Джек Лондон. Мартин Иден Бірінші тарау



Pdf көрінісі
бет33/47
Дата23.08.2024
өлшемі1.82 Mb.
#503209
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   47
Martin Iden Dzhek London

Отыз үшінші тарау
Мартин тарыншылықтан əлі күнге дейін арылған емес. Қаншама
үнемдегенімен əдеби ұсақ-түйектен түскен табысы күндік мұқтажына да
жетпейді. Ақыры қара костюмін өсімқорға тағы табыс етті де, Мінажат
күні Морздардың үйіне қонаққа бара алмайтын болды. Бұл жайды естіген
Руфь өте қынжылды. Мартиннің аяқ астынан тəуекелге бел байлауына
қамшы болған себептің бірі осы-ды. Ол қызға алашақ бес долларымды
қуып, «Трансконтиненталь айлығының» редакциясына өзім барамын, ақша
тисе костюмімді кері алып, сіздікіне тағы келермін деп кетіп қалды.
Ертеңіне таңертең Мариядан он цент қарыз алды. Бриссенденнен
сұрағанын артық көріп еді, ол соңғы күндері із-түзсіз жоқ боп кеткен:
келмегеніне екі жұмадай болған. Мартин өкпелетіп алдым ба деп те састы.
Олай ойлап, бұлай ойлап, себебін біле алмай-ақ қойды. Он цент ақша
паромға керек еді. Шығанақтың арғы бетіне шығып, Маркет-Стриттің
бойымен келе жатқан Мартиннің ендігі уайымы үйіне жету болды. Өйткені,
ақшасын ала алмаса, Оклендке қайту үшін Сан-Францискода он цент сұрап
ала қоятын танысы да жоқ-ты.
«Трансконтиненталь айлығының» есігі ашық тұр екен. Біреулердің
сөйлесіп жатқан даусын естіп, Мартин тыста тұра қалды.
— Мəселе онда емес қой, мистер Форд,— дейді біреу.— (Форд —
редактордың фамилиясы екенін Мартин білетұғын). Төлеуге шамаңыз келе
ме, жоқ па? Мəселе осында. Əлбетте, мен қазір қолма-қол ақшалай төлеу
туралы айтып тұрмын. Келесі жылы журналыңыздың жағдайы жақсара ма,
жоқ па — онда менің шаруам қанша. Орындаған жұмыстың тиісті ақысын
төлеңіз. Маған онан өзге ештеменің де керегі жоқ. Ал егер түгел
төлемесеңіз, Мəулет күніне арналған номер машинаға салынбайды,
айтпады демеңіз. Хош болыңыз көргенше. Ақша тапсаңыз — келерсіз.
Есіктен біреу шыға жөнелді. Əлдекімге жұдырығын саптап, сөгініп
барады. Мартин тыста тағы он бес минуттай кідірмек болды. Олай-бұлай
жүріп, ақыры өмірінде тұңғыш рет редакцияның табалдырығынан аттады.
Сылайы, мұнда визит карточкасы дегеннің қажеті жоқ сияқты. Бір бала


қалқаның ар жағына барып, мистер Фордты біреу сұрап тұр деді де, қайта
келіп, Мартинді редактордың кабинетіне ертіп апарды. Мартиннің көзіне ең
алдымен ерекше ерсі көрінген бір жағдай — бөлмедегі тəртіпсіздік. Сонан
кейін ол стол басында отырған самай сақалды бір жасаң кісіні көрді. «Бұл
қайсы еді тағы» дегендей ол түйіле қарайды. Беті бүлк ететін емес.
Баспахананың адамымен жаңа ғана жанжалдасқаны жадында да жоқ.
— Мен... мен — Мартин Иденмін («мен сізден бес доллар ақшамды
алайын деп келдім» дегісі келген оның).
Бірақ, өмірінде бірінші дидарласқан редакторы болғасын, салған
жерден қатты кетпейін деп ойлады. Бір ғажабы мистер Форд орнынан
ұшып тұрып:
— Апырау, қойыңызшы, шын айтасыз ба!—деп қуанғандай қолын
алып, сілкіп-сілкіп қойды.— Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын,
мистер Иден, сыртыңыздан қандай кісі екен деп жүруші едім.
Мистер Форд бір адым кейін шегініп, Мартиннің иығынан түспей
жүрген, тозығы жеткен жалғыз костюміне елжірей қарады. Не жөндеуге, не
жамау салуға келмей қалған жаман костюмнің, шалбарының қырын
Мартин Мария Сильваның үтігімен шығарда қатырып алған.
— Мен сізді жасамыс кісі ғой деп жүруші едім. Астапыралда-ау,
əңгімеңіздің мазмұны сондай терең, жазылуы сондай шебер. Нағыз шедевр.
Бастапқы үш-төрт жолын оқығанда-ақ анық шеберсің ғой дегенмін.
Əңгімеңізді алғаш рет қалай оқығанымды айтайын ба сізге? Жоқ! Ең, əуелі
қызметкерлермен таныстырайын.
Мистер Форд осылай самбырлап жүріп, Мартинді үлкен бөлмеге
апарды да, өзінің орынбасары мистер Уайтпен таныстырды. Ол безгегі
ұстаған адамнан жаман, қолы мұп-мұздай, тəпелтек, тыриған арық біреу
екен.
— Ал мынау мистер Эндс. Мистер Эндс — біздің іс басқарушымыз.
Мартин кісіге қарағанда көздері қыдырып кететін қасқабас біреудің
қолын алды. Ол ақсары сақалын қауқитып қоя беріпті. Өзі, тегі, жасамыс
кісіге ұсамайды. Əдетте, əйелі жеті айын оның сақал-мұртын қайшымен
басып, желкесін қырып беріп тұратын еді.


Үшеуі Мартинді қоршап алып, дабырласып мақтап ала жөнелді.
Айтқандары ақыры Мартинге əшейін сөзге айналдыру сияқты болып
көрінді.
— Біз сізді редакцияға неге бас сұқпайды деп таң қалып жүретін едік!—
деді мистер Уайт.
— Паромға ақшам болмады,— деді Мартин ақшаға мұқтаж екенін
сездірейін дегендей.
«Менің қолым қысқа екенін үстімдегі «бір киерімнен-ақ» байқап тұрған
шығарсыңдар», деп ойлады ол ішінен.
Мұнан кейінгі айтқан сөздерінде Мартин неге келгенін қайта-қайта
сездірумен болған. Бірақ талантқа табынушы мырзалар бұл сөзін елең
қылған жоқ. Мартин жіберген əңгімелердің өздеріне, əйелдеріне, туған-
туысқандарына керемет ұнағанын майын тамызып қайта-қайта айтумен
болды. Ал алашақ ақшасын төлеу керек-ау деп ықылас білдірген
ешқайсысы болған жоқ.
— Айтпақшы, əңгімеңізді бірінші рет қандай жағдайда оқығанымды əлі
айтпаған екенмін ғой сізге,— деді өкінгендей мистер Форд.— Поезбен
Нью-Йорктан келе жатыр едім. Жолшыбай Огденде вагонымызға бір газет
қызметкері отырды, сол кісіде «Трансконтиненталь айлығының» соңғы
номері бар екен.
«Жасаған-ау,— деп ойлады Мартин,— бұл сұрқия пульман вагонымен
серуендеп жүргенде, менің ақы-адал бес долларымды ала алмай арып-
шаршап жүргенім мынау». Ашу-ыза бойын кернеді. «Трансконтиненталь
айлығынан» көрген зəбірі басынан асып кеткендей сезінді; айлар бойы
сарылып күткені, кембағалдығы, талай-талай ашыққаны есіне түсті, кеше
ғана төсегіне аш жатып, бүгін əлі дым сызбағаны ойына келді. Кекті ашу
басына шапты. Бұлар қарақшы да емес, ұсақ жөліктер! Өтірік уəде беріп,
əңгімесін тал түсте алдап алған екен ғой. Найсаптар! Жақсы, жарайды!
Көрсетермін əлі көресіні!
Мартин алашағымды түгел өндірмей енді осы редакциядан шықпаспын
деп іштей өзіне ант етті. Бəрібір қалтасында қайта қоятын ақшасы жоқ.
Дегенмен, біраз сабыр сақтады ол, сонда да қаһарлы кескіннен
маңайындағылар сескене бастаған еді.


Олар мақтауын онан сайын үдетті. Мистер Форд «Қоңырау күмбірін»
бірінші рет қалай оқығанын шұбыртып айта жөнелді, мистер Эндс немере
қарындасына бұл əңгіменің қатты ұнағанын баяндай келіп, қарындасым
тегін кісі емес, Аламедеде мұғалима деп қойды.
— Мен сіздерден ақшамды алайын деп келдім,— деп Мартин осы арада
төтесінен кеткен,— бəріңізге ұнаған əңгімем үшін, сіздер басып
шығарғаннан кейін, бес доллар қаламақы төлеуге тиісті едіңіздер ғой.
Мистер Форд қазір-ақ төлеп жіберетін адамнан жаман дереу қалтасын
қармады да мистер Эндске қарап, қап, ақшам үйде ұмыт қалған екен деді.
Мистер Эндс те оған қынжыла қарап, жалма-жан шалбарының қалтасын
баса қойды. Мартин оның қалтасында ақша барын байқап қалды.
— Əттеген-ай,— деді мистер Эндс,— жаңа ғана баспаханашыға
барымды беріп қойып, қалтамда түк қалмапты. Əрине, кінə өзімнен,
ақшаны молырақ алып шығуым керек екен ғой, бірақ... əлгі баспаханашы
неме осында ойламаған жерде жетіп келіп, мерзімінен бұрын аванс бере
тұрыңыз деп талақша жабысқан жоқ па.
Екеуі де енді мистер Уайтқа қарады. Ол шіңкілдеп, ащы күлді де иығын
қақты. Əйтеуір, өзінің ожданы таза. Ол «Трансконтиненталь айлығына»
журнал жұмысын зерттеу үшін кірген. Зерттеп жүргені негізінен ақша
жағы-ды. «Айлық» өзіне жалақы төлемегелі төрт ай болған. Сондағы
тəжірибеден түсінгені редактордың орынбасарына ақша төлегеннен де
баспаханашының көңілін тапқан көп артық.
— Қап, əттеген-ай,— деді тағы да мистер Форд таңдайын қағып, беті
шылп етпестен.— Мистер Иден, бізге сəтсіз күні келіпсіз. Ал ендеше
былай етелік. Ертең таңертеңгі почтамен чегіңізді жіберелік. Е-е, мистер
Эндс, мистер Иденнің адресін жазып алған боларсыз.
О, əлбетте, мистер Иденнің адресі жазулы екен, күні ертең ақшасы
сөзсіз жіберіледі екен. Мартин ақша, банк дегендерге шорқақ еді де, ертең
беретін чегін бүгін де бере алатын шығар деп түсінді.
— Сонымен келістік қой деймін, мистер Иден, күні ертең өз есіміңізге
чек жібереміз.
— Маған ақша бүгін керек, ертең емес,— деді Мартин түксиіп.


— Апырай, қараңызшы, қайдағы жоқ қырсықтың киліге кетуін! Басқа
бір күні келгеніңізде ғой...— деп келе жатыр еді мистер Форд, мистер Эндс
шыртетпе адам болуы керек, кенет оның сөзін бөліп:
— Мистер Форд жағдайды əбден түсіндірді ғой сізге,— деді тікіленіп,
— мен де айтып тұрмын. Ертең жібереміз чегіңізді.
— Мен де түсіндірмедім бе сізге,— деді Мартин,— ақша маған күні
бүгін керек.
Іс басқарушының басына сөйлегені Мартиннің шамына тиіп қалған еді.
Енді онан көзін алған жоқ ол. «Айлықтың» кассасы тап осының
шалбарының қалтасында жүрген болар деп ойлады.
— Əттеген-ай,— деп келе жатыр еді тағы мистер Форд...
Күйгелек Эндс кететін ыңғай көрсетіп, жалт бұрылды. Сол сəтте
Мартин де шап беріп, кеңірдегінен ала түсті, мистер Эндстің ақсары сұлу
сақалы селтең ете қалды. Мартиннің іс басқарушыны сілкілеп, фарсы
елінің кілеміндей тозаңын қағып жатқанын көрген мистер Форд пен мистер
Уайттың зəресі ұшып кетті.
— Əй, жас таланттың еңбегін жеген көзелдерім,— деді Мартин үйді
басына көтеріп,— шығарыңдар ақшаларыңды, əйтпесе, бойыңдағы
барыңды өзім сілкіп түсіремін жалғыз центім қалғанша!
Сонан кейін сасып тұрған көрермендеріне қарады:
— Жармасып жүрмеңдер маған... адам танымастай қыламын.
Мистер Эндс қылғына бастады, айтқанымды орындатуға мұрша берейін
дегендей Мартин саусақтарын сəл босатты. Сол кезде іс басқарушы қолы
қалтырап, қалтасын ақтарып, төрт доллар он бес цент ақша шығарды.
— Қалтаңды дұрыстап айналдыр!—деп əмір етті Мартин оған.
Тағы он цент табылды. Мартин қате болмасын дегендей ақшаны екі рет
есептеді.
— Ендігі кезек сіздікі,— деді ол мистер Фордқа ақырып.— Əлі жетпіс


бес цент толмай тұр!
Мистер Форд жалма-жан қалталарын қарап, алпыс цент ақша тапты.
— Жақсылап қараңыз,— деп жекірді оған Мартин,— анау камзолдың
қалтасынан шығып тұрған немене?
Жақсылап-ақ қарағанын көрсетейін дегендей мистер Форд екі қалтасын
да айналдырды. Қалтасының біреуінен төрт бұрышты қатырғы қағаз түсті.
Мистер Форд оны қалтасына қайта салғалы жатыр еді, Мартин:
— О не? Паромның билеті емес пе? Əкел бері!—деп ақырды.— Бұл он
цент тұрады. Хош, сонымен небары, билетті қоса есептегенде, төрт доллар
тоқсан бес цент болды. Кəнеки, тағы бес цент қосыңдар!
Мистер Уайтқа тесіле қарап еді, тəмпек джентльмен құнжыңдап,
қалтасынан ала сала никель ақша ұсынды.
— Рахмет бəріңізге де,— деді Мартин айнала қарап,— Хош-сау
болыңыздар!
— Тонаушы!— деді Эндс артынан жыланша ысқырып. Мартин оған:
— Алатұяқ!— деді де есікті тарс жапты.
Жеңіске желіккен Мартиннің есіне енді «Пері жəне меруерт» деген
шығармасы үшін «Көбелектен» алашақ он бес доллары түсе кетті де, соны
да ала кетейінші деп ойлады. Бірақ «Көбелектің» редакциясында кілең бір
қырынған тазығыр жастар отыр екей. Нағыз қарақшыға ұсайды бəрі де.
Тегі, ел-жұртты да, өзді-өзін де тонап үйренген сұмдар болу керек.
Мартиннің бірсыпыра мебельді қиратқаны рас, бірақ арпалыстың ақыр
соңында редактор (студент кезінде атлетикадан жүлде алған балуан жігіт)
іс басқарушының, құлақтандыру жинайтын агент пен швейцардың
көмегімен арып-ашып келген қонағы Мартинді есік алдына шығарып
салуы аздай, баспалдырықтан төмен қарай домалатып жіберген.
— Келіп тұрыңыз, мистер Идең, дидарыңызды көруге өте құмармыз!—
деді олар күліп.
Мартин де күліп, түрегелді орнынан.


— Фу,— деді ол дыбырлап,— жарайды, жігіт екенсіңдер!
Трансконтинентальдың сүмелектерінен тəуір екенсіңдер.
Аналар қарқылдап тағы күлді.
— Əділін айту керек қой, мистер Иден,— деді «Көбелектің» редакторы,
— өзге ақындай емес, əдісқой бəле екенсіз. Бра рулені кімнен үйрендіңіз?
— Эһ, өзіңізге қос нельсонды кім үйреткен еді?— деді Мартин.—
Көзіңіздің асты көгеріп шықпаса маған серт!
— Сіздің де мойныңыз қышымаса маған келіңіз,— деді сызылып
редактор.— Осының құрметіне жұтқыншағымызды жібітсек қайтеді?
Əлбетте, зақым болған мойныңыздың құрметіне емес, танысқанымыз үшін
де.
— Мен жеңілдім ғой, айтқаныңызға көнуге тиістімін, – деді Мартин.
Сонымен тонаушылар да, тоналушы да бас қосып, бір бөтелкені
босатты. Ұрыста кім күшті — сол жеңді, олай болса, «Пері жəне меруерт»
үшін тиесілі он бес доллар «Көбелекте» қалсын деген мəмлеге келді бəрі
де.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   47




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет