3.2 Білім беру жүйесін дамытудағы шетел тәжірибесінің рөлі
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғалы бері он жылдан астам уақыт өтсе де, жан-жақты реформалар жүргізу үрдісі аяқталған жоқ. Тәуелсіздік жылдарының алғашқы күнінен бастап дамыған елдерден үлгі алуға тырысқан ҚР-сы өз ішіндегі жаңашылдықтарды басқа елдермен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы енгізіліп келеді. Америка Құрама Штаттары сондай елдердің ішінде ең маңызды орынға ие. Әрине, екі жақтың достық қарым-қатынастарын былай қойғанда, олардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бірақ өз дамуына септігін тигізетін мұндай қарым-қатынастарды жасаспасқа болмайды. Қазіргі таңда Америка құрама Штаттары КСРО ыдырағаннан кейінгі қалған вакуумды толтыруға белсенді түрде тырысып-ақ жатыр, оның бірнеше себебі бар, АҚШ өз ықпалын бұрынғы Ресей ықпалымен ауыстырғысы келеді, әрі стратегиялық маңызы бар энергетика қайнар көздеріне бай, әрі әлі даму сатысындағы бұл аймақ қандай да болмасын ықпалға тез іліккіш болып тұр.
Осындай жағдайларда өсіп-өрбіп келе жатқан еліміздің өз тәуелсіздігін сақтап қалуына, сонымен қатар АҚШ сияқты ірі державамен серіктестік деңгейінде қарым-қатынас жүргізуіне таңданбасқа болмайды.
Қазақстан қоғамының трансформациясы жағдайында мемлекет алдында Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін қалыптастыру өзекті мәселесі пайда болды. Бұл мәселені қарастыруда Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесін реформалау үрдісін зерттеу керек. Бұл жерде өтпелі кезеңді басынан өткізіп жатқан елдер үшін білім жүйесін реформалау жаңа құбылыс болып табылмайтындығын атап кету қажет. Мұндай реформалау білім жүйесінің жақсаруын, даму динамикасын, эволюциясын көрсетеді және әрдайым болып тұрады.
Қазіргі Қазақстанда жоғары білім мәселесі экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Бірақ, бұл мәселені шешуде тек қаржылық-экономикалық жағдаятқа ғана сүйенуге болмайды. Білімді реформалауға кешенді түрде қарап, әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторларды да ескеруі керек.
Әрбір әлеуметтік институт, соның ішінде білім беру жүйесі қалыптасқан жағдайларға бейімделуі тиіс, өйткені ол оның өмір сүруіне қажетті шарт болып табылады. Біздің еліміздегі білім беру жүйесінің реформасы басқа да өтпелі мемлекеттердегіей «жоғарыдан» жүргізіледі.
Әлем кеңістігіндегі болып жатқан өзгермелі жағдайлар білім беру жүйесіне де өзіндік әсерін тигізіп отырғаны белгілі.
Елімізде жүргізіліп жатқан білім саясаты әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағдарланған. Әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басымдылық мақсаты-өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін, оң шешім қабылдай алатын тұлға дайындау болып отыр.
Осы орайда Австралияда қабылданған ХХІ ғасырдағы ұлттық мектептердің «Аделаида декларациясында»: «Австралияның болашағы әрбір азаматтың білімді, әділетті және ашық қоғамда өнімді әрі толыққанды өмір сүру үшін қажетті білімдерді, біліктерді, түсінісулер мен құндылықтарды игеруіне байланысты» делінген.
Еліміздегі білім беруді дамыту ісі жаңаша көзқарастар мен сондай бағыттарға негізделіп отырғаны мәлім.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деп айтылған. Осы тұрғыдан Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасында: «Орта білім берудің мақсаты-жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» деп көрсетілген.
ХХІ ғасырдың басындағы адамзат қоғамының түр сипаты және дамуының бағыттары төмендегідей ғаламдық масштабтағы құбылыстармен айқындалып отыр:
-
Барлық адамзатқа ортақ гуманитарлық, экономикалық проблемалардан туындайтын қарама-қайшылықтардың көбеюі.
-
Қоғамдық-экономикалық қарым-қатынас жүйесіндегі жаһандану және ірі геосаяси өзгерістер үрдісінің кеңеюі.
-
Ақпаратқа, білімге, көп мәдениеттілікке негізделген қоғамның құрылыуы.
-
Постиндустриалдық, ноосферлық, даму деңгейіне өтудің жылдамдауы.
-
Адам капиталы құнының артуы.
Қазіргі кезеңде елдердің бір-бірінен салыстырмалы тұрғыдағы артықшылығы, бәсекелестік күш-қуаты олардың табиғи ресурстарымен емес көбінесе адам капиталымен, инновациялық технологияларды және ақпарат ағымын ұтымды пайдаланумен анықталып отыр. Дүниежүзі көлемінде постиндустриалдық қоғамға көшудегі білім беруді жаңарту қазіргі заманғы маңызды әлеуметтік құндылықтар мен қоғамдық бағыттар жүйесін дұрыс қалыптастырудың шешуші жағдайы есебінде көрінеді. Білім құндылықтары тұлғанық, қоғамның және табиғаттың игіліктеріне сәйкестендіріліп, ашық, вариативті, рухани және мәдени қаныққан толерантты, отаншылдық және шынайы азаматтықтың қалыптасуын қамтамасыз ететін жүйеге бірігуі тиіс. Білім беру экономикаға мамандар даярлау емес, қоғамның интеллектуалдық және мәдени деңгейін көтеру, оның бәсекелестік қабілеттерін инновация мен демократиялық прогреске лайық дамыту, өмірдің қазіргі заманғы стилін қалыптастыру құралына айналуы тиіс.
Адамзат дамуының осындай кезеңінде әлемнің 100-ден аса елі өздерінің даму стратегиясы есебінде «Тұрақты даму» тұжырымдамасын қабылдап отыр. Бұл елдерде жоғары мемлекеттік деңгейдегі Ұлттық тұрақты даму кеңестері құрылып, өзіндік жоспарлары жасалған. Тұрақты даму мәселесіне Қазақстанда да тиісті көңіл бөлініп, 2000 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі БҰҰ ДБ-мен бірлесе отырып, 2001-2004 жылдарға арналған тұрақты дамудың құрылымдық шарттарын нығайту бағытында арнаулы бағдарлама қабылдады. Осы бағдарлама аумағында қазір «ХХІ ғасырдың күн тәртібіндегі тұрақты даму» атты Ұлттық комиссияны құру жоспарланып отыр.
2000 жылы сәуір айында Декарда өткен білім жөніндегі Әлемдік форумда баршаға білім беру стратегияларын жүзеге асырудың 10 жылдық қорытындысы жасалып, білімді адам дамуының негізгі факторы деп есептейтін тұжырымды одан әрі тереңдетті. Форумның «Декарлық әрекеттер шектері «Баршаға білім беру: біздің міндетімізді орындау» атты негізгі құжатында білім алу адамның негізгі құқықтарының бірі деп атап көрсетіліп, ол тұрақты дамудың, елдер ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, олар арасындағы қарым-қатынастың кілті болады және ХХІ ғасыр экономикасы мен қоғам өміріне тиімді қатысудың міндетті құралы деп атап көрсетілді.
Әлемдік тәжірибе білім беру ұлттық немесе ғаламдық саясаттың жеке саласы болып есептелмейді, ол адам құқығын сыйлауға, жақсы тұрмыс пен тиімді басқаруға, қазіргі қоғамның әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық тұрақтылық даму процестерінің негізгі шарты және сенімді құралы, әлеуметтік құбылыс пен процесс, әлеуметтік жүйе, ұлттық бірегейлік пен рухани мәдениетті сақтау және дамытудың бірден-бір кепілі есебінде дәлелденіп отыр.
Тұрақты даму талатарына сәйкес білім беру жүйесінің құрылымын және мазмұнын дамытудың басты бағыттары негізінен төмендегідей сипатта анықталуда:
-
Жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттердің, қоршаған табиғи ортаның, сонымен қатар бүгінгі және келешек ұрпақтың мүдделері мен қажеттіліктеріне үйлесімді болуын қамтамасыз ету.
-
Ғылым мен технологияның, нарықтық экономиканың өзгермелі және өскелең талаптарына сәйкес үздіксіз, пәрменді, дамымалы және үнемі жетіліп отыруға бейімді болуын қамтамасыз ету.
-
Адамзат қоғамының мол ауқымы, кең спектрлі, көпвекторлы полимәдениетті сипатына сәйкес ашықтығын, демократиялығын, интеграциялауға бейімді болуын қамтамасыз ету.
Жер көлемі кең, халқы аз, табиғи байлығы мол, бірақ білікті ұлттық мамандары және өндірістік жаңа технологиялары қалыптасып үлгермеген Қазақстан мемлекетінің жаһандану үрдісіндегі бәсекелестікке төзіп, саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік іргелі және түйінді проблемаларын шешуші, ел ішінде және басқа елдермен бейбіт өмір сүруді, яғни тұрақты даму жолына түсуді қамтамасыз ету үшін ең пәрменді және сенімді құрал есебінде отандық білім жүйесін дамытудың өзектілігі ерекше екендігі анық.
Осы мақсаттарда төмендегідей іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс:
Білім жүйесіне мемлекеттің идеологиялық және экономикалық саясатында басымдылық беру,оны ұйымдық-құрылымдық жаңару, қаржылық, ғылыми-әдістемелік, материалдық, ақпараттық, технологиялық базасын нығайту, мамандармен қамсыздандыру, құқықтық-нормативтік, әлеуметтік статусын көтеру, бүкілқоғамдық қолдау жүйесін қалыптастыру.
Білім жүйесінің ішкі мүмкіндіктерін ашылуын және олардың пәрменді қолданылуын қамтамасыз ету, білім жүйесіне жинақталған оңды іс-тәжірибені талдап, пайдалану, білім мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің технологияларын жетілдіру, басқарудың, білім сапасын арттыру мен бағалаудың және білімге ынталандырудың пәрменді әдіс-тәсілдерін жүзеге асыру.
Білім жүйесіне мемлекет тарапынан тікелей әсер ету-оның негізінен материалдық-техникалық базасын нығайту, экономикалық-материалдық ресурстарын жетілдіру мен жаңғыртуға келіп саяды. Ол әрбір елдің мемлекеттік басқару саясатында білімді дамытуға дер уақытында басым бағыт берілуіне, елдің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты.
Көптеген дамыған елдер өткен ғасырдың ортасында-ақ білімді дамыту мәселесін мемлекет саясатының басым бағыты есебінде белгіленеді.
Өкінішке орай, Қазақстанда жалпы ішкі өнімге шаққанда білім беруге жұмсалған мемлекеттің қаржы шығыны 1990-2003 жылдары аралығында қауырт қысқарды. Айталық, 1990 жылы ол ІЖӨ-нің 8,2% құраса; 1995-4,5%; 2003-3,1%-ге дейін төмендеген.
Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында қазақстандық білім мен ғылымның сапалық жаңа деңгейге көтерілуін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан кешенді іс-шараларды өткізу және оларға тиісті қаражат бөлу мәселелері қарастырылып отыр. оның ішінде үздіксіз білім жүйесінің құрылымын өзгерту, ақпараттандыру, білім сапасын арттыру тетіктері мен формаларын жетілдіру, білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, мұғалімдерді даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту қарастырылған.
Ең күрделі және маңызды нәрсе-білім жүйесін мазмұндық өзгерту, оның ішкі мүмкіндіктерін пайдалану, білім сапасын арттыру тетіктері мен формаларын жетілдіру болмақ. Білім жүйесінің ішкі мүмкіндіктерін дамыту білім жүйесінің жаңа үлгісін жасау, оқушыларға берілетін білімнің мақсатын, міндеттерін, мазмұнын, оқыту технологиясын өзгерту арқылы жүргізіледі. Ал, мұның өзі жаңа мазмұндағы оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарды әзірлеуді, педагогикалық университеттердегі мұғалімдерді және даярлау мазмұнын өзгертуді, мұғалімдерді және басшыларды қайта даярлауды, білім жүйесінің барлық сатыларының үздіксіздігі мен үндестігін қайта қарауды талап етеді.
Қазіргі кезде қолданыстағы білім жүйесі жан-жақты сынға алынғанда, орта мектептегі білім мазмұны көбіне өмірге жарамсыз білім жиынтығын беруге лайықталып келгендіктен, ол білім жүйесі сапасының сын көтермейтіндей дәрежеде төмендеуінің және оның қазіргі қоғам талаптарына сәйкес келмеуінің негізгі себебі деп есептелуде. Осыған байланысты еліміздің орта мектебін әдіснамалық құрылымдық және мазмұндық тұрғыан түгелдей қайта құру ұсынылуда.
Еліміздің білім моделі ұлттық идеяға, ұлттық құндылықтарға негізделіп құрылып, ұлт мүддесін басым бағытта бере отырып дамытылуы тиіс. Жасөспірімдерге берілетін білім мен тәрбие мазмұны, ұлтымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі даналығынан, тарихи мәдени мұраларынан, асыл дәстүрлерінен, ұлы педагогтеріміз бен ғұлама-гуманистеріміздің классикалық философиялық ой толғауларынан, ғұламалық бұлақтарынан, яғни тереңге бойлаған түп тамырынан нәр алып, табиғи таза мәдени-рухани құндылықтармен қаныққан болуы тиіс. Білімі мен технологиясы жедел өрлеп, экономикалық және қоғамдық тұрақты даму жолына түскен Жапония, Франция, Финляндия, Швеция сияқты елдердің тарихи тәжірибелері осының айқын дәлелі.
Оқушыларға берілетін білімнің іргелілігі-бұл жарты ғасырдан астам уақыт бойы Кеңестік білім жүйесінің қол жеткен және басқа дамыған елдер қазіргі кезде мойындап отырған басты жетістіктерінің бірі. Егер білімнің жаңа моделін жасау берілетін іргелі білімнің көлемін қысқартып, оның тек қолданбалы сипатын арттыруға бағытталған болса, бұл Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты тұғырларының бірін төмендетуге, білім жүйесінің салмақсызданып, осалданып, әлемдік бәсеке талаптарына төзімділігінің әлсіреуіне әкеліп соғатынын болжай білуіміз қажет. Әлемнің ең қуатты елі Америка Құрама Штаттарының Конгресінде білім мекемелерінде берілетін білімнің тым таяз, үстірт болуының салдарынан сауатсыз ұрпақ пайда болады, бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін факторларға айналады деп есептей келе, «Ұлтымыз қатерлі жағдайда» деп жариялануының үлкен мәні бар екенін қатаң ескергеніміз жөн.
Сондықтан да тұрақты даму талаптарына сәйкес келетін жаңа білім жүйесін қалыптастыру оқушыларға берілетін білімнің іргелілік мазмұнын сақтай отырып, оның:
-
ақпараттық жүйелілігін, кешендігін, үздіксіздігін, өзара және өмірлік ортамен байланыстылығын, үйлесімділігін, үндестігін, өзіндік дамып отыруға қабілеттілігін арттыру;
-
неғұрлым өмірлік құнды, әр тұлғаның жеке сұраныстары мен қабілеттіліктеріне сәйкестей отырып, білім мазмұны мен бағдарламаларын диверсификациялау;
-
пәрменді интерактивті, ақпараттық шығармашылық дамыту өзіндік іздену сипатындағы технологияларды ендіру;
-
практикалық бағыттылықпен, нақты нәтижелерге бағдарлылықпен толықтыру арқылы жүргізілуі тиіс деп есептеймін.
Бұл үшін қазіргі орта мектепте берілетін білім мазмұнын ғалымдар, әдіскерлер және практиктер бірлесе отырып сараптап, екшеп жүйелеуі керек, білім сатылары бойынша қазіргі талаптарға сәйкес емес, артық, сыныптар бойынша қайталанып берілетін дүниелерден тазартып, соңғы ғылым жаңалықтарымен, жеке тұлғаның, адамның, қоғамның, табиғаттың өзара үйлесімді даму мүдделері мен құндылықтарына сәйкес келетін материалдармен толықтыру қажет.
Алған білімді өмірдегі қажеттілікке айналдыру және пәрменді қолдана білуге үйрететін ең жаңа оқыту технологияларына және құралдарына негізделген тәжірибелік-зертханалық сабақтарды өткізуге тиісті жағдай жасалуы тиіс. Орта мектепте берілетін білімнің прагматикалық мазмұнын және практикалық бағыттылығын 12 жылдық орта мектептің 8-10 сыныптарында профиальалды сатыдағы білім мазмұнын және оқыту технологиясын мамандықтарға сәйкес тереңдетіп, практикалық бейімдеп беру арқылы жүзеге асыруымыз қажет.
Адамзаттық қоғамның қазіргі даму кезеңінде адамгершілік пен мейірімділік құндылықтарының орнына материалдық байлыққа негізделген сипаттағы қоғам қалыптасып отырған жағдайда білім берудің тұлғаны әлеуметтендіру функциясы басым бағытқа ие болып, басты міндетке айналуы тиіс. Еліміздің білімі мен ғылымын, техникасы мен технологиясын жасайтын, халқының тілін, ділін, рухани қадір-қасиетін, табиғи байлығын сақтайтын Қазақстанның елжанды азаматы. Сондықтан сол азаматтың, азаматтық тұлғасын және ішкі жан дүниесін орнықты түрде қалыптастыру білім беру жүйесінің басты міндеті бола бермек. Тұлғаны әлеуметтендіру арқылы ғана білім мен қоғамның тұрақты даму жолын қамтамасыз ете аламыз. Жаңа білім моделінің басты ерекшелігі, артықшылығы ол адамды білімді және сол білімді өте ұтымды пайдалана алатын іскер, білгір де білікті етіп қалыптастыратын болса, осы тұлғаның адамгершілік, рухани ұстанымдары, басшылыққаалатын құндылықтары қандай, оларды жасөспірім бойына дамытудың, тәрбиелеу мен әлеуметтендірудің, қазіргі адамзаттық қоғамға, Қазақстандағы қоғамдық-әлеуметтік жағдаятқа сәйкестендірілген тұжырымдамасы, түр сипаты, мазмұны, құндылықтары, өмірге ендіру әдістері мен құралдары қандай, соны дұрыс анықтау қажет. Білім беру мен әлеуметтендіру үрдісін бөліп қарауға болмайды. Білімнің де, қоғамның да тұрақты дамуын қамтамасыз етудің басты ұстанымы адамды білімдендіру, біліммен қаруландыру ғана емес, сол білімді және біліммен қарулануды адамгершіліктендіру болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлемдік ынтымақтастықтағы мемлекеттердің қатарына тұғыры биік тәуелсіз, өз саясаты мен даму стратегиясын қалыптастырған ел ретінде мүше болып енуі, дербес деп танылуы отандық білім берудің алдына жаңа міндеттер мен талаптар қойып отыр. сондықтан білім беруді дамыту мәселелері, білімнің сапасы, жоғары және жалпы білім берудегі қалыптасқан дәстүрлерді жетілдіріп, өткен тәжірибені ескеріп, шетелдік мемлекеттердің білім беру жүйесіндегі озық үлгілермен ерекше тұстарын өзіміздің ұлттық білім беру жүйемізге ендіру болашақтағы бастамасы игі жоспарлардың біріне айналмақ.
Кез келген елдің білім беру жүйесінің алдында қоғам дамуының қай кезінде болмасын үлкен міндеттер тұрғаны белгілі. Өйткені білім беруді дамыту арқылы, мемлекеттің өсіп өркендеуіне жақсы жол ашылары сөзсіз. Мемлекеттің қалыптасып, саяси экономикалық бағыттардың дамып гүлденуі, білім беру жүйесімен тікелей байланысты болып отырған.
Қазіргі кездегі жоғары білім жүйесінің даму тенденциясын былай суреттеуге болады:
Біріншіден, ол Қазақстан Республикасы КСРО құрамында болған кездегі жүйелік әлеуетіне сүйенеді;
Екіншіден, нарықтық экономиканың талаптарына және шарттарына сәйкес өзгеріп отырады;
Үшіншіден, білім саласында жаңа оқу құралдарын қалыптастырудың белсенді үрдісі жүріп жатыр;
Төртіншіден, білімнің экономикалық фундаменті өзгеруде;
Бесіншіден, мемлекеттік емес оқу орындары көбейгендіктен, мемлекет білім сапасына бақылау мен оқу-ағарту бағдарламаларының басым бағыттарын қалыптастырумен шұғылданады.
ХХІ ғасыр табалдырығын аттағаннан кейін көпеген елдер әлеуметтік салада біршама өзгерістерді бастарынан кешіруде. Шын мәнінде соңғы 10 жыл ішінде оқу-ағарту саласында реформа жүргізбеген бір де бір дамыған мемлекет жоқ. Кейбір елдерде бұл тәжірибе тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі қоғамның дамуында және әлемдік рынокта мықты позизияны қамтамасыз етуде білімнің басымдық рөлі туралы идея жоғары дамыған мемлекеттердің оқу-ағарту саясатында маңызды орынға ие. Ол ресми құжаттарда, саяси платформаларда және мемлекет басшыларының сөздерінде көрініс табуда. әлемдік қауымдастық өзінің жарқын болашағын жаңа біліммен байланыстырады.
Ғаламдастыру соңғы он жыл ішінде адамдар санасында және тәжірибеде қозғаушы күш ретінде қарастырылды. Ғаламдастыру үрдісінің әсері халықаралық білімге ақпараттық, коммуникациялық технологиялар және технологиялық байланыстар енгізуде айқын көрінеді. Бұл үрдістің пайда болуынан гөрі оның халықаралық білім концепциясына әсері, оның табиғаты және қамту аумағы қызығушылық тудыруда. Ғаламдық мүдделердің пайда болуы және әртүрлі мемлекеттердің бірігуі олардың үкіметтерін халықаралық және аймақтық саясат қалыптастыруына, екі жақты және көпжақты келісім-шарттар жасасуына, қаржы-экономикалық, әскери-саяси, ғылыми-мәдени және білім салаларында келісімдер жасасуға мәжбүр етеді. Сондай-ақ осындай жобаларда жоғары білім саласы өте кең ауқым алып жатыр. Бұны ондағы халықаралық және аймақтық деңгейде жасалған көптеген алмасу бағдарламаларынан көруге болады. Мысал ретінде ТМД елдерінің білім министрлігінің Конференциясын, Еуразиялық Университеттер Асоциациясын және т.б. келтіруге болады. Жоғары білімнің әлемдік даму тенденцияларының жақсы жақтары мен кері әсер ететін жақтары бар. Осылайша, мысалы, Жоғарғы білім бойынша дүниежүзілік конференцияда ғаламдасу және аймақтасу үрдістеріне тән позитивті жақтарымен қатар, адамзаттың тұрақты дамуына бірқатар кері әсер етуші жақтары болды:
- әлем аймақтарының поляризациясы;
-бай және кедей аймақтар арасында айырмашылықтың үлкеюімен сипатталатын маргинализация;
- кейбір әлеуметтік топтардың өзінің мәдени құндылықтарын этникалық ерекшеліктері бойынша, территориясы, діні, дәстүрі, мәдениеті, діни фундаментализмі принциптері негізінде бекітумен сипатталатын фрагментация [15, 77б].
Жоғарыда келтірілген поляризация, маргинализация және фрагментация үрдістері адамзаттың тұрақты дамуын тежейді. Әрине, мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығы мұндай саясатқа қызмет ете алмайды. Жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың даму үрдісінде кадрларды даярлау және ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін потенциалды біркелкі жіктемеуге байланысты проблемалар туындап отырады.
Осы орайда, нашар дамыған елдердің студенттері мен профессорларының жоғары дамыған елдерге кетуі, яғни интеллектуалды ресурстардың ең бай мемлекеттерде шоғырлану үрдісі байқалады. Жоғары дамыған мемлекеттерге қарағанда өтпелі кезең елдері батыстандыру үрдісіне шалынып, жоғары дамыған мемлекеттердің интеллектуалды донорына айналды. Бүгінде біз үшін ТМД елдерінің ғылыми-зерттеу және элиталық білім мекемелерінен интеллектуалды ресурстардың шет елге кетуі тосын жайт емес.
Бұл мәселені тиімді түрде шешу үшін білім саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытып, тереңдету керек. Осы орайда, білім саласындағы халықаралық саясатты даярлауда интеллектуалды миграция статикасын бақылап, олардың шет елге кету себебін анықтап, бұл үрдістің алдын алу шараларын ойластырмасқа болмайды.
Ғаламдастыру экономикалық интеграциялану саласында, ақпараттық технология саласында және қоғамдық коммуникация саласында көріністапқан объективті үрдіс болып табылады. Алайда бұл үрдіс кейінгі кезде басқа салаларға да, әсіресе білім саласына тарала бастады. Жоғары білім саласындағы ғламдану үрдісі студенттер мен профессорлардың академиялық мобильділігінің күшеюіне, халықаралық білім мекемелерінің, оқу жоспарының және оқыту тәсілдерінің унификациялануына, дистанциялық білім беру және Интернет арқылы білім беру тәсілінің таралуының көбеюіне алып келеді.
Көптеген мемлекеттер іске асыруға кіріскен «2000 жылға арналған білім» (ФРГ), «Америка-2000: білім дамуының стратегиясы» (АҚШ), «Болашақтың білімі» (Франция), «ХХІ ғасыр үшін білім моделін іздеу» (Жапония) жобаларын атап өтсек те жеткілікті деп санаймын.
Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ға мүше болып қабылданғалы бері біз үшін халықаралық ынтымақтастық толыққанды мәселеге айналды. Дәстүрлі формалармен қатар бұл жерде жаңа перспективалар ашылды. Бұл-Халықаралық оқу-ағарту жобаларына қатысу мүмкіндігі, тараптарды оқу-ағарту саласында қызықтыратын кең спектрлі мәселелер бойынша консультациялар өткізу және ғылыми, педагогикалық технология алмасуларын жүзеге асыру т.с.с. іс шаралар. Осы ақиқаттарды ескере отырып, бізге осы әлемге жас оқушы ретінде емес, ортақ процеске қызыға қатысушы ретінде кіргізетін бөлім құру керек.
Бұндай бөлімнің бірінші қадамы ретінде халықаралық келісім-шарттардың талаптарына көңіл қою қажет. Бұл іс-шара біздің оқу ағарту жүйемізді әлемдік стандартпен салыстыра отырып, дамытуғы және сараптауға мүмкіндік береді. Екінші қадамы ретінде екіжақтық келісімдердің шарттарын тең құқықты негізде жүзеге асырып, Қазақстан Республикасының азаматтарына тиімі болатындай келісімдерге отыру керек.
Қазіргі таңда білім, ғылым және мәдениет мәселелерімен айналысатын Халықаралық институттармен де ынтымақтасу өте маңызды. Олар өте көп және олардың көбісі ЮНЕСКО басшылығымен жұмыс атқарады.
Сонымен қатар Қазақстанда жұмыс жүргізіп жатқан шетел оқу-ағарту бағдарламалары да Қазақстан білімін реформалауға әсерін тигізбей қоймайды. Олардың ішінде ірілері қатарына АҚШ оқу-ағарту бағдарламаларын жатқызуға болады.
Кез келген мемлекетте білім беру жүйесі толық реформаланып болған жоқ және болмайды да. Өйткені, заман талабына сай ол өз талаптарын да өзгерте бермек. Сондықтан біздің еліміз де бұл үрдіске бар белсенділігімен қатысуға ат салысуда. Ал ол үшін шетелден үлгі алмай болмайды деп ойлаймын.
12 жылдық мектепке көшуге байланысты жұртшылық арасында «Бір жыл қосқанда не өзгереді? Бұл мемлекеттік бюджетке артық жүктеме түсіреді. Жеткеншек текке мектепте бір жыл артық отырып қалады» деген секілді көптеген сұрақтар туындап, екі түрлі пікір пайда болған еді. Ресми көзқарас 12 жылдық оқуды қолдады, ал бейтарап жұртшылық пікірі оған қарсы болады. Осындай болашақты бағамдайтын маңызды үлкен шара мерзімді басылымдар мен теледидар беттерінде, жиылыстар мен конференцияларда жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде Үкіметтің шешімімен «12 жылдық білім беру тұжырымдамасы» қабылданды, оған сәйкес оқу бағдарламалары мен байқау оқулықтары жазылып, эксперименттік тексеруден өткізілуде.
Жалпы білім беретін орта мектептегі оқу мерзімін неліктен бір жылға ұзартуымыз керек? Дүние жүзі елдері, атап айтсақ, барлық елдердің 80 пайызы 12 жылдық оқу жүйесімен жүреді. Аса дамыған елдерде, Мысалы, АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канадада, Германияда орта жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, ал Жапонияда, Италияда-12 жыл. Шет елдерде біздің орта білім туралы құжатымыз-аттестатымыз танылмай отыр. Екіншіден, шет ел мектептерінде 12-13 жылда оқитын білімді біз 11 жылға сиғызып береміз. Сондықтан қазір 11 жыл оқитын балаларға оқу жүктемесі көп түседі. Жоғары сыныптарда, өз қалауымен пәндерді таңдап оқу уақытын қоса есептегенде, оқушыға түсетін оқу жүктемесі 36 сағат емес, 41-42 сағатқа жетті. Егер 12 жылдық мектепке көшетін болсақ, оқу жүктемесі біршама жеңілдейді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу 12 жылдық жалпы білім беретін мектептер жағдайында мүмкін болады, ол білім туралы құжаттардың айырбасталуын, бейіндік оқытуды, көп тілдікті қамтамасыз етеді.
Қазақстанда 12 жылдық білім беруге көшуді 6 жастан бастау көзделеді, бұл жас мектепте білім алуға неғұрлым қолайлы, адам дамуының физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес деп есептелінеді. Бастауыш мектепте оқу жүктемесін ұлғайтпай-ақ, шетел тілі мен информатика негіздері енгізіледі. Негізгі мектепте базалық білім беру 10-сыныпта аяқталады, біріктірілген курстар, алдын ала бейіндік даярлау енгізіледі.
11-12 сыныптарда әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми және техникалық бағыттар бойынша бейіндік даярлау алдындағы жұмыстар міндетті болып есептелінеді. Кәсіптік мектептер мен лицейлерде білікті жұмысшы кадрларды даярлау жүзеге асырылады. Бұдан да жоғары біліктілік алу үшін қосымша бір жылдық оқу мерзімі көзделіп отыр.
Орта білім берудің мазмұны мектеп бітірушінің дербес және лайықты өмір сүруі, білім алуын едәуір жоғары деңгейде жалғастыруы немесе еңбек рыногында өзінің орнын табуы үшін құрылады. Бұл жерде мемлекеттің 12 жылдық ақысыз білім беруге кепіл болатынын айту керек.
Тағы бір үлкен мәселе, ол 12 жылдық мектептердің құрылымы туралы. Дүниежүзі елдері тәжірибесінде әр елдің, әр мемлекеттің өзіне тән орта білім жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әрқайсысының қалыптасқан өзіндің ішкі құрылымы бар. Мұны төмендегі кестеден көруге болады.
Жалпы орта білім беретін мектептердің құрылымы //2 кесте//
Елдер
|
Мектеп сатылары / Білім беру ұзақтығы
|
Бастауыш
|
Негізгі жалпыға міндетті
|
Орта жалпы
|
Венгрия
|
4
|
8
|
12
|
Болгария
|
4
|
9
|
12
|
Куба
|
6
|
9
|
12
|
Өзбекстан
|
4
|
9
|
12
|
Чехия
|
4
|
9
|
12
|
Щвеция
|
6
|
9
|
12
|
Жапония
|
6
|
9
|
12
|
Ресей Федерациясы
|
4 (3)
|
9 (10)
|
11 (12)
|
Германия
|
4 (6)
|
9 (10)
|
12 (13)
|
Литва
|
5
|
10
|
12
|
АҚШ
|
6
|
10
|
12
|
Франция
|
5
|
10
|
12
|
Эстония
|
5
|
10
|
12
|
Ұлыбритания
|
6
|
10 (11)
|
12 (13)
|
Қазақстан (бүгін)
|
4
|
11
|
11
|
Қазақстан (келешекте)
|
4
|
10
|
12
|
Жалпы алғанда, дүниежүзі елдерінде орта мектеп үш сатыдан тұрады: бастауыш оқу 3-6 жылдық, негізгі орта мектеп 3-6 жыл және жоғары орта мектеп 2-4 жыл. Біздің елде 12 жылдық мектептердің бастауыш сатысы 4 жылдық болады деп шешілді. Тарихи зерттеулер нәтижесі Қазақстанда әр кезеңде де мектептегі оқу мерзімінің жоғары сатыдан ұзарып отырғанын көрсетеді. Ең алдымен, елімізде 4 жылдық бастауыш мектеп құрылған. Содан кейін барып, екі сатылы 7 жылдық мектептер ашылған. Ал,соңғы 50 жылда жалпы білім беретін мектептер 7 жылдықтан 8 жылдыққа ауысты, одан соң 9 жылдық, 10 жылдық, 11 жылдық мектептер құрылды. Бүгіндері ел алдына, оқу-білім қызметкерлері алдына 12 жылдық оқуға тиімді көшу мәселесі қойылып отыр.
Дүниежүзінде міндетті негізгі білім жүйесі де әр түрлі. Мысалы, Германияда барша оқушыға алғашқы 4 жылдық оқу ғана міндетті деп айтуға болады, өйткені одан әрі балалар өз қалаулары және қабілеттеріне қарай оқуларын кәсіптік мектептерде жалғастыра береді.
Францияда 5 жылдық элементар мектепті бітірген бала оқуын жалпы білім беретін 4-5 жылдық колледждерге жалғастырады. Жалпы айтқанда міндетті оқу мерзімдері түрліше: 8 жылдық (Италия, Венгрия, Канада), 9 жылдық (Швеция, Жапония, Куба, Болгария, Чехия, АҚШ) және т.б.
Барлық оқушыларға 11-12 жылдық білім беруді ешбір ел міндетіне алып отырған жоқ. Зерттеу барысында 20-дан астам елдің 55 пайызында міндетті оқу-9 жылдық, 32 пайызында 10 жылдық, қалғандарында 8 жылдық.
Дүниежүзі елдері мектептерінің біразында жоғары мектепке оқушылар оқу үлгеріміне қарай және мектеп берген мінездеме негізінде арнайы мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданды.
Өз ойым бойынша, Болон конференциясына кіруге ұмтылу, білім беру саласының әлемдік стандартқа сай келуі үшін 12 жылдық білім жүйесін қабылдау қажеттігі-өмір талабынан туындап отыр. елбасының мемлекеттік саясатын қолдай отырып, экономиканы, экологияны жақсартуға арналған талаптар да қазіргі кездегі білім, ғылым жүйесіндегі үлкен өзгерістерге бағыт-бағдар беруде. Мемлекетіміздің ғаламдық саясатта үлкен беделге ие болумен бірге, саяси-экономикалық жағынан тұрақтануы білімнің сапасын арттыруға ықпал етуде.
Білім беру саласындағы бағдарлы мектептердің пайда болуы, лицей, мектеп-гимназиялардың білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру үшін жүргізіп жатқан жұмыстары, ондағы оқытудың жаңа әдістері-дистанциялық оқыту, электронды оқыту жүйесі, тағы басқалары да елеулі жетістігіміз.
Білім берудің жаңа парадигмасы бойынша, күннен күнге кең етек алып отырған білімді жүйелі түсіндірумен бірге, өз бетінше ізденіс әдістеріне басты назар аудару да орын ала бастаған. Бұл білім берудің әлемдік стандарттарына сәйкес келеді. Мұндағы ең басты міндет-оқушы алған білімін өз бетінше дамытып, іс-жүзіне асыруға қабілетті тұлға ретінде қалыптасуын ұйымдастыру.
Экономикалық білім бұрын жоғары оқу орындарында, теориялық негізде ғана берілетін. Егеменді ел болғалы, нарықтық экономикаға көшкелі мектепте экономикалық білім беру қалыптасты. Жалпы білім беру жүйесі ұлттық және әлемдік рухани, мәдени құндылықтарды тұтастықта қарастыра отырып, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, жас ұрпақтың санасына жеткізуге қызмет етуі тиіс.
Білім, ғылым жүйесіндегі реформа әр кезде әр түрлі деңгейде жүргенмен, тұтастай алғанда, бүкіл білім жүйесінің құрылымын өзгертті. Бұл мемлекеттің қалыптасуына, зиялы қауымның психологиясының өзгеруіне және ғылымның дамуына үлкен үлес қосуда. Қазіргі ойлау жүйесінің бостандығы ғылым мен білім жүйесі дамуының алғышарты болып табылады.
Тарихымыздың түбегейлі жаңаруы, ана тіліміздің ғылыми тілге айналуы да бүгінгі таңдағы үлкен жетістіктеріміздің қатарын толтырады. Білім берудегі негізгі мақсат-оқушыларды елжандылыққа баулу, өз Отанының патриоты болуға, жеке тұлғалардың қалдырған жалынды ойлары мен толғандыратын мәселелерге бағдарлау екені кім-кімге болса да айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |