Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет12/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Он екінші тарау
Бір күні кешке таман Мартин сонет жазамын деп əуреленіп, көптен
көкейінде жүрген сұлу сағымдай образдарды қағазға түсіре алмай қара тер
боп жатқанда, біреу телефонға шақырды.
— Сені бір дама шақырады. Сірə да, дауысына қарағанда, нағыз дама
сияқты,— деп мистер Хиггинботам кекете келді.
Мартин телефон тұрған бұрышқа барып, трубкадан Руфьтің даусын
естігенде, өнебойын жалын шарпып өткендей болды. Сонетпен əбігерленем
деп, бұл дүниеде Руфьтің барын да ұмытып кеткен екен. Таныс дауыс
найзағайдың отындай аза бойын тітіретіп əкетті. Шіркін, неткен дауыс!
Алыстан талып жеткен шырын музыкадай, күміс қоңыраулардың
сыңғырындай естіледі. Жо-жоқ! Кəдімгі қарапайым əйел дауысы мұндай
болуы мүмкін емес. Бұл дүниеде кездеспейтін пейіштің əуезі. Есеңгіреген
Мартин Руфьтің не айтқанын ұққан жоқ. Бірақ қаптесердің көзіндей
жылтылдаған мистер Хиггинботамның көздері ту сыртынан өтіп бара
жатқанын сезді де, сыр бермеуге тырысты.
Руфьтің алып-жұлып бара жатқан шаруасы жоқ боп шықты. Тек сол
күні кешке Норман екеуі көпшілік лекцияға бармақ болған екен.
Норманның басының сақинасы ұстап қалыпты. Билет алынып қойған екен.
Сондықтан, қолы бос болса, Мартин бірге бармас па екен, соны білейін,
деп телефон соққан екен.
Пəлі, қолы бос болса дегені несі! Мартин дір-дір еткен дауысын əрең
биледі. Сенер-сенбесін де білмейді! Бұған дейін Руфьті үйінде ғана көріп,
басқа жаққа бұра тартуға бата алмай жүретұғын. Телефон трубкасын ұстап
тұрып, ол қыз үшін өліп кетуге əзір екенін түсінді, қиялында ғашығы үшін
ғазиз басын құрбан еткен ерлердің бейнесі елестеді. Қызды жан-тəнімен
жақсы көретіні, оған үмітсіз ғашық екені сонша. Руфь өзімен, Мартин
Иденмен лекцияға бірге барғысы келеді, бір ғана осы ойдан есінен тана
жаздады. Сол арада өліп кеткісі келді. Енді қайтсын! Іңкəрлігіне,
риясыздығына мұнан артық не дəлел керек?! Бұл — сүйгенінен өзге
дүниені тəрк еткен əрбір шын ғашыққа таныс сезім. Осы бір алапат сезім


Мартинді де, телефонмен аз ғана сөйлескенде от құйындай үйіріп əкеткен.
Мартин қыз үшін қыршынымнан қиылып кетсем нағыз жігітке лайықты
өмір сүргенім, шын ғашық екенімді көрсеткенім деп ойлады. Жасы жиырма
бірге жаңа келген, өмірінде бірінші рет ғашық болған жігіт емес пе!
Жүйкесі құрып, есеңгіреп қалған Мартин трубканы қалт-құлт етіп əрең
ілді. Дүниенің кірі мен күнəсінен пəк періштедей көзі жайнап, жүзі
нұрланып кетті.
- Қаға берісте табысатын болды ма, ə?— деп қағытты кекесін зəрмен
жездесі.— Мұның аяғы немен тынатынын білемісің? Полиция тырнағына
ілігіп кетесің.
Көңілі аспанда жүрген Мартин тұғырына тез қона қойған жоқ.
Жездесінің жексұрын тұспалы да əсер етпеді. Ой-ниеті ұсақ, кикілжің
сөзден тым жоғары. Сұлу қиялдың құшағында тұрған Мартии жездесі
сықылды бишараға тек тəңірідей аяушылық етпесе, өзге ишарат көрсете
алмақ емес. Ол мистер Хиггинботамды елеген жоқ. Киімін ауыстырып
кимекке дел-сал күйде, теңселе басып, бөлмеден шығып кетті. Кейін айна
алдында галстугін байлап тұрғанда, санасына əлдебір беймаза сыпсың
келіп жеткен. Сөйтсе ол жаңағы Бернард Хиггинботамның қаңқу сөзі екен.
Морздардың үйінен шығып, Руфь екеуі баспалдақпен төмен түсіп келе
жатқанда, Мартин қатты қобалжыды, енді өзімді қалай ұстауым керек деген
ой келді. Қызбен аралас адамдардың көшеге шыққанда дамасының
қолтығынан сүйеп жүретінін талай көрген. Бірақ, олар үнемі өйтпеуші еді.
Əлде кешке ғана қолтықтасып жүру дəстүр ме немесе ерлі-зайыпты
адамдар, бір туған ағасы мен қарындасы ғана қолтықтасып жүре ме екен —
осының анығын біле алмай дал.
Баспалдақтың ең соңғы басқышына табаны тие бергенде есіне Минни
түсе кетті. Ол барынша əсемпаз да жорашыл жан еді. Бір күні екеуі екінші
рет жолыққанда Мартинге: «Сіз тротуардың ішкі жағымен неге жүресіз,
нағыз джентльмен дамасымен серуенге шыққанда, сырт жағымен жүрер
болар»— дегені бар-ды. Сонан кейін, Минни екеуі көшенің екінші бетіне
шыға қалса, тротуардың сырт жағымен жүруді есіне салу үшін əрдайым
аяғымен Мартинді бақайдан қағып қалатынды шығарды. Бірақ, оның бұл
өнерді қайдан үйреніп жүргенін жəне дегдарлар арасында да осылай ма,
жоқ па, онысын анық біле алмады.


Ақыр соңында Мартин осынан келетін бəле жоқ шығар деп, көшеге
шыққасын, Руфьті ілгері өткізіп жіберді де, өзі тротуардың сырт жағынан
келіп, қатарласа кетті. Ендігі күмəні: қызға қол ұсыну керек пе, жоқ па?
Бұған дейін қызға қол ұсынып көрген емес. Бұрын өзі араласып жүрген
қыздар жігітпен қолтықтасу дегенді білмейтін. Алғашында, жаңа танысып
жүрген шақта, қыз жай қатарласып жүрер еді де, кейінірек қараңғы
көшелердің бойымен ғана қыдырып, басын жігітінің иығына сүйеп, ал
жігіті оның мықынына бір қолын орай салар еді. Бұл күнде жағдай
өзгерген. Руфь ол қыздардың теңі емес. Сондықтан Мартин не қыларын
білмеді.
Бір кезде оған əншейін, əдет бойынша, абайламай істеген адам болып,
оң шынтағымды бүге қояйын деген ой келді. Сұмдық-ай, сол сəтте қыз
білегі де қолына орала кеткен. Тəн лəззəті тұла бойын шымырлатып, қас
пен көздің арасында арқасына қос қанат біткендей, екі табаны жерден
көтеріліп, ауада қалықтап бара жатқандай көрінді. Бірақ, киліге кеткен тағы
бір шатақ көңілін су сепкендей басты. Осы мезетте екеуі көшенің арғы
бетіне өтті де, Мартинге тротуардың сыртқы жағымен емес, ішкі жағымен
жүруге тура келді. Енді қайтпек керек? Қыздан қолын босатып алып,
екінші жағына шыққан жөн бе? Ал, көшені тағы бір кесіп өтуге тура келсе
қайтеді? Үшінші ретте ше? Қой, мұның шатағы мол екен, асылы секектей
бергенім дұрыс болмас деп түйді Мартин. Бірақ, күдігі тараған жоқ.
Сондықтан, тротуардың ішкі жағымен жүріп келе жатып, əлденені өзектеп
айта берді. Ондағысы қыз: «Қызу əңгімеге айналып, абайламай келеді ғой»,
деп ойласын деген қулығы еді.
Бродвейде Мартинге тағы бір сын тап болды. Көше панарының
жарығымен Лиззи Коноллиді көзі шалып қалды. Ол əлгі күлегеш қызбен
келе жатыр екен. Сəл тоқырап қалған Мартин жалма-жан қалпағын көтеріп,
басын иді оған. Өз теңдесін, əлбетте, құбыжық көруге тиіс емес қой. Оның
үстіне əдейі Лиззи Коноллиге арнап бас иген жоқ ол. Қыз да сұлу көздерін
ойнақшыта қарап, тəжім етті. Көздері Руфьтің ақ жарқын мөлдір көзіне
мүлде ұсамайды. Лиззи Руфьке де сынай қарады. Сірə, сырт формасы мен
киімінен кім екенін топшылаған тəрізді. Мартин Руфьтің де көгершіндей
көз тастағанын сезді, бұл да жас жұмысшы қыздардың сəн көретін
əсемсымақ арзанқол киімі мен əлеміш қалпағын сынап үлгірген сияқты.
– Неткен сұлу қыз,— деді Руфь бір минуттан кейін.


Мартин бұл сөзге ішінен өте риза болғанымен:
— Қайдам, əркімнің пікірі əртүрлі ғой; маған онша сұлу сияқты
көрінбейді,— дей салды.
— Ол не дегеніңіз! Келбеті келген сымбатты əйел мыңнан біреу ғана
болады. Ал жаңағы қыздың бет əлпетін асыл тастан ойып жасағандай екен.
Көзі қандай!
– Солай ма,— дей салды Мартин, өйткені, ол үшін бұл дүниеде бір ғана
сұлу бар. Ол — өзінің қолына сал білегін арта салып, жанында келе жатқан
Руфь.
— Егер мына қызды əсем киіндірсе, тəрбиелесе, құдай ақына, еркек
атаулының бəрін, тіпті, өзіңізді де, мистер Иден, дуалап əкетер еді.
— Алдымен адам сияқты дұрыс сөйлеп үйренсін де, əйтпесе, көп еркек
оның не айтқанын да түсінбейтін шығар. Аузы үйренген сөздерін айта
бастаса, олардың тең жарысын өзіңіз де түсіне алмас едіңіз.
— Қойыңызшы! Сіз де біздің Артур сықылды бірдеңені бастасаңыз,
өзектеп қоймайды екенсіз.
— Сізбен алғаш рет кезіккенде менің қалай сөйлескенім есіңізде ме?
Қазір өзгердім ғой. Ол кезде мен де осы қыздың сыңары едім. Сонан бері
əжептəуір тілге төселіп қалыппын. Енді сізге сонау қыздың сөзі түсініксіз
екенін түсінікті тілмен айтып бере алам. Сіз оның бойы-басын билей
алмайтынын байқапсыз. Осының себебін білесіз бе? Қазір мен бұрын
қаперіме келмейтін жəйттерді ақыл таразысына сала бастадым. Көп нəрсені
аңғаратын болдым.
— Бəсе, онысы несі?
— Оның фабрикада істегеніне біраз жыл болды. Жас адамның денесі
өрімталдай бұраң келеді. Ауыр еңбектің тезіне түскен жас дене бара-бара
белгілі жұмысқа бейімделіп кетеді. Мен көшеде бір көрген жұмысшының
кім болып істейтінін айна-қатесіз айтып бере алам. Менің өзімді алып
қараңыз. Мен жүргенде теңселіп, аяғымды ырғаң-ырғаң басамын. Неге?
Себебі, мен теңізде көп жүздім. Теңізші болмай, ковбой болсам,
ырғаңдамас едім, оның есесіне аяғым қисық, қамыт аяқ болар едім. Жаңағы


қыз да солай. Сіз оның, не десем екен, иə, кісіге тым тіке, қату қарайтынын
байқадыңыз ба? Ол ешуақытта ешкімнің қанатының аясында өспеген, өмір
ызғарының өтінде өскен жан. Өмір бойы өз қамын өзі ойлауға тиісті қыз
баланың көзі де онша мейірлі, ұяң бола бермейді, мысалы... сіздің
көздеріңіз сияқты.
— Мүмкін, бұл сөзіңіз рас та шығар,— деді Руфь ақырын.— Обал-ай,
адамның көзі қимастай тым сұлу бала ғой өзі...
Жалт қараған Мартин қыз көзінен елжіреген аяныш белгісін байқады.
Ойына мен саған ғашықпын, Руфьжан, сені сүю, сенімен бірге жүру, қол
ұстасып, лекцияға бару — басыма орнаған зор бақыт, деген тəубе келді.
«Сен өзің кімсің, Мартин Иден?—деді ол сол күннің кешінде үйіне
келгесін, айнадағы өзінің сəулесіне ұзақ таңырқай қарап.— Кімсің сен,
несің? Өз орныңның қайда екенін білемісің? Сенің орның Лиззи Конолли
құрылыптас қыздардың қасында. Миллиондаған еңбек адамының
ортасында — сондай сұмпайы, дөрекі, сиықсыз жер ғой сенің орның. Сенің
орның кəдімгі сиыр қорасы, ат қорасы, кір мен көң арасы. Көгеріп,
базданып кеткен бір шіріктің иісін мұрның сезе ме? Ол шіріген картоптың
иісі. Танауыңа талайдан таныс нəрсе, шайтан алғыр, кəне тамсанып тұрып,
иіскемейсің бе?! Сен əлі шамаңа қарамай кітап бетіне қараған боласың.
Марғау тартып, сазды күйдің сұлу əуенін тыңдағың келеді, тамаша
суреттерден де дəмең жоқ емес, тіл ұстартам деп тыраштанып та қоясың,
өзің сықылды сөлекет сыбайластарыңның ешқайсысы ойламаған дүниені
бір мен ойласам екен дейсің, Лиззи Коноллиден ат-тоныңды ала қашып,
сонау шырқау биікте, жұлдыздар арасында жымыңдаған қас сұлуға ғашық
болмақсың! Сен кім едің соншама, сорлы! Аңсаған арманыңа жете
алармысың?»
Айнадағы бейнесіне жұдырығын бір көрсетті де керует шетіне отыра
кетіп, көздерін алайтып, түк көрместен, қабырғаға қадалып қарады да
қалды. Аздан кейін дəптерін, алгебра оқулығын алып, квадрат теңдеулеріне
үңіліп кетті. Үнсіз-түнсіз талай мезгіл өтті, аспандағы жұлдыздар да бірте-
бірте сөнді, терезенің ар жағынан сібірлеп таң да қылаң берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет