Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі



бет7/7
Дата24.02.2016
өлшемі0.52 Mb.
#15568
1   2   3   4   5   6   7

Пайдаланған әдебиеттер


1.Құмарова Ш. Әйел шырағы. А, 1985 -380 б.

2. Құмарова Ш. Сезiм патшалығы. А, 2003 - 394 б.



З.Шашкин романдарындағы әйелдер образы

Тапанова С.Е.,

ф.ғ.д., профессор,

Еуразия ұлттық университеті

З.Шашкин – қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар көрнекті өкілдерінің бірі. Ол «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» сияқты романдардың; «Ұядан ұшқанда», «Темірқазық», «Өмір тынысы» сияқты повестер мен ондаған әңгімелердің авторы. Жазушы әдебиет әлеміне әртүрлі себептермен кешеуілдеп шыққанымен, салған жерден аты ауызға ілініп, көпке танымал жазушылар қатарына жедел қосылды.

З.Шашкин шығармаларының дені прозалық туындылар. Оның суреткер ретінде өнімді еңбек еткен саласы да, қол жеткен табыстары да осы проза саласында. Сондықтан жазушының прозалық туындыларын әсіресе, романдарын сөз ете отырып, ондағы әйелдер образының сомдалуына баса назар аударамыз.

Жазушының тарихи тақырыпқа арналған «Тоқаш Бокин» романындағы Бикен, Айгүл, Глафира, тұңғыш металлургия алыбын салушылардың еңбегі суреттелетін «Теміртау» романындағы инженер Дәмеш, интеллегенцияның әлеуметтік-тұрмыстық ортасын суреттеуге құрылған «Доктор Дарханов» романындағы Дәмеш, Сусанна, ауыл шаруашылығын тиімді жолдармен дамыту, жердің құнарлығын сақтау туралы жазылған «Сенім» романындағы Ақмарал т.б. шығармаларының барлығының басты кейіпкерлері белсенді әйелдер. Бұлардың барлығына да ортақтық – олардың өз бақыттары үшін күрескендіктері.

«Теміртау» романындағы Дәмеш образы – қазақ әдебиетіндегі көпке танымал, ұнамды образдардың бірі. Белгілі әдебиет зерттеуші, үлкен сыншы М.Қаратаев кезінде: «Дәмеш – революция азат еткен Ботагөз, Раушан ізіндегі бүгінгі қазақ қызының ұнамды образы»,- деп [1,124-б] орынды атап көрсеткен.

Романның бас қаһарманы инженер қыз – Дәмеш Сағатова. Алматының политехникалық институтын бітіргеннен кейін, бірнеше жыл министрлікте қызмет атқарған да, соңынан тікелей өндірісте қызмет істеп, ғылыми жұмысқа материалдар жинау мақсатымен, өзі сұранып Теміртау металлургия заводына тұрақты қызметке келген.

«Теміртау» романы – заман тірлігіне, заман жүрегіне жедел де жіті үңілген шығарма. Жазушы мұнда Қазақстанның төрінде бой көтерген жас қала Теміртау тірлігін, ондағы жаңа ұрпақ металлургтер өмірін жан-жақты көркем бейнелеп, адамдар бойындағы ерен қасиеттерді шеберлікпен бедерлеп қана қоймайды, заман жүрегіне, уақыт беталысына сергек көзбен қарап, күнгейі мен көлеңкесін саралайды. Оқушы өзі күнде көріп, араласып жүрген таныс замандастарымен кездескендей әсер алады, өмір құбылыстары, замандастарының мінез-қасиеті жайлы жазушымен бірге толғанады. Романдағы Дәмеш жаннан асқан сұлу да емес, таңдай қақтыратын сұмдық өнері де жоқ. Жазушы Дәмешті оқырманына былай таныстырады: «Сұңғақ нәзік денелі, қырмұрынды, аққұбаның әдемісі. Оқуға да, жұмысқа да зейінді, зерек, үнемі білімін көтеріп, ізденіп, қарманып жүретін, керек десеңіз, өндірісті жетілдіру жөнінде әрбір инженердің қолынан келе бермейтін жаңашыл ұсыныстар жасаушы, білікті маман. Қажетті жерінде өзін-өзі ұстай білетін, әрбір оқиғаның ар жақ-бер жағына көз жіберіп, салмақтай білетін сабырлы да саналы қыз» [2.63-б.]. Өмірдің мән-мағынасын тереңнен ұға білетін, айналасындағы адамдарға ойлы көзбен, от жүрекпен үңіле қарап, сүйіне де білетін, сүйе де білетін, биік парасатты, нәзік жанды қыз. Дәмештің өмір жолы жайдақ, жадағай емес: сүріністер де, сүйініштер де қат-қабат, айқыш-ұйқыш алмасып жатқан адырлы белеңдер. Қызметте де, махаббатта да солай. Бірақ өмір соқпағаның күңгейіне келгенде асып-тасып, теріскейіне келгенде күңіріне түңіліп жатқан Дәмеш жоқ. Белді бекем буып, қиындығына қасқая қарсы тұрып, алға тарту – Дәмеш бойына тән қасиет.

Үлкен өмір жолына жаңа ғана қадам басқан Дәмеш алғаш жұмыста да кейбір қателіктер жіберді. Махаббат аясында да шалыс басқан сәттері болды. Аңғалдықпен, жастық албырттықпен жеңіл басқан бір қадамы бүкіл болашағына көлеңке түсіріп, сан рет өкіндірді де. Расында, Дәмеш пен Ораздың бір-біріне кіршіксіз махаббатына, асықтығына кім шүбә келтіре алады. Сонау балғын балалық шақта балбұл тұтанып, келе-келе бірін-бірі ұнатысып, көңілінде аялаған ғашықтар табыса алмай, іштей күйзеле тұра дара-дара болып кетуіне не себеп?

Жастық шақта, махаббат базарында сәл ғана ағат басқан қадамың мәңгі орны толмас өкінішке ұрынуы мүмкін. Сүйеді екенсің, махаббаттың тозағына күйе де біл, махаббат майданында асықпа, аптықпа, байыбына бармай, ұшқары шешім жасама. Махаббат аумалы-төкпелі болмасын, айнымас, айырылмас болсын, қызғана білген жүрек махаббатын от пен желден қорғаштай да білсін, өсек пен өтіріктен сақтай да білсін дейді жазушы. Расында да, бірін-бірі армандай аңсап, қылаусыз сүйген Ораз бен Дәмештің қосыла алмай, екі айрық жолдай бет-бетімен кетуі, шынтуайттап келгенде, елеусіз ғана түсінбестіктің кесірі болатын. Сол жеңілтектік, албырттық бұларды көп өкіндірді, тіпті арада бірнеше жыл өткен соң қинады. Ақыры, Ораздың отбасы шырқын бұзып, Ажарды, оның кінәсіз сәбиін бақытсыздыққа душар ете жаздады. Дәмеш өз сезімін өзі тежеп, ақылға жеңдірмесе, осылай болуы мүмкін еді.

Мінеки, нақ осы арада келіп Дәмештің биік парасатты, адамгершілігі жоғары қасиеті жарық ете бадырайып көрінеді. Дәмеш - өз бақыты, өз махаббаты үшін басқаны қор етуді, бақытсыз етуді ар көретін ақылына көркі сай жан. Ол бір кезде өз махаббатының жолында бәсекелесін құрбан етіп, мақсатына жетпек болған Бекежан да емес; тіпті беріде сүйген жігіті Тоқаш жүрегін жаулау үшін оның қалыңдығы Айгүлді өлтірткен «Тоқаш Бокин» романындағы Бикен де емес; жаңа тұрпатты, адамгершілігі жоғары парасатты қазақ қызы. Дәмеш көп толғанды, көп қиналды. Ақыры өз жүрегін өзі жеңе білді, ақыл-парасыты, адамгершілік ары оған осылай деп әмір етті! Оразбен соңғы бір кездескенінде Дәмеш: «Өткен қайтіп оралмайды. Мен осыдан бес жылғы Оразды сүйгем. Бұл Ораз сен емессің» [2, 26-б.],- деп тура айтуға мәжбүр болды. Дәмештің өмірдің барлық мәселелеріне саналы көзбен қарайтыны сияқты, сүйіспеншілік, отбасы мәселелеріне де жауапты, ойлы көзбен қарауы, өз махаббатын таразылап, өмір емтиханына салып сынауы назар аударарлық, үлгі етерлік қасиет. Дәмеш образының жаңашылдық бір көрінісі осы тұста.

Дәмеш образының ерекшелігі мұымен ғана шектелмейді. Оның басты бір сипаты - өмірге құштарлығында, белсенділігінде деуге болады. Дәмеш өмірге қонақ болып келген енжар жан емес, әлдебір айтулы іс тындыруға, халық игілігін молайтуға, өмірдің бермесін тартып алуға келген өктем жан, күрескер қаһарман. Оның өмірге көзқарасы, мінезі еңбек үстінде, адамдармен қарым-қатынас, күрес-тартыс үстінде шыңдалып, қалыптасады.

Бұл тұрғыдан алғанда әдебиет зерттеушісі Ш.Елеукеновтің, төмендегі пікірі әбден орынды: «Қазақ әдебиеті үшін Дәмеш образы ұлттық сипатымызда пайда болған орасан өзгерістерді онан сайын айғақтай түседі... Дәмеш сезім мәдениетімен, өзіне де, өзге де жоғары талап қоя білуімен көзге түседі. Ол қазақ әдебиетіндегі апалары мен сіңілілерінің көбінен гөрі интеллктуалдық жағынан биік, жан дүниесі биік нәзік тұлға» [3,25-б.].

Өмірге саналы көзбен қарау, еңбекке, қоғамдық іске жан-тәнімен берілгендік, өнерге, білімге құштарлық, өзіне де, өзге де жоғары талап қою, кіші пейілділік, парасаттылық пен адалдық – Дәмеш бойынан көзге түсетін қасиеттер осындай. Ал, мұның бәрі қазіргі қазақ қыздарының көбінің бойынан табылатын ұнамды қасиеттер. Сондықтан да Дәмеш образы бүгінгі қазақ қыздарының ортақ образы деуге болады.

Роман беттерінен оқырман көзалдына осындай Дәмеш елестейді. Дәмеш есім ғана емес, оқушы қиялында қалықтаған сурет қана емес, жанды бейне: ол тоғанды, армандайды, қиялға құлаш сермейді; ол айтысады, тайталасады, жанталасады; ол сүрінеді, қиналады, жылайды; ол аңсайды, сағынады, махаббат бесігіндем тербеледі. Дәмеш бейнесінің ұнамды болатын бір себебі оның осындай күрделі, жанды табиғатында болса керек. Дәмеш образы – заманының шындығы. Жазушы осы шындықты суреткерлік шеберлікпен кестелей білген. Дәмеш образы – З.Шашкин творчествосының ғана емес, алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің елеулі табыстарының бірі деуге болады.

Ал, Ақмарал образы басқа типте. Ақмарал да өмірдің бел-белестерін артқа тастап, бұл күнде самай шашы ағарып егде тартқан шағы. Бірақ оның өмір жолы да, өмірдің мән-мағынасы, адамның өміріндегі орыны мен борышы жайлы түсінігі де, тіршілік қалпы өзгеше. Алғашқы күйеуі сотталып кеткенде, жылы төсекті суытпай, тәуір қызметте жүрген Ажар мен Қайырдың әкесіне тиіп алған. Әйелі ерін тырп еткізбей, уысында ұстау керек деген Ақмарал – жұмсақ мінезді Рахым марқұмды билеп-төстеген. Заманында көрікті де, шешен атанған адуын әйел бұл күнде егде тартып, немере сүйіп, азамат болған ұлы мен қызының қолына қарап отырғанына қарамастан, қазір де ешкімге ырық бергісі жоқ. «Заманымда ойнадым, күлдім, асадым-жасадым, енді осылардың тілеуін тілеп отырайын» демейді, жастардың жүріс-тұрысына да, жұмысына да араласып, оларды өз дегенімен жүргізгісі келеді, өктем сөйлеп, өкшелене килігеді, үйде отырып, әркімнің өсегіне еріп, «тон пішеді». Жанбасының астына төрт қабат көрпе төсеп, жантая жатып, сары самауырдан қызыл шайды сораптай ішуден артық рахат жоқ Ақмарал үшін. «Жаз болса, ел арасына шығып қымыз ішеді, қыс келсе соғым сорпасына буланып жата береді». Биязылық, адалдық, пәктік қасиеттер Ақмаралға жат. Мінезі қандай адуын, шалдуар болса, сөзі де сондай ерсі, дөрекі. Жазушы Ақмаралдың өткен өмір жолын қайнысы Мүсілімнің еске түсіруі арқылы қысқаша шолып өтеді, де оның характерін, ой әлемін қызы Ажармен, Мүсіліммен, құдасы Құрышпай, ұлы Қайырмен нақты қақтығыстар, нанымды өмір картиналары үстінде ашады. Роман бойында Ақмарал небәрі үш-төрт-ақ рет көрінеді. Бірақ оның өзінде де жасы егде тартқанмен, әлі тұғырдан таймаған, қоғамдағы, отбасындағы ер мен әйел орны жөнінде ескілікті көзқарасты, әдет-ғұрыпты ұстаушы ғана емес, шамасы келсе ұл-қызына да үйретуге күш-қуатын сарп еткісі келетін шайпау мінез, адуын әйелдің жанды бейнесі, характері оқушының есінде қалып қояды.

Жазушының суретінде Ақмарал бір беткей, бүтіндей ұнамсыз кейіпкердіің санатына да қосылмайды. Ол арам ниет, пасық, оспадар әйел емес. Жөн-жосықты да біледі. Ержетіп есейіп, жоғары білім алып, завод директоры мәртебесіне ие болған ұлы Қайыр аман-есен үйленіп, келінді болсам, содан бір немере сүйсем деген тілеуі де ақ тілеу. Қызы Ажардың отбасының шырқы бұзылмай, ынтымақты болуына күш салайық деп Құрышпай құдасымен кеңесуі де ізгі ниетпен туған аналық жүректің әмірі. Бірақ, Ақмаралдың түпкі ниеті дұрыс болғанымен, өмір жайындағы, ер мен әйелдің отбасындағы ролі мен борышы жайындағы ұғымы қазіргі жастардың ғұрпына, заман талабына үйлеспейді. Бұл Ақмарал бойында ескіден қалған сарқыншақ. Қазіргі жастар отбасындағы өзара қарым-қатынасын бұрынғы заманның адамдарынша, біріне-бірі билігін жүргізу тәртібімен емес, өзара сыйластық, кіршіксіз махаббат негізінде отбасы беріктігін қамтамасыз етуге тиіс екенін Ақмарал түсінгісі келмейді. Ақмарал өзі осындай қағидаға сүйеніп өмір сүрген, өз ұлы мен қызы да осы үлгімен өмір сүрсе екен дейді. Уақыт өзгергенін, заман өзгергенін, қазіргі жастар жаңа әлеуметтік заң мен құқыққа, жаңа дәстүрге сүйеніп, тұрмыс құрғысы келетінін ол ескергісі жоқ. Романда жазушы суреттеп отырған Ақмаралдың бойындағы негізгі кінәрат осында. Бұл ескі мен жаңаның арасындағы заңды қайшылық, бүгінгі өмірімізде жиі кездесетін құбылыс. Жазушы уақыт ерекшелігіне тән, тұрмыстағы осынау қайшылықты, ескі мен жаңаның күресін романға Ақмарал образын енгізу арқылы шебер де ұтымды шешіп кеткен.

Оның үстіне өмірге ескілікті көзқарас сарқыншақтарымен қоса, Ақмарал бойында сүйекпен біткен қасиет – бір шайқасып алмай тынбайтын асау, адуын мінез бар. Кезі келгенде долылықпен ұштасып кететін бұл мінез Ақмарал тәрбиесін көрген Ажарға да жұққан. Ораз бен Ажар арасында жоқты бардан шаң-шұң шығып, асқынып, тап-тату, жарасты отбасының шытынай бастағанына Ажардың қаңқу сөзге еруі ғана емес, Ақмаралдың тәлім кеңесінің де әсері бар. Жазушы Ақмарал образы арқылы отбасын құру, ер мен әйел қарым-қатынасы жайындағы ескілікті сарқыншақтардан арылу мәселесін көтереді.

З.Шашкиннің жазушы ретінде бір ерекшелігі – ұнамды деген қаһарманның өзін кемшіліктен ада, күнәдан пәк адам етіп көрсетуден аулақ. Қайта кей тұстарда қаһарман басындағы көлеңкелі жақтарды қоюлатып алатын сияқты көрінеді. Оған дәлел жазушының «Доктор Дарханов» романындағы Дәмеш образын айтуға болады. Мұндағы Дәмеш бар болмысымен өз заманына сай, мәдениетті, ойлы, зерделі қыз. Мұнда да Дәмеш ісімен, қылығымен, сөзімен, анық-танық көрінетін жанды бейне. Бірақ мұндағы Дәмеш ақылы, мінезі, қылығы, іс жағынан бұрынғыдан өсе түскен, сүйкімді, барынша ұнамды Дәмеш деуге келмейді. Неге? Себебі, мұнда жазушы Дәмеш образын «Теміртау» романындағы Дәмеш характеріне сай арнамен дамытпаған. «Теміртау» романынан Дәмешті оқушы мінезі де, ісі де орнықты білікті маман, әсіресе махаббат мәселесіне жеңіл-желпі қарамайтын ақылды, адамгершілігі мол, сүйкімді қыз есебінде танитын. Мұндағы Дәмеш дәл осындай биіктен көріне алмайды. Бұрын алды-артын терең ойлайтын, өмірга сергек те зерек қарайтын қыз, мұнда басқа дүниені түгелдей дерлік оп-оңай ұмыта қойып, көз алдындағыдан өзгені көрмеуге бейіл. Талай жылдар сынасып, сыр алыса сүйісіп барып табысқан жары Қайыр, қаршадайынан алақанына салып, аялап өсірген, әке орнына әке болған Құрышпай, құлынтайдай бірге өскен, балғын махаббатты бөліскен Ораз, шахтадағы бірге істейтін достар, тіпті бірге туып, бірге өспесе де, туғаннан артық ағасы Асқар - бірде-бірі оның жанын тебіренте қоймайды. Төтеннен келген дерт қуып, ғайыптан кез бола қалған дәрігер Ниязды көргенде ақылды Дәмеш оп-оңай елжіреп ұйып қалады. Ешкіммен қарым-қатынасы жоқ, басы бос қыз болса екен, онда бір сәрі. Қайыр екеуінің қарым- қатынасы өзіне де, өзгеге де аян болатын. Ақылы бар, ар-ожданы берік қыз, Ниязға қабақ бермес бұрын, Қайырды ғана емес, өзі білетін, ағайын-туыс, дос-жаран қауымды бір сәт ойлауы керек еді. Кешегі ақылды Дәмеш осы жайларды бір сәт ойлап, қиналмайтыны таңдандырады. Қайыр бұл ауырған сәтте дұрыс шешім таба алмай қателік жасады. Қайыр хаты Дәмеш күткендей болмады. Қайыр Дәмештің артынан жедел келмеді. Дәмеш солай деп оны жазғырғысы келеді, өз қылығын ақтағысы келеді. Махаббат деген сондай, өткінші жаңбырдай сіркіреп өте шығар оп-оңай болар ма?! Махаббат сондай көрінгенге төңкеріле салатын көрсеқызар, опасыз болар ма?! Иә, болады. Болатыны рас, махаббат дейтін асыл да аяулы сезімді келген жерде қорлап, ойыншыққа айналдарып, табанына таптап кететін әумсерлер аз емес өмірде. Ал Дәмеш... Біз білетін Дәмеш ондай ақымақтардан емес қой. «Теміртаудан» таныс Дәмеш - сүйкімді Дәмеш ісі де қылығы да, махаббаты да, бәрі де ұнамды Дәмеш. Ол Дәмеш пен бұл Дәмеш ұқсаса қоймайды. «Теміртау» Дәмешін «Дарханов» Дәмешіне қимайсың, айырбастамайсың. Мұндағы Дәмеш те сорлы Дәмеш емес, түйсіксіз-парықсыз Дәмеш емес. Бұл да әп-әдемі, сүйкімді, жөн-жосықты білетін көркіне ақылы сай – дұп-дұрыс адамның бірі. Ұнатпаған адамын тастап, көңілі қалаған адамына шықысы келсе несі бар? Оған да жол бос. Жүрегіне жүгінсін. Ондай қыздардың болатынын, көп болатынын білеміз.

Бірақ біздің іздейтініміз «Теміртаудан» танысқан сүйкімді Дәмеш, ақылды Дәмеш, инженер Дәмеш. Мұнда ол Дәмештің көлеңкесі ғана бар. Халқымыздың маңдай алды, сүйкімді қыздарының бірі дерлік Дәмеш емес, қатардағы көптің бірі Дәмеш бар.

Әрине, жақсы қыздың жаман болуы қиын ба деуі де ықтимал ғой біреудің. Біздің жоқтап отырғанымыз - әдебиеттің иглігі, туған әдебиетіміздегі сүйкімді, өнегелі қыздың образы. Сол тұрғыдан алатын болсақ, З.Шашкин «Теміртау» романында әжептеуір жарқырата көрсеткен қазақ қызы Дәмештің образын «Доктор Дарханов» романында анағұрлым жүдетіңкіреп алғанын атап айтпасақа болмайды.

Белгілі әдебиетші С.Талжанов кезінде: «Дәмеш ауырды да, жүнжіді», [2,18-б.]- деп қынжылуы бекер емес.

Дәмеш образының бұлай құлдырауының бір себебі жазушы мұнда оны екінші қатардағы кейіпкер есебінде орын бергендігінен де болуы мүмкін. Дегенмен Дәмештің өткенді еске түсіруі, екі азаматтың арасында толқуы, толғануы арқылы да оның образын әлдеқайда көтеруге болатын еді. Автор бұл арада Дәмеш толғанысының аясын тек Қайыр төңірегінде ғана құрып, онда да терең тебіреніссіз, үстірттеу, жадағайлау әкету салдарынан, Дәмеш образының солғындауына жол беріп алған

Біздің замандастардың басты бір қасиеті – қоғам алдындағы, адамгершілік, ар алдындағы, ұжым, отбасы, ағайын-туыс алдындағы жауапкершілікті сезінуде емес пе? Дәмеш образының солғын, ұнамсыздау әсер қалдыратын себебі – осы жауапкершілікті тереңірек сезінбеуінде.

З.Шашкиннің келесі бір шығармасы – «Тоқаш Бокин» романы. Бұл романдағы Айгүл тағдыры – аумалы-төкпелі кезеңдегі ел тағдыры. Сүйгенінен тірідей айырылып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған әйелдің аянышты халін жазушы сол кездегі барлық әйелдердің басынан өтіп жатқан тағдырмен ұштастырады. Айгүл таптық теңсіздіктің кесапат азабын ауыл-аймағымен арқалай, қырғын, жойқынға душар болып, туған жерден үдере көшіп Қытайға өтіп, онда да жанға сая, елге пана таппай сергелдеңге түскен. Патша, бай-манаптардың қуғын-сүргіні салдарынан балғын махаббатын да базарлай алмай жортуылмен күн кешкен. Көзі жасты, көкірегі шерлі, махаббаты мен бақыты жолында, күрескер қазақ қыздарының қарапайым өкілдерінің бірі. Романның сюжет арқауын қоюлату, сондай-ақ қалың оқушыға тартымдылық қуатын арттыру үшін автор махаббат линясын әлеуметтік, таптық тартыстар арнасымен шебер астастыра өреді. Бұл ретте Бикен образы оқшау көзге түседі. Бикен - өмір қысымы, тұрмыс таршылығы дейтінді көрмей-білмей, бұла өскен бай қызы. Бар жүріс-тұрысынан, киім киісінен молшылықтың, еркеліктің исі аңқиды. Ойнақы, әсем қылықты, кербез де өткір қыз. «Киіміне сымбаты мен көркі де сай, қаладағы әйгілі сұлулардың бірі. Өнерден де құр алақан емес. Пианиномен құйқылжыта күй шерткенде, қолы-қолына жұқпайды. Күміс көмей әнші десең де сияды. «Шіркін, Бикен менің құсым болар ма еді» деп аузынан суы құрып армандаушылар да, оның жүрегін аулап, махаббатын білдіруші бақталастар да аз емес. Ал, Бикен көңілі тек Тоқашта» [3,48-б.]. Бикен сұлуға әйелі жуырда қайтыс болған туған жездесі Ыбырайым Жайнақовтың, оқыған чиновник Ғабдолла Какенов пен көршісі, белгілі бай саудагер татар жігіті Бурнашевтің Бикен төңірегінде көбелек болып өліп-өшіп жүргені де, үлкен жездесі Зәкірдің сілекейі шұбырып тамсана қытықтай ойнауы да нанымды, әсерлі. Бикен қылығы, әрекеті романның алғашқы беттерінен бастап-ақ көрініс береді де, шығарманың ұзына бойында көңілге қонымды арнамен өрбиді. Оның түрмеде жатқан Тоқашқа сәлем-сауқат әкеліп тұрғанына да, Тоқаш анасы Ақбалтырды ертіп оған баласымен жолығуға прокурордан рұқсат алып бергеніне де, Тоқаш абақтыдан босанған кезде дастарханын жайып, үйінде қонақ етуіне де, романның ақырғы беттерінде Тоқаш өлімін аза тұтып, күңірене күйзеліп, айықпас ауыр дертке шалдыққанына да қалтықсыз сенесіз. Бикен тұлғасы романның жылылығын молайтып қана қоймай, сонымен бірге тартыс желісін ширата түсіп, оқиғаларды бір-бірімен тұтастыра, шиеленістіре өрбітуге мүмкіндік берген.

Бикен бірыңғай жалаң махаббаттың ғана құлы емес. Ол - өр мінезді өткір жан, ұнататыны сол өрлік, өткірлік. Оған керегі – байлық, даңқ, мәртебе-лауазым емес, жүрегінің оты бар жайсаң мінезді азамат. Тоқашты ол сол қасиеттері үшін сүйеді, оның жолында, ақ махаббаты жолында неден де болса тайынбауға бар. Бірақ Бикен күнәдан пәк, мінсіз жан емес. Айла-амалы да, керек болса, өз мақсаты, махаббаты жолында сайқал сұрқиялылығы да бар күрделі тұлға. Бикенді соншалық қаражүзді қастандық әрекетке араластырмай-ақ, нанымды, сүйкімді образ етіп шығаруға әбден болатын еді. Романда Айгүл образы Бикенге қарағанда жан-жақты ашылмаған. Шығарма басталғанда-ақ Айгүлмен таныс болатын оқырман автордан көп нәрсені күтетін тәрізді. Қиын өмірді тартқызып, ешқандай күрессіз, тек Тоқаштың сүйгені болып өмірден өте салады. Мүмін Айгүлдің бақытты өмір сүрудегі мақсаты орындалмаған соң да, оқиғаны шұбата беруді қажетсінбеген болуы мүмкін.

Романдағы Глафира жаңаша тәрбие алған, Жетісуды тітіренткен атаман Малышевтің қызы. Верный гимназиясында өзімен бірге оқыған көңілдес досы Сақа арқылы ол заманның озық ойлы адамдарымен байланыс жасайды. Өмірге, әке қылығына, айналаға сергек көзбен қарай бастаған зерделі қыз. Әкенің өркеуде, озбыр, дөрекі мінездері, әсіресе, басқа ұлттың өкілдерін кемсіту, қорлау әрекеттері ұнамайды оған. Сақа сынды ұлты бөлек азаматты өзіне тең санап жар етуі – дәстүрді бұзған жаңалық еді. Глафира образы, Глафира мен Сақа достығы, махаббаты арқылы жазушы қазақ пен орыс халықтарының алдыңғы қатарлы ұлдары мен қыздарының ертеден қалыптаса бастаған, күрестерде шыңдалған достығын бейнелейді..

Қорыта келгенде, жазушы қазақ әйелінің биік парасатты, мәдениетті, ақылды жан болғанын қалайды. Ұстамды да өжет, адал да берік, сезімтал да сергек мінез қазақ қыздарының бойына дарыса, жеңілтектік, көрсеқызарлық, қызғаншақтық, долылық сияқты мінез тұрпайылылығынан аулақ болса екен дегісі келеді.


Пайдаланылған әдебиеттер
1. Шашкин З. Алты томдық шығармалар жинағы. ІІ том. – А. -1973. – 400 б.

2. Шашкин З. Алты томдық шығармалар жинағы. ІІІ том. – А. -1973. – 320 б.



3. Шашкин З. Алты томдық шығармалар жинағы. ІV том. – А. -1973. – 374 б.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет