215-бап. Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін бұзу
1. Қаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін бұзуы, егер қаржы ұйымы анықталған бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде жоймаған жағдайда, -
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банк конгломератының немесе сақтандыру тобының бас ұйымының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, шоғырландырылған негізде тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды бұзуы, егер банк конгломератының немесе сақтандыру тобының бас ұйымы анықталған бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде жоймаған жағдайда, -
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
216-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджеттік инвестициялар нәтижелеріне қол жеткізбеуі
1. Еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген, олардың жарғылық капиталдарына мемлекеттің қатысуы арқылы салынатын бюджеттік инвестициялардың нәтижелеріне қол жеткізбеуі -
лауазымды адамдарға - бірінші басшыларға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет қатысушысы немесе акционері болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, акционерлік қоғамдардың мемлекеттің қатысуы арқылы олардың жарғылық капиталдарына салынатын бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемеде көзделген нәтижелеріне қол жеткізбеуі -
лауазымды адамдарға - бірінші басшыларға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
217-бап. Валюталық бақылау агенттерінің есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзуы
1. Валюталық бақылау агенттерінің клиенттердің операциялары бойынша есептілікті уақтылы ұсынбауы -
заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Валюталық бақылау агенттерінің клиенттердің операциялары бойынша анық емес есептілікті ұсынуы -
заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Валюталық бақылау агенттерінің клиенттердің операциялары бойынша есептілікті ұсынбауы -
орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
218-бап. Уәкілетті банктердің сұраныс пен ұсыныс көздеріне, сондай-ақ ішкі валюта нарығында шетел валютасын пайдалану бағыттарына мониторингті жүзеге асыру мақсаттары үшін есептілікті ұсыну тәртібі мен мерзімдерін бұзуы
1. Уәкілетті банктердің сұраныс пен ұсыныс көздеріне, сондай-ақ ішкі валюта нарығында шетел валютасын пайдалану бағыттарына мониторингті жүзеге асыру мақсаттары үшін есептілікті уақтылы ұсынбауы -
заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
заңды тұлғаларға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Уәкілетті банктердің сұраныс пен ұсыныс көздеріне, сондай-ақ ішкі валюта нарығында шетел валютасын пайдалану бағыттарына мониторингті жүзеге асыру мақсаттары үшін анық емес есептілікті ұсынуы -
заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
заңды тұлғаларға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Уәкілетті банктердің сұраныс пен ұсыныс көздеріне, сондай-ақ ішкі валюта нарығында шетел валютасын пайдалану бағыттарына мониторингті жүзеге асыру мақсаттары үшін есептілікті ұсынбауы -
заңды тұлғаларға сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
219-бап. Әкімшілік шығыстар бойынша заттай нормалардан асыру
Мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген әкімшілік шығыстар бойынша заттай нормалардан асыруы -
бірінші басшыларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
220-бап. Клиенттерге банк қызметін көрсетуге байланысты талаптарды бұзу
1. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың уақтылы акцепт жасамауы немесе акцепт жасаудан бас тартуы («Ақша төлемі мен аударымы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабында және Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 581-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқауды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктіріп), ақша төлемі немесе аударымы жөнiндегi нұсқауларды (егер, мұндай нұсқаудың шарттарымен оны орындау мерзімі белгіленсе, алынған нұсқауды акцепт жасау күнінен кейінгі операциялық күннен кешіктіріп не нұсқауды орындау мерзімінен кешіктіріп) уақтылы орындамауы -
заңды тұлғаларға ақша төлемі немесе аударымы жөнiндегi нұсқау сомасының бес пайызы, бірақ екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың нұсқауда қойылғаннан ерекшеленетін, бенефициардың пайдасына немесе нұсқауда қойылғаннан ерекшеленетін сомаға жасалған ақша төлемі немесе аударымы жөніндегі нұсқауды орындауы -
заңды тұлғаларға ақша төлемі немесе аударымы жөнiндегi нұсқаулар сомасының бес пайызы, бірақ екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың клиенттердің төлем құжаттарын жоғалтуы -
заңды тұлғаларға әрбір төлем құжаты үшін бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
1) жөнелтуші ақша аударымын жүзеге асыру үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз еткен кезде;
2) егер төлем құжатында қолдан жасау белгілері болмаса;
3) егер жөнелтуші ақша аударымы туралы нұсқауды жасау және ұсыну тәртібіне қойылатын талапты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) шарттың талаптарында белгіленген өзге де талаптарды сақтаса;
4) егер нұсқауға акцепт жасаудан бас тарту «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларға қатысты болмаса, ақша төлемі немесе аударымы жөніндегі нұсқауға акцепт жасаудан негізсіз бас тартуы -
заңды тұлғаларға ақша төлемі немесе аударымы жөніндегі нұсқау сомасының бес пайызы, бірақ екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың клиенттің банк шотынан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген ақшаны алу кезектілігін бұзуы -
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақша төлемі немесе аударымы жөніндегі нұсқауларды:
1) банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның келесі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға бенефициардың пайдасына ақша аударымы туралы акцепт жасалған нұсқауды бермеуі;
2) егер алушы банк (ақша аударымы не төлемі туралы нұсқау жолданатын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) бенефициардың банкі (жөнелтушімен жасалған шарт талаптарына және (немесе) жөнелтушінің нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түсетін ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушімен жасалған шартта көзделген өзге де әрекеттерді орындауға тиісті банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) болып табылса, ақша аударымын аяқтамау;
3) қолма-қол ақша төлеу туралы нұсқауды ұсынған жөнелтушіге қолма-қол ақшаны бермеу түрінде орындамауы -
заңды тұлғаларға ақша төлемі немесе аударымы жөнiндегi нұсқау сомасының бес пайызы, бірақ екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы баптың талаптары осы Кодекстің 91-бабының сегізінші бөлігінде, 92-бабының төртінші бөлігінде, 285-бабында жауаптылығы көзделген әрекеттерге (әрекетсіздікке) қолданылмайды.
221-бап. Қазақстан Республикасының аумағында достық, қола және қаржы вексельдерiн шығару
Қазақстан Республикасының аумағында достық, қола және қаржы вексельдерiн шығару -
жеке тұлғаларға - қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - екi жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
222-бап. Электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу талаптарын бұзу
1. Эмитенттің өзіне қабылдаған міндеттемелердің сомасына сәйкес келмейтін сомаға электрондық ақша шығаруы -
үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекеттер -
алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Эмитенттің электрондық ақша иесін сәйкестендірмей, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға электрондық ақша шығаруы, сондай-ақ бір операцияның ең жоғарғы сомасы бойынша белгіленген шектеулерден асатын сомаға операциялар жасаған кезде эмитенттің электрондық ақша жүйесіндегі электрондық ақшаны пайдалануға жол беруі -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет -
бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша ақы төлеу кезінде дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның жеке тұлғалардан алған электрондық ақшасын эмитенттің өтемеуі, уақтылы және толық өтемеуі -
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекеттер -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
223-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жазбаша келісімін алмастан қаржы ұйымы акцияларының он немесе одан көп пайызын тікелей немесе жанама түрде құқыққа сыйымсыз иемденуге байланысты бұзушылықтар
Тұлғаның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жазбаша келісімінсіз, қаржы ұйымының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызы мөлшерінде қаржы ұйымы акцияларын тікелей немесе жанама түрде иемденуі, сондай-ақ қаржы ұйымының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызы мөлшерінде қаржы ұйымы қабылдайтын шешімдерді бақылауды немесе ықпал ету мүмкіндігін иемденуі -
жеке тұлғаларға - екі жүз, заңды тұлғаларға бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы бапта қаржы ұйымдары деп банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, инвестициялық портфельді басқарушыны түсіну керек.
224-бап. Банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, банк холдингтерінің, сақтандыру холдингтерінің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларын құқыққа сыйымсыз иемденуіне байланысты бұзушылықтар
1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттерді қоспағанда, банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларды Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің талаптарын бұзып иемденуі -
заңды тұлғаларға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттердi қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерін немесе акцияларды банк холдингтерінің, сақтандыру холдингтерінің Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің талаптарын бұзып иемденуі -
заңды тұлғаларға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, банк холдингінің, сақтандыру холдингінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алдын ала рұқсатынсыз еншiлес ұйымды құруы не иемденуі -
заңды тұлғаларға екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
225-бап. Зейнетақы активтерiн нысаналы пайдаланбау
1. Инвестициялық портфельді басқарушының, сондай-ақ инвестициялық комитет мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген инвестициялау шарттары мен тәртібін бұзуы -
жеке тұлғаға - төрт жүз, заңды тұлғаларға сегiз жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кастодиан-банктің ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiнiң нысаналы орналастырылуын бақылауды жүзеге асырмауы -
заңды тұлғаларға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы баптың екінші бөлігінің мақсаты үшін кастодиан-банк деп екінші деңгейдегі банк түсініледі.
226-бап. Банктердi, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын таратуға байланысты талаптарды бұзу
1. Тарату комиссиясы төрағасының не бөлiмше басшысының тарату комиссиясы қызметiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тексеру жүргiзуiнен жалтаруы не оны жүргiзуге кедергi келтiруi -
жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тарату комиссиясы төрағасының, бөлімше басшысының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының банк заңнамасында, Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгіленген, анық емес есептілікті және ақпаратты бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) ұсынуы, Қазақстан Республикасының банк заңнамасында, Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгіленген есептілікті және қосымша ақпаратты уақтылы ұсынбауы, ұсынбауы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
227-бап. Қабылданған және (немесе) шектеулi ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктелген мiндеттердi орындамау, уақтылы орындамау
1. Банктердiң, банктердің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдардың, Қазақстан Даму Банкiнiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың өздерi қабылдаған және (немесе) өздерiне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шектеулi ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктеген мiндеттердi орындамауы, уақтылы орындамауы -
жеке тұлғаларға - елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - үш жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерінің, сақтандыру холдингiнiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы iрi қатысушыларының, сақтандыру тобы құрамына кiретiн заңды тұлғалардың, актуарийдiң, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, инвестициялық портфельді басқарушының, инвестициялық портфельдi басқарушының iрi қатысушыларының, инвестициялық портфельдi басқарушының iрi қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлғалардың, бағалы қағаздар нарығы субъектiсiнiң, арнаулы қаржы компаниясының, исламдық арнаулы қаржы компаниясының, инвестициялық қордың, микроқаржы ұйымдарының өздерi қабылдаған және (немесе) өздерiне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шектеулi ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктеген мiндеттердi орындамауы, уақтылы орындамауы -
жеке тұлғаларға - елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз тоқсан, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Банктiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқаманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгiлеген мерзiмде орындамауы -
жеке тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
228-бап. Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгiленген талаптарды бұзу
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерiнiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру холдингінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қатысушыларының (акционерлерінің) және (немесе) үлестес тұлғаларының, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының (сақтандыру холдингінің) белгілеріне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың мәліметтерді немесе өзге де сұратылатын ақпаратты ұсынбауы, сол сияқты бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) уақтылы ұсынбауы -
жеке тұлғаларға - елу, заңды тұлғаларға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерiнiң, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру холдингінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қатысушыларының (акционерлерінің) және (немесе) үлестес тұлғаларының, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының (сақтандыру холдингінің) белгілеріне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың анық емес, сол сияқты толық емес есептілікті, мәлiметтердi немесе өзге де сұратылатын ақпаратты ұсынуы -
жеке тұлғаларға - елу, заңды тұлғаларға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Өзара сақтандыру қоғамының өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органға есептілікті не «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган сұратқан өзге де ақпаратты уақтылы ұсынбауы, ұсынбауы не анық емес құжаттарды ұсынуы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бiрлескен қызмет туралы шартты тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне оны ұсынбауы не уақтылы ұсынбауы -
төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру тобы бас ұйымының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген пруденциялық нормативтердi және (немесе) сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бірнеше рет (қатарынан күнтiзбелiк он екі ай iшiнде екi және одан да көп рет) бұзуы -
бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру холдингінің, сақтандыру брокерiнiң, сақтандыру агентiнiң мәмiлелер мен операцияларды Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметi туралы заңнамасын бұзып жүзеге асыруы -
мәмiле сомасының оннан бiр пайызы не операциялар бойынша алынған кіріс сомасының жүз пайызы, бірақ айлық есептік көрсеткіштің кемінде елу және екі мыңнан аспайтын мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Өзара сақтандыру қоғамының мәмiлелер мен операцияларды Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасын бұзып жүзеге асыруы -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Актуарийдiң өз қызметiн Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асыруы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Сақтандыру ұйымының сақтанушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өзiнiң тұрақты жұмыс iстейтiн органының, оқшауланған бөлiмшесiнiң орналасқан жерiнiң өзгергенi немесе атауының өзгергенi туралы уақтылы хабарламауы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
10. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгiленген, құжаттарды тиiсiнше құжаттау, сақтау, сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиялардың көшiрмелерiн орналастыру жөнiндегi шарттарды бұзуы, сондай-ақ сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерiнiң және сақтандыру агентiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген сақтандыру құжаттамасы бланкiлерiн есепке алу және сақтау, қолма-қол ақшамен жұмыс iстеу қағидаларын бұзуы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру брокерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарында ол жарияланған күні шындыққа сәйкес келмейтiн жарнаманы хабарлауы немесе жариялауы -
екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
12. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының есептiлiкте қамтылған көрсеткiштердiң не пруденциялық нормативтердi және (немесе) сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi сақтау туралы мәлiметтердiң бұрмалануына әкеп соққан есептiлiктi жасауы -
заңды тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
13. Осы баптың он екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
14. Сақтандыру брокерiнiң Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне өзiне белгiлi болған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлетсiздiгi фактiлерi туралы хабарламауы -
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
15. Актуарийдiң Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне өзi анықтаған, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының Қазақстан Республикасы заңнамасының сақтандыру резервтерiн қалыптастыру жөнiндегi талаптарын сақтамау фактiлерi туралы хабарламауы -
елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
16. Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қорына мiндеттi немесе төтенше жарналарды төлемеу, уақтылы төлемеу не толық көлемде төлемеу -
заңды тұлғаларға екi жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
17. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржы есептiлiгiн және өзге де мәлiметтердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мiндеттiлiгi туралы талаптарды бұзуы -
бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
229-бап. Сақтандыру ұйымының сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты талаптарды бұзуы
1. Сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырмау, сол сияқты уақтылы жүзеге асырмау немесе сақтандыру туралы жасасылған шарттың өзге де талаптарын дұрыс орындамау -
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Сақтандыру шартын орындау үшiн клиент ұсынған құжаттарды жоғалту -
заңды тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
230-бап. Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу
1. Сақтандыру ұйымының Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан жалтаруы -
заңды тұлғаға бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамалық актiсiне сәйкес мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға мiндеттi тұлғаның мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан жалтаруы -
жеке тұлғаларға - жиырма, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - төрт жүз, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының астанада, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда филиалдарының және (немесе) сақтандыру агенттерiнiң болуы, сақтандыру жөніндегі дерекқорға қатысу шартын жасасу, сақтандыру жөніндегі дерекқорға ақпарат беру жөніндегі талаптарды орындамауынан немесе тиiсiнше орындамауынан, сақтандыру шарттарын жасасу бойынша сақтандыру агентіне төленетін комиссиялық сыйақы мөлшерін асырудан көрiнген, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнiң талаптарын бұзуы -
заңды тұлғаға үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мiндеттi сақтандыру шартын:
1) Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру түрлерi туралы заңдарында айқындалғаннан өзгеше сақтандыру сомаларының мөлшерлерiн белгiлеуден;
2) Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру түрлерi туралы заңдарында айқындалғаннан өзгеше сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерлерiн белгiлеуден, сол сияқты сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезiнде коэффициенттердi дұрыс емес (негiзсiз) қолданудан;
3) сақтандыруға жатпайтын объектiлердi мiндеттi сақтандыру түрлерi бойынша сақтандырудан көрiнген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiн шарттарда жасасуы -
заңды тұлғаларға мәмiле сомасының оннан бiр пайызы не операциялар бойынша алынған кіріс сомасының бір жүз пайызы не операциялар бойынша алынған сақтандыру сыйлықақылары сомасының бір жүз пайызы мөлшерiнде, бiрақ айлық есептiк көрсеткiштiң кемінде екi жүз және екi мыңнан аспайтын мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
231-бап. Қаржы ұйымдарының, банк және сақтандыру холдингтерiнiң, Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қорының басшы қызметкерлерiн келiсудің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдерiн бұзу
1. Қаржы ұйымының, банк және сақтандыру холдингiнiң, Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қорының басшы қызметкерiн келiсу мерзiмдерiн қаржы ұйымының, банк және сақтандыру холдингiнiң, Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қорының бұзуы -
заңды тұлғаларға тоқсан айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
заңды тұлғаларға екi жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
232-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қаржы ұйымдары филиалдары мен өкiлдiктерiнiң ашылғаны және олардың қызметiнiң тоқтатылғаны туралы уақтылы хабардар етпеу, сондай-ақ қаржы ұйымдарының филиалдарын, өкiлдiктерiн ашу кезiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтамау
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қаржы ұйымдары филиалдары мен өкiлдiктерiнiң ашылғаны және қызметiнiң тоқтатылғаны туралы уақтылы хабардар етпеу, сондай-ақ қаржы ұйымдарының филиалдарын, өкiлдiктерiн ашу кезiнде Қазақстан Республикасының банк заңнамасының, Қазақстан Республикасының сақтандыру ісі және сақтандыру қызметi туралы заңнамасының талаптарын сақтамау -
заңды тұлғаларға бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
233-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып кредит, қарыз алу не оларды пайдалану
1. Дара кәсiпкердiң немесе ұйымның банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға дара кәсiпкердiң немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйi немесе кепiлге салатын мүлкi туралы немесе кредит, кредит берудiң жеңiлдікті шарттарын алу үшiн елеулi маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер ұсыну арқылы кредит не кредит берудiң жеңiлдікті шарттарын алуы, сол сияқты банкке немесе өзге де кредиторға кредит берудi тоқтатуға, жеңiлдiктердiң күшін жоюға не бөлiнген кредит мөлшерлерiн шектеуге әкеп соғуы мүмкiн мән-жайлардың туындауы туралы ақпаратты хабарламауы, егер бұл іс-әрекеттер iрi залал келтiрмесе, -
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Бюджеттік кредитті нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау, егер бұл іс-әрекет жеке тұлғаға, ұйымға немесе мемлекетке iрi залал келтiрмесе, -
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Мемлекет кепілдік берген қарыздардың және мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражатын қарыз шарттарында көзделмеген және кепілгерлік шартында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беруге пайдалану -
мемлекеттік кепілдігі бар қарыз бойынша қарыз алушы - тиісті заңды тұлғаның бірінші басшыларына, олардың орынбасарларына не тиісті бұйрықтармен міндеттерді атқару жүктелген оларды алмастыратын адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
234-бап. Республикалық және жергiлiктi бюджеттерге түсiмдердi уақтылы, толық есепке жатқызбау
1. Республикалық және жергiлiктi бюджеттерге түсетiн қаражатты уақтылы, толық есепке жатқызбау -
лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Бюджет қаражатын алушылардың тиiстi банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы шоттарына аударылатын қаражатты уақтылы, толық есепке жатқызбау -
лауазымды адамдарға жетпіс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
235-бап. Бюджеттiк есепке алуды жүргiзу, есептiлiктi жасау мен ұсыну қағидаларын бұзу
Бюджеттiк есепке алуды жүргiзу, есептiлiктi жасау мен ұсыну қағидаларын бұзу -
лауазымды адамдарға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
236-бап. Бюджеттiк кредиттердi, мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерін беру шарттары мен рәсiмдерiн бұзу
Бюджеттiк кредиттердi, мемлекеттiк кепiлдiктер мен мемлекет кепiлгерлiктерiн беру шарттары мен рәсiмдерiн бұзу -
лауазымды адамдарға төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
237-бап. Шығындарды өтеу қағидаларын бұзу
1. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемiн көрсету жөнiндегi шығындарды өтеу қағидаларын бұзуы -
лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол іс-әрекет -
лауазымды адамдарға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
238-бап. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзуы
1. Жеке тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi:
1) iрi залал келтiрмеген, бухгалтерлiк есеп жүргiзуден жалтару;
2) бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты iрi залал келтiрмеген бухгалтерлiк құжаттаманы жою;
3) жария ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер сертификаты жоқ адамды тағайындау түрiнде жасалған орындамауы және (немесе) тиiсiнше орындамауы -
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер -
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
239-бап. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзуы
1. Заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын:
1) бухгалтерлiк есеп жүргiзуден жалтару, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса;
2) құрылтай құжаттарына сәйкес ұйымдардың құрылтайшыларына (қатысушыларына), тiркелу орны бойынша мемлекеттiк статистика саласындағы уәкілетті органға, мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының құзыреттерiне сәйкес оларға, қаржылық есептілік депозитарийіне көрiнеу анық емес қаржылық есептiлiктi ұсыну, қаржылық есептiлiктi ұсынудан бас тарту, белгiленген мерзiмдi бұза отырып ұсыну не оны дәлелді себепсіз ұсынбау;
3) бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасау, бухгалтерлiк есепте көрсетiлуге жататын деректердi жасыру, сол сияқты бухгалтерлiк құжаттаманы жою;
4) қаржылық есептілікке жария мүдделі ұйымның кәсіби бухгалтер болып табылмайтын бас бухгалтерінің қол қоюы түрінде жасалған бұзушылық -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - екі жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - төрт жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, микроқаржы ұйымдарының, инвестициялық қорлардың және Қазақстан Даму Банкінің операцияларды бухгалтерлік есепте олардың нәтижелерін тиісті түрде көрсетпей жүргізуі -
заңды тұлғаларға есепке алынбаған соманың жиырма пайызы, бірақ айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз және төрт мыңнан аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, микроқаржы ұйымдарының, инвестициялық қорлардың және Қазақстан Даму Банкінің қаржылық есептілікті бұрмалауға әкеп соққан, бухгалтерлiк есепті Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген талаптарды және бухгалтерлік есеп әдістерін (қағидаттарын) бұзып жүргізуі -
заңды тұлғаларға тиісінше есепке алынбаған соманың бес пайызына дейінгі, бірақ айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз және төрт мыңнан аспайтын мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
240-бап. Бухгалтерлiк ақпараттың құпиясын жария ету
Коммерциялық құпияны құрайтын бухгалтерлiк ақпаратты оған қолжетімділігі бар тұлғалардың iрi залал келтiрмей жария етуi -
бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
241-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында белгiленген аккредиттеу қағидаларын бұзу
1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында белгiленген аккредиттеу қағидаларын бұзу -
заңды тұлғаға ескерту жасауға немесе екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы бапта көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
заңды тұлғаға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
242-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының пруденциялық нормативтердi және (немесе) сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi орындамауы
1. Инвестициялық портфельді басқарушының есептілікте қамтылған көрсеткіштерді не Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында айқындалған пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді орындау туралы мәліметтерді бұрмалауға әкеп соққан есептілікті жасауы -
заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
заңды тұлғаларға алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Инвестициялық портфельді басқарушының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгiлеген пруденциялық нормативтердi және (немесе) сақталуы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi бiрнеше рет (қатарынан күнтiзбелiк он екі ай iшiнде екi және одан да көп рет) орындамауы -
заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
243-бап. Ресімделген тіркеу куәліктері немесе хабарлама туралы куәліктер бойынша немесе валюталық мониторинг бойынша, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары бойынша есептілікті, сондай-ақ ұлттық валюта мен шетел валютасын репатриациялау мерзімдеріне және шарттарына әсерін тигізетін мән-жайлардың туындағанын растайтын ақпарат пен құжаттарды беру тәртібін бұзу
1. Ресімделген тіркеу куәліктері немесе хабарлама туралы куәліктер бойынша немесе валюталық мониторинг бойынша, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары бойынша анық емес есептілікті ұсыну -
жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне, Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істейтін резидент емес - заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Ресімделген тіркеу куәліктері немесе хабарлама туралы куәліктер бойынша немесе валюталық мониторинг бойынша, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары бойынша есептілікті уақтылы ұсынбау -
жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне, Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істейтін резидент емес - заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Ресімделген тіркеу куәліктері, хабарлама туралы куәліктер бойынша немесе валюталық мониторинг бойынша, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары бойынша есептілікті ұсынбау -
жеке тұлғаларға - қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жетпіс, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне, Қазақстан Республикасының аумағында бір жылдан астам жұмыс істейтін резидент емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Ұлттық валюта мен шетел валютасын репатриациялау мерзімдеріне және (немесе) шарттарына әсерін тигізетін мән-жайлардың туындағанын растайтын ақпарат пен құжаттарды уақтылы бермеу -
ескерту жасауға әкеп соғады.
7. Осы баптың алтыншы бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Ұлттық валюта мен шетел валютасын репатриациялау мерзімдеріне және (немесе) шарттарына әсерін тигізетін мән-жайлардың туындағанын растайтын ақпарат пен құжаттарды бермеу -
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне - елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне - жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
244-бап. Валюталық операциялар жөнінде хабарлама туралы куәлікті немесе валюталық операцияларға тіркеу куәлігін алу үшін құжаттарды беру мерзімін бұзу
1. Жеке және заңды тұлғалардың валюталық операциялар жөнінде хабарлама туралы куәлікті немесе валюталық операцияларға тіркеу куәлігін алу үшін құжаттарды беру мерзімін бұзуы -
жеке және заңды тұлғаларға ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
245-бап. Аудитордың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының бұзылу фактiсiн аудит жүргiзуге тапсырыс берушiлерден жасыруы
Аудитордың тексеру жүргiзу кезiнде анықталған Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының бұзылу фактiсiн аудит жүргiзуге тапсырыс берушiлерден жасыруы -
«аудитор» бiлiктiлiк куәлiгiнен айыра отырып, жетпіс бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 246-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |