Алма жемісжегісі, алма гүлжегісі, алма биті, шие бізтұмсығы, алма кенесі, бітелер, жемісжегілер алманың зиянкестері болып табылады.
Алма жемісжегісі алма ағашының зиянкесі. Оның қанатын жазғандағы мөлшері 15-19 мм. Бұл қорегін түнде аулайтын көбелек. Алма жемісжегісінің дернәсілі (жұлдызқұрты) алманың жұмсағын жеп бүлдіреді.
Алма кенесі – тұрқы бір мм-ге жетер-жетпес ұсақ жәндік. Ол алма ағашына зиян тигізеді. Ұрықтанған кененің аналығы ағаш қабығының астында қыстайды. Сәуір айында қоректенуге шығады. Бүршік жарып келе жатқан жапырақтармен қоректеніп, соған жұмыртқалайды. Алма кенесі жаз бойы 7-9 ұрпақ береді.
Алма аурулары. Алма қотыры, ақ ұнтақ, жеміс шірігі, т.б.
Алма зиянкестерімен күресу шаралары. Алма зиянкестері алма ағашының жапырағын ширатып, гүлін, жапырағын жейді. Олардың дернәсілдері жас өскіндердің тамырын қорек етеді. Жеміс бағына орасан зиян келтіреді. Бұлардан құтылу үшін жеміс ағаштарының түбін ағарту, төңірегіндегі топырақты қопсыту қажет. Оларды мерзімінде суару керек. Жеміс бағын сынған бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартудың маңызы зор. Тазартылған аумақты қабықжегі, зерқоңыз, сүген тәрізді зиянкестер паналай алмайтын болады. Алма кенелерін жеміс ағашы гүлдеп болған соң және жапырақта кененің 2-4 дарағы байқалған жағдайда дәрілеу арқылы жояды.