"Сонымен, біреу Мәсіхпен тығыз байланысса, сол - жаңадан жаратылған адам. Ескі өмірі өтіп кетіп, міне, жаңасы пайда болды!" ( 2 Қорынттықтарға. 5:17).
Кейде адамдар Исаға дәл қай жерде, қай уақытта сиынғанын дәлдеп айта алмайды және осы оқиғаның алдында басынан қандай жайлар өткенін де есіне түсіре алмайды. Бірақ бұл жай осы адамның Құдайға әлі де бет бұрмағандығын айғақ етпейді. "Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас" (Жохан. 3:8).
Құдай Рухының адам жүрегіне тигізер әсері де самал желдің желпігені сияқты. Біз желді көрмейміз, бірақ оның әсерін сеземіз. Адам көзіне көрінбейтін Жаңартушы күш жаңа өмірге бастау береді. Ол жаңа адамды Құдайдың бейнесіне ұқсас етіп жаратады. Қасиетті Рух адамға білінер-білінбес жай қалыппен ғана әсер етеді, бірақ Оның іс-әрекетінің жемістері көзге көрнеу болады. Егер адамның жүрегі Құдайдың Рухымен жаңарса, ол оның өмірінде айқын көрініс бере алады. Құдаймен келісімге келу үшін немесе өзімізді өзгерту үшін біз өз бетімізбен еш нәрсе істей алмаймыз. Сондықтан біз өзіміздің қайырымды істерімізге немесе өз күштерімізге сенбеуіміз керек. Ал егер бізге Құдайдың рахымы түскен болса, онда Оның нұр жауған берекесі жасырын түрінде қалмайды. Біздің мінез - құлықтарымызда, дағдыларымызда, іс-әрекеттерімізде айқын өзгерістер пайда болады. Адамдар біздің ескі өміріміз бен жаңа өміріміздің арасындағы ерекше айырмашылықты көреді. Адамның мінез-құлқы оның кездейсоқ атқарылған ізгілікті істері немесе жамандық істері арқылы емес, өмірінің жалпы бағыттылығы бойынша сөйлеген сөздері мен атқарған істері арқылы ашыла түседі.
Исаның жаңартушылық құдіретінсіз де, адамның сыртқы іс-қимылы әдепті болып көрінуі мүмкін. Бұл өмірдегі бар нәрсе. Қоршаған ортага әсер ету үшін, және көпшіліктің құрметіне бөлену үшін, біз өзімізді мәдениетті етіп көрсетуге тырысамыз. Өз абыройын жоғары үстау сезімі, біздің жаманшылық істерден аулақ болуымызға ықпал етеді. Өзімшіл адам қайырымды істерді де істей алады.
Сонда біз жақсылық жағындамыз ба, әлде жаманшылық жағындамыз ба? Біздің жүрегіміз кімнің еркінде? Біздің ойларымызды кім басқарады? Кім туралы айтқанды жақсы көреміз? Ең нәзік сезімдерімізді және күш-жігерімізді кімге арнаймыз? Біз осы жайларды қалай анықтай аламыз? Егер біз Иса Мәсіхтің меншігіне жататын болсақ, онда бізге Ол туралы ойлау жағымды болар еді. Өзіміздің тағдырымызды сеніп тапсырып, бар еркімізді Оған бағындырар едік. Біз Оның бейнесіне ұқсауға, Оның Рухын жүрегімізге етене жақын қабылдап, жан дүние тазалығына, мінез-құлықтың кемелдігіне, ақыл-ойдың толықтығына жетіп, Оның Рухының тілегін орындап, барлық жағынан да Оның көңілінен шығуға тырысуымыз керек.
Иса Мәсіхтің әсерімен жан дүниесі жаңарған әрбір адам, өздерінің өмірлеріне Киелі Рухтың жемісін әкеледі: "Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін игілікті "жеміс" мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық" (Ғалаттықтарға. 5:22-23). Мұндай адамдар өздерінің бұрынғы құмарлықтарын тастап, Құдайдың Ұлына деген сенімге бой ұсынып, Оның мінез-құлқына, ісіне, болмысына ұқсауға тырысып, сондай Иса сияқты пәк таза болу үшін, күнәларынан арылып, Оның лайықты ізбасарлары болуға тырысады. Оларға өздерінің бұдан бұрын жек көргендері ұнап, бұрын жақсы көргендерін жек көретін болды. Өздеріне ғана сенетін өркөкіректер жүректерімен мойын ұсынатын момын, абыржушылар мен тәкаппарлар байсалды да қарапайым болып, мінез-құлық көркемдігіне бет бұрады.
Ішімдік ішуге құмар адамдар арақты тастап, салауатты өмір салтын ұстанатын болып, азғын, бұзық адамдар жаны таза адамдар қатарына қосылатын болады. Азғындар адалдылыққа ұмтылады. Бұл дүниедегі кең тараған әдет-ғұрыптар, талғамдар шеттетіледі. Бұдан былайғы уақытта мәсіхшілерді: "Сендердің көріктерің сыртқы әшекейлерге: шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемі киімдер киюге тәуелді болмасын. Қайта көріктерің көңілдеріңдегі көзге көрінбес ізгі қасиеттеріңнен тұрсын, мейірімді де сабырлы жан дүниелеріңнің мәңгі солмайтын көркі Құдай алдында аса бағалы" (1Петір. 3:3-4) .
Күнәлары үшін опық жеп, істеген күнәкарлық қылықтарынан кейін шегініп, тәубеге келгеннен кейін, адам түзеліп, өмірде оңды қадам жасамаса, онда оның тәубесі шынайы да адал деп айтуға болмайды. Егер күнәкар кепілдікке алған немесе ұрлаған заттарын қайтарса, күнәларын мойындап, тәубеге келсе, Құдайды және өзінің жақын адамдарын жақсы көре бастаса, онда оның өлімнен өмірге өткендігіне сенуіне болады.
Өзіміздің адасқандығымыз бен күнәларымызды түсінген соң, Исаға келіп, Оның кешіруші рахымымен тілдескенде, жүрегіміз мейірімділікке, сүйіспеншілікке толады. Ешқандай жүк ауыр болып көрінбейді, өйткені Исаның беретін жүгі жеңіл. Міндеттердің барлығы қуанышқа айналып, жанқұрбандық қызмет-рахатқа ұласады. Бұрын бұлыңғыр да көмескі болып көрінген жолыңыз, ендігі жерде Тақуалық Күнінің жарық нұрлы сәулесіне бөленетін болады.
Исаның мінезінің көркемдігі Оның ізбасарларының бойынан көрініс табады. Ол Құдайдың сүйіспеншілігін сергектікпен сезініп, Оның ұлы даңқын мадақтауға даяр тұратын. Құтқарушымыздың бойындағы ерекше мейірбандылығы мен сүйіспеншілігі Оның бар іс-амалдарына ерекше тартымдылық беріп тұратын. Ал шексіз сүйіспеншілік Құдайдан тарайды. Мұндай сезімдер Исаға, Ол арқылы Құдай Әкеге сенетін адамдардың жүректерінде ғана болады. Иса Құдай еркін қуана орындады: "Біз Оны сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді" (1 Жохан. 4:19). Құдайдың рахымымен жаңарған жүректегі сүйіспеншілік қозғаушы күш болып табылады. Бұл күш адамның мінез-құлқын өзгертіп, талап-ниеттерін басқарады, ынтызарлықтары мен құмарлықтарын басып, бір-бірімен алакөз болып, жауласушылардың арындарын басып, жуасытады, жан сезімдерін жақсартып, игілендіреді. Адамның жүрегіндегі қозғаушы күш, оларды шексіз бақытқа бөлеп, өзінің айналасындағыларға ізгілікті ықпалын тигізеді.
Құдайдың рахымшылдығына жаңадан сенім артып келе жатқандар үшін екі жағдайда қауіп бар. Біріншіден, жоғарыда атап өтілгеніндей, адам баласы өзінің игілікті істері арқылы Құдаймен келісімге келеді деу - қате пікір. Өз күшімен заңды сақтау арқылы, қасиеттілікке жетемін дегендер, өздерін сәтсіздікке ұшыратады. Адамның Исасыз жасаған барлық істері, өзімшілік және күнәкарлық сияқты жағымсыз қылыққа былғанған. Өйткені біз сенім тұрғысында ғана Мәсіхтің рахымшылық істеріне ортақ боламыз: сенім арқылы Мәсіхтен алған рахымшылық арқылы ғана біз киелілікке қол жеткіземіз.
Исаға деген сенім, Құдайдың заңдарын орындаудан босатады деген жаңсақ түсінік бізді адастыруы хақ. Өйткені біз Исаға деген сенім арқылы, Оның рахымына қатысты бола алатындықтан, біздің ісіміздің құтқарылуымызға ешқандай қатысы жоқ.
Бірақ біз Жаратқан Иеміздің бұйырғандарына мойын ұсынып, оларды мүлтіксіз орындау, өзіміздің алдымызға қойылған талаптарды сырт көзге көрінетіндей ғана етіп орындамай, жалпыға бірдей тәртіппен, Құдай Әкеге ерекше сүйіспеншілік сезімімен мойын ұсына отырып орындау арқылы қызмет ету болмақ. Құдайдың заңы — Оның Тәңірілік табиғатының жарқын көрінісі болып табылады. Тәңірілік сүйіспеншілік аспан мен жердегі Тәңірілік басқарудың негізі болғандықтан, Құдай Әкеге мойын ұсынып, бағыну осы сүйіспеншіліктің ұлы мақсаттарын іске асыру болып табылады. Егер біздің бойымызда Құдайға ұқсастық болса, егер біздің бойымызда Құдайдың сүйіспеншілігі өмір сүрсе, онда біз үшін Құдайдың заңдарын орындау табиғи құбылыс емес пе? Адамның жан дүниесі өзін жаратқан Құдайдың кейпі, бейнесі бойынша жаңарып өзгерген болса, Оның үстінен жаңа өсиеттің уәделері орындалады: «Бұл - менің кейінірек олармен жасайтын келісімім - Мен тағылымымды жүректеріне құямын, ой-саналарына жазып та қоямын" (Еврейлерге. 10:16). Егер заң жүректе жазылса, сонда ол өмірге әсер ете ала ма? Жақсы көре отырып, тіл алып қызмет ету — Исаға қатысымыз барлығының сенімді белгісі. Киелі Жазбада былай деп жазылған: "Өсиеттерін орындағанымыз - Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес"; "Құдайды танимын дей тұра, Оның өсиеттерін орындамайтын кісі - өтірікші, оның жан дүниесінен шындық орын алған жоқ" (1 Жохан. 5:3, 2:4). Сенім адамды мойын ұсынып, бағынушылықтан босатпайды. Сенім арқылы біз Исаның рақымына ие болдық, өйткені Ол біздің сенімімізді қабылдап, мойын ұсынушылыққа бет бұруымызға күш-қуат береді.
Біз тек қана мойын ұсынушылықтың арқасында құтқарыла алмаймыз. Құдай Әке құтқарылуды тегін береді, оны біз шынайы сезіммен қабылдауымыз керек, тіл алып, мойын ұсыну — шынайы сенімнің игі жемісі.
"Ал Мәсіхтің күнәларымызды алып тастауға келгенін және Өзінің ешқандай күнә жасамағанын білесіңдер. Сондықтан кім Мәсіхпен тығыз байланыста тұрса, сол күнә жасамайды. Күнә жасайтын әркім, Оны көргенде де, таныған емес" (1 Жохан. 3:5-6). Осылайша біздің сеніміміз сыналады. Егер біз Исамен бірге болып, Жаратушы Иенің, Тәңірілік сүйіспеншілігі біздің бойымызда болатын болса, онда Құдайдың Киелі Заңында көрсетілгеніндей, біздердің сезімдеріміз, ой-санамыз, ниеттеріміз және іс-амалдарымыз Оның еркіне сай болады. "Балаларым менің, сендерді ешкім де күнә жасауға азғырмасын! Әділдік істеуші адам, Мәсіхтің Өзі сияқты әділ болады" (1 Жохан. 3:7). Құдайдың Синай тауында берген Он Өсиетінен тұратын Құдайдың Заңы тақуалықтың, әділдіктің бұлжымас өлшемі болады.
Мәсіхпен бірге болу арқылы сенімге жету, адамды Құдайға мойын ұсыну қажеттілігіыен босатады деген пікір дұрыс емес. Бұл - өзімшілдіктің белгісі. "Құдайдың рахымымен, сенім арқылы құтқарылдыңдар"; Алайда "егер сенім игі іс-әрекет тудырмаса, ол - өлі сенім" (Ефестіктерге. 2:8; Жақып. 2:17). Иса жерге келместен бұрын, Өзі туралы былай деп айтқан еді: " Құдайым менің! Мен сенің еркіңді орындағым келеді, ал Сенің Заңың - менің жүрегімде" (Зәбүр жырлары. 39:9). Өзі аспанға көтерілері алдында Иса былай деген еді: "Егер Құдайдың өсиеттерін орындасақ, Құдайды жақыннан танитынымызды білеміз.... Онымен қатынаста тұрмын дейтін кісі, Иса Мәсіх қалай өмір сүрген болса, солай өмір сүруі тиіс" (1 Жохан. 2:3-6). "Өйткені Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек" (1 Петір. 2:21).
Біздің арғы ата-бабаларымыз жұмақта өмір сүрген кезінде - күнәкарлық жасағанға дейінгі уақыттарда және әрқашан мәңгілік өмірге қол жеткізудің шарттары - Құдайдың Заңына толығынан мойын ұсыну, әділеттілік іс жасау болған. Егер мәңгілік өмірге қол жеткізу үшін қандай да бір аз шарттар қойылған болса, онда бүкіл әлем дүниесіне қауіп төнген болар еді. Яғни, бітпейтін азап, таусылмайтын қайғы-қасіретті алып келетін күнәкарлық мәңгілік орнығуы мүмкін еді.
Күнәкарлық істегенге дейін Адам ата, Құдайдың Заңына бағына отырып, тақуалық іс-амалдардың, мінез-құлықтың кемелдігіне жетіп, әділеттілік, тақуалық мінез-құлықтары одан әрі қарай жетілдіре берген болар еді. Бірақ ол бұл жолмен жүрген жоқ. Оның істеген күнәсының кесірінен біз күнәкарлық іс-амал табиғатына мұрагер болдық. Осыған орай біздің өзімізді өзіміз әділ, тақуа етуге шамамыз келмейді. Оның үстіне біз өзіміздің бұзылғандық, күнәкарлық іс-амалдарымыздың зардабынан Киелі Заңды жеткілікті түрде орындай алмаймыз. Құдайдың Заңындағы талаптарды қанағаттандыра алатындай әділеттілік пен тақуалық бізде жоқ. Ал Иса Мәсіх біздердің құтқарылуымыз үшін жол ашып берді. Мәсіхтің Өзі де жерде өмір сүргенде, біздің көріп жүрген қиындықтарымыз бен азаптарымызды көріп, азғырушылық пен алдаушылық сияқты күнәкарлық істердің куәсы болды. Ал Оның өз өмірі күнәдан пәк таза болды. Құтқарушымыз біздің күнәларымызды өтеп алу үшін, Өзінің жанын пида етті. Қазір де Ол бізді күнәларымыздан арылтып, Өзінің тақуалығын, әділеттілігі мен шыншылдығын құтқарушылық ісі арқылы біздің бойымызға дарытқысы келеді. Егер сендер Оған мойын ұсынып, өздеріңді Оған сеніп тапсырып, Оны өздеріңнің Құтқарушыларың ретінде қабылдасаңдар, онда өмірлеріңнің өткен кезеңдеріндегі күнәкарлық іс-амалдарыңның болғанына қарамастан, сендер Исаның арқасында тақуа әрі әділ саналып, Иса Мәсіхтің мінез-құлқын өздеріңнің бойларыңа қабылдай алатын боласыңдар. Сонда Құдай сендерді ешқашан күнә жасамаған сияқты қабылдайтын болады.
Сонымен бірге Мәсіх сендердің жүректеріңді жаңарта алады. Өздеріңді Оған сеніп тапсырғандықтан, Ол сендердің жүректеріңе енетін болады. Осыған орай, сендер әрдайым еріктеріңді Мәсіхке бағындыра отырып, Онымен тұрақты түрде байланыс жасаңдар. Егер әрдайым осындай жағдайда болсаңдар, Ол Өзінің қалауына сай, сендердің жүректеріңде ізгілікті ой-ниет тудырып, белгілі бір іс-әрекет істеуге жұмылдыратын болады. Сонда сендер: "сондықтан өзім бұдан былай өмір сүріп жатқаным жоқ, қайта, бойымда Мәсіх өмір сүруде. Ендігі тәндік өмірім - Құдайдың рухани Ұлына деген сенімімнің арасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен, Өзін мен үшін құрбан етті!" (Ғалаттықтарға. 2:20). Иса Өзінің шәкірттеріне былай деген: "Осылай өздерің емес, сендер арқылы Көктегі Әкелеріңнің Киелі Рухы сөйлейтін болады" (Матай. 10:20). Сонда өздеріңнің жүректеріңе әсер етуші Иса Мәсіхтің ықпалымен, Оның жан дүниесіндегі рухынан әсер алып, тақуалық, әділеттілік іс-амалдар жасайтын боласыңдар.
Сонымен біздің бойымызда, мақтануға тұрарлықтай жақсы қасиеттер жоқ. Өзімізді өзіміз жоғары көтеріп, мақтанарлық жайымыз жоқ. Жалғыз үмітіміз - Иса Мәсіхтің біздің жүрегімізге әсер ететін Оның Рухы арқылы ізгілікке, адамгершілікке Құтқарушымыз сияқты тақуалыққа ұмтылу болмақ.
Құдіреті күшті Құдайдың барлығы, Оның Сөздерінің ақиқи шындық екендігі - талқылауға жатпайтын деректер. Бұл жерде шайтанның және оның айналасындағылардың бұл деректер мен түсініктер жайлы таласуға қауқарлары жоқ. Киелі Кітапта: "Жындар да соған сеніп, Оның қаһарынан қорқып дірілдейді" (Жақып. 2:19). Бұл Құдайдың бізден күтетініндей сенім емес. Өйткені нағыз ақиқи сенім адамның іс-амалдарында, сүйіспеншілік сезімдерінде айқындалып, оның жан дүниесін тазартады. Бұл Құдайдың Сөзін мойындау ғана емес, өзінің еркін Оның еркіне бағындыру болып табылады. Осындай сенім адамның жан дүниесінің жаңарып, Оның бойында Тәңірілік бейненің қалыптасуына жол ашады. Бұған дейін адамзат баласы Құдайдың Заңына мойын ұсынған жоқ. Оның мойын ұсынуға мүмкіндігі де жоқ еді. Ендігі жерде адамдар Құдайдың жарқын өсиеттеріне қуанып, бақытқа кенелуде. Бұл туралы Зәбүр жыршысы былай деп жыр толғайды:
"Тағылымыңды Сенің сондай қатты сүйемін!
Күні бойы ол жайлы ойланып та жүремін"
(Зәбур жырлары. 118:97).
Ендігі жерде Заңның ақиқи талаптары біз арқылы "Олар өздерінің ескі күнәлі болмысының емес, Құдайдың Киелі Рухының қалауына сай өмір сүреді" (Римдіктерге. 8:1).
Иса Мәсіхтің аса кешірімшілдік сүйіспеншілігін өздері арқылы сезінгендер, Құдайдың ұлы немесе қызы болуға шынайы ниет білдіреді. Бірақ олар өздерінің кемшіліктері мен жетіспеушіліктерін сезініп қысылатындықтан, олардың Киелі Рух өздерінің жүректерін тазартып, жаңалады ма екен? деп күмәнданатын кездері де болады. Мұндай адамдарға: "Қапа болып түңілмеңіздер" дегім келеді. Біз әлі талай рет Иса Мәсіхтің аяғына жығылып, өзіміздің ағаттықтарымыз бен қателіктеріміз үшін көз жасымызды төгетін кездеріміз көп болары хақ. Сондай кездерде де біз қайғырып, түңілмеуіміз керек. Иса Мәсіх Жаратушы Иеміздің жанында біздің өтінішімізді Жақтаушы болуда. Исаның шәкірттерінің бірі Жохан Ол туралы былай деп жазған: " Сендер күнә жасамасын деп, осыны жазып отырмын. Алайда, егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдыңда әділ Қорғаушымыз - Иса Мәсіх бар" (Жохан. 2:1). Иса Мәсіхтің: "Өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді, өйткені сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер" (Жохан. 16:27), - деген сөздерін ұмытушы болмаңдар. Өйткені Құдай Әке Өзінің киелілігі мен тазалығы сендердің бойларыңнан көрінуі үшін, сендердің бойларыңдағы өзінің кейпін, бейнесін қалыптастырғысы келеді. Егер сендер Оған мойын ұсынатын болсаңдар, онда сендердің бойларыңда қалыптасып жатқан ізгілікті істер, Иса Мәсіхтің Өзі келгенге дейін жалғасады. Ықыласты түрде сиынып, сенімдеріңді нығайта түсіңдер! Өздеріңнің мүмкіндіктеріңе сенбей, түңілетін кездерің болса, онда өзіміздің Құтқарушымызға сенім артып, біздің жан дүниемізді Емдеушіні ұлылап, мадақтайық.
Біз Мәсіхке жақындаған сайын, рухани көзқарасымыз тереңдей түсуіне байланысты, өзіміздің мінез-құлықтарымыздан көптеген кемшіліктерді көре бастаймыз. Құтқарушымыздың мінез-құлқының көркемділігімен жене кемелділігімен салыстырғанда, біздің бойымыздағы жетілмегендігіміз айқын көрініп тұрады. Осының өзі азғырушы шайтанның бізге деген билігі жоғалды, Құдайдың Киелі Рухының әсері біздің жанымызды жадыратып, ізгілікке, мінез-құлық көркемдігіне, жан тазалығына жетелейтіндігіне айқын айғақ бола алады.
Өзін күнәкар деп сезінбейтін адамның бойында Исаға деген терең сүйіспеншілік болмайды. Оның рахымы, ғибраты мол өнегесі арқылы, өзгеріп жаңарған жүрек әрқашан Оның Тәңірілік мінез-құлқына таңдана қарап, сүйсінетін болады. Егер біз өзіміздің ішкі жан дүниеміздің рухани деңгейі төмен екендігін көрмейтін болсақ, онда бұл Иса Мәсіхтің мінез- құлқының көркемдігін, толықтығын біз әлі де болса жете түсінбегендігіміздің куәсі екендігі шүбәсіз.
Біз неғүрлым өзімізді жоғары көтермей, мақтаныш сезімге бөленбейтін қарапайым болсақ, соғүрлым жанымыз таза болып, өзіміздің Құтқарушымыздың баға жетпес жан тазалығы мен тартымдылығын жоғары бағалайтын боламыз. Біз өзіміздің күнәкар екендігімізді сезінер болсақ, өзімізді әрқашанда кешіріп, ақиқи жолга сала алатын, жан дүниемізге жарық нұрлы сәуле беретін Құтқарушымызға бет бұрып, мойын ұсынатын боламыз. Біз жан дүниеміздің дәрменсіздігін сезінген жағдайда, Иса Мәсіхті іздейтін боламыз. Ол өзіне сенген жанға Өзінің даңқты сипатымен ашыла түседі. Құдайдың Сөзін және Мәсіхті неғүрлым көп қажет ететін болсақ, Оның мінез-құлқы туралы солғүрлым көтеріңкі әрі жоғары сезімді пікірде болып, Оның жарқын бейнесін толықтай көрсете алатын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |