Елі үшін елжіреген азамат



бет3/3
Дата23.02.2016
өлшемі391.17 Kb.
#8740
1   2   3

Алайда бұл әндер жалпы халыққа бірден жете қойған жоқ. Өзінің екінші тынысы ашылғанын сезген Жәнібек енді ел аралап, бойындағы барын халқының жүрегіне жеткізуге аңсары ауды. Өзі де кемелденіп, анау-мынау арандатуға оңайшылықпен алдырмайтындай, жалынан тістетпейтіндей күш-қуат пен «күрес тәжірибесін» жинақтап алып еді. Оның үстіне 1979-жылдан бастап өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековтің ән класына дәріс беруі оны бұрынғыдан да ширатты. Шәкірттерін де үйретті, өзі де үйренді. Өмір мен өнер дүниесінен тел тәлім алды. Мінезі де жайдарыланып, бойы да, ойы да байсал тартып, ысылып сала берді.

Шындығын айтайын, Жәнібектің жүрегіне қадалған бір сары шеңгелдің тікені бар еді. Ол сонау алпыс тоғызыншы жылдан бері өзінің туған ауылына арнайылап барып, бірде-бір рет ән айтқан не ел-жерді көріп қыдырған жоқ еді. Ағайын туыстардың той-томалағы мен өлім-жітіміне суыт барып, суыт қайтатын. Елге барғанда менен үнемі Жәнібектің хал-жағдайын сұрап, арнайы келуін шын ниеттерімен өтінетін. Ал сол сәлемді жеткізген менің сөзімді ықылассыз тыңдайтын. Абай аудандық партия ағасы Хафиз Матаев та сол сәлемді айтқанда: «Алматыға жолыңыз түскенде мен сізге Жәнібекті жолықтырайын. Сонда ресми түрде елге шақырыңыз. Қалғанын мен мойныма алайын»,- дедім. Ол кісі бұл шақыруды Мұрат Әуезовке де айтпақ екен. Орайы оңтайлы келіп Хафиз аға мен Мәскеудегі жазушы Роллан Сейсенбаевтің бір мезгілде Алматыда басы қосыла қалды. Мұрат пен Жәнібекті «Алматы» қонақ үйіне шақырып, Хафиз ағамыз елдің дәмін татыра отырып бүйімтайын айтты. Сол жылы жазда Жәнібек, Несіпбек үшеуміз елге аттандық. Семейден Төкен Ибрагимов пен Мерғали Ибраев, Қарауылдан Әнуәрбек Мәкеянов пен Төлеген Жанғалиев қосылды. Жәнібекті елі шын сағынса керек, аса мәртебелі делегация мен үкімет басшыларына көрсетілетін салтанатпен қарсы алды. Семейден шыға бере Жәнібектің көңілі де, тілі де ашылып сала берді. Әзіл әңгімеде шек жоқ. Әдетінше алдауы мен әзіліне тез илігетін Несіпбекті «қарауылына» алды. Ол да Абай еліне тұңғыш келе жатқан қонақ. Ал мен болсам екеуінің «күтушісімін». Не ғыласың, Еңлік пен Кебектің зиратының басына жете бергенде, алдымыздан қызылды-жасылды қырмызы қос етек көйлек киген қыздар мен сал-серілердің тобы көрінді. Жолдан бұрыла бергенде, дауысы аспанды гүрілдеткен Төлегеннің өлеңдете жөнелген дауысы естілді. Баян бастатқан «Қаламқас» ән-би ансамбілінің барлық ұл-қыздары әндетіп қарсы алды. Аудандық партия комитетінің хатшысы бола қалған Мейраш ағамыз да қарсы алушылардың ішінде жүр. Хафакең сөзінде тұрған екен. Жәнібектің еліне қайта оралуын өкпесін ұмыттыратындай етіп салтанатпен ұйымдастырыпты. Жәнібек өзінің өнерпаз достарымен құшақтасып мәре-сәре. Мен де солардың арасында қорғасындай балқып кетсем керек...

Төлеген үн күшейткішті ауызына тақап ұстаған бетінде Несіпбекті қаумалап, жер тарихымен таныстыра жөнелген. Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі алдын ала бекітілген жаттанды сөзбен зауылдатып келе жатып: «Бұл арада қараңғы надандықтың жауыз да қатыгез, қанішер найман феодалдарының қолынан жазықсыз қаза тапқан қос ғашық Еңлік пен Кебектің сүйегі жатыр...» - дей бере Төлегеннің көзі бағжаң ете түсті де, үні өшті, Несіпбек те: «Апам-оу!» - деген дыбыс шығарып жерге етпеттей құлай берді. Ішім қылп ете қалды. Төлеген еңкейе беріп шоршып түсті. Мейраш аға да еңкейіп барып шалқая қалды. Енді кезек Жәнібекке тиіп, қалжыңдай сөйлеп күле еңкейіп, екі-үш ауыз тіл қатып еді, Несіпбек басын қақшаң ете көтерді де, «жердің астынан»: «Құныкерім сенсің, Жәнібек! Қызды өлімнен арашалай алмаса, несіне алып қашады... Құн!» - деген дауыс жетті. Елдің бәрі үрпиісіп қалды. Мен де «өзіме тиісті сыбағамды» алдым. Бірақ Несіпбектің жылтыраған көзі мен шартты белгіні көрген соң бойым байсал тартып, «амалдауға» көштім. Ақынның көңіліне келген сөз «жауыз наймандардың қолынан қаза тапқан» деген шетін тіркес және ақын әрі құрдас Төлегенге және жол бойы алды-артын орап қайта-қайта сүріндіре берген Жәнібекке көрсеткен қыры. Содан бәрімізге батыл, еркін сөйлейтін Баян мен Құнанбайдың шөбересі Бақыт Шағатайқызын шақырып, шампан мен ақ құйылған рөмкенің бетін жібек ормалмен жауып, «құн иесіне» жібердім. Қалжыңы жарасқан сыралғы екеуі сызыла басып барып Несіпбектің алдына «әдеппен» тізерлей отырып, бастарын иіп, дауыстарын сызылтып: «Апайыңыздың құнына қалағанымыз өтеуі болайық. Кешіңіз!..» - дегенде, Несіпбек басын көтеріп-ақ алғаны. Ел-жұрт мұның әзіл екенін сонда ғана түсініп, қайтадан у-ду болғаны. Несіпбектің бұл «өнері» Жәнібектің өкпесін шынымен-ақ тарқатып жіберді. Содан қашан қайтқанша Несіпбек бүкіл елдің алақанынан түспеді. Кешке ауданның мәдениет үйінде «Қаламқас» пен соның негізін қаласқандардың бірі Жәнібектің концерті бес сағатқа созылды. Ол бір аңызға бергісіз күндер еді-ау! Өмірбаяндық сыпатамаға кірікпесе де, бұл жайды айтып отырған себебім, Жәнібектің әншілік тағдырына мұның ерекше әсері тиді. Содан бастап елден қол үзген жоқ. Ал қиянатшыл ағайындары кейіннен өздері іздеп келді. Сондай сапардың бірінде өзі бұрын көрмеген немере ағасы Өнер Смағүловпен табысып, көз жұмғанша жұбын жазбады. Тарбағатай мен Қалбаны, Өкпеті мен Жаңарқаны, Қызылқұмды, Жоңғар қақпасы мен Алакөлдің айдынын, Абыралы мен Қарқаралы, Баян тауларын, Жәнібек жазығын аралаған сапарлардың соңы шет елге ұласты. Әр сапары өзінше бір мағыналы тәлім жолы еді. Ол - дербес әңгіменің арқауы.

1982-жылы күз айында тележурналист Сейілғазы Әбдікәрім хабарласып, соңынан арнайы жұмысқа келіп Жәнібек екеуің ән туралы тұрақты хабар жүргізсеңдер деген тілек білдірді. Жәнібек те қарсы болмады. Бұл Жәнібектің де, оның достарының да, мұқым халықтың да көптен күткен аңсары болатын. Оның болашақ тағдырын да шешіп беретін. Сондықтан да жұрт мойындай қоймаған менен көрі, шешен де көреген сұңғыла ғұлама Ақселеу ағамыз бұған әбден лайық еді. Хабар желтоқсан айында «Абай әндері» деген атпен түсірілді. Бірінші көрсетілімнен соң-ақ Жәнібектің атағы жерді жара көкке көтерілді. Енді бізге «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады» деген сөзді сүйіне, сүйсіне, мақтана, толқи отырып қайталау ғана қалған еді. Жәнібектің бағы ашылды. 1984-жылы Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығына ие болды. 1986-жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық консерваториясынан халық әңдері кафедрасы ұйымдастырылды. Еуропа, Азия елдерін аралады. 1990-жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі атағын алды. Өзін былай қойғанда, оның шәкірттері дүниені шарлай бастады. Әншілікпен қоса қаламгерлік өнерін де қатар ұстады. Кейде ол әннен гөрі сөз өнерін жоғары ұстайтындай сезілетін. 86-жылғы оқиғаның сұмдықтарын көркем шығармаға айналдыруды армандайтын. Адамдарды қапқа салып, ауызын буып, жардан лақтырып жатқан оқиғаны «Ғашықтың тілі» атты хикаятының басты кейіпкері Шуақтың түсі ретінде суреттеп жазды. Сондай-ақ «Молаға бастаған жол» атты аяқталмай қалған шығармасындағы саксафоншы жігіттің де тағдыры желтоқсанмен ұштасушы еді. Амал қанша, ол мақсатына жете алмады.

Кейіпкерінің емес, одан бұрын өзінің өмір жолы молаға барып тірелді.

3
Ол өзінің ең шешуші және ұлы концертін қоя алмай, соңғы шырқау әнін айта алмай, ағыны қатты екпінін баса алмай өмірден ағып өте шықты. «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың»,- деп өзі өзгелерге ескерту жасай отырып, сол өсиетіне өзі мойынсынбады. Сапарға жалғыз шықты. Өкініп те үлгермеді. Бірақ өзгелерді өксітіп те кетті.

Жәнібектің «Аяқталмаған күй» деген әңгімесі бар еді. Өзінің де күйі аяқталмай қалды. 1992-жылы 22-маусым күні кешкі сағат бес жарымның мөлшерінде Алматы-Қапшағай күре жолының қырық тоғызыншы шақырымында жол апатынан қаза тапты. Ол да бір Алланың жазуы шығар.

Жәнібектің тәні Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Артында дауысы мен үш томдық көркем сөзі және үш баласы мен жары, елі қалды.



Қолдарыңыздағы естеліктер жинағы — әншінің рухына көрсегілген тағзымның белгісі.
Қаңтар — Көкек. 2000 ж.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет