Көпмүшелік үлгі негізінде дүниежүзілік шаруашылық он орталыққа бөлінген (Еуропа, Солтүстік Америка, Жапония, Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Батыс Азияның мұнай өндіретін елдері, жаңа индустриялық елдер, ТМД елдері, Бразилия және Мексика). Нақтырақ айтсақ, қазіргі әлем экономикасының 82%-ын он орталық құрайды (2-сурет). Бұл елдерде шаруашылықтың мамандануы айқын байқалады, елдер халықаралық географиялық еңбек бөлінісінде де өз үлесін алып отыр. Кейбір елдер бұрыннан дамыған орталықтар болса, кейбірі ХХ ғасырдың соңында ғана «технологиялық жарылыс» (АСЕАН), «мұнай жарылысы» (Парсы шығанағы елдері) секілді өндірістік төңкерістерден кейін дами түсті.
ХІХ ғасырдың аяғына дейін барлық көрсеткіш бойынша Еуропа көшбасшы болса, одан кейін дүниежүзілік көшбасшы рөліне АҚШ үміткер болды. Екі дүниежүзілік соғыс аралығында дүниежүзілік масштабтағы жаңа орталықтар пайда болды – Кеңес Одағы мен Жапония. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Батыс Азияның мұнай өндіруші елдері, Бразилия, Канада, т.б. елдер сияқты дүниежүзілік шаруашылықтың орталықтары пайда болады. Соңғы 30 жылда әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан орталыққа айналған Азия-Тынық мұхиты өңірінің маңызын кемітуге болмайды. Бұл аймаққа 35 – 40 ел кіреді (3-сурет).
2-сурет. Дүниежүзілік шаруашылықтың он орталығы
3-сурет. Қарқынды дамып келе жатқан орталыққа айналған Азия-Тынық мұхиты өңірі
Дүниежүзілік шаруашылықтың біртұтастығына қарамастан, оның түрлі бөліктерінің арасында айырмашылық бар. Осы бөліктер арасындағы айырмашылықты кеңістікті үлгінің көмегімен анықтауға болады. Соның бірі – дүниежүзілік шаруашылықтың үшмүшелік үлгісі.
Америкалық саясаткер И.М. Валлерстайнның талдауы бойынша орталық, периферия (шеткі аймақ), жартылай периферияға бөлінуімен дүниежүзілік шаруашылықтың нақты үшмүшелік үлгісі қалыптасып жатыр (1-сурет).
Бұл үлгінің орталық бөлігін дүниежүзілік ғылыми-техникалық ілгерілеуімен ерекшеленетін экономикасы дамыған елдер құрайды. Орталыққа көбіне ғылыми-техникалық прогресске дайын, өнеркәсібі дамыған және қандай да болсын нарықтағы жағдайға бейім болып келетін дамыған елдер жатады. Бұл мемлекеттер жоғары технологиялық өнім мен тауарларды экспорттайды. Бұл топқа Шетелдік Еуропа, АҚШ, Жапония елдері жатады. Бұл бөлікті солтүстіктің жалпы 1 млрд халқы бар 25 – 30 ел құрайды («Алтын миллиард» деп аталады). Оның негізгі өзегі – «Үлкен жетілік» және Еуроодақ елдері. Бұл елдер өндірістік, тауарлық және қаржылық қатынаста біртұтастықтың жоғарғы деңгейіне жетіп, постиндустриялық қоғамға көшті.
Орталық елдер қазіргі таңда әлем шаруашылығының ірі орталықтарына айналып отыр. Олардың саны 20-дан асады. Бұл елдердің үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің 55%-ы және әлемдік экспорттың 70%-ға жуық үлесі кіреді.
Қазіргі дүниежүзілік шаруашылықта өндірістік емес салалардың әлемдік ЖІӨ-сінің 2/3 бөлігін құрау себептері: қызмет көрсету салаларының шаруашылық диверсификацияға ұшырағаннан кейін барлық әлем елінде кең етек алуы, ҒТР заманында технологияға деген сұраныс жаңа мамандықтардың пайда болуына әкелуі, өндірістің технологиялануы мұндағы еңбек ресурстарына деген сұранысты азайтуы, т.б.
Дүниежүзілік шаруашылықтың жартылай перифериясын оңтүстікте қарқынды дамып келе жатқан елдер (Жаңа индустриялық елдер, «Азия айдаһарлары», Мұнай экспорттаушылар) құрайды. Әсіресе, мұнай экспорттаушы елдердің шаруашылық үлгісі көмірсутек шикізатына негізделіп, Парсы шығанағы қазіргі кезде мұнай химиясы орталығына айналды. Соның нәтижесінде Катар, Кувейт, Бруней, Сауд Арабиясының жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі өте жоғары көрсеткіштерге ие болды.
Шаруашылық орталықтары Еуропадан Азияға қоныс аударды немесе дамыған елдерден дамушы елдерге ығысты. Соның ішінде Корея елінің «экономикалық таңғажайыбы» ХХ ғасырдың 60-жылдарында басталды. Ол кездегі аграрлық мемлекет, индустрияландыру кезеңін өтпестен постиндустриялық кезеңге серпіліс жасаған. Осыған орай кейде Корея Республикасын «Азия жолбарысы» деп атайды. Қазіргі кезде Корея Республикасы Азия-Тынық мұхит ауданындағы үшінші (Қытай мен Жапониядан кейін) ірі шаруашылық орталығына айналып отыр. Корея дүниежүзінде кеме жасау бойынша 1-орын, автокөлік құрастыру бойынша 5-орын, теледидар өндірісі бойынша 3-орын, пластмасса бойынша 4-орын, болат құю бойынша 6-орынға шығып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |