2020 жыл Жаңа әлемдік дағдарысқа 2020 жылы коронавирус пандемиясы мен мұнайдың күрт арзандауы әкеп соқты. Ал Қазақстан Үкіметі коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде экономиканың құлдырауына жол бермеу үшін бірден дағдарысқа қарсы шаралар дайындауға кірісіп кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы жоспар дайындау үшін жедел штаб құрылғанын мәлімдеді. Ол жиында экономикалық жағдайды жақсарту үшін біраз қадамның жүзеге асырылатыны айтылды. Жіктеп жеткізсек, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары бойынша бизнеске 1 триллион теңгеге дейін несие беру; ірі сауда нысандары, кинотеатр, театр, көрмелер мен спорт нысандарын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған мүлік салығынан бір жылға босату; заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді бір тоқсанға өсімнен босатып, 3-тоқсан үшін салық есебінің уақытын өзгерту; бизнеске жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру; «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында құны 300 миллиард теңге болатын инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу жұмыстарына Қазақстан азаматтарын тарту мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде несие бойынша төлемдерді кешіктірген жағдайда халықты айыппұл мен өсімнен босату және 200 мың жаңа жұмыс орнын құру жағы жеделдетілді. Мамандардың айтуынша, 2020 жылғы дағдарысқа әлем бойынша жеке және мемлекеттік сектордағы қарыз жүктемесінің 246 триллион долларға өсуі себеп болған. Яғни, қазір қарызға бату дегеніңіз барлық өнім мен қызмет құнын көрсететін әлемдік ЖІӨ-ден де асып кеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |