Бесінші тарау
Келесі күні таңертең ұйқысынан оянып, мұрнына ащы сабын, қолаңсы
кір иісі келгенде, түнде көрген əдемі түстері ғайып болды. Құлағына ауыр
тұрмыстың қаңғыр-күңгірі келді. Бөлмесінен шыға бергенде апасының
шаптыққан дауысы мен шапалақтың шарт еткені естілді, сірə, апасы ашуын
басайын деп баласының біреуін салып қалған болу керек. Шар еткен
баланың дауысы құлағына түрпідей тиді. Бұл үйдегінің бəрі тіпті, дем
алатын ауасына дейін жексұрын да. Руфь үйінің тыныштығы мен
гармониясына мүлдем жанаспайды-ау! Ондағының бəрі рухани мархабат
дүниесі болса, мұндағының бəрі материялық, дөрекі материялық тіршілік.
— Бері кел, Альфред!—деді ол жылаған балаға қалтасынан ақша іздеп
жатып. Мартин іштар адам емес еді. Жиеніне жиырма бес центтік майда
ұстатты да, қолына алып, жұбатты.
— Ал енді шауып барып, мынаған өзіңе науат сатып əкел, аналарға да
берерсің, білдің бе? Бірақ, науаттың тез ерімейтінін ал.
Апасы кеспектен басын көтерді.
— Он цент те жететін еді ғой,— деді ол,— бірақ сен ақшаның қадірін
білемісің. Бала ес біле ме, көп жеп, күпті болмаса не қылсын.
— Оқасы жоқ, ақшам далаға кетпейді,— деді оған Мартин көңілді
үнмен.— Қайырлы таң, апа, қолың бос емес екен бетіңнен сүйейін деп
едім.
Мартин апасын аяп кетті; байғұс, қайырымды, ақ жүрек, адал жан еді
деп ойлады. Өзінше оның інісін жақсы көретіні рас, Мартиннің іші сезеді
де. Бірақ жылдар өткен сайын бұрынғы қалпы өзгеріп, қазымыр, ашушаң
болып кетуі рас. Оны мұндай халге жеткізген ауыр бейнет, көп семья,
күйеуінің қыңыр мінезі. Мартинге шіріген овощтың, кірдің, көп қолдан
өткен бақыр ақшаның иісі апасына сіңіп кеткендей көрінді.
— Бар, тамағыңды ішсейші,— деді Гертруда інісіне іші жақсы көріп
тұрса да сырттай қаталсынып; дүние кезіп кеткен аға-інілерінің ішіндегі ең
жақсы көретіні де осы Мартин-ді.
— Жарайды, бері кел, маңдайыңнан иіскейін,— деді апасы əлдеқалай
ықыласы түсіп.
Ол сабынның көбігін əуелі бір қолынан, сонан кейін екінші қолынан
сиырып түсірді. Мартин апасының ауыр денесіне қол артып, тершіген
дымқыл ернінен өпті. Гертруда көзіне жас алды. Бұл жүрегі жібігеннен де
емес, үнемі ауыр мехнат шегіп, қалжырағандығынан да болар. Гертруда
итеріп жібергенімен, Мартин оның көз жасын іркіп алғанын көріп қалды.
— Тамағың пеш ішінде тұр,— деді апасы дəдбірлеп,— Джим да тұрған
шығар. Бүгін мен де кір жуғалы таңсəріден тұрдым. Бар, тамағыңды тез
ішіп, үйден шық; бүгін күн ауыр. Том бізден кетіп қалған, енді бүгін
Бернардтың өзіне көлік айдауға тура келеді.
Көңілі бұзылып кетті Мартиннің, ас үйге барды. Апасының қызарған
беті, алқам-салқам сиқы көз алдында əлі тұр. Қолы тисе мені күтер еді деп
ойлады Мартин. Бірақ жұмыстан діңкесі құрып біткен ғой. Хайуан Бернард
Хиггинботам, осыншама азапқа салып қойғанын қарашы. Бір жағынан,
апасының сүйісуінде ешқандай жарастық болмауы да есінен кетпейді.
Бірақ бүгінгі сүйісуінде бір өзгешелік бар. Гертруда тек кемеге шығарып
салғанда немесе сапарынан қайтқанда ғана сүюші еді. Бұл жолы сүйіскенде
аузына сабынның дəмі келді, əрі ернінің бұрынғыдай емес, болжырап
кеткенін байқады. Əдетте сүйіскенде ерін деген тез бүріп əкетпеуші ме еді.
Ал мынау əбден қалжыраған, сүйісудің не екенін де ұмытқан əйелдің əдетін
істеді. Апасының қыз кезі есіне түсті, жас шағында күндізгі ауыр
жұмысынан қолы босасымен ойынға барып, түні бойы би билеп, таңертең
тура кір жуатын жеріне жұмысына бара беретін. Көңілі тағы да Руфьке
ауды. Өзі сияқты ерні де уылжып тұрған шығар деп ойлады ол. Көз
тастағаны, қол алысқаны сықылды сүйіскенде де шын ықыласымен
құшырланып сүйісе ме екен? Қиялында қыз ерні өзінің ерніне тигендей
басы айналды. Аспанда, раушан гүлдің желектері арасында, хош иіске
елтіп, қалықтап жүргендей көрді.
Ac үйде екінші пəтерші жалғыз өзі су қараңғы адамша əлдеқайда
қараған қалпы сұлы ботқасын соғып отыр. Ол слесарь мамандығына жаңа
үйреніп жүрген жас жігіт, жібі бос, жігерсіздігінің үстіне ақылы аздау
болуынан тіршілік үшін күресте жеңіп шығады деп айту қиын.
— Тамағыңды неге жемейсің?—деді ол шала піскен суық ботқасына
селқос қарап отырған Мартинге.— Немене, кеше тағы арақ ішіп қойып па
едің?
Мартип басын шайқады. Ол айналасындағы сүреңсіз бишаралықты
көріп, көңілі жүдеп отырған. Руфь Морз бұрынғысынан да алыстап
кеткендей көрінді оған.
— Мен кеше мас боп қалыппын,— деді Джим күйгелектеніп, қалтырай
күліп,— өлгенше ішіппіз! Эх қыз да қыз-ақ екен! Үйге Билл əкеп тастады.
Мартин тыңдап отырмын дегендей басын изеді. Əңгімелескен адамына,
кім болса да осылай ілтифат көрсететін əдеті еді. Ыдысына суып кеткен
жылымшы кофе құйып алды.
— Бүгін «Лотосқа» би билеуге барасың ба?—деді Джим тағы да.—
Сыра болады. Темескальдың сүрегі келсе, төбелес те болмай қалмас.
Мейлі, бəрібір қызымды ертіп барам. Фу!.. Аузымның дəмі кетіп қалғаны-
ай. Бұ не пəле!
Ол бетін тыржитып, бір жұтым кофемен аузын шайқады.
— Джулияны білуші ме ең?
Мартин басын шайқады.
— Кəзір ол менімен көңіл жаратысып жүр,— деді Джим.— Қыз емес,
кəмпит! Саған таныстырар ем, басын айналдырып аласың ғой деп қорқам.
Құдай ақына, саған осы қыздардың неге үйіріле кететінін білмеймін. Кез
келген қызды жігітінен оп-оңай айырып алып кетесің, кейде ызам келеді.
— Саған əлі содырым тиген жоқ қой,— деді Мартин селқос.
— Мэггиді ұмыттың ба?
— Ол екеуміздің арамызда ештеме болған жоқ. Түнеугіден қайтып,
билегенім де жоқ онымен.
— Сен бір билеп, бірер көз тастаған едің,— сілесі қатты ғой сілесі
қатқырдың. Сенің ойыңда түк жоқ! Бірақ сонан кейін қыз маған қарамай
кетті. Мені көрсе сені сұрайтын болды. Егер көңілің қаласа, кездесуге кет
əрі емес еді.
— Мен қалаған жоқпын ғой.
— Ой, əйтеуір менен безіп кеткесін — бəрібір-дағы,— деп Джим
Мартинге қызыға қарады.— Сенің осы не сиқырың бар, Март, ə?
— Қызға көбаса назар салмаймын. Бар өнерім осы.
— Ой, қу-ай, сен қызықтыру үшін əдейі елемегенсіп жүреді екенсің ғой,
солай ма?— деп Джим қазбалап қоймады.
Мартин біраз ойланып отырды.
— Мүмкін, ондай əдістің де болуы. Бірақ, менің əйелге құлқым жоғы
шын. Сен де бір қыздарға қырын қарап, бəлденіп көрсейші. Соңыңа ере
кетпес пе екен.
— Қой құрсын! Қап, кеше сенің Райлиде болмағаның-ай,— деді Джим
ешбір логикасыз, ешқандай байланыссыз,— сонда Батыс Оклендтің бір
сұлуша жігіті болды, лақап есімі Егеуқұйрық деседі. Пəтшағардың
төбелеске шапшаңы-ай! Біздің жігіттердің ешқайсысы төтеп бере алған
жоқ. Сенің болмағаныңа бəріміз де өкіндік! Кеше қайда жүрдің сандалып?
— Оклендте болдым.
— Театрға бардың ба?
Мартин тарелкасын ысырып жіберіп, орнынан тұрып, есікке қарай
жүрді.
— Сонымен, би билеуге келесің бе?—деді Джим артынан дауыстап.
— Жоқ, бара алмаспын, сірə,— деді Мартин.
Ол баспалдақтан жүгіре түсіп, далаға шықты, таза ауа жұтқысы келді.
Мынау үйдің тымырсығынан тұншыға жаздап отырғанда, бір жағынан
Джим ашуына тиген еді. Бір кезде əбден ызасы келіп, Джимнің тұмсығын
тарелкесіндегі ботқаға батырмақ та болған. Джим əлденені мыжыған сайын
Руфь алыстай түскендей. Мына мал сықылды мəлғұндардың арасында
жүргенде, тегі, қызбен терезесі теңелер ме деп ойлады. Алдында тұрған
міндеті ауыр екенін сезіп, болашақтан күдер үзгендей де болды, торықты,
өзі тəрізді жүмысшы табынан шыққан адамның сорлы екенін түсінді.
Төңірегіндегінің бəрі — апасы, оның үйі, семьясы, слесарь Джим, қысқасы,
бала жасынан етене үйренісіп кеткен тұрмыс-тіршілігі əбілеттей еңсесін
бағып, көтертпейтін сияқты. Өмірден бейілі мүлде қайтқандай сезінді.
Бұған дейін барға мəзір болып жүре берген ғой. Жақсы-жаманды, тек кітап
оқығанда болмаса, аңғармаған. Кітаптың аты кітап, ол дүние қызығының
ғажайып ертегісі ғана. Ал бүгін таңғажайып дүниенің шындығына көзі
жетті. Соның нақты көрінісі іспетті Руфь сынды толықсыған сұлу гүлді
көзімен көрді. Енді мұнан былай ғашықтық отына күйіп, құса болмақ, үміт
шіркін алдандырып, азап отына сала бермек.
Мартин: Нерклидегі жəне Оклендтегі екі көпшілік кітапхананың
қайсысына барсам екен деп біраз ойланып тұрып — ақыры Оклендке
бармақ болды, өйткені, Руфь сонда тұрады. Кім білген! Қыздың бір барса
баратын жері — оқу үйі, мүмкін, кездесіп қалар. Ол оқу үйінің қай бөлімі
қайда екенін білмейтін-ді, ұзыннан-ұзақ, қаз-қатар сансыз кітап тізілген,
астылы-үстілі сөрелердің арасында адасып біраз жүрді. Оның сыңайын
байқаған, түрі француз əйелдеріне ұсаған бір нəзік қыз: анықтама беретін
кітапхана жоғарыда деп жөн сілтеді. Ол стол басында отырған кісіден бай-
жайды сұрап білместен, бетімен жүре берген, сөйтсе философия бөліміне
кіріп кетіпті. Философия кітаптары дегенді бұрын да еститұғын. Бірақ бұл
ғылым жайында осыншама көп жазылуынан хабары жоқ-ты. Қалың-қалың
томдар толы биік-биік шкафтар есін кетірді, тамаша таңсық та көрінді.
Мұнда миға азық табылатын түрі бар. Математика бөлімінде
тригонометрия туралы кітаптарды тауып алып, өзіне мағынасыз көрінген
цифрлар мен сызықтарға біраз үңілді. Кітап ағылшын тілінде жазылса да,
мазмұнын ұққан жоқ. Бұл бір өзіндік, ерекше тіл тəрізді. Осы тілді Норман
мен Артур біледі, екеуінің өзара осы тілде сөйлескенін естіген. Екеуі де
Руфьтің ағалары. Сонымен философия бөлімінен кетерде Мартинді
үмітсіздік жеңіп, кітаптар жан-жағынан топырлап, тапап кететіндей
көрінген. Адам баласының білімі ұшан-теңіз деп бұрын ойламаған ғой.
Осының бəрін меңгере аламын ба деген күдік туды. Бірақ меңгерген
адамдардың болғанын, тіпті көп болғанын көңіліне медеу етіп, жə өзгенің
өресі жеткен дүниеге менің де өрем жетеді деп түйді. Осы ниетін
орындамаққа серт етті.
Ақыл-парасаттың асыл қазынасын аралап, адасып жүріп, ол біресе
торығады, біресе шаттанады. Жалпы бөлімде Норридің «Қысқаша курсы»
көзіне түсті. Зор ілтифатпен бетін ашып қарады. Ұнатты. Авторы өзі
сықылды теңізші екен. Боудичтің «Навигация анықтамасы», Лекки мен
Маршалдың шығармалары да табылды. Міне, бұл тамаша дүние! Енді ол
навигация өнеріне жетіледі. Арақ ішуден тыйылып, іске мықтап кіріседі,
капитан болып алады. Осы бір сəтте Руфь жанына жақын келгендей
көрінді. Капитан болып алса, қыз қаласа — қосылуы ғажап емес. Қаламаса
— амал нешік, əйтеуір оқып, адам қатарына қосылып кетеді-дағы. Бірақ
мұнан былай арақ ішпеуі керек. Бір кезде кеме қамсыздандырушы мен
кеменің иесі есіне түсті, бұлардың, екеуі де капитанға қожа, капитанмен
ешуақытта жұлдызы жараспайтын адамдар. Екеуінің қайсысы болса да
капитанды құртайын десе, құртып жібере алады. Бөлмені айнала шолып,
мың том кітапқа көзі сүрінді. Жоқ, теңізді жиып қою керек. Мына самсаған
сансыз кітапта керемет күш жатыр, егер ұлы іске шын тəуекел етсе, сол ісін
құрлықта іске асыруы жөн! Оның үстіне капитандарға теңіз сапарына
əйелін ала шығуға рұқсат жоқ.
Сəске түс, уақыт өтіп барады. Мартин ас ішуді ұмытып,
сыпайыгершілік салты туралы кітап іздеп, əр кітаптың атын қараумен əлі
жүр. Оның ақылына мансабы туралы оймен жарысып, болымсыз ұсақ
нəрселер де орала береді. Егер жас леди қоштасарда келіп тұрыңыз десе,
неше күннен кейін барған жөн? Бірақ бұл сауалына іздеген кітабынан
жауап тапқан жоқ. Сыпайыгершілік дəстүрі туралы ұзын-сүре ережеден
басы қатып, тіпті дегдарлар арасында визит карточкасын алысу дегеннің де
не екенін, жөн-жосығын біле алмады, ақыры бəрінен бейілі қайтып,
жабырқады. Іздегенін таба алмаса да, сыпайыгершіліктің бүге-шігейін
жақсы білу үшін оны орындау үшін аса көп уақыт керектігін, қатте бүкіл
өмірін осыған сарп етуге тиіс екенін түсінді.
— Қалай, таптыңыз ба керегіңізді,— деді бағанағы шыға берісте стол
басында отырған кісі.
— Иə, сэр, кітапханаңыз өте бай, бек жақсы екен,— деді Мартин.
Кітапханашы басын изеді.
— Жиі келіп тұрыңыз. Өзіңіз теңізші емессіз бе?
— Иə, сэр. Қолым тисе, тағы да келіп тұрармын.
«Менің теңізші екенімді бұл қайдан біледі?» деп ойлады ол
баспалдақтан түсіп келе жатқанда.
Көшеге шыққанда теңселмей, ырғаңдамай тура жүруге тырысты.
Ойланбай келе жатқанда бұл серті есінде еді, кейін бəрін ұмытып, өзінің
əдетті жүрісіне түсіп кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |