Әке,сенің жасыңнан асып барам. Кезі, кзі келгенде тасып та аламын



Дата01.07.2016
өлшемі72 Kb.
#171182
Әке
Әке ,сенің жасыңнан асып барам.

Кезі, кзі келгенде тасып та аламын,

Кезі, кезі келгенде жасып қалам.

Мына өмірге , бәрібір, ғашық балаң.

Құр алақан емеспін қуаныштан.

Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.

Бір арыстан өмірден өткенімен

Өмір сүріп келеді тірі арыстан

Өкінбе әке, отың бар сөнбейтұғын

Ол мәңгілік жанады көрмей тыным

Ұрпағың бар, ел менен ер намысың,

Тірі тұрса қолыңнан бермейтұғын.



Махаббатым өзімде.
Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,

Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе...

Жастықта жалын атып сүйсем егер,

Түспес ем дәл мынадай күйге мүлде.

Мен нағыз махаббатты армандаймын,

(Оны мен жоғалтып та алғандаймын...)

Ақ қаздар арасынан аққуымды

Ажырата білмеген сормаңдаймын.

Өтінем сенен ғафу, асыл жарым,

Көрсетпе тарпаң мінез, тасынбағың

Сен менен от іздеме, құрмет ізде,

Өртеніп жаңа-жаңа басылғанмын.



Біздің көктем
Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,

Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.

Көктем келді. Өмірдің келешегі

Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.

Сағым қыздың ап қашып орамалын,

Асыр caп тентек жігіт - жел еседі.

Көктем келіп ауылға қыз көрікті,

Таң-тамаша дүние жүзге еніпті.

Асқар ала таулардан асып әрі,

Аяз атаң барады мұз бөрікті.

Көктем, көктем! Қыз - көктем ауылдағы

Өлең-жыр, әзіл-күлкі ауыл маңы.

Тиянақ таппай ұшқан көк көбелек,

Көк гүлге қонды-дағы дамылдады...




Армысыңдар, адамдар.
Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,

Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам ?

Арман, өмір, бар елімді баурына алып шайқаған!

Әрбір әрпі қанға шомған тарихына қараңдар,

Отырардай опат болған қала жоқ па, жараңдар?

Тату-тәтті бармысындар, армысыңдар, Адамдар!

Әлем - дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,

Қорған емес, салтанатты, сәнді сарай соғыңдар.

Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!

Анамыз - Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,

Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық...

Армысың, сен, арамызда жалғыз перзент - Тыныштық!



Қойлы ауылда.
Жел тұрып күзгі салқын таза ауадан.

Түңлігін киіз үйдің мазалаған.

Әкесі қой күзетіп, мылтық атса,

Жас сәби үйде жатып мәз-ау оған.

Жаз болса, жорға мініп жайтақтаған,

Күз болса, қойшы жаны жәй таппаған.

Отырған іркес-тіркес қойлы ауылдан.

Қым-қиғаш үн шығады айтақтаған.

Көрмедім қойшыдайын жан асылын

(Тұрмысы еңбегіне жарасуын),

Бір сәтте үйге еніп қымтап кетті,

Көрпесін әйелі мен баласының.



Жастық.
Ойлайыншы, не берді жастық маған ?

Үйрет деп асау берді бастықпаған.

Жастық маған от берді жалындат деп,

Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.

Жастық менің жаныма жыр байлады.

Жастық мені жалтартпай шыңға айдады,

Жастық мені шындады, шынықтырды,

Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.

Ризамын жастыққа, текке өтпеді,

Әзір тұр гүл-бағымды көктеткелі.

Жастық маған ақыл-ой, сана берді,

Амал не, жастық өзі қалады енді.




Махаббат диалогы.
-        Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?

-        Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

-        Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?

-        Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

-        Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

- Жел боп қуып, ақыры жетер едім.

-        Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

-        Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.



Хат.
Саған таныс адыр, қырқа, беттегі,

Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.

Рақатта іші-сырты ауылдың,

Қуантсаңшы сен де, сәулем, кеп мені.

Сағынышым - тек өзіңсің бір ғана,

Ұшып жетті, қарлығаш та, тырна да,

Саралақаз жұмыртқалап үлгірді,

Кеше екеуміз асыр салған жылғаға.

Ең алғашқы нөсер де өтті себелеп,

Әлдеқашан гүлге қонды көбелек.

Байлық, бақыт - бәрі де бар ауылда,

Әттең, сәулем, тек сен жоқсың не керек?!



Өтініш.
Ескі көздер бара жатыр азайып,

(Олар жайлы ойламаудың өзі айып).

Ей, тірілер!

Соларды бір еске алып,

Тебіренейік, толғанайық, жазайық!

Кетті олар.

Келмеске енді жол алды,

Қажымайтын солдаты еді қоғамның.

Қасиетін паш етейік олардың,

Қателігін кешірейік олардың...

Тіршілікте көрінеміз өлместей,

Тұра алмаймыз ерегеспей, белдеспей.

Өтейікші бірімізді-біріміз.

Өшіктірмей, өкпелетпей, сен деспей ?




Өмір деген не десем.
Өмір деген не десем,
Өмір деген осы ма?
Үрейлендің неге сен?

Үрікпе жаным шошыма.


Өзіңе өзің жүк артып,
Өмір деген тер төгу.
Бір нәрсеге құмартып,
Бір нәрседен жеркену.
Біреулерді алдау да,
Біреулерден алдану.
Қор боп өтпей жалғанда,
Қолдан келсе жан бағу.

Кейде шалқып шаруам,

Кейде қашып берекем,

Өмір деген жаным ау,

Өзім екем, мен екем...

Қайран бауыр.
- Мұқаш-ай!

Қарасазды сағындым-ау!

Сағындым-ау, суымды, тауымды да! -

...Қайран дос, барғанымда осылай деп,

Өрт кетіп өзегіне тарындың-ау!

Көңіліңнен көтеріліп ойран-дауыл,

Кемеңді бұрып еді қайраңға бір...

Сағынған сазын, әне, тауың, әне,

Жатырсың өзің, міне, қайран бауыр!

Үйірінен адасқан тентек едің,

Тентегім-ай, үзілді ерте демің.

...Қарасазың мінеки, әлдейлеуде,

Әлсін-әлі жаңартып көрпелерін.

Сағым, қайда сағатым
Қалған ба тағы таң атып?!

Жайған ба жасыл қанатын?!

...Таусылмас менің тағатым

Соқ, соқ, менің сағатым!

Келген бе тағы күн шығып ?!

Күн шығып,

Жерге құлшынып,

Енген бе тағы тіршілік?!

Армысың, асау тіршілік!

Тұрмысқа қажет табатын,

Беретін және алатын,

Мезгіл де болып қалған ба,

Алатын жерге баратын ?!

Таусылмас менің тағатым

Соға бер,

Соқ, соқ, сағатым!



Таудағы көктем.

Сай-саланы,

Аймалады,

Жоталардан жел есті.

Көк қарағай.

Көп баладай,

Күбір-күбір кеңесті.

Қасқа бұлақ,

Тастан құлап,

Бара жатыр шапқылап.

Шықылдаған,

Сыбырлаған,

Айқай жастар - саққұлақ.

Бір жүрекпен,

Дір-дір еткен,

Жасыл талдар - жас талдар.

Еміренген,

Тебіренген,

Ақбас Ата - асқарлар.

Күннен - бөркі,

Гүлден - көркі,

Тау - тамаша, тау - алып.

Қатпар басын,

Шатқал тасын,

Көрген сайын жаңалық.

Айналаңа, Сайға қара,

Шыңға қара ақ маңдай.

Бала шағың, болашағың,

Көктеп келе жатқандай.

Сен әлі тірі ме едің?
О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің!?

Көзімнен ғайып болған күнім едің,

Гүлім едің...

Елтіген түнім едің,

О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің!?

Мен сені ұмытқамын.

Жылытқаның есте жоқ суытқаның.

Суып қаным,

Жинағам құрып халім,

Жығылған отауымның уықтарын.

Содан бері мен сені ұмытқамын.

О, Махаббат!

Сен әлі тірі ме едің?!

Тірі ме едің...

Мен де енді тірілемін!

Ақ періште, алдыңа жүгінемін,

...Қолдай гөр ғашықтардың пірі мені.


Болашаққа.
Білемін,
Керемет бір күн келеді !

Жайнайды жасыл бағым, гүлденеді.


Білмеймін, оны маған кім береді,
Кім босатар жүректі түрмедегі?
Түрмедегі жүректі кім көреді?!

Білмеймін, бір керемет күн туады!

Жан жағым жанаттайын құлпырады.
Кім ашады жүректі құлыптаулы?
Шықпақ болып шындыққа ұмтылады,
Құлпыдағы жүрегім бұлқынады.

Көрермін, керемет бір күн кешемін!


Болашағым, сенімен бірге өсемін.
Мен сенің үніңменен үндесемін,
Мен сенің тіліңменен тілдесемін.
Сауық құрам бойында бір көшенің.

Болашағым, сен тұрсаң, мен өлмеспін!


Ақиқаттың алдында бөгелмес кім?!
Сен есен бол!
Мен, мүмкін, еленбеспін.
Сол ақиқат: мен сенсіз көгермеспін!!!

Ұям менің.
Біздің үй болатұғын осы арада,

Жататын бұлақ ағып босағада.

Орны да өшейін деп қалыпты ғой,

Өтіпті көп уақыт...

Тоса ма алда.

Қазына болмаса да қамбасында.

Қарық боп отыратын нанға, суға.

Түтіні кернейінен түзу шығып,

Жалғыз үй жарбиятын жар басында.

Ескермей тіршіліктің жарақатын,

Сонда да күн шығатын, таң ататын.

Бар сыйын табиғаттың өзі берген,.

Біздің үй керегіне жарататын.

Қара орныңнан айналдым, ұям менің,

Күмістен мүсініңді құяр ма едім.

...Әлдеқалай аспаннан құлап түсем,

Аядай босағанды қияр ма едің?..

Өмір жайлы.
Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген .

Жесір келін, бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген.

Өмір жайлы не түсінем мен деген...

Өмір жайлы сұрай берме сен менен.

Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,

Өміріне кегі кеткен, өлмеген,

Жалған айып таңылғанда көлденең,

Ақиқаттың аппақ туын бермеген.

Содан сұра, содан сұра өмірді,

Нені көрді, нені сезді, не білді.

Heгe ақылды ақымақтан жеңілді,

Біреу жылап, біреу неге көңілді ?



Үнсіздік
Бәрі де үнсіз.

Үнсіз аспан, үнсіз жер,

Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.

Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер.

Үнсіз кеуде...

Үнсіз жүрек дүрсілдер.

Бәрі де үнсіз...

Бәрінде бір сұрақ бар,

Үнсіз ауыл.

Үнсіз жанып тұр оттар.

Үнсіз зират ұйықтап үнсіз қыратта,

Үнсіз ағып бара жатыр бұлақтар.

Неге үнсіз?!

He көрінген бұл маңға?

Үнсіз күзде үнсіз тірлік тынған ба?

...Бір машина үнсіз аңыз үстімен,

Үнсіз заулап бара жатыр қырманға...


Мазмұны.


  1. Біздің көктем.

  2. Әке

  3. Махаббаты диалогы

  4. Қойлы ауылда

  5. Қайран бауыр

  6. Өтініш

  7. Болашаққа

  8. Таудағы көктем

  9. Өмір жайлы

  10. Армысыңдар, адамдар

  11. Махаббатым өзімде

  12. Хат

  13. Жастық

  14. Сағым, қайда сағатым

  15. Өмір деген не десем

  16. Ұям менің

  17. Сен әлі тірі ме едің?

  18. Үнсіздік

  19. Отан


Отан.
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған.

Жаным менің,

Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Отан!


Отан!

Бәрінен биік екен.

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

Отанды сүймеуің де күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен...

Лисаков қаласы әкімдігі білім бөлімінің



«№3 орта мектебі» ММ


Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

(М.Мақатаев)

Парпиева Алия

8 «Б» сынып оқушысы




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет