1-кезең: 1950-1970 жылдар аралығы (Т. Жанұзақов «Лично-собственные имена в казахском языке» 1961 ж.; «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» 1965 ж.; «Қазақ есімдерінің тарихы» 1971 ж.).
2-кезең: 1970-1990 жылдар аралығы (Т. Жанұзақов «Очерк казахской ономастики» 1982 ж.; Е. Керімбаев «Атаулар сыры» 1986 ж.; «Қазақ есімдері» 1988 ж.; В. Махпиров «Собственые имена в памятнике Х в. «Дивану лугат ат-турк Махмуда Кашгарского» 1980 ж.).
3-кезең: 1990-2000 жылдар аралығы (В. Махпиров «Имена далеких предков» 1997 ж.; М. Мұсабаева «Қазақ тіліндегі антропонимиялық «аталымдардың» этнолингвистикалық сипаты» 1995 ж.; У. Мусабекова «Мотивационный аспект антропонимов казахского и русского языков» 1996 ж., Е. Керімбаев «Этнокультурные основы номинации и функционирования казахских собственных имен» 1992 ж., К. Головина «Сопоставительный анализ идиоэтнических топонимов и антропонимов русского и казахского языков»; К. Жаппар «Эстетические функции имен собственных в поэзии О. Сулейменова» 2000 ж.).
4-кезең:ХХІ ғасырдың басы, жаңа кезең (Б. Көшімова «Қазақ лексикасындағы бейонимдену үрдісі» 2001 ж.; Б. Досжанов «Қазақ тіліндегі көне антропонимдер» 2003 ж.; Д. Керімбаев «Қазақ фольклорындағы жалқы есімдердің құрамы мен этнолингвистикалық сипаты», 2004 ж.; Г. Аубакирова «Идиоэтническая семантика и лингвостилистические функции собственных имен в художественном тексте» 2004 жыл [6].
Сонымен бірге ономастикалық лингвокультуремалардың ұлттық-мәдени ерекшеліктерді танытуда атқаратын қызметі ерекше. Себебі ономастика өзінің бойына лингвистикалық, тарихи, өркениеттік және мәдени деректерді жинаған ерекше лингвомәдени бірліктер жүйесі болып табылады. Олар халықтың бітім болмысы мен өмірге қөзқарасынан хабар береді.
Қазақ тіл біліміндегі ономастика, антропонимика саласын қалыптастырушы ғалым Т. Жанұзақовтың антропонимдердің қалыптасу, даму кезеңдерін басқаша жіктеген. Атап айтқанда:
ескі түркі кезеңі (V-Xғғ.) пұтқа табынуға байланысты жалқы есімдер.
ортағасырлық кезеңі (X-XVII ғғ.) туыстық атаулар, тайпа, ру атауларымен, жануар мен өсімдіктер, астрономиялық атаулар, қымбат тастар мен материалдық мәдениет пен тұрмыс, әлеуметтік-саяси терминдермен байланысты.
XVII-XIX ғғ. кезең негізінен аппелятивтік лексикамен байланысты қалыптасқан жаңа атаулар және т.б.
Кеңес кезеңі жаңа дәуірге сәйкес жаңа ұғымдармен байланысты есімдер [7, 15].
Қазақстанда 50-ге жуық ономастика саласы бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды (Т. Жанұзақ, А. Әбдірахманов, Е. Қойшыбаев, В.Н. Попова, О.А. Сұлтаньяев, Е.Ә. Керімбаев, В.У. Махпиров, Б. Бектасова, М. Қожанов, Г.Б. Мәдиева, Қ. Рысберген, А. Жартыбаев, Ғ. Сағидолда, Б.М. Тілеубердиев, К.М. Головина, М.А. Диарова, С. Иманбердиев, С.Е. Керімбаева, М.Е. Какимова т.б.).
Т. Жанұзақ пен Қ. Рысбергеннің еңбектеріне сүйене отырып Г.Б. Мәдиева қазақ ономастикасының қалыптасуы мен дамуының үш кезеңін шартты түрде былай сипаттайды:
бірінші кезең – 1949-1970-шы жылдары. Бұл кезеңде Қазақстандық ономастикалық мектеп қалыптасты; қазақ топонимдері мен антропонимдері зерттелді, олардың этимологиясы, құрылымдық және лексика-семантикалық топтары анықталды; топонимиялық жүйенің стратиграфиясы айқындалды; географиялық терминдердің топонимдер жасаудағы орны мен рөлі анықталып, зерттелді;
екінші кезең – 1970-1995 жылдар арасы. Бұл кезеңде аймақтық топонимиялық зерттеулер дами түсті; ономастикалық теорияларға назар аударылды; топонимдер мен антропонимдер этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады; ономастикалық зерттеулердің ауқымы кеңейді – космонимдер, зоонимдер, Қазақстан территориясындағы орыс топонимдері зерттелді; топонимиялық және антропонимиялық атауыштық уәждер анықталды; түркі-моңғол топонимиялық сәйкестіктер зерттелді; ономастикалық қолданбалы аспектілер қарастырыла бастады, транскрипция мен транслиттерация негіздері жетіле түсті, жалқы есімдерді стандарттау мәселелері қарастырылды, ономастикалық сөздіктер жасалды;
үшінші кезең – 1995 жылдан күні бүгінге дейін. Бұл кезеңде аймақтық топонимиялық зерттеулер өз жалғасын тапты; ономастикалық сөздіктер жасалды; топонимдер мен антропонимдердің салғастырмалы зерттеулері даму үстінде; ономастикалық зерттеулердің нысандары эргоним, идеоним, мифонимдер болуда; жалқы есімдерді зерттеуде жаңа әдістер мен бағыттар қолданыла бастады [8].
Қазақ есімдерін жан-жақты зерттеп, көптеген еңбектер жазған ғалым Т. Жанұзақов «Есіміңіз кім» атты кітабында қазақ есімдерінің шығу тарихын, жасалу түрлерін анықтады. Бұл еңбекте «Қазақ есімдерінің басым тобы халқымыздың өткен замандардан бастап күні бүгінге дейінгі мәдени-тарихи өмір бейнесін анық көрсетеді» - деп жазады. Сонымен қатар, қазақ есімдерінің лексикалық тұрғыдан талдап, оларды төмендегідей лексика-семантикалық топтарға жіктеді:
мал шаруашылығымен байланысты есімдер (Жылқыбай, Малшы, Қойбағар, Ақбота, Бұқабай);
табиғат құбылысымен байланысты есімдер (Таубай, Теңізбай, Боранбай, Айдай, Шолпан, Күнтуған);
аңдар мен үй хайуандары және құстарға байланысты есімдер (Арыстан, Түлкібай, Бөрібай, Бүркіт, Қыран, Сұңқар, Қарлығаш, Лашын);
асыл металдар мен қымбат заттар атауларына байланысты есімдер (Болат, Темірхан, Гаухар, Алтынбек, Күміскүл, Маржан, Тастай);
өсімдік аттарымен байланысты есімдер (Райхан, Раушан, Қызғалдақ, Ақгүл, Гүлдерай, Қарақат, Қалампыр);
жеміс-жидек аттарымен байланысты есімдер (Алма, Анар, Өрікбай, Мейіз);
туыстық атаулармен байланысты байланысты есімдер (Атабек, Бабажан, Жиенқұл, Туғанбай);
жер-су аттарынан қойылған есімдер (Алтай, Орал, Еділ, Жайық, Дария);
үй жиһаздары мен мүліктеріне байланысты есімдер (Шара, Табақбай, Айнагул);
түрлі тағам аттарына байланысты есімдер (Айранбай, Шырын, Сүттібай, Шекер).
Адам есімі адам өмірінде ерекше рөл атқарады. Адамға қандай есім берсең, солай өмір сүреді деп бекер айтпаған болса керек. Адам есімі адам туралы мәлімет беретіні анық. Сол себептен болар, халық қашанда өзі сүйіп, құpметтеген өнеp адамдаpының еpекше қасиеттеpін есіміне қоса айтып, қатты қастеpлеген. Мұндай есімдеp өте көп-ақ. Біpақ ел аузында көптің бәpі емес, біpегейі ғана жиі қайталанып айтылып жүpеді. Сондай мысалдаpдың ішінде соңғы кезде қалыптасып, таpалып кеткен Абай, Жамбыл, Күләш, Сәкен, т.б. сынды біpтуаp жандаp тіпті халық батасының ішінен оpын алды. «Жамбылдың жасын беpсін, Абайдың басын беpсін, Сәкеннің сәнін беpсін, Күләштың әнін беpсін» дейтін ақ бата, тілектеp де ел аузында жиі айтылады. Бұл да болса өсеp ұpпағына осылаpдай елінің елеулісі, халқының қалаулысы болып өссе екен деген игі тілек пен тәpбиелік уағыз даpыса екен деген үміт, ізгі ой, ниеттен туған тіpкестеp болып табылады.
Тілде адам есімдерінің шығуы, пайда болуы әр түрлі қоғамдық кезеңдерге тән қасиет. Сол себептен, кісі есімдерінің шығуы мен дамуы тұрмыстық, әлеуметтік негіздер әсер ететіні сөзсіз. Осындай тарихи ономастиканың халық тарихы мен салт-дәстүрінің байланысына сай өзіндік ерекшеліктері бар. Ономастика – ең алдымен, тіл тарихына тән лингвистикалық ғылым. Себебі, жер, су аттары халықтың бай тілінен жасалған. Сол себептен де, олардың құрамында әр кезеңге, қоғамдық құрылысқа тән сөздер кездеседі. Есімдер атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып ұзақ уақыт бойы өмір сүреді.