Е. Уайт жаратушыға апарар жол мазмұНЫ


КҮДІКТЕРІМІЗДІ НЕ ІСТЕЙМІЗ?



бет12/13
Дата13.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#133977
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

КҮДІКТЕРІМІЗДІ НЕ ІСТЕЙМІЗ?


Мәсіхшілдік жолына жаңадан түсқен адамдардың арасында өздерінің күдіктерінің салдарынан қиналып жүргендер де бар.Киелі Кітапта олар түсініп, ажырата алмайтын жайлар көп. Әзәзіл шайтан осы жағдайды пайдалана отырып, олардың Киелі Жазбаға деген сенімдерін шайқалтқысы келеді. Ондай адамдар: "Мен сенімді жолды қалай табамын, егер Киелі Кітап шынымен Құдайдың Сөзі болса, онда менің көкейімде жүрген түсініксіз ойлар мен күдіктерден қалай арылуыма болады?- деген сұрақтарды жиі қояды.

Құдай біздің сенімімізді бекіту үшін бұлтартпас дәлеледерді жеткілікті түрде бермеген болса, онда Ол ешуақытта біздің Өзіне сенуімізді сұрамаған болар еді. Жаратқан Иенің болмысы, Оның мінез-құлқы, Оның шын мәнінде бар екендігі, Оның Киелі Сөзінің ақиқи шындық екендігі, біздің ақыл-ойымыз бен жан дүниемізді тебірентетін дәлелдемелер мен куәліктер негізінде дәлелденген. Осындай бұлтартпайтын дәлелдемелер жеткілікті. Жаратушы Ие осындай күдіктер болмайды деп есептемеген. Біздің сеніміміз дәлеледемелерге негізделуі тиіс. Мұндай дәлеледемелердің ерекше бір құбылыстарға байланысты болуы міндетті жай емес. Күдікті іздеушілер, күмәндану үшін себеп табады. Ақиқи шындықты білгісі келгендер, өзінің сеніміне негіз болатындай дәлеледемелерді жеткілікті түрде таба алады.

Біздің шектеулі ақыл-ойымыз шексіз Құдайдың ісі мен болмысын, мінез-құлқын толық түсіне алмайды. Ең зерек және білімдар адам үшін де Қасиетті Өмір Иесі барлық уақытта тереңіне жете алмайтын құпия күйінде қалады. "Сен зерттеу арқылы Құдайды үғынып, таный аласың ба? Бәрін билеп, Ұстаушыны толықтай түсіне аласың ба? Ол аспандардан да жоғары-не істей аласың? Тамұқтардан да терең-не біле аласың?" (Әйуп. 11:7-8).

Елші Пауыл былай деген:


"О, неткен бай Құдайдың даналығы,

Неткен терең Оның білік парасаты! Шешімдеріне адамның ақылы жетпес, Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!"


(Римдіктерге. 11:33).
"Бұлттар мен қараңғы дүние — Оның айналасы, Оның тағының нағыз тірегі — ақиқи шындық және әділ сот". (Зәбүр жырлары. 96:2). Жаратушы Иеміздің өзімізге деген қарым-қатынасында әрдайым басшылыққа алып отыратын ой-ниеті,өзімізге көрсететін қамқорлығы туралы ой толғай отырып, біз Оның құдіретті күшімен астасып жататын шексіз сүйіспеншілік сезімдерін және мейірлі шапағатымен жарылқай білетін рақымшылдығын көреміз. Біз Жаратушы Иеміздің ой-ниетін, өзіміздің игіліктеріміз үшін қажетті қызмет шеңберінде ғана түсіне аламыз. Одан басқасын, өзімізді шексіз де риясыз сүйіспеншілік сезімге бөлеп, аялайтын құдіреті күшті Құдай Әкемізге сеніп тапсырамыз.

Құдай Сөзі оның Тәңірілік авторының мінез-құлқы сияқты, ешкімнің ешқашан зерттеп, терең сырларына бойлай алмайтындай құпия болып табылады. Әлем дүниесінде күнәнің пайда болуы, Мәсіхтің адам кейпінде көрінуі, өлілердің қайтадан тірілуі, қайта туу, Киелі Кітапта баяндалған басқа да көптеген оқиғалар мен құбылыстар өте терең құпия болғандықтан, адамзат баласының толықтай әрі терең үғынып, түсінік беруіне қиын тиеді. Осыған байланысты Құдайдың Сөзі тұргысында, күмәнданушылық сезімдеріне көңіл тоқтатудан мүлде аулақпыз. Өйткені Құдай Сөзінің терең ақиқатын түгелімен түсініп білген жоқпыз. Айналамызды қоршаған табиғат аясында да аяғына дейін түсіне алмайтындай құпия сырлы құбылыстар қөп-ақ. Өміріміздің әдеттегідей қарапайым сәттерінде де біздің түсінуімізге қиын тиетін жұмбақ жайларға жиі-жиі кездесеміз. Рухани дүниеде де біздің түсінігімізге және түсіндіруімізге қиын тиетін құпия құбылыстардың бар екендігіне таңдануымыз керек пе? Бар қиындық пен күрделілік - адамның ақыл-ойының шектеулі екендігінде. Киелі Жазбалардың шығу тегінің Тәңірілік сипаты туралы тартымды да ұғынықты дәлелдемелер бар. Біз Құдай Сөзінің барлық құпия сырларын тереңінен үғына алмағандықтан, күмәнданудан аулақ болғанымыз жөн.

Киелі Жазбада елші Петір былай деп жазған болатын: "Оларда бірқатар түсінуге қиын жерлер бар. Шынайы рухани тәлім алмаған, тұрақсыз адамдар өзге Киелі Жазбаларды бұрмалағандары сияқты, бұларды да бұрмалап, қате түсіндіреді. Сол арқылы олар тозаққа түсулеріне өздері себепші болады" / 2 Петір. 3:16/. Егер Киелі Кітапта Құдай туралы тек біз түсіне алатындай жайларды ғана мәлімдейтін болса, қарапайым адамдардың шектеулі ақыл-ойлары Оның ұлылығы мен құдіреттілігін аяғына дейін толықтай түсіне алатын болса, онда бұл кітап Тәңірілік авторластық деген жанама атақты еншілейтіндей мөрге ие болмас еді. Бұл Кітаптың ұлылығы және оның мазмұнының желісіндегі орын алған құпиялық сыр, осы туындының шын мәніндегі Құдайдың ақиқи Сөзі екендігін дәлеледейді.

Киелі Кітап жай, қарапайым сөздердің өзінен адамдардың қажеттіліктері мен сұранымдарын қанағаттандырып, асыл армандарына жауап бере алатындай және білім деңгейлері өте жоғары адамдардың өзін таңдандырып, сүйсіндіретіндей ақиқи шындықтың бетін ашады. Бұл кітапты Құдайға мойын ұсынғандар мен білімдері таяз адамдар да беріле оқып, ізгілікті әсерге бөленіп, құтқарудың ақиқи жолын табады. Киелі Кітап беттеріндегі қарапайым, ақиқи сөздер, адамның білім деңгейінен жоғары тұратын, жоғары рухты, ұшы-қиыры жоқ, терең шындықтар туралы сыр шертеді. Соның өзінде де біз сол қиын ойларды түсінеміз. Өйткені осы ақиқи шындықты Құдайдың өзі ашқан. Құдайдың құтқару жоспарлары өте айқын: Құдайдың алдында күнәларымыз үшін өкініп, тәубеге келу, Исаға сену - біздің алдымыздан құтқарылу жолын ашады. Осы ақиқи шындық түсінікті болғанымен де, оның тереңінде Тәңірілік даңқ пен ұлылықтың, адамдардың ақыл ойлары арқылы ешқандай зерттей алмайтындай даналықтың құпия сырлары жатыр. Осы құпия сырлар сенімге деген ерекше құрмет сезіммен әрдайым ізденіс үстінде жүрген адамдардың жүректеріне қуаныш, сенім рухын ұялатады. Олар неғүрлым Құдай сөзін тереңірек зерттеген сайын, бұл Кітаптың тірі Құдайдың Сөзі екендігіне деген сенімдері де солғұрлым нығая түседі. Сөйтіп, адамзат баласы Тәңірілік аян алдында құрметпен бас иіп, мойын ұсынады.

Інжілдік Ұлы шындықты толық түсінуге деген қабілетсіздігімізді мойындай отырып, біз өзіміздің қарапайым ой-санамыз арқылы мәңгілік өмір туралы ақиқи шындықты түгел қамтуға шамамыз жетпейтіндігін, шектеулі білімі бар адам, бәрін өзі біліп тұратын Құдайдың ойлаған ниетін түсіне алмайтындығын мойындаймыз.

Киелі жазбада кездесетін құпия сырлардың барлығын бірдей тереңінен түсінбегендіктен, күдікшілдер мен дінге сенбеушілер Құдайдың Сөзін жоққа шығарады. Алайда Киелі Кітапқа сенеміз деп жүргендердің жартысына жуығы осындай күдіктерден өздерін аулақ ұстайды. Бұл туралы елшілер былай деп жазған: " Бауырластар, сақ болыңдар; ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбей, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер!" (Еврейлер. 3:12). Адамдар Киелі Кітапты тереңінен зерттеу арқылы, "Тәңірілік тереңдіктерге" / Қорынттықтарға.2:10/. бойлай біліп, Киелі Жазбада бұл туралы жазылғандарға ерекше ден қойған дұрыс. Алайда "барлық жасырын құпиялықтардың бәрі тек біздің құдіреті күшті Құдайымыздың билігінде" (Заңның қайталануы. 29:29), ал "ашық түрдегі нәрселер біздің меншігімізге" жатады /Заңның қайталануы. 29:29/.

Шайтан адамдардың зерттеушілік іске деген ынта — қабілетінің босаңсуына әсер етеді, кей кездері адамдар інжілдік ақиқи шындық ілімін зерттеп, үйрену кезінде тәкаппарлық танытатын болды. Өйткені ондай адамдар Киелі Жазбадағы ақиқи шындықтың кейбір жалынды сөздерін түсінуге деген қабілеттері жоқ екенін мойындауды өздерін-өздері қорлағандық деп түсінді. Олар Құдайдың еркі бойынша ақиқи шындықты зерделеріне тоқып, түсіне алатын кез туатын уақытты күткілері келмеді. Мұндай адамдар өздерінің бойларында Киелі жазбаларды тереңінен түсіне алатындай даналық қабілеті бар деп есептеді. Бірақ қаншама тырысықанымен де, Киелі жазбаны тереңінен түсіну жонінен жоғары нәтижеге жете алмағандықтан, Киелі Кітаптың беделін жалған деп түсінетін болды. Шынтуайтқа келгенде, Киелі Кітаптың негізінде туындаған көптеген діни және теориялық ілімдер осы Киелі Жазбаның жалпы түрдегі мазмұнына қайшы келетіндігі рас. Осының өзі көптеген адамдардың тарапынан күдік, түсінбестік туғызады. Бұл ретте Құдайдың Сөзінде кінә табылып тұрға жоқ. Бұған Киелі Жазбаны бұрмалаған адамдар кінәлі.

Егер Құдайдың жаратқан пенделері Құдайдың Өзін, Ісін толығынан түсінген болса, онда олар өздерінің таным деңгейін кеңейтіп, ақыл-ойын дамыту үшін, осы Тәңірілік ілімге әрі қарай терең бойлаудың реті мен жолын таба алмай, тұңғиыққа тірелер еді. Онда Құдай аса жоғарғы Болмыс Иесі болып аталмас еді, ал адамдар белгілі бір жетістікке, білім деңгейіне жеткен соң, одан әрі дамымаған болар еді. Бұлай болмағанына шүкір! "Онда даналық пен білімнің бүкіл қазынасы жатыр" (Қолостықтарға, 2:3), бүкіл мәңгілік өмір бойына адамдар оқу, танып білу арқылы білім жинақтайтын болады. Бірақ Оның даналығының, мейірімі мен күшінің ортаймас қазынасын ешқашан да біліп тауыса алмайды.

Құдай Өзінің Киелі Сөздері туралы ақиқи шындықтың Өз халқының алдында осы өмір кезінде ашылғанын қалайды. Мұндай танымға Киелі Рухтың білімі арқылы қол жеткізуге болады. "Мұны Құдай бізге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді", "себебі адамның ішкі құпия сырларын Оның Өз Рухынан басқа бірде-бір адам біле ме? Құдайдың терең ой-мақсаттарын Оның Киелі Рухынан басқа ешкім де білмейді" (1 Қорынттықтарға. 2:11-10). Құтқарушы өзіне ергендерге былай деп уәде етті: "Құдай Рухы келгеннен кейін, сендерді бар шындыққа жеткізеді"; "себебі Менен қабылдап алған хабарларды сендерге жеткізбек" (Жохан. 16:13-14).

Құдай адамдардың ойлау қабілетін дамытқанын дұрыс көреді. Киелі Кітапты зерттеу біздің ақыл-ойымызды тереңдетіп, ойлау қабілетімізді дамытады. Бірақ біз өзіміздің ой-санамызды әспеттеуден аулақ болғанымыз жөн. Өйткені ой-санамыз әлі де болса толығынан жетілмеген, әлсіз. Құдай Сөзін дұрыс түсіну үшін біз жас балалар сияқты қарапайым да риясыз сенім иелері болғанымыз дұрыс. Сонда ғана біздің Тәңірілік терең білімді оқып үйренуге деген құлшынысымыз зор болып, әрқашан да Киелі Рухтан көмек сұрап отыратын боламыз. Құдайдың күші мен даналығын, ұлылығын түсініп, Оның құдіретінің күштілігіне ақылының асқан кемелделігіне терең бойлай алмайтын әлсіздігімізді мойындауымыз Жаратушы Иеге мойын ұсынып, Оның ұлылығын, Тәңірілік болмысын толықтай мойындауымызға әсерін тигізуі тиіс. Біз Оның Киелі Сөзінің беттерін ерекше қастерлей ашып, Оның Өзі дәл жанымызда болғанда қандай сезімде болар едік деп түсінсек, сондай сезімге бөленуіміз керек. Киелі Кітапты оқый бастағанда, біз жанымызда Жоғарғы Сарапшы бар екендігін мойындап, ұлы да құдіретті Жаратушы Иеміздің алдында бас иіп, мойын ұсынуымыз қажет.

Жоғарыда айтылғанындай, Киелі Кітапта түсінуге қиын тиетін жерлері болса, ол адамдар Құдай Сөзін түсінуге шынайы ниет етіп, жүрегімен берілсе, Жаратушы Ие ондай адамдардың саналарына жарық ой береді. Киелі Рухтың тікелей басшылығымен, біз Киелі Жазба сөздерін бұрмалаудың қауіпті екендігін әрдайым жадымызда сақтайтын боламыз. Кейбір адамдар Киелі Кітапты оқығаннан өздеріне ешқандай пайдалы тағылым ала алмайды, ал кей кездері тіпті зиянды әсер алуы да ықтимал. Өйткені бұл Қасиетті Туындыны олар Құдайға сиынып, Оның батасын алмастан-ақ оқый береді. Егер олардың барлық ой-саналары Құдайға бағытталып, Оның еркімен келісімде болмаса, онда адам өздерінің саналарын билеп алған күдіктерінен арыла алмайды. Осындай кездері адамдардың ойлары олардың Киелі Кітаптан оқығандарына теріс пиғылда пайымдауларына әсер ететін әзәзіл шайтанның билігіне өтеді. Егер адамдар осындай оқу кезінде Құдайдың еркімен келісімде болмаса, онда олар қандайлықты білімдар болса да, Киелі Кітапты оқып, зерттеу, түсіну кезінде қатты қателесуі ықтимал. Сондықтан ондай адамдарға сенім артып, олардың берген түсініктерін қабыл алудың өзі қауіпті. Ал Киелі Жазбадан тек қайшылықтарды ғана іздейтін адамдардың рухани түйсігі мен көрегендігі таяз болады. Іс жүзінде қарапайым әрі түсінікті болып келетін мәселелердің өзінен де олар сенімсіздік пен күдік тудыратын себептер тауып отырады.

Қалай жасырғанымен де, мұндай пиғылға бейім болудың түп тамыры күдікшіл адамның күнәға деген бейімділігінде екенін мойындаған жөн. Күнәні жақсы көретін, тәкаппар адамдар және Киелі Жазбаның талаптарына бағынғысы келмейтіндер, осы Киелі Туындының беделіне күмән келтіруге бейім тұрады. Ақиқи шындықты табу үшін, адамдардың сол шындықты табуға және Оған мойын ұсынуға деген ниеті түзу болуы керек. Осындай қалыппен Киелі Кітапты зерттеп, оқып- үйренушілер, бұл туындының шын мәнінде Құдайдың Сөзі екендігіне куә болатындай куәліктерді таба алатын болады. Сөйтіп олар ақиқи шындықты таба отырып, құтқарылу жолын да айқын түсінетін болады.

Мәсіх былай деген: "Оның еркін орындағысы келген әркім, осы ілім Құдайдан ба, әлде Мен өз бетіммен сөйлеп тұрмын ба, соны білетін болады" (Жохан. 7:17). Киелі Кітаптың мазмұнына күмәнданып, өздеріңе түсініксіз болған жерлеріне шұқшиып қазымырлана бергеннің орнына, өздеріңді нұрландырып тұрған жарыққа көңіл бөліңдер, сонда сендер одан да көп жарыққа ие боласыңдар. Сонда сендер Иса Мәсіхтің рақымшылығының арқасында, таза түсініктерің бойынша алдыларыңда тұрған міндеттеріңді орындап, күдіктеніп, күмәнданған сұрақтарыңды түсініп, міндеттеріңді ойдағыдай орындауға мүмкіндік беретін қабілетке ие боласыңдар.

Білімді адамдар үшін де, ең қарапайым адамдар үшін де- барлығы үшін бір дәлелдеме бар - ол жеке тәжірибе күәгерлігі. Құдай бізге Өз Сөзінің рас екенін, және Оның уәдесінің сенімді екенін тексеруімізді қалайды. Ол бізге былай деп үндеу тастайды: "Дәмін татып көріңдер, сонда Құдай Иенің қандай рахымшыл екеніне көздерің жетеді" (Зәбүр жырлары. 33:9). Басқалардың сөзіне ермей, өзіміз дәмін татып, көзімізді жеткізуіміз керек. Ол бізге: "Енді сұраңдар да алыңдар" (Жохан. 16:24) деп уәде еткен болатын. Құтқарушы барлық уақытта Өзі айтқан сөздеріне сенімді. Оның уәделері міндетті түрде орындалады. Оған сенгендердің беттері қайтқан жоқ. Қашан біз Исаға жақындап, Оның толық сүйіспеншілігінен рахат тапқанда, біздің күдіктеріміз бен рухани жан дүниеміздің қараңғылығы Ол бізбен бірге болған кездегі жарықтың әсерінен жоғалып кетеді.

Елші Пауыл былай деп жазған: "Құдай бізді қара түнек билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Мәсіхтің Патшалығына енгізді" (Қолостықтарға. 1:13). Сонда өлімнен өмірге өткен әрбір адам: "Бірақ соны қабылдағандар, Құдайдың Өзін шындық деп мойындайды" (Жохан. 3:33). Ол былай деп күәлік ете алады: "Мен көмекті керек еттім, оны Исадан таптым. Құдай Ие менің барлық қажеттіктеріме жауап беріп, сусаған, шөліркеген, ашыққан жанымды тойындырды. Ал енді мен үшін Киелі Кітап - Иса Мәсіхтің аян беруі. Неліктен Исаға сенесің?-деп сұрасаңыз, мен: Ол - менің Тәңірілік Құтқарушым,-деп жауап беремін. Неліктен Киелі Кітапқа сенесің?-деп сұрасаңыз, мен: Киелі Кітап менің жан дүниеме үн қатып түрған Құдайдың Дауысы екендігін түсіндім,-деп жауап беремін. Біз өзіміздің жан дүниемізден Киелі Кітап - шындық, ал Мәсіх-Құдайдың Ұлы екендігіне дәлелдеме таба аламыз".

Елші Петір өзінің бауырларын былай деп шақырады: "Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рахымына кенеліп, Оны жақынырақ танып білуде өсе беріңдер" (2 Петір. 3:18). Құдайдың халқы, рахымшылық бойынша өсе отырып, Оның Сөзін өте терең түсінуге мүмкіндік алады, және Оның қасиетті шындықтарынан жаңа жарық, жаңа әдемілікті көруге үйренеді. Ғибадатхана тарихында барлық ғасырларда солай болды, ақыр заманға дейін солай болады. "Тақуалар жолы — күн толысқанға дейін ағара түсетін нұр сәулелі аспанның жарық шырағы іспетті" (Сүлейменнің өсиет кітабы. 4:18).

Біз сенім арқылы болашаққа көз жіберіп, Құдайдың берген уәдесін ақылмен байыптап, ақыл ойымыз бен жан дүние күші қабілеттері Жарығының Бастауымен тығыз байланыста болсақ, жаңа күштерді бойымызға жинақтайтын боламыз. Сонда Құдайдың алдын-ала ескерткеніндей,бізді абыржытатын істер түсінікті болып, сол үшін біз қуанатын боламыз .Сол кезде бізге түсінуге қиын нәрселер түсінікті болады. Біздің шектеулі ақыл-ойымыз, тек абыржу мен орындалмайтын үміттерді ғана көрген жерлерімізден біз жетік әрі толымды үйлесімділікті көреміз.

"Сол сияқты, қазір көргеніміз

Айнадағы көмескі бейне іспетті,

Ал болашақта бетпе-бет көретін боламыз.

Қазіргі білетінім, шектеулі ғана.

Алайда Құдайдың өзімді толық білетініндей,

Мен де сол кезде бәрін толық білетін боламын"
(1 Қорынттықтарға. 13:12).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет