Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет39/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Отыз тоғызыншы тарау
Келесі күні таңертеңгі кофе үстінде Мартин дағдылы əдеті бойышна
газет оқып отырған. Өмірінде тұңғыш рет газеттің бірінші бетінен, ірі
əріппен жазылған өзінің ат-есімі көзіне жарқ ете түсті. Оқыса, Мартин
Иден Оклендтегі социалистердің көрнекті көсемі деп жазып қойыпты.
Қайран қалды. Жас хабаршы жазған өзінің жалынды сөзін көзімен тез
шолып өтті де арсыз неменің қайдағы жоқты ойдан шығарып, сырттан
телігеніне қатты ашуланды. Бірақ бітегенеден кейін күліп, газетті лақтырып
жіберді.
— Мынаны не мас болып отырып жазған немесе қасақана қастық
ниетпен жазған,— деді Мартин, түстен кейін шаршап-шалдығып, əзер
жетіп, Мартиннің жалғыз орындығына жаңа ғана отыра берген
Бриссенденге. Өзі əдеті бойынша керуетінде отырған.
— Бəрібір емес пе?—деді Бриссенден.— Газет оқитын буржуазия
доңыздарының пікіріне шынымен-ақ мəн бергеніңіз бе?
Мартин сəл ойланды.
— Əрине, оларда менің ешқандай шаруам жоқ. Тек Руфьтің семьясымен
арамыз бұзылып кете ме деп қорқамын, Руфьтің əкесі мені социалист
дегенге əбден нанып кетулі. Мына шатпақ соның сөзін расқа шығарып
отыр. Мейлі, айта берсін, айылымды да жимаймын. Дегенмен... Əй,
құрсыншы, бəрібір емес пе? Онан да сізге бүгінгі жазғандарымды оқып
берейін. Баяғы «Кешіккен» ғой. Жартысынан көбін бітірдім.
Мартин оқи бергенде Мария есік ашып, бөлмеге тəуір киінген бір жас
жігітті енгізді. Ол кіре сала жан-жағына қаранып, керосинка мен ас құятын
жəшікке сəл көз тоқтатты да Мартинге қарай бұрылды.
— Отырыңыз! — деді Бриссенден.
Мартин қонаққа ығысып орын беріп, сұраулы кескінмен бетіне қарады.


— Кейінгі жиында сөйлеген сөзіңізді естіген едім, мистер Иден,— деді
жігіт жайғасып отырғаннан кейін.— Енді өзім іздеп тілдеспекке келіп
отырмын.
Бриссенден қарқылдап күлді.
— Социалисті-ежеттесіңіз емес пе мынау?—деді хабаршы
Бриссенденге бір қарап, ішінен: осы тірі өлікті суреттеп берсем, елге əсері
қандай болар еді, деп қойды.
— Мына мақаланы жазған осы бала шығар-ау,— деді Мартин ойланып.
— Өзін сілейтіп тұрып сойып жіберсеңіз қайтеді, — деді Бриссенден.—
Қазір өкпеме бес минутке саулық берген кісіге бір мың доллар төлер едім.
Жас журналист көзін бақырайтып қойып, мына екеуінің əлдене айтып
отырғанына абыржып қалды. Бірақ социалистер митингісі турасында
газетке жақсы мақала жазып бергені үшін ол редактордан жаңа ғана мақтау
естіп, қазіргі қоғам тəртібіне қарсы ұйымдасқан жаулардың көсемі Мартин
Иденмен ауызба-ауыз сөйлес деген тапсырыс алған.
— Əуелі суретіңізді түсіріп алуға қарсылығыңыз жоқ па?—деді ол.—
Фотограф ала келіп ем, тездету керек деп тұр ол. Күн батып барады ғой.
Артынан əңгімелесе жатар едік.
— Е-е, фотограф деңіз?—деді Бриссенден даусын созып. Не күтіп
отырсыз, Мартин? Сабап-сабап жіберсеңізші мына немені!
— Қартайып барамын ғой деймін, сірə,— деді Мартин.— Сабап
жіберуім керек екенін біліп отырмын-ау, зауқым жоқ соған. Не керегі бар,
не үшін?
— Сорлы шешесінің ана хақы үшін,— деді Бриссенден.
— Міне, осы дəлеліңіз орынды. Бірақ маған бұл да əсер ететін емес.
Зауқым жоқ. Біреуді ұру үшін күш жұмсау керек. Күштеніп жатам ба соған?
— Рас айтасыз, керегі жоқ,— деді қуанып хабаршы, əйтсе де есік жаққа
көз қиығын бір тастап қойды.


— Əрине, жазғандарының ішінде бір ауыз шын сөз жоқ,— деді Мартин
Бриссенденге қарап.
— Тəйір-ай, жалпылама жаза салған нəрсе ғой...— деп жігіт өзінше
жағдайын жеңілдетпек болды.— Бір жағынан, сізге бұл жап-жақсы реклама
ғой... Өзіңіз айтыңызшы, солай емес пе?
— Есіңізде болсын, Мартин, бұл сіз үшін реклама!—деді Бриссенден.
— Иə, иə!.. Онысы рас.
— Мистер Иден, туған жеріңізді білуге бола ма?— деді хабаршы бар
ықыласымен тыңдауға əзір адамша Мартинге мөлие қарап.
— Байқайсыз ба, ештеме жазып отырған жоқ,— деді Бриссенден
қосарланып,— жадына тоқып отыр.
— Мен ылғи өстемін.— Жігіт сасып отырғанын сездіргісі келмеді.—
Тəжірибелі хабаршы жазбайды ғой, тыңдайды.
— Бəсе, сондай жігіт екеніңізді көріп отырмыз... кешегі мақалаңыздан.
Бриссенден зұлымдыққа зорлық жасама дейтін идеяны қолдамауынан
дауысын кенет өзгертіп, қатуланып:
— Мартин! Мынаны сіз сабамасаңыз, мен-ақ сабайын! Өлсем де бір
ұрып өлейін!— деді.
— Шапалақ берсек те жетпей ме?—деді Мартин.
Бриссенден сəл ойланып, басын изеді.
Сол сəтте хабаршы Мартиннің тізесіне етпетінен жалп ете түскен.
— Тістеуші болма,— деп ескертіп қойды Мартин.— Əсем тұмсығыңды
быт-шыт қылсам, обал болар.
Оң қолымен хабаршыны шапалақпен шықпырта бастады ол. Жігіт баж-
баж етіп, тыпырлап, балағаттап жатса да тістеген жоқ. Бриссенден
жайымен қарап отыр. Бір шақта шыдай алмай ол да бос бөтелкені ала


ұмтылды.
— Кəне, мен де ұрайыншы!
— Мен шаршадым, қолым салдырап қалды,— деді де Мартин
хабаршыны желкесінен бүріп алып, сілкіп-сілкіп, орнына отырғызды.
— Айтамын полицияға! Қаматтырамын!— Ызаланған жігіттің көз жасы
оттай жанған бетіне сорғалады.— Жауапқа тартқызамын. Көрерсіңдер!
— Мəссаған безгелдек, мынау тайғанақ жолға түскенін əлі түсінбепті
ғой,— деді Мартин.— Өзіңдей адам баласына опасыздық жасау еркекке
жараспайтын əдепсіз, оңбаған, оғаш қылық екенін мұғайым түсінбеген.
— Соның үшін де түлен түртіп сізге келген ғой,— деді Бриссенден.
— Маған əуелі жабар жаласын жауып, масқара қылып келіп отыр емес
пе. Дүкенші енді маған несиеге тіріде азық берер ме? Ең жаманы мынау
сорлы бала өзі түскен теріс жолдан шыға алмай осы бетімен кетіп, ақыры,
бір күні маңдай алды журналист, аты шулы сұмырай болып шығады ғой.
— Уақыт бар əлі тəрбиелейтін,— деді Бриссенден.— Мүмкін бұл
шіркінді дұрыс жолға енді өзіңіз саларсыз.
— Əттеген-ай, тым болмаса бір ұрғызбадыңыз-ау. Игілікке менің де
үлес қосуым керек еді!
— Екеуіңді де абақтыға жаптырам!—деді кемсеңдеп адасқан ұл.— Мə-
мə-мəлғұндар!
— Беті жылтыраған неме ғой,— деді Мартин басын шайқап,— еңбегім
зая кететін шығар. Бұл жігітті жөнге салу мүмкін емес. Көрерсіз, түбінде
қаламы жүйрік журналист болып шығады. Ұяттан безген, арсыздықпен-ақ
алға түсіп алар.
Осы кезде жігіт орнынан атып тұрып, қолындағы бөтелкесін əлі
тастамай, шоқырайып отырған Бриссенденге сескене қарап, бөлмеден шыға
жөнелді.
Келесі күні Мартин өзі туралы тағы бірсыпыра қызық жаңалық естіді.


«Иə, біз қоғам тəртібінің жауларымыз,— депті-міс ол баспасөз өкіліне,—
бірақ та анархист емеспіз! Социалиспіз!» Хабаршы бұл екі ағымның
арасында айырмашылық жоқ қой дегенде, Мартин басын изепті.
Журналистің байқауынша, Мартиннің бет-аузы омсырайып, азғындай
бастаған адам, əсіресе, мұны буылтық-буылтық болған қолдары мен
қанішер адамша кісіге тесіле қарайтын обыр көздерінен аңғаруға болады-
мыс.
Мартин мұнан кейін газеттен өзі жайлы мынадай жаңалықтар оқыды:
«Сити-Хол паркте ол күн сайын дерлік жұмысшы митингілерінде сөз
сөйлейді. Халықты азғырып жүрген анархистер мен үгітшілердің ішіндегі
ең өтімдісі жəне ең революцияшыл сөз айтушысы осы». Хабаршы мұнан
əрі Мартиннің үйшігін суреттеген, керосинка мен жалғыз орындығына
дейін қалдырмаған; жолдасын да келістіріпті: «Ол өлікке ұсаған, қаңғырып
жүрген кезбе, ұсқынын көре қалсаңыз, жиырма жыл түрмеде отырып,
жуырда ғана шыққан зəнталақ дер едіңіз»,— депті.
Жас хабаршы ширақтығын да көрсеткен. Мартин Иденнің күллі
семьясының тарихын біліп алған. Мистер Хиггинботамның дүкені мен
оның есігінің алдында тұрған мистер Бернард Хиггинботамның суретін
тауып алған. Аталмыш джентльменді өзі есебін жақсы білетін қадірмен
коммерсант, балдызының социалистік көзқарасына қосылмауы былай
тұрсын, қарасын көргісі келмейді екен деп жазыпты. Оның айтуына
қарағаида Мартин Иден еңбек етпейтін, жұмысқа қыры жоқ, жалқау адам,
талай рет жақсы орынға шақырғанда бармаған, əлбетте, ерте ме, кеш пе,
нағыз түрмеге түсетін адамның өзі депті. Герман фон Шмидтпен де
əңгімелескен. Ол Мартинді: «Семьядағы шіріген жұмыртқа», онымен туыс
ретінде ешқандай араласым жоқ»,— депті. «Менің желкеме мінгісі келген
еді, маңыма жолатпадым»,— деген Герман Фон Шмидт: «Самтырап осында
келе беретін еді, тыйып тастады. Ондай босқа сандалған адамнан қайыр
күтуге болмайды!»
Бұл жолы Мартин шын кейіді. Бриссенден осының бəрі кісі күлерлік
нəрсе ғой, көңіл бөлмей-ақ қойыңыз десе де Мартин ашуын баса алған жоқ.
Руфьпен түсінісу қиынға айналғанын білді. Ал қыздың əкесі болса, мынау
өрескел өтірікті пайдаланып, енді екеуінің арасын бұзуға тырысады.
Мартиннің өзі де күтіп жүрген жаманат ақыры алдынан шыққандай. Келесі
күні Руфьтен хат келді. Мартин бір сұмдықтың болғанын сезіп, қолма-қол
конвертті ашып жіберіп, оқи бастады, хат əкелген поштабайдың ашық


қалдырған есігін де жапқан жоқ.
Хатты оқып тұрып, Мартин ойланбастан, ескі əдеті бойынша, қалтасын
қайта-қайта қармалап, темекі, қағаз іздеді. Қалтасы көптен бері бос екенін,
тіпті не іздеп тұрғанын да сезген жоқ
Хат жазғанда Руфьтің сабыр сақтағаны байқалады. Ешқандай кейістік
білдірмеген. Бірақ хаты басынан аяғына дейін өкпе мен өкінішке толы.
Үмітімді ақтамадыңыз депті Руфь. Ғашық екеніміз рас еді, дөрекі, оғаш
мінезі түзелер, нəубет болса жарасып, ел қатарлы тұрмыс құрып кетерміз
деп ойлаушы едім. Енді əке-шешем берген уəдеңді бұз деп отыр. Сөздерін
дəлелсіз дей алмаймын. Бəрібір арамыз түзеліп, ақыры жақсы бола қоймас.
Əуел баста өзім қате жасағанмын, депті. Мартиннің бетіне салық қылған
бір ғана кінəсі жанына батты. «Қызметке орналасып, өмірден орныңызды
табу керек еді ғой!— деп жазыпты Руфь.— Бірақ бұл мүмкін емес. Сіз
ырду-дырду, бейберекет өмірге үйреніп кеткен адамсыз. Бұған кінəлі емес
екеніңізді білемін. Табиғатыңыз, тəрбиеңіз солай ғой. Сізді айыптап
отырғаным да жоқ, Мартин, бұл есіңізде болсын. Папам мен мамамның
айтқаны рас екен: екеуміз бір-бірімізге лайық емеспіз. Мұны іс насырға
шаппай тұрғанда білгеніміз үшін қуанайық... Жүздесемін деп үміт етпей-ақ
қойыңыз,— депті ол хаттың соңында,— екеумізге де, мамама да ол оңай
соқпас. Онсыз да мамам байғұсқа артқан ауыртпалығым аз емес, оның
алдында кінəмді кешіру үшін əлі көп уақыт керек болар».
Хатты Мартин аяғына шекте оқып шықты, жақсылап тағы бір рет
оқыды. Сонан кейін жауап жазуға отырды. Ол ең алдымен социалистік
митингіде сөйлеген сөзін толығымен келтіріп, газетті осыншама
арсыздыққа барып, өсек таратқаны үшін кіналады. Осының бəрі жала
екенін, шылғи өтірік екенін, өз басы ақ екенін айтумен басталған хаты
ғашықтық шерін шерткен тоқсан түрлі толғаумен аяқталды. «Маған қалай
да бір жауабын беріңіз, мені жақсы көресіз бе, жоқ па — осыны ғана
айтыңыз»,— деп бітірді хатын.
Күн өтті, тағы бір күн өтті, жауап келмеді. «Кешіккен» ашық қалған
күйі əлі жатыр. Қайтып оралған қолжазбаларға стол асты толды. Мартиннің
ұйқысы қашты. Бұл бұрын болмаған оқиға. Морздікіне үш рет барған,
үшеуінде де қызметші есігіне жолатқан жоқ. Бриссенден төсек тартып,
ауырып жатқан еді. Ара-тұра бара жүргенде, Мартин оған бұл қайғысын
айтпады.


Иə, Мартиннің қайғысы қалың. Хабаршының қитұрқысы күтпеген
жерде қырсық болып жабысты. Бақалшы-португал несиеге азық бермей
қойды, тегім асыл, мен американмын деп бөсе беретін көк сатушы
отанымызға опасыздық жасадың деп Мартиннің бересісін жазып жүрген
қағазын көзінше быт-шыт қылып жыртып, өзің де құры, ақшаң да құрысын
деді. Көршілері де күңкілдей бастады, күн-күн сайын өшіге беретін сыңайы
байқалды. Опасыз-социалист деп, ешкімнің араласар түрі жоқ. Мария
байғұсты да күдік пен күмəн азабы қинаулы. Бірақ Мартинге деген
адалдығынан айныған жоқ. Бір кезде Мартиннің үйіне келген сыйлы
қонақтарының, əсем тарантасының əсерін ұмыта бастаған көрші балалары
да оны көрсе, сыртынан «əй, жалқау», «сандалбай» деп айғайлайтын
болды. Беріспей жүрген тек Марияның балалары ғана. Мартиннің намысын
жыртып, қыран-жақпан болып, төбелесіп, бет-аузы жара-жара болып
келген балаларын көргенде Мария онан сайын ренжиді.
Бір күні көшеде Гертруданы кездестіріп, Мартин бұрыннан күтіп
жүрген бір жағдайды білді. Бернард Хиггинботам қатты ашуланып, Мартин
семьямызды масқара етті, енді үйіме жоламасын депті.
— Бір жаққа кете тұрсаң қайтер еді, Мартин,— деді Гертруда.— Тəуір
қызмет тауып ал. Мына у-шу басылғасын қайтып келер едің.
Мартин басын шайқады, бірақ лəм деген жоқ. Не деуге болады! Өзі мен
туыстары арасында өтпес ор жатыр. Онан енді өзі өте алмайды! Ницшешіл
адам ретінде социализм туралы пікірін Гертрудаға түсіндіріп жатса, күлкі
болар еді! Олай етерлік сөз де жоқ. Бəрінің білетіні: бір жақсы орын тауып
ал. Өзге сөз жоқ. Ойлары осынан озбайды. Орын тап! Қызметке кірсейші!
Бишара, топас, тобан аяқ құлдар, деп ойлады Мартин Гертруданың сөзін
тыңдап тұрып. Күштілердің бүкіл дүниені билеп-төстеуі тегін емес! Құлдар
құлшылықтан ұзап кете алмаған. «Қызмет» олар үшін табынатұғын пұт,
соның алдына жата қалып, жалбарына беру керек.
Гертруда ақша берейін деп еді, Мартин енді бірнеше күннен кейін
костюмін закылетке беретінін біле тұра, басын шайқады.
— Əзірше Бернардтың көзіне түспей тұр,— деді Гертруда.— Бірер ай
өтсін, ашуы тарқасын. Сонан кейін қолай көрсең оған көлікші болып
жалданарсың. Егер мен керек боп қалсам, кісі жібер, бара қоям ғой, білдің
бе?


Гертруда көзінен жас алып, бұрылып жүріп кетті. Əбден қалжыраған
апасының аяғын балп-балп басып, кетіп бара жатқанын көргенде,
Мартиннің жүрегі елжіреп сала берді де, ницшешілдіктің ғимрасы кенет
дір етіп, теңселе жөнелгендей болды. Құлдардың қайдағы бір берекесіз
қисыны туралы анау-мынау деу оңай болғанымен, оны өз туғаныңа қолдану
қиын екен. Асылы, əлдіден езгі көрген қорғансыз жан іздеген кісіге
Гертрудадан артық ешкім табыла қоймас. Бұл парадоксқа Мартин
тұнжырай күлді. Ет-жүрегінің дір еткен сайын пікірлеріңнен тая бастасаң,
ницшешілдігіңе болайын. Осы арада өзің де құлдардың мораліне жеңдіріп
тұрған жоқсың ба, апаңды аяуың да құлшылдық, бишаралық қылық емес
пе? Нағыз күшті адам кісіні аяудан, біреудің қайғысына ортақ болудан
жоғары тұруы керек. Мұндай ынжық сезім құлдар зынданында туған,
əлсіздер мен пақырлардың еншісіне тиген күйректік, деп ойлады Мартин.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет