Жетінші тарау
Мартиннің Руфьпен танысқанына бір жеті өтсе де, баруға бата алмай
жүр. Ауық-ауық тəуекел айтқанымен, шүбəлана береді. Жаңа танысқан
қызға екінші рет неше күн өткеннен кейін бару жөн, мұның лайығын айтар
ақылгөй адамы жоқ, ол өзі білместікпен өкінішті іс жасап қоям ба деп
жүрексінеді. Мартин ескі достарының бəрінен қол үзген, бұрынғы əдетінен
арылған, бір ғана кітаптан өзге дос тапқан жоқ. Кітапқа тым көп үңілетіні
сонша, анау-мынау кісінің көзі шыдамас еді оған. Бірақ Мартиннің көзі мен
құрыштай денесі көнтерілі. Ол əрі кітаби, дерексіз ой дегенді бүгінгіше
білмей өскен, миы таза, білім ұрығын себуге тың сақталған адам ғой.
Ғылым іздеп, миы əлі ашымаған, кітаптағы өнер-білімге құныққан үстіне
құныға түсті.
Бір жетінің ішінде Мартин өзін алуан ғасыр өмір сүрген адамдай сезінді
— өткен тіршілігі мен өмірге бұрынғы көзқарасының алыстап кетуі
соншалық. Бірақ, əзірлігінің аздығы аттаған сайын бөгет бола береді. Ол
күні бұрын көп жыл арнайы əзірленуді керек ететін кітаптарды тосын оқып
жүр. Бүгін көне заманның, келесі күні қазіргі дəуірдің философиясын оқып,
басы қатты. Экономикалық ілімдер жөнінде де солай. Кітапхана сөресінде
қатар тұрған Карл Маркс, Рикардо, Адам Смит, Милль шығармалары
табылды, бақса, бұлардың түсініксіз тұжырымы бір-бірінің пікірін бекерге
шығармайды екен. Сөйтіп алуан салалы білім қуып абдыраса да білуден
бейілі қайтқан жоқ. Ол экономика, өнеркəсіп, саясат мəселелерімен
шұғылданды. Бірде Сити-Холл-парк арқылы өтіп бара жатып, тəрізі өзара
қызу пікір таластырып тұрған бес-алты кісіні анталай қоршаған бір топ
адам көрді. Таяна бергенде халық философтарының бұрын естілмеген жат
сөздерін құлағы шалды. Айтысып тұрғандардың бірі — кезбе, екіншісі —
кəсіп одағының үгітшісі, үшіншісі — студент-юрист, қалғандары
дискуссияға жаны құмар жабайы жұмысшылар екен. Ол анархизм,
социализм, бірыңғай салық деген сөздерді тұңғыш осылардан естіді,
əлеумет философиясының бір-біріне жау түрлі бағдары барын байқады,
өзінің жартымсыз білім қорына енбеген ғылымдар саласынан жүздеген тың
термин естіді. Сондықтан айтыс өрбуін ажырата алмағанымен, беймағлұм
сөздердің мағынасындағы идеяларды өзінше топшылады. Сөзуарлар
арасында ресторанный, бір қаракөзді даяшысы болды, өзі, — теософ,
наубайшылар кəсіподағының мүшесі, агностик көрінеді; бардың бəрі
ғаделет деп дүйім жұртқа бой бермей жеңіп шыққан бір шал, космос
туралы, атом-ата, атом-ана жайлы ұзақ сөйлеген тағы бір шал болды.
Мартин Иденнің басы қазандай боп кетті. Есінде қалған он шақты
сөздің мағынасын білмекке кітапханаға жүгірді. Онан қолтығына қысып,
Блаватская ханымның «Құпия доктринасын» жəне «Прогресс һəм
қайыршылық», «Социализмнің мəн-мазмұны», «Дін мен ғылым айқасы»
деген қалың-қалың төрт том ала шықты. Бақытына қарап, оқуын «Құпия
доктринадан» бастаған. Бұл кітаптың əрбір томы түсініксіз қиын сөздерге
толы екен. Ол кітаптан гөрі сөздікке жиі қарап, керуетінде отыр. Сөз сонша
көп, бірін жаттаса, бірін ұмытып, сөздіктен қайта-қайта іздейді. Ақыры,
түсініксіз сөздерді бөлек дəптерге тіркей бастады. Аз уақытта жиырма
шақты бетін толтырды. Сонда да түк түсінген жоқ. Таңғы сағат үште
оқығанының бəрі быж-тыж болып бытысып, есінде түйір қалмады. Басын
көтеріп жан-жағына қараса, толқын соққан кемедей үйдің қабырғасы мен
төбесі теңселіп барады екен. «Құпия доктринаны» балағаттап атып ұрып,
шамын сөндіріп, ұйқыға кетті. Өзге үш кітаптың да білімге жарытқаны
шамалы. Ақылының аздығынан немесе зердесіздігінен емес — кітап сөзін
жадына тоқи алар еді, бірақ əлі ойға олақ, сөз қоры шамалы екен. Осыған
көзі жеткеннен кейін ол естімеген сөзін түгел жаттап алу үшін кілең ғана
сөздік оқымаққа ұйғарды.
Мартиннің жалғыз жұбанышы поэзия, шөліркеніп оқиды, əрбір жолы
көкейіне қона кетеді, сұлулықтың мөлдір бұлағынан су ішіп, мейірін бір
қандырғандай болады. Музыкадай əсер еткен поэзия ой-санасын алдағы
ауыр жұмысқа əзірлей түсті. Оқыған өлеңдері шумақ-шумағымен жадында
қала берді, кей өлеңді түгел жатқа айтып, тасқа басқан жазуға жан
бітіргендей оның сиқырлы үнінен лəззəт алатын да. Күндердің бір күні
Гэйлидің «Классикалық мифі» мен Булфинчінің «Миф ғасырына» кезіккен.
Бұлар өз басындағы надандық түнегіне түскен жарқын сəуле-ді. Сонан бері
оның поэзияға құмары артқан үстіне арта түсті.
Стол басында отырған кісі Мартинді таниды, келген сайын ізетпен
басын изейді. Сондықтан, бір күні Мартин тəуекел етті. Екі-үш кітап алып,
кітапханашы картішкесіне штемпель соғып жатқанда:
— Сізден бір жайды сұрауға бола ма?— деп күбір етті.
Кітапханашы күлімсіреп басып изеді.
— Егер жас ледимен таныссаңыз, ол сізді үйіне шақырса... демек... қай
уақытта барған жөн?
Мартин қыбыжықтап қара терге түсті.
— Қалаған уақытыңызда бара беруге болады, меніңше,— деді
кітапханашы.
— Жоқ, сіз түсінбей тұрсыз,— деді Мартин,— Ол... үйінде болмаса
қайтесіз. Университетте оқиды ғой.
—Олай болса, екінші рет барыңыз.
— Мəселе онда емес,— деді ақырында Мартин неде болса осының
талқысына түсейін дегендей,— мен жабайы матроспын, дегдар, сыйлы
кісілермен араласып көргенім жоқ. Қыз мен сияқты емес, мен ол сияқты
емеспін... Қылжақтап тұр деп ойламаңыз, шыны осы,— деді ол өз сөзін өзі
бөліп.
— Жоқ, жоқ, ол не дегеніңіз,— деді кітапханашы.— Рас, сұрағыңыз
анықтама бөліміне жатпайды. Сонда да көмектесіп көрейін.
Мартин оның бұл сөзіне риза болды.
— Эх, мен де осылай жосыта жөнелсем, тамаша болар еді-ау,— деді ол.
— Ғафу етіңіз...
— Сіз секілді мен де сыпайы сөйлеп үйренсем жақсы болар еді деймін.
— Ə!— деді кітапханашы.
— Сонымен қай уақытта бару лайық! Күндіз бе? Бірақ түскі астың
үстіне бару ұят болатын шығар? Əлде кешке таман барсам ба екен? Тіпті,
жексенбі күні барсам қайтеді?
— Менің ақылымды алсаңыз, телефон соғып, осының бəрін қыздың
өзінен сұраңыз,— деді күлімсіреп кітапханашы.
— Рас-ау!—деп Мартин кітаптарын ала сала есікке қарай беттеді.
Есік алдына барғасын, жалт бұрылып:
— Жас ледимен, айталық, мисс Лиззи Смитпен сөйлескенде, мисс
Лиззи деу керек пе, жоқ мисс Смит деген жөн бола ма?— деді.
— «Мисс Смит» деңіз,— деді кітапханашы беделді үнмен,— танысып
алғанша «Мисс Смит» дей берсеңізші.
Сонымен бұл мəселе шешілді.
— Қалаған күні келіңіз. Түстен кейін үнемі үйдемін,— деді Руфь
телефон арқылы Мартиннің сызылып, кітабыңызды қашан апарып берсем
екен деген сөзіне.
Өзі есік алдына шығып, Мартинді күтіп алған қыз шалбарының қырын,
тағы бір жақсы өзгерістер барын бірден байқады. Əсіресе, ажары өзгерулі.
Жас жігіттің жігері бойына сыймай тасып төгіліп, толқыны Руфьті тербетіп
əкеткендей. Қыздың бұл жолы да құшақтағысы келді. Көрген сайын
осылай, бұл не ғажап деп таң қалды. Қыздың қолын қысқанда, жігіттің де
тəні шымыр еткен. Екеуінің бір-бірінен айырмасы қыз сырттай сыр
бермесе, жігіт құлақ-шекесіне дейін қызарып кетті.
Мартин ырғаң-ырғаң басып, бикештің соңына ерді. Қонақ бөлмеге
жайғасқаннан кейін бұл жолы бұрынғыдай емес, еркін сезінді. Оның
қысылмай кең отырғанын тəуір көрген қыз да əдеппен үйіртпектеп жүр.
Бұл қылығы Мартинге өте ұнады, жанындай жақсы көріп кетті. Əңгіме
кітаптан басталды, Суинберн мен Браунинг сөз болды. Əңгімені бағыттай
отырып, Руфь жігітке қалай жəрдем көрсетемін деп ойлады. Мартинді
алғаш көргеннен бері осы ой жиілей бастаған. Қалай да қол ұшын бергісі
келеді де тұрады, аяйды, жаны ашиды. Ниетінде жігіттің намысына
тиерліктей астамшылық жоқ. Ол — бұрын өзі сезбеген ана мейірі сықылды
бір нəрсе-ді. Бірақ осы сезімді жай аяныш деуге болар ма? Оны оятқан
жігіттің нашарлығы емес, ер адамға лайықты күші еді ғой, жанына
жақындап кетсе, көңілін қобалжытып, ой түсірген, жас жүрегін тайдай
тулатқан керемет еді ғой. Бүгін де оның жігітті мойнынан қысып,
құшақтағысы келді немесе қос білегін иығына артқысы келді. Бұл ойына
қапелімде ұялағанымен, бірте-бірте еті үйренгені рас. Мұның жаңа оянған
сүйіспеншілік екенін, тұл бойын дел-сал қылған осы сезімнің шын есімі
ғашықтық екенін қыз қайдан білсін. Мартин сирек кездесетін, болашағы
бар адам, мен оған қызығып жүрген жоқпын, əншейін қызық көріп жүрмін,
адамның əлдеқалай ықыласы ауа бермей ме, деп ойлады ол.
Жігітке ынтығып жүргенін ол түсінбеді. Мартин олай емес. Руфьке
ғашық екенін, өмірінде ешкімге ешуақытта мұндай іңкəр болып көрмегенін
біледі. Ол бұрын да өзге сұлулық сияқты поэзияы аса қастерлеуші еді, бірақ
қызбен кездескеннен бері ғана ғашықтық лирикасының шын сырын сезіне
түскенддей. Оның Булфинч пен Гэйлиден берері де мол екен. Егер бір жеті
бұрын «Жары үшін жаны құрбан, бір құшақтап бір сүйссе» деген сөзді елей
қоймас еді, ал қазір ол есінен кетер емес. Бұл зор жаңалық. Руфьке қарап
отырғанда, расында да бір ғана сүйіп, үзіліп кетсем, арманым болмас еді
деп ойлады. Ол өзін «жары үшін жаны құрбан» шаһбазбын деп білді жəне
оны сері деген атаққа айырбастамас та еді. Иə, өмір сырын, тіршілік
мақсатын жаңа түсіндім, деп түйді ол.
Қыз көркіне көзін суарып, сөзін тыңдап отырғанда, ойына əлдене келді.
Қолын қысқаны, сондағы алған рахаты есіне түсті, тағы бір қыссам деп
ойлады. Мезгіл-мезгіл уылжыған ерніне көзі түсін, елжіреп отыр. Бірақ
өжданында ешқандай фəнилік ерсі ештеме жоқ. Сөйлеп отырған қыз
ернінің əрбір қимылы айтып жеткісіз əсер етеді, ол ер-əйелдің ешбіріне
ұсамайды. Ол қан да емес; тəн де емес; тəнсіз рух лебі, лебізі, оны өбуге
құмары өзге əйелдер оятатын сезімге ұқсамайды. Əрине, осы аспан лебінен
ернін тигізгісі келетіні рас, бірақ бұл қасиетті дұғаға маңдай тигізгенмен
бір есеп. Асылы, ол құмарлығының табиғатын түсінген де жоқ, сондықтан,
қызға қарағанда, көздері сүйгенін аңсаған əрбір еркектің көзіндей шынын
айтып, жайнаңдап тұрғанын байқамады. Қадалған отты көзі қыздың
көкейінен өтіп бара жатқанын сезбеді. Жас қыздың күнəсіз тазалығы
жігіттің ынтығын əдептен оздырмай, салқын жұлдыздың санатына
жеткізгендей еді. Бірақ көзінен ұшқындаған осы сиқырлы нұр қыздың жан
жүйесін тербеп, ішіне от салғанын байқаған жоқ, байқаған шақта бұған өзі
таң-тамаша болды. Жігіттің көзқарасынан пысы жеңіліп, ұялып отырған
қыз да неше рет сөзінен жаңылды, бытырап кеткен ойларын қайтадан
қабыстыра алмай қынжылды. Бұрын кісімен еркін сөйлесе беретін еді ғой,
бұл жолы не болған? Түсінсе бұйырмасын. Əлде бұған дейін еркек адаммен
кеңеспегендігінен бе? Сезгіш, нəзік жан ғой, өзге дүниенің келімсегін
тосырқап отырған жайы бар.
Бұған қалай қарассам екен деп, əңгімені осылай қарай бұрмақ боп
отырғанда, сөзді Мартиннің өзі бастады.
— Сізден кеңес сұрағым келіп отыр,— деді ол; қыз қолымнан келгенін
аямаспын дегенде, қуанғаннан құмығып қалды.— Есіңізде бар шығар,
өткен жолы айтып едім: кітап туралы пікір айтуға білімім жетпейді деп.
Сонан бері көп ойландым. Кітапханаға бара бастадым, əртүрлі кітап алып
жүрмін. Алғанмен бар-бəріне ақылым жететін емес. Əлде бəрін де басынан
бастасам ба екен? Бұрын жөнді оқу оқымаған адаммын ғой.
Қаршадайымнан қара жұмыста болдым, енді ғана кітапханаға барып, кітап
алып қарасам — бұрын керек кітаптарды оқымағанымды байқаймын.
Өзіңіз білесіз, əлдеқайдағы бір фермада немесе пароходтың кубригінде
сіздің үйдегі кітаптардай кітап бола бермейді. Ондағы дүние əлдене. Соны
оқып, жаман үйреніп кеткенмін ғой. Мақтанбай-ақ айтуыма болады, мен
өзім қатарлы серіктерімдей емес едім. Басқа матростар мен ковбойлардан,
ковбой да болғаным бар, асып кеттім деп айта алмаймын, жоқ, бірақ
кітапқұмар екенім рас еді, қолыма не түссе, соны оқи беретін едім,
меніңше, жолдастарымнан ойым да бөлек еді. Мəселе онда да емес.
Мынада. Мен бұрын сіздің, үйдей үйлерге бас сұғып көргенім жоқ. Өткен
аптада осында болып, өзіңізді, мамаңызды, аға-інілеріңізді, мына дүние-
жасауды көргенде бəрі де ұнаған. Мұндай тұрмыс туралы бұрын кітаптан
ғана оқитынмын, байқасам, кітап сөзі рас екен. Маған шын ұнады. Сонда
осындай дүниеге менің де қолым жетер ме екен деп ойлағам, қазір де осы
ойдамын. Мен де сіздің үйдегідей үнемі таза ауамен дем алсам деймін,
айналам толы кітап, сурет тəрізді өңкей əсем нəрселер болса, жұрттың бəрі
сабырмен биязы, байсалды сөйлессе, таза киінсе, ой-ниеті де сондай пəк
болса деймін. Менің өмір бойы дем алып келе жатқан ауам арақ-шараптың
буы, ас үйдің иіс-қоңысы, естігенім былапыт сөз, пəтер ақы туралы ұрыс-
керіс. Сіз əнеугүні анаңыздың алдынан шығып, бетінен сүйдіңіз, маған ол
керемет көрінген. Дүниеде мұнан асқан жарастық болмас деп ойлап ем
сонда. Ал менің өмірден көргенім аз емес, тіпті, кімнен де болса түйгенім
көп деп айта алар едім. Дүние көруге өте құштар жанмын жəне көрген
сайын құмарта беремін.
Бірақ, айтпағым бұл емес. Арманым — тұрмыста сіздердей биікке
көтерілу. Ішкілік, төбелес, ауыр жұмыс — өмір емес. Енді қайтпек керек?
Неден бастауым керек? Жұмыстан мен тартынбаймын, қолдап жұмыс
істеуге келгенде маған ерер ешкім жоқ. Бір бастасам күндіз-түні дамыл
көрмеймін. Əлде, менің сөзім сізге ерсі көрініп отыр ма? Жоқты-барды
сұрап, мазаңызды алмауым керек екенін түсінемін, бірақ ақылдасатын
сізден өзге адамым жоқ. Артур болмаса? Əлде сонымен ақылдасуым керек
пе? Егер мен...
Мартин мүдіріп қалды. Шынында да Артурдан ақыл сұрауым керек
екен ғой, босқа ақымақ болдым-ау деп састы. Руфь те жауабын тез айта
қойған жоқ. Жігіттің үйлесімсіз сөздері мен тұрпайы ойын көзінен
байқаған ишаратына ұқсата алған жоқ. Қайтпас қауметтің айнасы сияқты
мұндай да көз болады екен. Бұ жігіт айтқанын орындамай қоймайтын
қайсар болар, көзінен көргені осы, бірақ, сөзге неге шорқақ? Қыздың
айлалы ақылы бұлталақсыз тура айтылған пікірді дұрыс бағалай алған жоқ.
Əйтсе де, добал сөздерінен жігері байқалғандай. Мартин оған бұғаудан
босанам деп бұлқынған дəу-перідей көрінді. Қыз қайтадан сөйлей
бастағанда, жүзі жылып кеткен еді.
— Кемшілігіңіз өзіңізге мəлім,— деді Руфь.— Біліміңіз аз. Бəрін
қайтадан бастауыңыз керек — əуелі мектеп бітіріп алып, сонан кейін
университет курсын өткен жөн.
— Оның бəріне қаражат керек қой.
— О! Бұл жайды мен ойламаппын! Туыстарыңыздан ешкім көмектесе
алмай ма?
Мартин басын шайқады.
— Əке-шешем қайтыс болған. Екі апам бар: біреуі тұрмысқа шыққан,
екіншісі таяуда күйеуге тимек. Ағаларым көп, бірақ ешқайсысы
қараспайды. Бəрі де бақыт қуып, дүние кезіп жүр. Үлкен ағамыз Индияда
өлді. Екі ағам Оңтүстік Африкада, енді бірі кит аулайтын кемеде қызмет
етеді, оған тетелес ағам ел аралаған кезбе, циркте істейді, акробат. Мен де
сол сабаздардың бірімін. Он бір жасымнан бастап, шешем марқұм қайтыс
болғаннан бері өз еңбегіммен күнелтіп келем. Маған мектепті қойып, өз
бетімше өнер іздеуім керек. Сонда неден бастасам екен.
— Ең алдымен дұрыс сөйлеп үйреніңіз. Кей-кейде («сорақы» деген сөз
ауызынан шығып кете жаздады) қате жібересіз.
Жігіттің маңдайынан тер шып-шып шықты.
— Ара-тұра ауызымнан сіз түсінбейтін сөздердің шығып кететіні рас.
Бірақ, сол сөздердің қалай айтылатынын білемін. Ал кітаптан оқыған көп
сөз бар жадымда, міне, соның қайсысы қалай айтылатынын білмеймін,
сондықтан, қолдана алмай жүрмін.
— Мəселе жеке сөзде ғана емес, жалпы сөз құрылысында. Сізбен ашық
сөйлесуге болады ғой. Турасын айтсам, көңіліңізге алмайсыз ба?
— Жоқ, жоқ!—деді ол дауыстап, іштей қайырымды қыздың қылығына
риза болып.— Зуқыта беріңіз! Өзге біреуден естігенше, өзіңізден естиін!
— Ендеше былай. Сіз көбінесе сөйлемді дұрыс құрмайсыз. Əдеби тілде
қолданбайтын сөз тіркестерін талғамай айта салатыныңызды талай
байқадым, осынан арылуыңыз керек. Ең əуелі грамматикадан бастаңыз.
Қазір оқулығын əкеп берейін.
Руфь орнынан тұрған кезде есіне əдеп туралы оқыған бір ереже түсе
кетіп, атып тұрды да, қыз мені кеткелі жатыр деп ойлады ма дегендей
сасып қалды.
Руфь грамматика оқулығын алып келіп, стулін Мартиннің стуліне
жақындатты, ол осы арада қызға қолғабыс етуім лайық еді ғой деп
қынжылып қалды. Қыз кітап бетін ашты, екеуі де кітапқа үңіліп, бір-біріне
жақындай түсті. Руфьтің айтқандары жігіттің құлағына кірген жоқ — қыз
жақын отырғанға көңілі қобалжып кетсе керек. Руфь жіктеудің мəнісін
түсіндіре бастағанда, ол өзге жарық дүниені мүлдем ұмытты. Бұрын жіктеу
дегенді естімеген ғой,— сөз сиқырының құпия заңдарын тұңғыш жүйелей
жөнелгенде, елти тыңдады. Кітапқа үңіле түсіп еді — қыздың шашы
жігіттің бетіне тиді.
Мартин Иден өмірінде бір-ақ рет есінен танған, бүгін екінші кезегім
келген шығар деп отыр. Демі бітіп, жүрегі алып-ұшып, кеудесінен ыршып
түсетіндей. Қыз бұған дейін қазіргідей уысына үйіріліп көрген емес.
Екеуінің арасындағы түпсіз тұңғиық лезде өткел берген тəрізді. Бірақ жігіт
əдептен озған жоқ. Көктегі мекенінен қыз төмен түскен жоқ, қайта бұлттан
асып, биікке өзі көтерілгендей. Жігіттің ғашықтық сезімі тəңіріге мінажат
еткен діншіл адамның ниетіндей еді. Ол ел бас ұрып, тағызым ететін
храмның қасиетіне қолы енді жеткендей көрді. Электр тоғындай денесін
дір еткізген бұл киеге қолымды тигізе көрмейін дегендей басын ептеп
көтеріп алды. Руфь ешнəрсе байқаған жоқ.
|