоқты боп ұйыған аяқ-қолының құрыс-тұрысы жазылып жүре берді. Бойына тың күш біткен Нұрдәулет орнынан сергек тұрды. Құлындай құлдырып, айналаға ғашық көзбен қарады» [165, 5-6 бб].
Қазақтың ұлттық ділінің даласының отарлануы, жат жерліктердің иелігіне түсуі – XX ғасырдың басында айрықша өрістегені, нығая түскені мәлім. Қазақстан тарихының зерттеулері деректерімен дәйектеп айтқанда:
«XIX ғ. басында Қазақстанның негізгі территориясы алты облыстан тұрады: Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-губернаторлығының (орталығы Ташкент қ.), ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары – Дала генерал-губернаторлығының құрамына кірді. Ішкі (Бөкей) Орданың территориясы Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына қарады.
1897 ж. Бүкілресейлік Халық санағының мәліметтері бойынша өлкенің қазіргі шекарасы шебіндегі территориясында 4147,8 мың адам тұрды, мұның 3392,7 мыңы немесе 81,7 проценті қазақтар болды. 1914 ж. қарай өлке халқының жалпы саны 5910,0 мың адамға жетті. Солардың 3845,2 мыңы немесе 65,1 проценті қазақтар еді. Өлке халқының өсімі өзге жағдайлардан басқа, негізінен алғанда, әсіресе, столыпиндік аграрлық реформадан кейін Ресейден Ақмола, Жетісу және Торғай облыстарына жаппай ағылып келген қоныс аударушылар есебінен көбейген. XX ғ. басында өлке халқы бұрынғыдан да көп ұлтты бола түсті» [109, 275 б]. Бұл – уақыт шындығы.
Көркем шығарманың поэтикалық заңдылығы аясында осындай уақыт шындығын ұлттық діл иесі Қыран тектес ата-баба рухының сілкінуімен, тітіркенген тұрпатты қозғалыстарын суреттеген ойлармен жеткізген. Кең аспан мен шалқар дала кеңістігін тұтастай жанарына сыйғыза қалықтап ұшып жүрген қыранның тұрпаты да, оның жан әлеміндегі құбылыстар да лирикалық-психологиялық күрделі болмысымен бейнеленген.
Романның алғашқы тарауларындағы осы Ақбас бүркіттің мазасызданған көңіл-күйін баяндау арқылы кезең шындығы, қазақ даласының хал-ахуалы көрсетілген. Ақбас бүркітті өте қатты мазасыздандырған, күйзелткен көріністер (қарашекпенді орыс мұжықтарының шұбырып келіп қоныстағаны, даладағы қоныстардың қаңырап қалғаны, төрт түліктің, аң-құстардың сирегені, т.б.) адамдарды да, қыранды да жабықтырады. Ақбас бүркіттің жүрегіндегі Ұлы Даланың бұрынғы сәнін ойлаған сағынышы да, атамекендерінен айырылған қазақтарға деген аянышы да, қазақ тұлпарларының орнына келген «жылқыдан гөрі есекке көбірек ұқсайтын төртбақ мәстек аттарын, жайлаудағы қой орнына қорсылдаған шошқаны көргенде» [165, 7 б] тұтанған ашуы да, саңқ еткен дауысы да ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ үніндей сезіледі.
Жазушының уақыт шындығына деген қазақ ұрпақтары санасындағы ұлттық рух сілкінісін осы Ақбас бүркіттің ішкі монологы арқылы бергені романтикалық сарындылығымен оқылады:
«Қайран ақкөңіл, аңқау қазағым-ай, – деп ойлады Ақбас бүркіт – жеріңді мылтықсыз жаулап жатса да қашанғы жайбасарлығыңнан танбай жайбарақат жүрсің. Көлден шөлге осылай ығыса берсең арты не боларын ойладың ба: жер азып, табиғат тоза бастаса да байырғы қалың ұйқыдан оянар түрің жоқ. Туған жер біздің анамыз, табиғат біздің панамыз емес пе? Тіршілік иесі анасы мен панасын көзінің қарашығындай сақтамас па, жанын сала қорғамас па? Анасы мен панасынан айрылған тіршілік иесі тірі жетім емес пе? Жан біткеннен ақылы асқан адамдар осыны неге ойламайды? Атам заманнан бергі атамекеніміз көлден шөлге, гүлден күлге айналмасын десеңдер – Табиғат-Анаға тағылықпен қарауды, Аллатағала жомарттықпен сыйлаған жаратылыс байлығын тонауды тоқтатыңдар. Мына жарық дүниеде артық жаратылған ештеңе жоқ. Табиғаттың тірегі – тепе-теңдік пен үйлесім. Бұл дүниеде ештеңе ізсіз кетпейді. Судың да сұрауы бар» [165, 6-7 бб].
«Ұйық» романының идеялық бағдары да XX ғасыр басындағы қазақтың ұлттық рух оянысын, уақыт шындығын қыран тұлғалас қайраткерлердің сілкінген іс-әрекеттері арқылы аңғарту. Романның бөлімдеріндегі басты кейіпкерлердің (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нұрдәулет Бабаханов, т.б.) ұлт тағдыры жолындағы күрескерлік-қайраткерлік қызметтері роман композициясына желі болып тартылған асқақ лирикалық-психологиялық сарындылығы әсерлі поэтикалық тартымдылықпен танытылады.
Романның идеялық-композициялық желісінде жат ықпалдар қанша құрсауласа да негізділігін сақтаған, жоғалмаған қазақ рухының мықтылығы ұлттық-этнографиялық бейнелеулер арқылы дәлелденген. Әсіресе, қазақтың қонақжайлылығы, киіз үйдің сәнді құрылысының сақталуы, төрт түлік малды баққан шаруақорлығы, туыстық-ағайындық байланыстардың нығая түсуі – бәрі де уақыт шындығы екендігі қамтылған. Қазақ даласына Ақпан Қазан төңкерістерінің зардаптары қанша әсер етсе де, бәрібір ұлттык ділдің түпкі негіздерін біржолата өшіре алмағандығын шығарма желісіндегі кейіпкерлер, әлеуметтік орта жағдайлары арқылы аңғартқан. Әсіресе, казақтың ататектік-әулеттік шежіресін, жыраулық-ақындық дәстүрлерін жоғалтпаған қасиеттерін саралап, танытатын эпизодтар мол. Роман желісінде Асан Қайғының, Шалкиіздың, Сүйінбайдың, т.б. ақын-жыраулардың жырларынан қуаттанған халық ортасы суреттелген. Ең бастысы – қазақ рухының қуаттылығын дәлелдейтін қасиетті туған жерінен, атамекенінен мәңгі ажырамайтын тұрақтылығын танытатын мінез-құлық тағылымы айрықша айқын бейнеленген.
Қорыта айтқанда, жазушы С. Досановтың «Ұйық» романында қазақ тарихының отарлық бұғауда болған кезеңдерінің шындығы көркем прозаның эпикалық кеңістігі аясында қамтылған. Қаламгердің көркемдік шешімімен адам мен табиғаттағы басқа да тіршілік иелерінің, құбылыстардың үндес, тектес қасиеттері егізделе баламаланған. Шығарманың идеялық-композициялық желісіндегі тарихи оқиғалар, қайраткерлер қызметтері арқылы қазақтың ұлттық рух негіздерінің мәңгі сақталған, болашаққа ұласатын қуаттылығы дәлелденген.
Қазақ сөз өнері тарихындағы прозалық шығармалар жазу үрдісі кенжелеп пайда болды, бірақ XX ғасырдың басынан аяғына дейін казіргі XXI ғасырдың бас кезінде де аса мол өнімділікпен, шапшаңдықпен дамыған екпінімен келеді. Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінен бастау алып, Міржақып Дулатовтың «Бакытсыз Жамалынан», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегінен», «Қартқожасынан», Спандияр Көбеевтің «Қалың малынан», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуынан» іргетасы қаланған прозалық романдар кейінгі дамуға жол ашты.
XX ғасырдың қазақ романистикасы тарихында Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Сәбит Мұқановтың, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің, Хамза Есенжановтың, Саттар Ерубаевтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Тахауи Ахтановтың, Зейін Шашкиннің және бұларға ілесе, толассыз жарық көрген қазақ қаламгерлері романдары - эпостық әдеби жанрының әлем әдебиеттерінде мол өркендеген үлгілерінің қазақ сөз өнері кеңістігінде де кеңінен дамығандығын дәлелдеді. Бұл орайда, әлем әдебиеттеріндегі жазушылардың (Томас Монн, Фолкнер, Гашек, Хемингуей, Мартен дю Гар, Грэм Грин, т.б.) сан алуан сипатты роман жанрындағы шығармаларды туындатқанына баға берген академик З. Қабдоловтың ғылыми тұжырымына назар аударамыз:
«Романның осындай кемелденген кезіндегі басты такырыптары – адам мен қоғам өміріндегі арналы шындықтар, күрделі құбылыстар мен кесек оқиғалар; шығарма мазмұнына аркау боп тартылар өзекті мәселе-халық тағдыры. Мазмұндағы мұндай салиқалы бітім мазмұнды пішіндегі жан-жақтылыққа әкелді: авторлық баяндау мен суреттеу, қаһармандардың монологтары мен диалогтары, әр түрлі тәсілді мүсіндеу мен мінездеу, жинақтау мен даралау, сөздегі сурет пен психологиялық дәлел, биік парасатты пафос пен терең философиялық толғам бәрі бірімен, бірі бәрімен ұштаса ұласа келіп, романның бұрынғы-соңды болмаған үлгілерін туғызды да, тың мүмкіндіктерге жол ашты. Мұның өзі жанрдың жаксы дәстүрін белгіледі» [75, 316 б].
Ал, академик С. С. Қирабаев қазақ прозасындағы роман жанрындағы шығармалар туралы монографияларында да, арнайы жазылған мақалаларында да үнемі бағалаумен келеді. «Жаңа ізденістер» (1980), Қазақ романының жаңа табысы «Үркер» романы (1980), «Ғабит романдары рухани мәдениеттің озык үлгісі» (2002), т.б. мақалалары мен басқа да еңбектерінде қазіргі қазақ романдары поэтикасы хақында методологиялық мәні бар ғылыми тұжырымдарын үнемі жазып келеді. Академик-зерттеуші қазақ романтикасындағы психологиялық роман жанрының негізін қалаған Жүсіпбек Аймауытов прозасындағы суреткерлік стиль өрнектерінің жанжүйелік-эстетикалық болмысын айқындайтын ғылыми тұжырымдарын жасады:
«Жүсіпбектің «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы» сияқты көлемді прозалық туындыларының кейіпкерлері – әлеуметтік арпалыстар кезінде тулаған толқынның үстінде өзіне жол тауып, жаңа өмірді жасауға ұмтылған жаңа қаһармандардың алғашкы үлгілері. ... Бұл романдарында ол тарихтың ең бір кезеңді, шытырман оқиғаларға толы тұстарындағы қазақ ауылы өмірінің шындығын жұмсартпай, өзіне тән бар олпы-солпысымен, ізденісімен шынайы суреттейді. Автор кейіпкерлерін бірден күрескер етіп жібермей, өмір талқысына салып, олардың шындықты тануының нанымды жағын көрсетеді. ... Ол адамға тән әлсіздікті, кейде шарасыздықты, өмірдің қатал соққысына ұшыраған тағдырлардың сырын бүркемелемейді, солардың бәрінен өткен қаһарманның өзінің шынайы бейнесінен айрылмай, адамдық мінез-құлқын, ұстанған бағытын, өмірге деген құштарлығын сақтап қалғанын бейнелейді... Жүсіпбек романдары – қазақ әдебиетіндегі осы жанрдың тұңғыш үлгілері» [88, 143-144 бб].
Қазақ әдебиеттануы ғылымындағы әдеби даму үдерісі, жанрлар поэтикасы мәселелерін қарастыруда ұстаз-ғалымдардың осы пікірлерінің аясында қазіргі казақ романдарына тән эпикалық және психологиялық сипат ерекшеліктерін айқындауға бағдар түзейміз.
XX ғасырдың 80–90-жылдары және XXI ғасырдың бас кезінде жазылған қазақ романдарының мазмұны мен пішінін құрайтын поэтикалық мәселелердің күрделілігі анық. Мысалы, 1986 жылғы Желтоксан ұлттық-азаттық көтерілісіне арналған прозалық романдардың эпикалық, психологиялық ерекшеліктерінен тарихи шындық пен көркемдік шешім саралана көрінеді.
Жазушы Бекежан Тілегеновтің «1986 жыл», Дүкенбай Досжановтың «Алаң», Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы», Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы» романдары роман жанрының мол мүмкіндігін пайдалана отырып жазылған туындылар. Аталған романдар композициясында тарихилық, психологиялық, публицистикалық, философиялық сипаттардың тоғыса тұтастана колданылу тәсілдері мол пайдаланылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет