Ішкі монолог - кейіпкердің көзқарасын, дүниетанымын, мі- нез ерекшелігін танытудың, адамгершілік әлеміне енудің қо-
лайлы және ең жиі кездесетін психологиялық амалы. Ол шығар- мада адамның психологиялық құбылыстарын, ішкі жан дүниесін ашып, характер сомдауда сүбелі үлес қосады. Ішкі монолог ар- қылы суреттеліп отырған кезең мен дәуірдің тынысын да аңға- рамыз. Ішкі монологты басты психологиялық бейнелеу құралда- рының бірі ретінде қарастырған Г.Пірәлиева оған төмендегідей анықтама жасайды: «Ішкі монолог – (іштей ойлау, кейіпкердің өзін-өзі саралауы, ой ағысы) адам психологиясының ішкі иірім- дерін, күрделі де терең ойлау жүйесін, сана мен сезім арпалыс- тарын ашу. Ішкі монологтың көркемдік қызметі-адам жанының сырт көзге байқала бермейтін ішкі «қоймаларын», құпия-қалта- рыстарын, жұмбақ сырларын шынайы да сенімді түрде бейнелей білу»1.
Қазақ әдебиетінде тұтастай ішкі монологқа құрылған шы- ғармалар қатарына М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романын жатқызуға болады.
М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» – осы тұстағы қазақ прозасының қазанына үлкен көркемдік олжа әкелген ерен аңсар- лы дүние. Суреткердің адам болмысының, оның ішінде әйел та- биғатының күрделілігін, қайшылығын және жұмбақтығын: тұл- ғаның бір мезгілде асқақ арман биігіне көтеріліп, күнделікті күй- кіліктің қалыбынан шыға алмау қабілетін, діндар және күнәһар, мейірімді әрі қатігез бола алатынын бейнелеуі негізгі шығарма- шылық нысанға айналды. Бастан-аяқ Шолпанның ой толғаны- сына, монологқа құрылған әңгімеде оқиға желісі мен кейіпкер- лер характері соның көзімен, ойы мен санасындағы «таластан» сомдалады. «Еркек атаулы бала дегенде, ішкен асын жерге қой- ғанда, Сәрсенбай неге бала деп аузына алмайды? Әлде... әлде... жоқ... болмас... болмас... кім біледі... жоқ... ендеше ол неге бала іздемейді. Неге... неге... шынында ол, әлде бедеу еркек пе екен? Тәңірім, Тәңірім... егер ол шынында, ол бедеу болса... құлшы- лықтың кемдігінен, құшақтың салқындығынан болмай, Сәрсенбайдың бедеулігінен болса» деп толғанған Шолпан – жалғыз және сырымен жан адаммен бөліспейді, жары да, көңіл-
1 Пірәлиева Г. Қазақтың көркем прозасындағы психологизм табиғаты және оның бейнелеу құралдары. - Алматы, 2007. 12-б.
десі де оның жан дүниесінде не болып жатқанымен шаруасы жоқ, оның іс-әрекетінің нағыз сырын түсінбейді. Шығармада Шолпан мен Сәрсенбайдың арасында диалог жоқ, олар өзара сөйлеспейді. Тығырықтан шығар жол таппаған әйелдің қасіреті оның ішкі сөзінде жатыр. Жалғыздық дертіне душар болған Шолпанның серігі – ойы. Сәрсенбайдың ойы Шолпанға да, оқырманға да жұмбақ.
Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романының өн бойында кейіпкерлердің ішкі рухани әлемін, жан дүние қалта- рыстарын, жалпы табиғатын тану мақсатында қолданылатын ішкі монологтың көркемдік қызметі, оның шығармада атқарар рөлі айқын көрінеді. Аса көлемді шығармада жазушы диалогтан гөрі оқиғаны бірде өзі баяндап, бірде кейіпкерлердің ішкі мо- нологы арқылы беруге бой ұрады. Шығармада Әмірші, кіші ханша мен шебердің арасындағы шарпысқан ішкі психологиялық сезім-күйлері мен жан дүниесіндегі толғанысы, ой арпалысы шеберлікпен суреттеледі. Әмірші хауыздағы суға қарап отырып:
«Сол бір көз жасындай, көріне түсіп жоғалып жатқан мөлт-мөлт тамшыларға қараған сайын, көңілі әлденеге жібектей жұмсарып барады. Көктемнің майса самалындай әлдебір майса сезімнен мұның жанында пәлен жылдан бері тапжылмай жатып алған қаттылық пен қатыгездіктің меңіреу тоңы біртіндеп мүжіле түс- кендей, қараптан-қарап отырып, әлденеге елегізіп, бір түрлі жал- ғызсырағандай болды. Көкірегінде ойда жоқта аяныш оянды. Мынау еміс-еміс көрініп ап, бойын жазып шапши алмай қайта- дан құрдымға жоғалып жатқан мөлдір суды ма, жоқ әлгі кіреуке көк мұнарға оранып ап, мөлдіреп қала берген көк мұнараны ма – нені аяп отырғанын өзі білмейді... Мынау мөлдір судай мап- майда үлбірек сезім ойына тағы да ханымды түсірді. Ол әлгі көк мұнарада бұған алыстан қол бұлғаған сағынышы мен асыға күткен ынтызарын, өзгеден ала бөтен өліп-өшкен ықыласын ғана емес, жалғыздығын, басқалардың көптігін істеп басынғанын кө- ріп, қамырыққан қам көңілін, «кел, мұңымды тыңда, ұқ, қорға» деп шағынған жалбарыныш сезімін түгел бейнелегендей. Ас- қақтық пен нәзіктік, шаттық пен мұң, ерлік пен аяныш, сағыныш пен құштарлық – бәрі қосылғанда махаббаттан басқа не болушы еді» - деп ойға кетеді.
Осы лирикалық сипаттағы үзіндіде бірнеше рет қайта- ланған белгісіздік есімдіктері, әміршінің көңіл-күйіндегі әлдебір, өзі де сөзбен жеткізе алмайтын жұмбақ сезімді бейнелеу мақса- тында жұмсалған. «Мынау», «әлгі» деген сілтеу есімдіктерінің кей тұста синтаксистік тұрғыда қолданылуы міндетті болмаса да, жазушы поэтикалық сөздерге асқақ мән беріп, эмоциялық реңк үстеу үшін оларды әдейі қолданған. Сондықтан кейіпкердің ішкі монологы шығармаға әрі психологиялық, әрі философиялық салмақ қосқан.
Кейде ішкі монолог, ширыға келіп, өзінің ең жоғарғы нүк- тесіне, ақтық шегіне жеткенде әдебиетте сирек қолданылатын
«сана ағымы» атты психологиялық тәсілге ұласады. Бұл тәсіл кейіпкердің бір мезеттегі көңіл-күйі мен сезімдері мүлдем бей- берекетсіз, ретсіз, жүйесіз дамып жатқан сияқты елес қалдыра- ды. Мысалы, Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында
«сана ағымы» тәсілі де бой көрсетеді: «Әмірші өз көңіліндегі түйткілдің шешуін таба алмай-ақ қойды... Кіші ханымның бұл келісі тегін келіс емес, ол не де болса, жанын шүберекке түйіп, нар тәуекелге бел буып келіп отыр. Әлгі немеге жаны шындап ашымаса, ол мұндайға өлсе бара ма? Сонда... Сонда... Күтуші кемпірдің анадағы айтып жүргені не боп шықты? Әлгінде ханымның өзі де: «Арамызда ештеңе болған жоқ», - деп ант-су ішіп еді ғой. Соның бәрі жалған болғаны ма? Жоқ. Жоқ... Ханым мынау терезеден күні-түні телміре төніп тұрған әзәзіл мұнара тұспалдаған әлдеқандай жұмбақ аңсарға ханым тіпті де кет әрі болмаған».
Қаламгер прозасының философиялық бағдары образ харак- терімен тығыз байланысты. Кейіпкерлердің ішкі жан сыры мен толғанысы жекелік сипаттан гөрі жалпыадамзаттық мәндегі мәңгілік мәселелермен ұштасқан. Олардың бақ пен бақыт, даңқ пен дақпырт, өмір мен өлім, болмыстың мән-мағынасы, адам өмірінің шынайы құндылықтары турасында ойға берілуі, хан- ның қарапайым адамға тән махаббат пен бақытты аңсауы, хан- шаның әр әйелге тән сезімдері, жар сүюге деген табиғи ұмты- лысы - жалпы адамзатқа тән әрекеттер. Шығарманың көркемдік құндылығы образ характерінің, болмыс-бітімінің жан-жақты ашылуымен тығыз байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |