3. Өлеңнің «құлагері»
(І.Жансүгіров)
Ақын, прозашы, аудармашы, драмашы, сатирашы, балалар ақыны, әдебиет сыншысы, публицист І.Жансүгіровтің публицистикалық мұрасының өзі мол дүние. Оның соңында қалдырған публицистикалық мұрасы от жалынды, өткір тілді, көркем суретті болып келеді.
Оның ең алғашқы «Жаңа салықтар» деген бас мақаласы әйгілі «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 16-қазан күнгі 82 нөмірінде жарияланған (3). Мұнда ең алғашқы импералистік соғысқа қазақ елінің қатысы, соғыс салықтарын төлеу мәселесі жазылған. Ал «Қаптағай» деген бүркеншек атпен берген «Мұсылман босқындарды қонақ қылу» (4) атты екінші бір материалында импералистік соғыстың қазақтарға әкелген ауырпалығын сөз етеді. Бұдан басқа «Жарлы жұмыскерлерге киім қазынадан берілуі» (5), «Жұмыскер жабдықтары туралы» (6), «Жұмысшылар жайынан» (7), «Жұмысшылар қамы» (8), «Жігіттер қалпы» (7) – деп аталатын бір топ мақала, хабарларында тыл жұмысыңдағы қазақтардың хал-жағдайы, 1916 жылғы маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына қазақтан адам алу науқанының барысы, осы жарлықты қазақ халқының қалай қарсы алғандығы жайында Ә.Бөкейхановтың мағлұмат жинау істері қаралып, талданады. Сондай-ақ бұл материалдарда Мәскеуде оқитын қазақ жастарының тыл жұмысындағы қазақтардың хал-жайын тексеру үшін Батыс майданына аттанғандарды, тыл жұмысынан қайтпаған адамдар туралы және тыл жұмысындағыларға көмектесу үшін комиссия құру, оның міндеттері жайлы да түсініктер білдіреді.
І.Жансүгіров енді бір «Жұмысшылар «земгор» қарауынан алынуы» (10) деген мақаласында тыл жұмысындағыларды «земгор» қарауынан алып, «соғыс ведомостіне» беру жайын түсіндірсе, «Қаптағай» деген бүркеншік атпен жазған «Үміт» (11), «Толқын» (12), «Өзгеріске» (13) атты өлеңдерінде де қоғам өзгерістеріне байланысты өзінің ішкі көңіл-күйлерін білдірген.
Оның кезінде Семей қаласынан шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде де біраз әңгіме, өлеңдері жарық көріпті. Мәселен, ол «Ж» деген бүркеншік атпен жариялаған «Жуан білектік» (14) деген әңгімесінде ескі әдет-ғұрып, көп әйел алу, жесір дауын тілге тиек етеді. Ал «Тілек» (15) өлеңінде:
Таң бұлбұлы сайрай бер,
Мұңды үнмен толқытып.
Тартыс күшті айдай бер,
Залым жоқ тұрған қорқытып...
Ынтымақ туы жарқыра,
Болмай ғана буалдыр.
Миһірбан суы сарқыра,
Бұқараны бір қандыр, -
деп жырлайды.
1920 жылы І.Жансүгіров Алматыға келіп, қысқа мерзімді оқытушылар курсына оқуға түседі. Сол жылдың күзінде көп қиындық көріп жүріп, Ташкентегі қазақ-қырғыз иснтитутының мұғалімдер даярлайтын екі жылдық курсына қабылданады. Оқып жүріп, содан шығатын «Ақ жол» газетінде корректорлық қызмет те атқарады. 1921 жылы курсты бітірген соң Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебінде мұғалім болып істейді.
Ауылға келіп, ұстаздық еткен осы екі жыл ішінде болашақ жазушы ел өміріне көбірек үңіледі, кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік құбылыстар мен қайшылықтар оның қырағы назарынан тыс қалмайды, әрі Алматыда шығатын «Кедей еркі» газетіне де араласып тұрады. 1922 жылдың соңында Ілияс Алматыға келіп, Жетісу облыстық қосшылар комитетінде ағарту жөнінен нұсқаушылық қызмет атқарады. Сонымен қатар «Тілші» газетінің жұмысына да араласады. Осы кезден бастап оның өлең, мақала, фельетондары Ташкент, Қызылордада шығатын басқа басылымдар беттерінен де жиі орын ала бастайды.
1924 жылы І.Жансүгіров Қазақ ағарту институтының директоры болып тағайындалады да 1925 жылы күзде Мәскеудегі Бүкіл одақтық Комунистік журналистика институтына оқуға түседі. Оны 1928 жылы бітіріп шыққаннан соң 1931 жылға дейін «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет етеді.
«Байшұбар» (1923), «Балаларға тарту» (1926) «Беташар» атты кітаптары жарық көрді. Ал тұңғыш «Сағалақ» атты өлеңдер жинағы 1928 жылы Қызылордада шыққан. Бұған дейін оның өлеңдерінің дені губерниялық «Тілші» газеті мен басқа да «Лениншіл жас», «Ауыл», «Жаршы», «Кедей еркі», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп» сияқты әр түрлі газет-журналдардың беттерінде басылып келген болатын.
Ілиястың сатиралық сарында жазған шығармалары мен сықақ-фельетондары «Құқ» деген атпен жеке кітап болып шықса, әңгімелері мен очерктері «Жол аузында» атты жинағына енген. Олар негізінен жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қазақ ауылындағы әр түрлі құбылыстарды көрсетуге арналған шығармалар.
Жазушының прозадағы соңғы шығармасы – «Жолдастар» романы. Бұл оның бұл саладағы әрі тұңғыш, әрі соңғы туындысы. Романға желі болып тартылған өмір оқиғалары уақыт жағынан алғанда екі-үш жылдың ғана құбылыстары: импералистік соғыс кезіндегі қазақ ауылының ауыр жағдайы мен таптың қайшылықтары, 1916 жыл көтерілісі, 1917 жылғы ақпан революциясын, Қазан төңкерісінің жекелеген көріністері.
Ол драматургия жанрына да ден қойып, «
Түркісіб», «Кек», «Исатай-Махамбет» пьесаларын жазды. Алғашқы екі пьеса автордың драматургиядағы тәжірибе жинақтауы, өз қаламының күшін байқап сынауы болса, «Исатай-Махамбет» оның нағыз драматург талантын ашқан еңбек еді.
Сонымен қатар І.Жансүгіров аударма саласында да көп еңбек етті. Ол А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдерін, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне тұңғыш рет толық күйінде аударды. М.Лермонтовтың «Ақынның өлімі», «Тұтқын», «Қанжар», Н.А.Некрасовтың «Темір жол», М.Горькийдің «Дауылпаз» В.В.Маяковскийдің «Лениншілдер» тәрізді шығармалары да қазақ тілінде сөйледі.
Оның 1935 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Қазақтың көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарғандығы белгілі. Осы жылы Алматыдан ақынның «Күй» атты үшінші жинағы шығады. Ал, 1936 жылдың қараша айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бірнеше санында І.Жансүгіровтың даңқты «Құлагер» поэмасы жарияланды. Өкінішке орай бұл оның көзінің тірісінде жарық көрген соңғы кесек туындысы болатын.
1928 жылдан бастап «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет еткен жылдары ол – Таңқыбай, Сақа, Құйқалың деген бүркеншек аттармен жиі көрінді. Бұл материалдарында публицист сол кездегі ел арасындағы келеңсіз жайларды әшкерелейді. Әулиеата, Луговой, Шу, Шоқпар, Отар, Іле маңын, Түркісіб темір жол құрылысын аралап, «Шоқпар шоқтығында», «Жол аузында», «Төрт жолдың торабында» деген очерктер жазды.
І.Жансүгіров 1931-1932 жылдары кино саласында қызмет етті. 1933 жылы «Әдебиет майданы» журналында редактор болды. Әрі қазақ кеңес жазушылары одағының төрағасы қызметін қоса атқарды. Осы кезеңде ол елдің сауатсыздығын жою, оқу-ағарту жұмысындағы олқылықтар жөнінде «Тілші» газетіне көптеген мақалалар жариялатқан. Мысалы, «Жетісуда оқу мәселесі» (08.02.1923) деген мақаласында жаңа мектептер салдыруды, біліксіз мамандарды мұғалімдік жұмыстан босатуды, мұғалімдердің білімдерін арттыруды ұсынды. Ол бұл проблемаларды барша халықтың алдына қойылған міндеттер деп санады. Ал, «Ауылдағы оқытушылар міндеті» атты бас мақаласында мұғалімдердің өздерін мәдениетті ұстай білулері керектігін, олардың жаман әдет-ғұрыптан аулақ болуларын ескертті.
І.Жансүгіровтың публицистикасында қазақ әйелі тағдыры елеулі орын алды. Ол «Тілші» газетіне халықаралық әйелдер күніне орай «Қазақ әйелінің өмірінен» (16) атты мақала жазған, мақала басында: «Қазақ әйелі» - қазақ анасы, қазақ бесігі» - дейді. Одан соң қазақ әйелінің бойында кездесетін жақсы қасиеттері, ақыл-парасаты жайын: «Қазақ әйелі әлеуметтік – қоғам жағынан қарағанда да елге, тайпаға, ауылға ұйтқы, береке болған. Қазақ әйелдері ел жапсарлап, бітім айтып, ел естісі да болып отырған», - деп көрсеткен.
Сонымен қаттар Ілияс бұрынғы қазақ әйелінің төрт құбыласы түгел еді демейді, олардың жаугершілік заманда батырлардың сауғасы, құнға тартылған күң болғанын да айта келіп, сол кездегі әйелдерді үш топқа бөледі. Бірі – үйдің ұйтқысы болып отырған, шекпен тоқып, мал күтіп, үй тігетін берекелі шаруа әйел.Екіншісі оқуға ұмтылып, тәрбие алуға талпынып жүрген жас қыз-келіншектер. Алдағы бар үміт осыларда. Үшіншісі – санасыз, шалағай, шолақ етек әйелдер. Бұларда білім де, сана да, тәрбие де жоқ. Бар ойлайтындары әдемі киіну мен «Шолақ етек» бай. «Қазақ халқының ілгері басқан аяғын кері кетіріп, өмірді өрлетпей, жегі құрттай жейтін топ осы», - дейді автор.
Жазушы халық қамын ойлаған, халқы үшін қабырғасы майысып, Жаны ашыған. Мәселен, «Ескеретін жұмыс» (17) мақаласында жылда Лепсі, Талдықорған уездерінің көп жерлерінде салған тарыны қызыл шыбын, асбас біте, қара күйе жеп қоятынын, сорлаған елдің зар жылайтынын тілге тиек етеді. Ал өкімет орындарының егіннің болған-болмағанына қарамай жосықсыз салық салатынын, елді салықтан босатуды ойламайтындарын айтады. Ол осы мақаласында егінді шыбын-шіркейдің оп-оңай жеп қоятын себептерін де ашады. Өйткені, егін мезгілімен салынбайды, сонан соң уақытылы піспейді, су да жетіспейді. Оның үстіне өткен жылға дерттенген тарыны тұқым етіп қайта салған соң ол таза болмайды.
Тіл туралы мәселе сонау жиырмасыншы жылдардың басында-ақ көтерілген. Қазақ зиялыларының, әсіресе ақын-жазушыларының тіл мәселесін сөз етіп күйінбегені жоқ. Бірақ, мемлекеттік тіл жергілікті халықтың тілі болсын, барлық іс –қағаз қазақ тіліне көшірілсін деген декрет орындалмады. «Кадр жоқ», «қаржы жоқ» деген және тағы басқа көптеген сылтаулар айтылды.
І.Жансүгіров осы кемшілік, келеңсіздіктерге орай «Тілші» газетінде «Кеңседе жергілікті тілді жүргізу» (18), - деп аталатын мақаласын жариялайды. Онда декретті шығарған орталық пен облыстың өздерінің жергілікті тілге көшпегендіктерін, барлық бұйрық-жарлықты төменге бұрынғыдай орысша жіберіп жатқандарын, жергілікті тілге көшуді төменнен емес, жоғарыдан бастау керектігін айтады. Сол проблема күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ…
Автор мақала соңында нақты ұсыныстар жасады. Ең алдымен орталықтың, облыстың жазу өрнектері, түрлі есеп, баяндама, кіріс-шығыс кітаптары, қатынас қағаз, акт формалары басылып, өрнек үлгі болып елге таратылсын, жергілікті тілді іске енгізетін комиссиялардың өз жазу-сызулары, бұйрық-жарлықтары, жол-жобасы ана тілде болсын. Сонан соң оқу орындарының бәрі, сот, тергеу мекемелері, «қосшылар» ұйымы өз жұмысын жергілікті тілге көшірсін деді.
Сондай-ақ ол мәдениет, өнер, әдебиет жайында да бірнеше сын мақалалар жариялаған. Мәселен, «Қазақ күйлері жиналсын» (19), - деген мақаласында қазақ күйлерін жинау керектігін, елде күйшілердің, домбырашылардың азайып бара жатқанын, көптеген күйлердің ұмыт бола бастағанын «Жоғарыда елде күй көп деген едік. Расында, күй көбеюде емес, күй күннен күнге азаюда, елде сауық-сайран азайған сайын, ел домбыра тартып, күй күйлеуден көрі, жан бағу амалына айналып, шаруадар болған сайын домбырашы да, күй де, ән де бұлдырап азаюда.Домбыра, қобыз, ән-күйге әуестік азайып барады. Елдегі ескі күйші шалдар өлген сайын күйлеріміз көрге көмілуде. Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал 40 күй тартады екен. Ол күйлердің бұл күнде біреуін де ешкім білмейді. Тек күй аттарын айтып, аңыз қылысады. Сөйтіп, Тойтан өлімі 40 күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Тойтан емес, толып жатқан домбырашылар, күйшілер күйімен бірге зым-зия жоғалып жатыр. Елде жастан домбырашы шығу, жаңадан күй шығу өте сирек», - деп әңгімелейді.
Ал, енді «Театр туралы» (20), «Ән, әншілер жайында» (21) атты мақалаларында Ілияс қазақ театры, әндері, әншілері жайында, олардың проблемаларына тереңірек үңіліп, ой қозғайды. Өзінің, театрдың, өнердің нағыз білгірі екендігін танытады. Алғашқы мақалада ол театр туралы өз пікірін айтып, ондағы басты-басты кемшіліктер жайын, сол кемшіліктерді жоюдың жолдарын сөз етеді. Театрдың негізігі жоспары жоқтығына, театр мәселесінің ең жанды жері-репертуарының жұтаңдығына, әртістердің жетіспейтіндігіне, керекті жабдықтың (декорация), киім-кешектің аздығына қынжылады.
Публицистің жоғарыда аталған екінші мақаласы қазақтың ән-күйлеріне, музыка түрлеріне арналған. Ол мұнда: «Ән туу үшін тыңдаушы керек әнді тудырады. Тыңдаушы дегеніміз әр дәуірдегі ел, ұлт, соның ішінара табы, тобы болады», - дей отырып, ел музыкасын – ой музыкасы, сөз музыкасы, қимыл музыкасы сияқты үш салаға бөледі. Қазақ әндерінің табиғатына, құрылысына назар аударады.
1927 жылы Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы қолға алынған кезде Ілияс Түрксіб тақырыбына бірнеше очерк арнаған.Ол шығармалары 1929 жылы «Жол аузында» деген атпен жеке жинақ болып шығады.Мәселен,осы жинаққа енген «Жол аузында»,«Шоқпардың шоқтығында», «Төрт жолдың торабында» атты очерктерінде жазушы бүкілхалықтық құрылыстың барысын,жапан түзге желі тартқан болат жолдың қиыншылықтарын,құрылыс екпінділерін суреттейді.
І.Жансүгіровтің бұл жанрға көбірек қалам тартқан кезі отызыншы жылдар болып есептеледі.Себебі,ол бұл кезде газет-журнал тапсырмаларымен өнеркәсіп ,шаруашылықтарды көп аралап,өндірте жазған.Сөйтіп,оның қаламынан «Октябрьдің октябрі», «Сталин колхозы», «Жарыс», «Төменнен толқын», «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар», «Бір күн ішінде», «Қоян құс» очерктері туындаған.
Мәселен, «Октябрьдің октябрі» шығармасы –Ертіс өңіріне жаңадан қоныс тепкен бір шаруашылықтың қарбалас өмірін көрсетеді.Оны автор: «Осы ара былтырғыдан биыл басқаша. Уақыт осы жылдың өткен август айы. Ондағы өлі дала тірілген.Тірілген ғана жоқ, далада астан-кестен төңкеріс. Қара жер бауырдай тілініп, машина жолы салыныпты. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан машина: автомобиль, жүк тартар, ұшқыр үш аяқ(мотоцикл), тағы талайлар. Телеграф, телефон бағаналары қол ұстасып, қырды қамап тастаған. Қырдың кешке күні батпайды. Күні батса да, түні болмайды, электр нұрына көмілген Ертіс даласы жап-жарық болып жатады. Бензинге буаз бөшкелер қостаған жылқыдай үйір-үйір болып қырда жусайды», - деп суреттейді. Қарапайым қазаққа соншалық түсінікті қандай теңеу; Сонымен қатар автор қазақ даласына келген осы жаңалықтарға қуана тұрып еркін қазақ даласының бұғауға түсе бастағанын да аңғартады. Көңілі күпті.
Ал, оның екінші бір «Жарыс» (22), - деп аталатын очеркіне Екібастұз көмір кеніндегі социалистік жарыс мәселесі арқау болған. Әкелі-балалы екі шахтердің (Жауатар мен оның баласы Рақымжан) өзара жарысын көрсету арқылы шахта өмірінің сырын шертеді. Очерктің соңында жоспардың артығымен орындалғаны, шахта газетінде әкелі-балалы екі шахтердің үлгілі жарысы жазылып, екеуінің де суреті басылғаны әңгімеленеді.
Ал одан әрі жазушы «Бейсетай бригадасы», «Соқашылар», «Бір күн ішінде» очерктерін жазып, шығарма желісін бір күннің оқиғаларына құрып, адам мінездерін тереңірек аша түседі. Сондықтан да мұнда кейіпкерлер бейнесі өзіндік кескін-келбетімен, мінезімен оқшау. Алғашқы екі очерк астаналық облыстың «Қаскелең» ауданының «Еңбекші талап» колхозынан жазылған. Автор осы жұмысы өрге басқан шаруашылықтың озат бригадаларын, екпінді соқашыларын, олардың ізгі мақсат-мүдделерін, жан сүйсінер жақсы істерін суреттеп, Бейсетай, Жапар, Рысбала, Сәлім сияқты үлгілі комсомол мүшелерінің, Бәтіш, Мәскуре секілді еңбек екпінділерінің бейнесін жасаған.
І.Жансүгіров келесі «Жол аузында», «Төрт жолдың торабы» очерктерінде Түркісіб тақырыбын одан әрі жалғастырып, тереңдете түскен. Алғашқы очеркті оқығанда сонау отызыншы жылдардың жол төсеуші жұмысшыларының ортасында жүргендей боласын. Шығармада әсіресе Нұрбектің образы жан-жақты бейнеленген. Нұрбек – Ташкент темір жолының байырғы жұмысшысы. Он бес жасынан темір жол жұмысында шыныққан. Еңбек қазанында қайнаған, піскен. Жұмысқа берілген, жайдары, өткір. Өз жұмысына ынталы, ұқыпты. Нұрбек образынан сол заман рухына сай қазақ еңбекшілерінің шын таянышын шын сүйенішін көрсетуге тырысқан.
Ол сондай-ақ «Жаңа астана» очеркінде Алматы қаласы жайлы, қалада болған жер сілкінісі, су тасқыны туралы әңгімелейді, халықтың саны жөнінде деректер келтіреді. Жазушының «Қазақстан астанасы – Алматы» (23) деген екінші бір публицистикалық очеркі де осы мазмұндас. Оның «Алматының жері жақсы», «Алматының тарихынан», «Алматы – 1916 жылы», «Бүлік», «Қала сонда қандай еді?», «Ескі басшылықтың Алматысы», «Қала қалай өсіп келеді?», «Қаламыз – мәдениет ордасы», «Алматы жолдары», «Үлкен Алматы», «Бақша мен курорт», «Одақтас республиканың астанасы», тарауларында ғылыми-танымдық, тарихы деректер мол.
Белгілі жазушы сондай-ақ осындай мақала, очерктерімен қатар фельетон, сықақ әңгімелер жазып, сатиралық шығармалардың қалыптасуына атсалысқан. Ол 1928 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық журналистика институтын бітіріп келген соң. Қызылордадағы «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке кірісімен іле-шала бірнеше фельетон жариялайды. М.Горькийдің «Мен жазуды қалай үйрендім», «Жас жазушыларға» деген мақалаларын қазақшаға аударып, бастырады.
Бірақ, І.Жансүгіровтің әдебиеттің сатиралық жанрына ертеден, яғни жиырмасыншы жылдардың ішінде-ақ ден қойып, әр түрлі бүркеншік аттармен фельетон, сатиралық әңгіме, өлеңдер жаза бастағаны белгілі. Оның фельетондары мен сықақ өлеңдері, әңгімелері сол кездегі газеттерде «Әзіл-оспақ», «Оқшау сөз», «Шашырама» деген айдарлардан үзбей жарияланып тұрған. Мәселен, жазушы «Бейсембек болыс», «Елге шыққанда...ол не айтады?», «Белсенділерге», «Қазақы қорытынды», «Ықшылбай», «Ала бие», «Ит-ай», «Жарқынбай», «Беркінбай...» сияқты сықақ өлеңдерінде өңін айналдырған қуларды, даурықпа айқайшыларды, парақорларды әжуа етеді.
Ол өзінің ең уытты, ең өткір өлеңдерін дін иелеріне арнайды, «Некешілдер», «Өк, көк өгіз», «Өлген молданың өсиеті» сиқты өлеңдер – бұған айқын айғақ. «Өк, көк өгіз» өлеңінде ол жерді көк өгіз көтеріп тұрады дейтін діни аңызға иланушыларды соншалықты шебер мысқылдайды. «Өлген молданың өсиетіндегі» әжуа бұдан да уытты, бұдан да өткір. Мұнда автор ерекше суреттеу тәсілін қолданады. Молда ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде қиямет-қайым болып қалған екен. Молда пейішке бара алмайды. Шариғат жолын желеу етіп, әркімді алдап-арбап алып, құрбандыққа шалған қошқарлар мен бұқалар оны сүзгілеп , тозаққа құлатады....
Жазушының сатиралық өлеңдерінің құрылысы, көркемдік ерекшеліктері де әр алуан. Оның «Некешілдер», «Ала бие», «Топинша», «Келін отауында», «Ит-ай», «Шошқа», «Бай, бәйбіше», «Қазақы қорытынды», «Жарқынбай,Беркінбай» сияқты өлеңдері диалог түрінде, екі адамның сөйлесуі ретінде жазылған. Осындай тәсілі арқылы ол алуан түрлі адамдардың мінез-құлқын, ой-өрісін, көзқарасын жарқыратып ашып береді.
І.Жансүгіровтің ең алғашқы «Сыйға-сый, сыраға бал» фельетоны 1922 жылы жазылыпты. Оған «Таңқыбай» деп қол қойған. Бұл фельетон – сықақ әңгіме жанрының талабына да толық жауап беретін көркемдік құны зор шығарма. Фельетонда автор бос сөзге, мәнсіз сұрақ қоюға құмар шаштараздың образы арқылы жалпы мылжыңдарды былай деп өлтіре сынайды:
«Бұларын да қойшы, көппен көрген ұлы той болар еді ғой. Әсіресе, парикмахердің бола бергенде иығыңа мініп алып жаудыратын сауалынан ығыр болам.
-
Бетіңізді малалайын ба?
-
Жоқ...
-
Бетіңізді жаңалайын ба?
-
Жоқ....
-
Одеколонның бояулысымен бе, жоқ жай түстісімен – ақ па?
-
Жоқ, сумен – ақ...
-
Не дейсіз? Жай сумен бе?
-
Жай сумен.
-
Одеколонмен жақсы ғой... Одеколон сән емес, сәлеметтікті сақтауға жатады....
-
Жоқ...
-
Бетіңізді малалауға бұйырасыз ба?
-
Жоқ! – деймін.
Жекерек шаштаразшы тек қана осы сұрақтармен тынбай, басқа сұрақтарды да бұршақша жаудырады. Бір күн, бір ай емес, бақандай екі жыл бойы осы сұрақтар аспаннан жаңбырдай жауып, толастамайды.
Оның «Шалқыбай» (24) фельетонының да кейіпкері нағыз бюрократтың өзі. Таңертең онсыз төсектен тұрмайды. Шайды ішіп, шылымды тартып, сағат он екіні соққанда ғана мекемеге келеді. Күндегі әдеті осы. Оны автор былай суреттейді. «Шаншыла отырған Шалқыбай қарғып табалдырыққа мініп, қалың көпті қақ жара мекемеге сүңгіп кетті. Топырлаған топ есікке қойдай ұйлықты. Үш түн қалада түнеп, өгізі өлгелі тұрған Оспан есікті ашып еді, Шалқыбай шақшия қадалып, басты бір шайқап тастады. Оспанның жүрегін өгіз сүзгендей болды. Есікті лып еткізіп жауып құтылды».
«Бақтың әдісі» (25) фельетонынының кейіпкері: «Баю үшін ар-ұяттан безу керек, ар-ұжданмен байланысты үзу қажет» десе «Құйрықты базар» (26) фельетонындағы жағдай, тіпті қазір де кездеседі. Өйткені, кейбір сатушылардың өтімді тауарларға өтпей тұрған тауарларды қосып сататындары жаңалық емес.
Ал, оның «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» (27) фельетонында қалалық кино басқармасындағы келеңсіздіктер сыналады. Қазақ тіліне кинолардың орашолақ аударылғаны соншалық, түсінудің өзі қиын. Орыс тіліндегі сөздер мағынасына қарай емес, дәлме-дәл сол күйінде аударылады. «Күн шығысымен жарық қала шашылды» (Всходом солнца светлый город рассыпался), «Мен оған барлық станцияның тізбесін оқимын. Дәміне қарай таңдасын» (Я буду читать ей список станции, пускай она сама выбирает по вкусу). Аудармаға кейде татар тілі де араласып кетеді?: «Мен ғапу өтінемін, қашаннан бері еріңні көрмәгән әлі?».
«Еңбекші қазақ» газетіне сатирик жазушының әр жылдары бұдан басқа «Қаңғырған хат», «Қуыршақ», «Хан адвокат», «Мені арқала, бақ қуала», «Сонымен кетіп барам», «Қымбатты Иван Иванович», «Екпінді бүлдіргіш», «Мынау не дейді?», «Дұғай сәлем», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Жайлаубектің жауыры – аурудың ауыры», «Басқа пәле-тілден», «Жалаңаш жиылыс» сияқты көптеген фельетондары жарық көрді.
Үкіметтің саясатына ілеспейтін адам кемде кем. Кезінде І.Жансүгіров те жаңа кеңес үкіметінің сөзін сөйледі. Олай етпеске шарасы да жоқ еді. Мәселен, оның «Хан адвокат» фельетоны 1929 жылы «алашордашыларға», қазақ интеллигенттеріне қарсы басталған репрессия кезінде жазылыпты. Бұл кездерде « алашордашыларға» ұлтшыл, байшыл деген көптеген кінәлар тағылғаны белгілі. Осы орайда «Хан адвокат» фельетонының бас кейіпкерлері Ырай – «алашордашыл», басқа кейіпкерлердің айтуынша – «Алаш» кіндігінің ағасы, батыс орданың төбесі «Ырай бір топ адамдармен сөйлесіп отырып:
«.....Бүгінгі заман – заман емес, аз ғана адал Дөсекең (Қазақстан) атағы болмаса, әлі Россияға жем болып отыр. Оған мысал, осы күнгі Қазақстанда үн жоқ. Жұрттың бәрі нанға зар. Сол аш Қазақстанның өзі Россияға 35000 пұт ұн жіберіп отыр. Ол ол ма, қазақтың жерін орыстың мұжықтарына алып берейін деп отыр. Басқа беріп жатқан тері-терсек заттардың есебі жоқ...
....Бірақ, заман өтеді, өзгереді. Түбі қазақ Россияға бағынып отырмайды. Күндердің күнінде өз алдына өкімет болады. Сөз жоқ...», - дейді.
Осы сөздерден Ырайдың халқының қамын ойлайтын азаматтығы, нағыз көрегендігі байқалады. Халықтың азын-аулақ жинаған астығына салық салынып, түгін қалдырмай тартып алғаны 1932 жылғы ашаршылық себептерінің бірі болғаны тарихтан белгілі. Нанға жарымай отырған Қазақстанның өзі Россияға 35000 пұт астық жіберіпті. Ырай соны жасырмай айтады.
Ал, фельетонда Ырайды басқа кейіпкерлер «Хан адвокат» деп кекетеді, «байшыл, ұлтшыл, құдайшыл, құраншыл», - дейді. Автор Ырайды сынап өтеді.
«.....Үшінші – кешегі Оралдың ақиығының» қартайып тышқан аулауға айналғандығы. Вагонның бір үйшігінде отырып қалған мүсәпірлігі, мысық қамқорлығы «Саяси саудагерлігі».
Төртінші – бұқаның өзі қартайса да мұрны қартаймайтындығы. Қайда жүрсе де «қазағы үшін» бір мөңіреп қоятындығы.
Бесінші- сынауына, мінеуге жинаған дәлелдерінің өте құнарсыздығы. Мәселен: Кеңес Одағындағы елдер Қазақстаннан «35000 пұт бидай қағыстырып алып қойды» дегені, - Қызылорданың бір-екі нан дүкендерінің алдында «очередті» көргендігі. Бай, саудагерлердің астық базарынан айырылғандығы.
Алтыншы – дүние төңкерісін қалайда болдырмауға ықыласының қатты құлайтындығы. Оған дәлелі – автомобильдің Америкада жасалатындығы, «Америка жұмысшыларының есік алдындағы кішкене ящикке тамақ, басқа керек-жарақ келіп тұрады» дегені.
Міне, Ілияс Ырайды осылай сынайды. Бірақ ол үшін жазушы емес, заман, қоғам кінәлі.
«Хан адвокатта» Ілияс бас кейіпкері Ырайға айтқызатын мына сөздер, бәлкім, автордың да қалауы, көкейіндегісі шығар, кім білсін... ұлты үшін күйіп, халқының қамын жеген азаматтардың қай-қайсысы да іштей болса да Ыраймен ырайлас, үндес, тілектес болғанына кімнің шүбәсі бар? Кімнің қарсы айтар куәсі бар? 1937 жылғы қырғын не үшін жүзеге асырылды? Сірә, сенбестіктен болар. Жарқырап, жар салып айтпаса да бүкіл зиялылары кеңес үкіметінің түп мақсатын тап басып таныған соң мұның да патшалы Ресей сықылды тонау саясатын жүргізудің, елімізді орыстандырып өз боданына айналдыру жолындағы басқыншы билік формасының бір түрі екеніне көз жеткізген әрқайсысы-ақ Ырайша:
« ....Бірақ, заман өтеді, өзгереді. Түбі қазақ Россияға бағынып отырмайды. Күндердің күнінде өз алдына өкімет болады. Сөз жоқ!.... деуге әзір тұрғанын сезінгендіктен намыс қылған шығар.
Кешегі 1986 жылғы желтоқсанда да тап солай болған жоқ па еді? Жүрегі қарс айырылып қан жылаған қалың қазақ үкімет әміріне қарсы тұрып не қауқар көрсетті?! Ұлтшыл, нашақор, бәлеқор атанып қала бермедік пе? Бұл жолы да Ырай сынды некен-саяқ арыстар басын бәйгеге тігіп төрткүл дүниеге жария етпесе өзгеміз бұққан күйі бұғып отыра бермесімізге кім кепіл?
Әр заманның өз Ырайлары болады. Мәселен, 1986 жылы елдің туын жықпай, еңсесін бастырмай «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» дегендей қасқайып шығып көптің көкейіндегісін айтар, өлгенін жоқтап, тірісін қорғау үшін кеудесін оққа тосқан ақиық ақын Мұхтар Шахановтың ерлігі қай батырыңнан кем?! Егер аяқ астынан заман өзгеріп, құрылыс ыдырамағанда Мұхтар сынды сан азамат Ырайлардың кебін киері даусыз еді ғой. Ендеше алаштың ардагерлері айдауға кеткенде ақ жүрек, адал ниет көп азамат кешегі желтоқсанда тілін тістеген күйі кіжініп үйінде отырып қалған көп жайсаң жандар сияқты өкініші мен өксігін өзі тұншықтырып, өкімет билігіне лажсыз мойынсұнғаны шүбәландырмауы керек. Өйткені, мұндай жағдайды біздің қазіргі замандастарымыз бәріңіз де бастан кешірдіңіздер. Сондықтан советтің сойылын соқты, советтің сөзін сөйледі деп бірде бір нәсілдестеріммізді тықсырудың орайы жоқ. Ілияс ақынның алаш өкілі, бас кейіпкерінің атын Ырай деп алуы да тектен тек емес сияқтанады... Заманның, қоғамның ырайы осылай болды ғой дейтін сияқты.
Қорытып айтқанда, Ілияс Жансүгіров ақындығымен қатар Сәкен, Бейімбет сияқты белді-белді басылымдарда қызмет істеп, білек сыбанып мақалалар, фельетондар жазды. Яғни, қазақ журналистикасының қалыптасуына үлес қосып, оның көп жанрының ірге тасын қаласты. Бүгінде қазақ журналистикасының қай жанрының тарихын таразылап, басталу сәтін сөз ете қалған кісі Сәкенге, Бейімбетке, Ілиясқа да соқпай өте алмайды. Ілияс-журналист сіңірген еңбектің мәнділігі де осында.
Достарыңызбен бөлісу: |