Әлемдік экономикадағы білім беру прогресінің үрдістері және білім саласындағы адам дамуы принциптерін іске асыру
ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемде білім революциясы құлаш жайды. Алғашқыда оған жанама құбылыс, ғылыми-техникалық революцияның «әлеуметтік салдарларының» бірі ретінде қарап келді. Білім тек экономикалық және ғылыми-техникалық прогресте ғана емес,сонымен бірге әлеуметтік мәртебелерді бөлуде де шешуші факторға айналды.
Білім беру революциясындағы бірінші көрініс білімді түбегейлі демократияландыру болды. Осы прогрессивті үрдіс жаңа индустриялық, және белгілі бір дәрежеде, дамушы елдерді қамтыды.
Анағұрлым дамыған мемлекеттерде жоғары білімнің барған сайын кеңейе түскен мүмкіндігін жалпыға бірдей мүмкіндікке дейін өсіру туралы мәселе қойылды. Осылардың барлығы қоғамдық сана мен мемлекет саясатына, нағыз революциялық принципті енгізуді дайындап берді: білім-мамандар даярлаудың ғана емес, сонымен бірге ол қоғамның жалпы парасаттылық, технологиялық және мәдени деңгейін арттырудың, қоғамның инновацияларға және прогреске қабілетін демеудің, тұрмыстың осы заманғы стилін (қалпын) қалыптастырудың құралы. Осыдан экономикалық қажеттіліктерге қатаң қызықтаусыз білімді дамыту мүмкіндігі туралы тұжырым жасалады.
Үздіксіз білімнің мәні-ғылыми-техникалық революция жағдайларында білімнің тез арада ескіруіне байланысты кәсіптік жинақылықты көтеруде емес (нақ осындай көзқарас кеңестік және кеңестен кейінгі әдебиетте басым).
Сонымен бірге білім революциясы, бұрын құлаш жайған ғылыми-техникалық революция сияқты түрлі елдер мен аймақтарды тым әркелкі қозғады. Ол дамыған және дамушы елдердің арасындағы алшақтықты одан сайын ұлғайта түсті. Егер дамыған елдерде жоғары білімнің жалпыға бірдейлігі мен жаппай үздіксіз білім нақтылыққа айналса, ал дамушы елдердің көпшілігінде жалпыға бірдей сауаттылық жөніндегі мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ.
Халықаралық қоғамдастық білімнің адам дамуындағы лайықты рөлін қамтамасыз ету жолымен осы проблемаларды шешу стратегиясын жасады. Ол-«Баршаға бірдей білім» стратегиясы. Оның негізгі принциптері БҰҰ 1990 жылы Джомтьенде ұйымдастырған конференцияда тұжырымдалды. Конференция баршаға бірдей білім туралы Дүниежүзілік декларация қабылдады, декларация, адам құқықтарының Жалпыға бірдей декларациясы мен бала құқықтары туралы Конвенцияға сүйене отырып, мынаны жариялады, кез келген бала, жасөспірім және ересек адам осы ұғымның ең жоғары және толық мағынасында өзінің базалық білім қажеттіліктерін қанағаттандыратын білім алуға құқылы, яғни ол танып-білуді, әрекет жасауды, өзгелермен бірге өмір сүруді және тіршілік етуді үйренуге мүмкіндік беретін білім алуға құқылы. Бұл тақырыпта әр адамның мүмкіндіктерін ашу мен оқитындардың тұлға ретінде дамуына бағытталған білім туралы қозғалып отыр, оның мақсаты адамдардың жеке тұрмыстарын жақсартуға және өз қоғамдарын жаңартуға қолдарын жеткізу.
Білім жөнінде Декарда 2003 жылғы сәуір айында өткен Дүниежүзілік форумда баршаға бірдей білім стратегиясын іске асырудағы онжылдықтың қорытындылары жасалды. Декар форумы адам дамуының аса маңызды компоненті ретінде білімге берілетін екпінді одан сайын күшейте түсті. Форумның «Іс-әрекеттің Декардың шеңберлері.
Баршаға бірдей білім: біздің міндеттемелерімізді орындау» негізгі құжатында, білімнің адам құқықтарының негізгілерінің бірі екендігі атап көрсетіледі. Ол орнықты дамудың, бейбітшілік пен ел ішіндегі тұрақтылықтың және елдер арасындағы қатынастардың кілті болып табылады және осы тұрғыда ол қоғам өміріне және ХХІ ғасырдың экономикасына белсенді қатысу үшін қажетті құрал болып қызмет жасайды, олар жеделдетілген жаһандануда қозғалады.
Декар форумы баршаға бірдей білім стратегиясын одан әрі ілгері жылжытудың 6 мақсатын белгіледі:
-
Жас балаларға күтім көрсету мен оларды тәрбиелеу, әсіресе ең осал және үлестен құр қалған балалар жөніндегі кешенді шараларды ұлғайту және жетілдіру;
-
2015 жылға қарай барлық балалар, әсіресі қыз балалар, берекесіз отбасылар мен этникалық азшылықтан шыққан балалар тегін және міндетті жоғары сапалы бастауыш білімді емін-еркін алулары үшін жағдай жасау;
-
жас және ересек адамдардың білім алу қажеттіліктерінің оқудың тиісті бағдарламаларына және тұрмыстық машықтарға қол жеткізудің бірдей мүмкіндігі негізінде қанағаттандырылуын қамтамасыз ету;
-
2015 жылға қарай ересектердің, әсіресе әйелдердің сауаттылық деңгейін 50%-ға көтеру және барынша бірдей базалық және үздіксіз білім алу мүмкіндігін беру;
-
2005 жылы бастауыш және орта білімде гендерлік айырмашылықтарды жою қолға алынған болса, 2015 жылға қарай білім саласында жыныстар теңдігіне қол жеткізу болып отыр, бұл орайда қыз балаларға жоғары сапалы базалық білімге толық және тең мүмкіндік беру мен олардың жақсы сабақ үлгерімдері үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөлу;
-
білімнің барлық аспекттілерінде оның сапасын көтеру және барлығы үшін жақсы үлгерімді қамтамасыз ету, бұл орайда оқудың танылған және баға беруге көнетін нәтижелеріне әркімнің қол жеткізуі, әсіресе сауаттылыққа, есептеу мен маңызды тұрмыс машықтарына қатыстылары ескерілуі тиіс [8, 351б].
Джомтьен және Декар форумдарының базалық білім саласында әзірленген принциптері 1998 жылы 5-9 қазанда ЮНЕСКО Парижде ұйымдастырған жоғары білім жөніндегі Дүниежүзілік конференцияның идеяларымен және нұсқауларымен органикалық толықтырылады. Конференция барлық елдердің үкіметтеріне жоғары білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді және жоғары білім алудағы бірдей мүмкіндіктерді білім саясатының жетекші бағытын жасауды ұсынды. Ол жоғары білімнің «жұмыс әлеміне» (World of Work) бейімделмеуі, ал өзара іс-қимыл жасауы тиіс екендігін тікелей белгіледі.
Сонымен, дүниежүзілік қоғамдастық білім қызметтерін тек жұмыс күшін құраумен немесе кадрлар даярлаумен шектеуге қарсы шықты. Осыған байланысты Париж конференциясы жоғары мектептің жалпы мәдени және өнегелілік қызметтерінің әлсіреуіне үлкен алаңдаушылық білдірді.
Халықаралық қоғамдастық ең алдымен БҰҰ мен оның құрылымдары әзірлеген, адам дамуының аса маңызды бөлігі ретіндегі білім дамуының стратегиясы білім беруді барлық деңгейлерде жетілдіруді жүзеге асыруға, ұлттық және жалпы адамзаттық мүдделер бойынша оқу жүйелеріне реформалар жүргізуге барлық елдерге көмектеседі.
Елдегі білім жүйесінің бірнеше құрылымдық бөліктері бар, олар-деңгейлік, ұйымдық (ішкі ұйымдық пен сыртқы ықпалдары қосқанда), мазмұндық болып бөлінеді. Кейде әр елдегі білім жүйесін ұлттық үлгі деп атау қалыптасқан. Білім-күрделі және созылыңқы үдеріс, ол қазіргі заманғы көзқарастар тұрғысынан, соның ішінде адам дамуының тұжырымдамасы тұрғысынан адам өмірінің үлкен бөлігін қамтуы тиіс. Осыған байланысты, оның көп деңгейлік құрылымы бар.
ХХ ғасырдың орта шеніне дейін әлемде білім деңгейлері туралы қайсыбір ортақ «халықаралық» ұғым орын алды, ал түрлі мемлекеттер өздерінің дербес оқыту сатыларын белгіледі. Алайда әлемдік экономикалық, ғылыми және мәдени интеграциялардың кеңею және тереңдеуіне, планетаралық ақпараттық кеңістік құруға қарай, ал ең бастысы-еларалық білім беру мен кадр алмасудың жалпыға бірдей және жүйелі практикаға байланысты білім деңгейлерінің халықаралық жіктелімін әзірлеудің қажеттілігі туындады.
ЮНЕСКО қамқорлығымен 1995 жылы Женевада өткен білім жөніндегі Халықаралық конференция білімнің бірінші Халықаралық стандарттық жіктелімін (БХСЖ) бекітті. Алайда, осы жіктелім ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында құлаш жайған білім революциясының қызу үдерістеріне ілесе алмады, ең алдымен білімді саралауға, яғни халықтық түрлі топтары мен жіктерінің білім алулары үшін ең жақсы жағдайлар жасаған сан алуан нысандардың пайда болуына ілесуге шамасы келмеді. Сондықтан 1999 жылғы қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясы жаңа БХСЖ қабылдады.
Халықаралық жіктелімнің бастапқы бірлігі болып оқыту бағдарламалары бой көтереді. Олар басты екі бағыт бойынша сипатталады-білім баспалдағы (сатысы) және білім саласы. БХСЖ-ға енгізілген едәуір күрделі және түрлі көрсеткіштердің егжей-тегжейлі сипаттамасын мазмұндайды. «Негізгі сипаттамалар» ұғымына неғұрлым анық және ықшам қабылдау үшін БХСЖ сатыларының деректері сипаттамасының түрлі тармақтарынан алынған көрсеткіштер мен критерийлерді енгіздік, бірақ олар білім беру сатысының мәні мен өзіндік ерекшеліктерін құрайды.
БХСЖ сондай-ақ мынадай білім салаларын қамтиды:
-
мұғалімдер даярлау және педагогикалық ғылым;
-
гуманитарлық ғылымдар мен өнер;
-
әлеуметтік ғылымдар, бизнес және құқық;
-
жаратылыс ғылымдары;
-
инженерлік салалар;
-
ауыл шаруашылығы;
-
денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру;
-
сервис.
Негізгі немесе базалық білім жүйелері келесі негіздер бойынша жіктеліне алады:
-
мемлекеттің рөлі;
-
білімді басқару мен қаржыландыруда ұлттық және жергілікті әкімшіліктер ролінің арақатынасы;
-
ақылы және тегін білім алудің пропорциясы;
-
элитарлық пен бұқаралықтың арақатынасы;
-
жоғары білімнің құрылымы мен мазмұнындағы түбегейлілік пен практикалық бағдарлық пропорциясы.
Осы белгілер бойынша білімнің екі жүйесін бөлуге болады-американдық (оған жапондық жүйе ұласады) және еуропалық (экономика мен идеологияны толық мемлекеттендіруді ескергенде оның бір түрі кеңестік білім жүйесі болды) жүйелер.
Американдық жүйе білімді қаржыландырудағы мемлекеттің елеулі ролімен өзгешеленеді, бірақ жеке бизнес те сондай-ақ жоғары белсенділік танытады. Мектептер муниципалды органдардың қарамағында болады, ал жеке және мемлекеттік жоғары оқу орындарының арасында шамамен алынған сандық паритет орын алады. Білімді жалпы қаржыландыруда жергілікті қаражат көздері ұлттық қаржыландырудан басым болып келеді. Орта білім негізінен тегін, ал жоғары білім көбіне ақылы, бірақ студенттерге білім қызметтеріне көмек көрсететін тармақталған жүйе бар.
Элитарлық (дегдарлық) және жай университеттер арасындағы білім беру саласында үлкен алшақтық бар. Білім мазмұнын белгілеуде дербестік дәрежесі өте жоғары, мемлекеттік мекемелер оған мүлде араласпайды.
Еуропалық жүйеде-мемлекеттік және тегін білім алу басым. Терең тарихи тамырлары бар университеттер автономиясы жұмыс істейді. Алайда, жалпы алғанда, білім мазмұнындағы орталықтандыру деңгейі американдық жүйемен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Оқу орындарын басқаруда академиялық топтардың ролі жоғары, ал АҚШ-та осы міндеттер көбіне қамқоршылар кеңесіне жүктеледі. Американдық жүйеге қарағанда түбегейлі терең білім деңгейі анағұрлым жоғары.
Қазіргі уақытта жапондық жұмыс күшінің деңгейі біліктіліктің ең жоғары деңгейі ретінде бағаланады. Жапонияда барлық категориядағы жұмысшыларды үздіксіз оқыту маман саясатының стратегиясы және мақсаты ретінде басқа елдермен салыстырғанда ерте мойындалып, жолға қойылды. Үздіксіз оқыту жапон фирмаларында еңбек процесінің құрамдас бөлігі. Әрбір жұмысшы (персонал) оған аптасына 8 сағат уақыт жұмсайды: 4 сағаты жұмыс уақыты және 4 сағаты жұмысшының өз уақыты есебінен. Осы мақсатта тікелей кәсіпорындарда курстар, семинар, оқу орталықтары, тіпті институттар құрылған. Зерттеушілердің есептеулері бойынша, бір жұмыс бастыға шаққандағы оқыту шаралары жапондықтарда американдықтарға қарағанда 3-4 есеге артық. [15,170-185б]
Жапония компаниясындағы кәсіптік білім жүйесінің негізі- «икемді жұмысшы» компаниясы. Оның мақсаты-адамды кем дегенде екі есе немесе үш мамандық бойынша іріктеу және дайындау, одан соң өмір бойы біліктілігін көтеру. Басқаша айтқанда, жапон фирмалары арнайы адам капиталының қорлануына жағдай жасайды.
Үздіксіз оқыту барысында жұмысшының біліктілігін және жалпы мәдени деңгейін көтеру экономикалық әсерді ұлғайтады. Американдық фирмалар тәжірбиесі бойынша, білім беруге салынған әрбір 35 мың доллар 1 млн.доллар көлемінде пайда әкеледі. Оның үстіне, жұмысшыны қайта дайындау оны басқа жұмысшыға ауыстырудан едәуір арзанға түседі. «Дженерал электрик» компаниясының тәжірбиесі бойынша, бір инженерді қайта дайындау жаңа инженерді табу және жұмысқа қабылдаудан үш есеге арзан. Білікті жұмысшыны оқытуға АҚШ-та жылына 12,5 мың доллар жұмсалса, қайта дайындық шығыны жылына бір адамға 10 мың долларды құрайды. [15,170-185б]
Швейцарияда фирмаларының да біліктілікті көтеру бағдарламалары қызығушылықты тудырады. Жоғары оқу орындарын бітірушілері осы бағдарламаны университеттік дайындықтың өндірістегі аяқталуы және қызметтегі өсудің базасы ретінде бағалайды. Ал фирмалар тарапынан біліктілікті көтеру бағдарламалары компанияларды дайындығы жоғары мамандармен қамтамасыз ететін қаржы салымдары ретінде бағаланады.
Францияда кәсіпорындар жұмысшының кәсіптік дайындығына жалақы қорының белгілі бір пайызын бөлуге міндетті. Жыл сайын Францияда фирма есебінен жалдамалы жұмысшылардың 30 пайызы кәсіптік оқыту курстарымен қамтылады, тек 4 пайызы ғана өз есебінен біліктіліктерін көтереді [10, 118б].
Білім беру қызметі рыногындағы келесі жиынтық тұтынушы мемлекет білім беру қызметі өндірісінде микро және макро деңгейлерде қатысады. Мемлекеттің экономикаға микро және макро деңгейлерде полифункционалды араласуы қазіргі экономикалық дамудағы объективті қажеттілік болып табылады. Мемлекеттің білім беру сферасына макро деңгейде араласуы білім беру сферасындағы және еңбек рыногындағы мемлекеттік саясат арқылы жүзеге асады. Яғни, мемлекет білім беру сферасының орта және ұзақ мерзімде дамуының материалды-экономикалық және құқықтық алғы шарттары мен жағдайларын жасаушы процестер жиынтығын жүзеге асырады. Мемлекет, біріншіден, білім беру қызметі рыногы тұлғаларының экономикалық қатынастарын реттеуші құқықтық нормаларды анықтайды және олардың орындалуын бақылайды; екіншіден, ЖІӨ-ді қайта бөлу қызметін атқарады; үшіншіден, білімнің минималды деңгейін анықтайды және қаржыландырады; төртіншіден, білім беру сферасы тұрғысында стратегиялық шешімдер қабылдайды және білім беру стандарттарын анықтайды; бесіншіден, білім беру рыногына салық саясаты, трансферттер және несие ұсыну арқылы әсер етеді; алтыншыдан, оқу орындарын басқаруға нақты шешімдер қабылдайды: лицензия, аттестация, білім деңгейі туралы құжаттарды сертификаттау мәселесін шешеді. Қорыта айтқанда, мемлекет заң шығарушылық және реттеушілік (ынталандырушылық) қызметтерді жүзеге асырады.
Ромердің, Р.Лукастың және басқа да «Экономикалық өсудің жаңа теориялары» өкілдерінің үлгілері көбіне адам капиталы концепциясына негізделеді. Адам капиталының қорлануы бұл теорияларда білім беру саласындағы іс-әрекеттің нәтижесі ретінде қарастырылады. Олардың пікірінше, бұл сала технологиялық өркендеуді қамтамасыз етеді, өйткені, білімге жұмсалған шығындар адам капиталын арттыру арқылы экономиканың жаңа идеяларды өндіру қабілеттерін және ғылым сіңіргіш өндірістегі салыстырмалы артықшылықтарды атқарады. Сондай-ақ, осы және эволюциялық теорияларда білім берудің экономикалық маңыздылығы инновация диффузиясы тұрғысында негізделеді.
Сонымен, адам капиталының анықтаушы элементі-білім беру экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және өркениеттіліктің факторы; оның қалыптасуы елеулі экономикалық ресурстарды қажет етеді. Оның үстіне, білім беруді өндіруде «рынок шарасыздығының» орын алуы да мемлекеттің білім беру қызметі рыногындағы мінез-құлқын анықтайды. Сондай-ақ, мемлекеттің білім беру қызметіне сұранысты осы қызметтің адам құқықтарының бірі екендігімен анықталады.
Кез-келген рационалды тұлға сияқты мемлекет те шекті шығындармен шекті ұтымды салыстырады. Мемлекеттің шығындары мемлекеттік бюджеттен тікелей аударымдар (сыртқы шығындар) және индивидтердің білім алу барысында еңбек процесімен қамтылмау себебінен ЖҰӨ бөлігінің жоғалуы түріндегі ішкі жасырын шығындардан тұрады. Яғни, жоғары білімді мамандардың жұмыссыз қалуы мемлекетке тиімсіз. Себебі, мемлекет өз шығындарын салық механизмі арқылы қайтарып алады.
Мемлекеттің білім беру қызметіне сұранысы оның шығындарының артуымен сипатталады. Өйткені білім деңгейлері жоғарылаған сайын білім беру қызметінің, оқулықтар мен оқу құралдарының көлемі артады және білім беру қызметі өндірісіне жоғары білікті еңбек тартылады.
Отандық білім беру рыногында халықарлық ұйымдардың қатысуы келесідей бағытта жүзеге асырылуда:
-
халықаралық ұйымдардың бағдарламалары (БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕО, НАТО, МАГАТЭ және басқалар);
-
дамыған елдердің мемлекеттік бағарламалары (АҚШ-та USIA, ACCELS, IREX, Германияда-DAAD, Францияда-CNOUS);
-
жеке қорлардың бағдарламалары (SOROS, FORD, MacArtur және т.б.)
Білім беру қызметін ұдайы өндіруде халықарлық ұйымдардың инвестициялық белсенділігі өте жоғары. Мысалы: 1991 және 2000 жылдар аралығында ТАСИС-ТЕМПУС бағдарламасы шеңберінде отандық білім беру сферасына 12 млн.евро қаржы бөлінген. 1994-2000 жылдар аралығында 57 жоба қаржыландырылған [4]. Дегенмен, халықаралық ұйымдардың көмегі ұлттық білім беру бағдарламасына қатысты жанама сипатта болуға тиісті.
АҚШ-та 55%-ға жуық жоғары оқу орындары мемлекеттік болып табылады, бірақ ең озықтары – жеке меншік жоғары оқу орындары. Құрама Штаттар қазір заңды түрде мақтан тұтатын алғашқы американдық университеттер жеке меншіктегі университеттер болды, ал анағұрым арзан ақымен оқытатын мемлекеттік жоғары оқу орындарын штаттағы өкіметтер жоғары білім алу мүмкіндігін арттыру үшін ашқан. Американдық білім жүйесінде олар күні бүгінге дейін осындай қызметтерді атқарып келеді – олар «қолдау көрсететін жоғары оқу орындары» іспеттес.
Жапонияда 70%-дан астам университеттер – жеке меншікте. Бірақ ең озықтары, ең беделділері, ең үлгілілері – мемлекеттік университеттер. Бір айтарлықтай жайт, мемлекеттік университеттерде оқуға төленетін төлем жеке меншіктерге қарағанда жоғары.
ІІ тарау БІЛІМ БЕРУ АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУШЫ ФАКТОР РЕТІНДЕ
2.1 Білім беру адам дамуының көрсеткіші ретінде
Білімнің адам дамуындағы айқындаушы рөлін тану адам капиталының теориясына негізделеді, ол теория бір мезгілде адам дамуы тұжырымдамасының пайда болуының теориялық алғышарты және аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және ол тұтастық қалпында ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында қалыптасты.
Адам дамуы тұжырымдамасының мәні мен мағынасын анықтайтын өзекті элементтерінің бірі мемлекет, қоғам және тұлға үшін білімді жоғары басымдық дәрежесіне көтеру болып табылады. Адам дамуы тұжырымдамасының мәні мен мағынасын анықтайтын өзекті мәліметтерінің бірі мемлекет, қоғам және тұлға үшін білімді жоғары басымдық дәрежесіне көтеру болып табылады.
Адам дамуының аса маңызды факторы ретінде білім экономикалық, саяси, әлеуметтік және гуманитарлық проблемалардың тұтас жиынтығын шешуге айқындаушы немесе біршама елеулі ықпал көрсетуге лайықты. Ондай проблемаларға мыналар жатады: әр елдегі халықтың қазіргі заманғы өркениет деңгейі мен тұрмыс сапасына қол жеткізу, кедейшілікті бағындыру мүмкіндігі, тиімді жұмыспен қамтылуды қамтамасыздандыру, әлеуметтік теңсіздіктің деңгейін төмендету, гендерлік және этникалық теңсіздіктен арылу, қылмыстықты азайту, АИВ/ЖИТС ауруының таралуына қарсы күрес жүргізу, саяси және ұлысаралық жанжалдардан арылу және сақтандыру, орнықты дамуды қамтамасыз ету, азаматтық қоғамның құрылымдарын күшейту, адам құқықтарын сақтау және тиімді іске асыру, тұлғаның өз мүмкіндіктерін толық және жан-жақты іске асыруы үшін жағдайлар жасау қажет. Сондай-ақ, білімді аса маңызды адам капиталы ретінде қарай отырып, адам дамуының тұжырымдамасы білімнің кең ауқымды және көп қырлы әлеуметтік қызметтерін бекітіп, оған осы заманғы социумның іргелі проблемаларын шешуде басты рөл атқаратынын айта кеткен жөн.
Қазіргі уақытқа қарай қалыптасқан қазақстандық ұлттық білім жүйесі жүйелі сипат алған реформалардың нәтижесі болып табылады. Бұл орайда мемлекеттік тәуелсіздік алған Қазақстандағы білім реформаларының себептері экономикалық және саяси өзгерістердің алғышарттарынан мүлде бөлек. Экономикалық және саяси өзгерістер экономиканың терең дағдарысымен, саяси қатынастардың тарихи баламасыздығымен, өндірістің құрылымымен және нәтижелерімен озық елдерден едәуір артта қалуымен, халықтың тұрмыс деңгейімен және сапасымен, мемлекеттік басқарудың тиімділігімен сабақтас болды.
Білім беру жүйесіне тікелей және жанама түрде бүкіл қоғамның қатысы бар. Білім жүйесін өзгерту қоғамның және жеке тұлғаның көзқарасын, ой-санасын, психолгиясын, мүдделерін, қарым-қатынасын кешенді түрде өзгерту арқылы жүзеге асырылады. Осындай кең ауқымды, күрделі реформаны жасау мол қаржылық, кадрлық ресурстарға қосымша реформа бағыттары мен мазмұнын әдіснамалық негіздеуді, жан-жақты байыпты даярлық жасауды, ғылыми-теориялық зерттеулер мен практикалық сынақтар өткізуді, білім жүйесінің басшыларының, мұғалімдердің, оқушылардың, жалпы қоғамның арасында психологиялық даярлық, бейімдеу, ынталандыру жұмыстарын өткізуді қажет етеді. Сондықтан да жаңа білім моделін ғылыми-зерттеу зертханаларында ғана әзірлемей, озат мектептердің тәжірибелерін саралау, жаңашыл педагог-мамандарды, ата-аналарды, қоғам қайраткерлерін, білім саласынақатысы бар барлық мекемелер мен ұйымдарды кеңінен қатыстыру, олардың қызметтерін өзара үйлестіру арқылы жасауға тиіспіз. Осындай аса маңызды да ауқымды жұмыстарды кешенді және іргелі түрде жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен Қазақ Білім академиясының жанында тұрақты және кешенді жұмыс істейтін Ғылыми-қоғамдық үйлестіру кеңесінің құрылғаны барынша тиімді болар еді.
Қазақстан Республикасының білім беру стратегиясындағы басты концепция-ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үлгісінің негізгі мақсаты-адамның ең негізгі құндылық ретінде мойындау және сол тұрғыда қалыптастыру, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, мәдени-рухани дамуына ерекше мән беріп, сол арқылы оның рухани жан дүниесінің жетілуіне, әлеуметтік-саяси көзқарастарының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, әлеуметтік мәдениетінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай туғызу. Яғни, келешек маман білікті әрі білімді, ең алдымен рухани тұрғыда кемелденген, ұлттық ділі мықты, әлеуметтік мәдениеті қалыптасқан, халық, ұлт алдындағы жауапкершілік сезімі жоғары дара тұлға болуы тиіс. Сондықтан бүгінгі білім алушыға тек маман ретінде ғана қарау жеткіліксіз. Оны,ең алдымен, өз елінің азаматы, адамгершілігі мол творчествалық тұлға, елдің жанашыры, келешектің иесі, халқының тірегі ретінде тану керек, соған мүмкіндік жасалуы тиіс.
Сонымен, адам капиталы адамның сапалық және сандық көрсеткіштерімен анықталатын, табиғи болмысы мен әлеуметтік мәні бар зор қабілеті, білімі, білігі, дағдысы. Бұл әлеуметтік құндылығы жоғары сипаттардың қалыптасуы индивидтің өзінің уақыты мен материалдық мүмкіншіліктеріне және де мемлекет тарапынан жұмсалатын тікелей және жаңа шығындарға байланысты. Адам капиталының бұл қасиеттері біріншіден, субъектінің әлеуметтік статусын көтеруге, екінші жағынан еңбектің тиімділігін арттыруға, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Основы кредитной системы обучения в Казакстане» деп аталатын ұжымдық монографиясында елдің келешектегі білім беру саласындағы тұғырнамалар анықталып, ол кәсіби білім берудің тек жоғары сапасымен ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам іргетасы ретіндегі жаңа білім беру философиясымен де айқындалмақ делінген. Онда біршама негізгі міндеттер де анықталған:
-
икемді, мобильді жоғары білім беру жүйесін қалыптастыру;
-
жоғары оқу орындарының адаптациялық потенциалын көтеру;
-
оқу орындарындағы академиялық және ұйымдастыру құрылымын, ондағы инфрақұрылымдарды жетілдіру;
-
әдістемелік жүйені және білім беру технологиясын реформалау;
-
педагогикалық үрдісті жетілдіру, педагогикалық құрам сапасын жақсарту.
Бұл айтылғандардан туындайтын мәселе, шындығында, ұлттық идея негізіндегі кешенді білім беру философиясын қалыптастыру қажеттілігінің бар екендігі.
Американдық жоғары білім беру жүйесінің ерекшелігі: жоғары оқу орындарының едәуір еркіндігі және автономиялылығы. Ал мұндай менталитет Қазақстан сияқты дәстүрлі қоғамда қалай көрініс табады? Білім беруде әлемдік стандарттың ұлттық санаға ықпалы қалай болады? Мәселен, ұлттық патриотизмге, ұлттық этикалық санаға, жеке тұлғаның өзіне өзінің тең келу мәселесіне, ұлттық мифтік санаға, ұлттық идентификация мәселесіне ықпалы қандай болмақ дейтін әртүрлі сұрақтар туындайды.
Болонь Декларациясы, әлемдік бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру үрдісі бүгінгі глобализация феноменінің құрамдас бөлігі, оның іске асырылу формасы десек болады. осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда көрсетілгендей, білім берудегі бұл инновацияның түбірлі мәні мен сипатын әмбебап нарықтық-экономикалық рационализм, ал ол тікелей өндіріс қажеттілігі мен пайда іздеу мүддесімен байланысты болатынын мемлекет жасырмайды. Осының өзін методологиялық тұрғыдан пайымдайтын болсақ, кредиттік жүйенің идеологиялық мәндік болмысын білдірмек.
Неоклассик-экономист А.Маршаллдың пікірінше табиғат қайтарымы төмендеу тенденциясында болса, адам осы қайтарымды арттыру тенденциясына ие. «Білім біз үшін өндірістің ең қуатты қозғаушысы, табиғатты бағындырып, оның күштерін қажеттілігімізді қанағаттандыруға, пайдалануға мүмкіндік береді».
Адамның сапалық параметрлерін қалыптастырушы және жетілдіруші рухани өндірістің маңызды салаларының бірі-білім беру саласы. Білім беру бір жағынан, тұтас ұлттың интеллектуалды потенциалының дамуы және тереңдеуінің факторы болса, екінші жағынан-адам мүмкіндіктерінің барынша жүзеге асуының іргелі алғышарты. Білім беру экономикалық өсудің маңызды факторы, әлеуметтік теңсіздікті жеңілдетудің және жұмыссыздыққа қарсы құрал ретінде қарастырыла басталды. Әсіресе білімі және біліктілігі жоғары адам прогрессивті қоғамдық өзгерістердің көзі және қуатты қозғаушы күші ретіндегі өзекті мәселеге айналды.
Білім беру қоғамның әлеуметтік кәсіптік құрылымын қалыптасырушы, мәдениетті ұдайы өндіруші, жинақталған әлеуметтік тәжірибені, адамгершілік, мораль қағидаларын жалғастырушы, индивидтердің әлеументтендірілуін қамтамасыз етуші институт болып табылады. Сондай-ақ, білім беру индивидтердің, қоғамның интеллектуалды және әлеуметтік-психологиялық потенциялын қалыптастырады; жанама түрде, білім беру индивидтің дене және психофизиолгиялық жағдайына әсер етеді; адам капиталының моральдық тозуының орнын толтырады, адам капиталы потенциалының жойылуының алдын алады. (жұмыссыздар, зейнеткерлер), ұлттық қауыпсіздікті және қоғамда демократияның сақталуын, оның күшеюін қамтамасыз етеді.
Адам капиталының анықтаушы элементі-білім беру экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және өркениеттіліктің факторы; оның қалыптасуы елеулі экономикалық ресурстарды қажет етеді. Оның үстіне, білім беруді өндіруде «рынок шарасызығының» орын алуы да мемлекеттің білім беру қызметі рыногындағы мінез-құлқын анықтайды. Сондай-ақ, мемлекеттің білім беру қызметіне сұранысты осы қызметтің адам құқықтарының бірі екендігімен анықталады.
Адам капиталы теориясы шектеулілігінің басты факторының мәні былай, осы теория даму логикасы мен постиндустриялық өркениеттің іргелі әлеуметтік мақсаттарына сәйкес келе бермейді. Күн тәртібіне білімнің тар экономикалық мәселелері ғана емес, сонымен бірге оның әлеуметтік кең тиімділігі, қоғам және адам үшін өзіндік құндылығы, адам құқықтарының қамтамасыздығы контексіндегі білім туралы мәселелер көбірек ұсынылатын болды.
Адам капиталы адамның сапалық және сандық көрсеткіштерімен анықталатын, табиғи болмысы мен әлеуметтік мәні бар зор қабілеті, білімі, білігі, дағдысы. Бұл әлеуметтік құндылығы жоғары сипаттардың қалыптасуы индивидтің өзінің уақыты мен маериалдық мүмкіншіліктеріне және де мемлекет тарапынан жұмсалатын тікелей және жаңа шығындарға байланысты. Адам капиталының бұл қасиеттері біріншіден, субъектінің әлеуметтік статусын көтеруге, екінші жағынан еңбектің тиімділігін арттыруға, жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталады. Сондықтан да,адам капиталына инвестиция салу оның әлеументтендіру тәжірбиесіне терең өзгерістер енгізіп жалпы адам капиталының жиынтық қорының мазмұнына, құрамына, қалыптасуына оң әсер етеді.адам капиталын қалыптастырудың қоғамдық сипаты басымырақ, бұған қоғамды әлеуметтік ұйымдастыру деңгейі әсер етеді. Адам капиталын ұдайы өндіру тұрғындарды, жалпы халықтың сандық және сапалық мәнінің дамып, қоғамның рухани және материалдық жүйесіне жинақталуымен байланысты. Адам капиталын қалыптастырудың және ұдайы өндірудің ішкі және сыртқы факторларына мыналарды жатқызуға болады. Сыртқы факторлар:
-
Білім, ғылым, тәрбие, ақпарат, денсаулық, тұрмыстық қызмет көрсету, әлеуметтік институттарының дамуы. Олардың даму деңгейінің көтерілуіне инвестициялар жұмсау, адам капиталының сандық, сапалық көрсеткіштерінің қалыптасып жатқан құрылымдарының өзгеруіне терең әсер етеді.
-
Адам капиталын құрушылардың өмір сүру әрекетінің сыртқы ортасына еңбек ету жағдайы, үй-тұрмысы, өмірлік тұрағының инфрақұрылымы жатады. Бұл саланы жетілдіру, инвестиция құю, аймақтардың, әр түрлі ұйымдардың әлеуметтік саласын дамытып, жалпы қоғамдық инфрақұрылымының дұрыс бағытта өзгеруіне әкеледі.
Адам капиталына ұдайы өндірудің ішкі алғы шарттарына адамның жанұясының материалдық жетістігі, оның жеке байланыстары, мәдени деңгейі жатады. Егер де қоғам жанұяны қолдап, оның өзіндік саясатының іске асуына инвестициялар салса, ол осы жанұяның материалдық байлығын өсіріп қана қоймай, білімді, дәстүрді, біліктілікті, құндылық бағыттарын, жалпы әлеуметтік тәжірбиені ұрпаққа қалдыру үрдісін жетілдіруге де жағдай жасайды. Индивид әлеуметтік тұлға ретінде тек жанұяда ғана қалыптасатындықтан, қоғамның рухани игіліктерін-білімді, мамандық статусын, қызметін дұрыс пайдалануды, тұрмыстық-тұтыну мәдениетін игеруде жанұяның орны ерекше.
Гордон Драйден мен Джанет Востың «Білім беру революциясы» кітабында (2003жыл) білім беру саласында осы заманғы әлемнің көптеген елдеріне тән проблема тамаша баяндалған: «Әлем сондайлық жедел өзгеруде, ал білім жүйесі сондайлық оралымсыз да жігерсіз, ол бейнебір уақыттың торына түсіп қалғандай, әлдеқашан аяқталған өткен дәуірге қызмет көрсетуін жалғастырып келеді»-деген сөзін айта кеткен де жөн болар.
Бүгінде елдің бәсекеге қабілеттілігі-жаһандық экономика мен саясатта ең ықпалды тұжырымдамалардың бірі, өйткені тек экономикалық көрсеткіштерді қамтып қана қоймайды, сонымен бірге экономикалық емес маңызды құбылыстардың экономикалық салдарын бағалай алады.
Оны өлшеудің ең қарапайым тәсілдерінің бірі жан басына шаққанда келетін ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) көрсеткіші болып табылады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болған сайын, ел мен оның азаматтары соғұрлым бай, өмір сапасы соғұрлым жоғары.
2005 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 3700 АҚШ доллары мөлшерінде қалыптасты. Осы көрсеткіш бойынша, 50 елдің қатарында болу үшін ол кем дегенде 5500-6500 АҚШ доллары және одан жоғары болуы керек. Яғни, шамамен Чили, Мексика, Малайзия секілді елдер деңгейінде болуы керек.
Бұл елдер бұрынғы социолистік елдердің (Чех Республикасы, Венгрия) көрсеткіштерінен айтарлықтай кем түседі-оларда ІЖӨ қазірдің өзінде әр адамға 10 мың АҚШ долларынан асып түседі.
Бәсекеге қабілетті 117 елдің ішінен алғашқылар қатарына Финляндия, АҚШ, Швеция, Тайвань, Норвегия, Исландия, Сингапур, Австралия, Канада, Швейцария, Жапония, Ұлыбритания, Германия және Израиль шығыпты. Қазақстан 61-ші орын алыпты. Біз ТМД-ның барлық мемлекеттерінен алда екенбіз.
Егер жекелеген өлшемдерді алатын болсақ, Қазақстан халықтың «тапқырлық» деңгейі (яғни, технологиялық идеялардың дамуы), ғылыми-зерттеу базасының, дәл ғылымдағы білімнің сапасы бойынша, сондай-ақ базалық инфрақұрылымның жаман емес жағдайына қатысты айтарлықтай жоғары бағаланады.
Алайда біздің еліміз бұл артықшылықтарды нақтылы «капиталдандыру» мүмкіндігін қамтамасыз ететін факторлар бойынша төмен бағаланады.ал мұнда «ақыл-ойдың сыртқа кетуінің» жоғары деңгейі де, жаңа технологиялар мен қызметтерді лицензиялаудың күрделі ресімдері де, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғаудың төменгі деңгейі де, білім беру мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды инвестициялау жөніндегі аз әулет те бар.
Міне, содан келеді де, мысалы, ересек халықтың сауаттылық деңгейі бойынша біз әлемдегі алғашқы 3 пайыздың қатарындамыз, ал әл-ауқат деңгейі бойынша соңғы 40 пайыз елдердің қатарындамыз. Инженерлер мен ғалымдардың саны бойынша біз тізімнің үштен бірінің алғашқысындамыз, ал жоғары технологияларға келетін экспорттың үлесі жөнінен-артта қалушылар қатарындамыз.
Елдің экономикалық деңгейі мен оның әлемдегі бәсекелестік ұстанымы бірінші кезекте оның адамдарының сапасына-адамдық капиталға байланысты екенін көрсетеді.
Өзіміздің алдымызға стратегиялық міндет-таяудағы 10 жылда елімізді әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына шығару міндетін қоя отырып, біз ғылым мен технологияларды дамытудың, білім беруді дамытудың жаһандық үрдістерін жіті назарда ұстауға тиіспіз.
Біз Қазақстанда өмір сапасы мен стандарттарын бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің деңгейіне жақындатуға ұмтылуға тиіспіз. Қазақстанның әлемдік рынокта шешуші бәсекелік басымдығы жоғары білікті, жұмылған адами капитал, сондай-ақ инновацияларды тұрақты ендіру болуы тиіс.
«2010 жылға қарай жан басына келетін ІЖӨ-ні 7000 долларға дейін, ал сатып алу қабілетінің паритеті (СҚП) бойынша 15000 долларға дейін арттырып, халық өмірінің күтіп отырылған ұзақтығын 68 жасқа дейін жеткізбекпіз.
Таяудағы үш жылда Қазақстан білім беруге арналған мемлекеттік шығындарды ұлғайтуы тиіс, олар ІЖӨ-нің 4,1 пайызынан кем болмауы керек. Үстіміздегі жылы мемлекеттік бюджеттен білім беруге 344 млрд.теңге жоспарланған.
2009 жылға қарай бұл саланы қаржыландыру көлемі 540 млрд.теңгеге дейін дерлік өседі»,-деп еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына»-деген лекциясында айтқан болатын.
Президент Джон Кеннеди айтқанындай: «Бізге ешқашан болмаған нәрсе туралы армандауға қабілетті адамдар керек».
Әр 10 жыл сайын адам білімінің көлемі еселене түседі. Соның нәтижесінде білім барынша құнды және әрдайым талап етілетін ресурсқа айналады.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіру міндеті, егер оны ғылымды көп қажет ететін технологиялық білімі, басқару дағдылары бар, нарықтық экономикада бағдарлана алатын жоғары білікті мамандар іс жүзіне асыратын болса ғана, шешілетін болады.
Білімді, сауатты адамдар-бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Бұл туралы Абай атамыз: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі бекер» деп өсиет қалдырған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |