72-бап. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры
1. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастры:
1) пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу, олардың көрініс табуы туралы және жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтерді;
2) жер қойнауын геологиялық зерттеу, көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру, жер қойнауы кеңістігін пайдалану, сондай-ақ кен іздеушілік үшін пайдалануға берілген жер қойнауы учаскелері туралы мәліметтерді;
3) көмірсутектерді және пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің, кен іздеушіліктің, зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көмудің және сарқынды суларды жер қойнауына ағызудың жойылған объектілері туралы мәліметтерді;
4) техногендік минералдық түзілімдерді орналастырудың жұмыс істеп тұрған объектілерін мемлекеттік есепке алу туралы мәліметтерді қамтиды.
2. Пайдалы қазбаларды мемлекеттік есепке алу пайдалы қазбалардың кен орындары, негізгі және олармен тұтасып жатқан пайдалы қазбалардың саны мен сапасы, олардың құрамындағы құрауыштар, өнеркәсіптік маңызы бар кен орнының тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа да сипаттамалары, олардың орналасуы, зерттелу дәрежесі, өнеркәсіптік игерілу дәрежесі, өндіру, шығындар, өнеркәсіптің пайдалы қазбалармен қамтамасыз етілуі туралы, сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру немесе олардың ресурстарын және (немесе) қорларын қайта бағалау нәтижесінде есепті жылда пайдалы қазбалар ресурстары мен қорларын бағалаудағы өзгерістер туралы мәліметтерді қамтиды.
Пайдалы қазбалардың әрбір көрініс табуы бойынша пайдалы қазбалардың болжамды (перспективалы) ресурстары, олардың көрініс табуының гидрогеологиялық және басқа да сипаттамалары туралы геологиялық-экономикалық деректер тіркеледі.
Жер қойнауы кеңістігінің объектілері туралы мәліметтер жер қойнауы қуысының орналасу координаттары мен сипаттамалары туралы, оларда өндірістік, шаруашылық және басқа да объектілер мен заттардың орналасу, оларда технологиялық және өзге де процестерді жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы деректерді қамтиды.
3. Жер қойнауының әрбір учаскесі бойынша кеңістік шекараларда жер қойнауы учаскелерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, оның мөлшері мен орналасқан жері, жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын пайдалану құқығы солардың негізінде берілген құжаттар туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдалану құқығының кепілі туралы мәліметтер, жер қойнауын пайдаланушы ұсынған есептілік және өзге де құжаттама, геологиялық ақпарат тіркеледі.
4. Көмірсутектерді, пайдалы қатты қазбаларды, кең таралған пайдалы қазбаларды өндірудің жойылған объектілері туралы мәліметтерге жойылған өндіру объектілерін орналастыру жоспарлары, жою актілері және өндіру салдарын жою туралы басқа да деректер жатады.
5. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрының мәліметтерін қалыптастыру жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу, мониторинг жүргізу, жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекске сәйкес ұсынатын есептілік және өзге де мәліметтер есебінен қамтамасыз етіледі.
6. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу бойынша ақпаратты мемлекеттік органдарға олар белгілеген тәртіппен ұсынады.
7. Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізуді жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының жай-күйін өзі бекітетін тәртіппен есепке алу мақсатында жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |