Әлімжанова Айша Анықбайқызы Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты



бет2/4
Дата14.06.2016
өлшемі232 Kb.
#134273
түріДиссертация
1   2   3   4

Киіз тебу – арасына жүн салынып оралған әрі сыртынан байланған шиді әлсін-әлсін ыстық су құя отырып, бір топ адамның домалатып тебуі. Бұларға қарама-қарсы бір немесе екі адам екі ұшы тұйықталған арқанмен шиді алға тартып, өзіне қарай домалата сүйрейді. Киізді тебушілерге қарама-қарсы тұрған адамды қой бастар дейді. Киіз әбден қатайғанша оны киіз басылып жатқан үйдің маңында домалатып, бір топ адам екі аяқпен кезек-кезек теуіп отырады. Мұндағы басты нәрсе: киіздің бойында тепкі тимеген жер қалып қоймауы керек. Олай етпеген жағдайда киіздің бір жері кірігіп, бір жері кірікпей босап, жүн сол қалпында да қалып қоюы мүмкін. Ондай жер кейін тесік болып қалады.

Қазақ тұрмысында киіз тебу бір ауылға ортақ іс болып саналған, өйткені бұл жұмысты бір-екі адамның атқаруы қиын. Киіз тебушілер домалатып тепкен киіздерін қадірлес отаулардың сыртына апарып, «қой басты, қой басты» деп әзілдейді. Ал ол үйдің иесі реті келсе қой сойып, болмаса қымызбен яки құрт-май алып шығып, киіз тебушілерді қонақ етә салтын жасайды [6, 51 б.].



Булау – киіздің тебуі жеткенде киіз оралған шиді шешіп, шиыршықталған киізді жазып, асты-үстін ауыстыра отырып 3-4 рет шиыршықтап бүктеп, екі басын түйістіріп көктеп алып, тағы да ыстық су құйып сығымдағаннан кейін үстін тонмен, күпімен жылылап жауып тастау. Бұл әдіс кірлеу деп те аталады, өйткені киізді булағанда кір су ағады.

Білектеу – булаудан шыққан киізді әрлі-берлі домалата отырып білекпен басу.

Түр салу – шүйкеленген жүннен немесе арнайы дайындалған талдырмадан киіздің бетіне ою, өрнек басу. Түр салынған киіз текемет деп аталады. Яғни киіз бен текеметтің айырмасы киіздің оюлы немесе ою-өрнексіз басылуына байланысты. Киізге түр салып басуды текемет басу дейді. Текеметке салынатын түр яғни ою-өрнек екі түрлі жолмен салынады: 1) түр ойыстырып салу; 2) шүйкелеп түр салу. Түр ойыстырып салу – талдырмадан қиып алған оюды шабақталған жүннің немесе талдырманың үстіне салып, ыстық су шашып, әрі қарай киізше басу. Шүйкелеп түр салу – киіз бетіне ою-өрнек ретінде салынатын боялған немесе басқа түсті жүнді бөлектеп басып алмай-ақ (талдырма жасамай) сол жүн күйінде бет тартқанда шүйкелеп отырып бірге тарту.

Арнайы басылған киізге басқа түсті киізден, матадан қиып дайындалған ою-өрнекті сырып тігу арқылы жасалған сәнді бұйым сырмақ деп аталады. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» сыру сөзіне «арасын жиі етіп тігетін тігістің түрі», ал сыры атауына «жиі етіп бастырып тігу» деген анықтама беріледі (8-том, 1985. 507 б.). Демек, сырмақ атауының өзі оны дайындау технологиясынан алынған.

Сырмақтың пайда болуының тарихын шолу арқылы оның этномәдени мазмұнын ашып көрсетуге болады.

Киіздер мен текеметтер қай заманда да тұтынушылардың қажеттіліктерін өтеп келгендігі даусыз. Дегенмен, қоғам дамуы мен тұрмыс мәдениетінің өсіп-өркендеуіне қарай бұл бұйымдардың осы күйінде кейде тазалыққа, тұтынуға тиімсіздігі байқала бастаған. Осыған орай адамдардың тұрмыс деңгейінің, талап-талғамының өсуінің әсерінен қолдануға ыңғайлы, жеңіл әрі көркем, көлемі шағын төсеніштер пайда болды. Сырмақтың пайда болуына о баста тұрмыста кездесетін қарапайым жағдайлар себеп болған тәрізді. Айталық, көнерген киіздерді қабаттап төсеу, одан соң оны қобырай бермеу үшін қабаттап көктеу. Осындай жағдайдан бара-бара қабаттауды белгілі бір пішінге келтіріп, ықшамдап төсеніп, көктеуді де бірте-бірте жиі тігістерге ауыстырып, одан әрі сыруға көшкен деп санауға болатын сияқты. Алғашқы сырмақ пішіні осылай қалыптасқан. Бұдан әрі басылған кесек киіздерден қалаған мөлшерде кесіп алып, оны қабаттап сырып, шағын төсеніштер жасала бастаған. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай сырмақтар алғашында, әрине, орта салынбай жасалды. Бүтін күйінде ығына қарай сырылуы, сондай-ақ сол кездегі таңба – белгілер, нанымдар бойынша оюлар түсірілді. Мәселен, ашамай +, х белгі, күн бейнесі, т.б. айналдыра сыру тәсілі қолданылды. Бірте-бірте қабатталған киіздердің жиектерін жөрмеу, төрт шетін бойлап, қабаттарын бекіте түсіп, сырудан түскен сызықтарға сәйкес сыру түсіру арқылы сырмақ ортасынан төртбұрыш шығарылған. Одан кейін сырмақ шеттерін нығайтып бекіту үшін жіп есіп алып, сырмақтың шетін жию пайда болды. Кейінірек ақ, қара түсті жүндерді пайдаланып, қарама-қарсы түстерді шабыстырып қолдану тәсілімен сырмақтың шетін жиектеу келіп шықты. Оның ішкі жағына да сәйкес жиек басып, су тарту арқылы сырмақтың бетіне төртбұрыштар түсіріліп, жиектердің ара-арасы сырылып отырды (шабыстырып қолдану – қарама-қарсы түстерді қиыстырып келтіру, жиектеу – түсті жіппен тігіп жиек салу, көмкеру, су тарту – оюды қатарлап орналастыру үшін яки алма-кезек түсіру үшін бүкіл ою тұлғасының желісін үзілдірмей, ұластырып салу. Су – бүкіл ою тұлғасының сабағы, желісі, өзегі. Сырмаққа қатысты желі атауы жиірек қолданылады. Ал кесте өнерінде мұндай желіні су деп айтады. Қазақ сырмақтарының ою-өрнегі осы желі, яғни суы арқылы жасалады).

Сырмақ сырудың, яғни сырып тігудің негізгі үш тәсілі кеңінен тараған. Олар: қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру. Бұларды негізінен жіп салып сыру және жіп салмай сыру деп екі түрге топтастырады.

Қолөнер бұйымдарындағы қол тігісінің атаулары. Қазіргідей тігін машиналары жоқ кезде қзақ әйелдері барлық киім-кешек, көрпе-жастық, тұскиіз, дастарқан, т.б. тұрмыстық бұйымдарды қолмен тіккен. Қолмен тігудің кейбіреуі эстетикалық қызмет (мысалы, кесте және зерлеп тігу) атқарса, бірсыпырасының таза практикалық қызметі басым болған. Қол тігісінің эстетикалық қызмет атқарған түріне қарапайып ине-жіппен кесте тігу, кестелеу жатады. Қазақ тілінде кесте сөзі «мата бетіне түсті жіптен тоқылған, тігілген әшекейлі өрнек» деген ұғымда, ал кестелеу «мата бетіне түрлі түсті жіппен әшекейлі өрнек тоқу» ұғымында қолданылады.

Қазақ халқына тән кестенің байырғы түрлеріне шым кесте, біз кесте, әредік кесте, деген түрлері жатады. Біз кесте – кестенің дөңгелек яки төртбұрышты кергішке керілген матаның бетіне түсірілген өрнек нобайы бойынша қармақ бізбен өткермелеп шалу арқылы жасалған кесте. Шым кесте – кестенің мата бетінде ашық жер қалдырмай яки өте аз қалдырып, тұтас кестелеген түрі. Әредік кесте – матаның әр жеріне бөлек-бөлек салынған кесте. Тігіс түрлеріне байланысты атаулар олардың орындалу тәсілдеріне қарай қалыптасқан: шынжыр тігу – кесте тігуде қолданылатын, инені кері шаншып, екі қатар жіптің ортасынан алып тігу; жұлдызша тігу – жұлдыз пішінін кестелеп түсіру; иректеп тігу – мата бетіне ирек жол бейнесін салып тігу; санамалап тігу – дастарқан, сүлгі шетіне х әрпінің бейнесін салып тігу, т.б. [8, 64 б.].

Жалпы жұқа маталарды, кесте тігуге қажетті жіңішке жіптерді матадан суыртпақтай отырып, соның өзінен дайындап алады. Ол үшін шебер өзіне қандай түсті жіп керек болса, соған ұқас матаның шетінен жалпақтығы 3-4, ұзындығы 30-40 см жыртып алады. Жіп суыруға арналған бір бөлек мата жыртындысын шеберлер суыртпақ деп атайды. Осындай мата кесіндісінен біртіндеп жіңішке жіптерді суырып алуды суыртақтау дейді.

Түрлі түсті мата қиындыларынан құрақ құрау жұмысы – нәзік сезімді, түсті аңғарғыш, эстетикалық талғамы еркектерден жоғары тұратын әйелдердің еншісіндегі іс болған. Ел арасында құраққа қатысты бірсыпыра атаулар қолданылады: құрақтың суы – құрақтардың арасына жүргізілетін бір түсті жолақтар, құрақтың көзі – құрақтардың ортасына басқа түстен тігілетін өрнек, яғни басқа құрақ соның айналасына тігіледі, кекілік қас – ақ және қара маталардың қиындыларынан кекіліктің қасына ұқсатып тігілген құрақ, қайшы құрақ – кекілік қас құрағының негізінде тігіліп, көздігінің жанына қайшы пішініндегі кішкене құрақтың ұластырылған түрі, таңлай құрақ – адам таңдайының пішініндегі өте майда құрақтар, жұлдыз құрақ – таңдай пішінді құрақтан құралып, көздері тең үшбұрышты түсті барқытпен көмкерілген түрі, тырнақ қатар – тырнаққа ұқсаған үшбұрышты құрақшалардан құралған түрі, т.б.



Тері өңдеуге байланысты атаулар. Тері өңдеудің алуан түрі мен атауы бар: илеу, и жағу, ыстау, құрымдау, жидіту, талқыға салу, т.б. И жағу – тері бетіне ұн, тұз араластырған іркіт жағу (іркіт – сүттің пісіп майын алғаннан кейінгі сары суы), иі қану – терінің иде жатып дайын болу мерзімі, идің әбден сіңу мерзімі, иі болу мерзімі – иі қану уақыты (қозы, лақ, аң терілері жылдам иі болса, құлын, жабағы, тай терілерінің иі қану уақыты ұзақтау болады), иі сіңу – орта есеппен 3-5 күн ішінде идің теріге сіңіп үлгеруі. И – мал терісін өңдеу үшін ашыған іркіттен, айранның сары суынан ұн, кебек, тұз араластырып дайындалған малма. И мен малма атаулары бір ұғымды білдіреді. «Біреу малма сапсиды салып иін» (Абай). Жидіту – жас теріні бүктеп жылы жерге екі-үш күн қою арқылы жүнін түсіру, т.б. Кермекке салу – иден шыққан теріні арнайы жасалған тұнбаға салу, сол арқылы оған қызғылт өң беру. Кермек аталатын тұнбаны емен не талдың қабығын, қарағанның түбін кептіріп, ұнтақтап түйіп, қазанға тұзын татыта су құйып, қабық ұнтақты салып қайнатып әзірлейді, кейде оған жусанның, ерменнің бүрін қосады. Ыстау – жүні қырқылған теріні ағаштың түтініне ұстау, ыс сіңіру (тері ыстау үшін тек қайың мен тобылғы пайдаланылады, өйткені май қарағай, қи, тезек секілді отындардың майы сіңген сабаның қымызынан жағымсыз, қышқыл дәм шығып тұрады; сондықтан илеу мен ыстауға айрықша мән беріледі). Шелдеу – терінің майын, шелін алып тазарту, жұмсарту – талқыға салып, қолмен уқалап теріні жұмсақ күйге келтіру, құрымдау – пештің ысын жинап алып, суға араластырып, теріні біраз уақыт соған салып қойып қарайту. Бұл – теріге қара түс берудің тәсілі. Құрымға салынған сабаны қара саба дейді. Құрым дегеніміз суға шыланған пештің күйесі, ысы.

1.2.4. Әйел қолөнеріне байланысты бұйым атаулары. Әйел қолынан тері, жүн, мата сияқты материалдардан жасалатын тұрмыстық яки сәндік бұйым түрлері сан алуан. Теріден жасалатын бұйым атаулары: тулақ, кебежеқап, тізеқап, т.б.

Күнделікті тіршілікте жиі қолданылған тұрмыстық бұйымдардың бірі – тулақ. Тулақ деп кей жерде көбінесе тайдың терісін шикідей керіп кептірген төсенішті айтады. Сондықтан оны тайтері деп те атай береді. Терінің майын алған соң, оны тегіс жерге, тақтайға керіп, шегелеп тастайды. Көлеңкеде кептіріп алған соң оның үстіне бөстек, көрпе, жержастық аталатын бұйымдарды салып, төсеніш ретінде пайдаланады.

Тулаққа байланысты қалыптасқан дәстүр бойынша ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, оны босағаға тулақ төсеп отырғызады екен. Күйеу жігіттің қайынатасының төріне шығып отыруына қақысы болмаған, яғни, бұл күйеу жігітке қойылатын тыйымның бірі. Ел іші болған соң түрлі оқиғалар болып тұрады. Сондай оқиғалардың біріне қатысты «...атаңның төрі тұрмақ көріне кірерсің» деген сөз қалған. Осыған байланысты ел ішінде сақталған мынадай бір аңыз әңгіме бар. Ертеде бір жас жігіт қайынатасының үйіне келгенде, жеңгелері күйеудің астына тулақ төсеп отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен, бөтен адамды көріп қалып, арс етіп үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрден бір-ақ шығыпты. Жеңгелері бетін шымшып: «Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетті ғой», – дегенде, ол есік жақтағы төбетті қолымен нұсқап: «Апандай бәлекет арс етіп ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің», – деген екен.

Теріден жасалған бұйым түрлері көп болған, соған орай қалыптасқан атаулар да мол: тайжақы, тон, ішік, тізеқап, шалбар, желетке, кеудеше, жеңсе, алшалғы, тымақ, құлақшын, бөрік, алдаспан бауы, айыл, ноқта, жүген, адырна, бау, баулық, белдік, божы, желдік, желкелік, тебінгі, т.б.



Тоқыма бұйым атаулары. Тоқымашылық о бастан-ақ әйелдерге тән кәсіп, өнер түрі болып қалыптасқан. Ол алғаш әйелдердің өсімдіктер мен жүннен тұрпайы киім тоқуынан басталған.

Күні бүгінге дейін тұрмыста алаша, құр, шекпен, кілем тәрізді тоқыма бұйымның көптеген үлгілері кездеседі.

Мақтадан тоқылған маталар бөз, боз, тор, шыт деп аталған. Мал жүнінен де иіріп, жүн маталар тоқылған. Ал жібек маталар Қытай мен Самарқаннан, Ферғанадан тарады.

Алаша деп әртүрлі жіптен өрмек арқылы арқау салып жолақтап тоқылған, көбінесе жерге төсейтін тақыр кілем, төсеніш түрін айтады. Оның түрлері: әрекет // жүн алаша – жүннен тоқылған алаша, кілем шалша – ою-өрнек салып тоқылған алаша, қарала – алашаның жергілікті атауы, терме алаша // терулі алаша – әшекейлеп, өрнек салып тоқыған алаша, мақта алаша – мақта жібінен тоқылған алаша, т.б.

Киіз үй бөлшектерін байлап бекіту үшін және сәндік мақсатпен өрмекпен тоқылған енсіз, ұзын тоқымаларды құр деп айтады. Оның бір тұрі – басқұр – уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тартатын әрі сән беріп тұратын, өрнекті, жалпақтау құр. Дөдеге құр – дөдегенің сыртынан оралатын құр түрі, құрбау – киіз есіктің екі иін бауы, аяққұр – туырлықтың етегін бастырып тартатын құр, тең құр – тең бууға арналған құр, т.б. Бұлардан өзге құрдан жасалған заттар құр белбеу, құр дорба, құр басжіп, құр аяққап, құр қоржын, құр алаша, т.б. деп аталады.

Шекпен тоқу әр аймақта да кездесіп отырған. Шекпеннің қазақ арасындағы атаулары: түйе жүн шекпен, биязы шекпен, таңдай шекпен, қой жүні шекпен, шидем шекпен, су шекпен, бояулы шекпен, шым шекпен, түбіт шекпен, ала шекпен, ақ шекпен, әр шекпен, қара шекпен, т.б.

Ерте заманнан бері қазақ тұрмысында мықтап орын алған, бүгінгі күнде де маңызын жоймаған, өте тығыз тоқылатын, өте төзімді, ұзақ уақыт сақталатын бағалы үй бұйымдарының бірі – кілем деп аталатыны белгілі. Ертеде кілемді жерге төсеумен бірге туырлық пен үзіктің орнына да жапқан, әрі сән үшін, әрі жылылық үшін керегенің ішінен де тұтылған. Халық арасындағы «Үй жасауы – кілем» деген сөздің өзі-ақ оның қазақ тұрмысында қаншалықты орын алғанын көрсетеді. Кілемді алтын, күміс бұйымдармен бірге байлықтың, баршылықтың белгісі деп санаған. Кілем қыз жасауының елеулі құрамына кірген; сыйлы қонақтарға арнап кілем төсеу, кілем төсеп қарсы алу, көшіп-қонғанда салтанаттыққа түйеге кілем жабу сияқты дәстүрлермен бірге оны құн төлеуге, сый-сияпат жасауға да пайдаланған. Кілем тоқу – қай халықта да ерекше орын алған кәсіп. Қазақ тұрмысында өрмек тоқумен айналысатын қыз-келіншектер, әйелдер арасынан кілем тоқуды кәсіп еткен шеберлер шыққан. Оларды кілемші деп арнайы бөліп атайды.

Қазақ арасына кілем тоқудың кең тарағанын және әр жерде әртүрлі мәнермен тоқылатынын төмендегі атаулардан байқауға болады. Масаты кілем, тақыр кілем, арабы кілем, алаша кілем, тұс кілем, хан кілемі, шешенгүл кілем, шатыргүл кілем, самаурынгүл кілем, т.б.

Қазақ жерінің әртүрлі өңірінде түп-түп болып өсетін, сабағы жіңішке, қамыс тектес ши деп аталатын өсімдіктен тоқылған бұйым да ши деп айтылады. Ши тоқу өнері қазақтарға, қырғыздарға, түрікмендерге, қарақалпақтарға, т.б. халықтарға көне заманнан бері белгілі болған. Шиді жүнмен орап, оны өрнектеп тоқып, керегенің сыртына тұтуға, үй ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап, көлегейлеп қоюға, киіз үйдің есігіне ұстауға, құрт жайып кептіруге, киіз басу жұмыстарына, киізді ылғалдан сақтау үшін жерге төсеуге, тары сүзу үшін шыпта жасауға пайдаланған. Шидің түрлеріне байланысты мынадай атаулар кездеседі: ақ ши – қабығынан аршылған ақ шидің жүн оралмай, ою-өрнексіз тоқылған түрі, шым ши шидің түрлі түсті жүн орау арқылы өрнектеп тоқылған түрі (жергілікті тілде шымырау ши), орама ши // ораулы ши – өнебойына тұтастай емес, әр жерінен аралатып жүн оралған ши, шидек – құрт жаятын кішкене ши, терме ши – шым ши, өреше – киіз үйдегі ас-су тұратын жерді қоршап қойған ши, дүзтеру ши – қошқар мүйіз өрнегімен жүн орап тоқылған ши, т.б.



«Әйел қолөнеріне байланысты атаулардың ономасиологиялық негіздері» деп аталатын екінші тарауда тіл біліміндегі заттар мен құбылыстарға ат қою мәселелері, әйел қолөнері материалдары негізінде анықталған уәжділік түрлері баяндалады.

Ономасиология мәселелері қолөнерінің жекелеген салаларын қазақ тіл білімінде лингвистикалық тұрғыдан қарастырған зертеушілер – Р.Н.Шойбеков, М.Ш.Өмірбекова, Ә.Б.Алмауытова, А. Оқа, Т.Б.Жаубасова-ның, т.б. еңбектерінде тиісінше сөз болады.

Әйел қолөнеріне байланысты атаулар аса күрделі тілдік таңба болғандықтан, оларды лингвистикалық тұрғыдан ғана қарастыру жеткіліксіз; өйткені қолөнер лексикасының мазмұны сан алуан сыртқы факторлармен байланысты болып келеді де, адам санасында халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі, шаруашылық түрлері, материалдық және рухани мәдениеті жөнінде ақпараттар жинақталған тілдік және экстралингвистикалық білімдер жүйесін құрайды. Олай болса, әйел қолөнеріне байланысты атаулардың ономасиологиялық жүйесін, уәжді белгілерін айқындаудың мәні ерекше.

Уәждеметану саласындағы атауға негіз болатын өзекті ұғым-түсініктің бірі – уәж (мотив) термині. Уәж (мотив) адамның белгілі бір қажетін қанағаттандыру үшін, іс-әрекетке негізделген саналық тұрғыдан саралау, анықтау. Уәж себептің негізінде пайда болып, оның тепе-тең бейнесін белгілейді.

Зерттеуші Н.Уәлиұлы мотивті «уәж», мотивированность дегенді «уәжділік» деп қолданады [9]. Басқаша айтқанда, уәжділік – заттың белгісінің оның атауынан, яғни тілде көрініс табуы. Уәждеме – тектес уәждер тобын білдіретін термин.

Әйел қолөнеріне байланысты атаулар өзара сабақтасып жатқан «таңбалаушы – таңбаланушы – таңба» үштігінің нәтижесінде пайда болған. Тілдік ұжым өзінің танымы тұрғысынан таңбаланушы нысанның өзіндік белгі-қасиетіне, ерекшелігіне сай атау береді. Номинациялық акт барысында пайда болған атаудың өзі оны қойған қоғамдық ортаның, тілдік ұжымның өмір тәжірибесінен алынады. Олай болса тілдік таңбалар тілдік ортаның дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігінің тілдегі бейнесі болып табылады. Таңбаны бергенде адамдар таңбаланушыны, яғни нысанды басқа нысаннан ажыратып тұратын белгісін (уәжін) негізге алып таңбалайды. Мұндай белгілер түрліше болуы мүмкін: түсі, көлемі, формасы, қызметі, материалы, екінші бір нысанға қатысы, т.б. Тіл білімінде бұл белгілер, ерекшеліктер уәждер деп аталады. Таңба мен таңбаланушы арасындағы осы уәждердің төркіні тілдік емес, басқаша айтқанда, экстралингвистикалық негіздерге барып саяды. Кез келген атау ерекше мәнге ие, ол белгілі бір уәжге негізделген. Осы уәждер атау беруші адамдардың тұрмыс-тіршілігінің, қоғамдық-әлеуметтік өмірінің көрінісі деп танылады.

Уәждік белгілеріне қарай ат қою тек қолөнер бұйымдарына ғана байланысты емес, ол қоғамның жалпы зат пен құбылысқа ат беру уәжділігімен сипатталады.

Әйел қолөнері материалдары негізінде біздің зерттеуімізде мынадай уәжділік түрлері анықталып отыр: материал, пішін, көлем, түр-түс, қызметі (қолданылуы), жасалу технологиясы, әлеуметтік, гендерлік сипаты, топоним (шықкан жері), әдет-ғұрып, т.б.



2.1. Заттардың атқаратын қызметіне байланысты қалыптасқан атаулар. Әйел қолынан шыққан әрбір бұйым белгілі бір мақсатпен жасалып, күнделікті тұрмыста бір немесе бірнеше қызмет атқарады. Айталық, киіз аталатын бұйым киіз үйдің төбесін жабуға, жерге төсеуге, киім тігуге, қабырғаға ілуге, кейбір салт-дәстүрді атқаруға қолданылады. Сол сияқты жүннен есіп жасаған жуанды-жіңішкелі жіп, арқандар киіз үй жабынын бекітуге, көші-қон кезінде заттарды буып-түюге, мал байлауға немесе оны жетекке алып жүруге, ат, түйе жабдықтарын (шылбыр, бұйда, тұсау, өре, т.б.) жасауға т.б. пайдаланады. Сондықтан затты белгілі бір мақсатпен дайындау және ол бұйымның қолданылу ерекшеліктері сол заттың тұрмыстағы ролін, атқаратын қызметін анықтайды. Мұндай экстралингвистикалық (тілден тыс) факторлар тілде өз ізін қалдырады. Басқаша айтқанда, заттардың қолданылу орны мен ерекшелігінен мәлімет беретін мұндай атаулар уәжі қызметіне байланысты этнографизмдерге жатады.

Киіз үйдің сүйегін (ағаш бөлшектерін – кереге, уық, шаңырақ) жасау ер азаматтардың міндеті болса, оның жүннен, теріден жасалған жабдықтарын дайындау әйелдердің міндеті болған. Киіз үй жабдықтарының көпшілігі дерлік киізден жасалатыны баршамызға белгілі. Қазақ киіз үінің сыртына тұтылатын, ағаш қаңқасының сыртынан жабылатын, ыстық-суықтан, жауын-шашыннан қорғап тұратын киіз жалпы атаумен жабу киізі деп аталады. Киіз үйдің жабу киізі алты қанат үй көлемінде сәйкес келетін ши бойымен басылады. Оны қалыңдау, ширақ етіп дайындайды.

Таулы жерлерде көктемнің, күздің түнгі салқындарында яки қыс ауасында киіз үйде отыруға тура келген жағдайда үй ортасына отты мол жағып, от басын айнала отырып, отқа жылынып әрі тамақтану үшін от басына төсеніш қажет болған. Бұл киіз отқа ең жақын төселетіндіктен от киіз деп аталған. От киіздің өзіндік шығу, даму тарихына көз жіберсек, адам мен табиғаттың қарым-қатынасы, адамның табиғатты игеріп, өзіне қолайлы жағдай жасауы, осы процестердің нәтижесінде қолөнер бұйымдарының үнемі жетіліп, дами келе жаңа түрлерінің пайда болуын көреміз.

Қазақтың жерлеу салтында мәйітті үйден арулап орап алып шығуға арналған киізді иман киіз деп атайды. «Қарыс жерде қаза бар, өзекті жерде өлім бар» дейтін халқымыз «өлім айтып келмейді» деп қарт адамдар арасында иман киізін арнайы жасатып, теңінде сақтайтын әдет болған.

Жай күндері шиыршықтап орап, алып қоятын, сыйлы қонақтар келгенде, солардың астына төселетін, арнайы жасалған сәнді сырмақ – төр сырмақ деп аталады. Төр сырмақ төрге төселетін болғандықтан өте әсем етіп жасалады, қонақ көрпенің астынан салынады. Ескерте кететін бір жайт: жоғарыда келтірілген от киіз бен төр сырмақ этнографизмдерінің қалыптасуына олардың қолданылатын орны, яғни уәжі кеңістікке байланысты екендігі де дау туғызбайды. Жалпы, атаудың қойылуына негіз болған белгілер бір емес, бірнешеу бола беруі де мүмкін. Ол жөнінде ғылыми еңбектерде айтылып та жүр. Дегенмен, біз бұл бұйымдардың тұрмыста атқаратын қызметін басым санап, «қызметіне байланысты атаулар» тобына енгізіп отырмыз. Қысқасы, бұларды екі уәжді (екі белгісі бар) атаулар деп санаймыз; нақты айтсақ: оның біріншісі – атауға негіз болған себеп – оның қолданылатын орны, екіншісі – атқаратын қызметі, қолданылу себебі.

Қазақ сырмақтары көлемі жағынан негізінен 4 түрге бөлінеді. Солардың ішіндегі ең үлкені – көш сырмақ, екіншісі – төсеніш сырмақ, үшіншісі – төр сырмақ, төртінші түрі төсек сырмақ деп аталады. Көші-қон кезінде түйеге артқан жүктің үстіне сәндік үшін жабылатын сырмақты көш сырмақ дейді. Көш сырмақтар көлемі 3-4 метрдей көлемде көштің сәнін арттыру мақсатымен арнайы жасалып, әдемілігі жағынан кілемнен кем түспеген. Оны күнделікті төсеніш ретінде пайдаланбаған, тек қажетті жағдайда ғана төрге «бір салар» бұйым ретінде қолданған.



Төсек сырмақ. Сәнді етіп жасалған бұл сырмақ төсек үстіне салынады. Кей жерлерде бұл төсек алды сырмағы аталады деп көрсетіледі [6, 58 б.]. Бірақ этнографиялық, мәдениеттану саласындағы еңбектерге зер салып қарасақ, екеуінің қызметі екі басқа екендігі байқалады. Дәлірек айтқанда, төсек сырмақ адамның жататын, тынығатын төсекағаштың (кереует) үстіне салынса, төсек алды сырмақ жертөсектің орнына (жерге салатын төсектің орны) немесе төсекағаштың алдына төселеді.

Жасау сырмақ. Қазақ дәстүрінде ұзатылатын қызға жасау дайындағанда, қыз жасауына енетін дүние-мүліктерді жұптап емес, тақ сандарды білдіретін өлшемдермен жасаған. Мысалы, әрбір жасау түрін 3, 5, 7, 9, 15 тіпті 41-ге дейін жасағандығы туралы деректерді оқимыз [7, 132 б.]. Әдетте, ауқатты отбасылар жасау түрін жетіден жоғары етіп жасаған. Яғни, жасауға дайындалған көрпелер жетеу болса, сырмақ та, жағалы киім де жетіден болған. «Қызға алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деп санған халқымыз жасау сырмақты ерте бастан дайындап, теңге буып сақтаған. Мұндай жасау сырмақтарының құрамына келін болып түскен елдегі үлкен шаңырақтың отына салуға, абысын-ажын, қайын-қайнағалардың сыйлыларына арналған киіт сырмақ, отау үйіне арналған отау сырмақтар енеді. Бұрынғы қазақ тұрмысында мал шаруашылығындағы жұмыстарға, көшіп-қонуға ең қажетті бұйымдардың бірі арқан-жіп болған. Күнделікті тұрмыста арқан-жіпті киіз басуға, киіз үйді бекітуге, т.б. жиі қолданған. Арқан деп көбінесе шетпұшпақ өлі жүндер мен жабағы жүн, түйе жүні, ешкі жүні, жылқы қылынан есіп жасалатын ұзын, жуан, ең мықты жіпті айтады. Әйел қолөнерінің арқасында дайындалып, түрлі қызмет атқаратын арқан, желі, ноқта, т.б. және әртүрлі баулар мен жіптер есіп жасалатын жіп түріне, ал басқұр, жел бау, нар ноқта, тең таңғыш, құр жіп, т.б. аталатын заттар тоқып және өріп жасалатын жіп тобына жатады. Арқандар сонымен бірге қайыс таспалардан өріліп те жасалатын болған. Арқанның шаруашылықта, күнделікті тұрмыста атқаратын сан түрлі қызметіне орай қалыптасқан бірсыпыра атаулар бар. Ол атаулардың бойында дәстүрлі қазақ мәдениетін танытатын ақпарат сақталған. Қосақ арқан. Ертеректе қазақ аулы қойды қосақтап сауатын болған, сондықтан ол арқанның ішіндегі ең ұзыны болып табылады. Тілімізде қосақ арқан аталатын бұйым қосақ тұлғасында да қолданыла береді. Соған орай бұл заттың түрлері қой қосақ, салма қосақ, шалма қосақ, керме қосақ, т.б. деп жіктеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет