Қайталау – композицияның ең қарапайым және жиі кез- десетін тәсілдерінің бірі. Ол шығарманың бас-аяғын көмкеріп, композициялық жинақылық береді. Әсіресе сақиналы компози- цияда туындының басы мен соңындағы қайталаулар компози- циялық үндестік тудырып, шығармаға ерекше көркемдік мән үстейді.
Туындыда жиі қайталанатын детальдың немесе образдың шығарманың лейтмотивіне айналатын тұстары да бар. Мысалы, М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесіндегі жас, қайратты арудың драмалық жағдайын суреттейтін ыстық «қара жыландардың» метафоралық бейнесі, О.Бөкеевтің «Атау-кере» повесіндегі Тағанның «Неге біз осы?» деп басталатын мәңгілік сұрағы, Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы «батыстан шы- ғысқа» және «шығыстан батысқа» зулап жатқан поездардың бей- несі. Ш.Айтматов «Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады... Бұл өлкеде темір жолдың қос қапталынан басталып сақара сар даланың кіндік тұсы – Сарыөзектің үланғайыр жазығы көсіліп жатады. Бұл өлкеде қашықтық атаулы, уақыттың Гринвич меридианы бойынша өлшенгеніндей, темір жолдың алыс-жақыңдығына қарай өлшенеді. Ал, пойыздар шығыстан батысқа, батыстан шы- ғысқа қарай жүйткіп жатады...» деген жолдарды романның әр тұ- сында үнемі қайталай отырып, өмірдің өткіншілігі туралы идеяны лейтмотивке айналдырған.
Сақиналы композицияның бір үлгісі болған Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» повесі «Қуғыншы» суре-
тін баяндаудан басталады: «...Көз алдына ақ шағи көрпесін қым- тана бүркеніп, бұйығып жатқан Алтайдың қыземшек жоталары елестеді. Үкідей үлпілдеген ұлпа қардың үстінде соңына түскен қуғыншыдан құтылмаққа жандәрмен күш салып, бар айла-тәсілін сарп еткен алтайы қыр сұлуы құйғыта ұшып барады. Бірде оңға, бірде солға бір бұлт етіп, одан қалды жалт бұрылып, кері қаш- қанымен де жарау ат мінген қуғыншы қыр соңынан қалмай дің- келетіп, өкпесін өшіріп барып тура қара тұмсықтан ала темірдей қатты сойылмен сілтеп өткенде түз тағысы екі бүктетіліп барып омақаса құлады. Қара тұмсықтан қып-қызыл қан дірдектеді... Әппақ қарға қып-қызыл қан тамды...Қып-қызыл қан...»
Повестің экспозициясында осы суретті сипаттау
«Ақжаймаға қып-қызыл қан тамды» деген сөйлеммен шығарма- ның шымылдығын ашуы болашақ жағдайдың трагедиялық, асқақтық табиғатын аңғартады. «Қуғыншы» суретінің шығарма- ның үш жерінде – басында, ортасында және соңында қайтала- нуы сюжеттік баяндаумен тығыз байланысты. Жарты беттен ұзақтау үзіндінің көркемдік қызметі маңызды. Ол сюжет түйінінің күрделі және шешуші тұсында баяндаудағы ширыққан сәтке эмоциялық ажар береді. Осы ретте «қып-қызыл қан» сөзіне айрықша акцент жасалатынын байқаймыз. Лейтмотив болған үзіндідегі күшейтпелі сын есімдер арқылы жасалған антитеза (қара тұмсық, қып-қызыл қан, әппақ қар), бірнеше рет әдейі қай- таланып, символдық, әрі эмоционалдық мән арқалаған. Сол арқылы бір-біріне алыстау үш жерде қайталанған тұтастай үзінді шығармада ерекше ырғақ тудырады. Қайталау мәтіннің жеке бөліктерінің арасында ассоциативті байланыс орнатып қана қой- май, авторлық позицияны айқын көрсетеді. Сол арқылы көркем шығарма тінінде кездейсоқ ешнәрсе болмайтынына көзімізді жетеді.
Қайталауға жақын тәсілдің бірі – күшейту. Бұл тәсіл шы- ғармада жай қайталап қою жеткіліксіз болғанда, бірыңғай де- тальдар немесе образдарды санамалай отырып, көркемдік әсерді күшейту мақсатында қолданылады. М.Жұмабаевтың «Сен сұлу» өлеңінің композициясы осы тәсілге құрылған: автор Май сұлу, найзағай сұлу, Ай сұлу, жел сұлу, жер сұлу, су сұлу, күн сұлу,
түн сұлу дей келіп, «толып жатыр түрлі сұлу дүниеде, бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу» деп аяқтайды.
Күшейту мен қайталаудан оқшаулау тұрған - қарама-қар- сы-қою тәсілі. Атынан айқын болғандай, бұл композициялық тәсіл образдарды қарама-қарсы қою, антитезаға арқылы жасала- ды, мысалы, М.Жұмабаевтың «Өмір» өлеңіндегі: «Жайнаған жаз көреді адам алдын, // Өткен күн – көңілсіз күз, желді салқын. // Қуаныш қайғыменен қатар жүрмек, // Болмайды толық минут жүзі жарқын». Мұндағы белгіленген метафоралар композиция- лық мән үстеген қарама-қарсылыққа құрылған.
К.Ахметованың «Соңғы хабар» өлеңінде қарама-қарсылық тұтастай өлеңді қамтып, шығарма композициясы кереғар бас- таулардың майданына құрылған өмір туралы идеяны негіздеуге қызмет еткен:
Қарашы!
Ақ пен көктің арасы, Хақ пен көптің арасы, Бар мен жоқтың арасы, Аш пен тоқтың арасы,
Қасірет пен шапағаттың арасы, Зұлымдық пен махаббаттың арасы, Адалдық пен арамдықтың арасы, Жақсылық пен жамандықтың арасы, Өтірік пен шындықтардың арасы, Тазалық пен ұрлықтардың арасы, Теңіздер мен құрлықтардың арасы, Сұлулық пен сұмдықтардың арасы, Күннен-күнге ұлғайған,
Арпалысты бір майдан!
Қарама-қарсы қою – шығарма композициясын талдауда назар аударуды қажет ететін тиімді әрі күшті тәсілдің бірі.
Қазіргі әдебиеттануда зерттеліп жүрген композицияның тағы бір түрі – монтаж. Кино өнерінен әдебиетке көшкен бұл ұғым шығарма құрылысының бірнеше бөліктерге бөлініп, «құ- ранды», «үзік» сипат алуын көрсетеді. Орыс зерттеушілері
монтажды авангардизм, модернизм эстетикасымен байланысты- рады.
Бүгінде «монтаж» сөзі кең мағынаға ие болған. Монтажды композицияда шығармадағы кейіпкерлердің, оқиғалардың, де- тальдардың, әркелкі эпизодтардың арасында сырттай қарағанда қисынды байланыс жоқ сияқты көрінеді. Алайда олар алыстан ой арқылы қиыстырылған. Автор үшін кеңістіктік-уақыттық, се- беп-салдарлық сыртқы байланыстан гөрі ішкі, эмоционалдық, мағыналық байланыс пен ой үндестігі маңыздырақ.
Монтажды композиция көп жағдайда бір-бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға, «кірме» әңгімелерге, лирикалық шегі- ністерге құрылған, «оқиға ішінде оқиғасы» бар көп желілі сю- жетті шығармаларда кездеседі.
Мұндай күрделі композиция түрі Ш.Айтматовтың бірқатар романдарына тән. «Боранды бекет» шығармасында шегіністер, естеліктер арқылы Едігенің өткені мен бүгінгі өмірін суреттеген негізгі оқиғамен қатар бірнеше басқа желілер де бар. Олар: Найман ана мен мәңгүрт, Раймалы аға жайындағы аңыздар, «ға- рышкерлік» хикая, күн жүйесінен тыс орналаскан Орман Төс планетасының өмірі, кейіннен қосымша тарау ретінде қосылған
«Шыңғысханның ақша бұлты» әңгімесі. Романда осы оқиғалар мен ондағы қаһармандар арасында тікелей қарым-қатынас кө- рінбейді, жеке желілер арасындағы уақыттық, кеңістіктік жал- ғастық та әлсіз, уақыт барысындағы алмастырулар мол. Алайда бейнеленген барлық үзік оқиғалардың басы мағыналық тұрғыда бір бағанға берік байланып, автордың адам мен қоғам, адам мен табиғат туралы ортақ ой-көзқарастарының төңірегіне топтасты- рылған.
ХХ ғасыр әдебиетінде баяндау барысын кілт үзіп, қаһар- мандардың түрлі кезеңдегі өмірін суреттеп кету, кенет күтпеген философиялық пайымдауларға бару, кейінге, алыс өткен күндерге лириалық шегініс жасау, болмаса болашаққа «озып ету», күнделікті өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеу кеңінен тараған. Лирикалық шегіністер – ең алдымен, автордың жеке суреткерлік тұлғасы, ішкі сезімдері, дүниені қабылдауы кө- рініс беретін, автордың өз дүниетанымын бейнелейтін поэтика- лық форма. Кейде баяндаушы шығармада оқиғаны әңгімелеп
қана қоймай, өзінің оқиғаға қатысын, сезім-күйлерін, қуанышы мен ренішін білдіреді, оқиғаны кейіпкерлермен бірге өз басынан кешіреді және кейіпкерлерінің тағдырына селқос, немқұрайлы қарай алмайтынын аңғартып қояды.
С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романының компо- зициясы қызғылықты әрі күрделі. Шығарма монтажды компози- ция үлгісінде жазылған. Ол прологтан, кірме әңгімелерден, ше- гіністерден, сюжеттік шырғалаңы мол тараулардан тұрады. Шы- ғарма Қарағанды көмір өндірісінің қайнаған өміріне үңіліп, жас мамандардың қалыптасу, өсу жолын, Рахмет пен Лиза арасындағы махаббатты суреттейді. Оқиға басталмас бұрын автор «Роман туралы әңгіме» немесе романның увертюрасы деп атаған прологында оқырмандарымен сырласып, романның жа- зылу тарихы туралы, шығармаға қалай кіріскені, оның жанына, сезіміне не әсер еткені туралы әңгімелейді. Бірінші жақтан
«Мен» деп баяндалатын алғы сөзде жазушының балалық шағы жайындағы естеліктері, жазушыны толғандыратын, азаматтық тұлғасының қалыптасуына әсер еткен жағдайлар де сөз болады. Түйіндей айтқанда, роман композициясында бір-бірімен ой ар- қылы алыстан байланысқан авторлық ойлар, авторлық сезімдер, естеліктер мен оның өміріне қатысты кейбір сәттер, сюжетке қатысы жоқ кірме әңгімелер («Терек пен қызыл гүл», «Мәңгілік өмір туралы жыр»), сюжеттік баяндау желісіндегі кейіпкерлер- дің қазіргі өмірін суреттей отырып, өткен тіршілігіне жасалған шегіністер (ретроспективтік тәсіл) үйлесімді өріліп кетеді.
Қазіргі қазақ әдебиетінде монтажды композиция модер- нистік ыңғайда жазып жүрген жазушылар шығармаларында кө- рінеді. Д. Амантайтайдың көп дау тудырған, композициясы күр- делі «Гүлдер мен кітаптар» романы Әлішердің тағдырын, автор толғаныстарымен аралысып келген көне түріктер туралы аңызды мозаикалық баяндауға құрылған. Бір қарағанда, роман сюже- тінде Әлішерге қатысты бүгінгі күн оқиғалары мен ықылым замандардағы түркілердің көне тарихын қозғайтын хикаяның, гүлдер мен кітаптардың тізімі мен руханият турасындағы пайым- даулардың қабысуы қиын, бірақ олар бір-бірімен қаламгердің ой қуаты арқылы өзара жалғанып, қиыстырылған. Әрине, бұл бір
жағынан шығармаға құрылымдық өзгерістер енгізуге ұмтылатын жазушы жаңашылдығымен, ізденістерімен де ұштасып жатыр.
Композициялық тәсілдер шығарманың барлық деңгейлері- мен байланысып жатады. Көркем шығарма құрылымының алуан түрлі қырлары бар. Оған кейіпкерлер жүйесі мен олардың ара- қатынасы, суреттелетін оқиғалардың орналасуы (сюжет компо- зициясы), заттық-психологиялық болмысты беру, бейнелеу ерекшеліктері (портрет, пейзаж, ішкі көрініс, диалог, монолог), баяндау тәсілдерінің динамикасы, тілдік бірліктердің, оның ішін- де өлең формасы элементтерінің сабақтастығы да кіреді. Яғни, композиция туындының тұтастай көркемдік пішінін түгел қамтып, әр бөлігін ретімен орналастырады. Түйіндей айтсақ, композиция шығарма құрылымының барлық деңгейлерін: идея- лық-тақырыптық жүйені, образдар қатары мен кейіпкерлер жүйесін, сюжет пен фабуланың құрылымын, уақыт пен кеңіс- тікті, көркем тіл мен баяндау түрлерін ұйымдастырады.
Туынды құрылымын біртіндеп, сатылай талдаудың тиімді жолын Т.Есембеков ұсынады1:
сыртқы композиция компоненттерін анықтау;
сюжет пен фабуланың құрылымын талдау;
идеялық-тақырыптық жүйенің композициядағы қыз- метін;
образдар қатары мен құрамының жүйесін айқындау;
уақыт пен кеңістік, мекеншақ композициясын көрсету;
баяндау түрлерінің мәтіндегі ұйымдастырылуы.
Шығарманың көркемдік пішіні жекеленген образдардан тұрады. Пішін арқылы бейнеленген мазмұнның сырын түсіну үшін образдардың шығармадағы орналасу реті мен олардың өз- ара байланысын міндетті түрде талдау қажет. Мысалы, М.Жұмабаевтың «Жатыр» өлеңінде бодандыққа түскен қазақ халқының мүшкіл халі ұқсас образдар арқылы бейнеленген:
«сұр жылан қан-сөлін сорып жатыр», «кең жері құрып жатыр»,
«шәкірттер медреседе шіріп жатыр», «жемтікші құзғын болып кіріп жатыр», «қармаққа талай жасты іліп жатыр», «шешек
1 Есембеков Т.У. Көркем мәтінді талдау негіздері. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. 52-б.
жарған қазақ гүлі сарғайып, су тимей солып жатыр». Бұл об- раздар қатары соңғы шумақта қорытынды түйінге, ең жоғары нүктесіне жеткен:
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр, Күннен күн артқа қарай кетіп жатыр. Сезінбей өз өлгенін, өзінікін,
Аты өшкір оқығандар неғып жатыр?!
Өлеңнің образдар қатары мен композициясын талдау арқылы ақынның ой-көзқарасын танып қана қоймай, шығарма- ның эмоциялық әлеміне бойлаймыз, ақынның халқының бола- шағына алаңдап, оның қамын жеген мұң-қайғысын терең сезіне түсеміз. Ол, ең алдымен, шығармадағы негізгі ойды тұтастырып тұрған композициялық тәсіл арқылы жүзеге асқан.
Әдеби шығармадағы тілдік құрылым мен баяндаудың да өз композициясы болады. Әсіресе, эпикалық туындыларда баян- дау түрлерінің ұйымдастырылуы маңызды орын алады. Көркем шығармада «көпдауыстылық», оқиғаның әртүрлі көзқарас тұр- ғысынан суреттелуі, баяндаушылар мен баяндау арнасының ауы- сып отыруы құрылымдық қызмет атқарады. Сондықтан шығар- ма құрылысының ерекшелігін түсіну үшін баяндау компо- зициясын талдау қажет. Егер мәтінде эпикалық дәстүрге сай бір ғана баяндаушы болып, көркем тіл бірдауысты баяндауға құ- рылса, оны шығарма композициясын талдауда назардан тыс қал- дыруға болады.
Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романында баяндау барысы өзгеріп отырады. Мұны романның сыртқы композициясынан да көреміз, кейіпкерлердің есімімен аталған «Бекболат», «Офицер»,
«Мұқаш» тарауларында автормен қатар оқиға қаһармандары да баяндаушының қызметін атқарады. Автор «Бекболат», «Мұқаш» бөлімдеріндегі баяндау мәнерін ауызекі сөйлеу тіліне жақын- датқан. «Офицер» бөліміндегі баяндау басқаша: бұл барлығына өз көзқарасы бар, талдау жасай алатын, бірақ өзін биік, үстем санайтын өзімшіл оқыған адамның сөзі. Шығармада баяндау мә- нерінің әр бөлімде ауысып отыруы ерекше көркемдік компо- зициялық мағына жүктеген.
Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында қаһарман- дар монологтары басты композициялық, сюжеттік функция ат- қарады, оған терең лирикалық сипат береді. Романның өн бойында кейіпкерлердің ішкі рухани әлемін, жан дүние қал- тарыстарын, жалпы табиғатын тану мақсатында қолданылатын ішкі монологтың көркемдік қызметі, оның шығарма компо- зициясындағы салмақты орны айқын көрінеді. Мұнара ро- манның композициялық кіндігі, басты символы ғана емес, қаһар- мандардың мұнараны қабылдауы арқылы олардың мінез ерек- шелігін де аңғарамыз. Роман композициясы төрт тараудан тұ- рады. «Қызыл алма» тарауында Әміршінің мұнараны қабылдауы, онымен қарым-қатынасы, екеуінің арасындағы үнсіз текетіресі, сол арқылы Әміршінің өмір мен өлім, жақсы мен жаман, даңқ пен дақпырт, т.б. құндылықтар туралы философиялық толға- нысы, ой-тебіренісі, ішкі монологы суреттеледі. Мұнда оқиға Әміршінің көзімен баяндалады. «Мұнара» тарауында оқиға Жаппардың қабылдауы арқылы баяндалады, оның мұнараны дүниеге әкелудегі мехнаты, шығармашылық азабы, терең сезімі, махаббат қайғысы, ой толғанысы суреттеледі. Жаппардың өзі болып мұнара тіл қатады. «Махаббат» атты үшінші тарауда ха- нымның мұнарамен үнсіз сұхбаты, күн ұзақ мұнараға тесіле қа- раудан туған алуан түрлі сезімдері, ойлары, психологиялық ах- уалы баяндалған.
Достарыңызбен бөлісу: |