1998 жыл 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің алдағы даму белестерін айқындайтын «Қазақстан-2030» даму Стратегиясын бекітті. Стратегияны жүзеге асыру үшін кезең-кезеңге межеленген бірқатар басымдық айқындалды. Алайда 1998 жылы бой көрсеткен Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы – еліміздің тәуелсіздік тарихындағы күрделі кезең болды. Ол дағдарыс тек дамыған емес, жаңа қалыптасып келе жатқан нарықтарға да ауыр соққы болып тиді. Соның ішінде Қазақстанның да жалпы ішкі өнімінде жағымсыз рөл атқарды. Осы тұста елордамызды Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама талқыланып жатқан-ды. Ал аталған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Үкімет елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асырды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Нәтижесінде, 1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1 пайызға, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8 пайызға өсті. Елдің алтын қоры 2 миллиард долларға жетті. 2008 жыл Кеңес Одағының ыдырауынан, Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі тәуелсіз Қазақстан басындағы ең үлкен күйзеліс – АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алып, әлемдік деңгейде алапат толқын тудырған 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы. Құрылыс индустриясын қарқынды дамыта бастаған біздің ел үшін ол оңай болған жоқ. Құрылыс саласынан кейін банктік-қаржылық жүйе де біраз әлсіреп қалды. Әрине, ел экономикасына төнген жаһандық қауіпті еңсерудегі 10 жыл бұрынғы тәжірибе ескеріліп, ол жолы да тұңғиық толқынына төтеп бере алдық. Дереу қаржылық-экономикалық жүйені құлдыратпау, экономика секторларын қолдау бағытында Үкіметтің тұрақтандыру жоспары бекітілді. Ал 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеруді одан сайын түгесіп, даму сатысына өту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Экономикалық даму және сауда министрлігінің дерегіне сүйенсек, ең дағдарысты болып саналатын 2008-2009 жылдардың өзінде ЖІӨ-нің төмендеуін емес, өсімін қамтамасыз етіппіз. Атап айтқанда, ЖІӨ 2008 жылы 3,2 пайызға артса, әлемдік күйзелістің шарықтау шегі саналатын 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді көрсетті. Сөйтіп, 2010 жылы ЖІӨ 7 пайызға өсіп, сол сәтте ғана дағдарыстан кейінгі экономиканың қалпына келу белгісі көрінді. Өнеркәсіптік өндіріс 10,5 пайызға жоғарылап, жұмыссыздықты жою мақсатында 100-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылды. Әрине, ол кезде жоғарыдағы жетістіктердің бәрі бірден қалпына келе қоймағаны анық. Мамандардың есебінше, 2009 жылы 10 компания бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелерін орындамаған, 642 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан, ресми жұмыссыздық 7 пайызға жеткен. Республика бойынша өндіріс көлемі де төмендеген. Өйткені АҚШ-тан басталған қаржылық жетіспеушілікті көлемі жағынан 30-жылдардағы ұлы депрессиямен салыстыруға болады екен. Тіпті, 2009 жылы әлемдік ЖІӨ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі теріс динамиканы көрсеткен. Жұмыссыздықтың өсуі 199 миллион адамды құрап, еңбек нарығының тарихында рекордтық санға айналыпты. Міне, ондайда «жаңбырдың астынан құрғақ шығу» мүмкін емес еді. Ел билігі ұстанған сындарлы саясат пен халықтың сарқылмас сабырының арқасында ішкі нарықты реттеп, экономиканың сыртқы салдарын да салқынқандылықпен қабылдай білдік.
Достарыңызбен бөлісу: |