Әміров Әбдібек Жетпісұлы Қазақ терминологиясы


-2000 жылдар аралығындағы қоғамдық-саяси өзгерістер және термин қалыптастыруға қатысты ой-пікірлердің баспасөзде жариялануы



бет3/25
Дата05.12.2022
өлшемі212.85 Kb.
#466477
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
treatise64286

1990-2000 жылдар аралығындағы қоғамдық-саяси өзгерістер және термин қалыптастыруға қатысты ой-пікірлердің баспасөзде жариялануы

1990 жылдардан бері қарайға уақытты бір кезеңге бөліп қарастыруымыздың өзіндік себебі бар десе де болғандай. Өйткені 1990 жылдардан басталған қоғамдағы саяси-әлеуметтік, мәдени өзгерістер терминология мәселелеріне ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша қарауды талап етті.


Мәселен 1989 жылы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы «Тіл туралы Заң» қабылдап, онда қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді.
1991 жылы желтоқсанның 16 күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.
1992 жылы 30 қыркүйек күні Алматыда дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы өтті. Соның негізінде шетелдерде тұратын көптеген қазақтар өз атамекеніне орала бастады.
1993 жылдың 15 қарашасында елімізге ұлттық валюта – теңге енгізілді.
Ал 1995 жылы бүкілхалықтық референдум бойынша жаңа Ата Заң қабылданды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы № 4106 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы жарияланғаны мәлім.
Бұл жылдары қазақ тілінде оқытатын мектептер, лицейлер мен гимназиялар, арнаулы және жоғары оқу орындары да көптеп ашылып, қазақ тілінде шығатын газет-журналдардың санының, сонымен бірге сапасының да артуына жағдай туды.
Бұрынғы баспасөз орысшыл, ұраншыл бағытта жарық көріп келсе, ал соңғы жылдары, дәлірек айтқанда 1990 жылдардан бастап шыға бастаған газет-журналдар жаңа заман лебімен келген жаңалықтармен жаңаша түрлене, жаңаша сөйлей бастады.
Газеттердің аты да жаңаша жаңғырды. Мысалы, Социалистік Қазақстан – Егемен Қазақстан, Лениншіл жас – Жас Алаш болып өзгерді.
Жалпы соңғы жылдары шыға бастаған газеттер: Ана тілі, Азат, Азия даусы, Азия транзит, Ақбосаға, Әділет, Байланыс, Базар, Жас Алаш, Жас Қазақ, Жерұйық, Жеті жарғы, Заң газеті, Заман Қазақстан, Егемен Қазақстан, Қазақ батырлары, Қазақ елі, Қазыналы, Қарқара, Сақшы, Сол дат, Түркістан, Ұлан, Ұран, Хабар, Халық кеңесі т.б.
Міне осы сияқты қоғамдағы өзгерістер терминдердің ұлт тілінде қалыптасуына әсер етті.
Тағы бір атап айтарлық жайт, елімізге нарықтық жүйе енді. Сырттан инвесторлар тарту мәселесі де күннен-күнге қарқын алып отыр. Осындай жағдайда, яғни шет мемлекеттермен түрлі бағыттағы байланыс артып отырған уақытта сырттан келіп, тілдік қорымызға қосылып жататын терминдер санының күрт көбеюі заңды нәрсе.
Д.С.Лотте: «Кірме терминдерді дайын күйінде қабылдау, әрине басқа тәсілдермен салыстырғанда жеңіл екені белгілі. Осы жеңілдік орыс тіліндегі ғылымы-техникалық терминологияға негізсіз көптеген кірме терминдерді енгізуге әкеліп тіреді» [17,5] - деп атап көрсеткен болатын.
Сондықтан, бүгінгі таңда шет тілі терминдерін қабылдау – қазақ терминологиясының күрделі де қиын мәселелерінің бірі болып отыр. Барлық халықаралық терминдерді сол күйінде қабылдасақ тіл шұбарлығына ұрынымыз, ұлттық ғылымымыздың тілін қазақ тілінде өркендете алмаймыз. Ал, халықаралық терминдерді сол күйінде қабылдамай, қазақыландырсақ, өзіміздің дыбыстық ерекшеліктерімізге бейімдесек, тіліміздің тарапынан балама тапсақ, онда әлем халықтарына ортақ мұрадан, яғни ғылымнан, ондағы жаңалықтардан қол үзіп сырттап қалмаймыз ба? – деген де пікірлер айтылуда. Бұл әлі өзіндік, шешімін таппаған күрделі мәселе, қалай болғанда да осы екі түрлі бағыттағы тұжырымды бір арнаға салу керектігі күн санап арта түсуде. Себебі, тілімізде басқа тіл есебінен еніп отырған жаңа сөздердің, терминдердің легі бұрын-соңды мұндай көп мөлшерде болып көрген емес. Қазір қалай қабылдасақ келешек ұрпақ та сол қалпында шешім шығарып, тиімді ереже қабылдауы терминология ғылымындағы аталмыш мәселелерді шешуге орасан зор үлес қоспақ.
Бүгін қабылдаған ережеден келешек ұрпақтың опық жемейтініне кім кепіл. Сондықтан ғалымдар алдында шен-шекпенмен, атақ-даңқпен есептелінбейтін қасиетті парыз, азаматтық міндет тұр. Термин қабылдауда ұлтын, тілін сүю деген осы екен деп келсін-келмесін бір бағытта термин атаулының бәрін дерлік қазақыландыру, не болмаса әлемдік мәдениеттен, ғылымнан шеттеп қаламыз деп шет елдің сөздерін сол күйінде қабылдау сыңаржақтылықты білдірсе керек.
Біздіңше осы пікірлердің тиімді, қажетті тұстарын біріктіріп, бір ғана сара жол салу – терминологиядағы барлық істің оң шешімін табуына әсер етпек.
Жалпы қазақ терминологиясы термин ретінде қалыптасуынан бастап бүгінгі күнге дейін, әсіресе соңғы жылдары, яғни егеменді ел болғаннан бері термин мәселесінің өзектілігі күннен-күнге сезіле түсті. Ұлттық терминологиямызды іргелі ғылым ретінде қалыптастыру барысында ғалымдарымыздың көлемді мақалалары «Ана тілі», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің беттерінен жиі көзге түседі.
Ал ондай мақалалардағы ой-пікірлер тек науқандық, ақ түсті ойлар емес, терең тұжырымды, жүйелі ғылыми деңгейде жазылған құнды еңбектер десек қателеспеген болар едік. Сан қырлы, сан салалы көкейкесті сұрақтарға жауап іздеген аталмыш мақалалардың өз оқырманына жетуіне алтын арқау болып отырған қазақ баспасөзі екендігін баса айтуымыз қажет.
Зерттеу еңбегіміздің барысында жоғарыда келтірілген газет беттерінде жарияланып, көпшілікке ұсынылған мақалалар авторларының терминология жайлы айтқан пікірлеріне талдау жасамақпыз. Солардың ішінде шоқтығы биік өзекті мәселелерді теориялық тұрғыдан жүйелі түрде жіктеп берген мақала авторлары Ә.Қайдар, Р.Сыздықова, Ө.Айтбаев, Б.Қалиев және т.б. ғалымдар еді.
«Егемен Қазақстан» газетінде академик Ә.Қайдаровтың «Жаңалыққа жатсынбай, жасампаздыққа жармаспай» [18,2] - деп аталатын көлемді, уәжді мақаласы жарық көрді. Бұл мақаласында Ә.Қайдаров қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас қажет екендігін айта келе, оны ілгері дамытудың он бір түрлі принципін, атап айтқанда, терминология мәселесін мемлекеттің өз қамқорлығына алу керектігі, термин жасауда қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану, терминдерді жаңадан жасауда дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау, ұлттық және халықаралық терминдердің сандық және сапалық арасалмағын табиғи қалыпта сақтау, терминдерді қысқартып қолдануды заңдастыру сияқты принциптерді ұсынады. Сондай-ақ осы тұжырымдамасында ғалым екі түрлі нәрсені баса айтады: бірі – халықаралық терминдерді мүмкін болғанынша қазақша аударып беруге болатындығы, екіншісі – аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фонетикалық және морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау, яғни дыбысталуы мен тұлғалануы жағынан қазақша етіп ұсыну қажеттігі.
Қазіргі уақытта ғылым, мәдениет, халық шаруашылығы салаларындағы терминдерді қалыптастыру ісінде әр терминге өз тілімізден терезесі тең балама табу, қиюы келмейтін реттерде халықаралық қолданыстағы сөздерді тіліміздің ішкі заңдылықтарына өлшемдестіріп алу басты бағдар, негізгі арқау болғаны белгілі. Бұл өз кезегінде Ә.Қайдаровтың айтқан тұжырымдарымен үндесіп жатыр.
Ә.Қайдарға дейін қазақ терминологиясын қалыптастырудың ғылыми принциптерін профессор А.Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов сөз еткені мәлім. Әйтсе де Құдайберген Жұбанов жасаған принциптер қазіргі уақыт талабына толықтай сай келеді деп айтуға болмайды. Бірақ ол өз кезеңі үшін құнды болды. Ал Ә. Қайдар ұсынған тұжырымдар, заман талабына сай негізделген тың принциптер.
Академик Ә.Қайдар алғашқы принципте «Егеменді ел, тәуелсіз мемлекеттің басты белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл десек, оның негізгі тіректерінің бірі – терминологияны жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға, кеңінен қолдануға сол мемлекеттің өзі қамқорлық жасау керек дегенді айтады». Шынында да, егер терминологияны жетілдіреміз, терминдерді ұлттық негізде жасап, қалыптастырамыз дейтін болсақ, онда білікті, білімді ғалымдар мен кәсіби мамандардан құралған мемлекеттік терминология комиссиясы құрылуы және оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы қажет. Солай еткенде ғана жұмыс дұрыс жолға қойылып, шешімі табылмай отырған мәселелер оң нәтиже берері сөзсіз. Әрине, бұл жөнінде кейінгі жылдары аз айтылмағаны белгілі. Нәтижесінже қазіргі кезде Мемтерминком құрамы жаңарып, онда белгілі ғалымдар, мамандар жұмыс істей бастады. Мемтерминком жұмысы әр тоқсан сайын тұрақты түрде өткізіліп тұратын болды және соның кезінде көптеген ұлттық терминдер көпшілік қауымға Астана қаласынан шығып тұратын «Терминологиялық хабаршы» және республикалық газеттер арқылы таныс болып жүр. Ал мұның өзі істің бұрынғыға қарағанда көп ілгері жылжығанын көрсетесе керек.
Мұнан кейін ғалым салалық терминдер мен атауларды жаңадан жасауда, өзгертуде, ауыстыруда ең алдымен қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдаланудың қажеттілігі жөнінде сөз қозғайды.
Яғни, бұл принципке Ә. Қайдар негізінен термин жасауда ішкі мүмкіндіктерді, атап айтқанда: диалектизмдерді, кәсіби лексиканы, көнерген сөздерді, сондай-ақ синтетикалық, аналитикалық сөзжасам тәсілдерін пайдалануды ұсынады. Осыған орай соңғы жылдары дилектизмдер термин жасаудың бір көзі ретінде жиі жұмсала бастады. Мысалы, егемен, құжат, үрдіс т.б. Міне, осылай сөздік қорымызды жергілікті халық тілі негізінде молайтуды көздеу терминдердің ұлт тілінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Көнерген сөздер де терминжасам процесінде үлкен маңызға ие.
Академик Ә.Қайдаров жалпы халықтық тілдің қойнау-қойнауларында көненің көзіндей сақталып, мағынасы күңгірттеніп, ұмыт болған, қолданыстан қалып, шаң басып жатқан көнерген сөздер де аз емес. Оларды тірілтіп, жаңартып, тіл қажетіне жаратуға әбден болады,-дей келе, мысал ретінде мынадай әскери терминдерді келтіреді: жасақ, түмен, бұраңғар,бүйрекші, шерік, шеру, иелме, аламан, алай, атарман ,шабарман, ондық, жүздік, мыңдық, найза, жалаңқат, қаттау, көбе, жебе, жекеауыз, сардар, самқал, сапы, сүмбе, топ, оқшантай т.б. Автор: «көне деп шошына берудің қажеті жоқ. Өйткені сөздің бәрі көне. Оны жаңа қылып ұстау өзімізге байланысты-деп ойын нақтылай түседі» [18] .
Тілімізде бұрын қолданып, кейіннен «көнерген», «ескірген» деп танылған көптеген сөздер соңғы жылдары сол бұрынғы мағынасын қайта жаңартып, термин ретінде қолданылып отыр. Мұндай сөздер қатарына кеңес, жарғы, жарлық т.б терминдерді жатқызуға болады.
Ішкі терминжасам көздері осы айтылғандармен ғана шектеліп қоймайды. Олардың бұлардан басқа көбінесе қолданылатын сөзге жұрнақ жалғау, сөздерді біріктіру, тіркестіру сияқты тәсілдері бар дедік. Олардың ішінде ұлт тілінде термин жасауда жұрнақтар арқылы мынандай терминдер қалыптасты: жарлық, жалдаушы, демеуші, тіркеуші, мердігерлік, келісім, айтылым, оралман, көрермен, жазылу, жекешелендіру, нұсқау, тіркеу, демікпе, бөртпе, ерігіш, қойылтқыш, реттегіш т.б . Айта кетерлік нәрсе соңғы кездері термин жасауда –[18,2] шы,-ші, -лық,-лік, -у, -ым, -ғыш,- гіш, -ма,-ме, -ба,-бе, -па,-пе, -ман, -хана сияқты жұрнақтар өнімділік танытып жүр.
Кемінде екі сөздің бірігуінен әнұран, елтаңба,тікұшақ, мейірбике, көкбауыр, басқосу, дерттану т.б терминдер жасалып, қолданыс табуда.
Термин жасаушы көздердің енді бірі – сөздердің тіркесуі арқылы болады. Бұл тәсіл арқылы да кейінгі жылдары бірқатар терминдер қалыптасқанын айта аламыз: шағын кәсіпорын, ортақ валюта, қопаралыс толқын, валюталық бағам, валюталық келісім, есеп айырылу, қаржы бөлу, іс жүргізу, ішкі шағылысу,ортақ қаржыландыру т.б.
Демек, тіліміздің ішкі мүмкіндіктерін жатырқамай, бірақ орнымен қолдана беру тиімді бомақ. Ондай, сөздердің кейбіреулері алғашқыда құлаққа ерсілеу естілуі мүмкін, әйтсе де күнделікті бірізді қолдану нәтижесінде олар да үйреншікті терминдерімізге айналары анық.
Ә.Қайдар термин шығармашылығында мұнан кейін туысқан түркі тілдерінің озық тәжірибелерінен, терминдік өрнек-үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану қажеттілігіне тоқталады. Осыны айта келе ғылым мәселен, Түркиямен қарым-қатынастың кейінгі кезде күшейе түсуіне байланысты қазақ тілінен түркі терминдерінің алғашқы «қарлығаштары» көріне бастады. Соның бірі; «Егемен Қазақстан» газеті қолданылып жүрген ұшақ (самолет) – түрікше «учак» болса, екіншісі әуе алаңы (аэропорт) – түрікше хаваалаңы-деп сөзін мысалдармен дәлелдеп көрсетеді [18,2]. Расында да егер ұлт тілінде термин жасау барысында өз тілімізден сол терминнің мағынасына сай келетін сөз табылмай жатса, онда ондай терминді түбі бір тілдерден алуға әбден болады. Себебі, олар мағынасы жағынан босын, не дыбысталуы жағынан болсын сәйкес келіп жатады.
Сондай-ақ келесі тұжырымдамасында ғалым екі түрлі нәрсені баса айтады: бірі – халықаралық терминдерді мүмкін болғанынша қазақша аударып беруге болатындығы, екіншісі аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалыпында емес, қазақ тілінің фонетикалық және морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау, яғни дыбысталуы мен тұлғалануы жағынан қазақша етіп ұсыну қажеттігі.
Шет тілі терминдерін алуда соңғы жылдары қоғамда екі түрлі көзқарас қалыптасқаны белгілі. Олардың бір тобы халықаралық терминдерді аудармай, сол күйінде қабылдайық, егер халықаралық терминдерді аударып алатын болсақ, онда ғылым дамымай қалады дегенді айтса, екінші бір топ, керісінше халықаралық терминдерді түгелдей аударып, не болмаса үндестік заңына бағындырып алуды қолдайды.
Ал академик Ә. Қайдаров халықаралық терминдерді аудармай сол қалпында алу керек дегенге өзінің келіспейтіндігін білдіреді. Автор: «тіл тілдердің арасында ортақ интерноционализмдер» болмаса немесе аз болса ғылым дамымайды, ғылыми қарым қатынас үзіледі деп байбалам салудың бәрі бекер. Жер жүзіндегі терминдік ұғымдардың бәрін шет тілі сөздері арқылы емес, өз тілінің негізінде меңгеріп ғылым мен техниканы дамытып отырған қытай, жапон т.б халықтарды біз жақсы білеміз”- дейді [18].
Бұл өте құптарлық жай. Себебі, шынында да, әрбір ұлт терминдерін өз тілінде жасауға ұмтылуы, ұмтылып қана қоймай оны іске асыруы қажет. Сона ғана олардың тіліне деген жанашырлығы, құрметі байқалмақ. Бірақ ұлт тілінде термин жасаудың жөні осы екен деп кез келген сөзді қолдана беруге болмайды. Олардың мағынасының сай келу жағына баса назар аударылуы тиіс. Яғни, бұл жерде айтпақ ойымыз халықаралық терминдерді мүмкіндігінше аудару, аударуға көнбей жатқандарын өз тілімізге икемдеп алу, ал егер оған да көнбей жатса оған сәтті балама табылғанша сол күйінде қалдыра тұру.
Бір айта кетерлік нәрсе дыбыстық өзгерістерге түсіру барысында, яғни не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке ету үшін бұл өзгерістерді бейберекет жасай алмаймыз. Бұл деген сөз оларды сол түпнұсқадағы терминдердің тілдік ерекшелігіне орай негіздеуді білдіреді. Яғни, орыс тіліндегі санаулы дауысты дыбысты қазақ тіліндегі белгілі бір тәртіппен, белгілі бір жүйеде сәйкестендіру қажеттілігі туады. Біз мұндай жүйелеу, реттеу қағидаттарын қалыптастырып алуымыз қажет. Әйтпесе бір сөздің бірнеше фонетикалық варианттары пайда болады.
Келесі, нақтырақ айтқанда 7- принцип қысқарған терминдер мен атаулар туралы. Ғалым бұл жөнінде мынадай ұсыныс айтады; 1) қысқартуға тиісті термин-атаулардың бәрі қазақ тілінің негізінде орыс тілінде қалыптасқан (біріккен, қосарланған тіркес түріндегі) терминдер мен атаулардың үлгісі мен модельдері бойынша жасалуы керек; 2) олар күрделі термин мен атаудың құрамындағы әрбір дербес сөздің не алғашқы әріпі, не алғашқы буыны бойынша қысқартылыуы керек; 3) алғашқы әріпі мен буыны бойынша қысқартылған термин-атаулар құрамында жеке-дара сөздердің де болуы мүмкін және олар қазақ тілінде оңтайлы айтылуына қарай ықшамдалып алынса да болады; 4) осы принцип бойынша қысқарту объектісіне қысқартудың барлық түрлері (аббревиатуралар) емес тек атау мен терминдік мәні бар сөздер мен сөз тіркестері ғана жатады; 5) қысқарған терминдердің айтылу ережелері де айқындалуы керек [18].
Кейінгі жылдары буын арқылы қысқарту тәсілімен кеңшар (совхоз), ұжымшар (колхоз) сияқты бірқатар терминдер жасалып, қалыптаса бастады. Дегенмен басқа тәсілдерге қарағанда қысқарту тәсілі әлі күнге өнімсіздік танытып келеді. Жалпы алғанда қысқарту тәсілі орын үнемдеу және көптеген ақпараттар қамту үшін өте қолайлы. Сондықтан да бүгінгі күні қысқарған сөздердің аясын кеңейту және олардың ұлт тілінде жасалуына назар аудару қажеттілігін көздеу ұтымды болмақ.
Ә.Қайдар ұсынған ендігі бір принциптің мақсаты тілімізге қабылданатын терминдер мен олардың мағыналық, тұлғалық жағынан жақындарын өзара топтастырып, салыстыра отырып, лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану.
10-принцип тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин-атаулардың сандық және сапалық ара салмағын табиғи қалыпта сақтаудың жолдарын іздестіруге негізделген. Ғалымның айтуынша біздегі терминдердің 30 пайызы ғана ұлттық терминдер де, ал қалған 70 пайызы (шамамен алғанда) интернационалдық терминдер екен. Ал мұның өзі ұлттық тілдің өзіндік жолмен дамуына өте қауіпті [18]. Біз де бұл пікрге толықтай қосыламыз, себебі тіліміз мемелекеттік мәртебе алған қазіргі уақытта терминдердің негізінен ұлт тілінде жасалғаны және бұл жолда қолда бар барлық мүмкіндіктер пайдаланылғаны жөн. Рас, бұл тұрғыда бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылғаны, терминдердің ұлт тілінде жасалуына басымдық берілгені мәлім, оны жоққа шығара алмаймыз, әйтсе де бұл үрдіс әлі де жалғасын табуы қажет деп білеміз. Сонда ғана ұлттық терминдер мен халықаралық терминдердің табиғи ара салмағы сақталмақ.
Ғалым ұсынған соңғы принцип терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу. Автор бұл мәселені түбегецлі шешу үшін жалпы тіл емлесінің ерекшеліктерін қайтадан қарауға тура келеді деп көрсетеді. Шындығында да ақылдың аңдауына жүгінсек емле мәселесінде тығырықтан шығудың бірден-бір жолы бұған дейін жарық көріп келген емле сөздіктерін сүзгіден өткізе отырып, оның кемшіл тұстарына толықтырулар енгізу, оны одан әрі жетілдіру қажет болып табылады. Мәселен, профессор Р.Сыздықованың жетекшілігімен 2001 жылы «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» жарық көргені белгілі. Ендігі жерде аталмыш сөздікті не болмаса бұдан кейін де жарық көрген орфографиялық сөздіктіктерді негізге ала отырып бірізді, сауатты жазуды қалыптастыру орынды болмақ.
Жалпы алғанда термин қалыптастыру барысында осы жоғарыда айтылған принциптер ескеріліуі тиіс. Егер бұл айтылған ұсыныстар әрдайым назарда болса, онда көптеген терминдерді ұлт тілінде жасап, қалыптастыра аламыз деп нық сеніммен айтуға болады.
1991 жылы «Ана тілі» газетінің № 50 санында «Тілдегі жаңалықтардың сыры неде?» деген атпен берілген Т.Сыздықованың көлемді мақаласы жарық көрді.
Тілдің лексикалық қорын толықтыратын екі түрлі жағдай, себеп бар, бірі – сыртқы жағдаяттар, екіншісі – тілдің өзінің ішкі даму заңдылықтары. Мұнда сырқы жағдай деп отырғанымыз – өмірге келіп жатқан жаңа заттарды, соны құбылыстарды, тың ұғымдарды атау қажеттілігі. Ал, ішкі заңдылықтарға келсек, мұнда жаңа сөздерді жасаумен қатар, сөз мағынасын тарылту, не кеңейту арқылы айқындай түсу, тіркесу қабілеттерін арттыру, жалғау-жұрнақтардың қызметін реттеу, т.б. сияқты құбылыстарды көреміз [19,6] - деп ой түйіндеген Р.Сыздықова өз мақаласын терминология туралы ұтымды ойларымен толықтыра түседі. Автор әрбір жаңа сөз – әлеуметтік құбылыс, өйткені оны тудырып отырған қоғам тіршілігі дейді. Қоғамда пайда болып отырған жаңа сөздерді, терминдерді лексикалық бумға бөліп қарайды. «Бум» термині – бір құбылыстың кенеттен қауырт өсуі деген ұғымды білдіреді. Яғни, мақала иесі тіліміздегі жаңа сөздердің қауырт өсуін айтып отыр. Сондай-ақ Р.Сыздықова тіл тарихына тереңінен көз жіберіп, тілдің даму барысындағы бумдарды төрт кезеңге бөліп қарайды.
Бірінші кезең: XIX ғасырдың екінші жартысы. Бұл кезеңде сөздердің көбі өзге тілдерден, әсіресе орыс тілінен енген сөздер арқылы, қазақтың байырғы сөздерінің мағына ауыстыруы арқылы, жұрнақ жалғану арқылы дүниеге келді.
Екінші кезең: 1920-30 жылдар арасында болды. Елімізде орнаған жаңа формация жаңа саясат пен жаңа идиялогияны әкелді, оқу-ағарту жанданды, мәдениет ошақтары түрленді, жазба әдебиет пен ғылым қолға алынды – осылардың баршысы жаңа ұғымдарды, жаңа заттарды, жаңа әдебиеттерді жарыққа шығарды, демек, бұлардың атаулары да қауырт молынан пайда болып, тіл қазынасына қосылып жатты.
Үшінші кезең 1970 жылдардан басталады. Бұл кезең еліміздегі қайта құру деп аталатын кезеңмен тұспа-тұс келеді.
Төртінші кезеңге 1990 жылдың орта тұсынан басталатын кезең жатады [19, 6].
Автор тілдің даму барысын жоғарыда атап өтілгендей төрт үлкен кезеңге бөліп береді және де әр кезеңнің өзіндік объективті, субъективті себептерін ашып көрсете білген.
Тіл зерттеушісі академик Р.Сыздықова да қазақ терминологиясы мәселесін қалыптастыру барысында өзіндік принциптер ұсынады. Ғалымның басты ұстанған принципі тіліміздегі сөз қазынасын мүмкіндігінше сарқа пайдалану болып табылада. Яғни, бұл кез келген термин мәніндегі сөздің қазақ тіліндегі тура баламасын табу қажеттілігі деген сөз. Бұған қарап келсін-келмесін күштеп болса да қазақшалау керек деген ойға қарамасақ керек. Автор ондай ұшқарылықты баса айтады. Оған мысал ретінде 20 – 30 жылдары термин атаулыны қазақыландыру науқанының оң нәтиже бермегендігін ашып көрсетеді. Ал, екінші принцип болып табылатын мәселе интернационалдық, яғни халықаралық терминнің аударылу не аударылмау мәселесі.
Осы бір пікірді автор өз мақаласында былай деп ұсынады: «Көптеген интернационалдық терминдердің беретін мағыналары біз жапатармағай ұсынып жатқан балама сөздерден әлдеқайда өзгеше, кең екендігін де ескертеміз. Әрбір халықаралық терминде өзіне хас мағыналық реңктер болатындығын ескеріп, көптеген тілдер оларды аудармай, дәстүрлі ортақ элемент ретінде пайдаланып отыр, әйтпесе олар беретін мағыналық ұзын -ырғасын білдіретін сөздер тілдердің қай-қайсысынан да табылар еді ғой» [20,6] - дей келеді де автор орыс, жапон тілдеріндегі интертерминдердің шектен тыс көптігін мысалға келтіреді және де осы қасиет тілдің кедейлігінен емес, жоғарыда келтірілген тілдік қажеттіліктен деп кесіп айтады. Сондай-ақ ол тілдердегі интертерминдердің дені итальян, голланд, неміс, ағылшын, орыс, қытай, корей, француз, грек, латын, санскрит тілдерінен алынғандығын көрсетіп береді.
Десек те Р.Сыздықова интертерминді мүлде аудармауға да кейбір сөздер тұсында келіспейтіндігін жасырмайды. Бұл мәселе турасында да автор негізгі принципті, яғни тіліміздің сөздік қорындағы мүмкіндікті сарқа пайдалану керектігін қайтара айтады. Автор сөзімен айтсақ, әрине, егер қазақ сөзінің семантикалық сыйымдылығы көтерсе, яғни сол терминдік ұғымды дәл бере алатын болса, интернационалдық терминнің орнына жұмсауға әбден болады. Сонымен бірге мақала авторы интертерминдерді аудару барысында жіберіліп жатқан дөрекі қателіктер туралы мәселе көтереді: Бір мағынасы терминдік болып келіп, терминдік емес және бір мағыналары бар сөздер болатынын айта келе, зерттеуші төмендегідей мысалдарды көпшілікке ұсынады. Мысалы, логика сөзінің үш түрлі мағынасы бар: бірінші – ойлаудың заңдылықтары мен түлдері туралы ғылым саласы деген мағынасы, екіншісі – бір нәрсе жайындағы пікір, тұжырым айтудың барысы, үшіншісі – қисындылық, ішкі заңдылық, реттілік. Осы үш мағынаның алғашқысы ғылыми термин ретінде көптеген тілдерге ортақ сөз, аударылмай, сол күйінде қолданылып жүр, ал екінші, үшінші мағыналарын контекске қарай аударып қисын, жөн деп айтуға болады.
Мақала авторы қоғамымыздағы әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отырған “қазақ тілін” ғылым тілі ету мәселесінен де айналып өтпейді.
Сондай -ақ аталмыш мәселе төңірегінде айтылып жүрген қате пікірлерге өзінің теорияға негізделген тұжырымдарымен қарсы тұрады. Ол қазақ тілін ғылым тіліне аудару дегеніміз кез келген ғылыми терминдерді қазақшаға аудару емес, ғылымның сан саласын сол тілде баяндауды іске асыру керектігінде деп көрсетеді. Құрғақ терминдерді аудара беруден де ғылымымыз кенжелеп, жалпыға ортақ жаңалықтардан алшақтап қалатындығын баса ескертеді.
Ғылым мен техникаға және қоғамдық өмір саласына қатысты орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер серияларын шығару, күнделікті дүниеге келіп жатқан жаңа терминдерді терминком мәжілісінде талқылап, бекітіп отыру керектігін де айтады. Әр түрлі баспа беттерінде жиі кездесетін терминдердің (терминком бекітіп берген) орнына түрлі баламаларды қолдану әрекеттерінің барлығына өз қынжылысын білдіреді және ондай қателікке бой алдырмау қажеттілігін ұсынады.
Қорыта айтқанда Р.Сыздықова термин дегеннің өзіне тән белгілері бар, бірі – олардың жасалуында жүйелілік болатындығы, екінші – термин сөзде дефиниция деп аталатын белгі болады, яғни сол сөз атап отырған ұғымның өзіне тән мәнді белгісін анықтайтын сипаты болуы, үшіншіден, термин сөзде экспрессиялық бояудың болуы т.б. Осы белгілерге қазақ сөзі немесе жасанды тұлға сай келетін болса, онда шет тілдік терминді қазақшалауға әбден болатындығын айтады.
ҚР ҰҒА корреспондент – мүшесі Ө.Айтбайұлы «Қазақ терминологиясының қазіргі жағдайы мен міндеттері» деген мақаласында қазақ терминологиясының негізгі мәселелеріне жан-жақты тоқтала келе, ұлттық терминді қалыптастыруға қажетті принциптерді атап көрсетеді. Ғалымның пайымдауынша термин жасау төмендегідей принциптерге бағынуы керек.
Бірінші принцип: Термин жасау үшін қазақ тілі сөз байлығын барынша сарқа пайдалану қажеттілігі.
Екінші принцип: Термин жасауда қазақ тілінің сөз байлығы жетпеген кезде туыстас түркі тілдері сөз байлығын сарқа пайдалану принципі.
Үшінші принцип: Интернационалды терминдерді қабылдау мәселесі болып табылады. Автор осы процесті 3 пунктке бөліп қарайды: 1. Интертерминдердің мағынасын дәл беретін тілімізден балама табу; 2. Оларды сөзбе-сөз аудару, калькалау; 3. Мұның ешқайсысына көнбеген интертерминдердің тұлғасын өзгертіп, қазақ тілінің заңдылығына бағындыра икемдей қабылдау.
Төртінші принцип: Қысқарған терминдер жасау принципі. Мұнда да негізінен өз байлығымызды сарқа пайдалана отырып, өзге терминдерді өзіндік етіп алудың жолдары қатты қарастырылып отыруы керек.
Бесінші принцип: Шарттылық принципі. Термин негізінде белгілі бір қалыпқа түсіп, соны қатып ұстайын арнайы лексикалық қабатты құрайтын болғандықтан да шарттылық болмай тұрмайды. Бұған саналы түрде барып отыруға тура келеді.
Осы негізгі 5 принципті атап көрсете отыра Ө.Айтбайұлы қосымша және екі принцип ұсынады.
Алтыншы принцип: Терминдерді жазу принципі.
Жетінші принцип: Термин мәселесі үнемі мемлекет тарапынан қамқорлықта болу принципі болып табылады [21].
Сондай-ақ Ө.Айтбайұлының 1998 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің № 227 санында «Сөздер сәулесі» [22,5] атты мақаласы жарияланады. Ғалым аталмыш мақаласында қазақ тілінің даму барысын, оған тигізген ішкі-сыртқы ықпалдарды жүйелі түрде кезеңге бөліп, саралап береді. Тіл қоғаммен тығыз байланысты. Қоғам жоқ жерде тіл де жоқ деген философиялық қағиданы басшылыққа алған автор терминология саласына өз үлесін қоса білген.
«Ана тілі» газетінің беттерінде «Заң – жаңа, ереже – ескі», «Құнарлы сөз – құнды игілік», т.б. деп аталатын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әбдуәли Қарағұловтың мақалаларына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Ә.Қарағұлов та терминология мәселесі төңірегінде сөз қозғап, үлес қосып жүрген көптеген ғалымдарымыз сияқты өзінің пікірін ұсынады, өзіндік көзқарасын білдіреді. «Заң – жаңа, ереже – ескі» атты мақаласында автор тіл шұбарлығын басты мәселе етіп алады: “Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің алғашқы екі басылымы «Қазақ тілінің сөздігі» деп аталғанымен шынтуайтқа келгенде қазақ пен орыс тілдерінің сөздігі тәрізді деп орынды өкпесін айтады. Бұл сөздіктің кемшілігі қазақ тілінде ертеден атауы бар жоспар, қаржы, дағдарыс, төраға, хатшы, дәріс т.б. сөздердің орыс тіліндегі баламасымен берілуінде. Заң – жаңа, ереже – ескі. Бұл сәйкессіздік тез арада түзетілуі тиіс-дей келе, қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің дәурені өтіп, бүгінгі күн талаптарына сай келмей қалғандығының негізгі себептерін ашып көрсетеді. Автор тіл тазылығы тіл тазалығы және оның дұрыс, сауатты жазылу ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сол мақсатта орыстың «право» сөзінің қазақша баламасының «Хұқық, хұқ, құқ, һұқық, құқық» деп түрліше айтылып, жазылып жүргендігіне жеке авторлар не баспа беттері кінәлі-дейді [23,7].
Ә.Қарағұловтың тағы бір тоқталған термині «революция» сөзі. «Революция» сөзін қазіргі кезде төңкеріс деп аударып жүргендігі баршаға аян. Осы баламаға мақала авторы қарсылығын мынандай дәлелмен білдіреді. Оның айтуынша «революция» халықаралық термин. Аталмыш терминнің толық мағынасын қазақ тіліндегі «төңкеріс» сөзі дәл басып бере алмайды. «Төңкеріс» сөзі орыс тіліндегі «переворот» сөзімен дәлме-дәл келеді. Сонда орысша айтылып жүрген «государственный переворот», «военный переворот» деген тіркестерді қазақшаға «мемлекеттік төңкеріс» «әскери төңкеріс» деп аударғанда сөздің тура мағынасы сақталған болар еді. Ал осы дерде жоғарыда келтірілген «революция» сөзін «төңкеріс» сөзі мағынасында қолдансақ, «мемлекеттік революция» не «әскери революция» болып шықпай ма деп өз тұжырымын айтады.
Сондай-ақ баспа беттерінде терминге қатысты ұсынған ережелерге жүрдім-бардым қарап, кейбір терминдерге өз тарапынан жасанды балама ұсынушыларға деген наразылығын білдіреді. Автор: Баспасөз беттерінде ойға қонбайтын жасанды сөздер балапандап, етек алып бара жатқаны байқалады. Мысалы: «председатель» дегеннің қазақшасы «төраға», мұны еркектердің еншісіне қалдырып, әйелдерді «төрайым» деп атау телерадио арқылы күн сайын дерлік құлаққа құйылып, соңғы уақытта осылай деп жазылып та жүр. Енді біреулер бүйірден қосылып бұл сөзді «төрапа» деп атасақ дегенді айтады [24,2].
Рас, бұл сияқты жарыса қолданылып жүрген баламалардың пайдасынан зияны басымдау. Себебі, әркім әр сөзді әр түрлі атаса, әр түрлі жазса жазуда сауатсыздық орын алмай ма? Және де бір атауды әркім өзінше сан құбылтса тілімізде ала-құлалық болары анық. Сондықтан автор терминологиядағы өзекті мәселелерді дәл көрсете білген. Бұл құптауға тұрарлық нәрсе. Осы кемшілікті болдырмау тілін құрмет тұтатын әр жеке автордың алдында тұрған қасиетті міндеттерінің бірі болмақ. Туған тіл алдындағы парызымызды тек солай еткенде ғана ақтай алмақпыз. Тіл тазалығын сақтау міндеті тек жеке адамдарға ғана тән емес, баспасөз әкімшілігі алдында тұрған аса жауапты мәселе. Олар жоғарыда келтірілген олқылықтарды болдырмау үшін қатаң бақылау жасап отыруы тиіс.
Ә.Қарағұлов кірме сөздер мен терминді қабылдау барысында өз тіліміздің дыбысталуына сәйкестендіріп жазу, яғни халықтық тәжірибеге сүйену әдісін дұрыс деп бағалайды. Бірақ беталды бөсіп кетпей, малтығып қалмай, ана тіліміздің заңдылықтары берік сақталуын қатаң ескерту шарт екендігін ескертеді. Сондай кірме сөздердің қазіргі газет беттерінде тіліміздің дыбысталу ерекшеліктеріне ыңғайластырып жазылып жүргендігін мысалмен былай келтіреді. Олар: минөт, әңкет, гәзет, пошта, поштабай, зауыт, кәріс, Мәскеу, Ресей т.б. [23,7].
«Құнарлы сөз – құнды игілік» деп аталатын мақаласында Ә.Қарағұлов сөздік қорымыздың кірме сөздер арқылы толығуын сөз ете келе «Қазан төңкерісіне» дейін қазақ тіліне орыс тілінен және орыс тілі арқылы шет тілінен 25 мыңдай сөз енгендігі туралы статистикалық мәлімет келтіреді. Бұл сөздерді қабылдауда жоғарыда сөз болған икемделу тәсілі кеңінен қолданылған. Осындай тәсіл арқылы енген кірме сөздерді автор үш үлкен топқа бөліп қарастырады.
Бірінші топқа: ящик – жәшік, самовар – самауыр, целковый – салкебай, сани – шана, меновой – мұнай, табак – темекі, носовай – насыбай, т.б.
Екінші топқа: повозка – пәуеске, короб, коробка – қорап, купец – көпес, т.б.
Үшінші топқа: вожжи – божы, бархат – барқыт, бочка – бөшке, землянка – зілмәңке, цемент –семент, т.б. [25,6].
Осы келтірілген үш топтағы сөздердің ешқайсысы да орыс тілінің жазылу нормасын сақтамаған, керісінше қазақ тілінің дыбысталу заңдылығына бағынып тұр. Автор кірме сөздерді қабылдауда осы тәсілді, яғни халықтық тәжірибені қолдансақ сәтті жетістіктерге жетуімізге болады дегенді айтады.
Баспасөз беттерінде терминолог ғалым Б.Қалиұлының да «Шет тілі терминдерін қалай қабылдап жүрміз?», «Жат сөздер жағадан ала бермесін», «Халің қалай, қазақ орфографиясы», «Үндестік заңы ұлы заң», «Термин жасам туралы кейбір ойлар», «Термин тағдыры да ойыншық емес» т.б. көптеген мақалалары жарық көрді. Аталмыш мақалаларында негізінен шет тілінен енген сөздерді тілімізге сол күйінде қаптата беруге болмайтынына, дыбыстық жағынан тіліміздің заңдылығына сай өзгеріске түскен қалпында алу керектігіне тоқталады.
Автор, біріншіден терминдердің құрылымындағы әрбір дыбыстың қазақша дыбысталуы, яғни жат дыбыстардың әліпби құрамынан шығарылып тасталуы, екіншіден, сөз ішінде екі не одан да көп дауыссыз дыбыстардың қатар тұрмауы (дауысты дыбыстар да солай), үшіншіден, қазақша айтылған әлгі орысша сөздердің ішіндегі дыбыстардың сингармонизм заңы бойынша бір-бірімен үндесіп, үйлесіп келуі, т.б. мәселелерді сөз етеді.
Мысалы, альбом, диффуз, объект, станция, сюжет деген сияқты терминдерді тіліміздің дыбысталу заңдылығына сай өзгертіп алсақ, онда олар: әлбөм, дипұз, әбиекті, ыстанса, сүжет болып дыбысталады. Сонда термин ішіндегі басқа тілден енген дыбыстар (в, е, ф, х, ч, ц, щ, ь, ъ, э, ю, я) түсіп қалады [26,7].
Б.Қалиұлы «Жат сөздер жағадан ала бермесін» деп аталатын мақаласында былай деп жазады: «Гректің кинема (kinema – движение) деген сөзін ағылшындар да, француздар да, итальяндар да дәл осы жерде көрсетілгендей айтады және солай жазады. Орыс тілі болса бұл сөзді «кино» деп өзгертіп қабылдады. Себебі, кинема сөзі (мейлі ол халықаралық болсын) дыбысталуы жағынан орыс тілінің заңдылығына сай келмейді. Ал біз болсақ, тіліміздің заңдылығына сай келе ме, келмей ме, онда жұмысымыз жоқ, «комунизмге тезірек жету үшін», «орыс тіліне жылдамырақ қосылу үшін», әлгі сөз орыс тілінде қалай алынса, солай «кино» деп (ең болмаса «кине» деп те емес) алғанды дұрыс деп табамыз. Мұнымыз әрине жөн емес. Бұл сияқты сөздерді «халықаралық терминдер», «интернационалдық сөздер» деп қаншалықты әспеттесек те жаттың аты жат. Олар тіліміздегі лексикалық қордың түрін бұзады, сынын кетіреді [27,7].
Осыны айта келе ғалым халықаралық терминдерді алудың төрт түрлі жолын көрсетеді: Олардың біріншісі – интернационалдық сөздердің қазақ тіліндегі баламасын көрсету. Мысалы, ангина-баспа, кредит-несие, брокер-делдал, таможня-кеден, фонд-қор т.б. Екіншісі – интернационалдық сөздерді калька жолымен тікелей аудару: пятилетка-бесжылдық, производство-өндіріс, колхоз-ұжымшар, совхоз-кеңшар т.б. Үшіншісі – халықаралық терминдердің орнына қолдан (жаңадан) сөз жасау: аэровокзал-әуежай, самолет-ұшақ, вертолет-тікұшақ, герб-елтаңба, программа-бағдарлама т.б. Төртіншісі – халықаралық терминдердің өзін алу.
Бірақ бұрынғыдай ешбір өзгеріске түспеген қалпында емес, дыбыстық жағынан тіліміздің заңдылығына сай өзгеріске түскен қалпында алу: бензин-бензін, карта-қарта, автор-аптыр, спектакль-іспектәкіл т.б.
Сондай-ақ ғалымның айтуы бойынша жазуымыздағы ала-құлалықтың үш түрлі себебі бар. Оның біріншісі – тілімізге араб-парсы және орыс тілі сөздерінің көптеп енуі. Екіншісі – орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа да Еуропа тілдерінен келген сөздерді өзгертпей жазғызу үшін 12 орыс әрпінің (дыбысының) қазақ тіліне зорлап ендірілуі, үшіншісі – кірме сөздерде үндестік заңының сақталынбауы.
Бұған күнәлі бірнеше кезекте – өзіміз. Қай халықтан сөз алайық, оларды айтуда да, жазуда да алдымен тіліміздің өз заңын, өзіндік ерекшелігін ескеруіміз керек. Ол сөздерді тіліміздің төл заңына бағындырып қолдануымыз қажет. Өйтпеген жағдайда жазуда ала-құлалықтың пайда болатыны сөзсіз. Сөздер айтылуы мен жазылуы жағынан тұрақтамай, біресе алай, біресе бұлай жазылып, құбылады да тұрады. Содан барып тілімізде көп нұсқалы сөздер көбейеді де неше түрлі қиындықтар туындайды [28,6].
«Халің қалай қазақ орфографиясы» [29,7] атты мақаласында Б.Қалиұлы «Егер тілімізде бұрын қолданылып, орысша жазылып келген сөздердің көбін қазақыландырып, айталық әдіріс, әлбөм, әртіс, дибан, електір, кәбинет, кәстөм, кірем, ләгір, мебіл, метір, міністір,пәлте, пәнел, пойыз, інбестір, інженер т.б. деп жазсақ бұл сөздер ең алдымен қазақша айылуына сай келген болар еді, оның үстіне қазақша дыбысталғандықтан олар біздің өз сөзімізге айналып, тілімізді шын мәнінде байыта, нәрлендіре, әрлендіре түсуге септігі тиген болар еді», - дей келе, бұл әрине шет тілінен келген сөз болса болды, олардың бәрін өзгерте беру керек деген сөз емес. Дыбысталуы жағынан да, дыбыстық тіркесімі жағынан да қазақ тілінің заңдылығына қайшы келмейтін халықаралық терминдер болса (мәселен, база, бар, машина, норма, опера, партия, парламент, парта, роман, спорт, талант, том т.б.) оларды сол күйінде ала беруге болады деп жазады.
Б.Қалиұлы қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сәйкес (О) дыбысының сөздің соңғы буынына кездесуіне байланысты диктор, трактор тәрізді терминдер диктір, трәктір күйінде өзгеріске түсіп барып қабылдануға тиіс дейді.
Сондай-ақ ғалым С.Мырзабеков өзінің «Бабалар тілі сезімтал» деп аталатын мақаласында да: «Біз халықаралық орыс сөздеріне мүлде қарсы емеспіз, бірақ оның орысша дыбысталуына төзе алмаймыз. Тілдің табиғаты соны қалайды. Туған тілдің бағы жансын десек, түбі оны түбегейлі реформалап, латын жазуына ерте көшкеніміз жөн» деп көрсетеді [30,7].
Десек те осындай пікірлерге қарсы пікірлер газет беттерінде жиі кездесіп тұрады. Біз өз тарапымыздан бұлардың бірін дұрыс, бірін бұрыс деп төрелік айтудан аулақпыз. Дей тұрғанмен зерттеу нысынымыз осы төңіректе болғандықтан екі көзқарасты салыстыра кеткенді жөн көрдік.
Мәселен, Р.Сыздықова «Ана тілдің қасиетін сақтай білейік» [31,7] деп аталатын мақаласында қазірдің өзінде кило-килә, станция-станса (егер дұрыс қазақшаласақ, ыстанса болуы керек: қазақша сөз ешқашан екі дауыссыздан басталып жазылмайды), машина-мәшине деп жарыстырып жүргенімізде ешбір бірізділік жоқ. Егер килоны килә деп жазсақ, киноны кинә, артисті әртіс деп жазсақ, актер, режиссер деген сөздерді неге сындырып жазбаймыз? Европаы Еуропа деп таңбаласақ, Вена, Варшава, Венгрия, Венеция дегендерді де у – мен жазуымыз керек еді ғой, яғни жүйелілік болу қажет дегенді айтады.
Сол сияқты «Жаңа сөз – жалпыға ортақ» [32,6] деген атпен жарық көрген Қайырболат Есеновтің мақаласымен танысқан едік. Автор бұл мақаласында соңғы кезде әліпби мәселесін өзгерту қажет, яғни біреулердің латын, біреулердің төте жазу, енді біреулердің «Орхон – Енисей» жазбаларына ауыстыру туралы ұсыныс пікірлеріне қарсылығын түрлі дәлелдермен көрсете келе халықаралық терминдерді қазақыландыру дегенге үзілді-кесілді келіспейтіндігін жасырмайды. Қ.Есенов бұрыннан жазылып келген электр, гастроль, пьеса тәріздес сөздерді енді бұзып-жарып електір, гәстірөл, пиеса деп жазғаннан не ұтамыз? Мұндай пікірлер: «Осылай деп жазсақ, ол сөзіміз қазақша болады», - дегенге саяды.
Алайда жазу нормасы бірізділіктің болуын қалайды. Осы ретте осы тәріздес сөздер өз табиғи жаратылысында тек қазақтарға ғана тән емес, басқа да көптеген халықтарға ортақ болып жұмсала береді. Сол себепті жалпыға ортақ университет, институт, конференция, фестиваль, факультет деген сияқты термин сөздерді үніберістет, үністет, конперенсия, фестивал, факөлтет деп қазақшалауымыздың орны жоқ дейді.
Ғ.Ахмедов те «Тіл қорымыз азайып, шұбарланып барады» деп аталатын мақаласында халықаралық терминдерді қазақшалауға өз қарсылығын білдіреді. Ол: «Әр тілдің өзінің заңы бар, құр босқа тілдің ығына жығылып, ыңғайына бұрылып, орыстың әр сөзіне балама іздеп, тілді шұбарлаудың керегі жоқ. Орыс тілінің өзінде шет тілі терминдері қаптап жүрген жоқ па? Халықаралық терминдерден қашпау керек, терминнің мағынасын дәл түсіну үшін де ол өте қажет»- [33,6] деген болатын.
С.Жүнісовтің «Шет тілден енген сөздер, негізінен орыс тілі арқылы енген сөздер. Оларды орыс сөздігінде қалай қолданса солай қолданып келдік. Тіпті жағрапия, Жапон, Үнді, мағазин (араб сөзі) деп төл грамматикалық ерекшелігімізге икемдеп айтсақ, кейін орыс тілінің әсерінен география, Япония, Индия, магазин деп қайта жөндеп алдық. Енді орысша терминдерді келсін-келмесін тікелей, не жобалап аударғанымыздай, халықаралық сөздердің бет-жүзіне қарамай, басқа-көзге төпелеп шетінен қазақшалай бастадық» [34,6] деп айтуынан да халықаралық терминдерді аудармай алуды көздеген пікірді байқаймыз.
Терминология төңірегінде айтылған бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарас жақын арада бір ізге түсіп, шешіле қалмайтындығын аңғартқандай. Әйтсе де ниет бір, мақсат айқын. Жоғарыдағы ғалымдар пікірлеріндегі келіспеушілік түптеп келгенде бір арнаға саяды. Себебі олардың негізгі мақсаты тіл тазалығы. Ана тілінің келешегіне деген жанашырлығы екендігін ескеруге тиіспіз.
Б.Қалиев «Ана тілі» газетінің 1992 ж. № 37 санында «Қазақтың төл терминологиясы қашан жасалады» [35,7] деген мақала жариялайды. Автор мақаласында ұлттық терминологияны дамытудың қажеттілігіне жан-жақты тоқтала келе, бүгінгі таңда тілімізде шетелдік терминдердің 70-80 пайызды құрап отырғандығын еске салады. Ғалымның айтуынша 60-70 пайыз сөз шет тілі есебінен сөздік қорды толтыратын тілдік қасиетінен айырылып, өз дербестігінен қол үзіп қалатындығы. Автор үндіеуропалық не орыс тілінен енген терминдерді сол қалпында аудармай қолдану керек деушілерге үзілді-кесілді қарсы екендігін ескертеді. Бірақ аударуға келмейтін терминдерді сол күйінде қабылдаудың да дұрыстығына күмән келтірмейді. Қазақ терминологиясының кенжелеп қалуына бірден-бір себепкер ұлыдержавалық шовинистік саясат деп кесіп айтады.
Соған қарағанда «интернационализм» деп аталатын терминдердің тілімізде үстемдік жасауының бір себебі арыда, яғни белгілі бір топтардың немесе құйтырқы мақсаттағы саясаттың ықпалы болса керек. Мысалы, коммунистік партия саясаты бұратана аталатын ұлттарды біріктіріп, оның тілін орыстандыру, сол арқылы ұлт ретінде жою мақсатына бағытталғындығы баршаға аян. Сол себепті түрлі-түрлі қаулылар қабылданды. Жоғарыда атап өткендей олардың бірі орыс тіліндегі терминдерді ана тіліне аударуға қатаң тыйым салынуда болса керек.
«Қазақ» газеттері беттерінде тек лингвист ғалымдардың ғана терминология мәселесін сөз еткен мақалалары жарияланып жүрген жоқ, сонымен қатар әр ғылым саласында жүрген көптеген ғалымдардың да термин туралы пікірлері жиі кездеседі. Сондай ғалымдардың бірі С. Ақаев. Ғалымның аталмыш тақырыпта жазған «Кірме сөздер келімсектерден де қауіпті», «Өзгеге қарап өзімізді ұмытпайық», «Термин – таным көзі» деп аталатын мақалалары көпшілікке танымал деп ойлаймыз.
Автор тілдің бұдан байырғы лексикалық толығуының бірден-бір көзі ғылыми термин болып табылары анық дейді. Дұрыс пікір. Бүгінгі таңда тілдің даму эволюциясындағы ең бір жедел қарқынмен өсіп келе жатқан саласы ол – терминология десек ешкім қате демесе керек. Себебі, ғылым мен техника ғасыры аталып отырған заманымызда күн санап тіліміз терминдер легімен байып отырғандығы белгілі. Ендігі күрделі де өзекті мәселе ол терминдерді қалай қабылдау болып табылмақ.
Мақала авторы термин қабылдау барысындағы қателіктерді айта келе, «біз осы термин мәселесіне келгенде оны бүгінгі күннің ғана деңгейімен өлшеп, өз мүдде-мүмкіндігіміздің шама-шарқымен ғана тон пішіп, одан артылмауға тырысамыз да, егеменді елдің ресми тілі және бүкіл түркі тілдері ішіндегі белді тілдің күні ертеңгі мүддесін, артымыздан келер бізден гөрі қазақшыл ұрпақтың мүмкіндігін еске ала бермейміз» [36,6] - деп орынды уәж айтады.
Рас, терминді тек бүгінгі көзқарас деңгейінде өлшеп-пішсек, ол үстірт ойлағандықтан болар еді. Себебі, біздің ұрпақ коммунисттік партия саясатын басынан өткерген, жоғарыдан келген шовинистік астардағы қаулы-қарарларға бас шұлғып үйренген. Ал келер ұрпақтың психологиясы ұлттық деңгейде өсіп-жетілмек. Сондықтан олар бізден гөрі ұлтжанды болса керек.
С.Ақаевтің айтуынша «Қазақ тіліндегі терминдер тілден бөлектеніп, тар көлемде қалып қойған. Термин жалпы халыққа қызмет етуге тиіс. Сол себепті жаңа термин тіл заңдылықтарын өзіне қабылдап, сінісіп кетуі керек.
Терминологиядағы кемшіліктердің әсері қазірдің өзінде танылып келе жатыр. Соның бәрі қазіргі қазақ тілінде ғылыми еңбек жазу қисындығы. Ол үшін ғылыми стиль қалыптасып, ғылымның өзі белгілі бір дәрежеде әдеби тілді игеруі тиіс» [36].
Бұдан шығар қорытынды терминді қабылдап қана қоймай, оның басқа сөздермен тығыз байланыста болуын қалыптастыру, әдеби тілмен астасып жатуын қадағалау болмақ.
Термин қазақ тілінде, қазақ халқы үшін, яғни ғылымды «ғылым тілінде» емес, қазақ тілінде сөйлету үшін жасалуы тиіс деп жазады С.Ақаев «Термин таным көзі» [37,3] деген мақаласында.
Автор тағы бірде кірме сөзді аударып алудың ұғынуға, білімге қаншалықты қолайлы екенін көрсетер бір, екі мысал келтіреді. С.Ақаев өзі химия ғылымының маманы болғандықтан химиялық элементтердің атауларына тоқтала кетеді. Ол «оттек», «сутек», «көміртек» деген жасанды терминдердің қабылдауға жеңілдігін, түсініктілігін жоғары бағалай отыра «азот», «гелий» деген химиялық элементтердің қазақша баламасының жоқтығына қынжылады. Неге біз осы сөздерді, яғни, «азотты» – «өміртегі» немесе «тірліктегі», ал «гелийді» – «күнтегі» деп аудармасқа. Және де бұл сөздердің шығу төркіні бәрімізге белгілі «өмір» және «күн» деген ұғымнан шыққан. Осы сияқты терминдерді қарапайым халықтың түсінуіне оңай баламалармен аударса тиімді болар еді дегенді айтады.
Ал «Кірме сөздер келімсектерден де қауіпті» -деп аталатын мақаласында С.Ақаев тілдік қорымызда кірме сөздердің шамадан тыс көбейіп кетуіне қарсылығын білдіреді. Біздің ұлтымыздың 70 жыл бойы партияның жетегінде жүріп, тіл шұбарлығына жол беріп алғандығын сөз ете келіп, «Табиғаты бөлек Еуропа сөздерін қабылдап қана қоймай, оны бұзып, «ажарсыздандырмас» үшін ғана өз тілімізге баса-көктеп, орыстың оншақты әріпін зорлап тануымыз осындай өрескелдік үлгісі еді» [38,7] - дейді.
Кезіндегі тіл зерттеушісі Д.С.Лоттенің «қарапайымдылығы мен қолайлығын ойлаудан гөрі, терминдердің халықаралықтығына, олардың еуропалықтарға түсініктілігіне мән беретін сияқтымыз» деген ұлағатты сөзін мысалға ала отырып С.Ақаев: «Қазақ тілінің ешбір түсіндірмесіз-ақ түсінікті қарапайым сөздері бола тұра, шетелдік бейтаныс «әсем» көрінетін, «жалтырақ» сөздерін қолдануға әуеспіз. Сондықтан осындай кемшіліктерден аулақ болып, термин қабылдауда сөздің мейлінше түсінікті болуын және тілдің өзіндік лексикалық дамуы мен табиғи үндестігі сақталуын қадағалау қажет» [38,7] - деп сөзін қорытады.
Бұл салада биолог ғалымдар да қарап қалмаған тәрізді. Ана тілі газетінің 1999 ж. № 34-і санында қос автор Ж.Базарбаев пен А.Мухитдиновтың «Үйлесіміне қарайық» атты мақаласы жарық көрді. Мақала авторлары ілгерінді-кейінді айтылған көзқарастарға қосыла отыра өз тарапынан термин қалыптастыру ісіне үлестерін қосып бағады. Бұл еңбекте де басқалар сияқты А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев сынды қазақ зиялыларының терминология жайлы айтылып кеткен ой-пікірлеріне сүйене отырып, ой тастау басым. Сонымен бірге бұл авторлардың ерекшеліктері олардың тікелей сол мамандықтың, яғни биология ғылымының маманы болуымен қатар, жоғары оқу орнында студенттермен бірлесе жұмыс істеуінде. Демек, күнделікті сабақ өту барысында термин туралы аудитория студенттерінің пікірін өз бақылауында ұстап отырады деген сөз.
Бұл дегеніміз істі теория жүзінде зерттеп қана қою емес, практика, күнделікті істің ағымын бақылап отырып, оны теориямен байланыстыру болып табылмақ.
Енді авторлар сөзіне құлақ түрсек: «Тіпті студенттердің айтуына қарағанда, қазақ тіліндегі шыққан кейбір оқулықтарды оқып, түсіну үшін орыс тілінде жазылған оқулықтарды қатар ұстап отыру керек, әйтпесе әңгіме не туралы екендігі түсініксіз» [39,5].
Бұл – ащы да болсын шындық. Және де жеке автордың пікірі емес, көпшіліктің, яғни студент жастардың көзқарасы. Авторлардың мысалды ұсынып отыруы баршамызға бүгінгі күнгі түрлі ғылым саласындағы қазақ терминдерінің жайы мен күйін, деңгейін көрсеткісі келгендіктен. Қазақта «Ауруын жасырған – өледі» деген ұлағатты сөз бар. Сол сияқты ғылымды қазақыландыру барысында жоғарыда айтқандай кемшіліктерді қазірден дұрыс арнаға бұрмасақ, ұлттық ғылымымызды халықаралық деңгейге жеткізу ісі оң нәтиже бермесі анық. Себебі, қаншама ғылыми еңбектер аталмыш олқылықтармен баспадан кітап болып шығып жатыр. Енді бес-он жылдан кейін бұл сияқты арсын-гүрсін еңбектердің түкке тұрғысыз болып қалуы мүмкін. Сонда қалай, мұндай еңбектерді қайта жазып, онсыз да бүйірі тесік мемлекет бюджетінен қайыра ақша жұмсамақсыз ба?
Авторлар халықаралық терминдерден келсін-келмесін қаша берген дұрыс бағыт еместігін айта келе, бұл – биология ғылымын қазақ тілінде дамытуға өз келелін тигізеді дейді. Себебі, халықаралық терминдерді қазақшалаған кезде тілдік балама терминдік мағынаны толық бере алмауы мүмкін.
Биолог ғалымдар жалпыға ортақ, ойға қонымды мынадай ой тастайды: «Біз интертерминдерден қашпайық және де ішінара айтылып қалып жүрген ежелгі грек, латын тілінен шыққан терминдерге де балама іздеп әуре болмайық. Оның есесіне ұлт ғалымдары, мысалы биология ғалымдары ашқан жаңалықтарына қазақша ат қойсын. Ондай терминдерді әлемдік ғылым термині ретінде қабылдағанда сол күйінде қазақша атаумен қабылдайды. Солай еткенде ғана қазақ тіліндегі терминдерді халықаралық деңгейде ғылым тіліне айналдыра аламыз» [39,5] - деп тапқыр ой айтады.
Расында да қазақ ғылымында ашылып, әлемдік ғылымға қызмет етіп жатқан жаңалықтар жетерлік. Сондай жаңалықтарды не орыс, не шет тілінен атамай-ақ таза қазақ тілінде атаса, біздің де халықаралық терминде өз үлесіміз болмас па еді деген ойға еріксіз қаламыз.
А.Мұхитдинов пен Ж.Базарбаев «Анатомияны - тәнтану», «Биологияны - тіршіліктану» деп аударған терминологтардың аудармаларына қарсы пікірін өз дәлелдемелері арқылы білдіреді. Олардың айтуына қарағанда «Анатомия», «Биология» деген сөздердің мағынасы «тіршіліктану», «тәнтану» деген сөздермен сипаттамалайды. Сонда қалай, «биология развитие» деген түсінікті «Дамудың тіршіліктануы» немесе «тіршіліктанудың дамуы», ал «Анатомия нервной системы» дегенді «Жүйке жүйесінің тәнтануы» дейміз бе [39,5] - деп орынды өкпелерін білдіреді.
Осындай түрлі ғылым саласында қызмет етіп жүрген ғалымдарымыздың орынды пікірлерін ескере отырып, біз де өз ұсыныс-пікірімізді қосқанды жөн көрдік. Қазіргі кезде терминді аудару кезінде оған балама болатын сөзді тапсақ болды асығыстықпен аудара салатын сияқтымыз. Ол сөздің басқа сөздермен тіркесімділік қасиетін жан-жақты тексеріп көрсе жоғарыдағы кемшіліктер қайталанбас еді. Тек ол сөздің қазақ тіліндегі тіркесімділігін ғана қажет етпей, өзге тілдегі не орыс, не басқа шет тілінде тіркесіп келетін (яғни, осыған дейінгі мысалдағы «биология развитие», «Анатомия нервной системы») сөздерді дәл беруде «Биология», «Анатомия» сөздерінің баламасы ретінде алынған «тіршіліктану», «тәнтану» сөздері қабілетсіз екендігі түсінікті.
«Егемен Қазақстан» газетінің 1994 ж. № 96 санында жарияланған Ғ.Сапарғалиевтің «Өмір не дейді, біз не дейміз?» деген мақаласы да терминологияға арналады.
Автор мақаласында термин қабылдаудағы елеулі кемшіліктерге тоқтала кетеді. Солардың ішінде мемлекетіміздің басты құжаты болып табылатын «Ата заңымыздың» кемшіліксіз екендігі де назардан тыс қалмайды.
Осы күнге дейін термин ретінде қолданылып жүрген «территория» деген сөздің қазақша баламасы бүгінде «аумақ», «жер» деп аударылып жүр. Ал, термин болу үшін бір ғана балама болу керектігі терминология ғылымының басты қағидаларының бірі. Сондықтан жарыспалы түрде термин ретінде қолданылып жүрген «аумақ», «жер» сөздерінің «территория» сөзінің мағынасына лайық біреуі ғана қолданыста қалуы қажет.
Автор осы мәселені мынандай дәлелмен келтіреді: Ата заңда «Қазақстан Республикасының жері тұтас, ол бөлінбейді және оған қол сұғуға болмайды». Орысшасында: «Территории Республики Казакстан является целостной, неделимой и неприкосновенной». Ал Конституцияның 4-бабында «территория» сөзін қазақша «Республика аумағынан лажсыз кеткен республиканың барлық азаматтарының...» келтірілген сөйлемдегідей «аумақ» деп береді. Автор сонда мемлекеттің территориясын қазақша «жер» деу керек пе, «аумақ» деу керек пе? Әлде «жер» де, «аумақ» та «территорияның» баламасы бола ала ма?-дей келе, аумақ сөзінің мағыналық тұрғыдан «территория» сөзінің баламасы болуына лайық екендігін қолдайды. Себебі «Аумаққа» барлық табиғи құбылыстар кіреді: жер, өзен, көл, орман, теңіз, ауа, жер қойнауы, жануарлар, шекара. Ал бұған керісінше заң тұрғысынан келгенде «жер» ұғымына тек құрғақ жердің үстіңгі қыртысы ғана енеді. Сондықтан «аумақтан» гөрі «жердің» мағынасы тар. Сол себепті «территория» сөзінің баламасын тек «аумақ» сөзі ғана бере алады [40,3] -деп орынды пікір білдіреді.
Бұл да терминология саласының басты кемшіліктерінің бірі болып табылады. Және де басқасы басқа мемлекеттік құжат болып табылатын «Ата заңымызда» осындай олқылықтардың болуы егемендігіміз бен елдігімізге, ұлттық намысымызға көлеңкесін түсірмесіне кім кепіл.
Сөз соңында айтарымыз баспасөз беттерінде жарияланып келе жатқан терминология мәселелері туралы мақалалар легі әлі де толастар емес. Оның негізгі себебі терминология ғылымының, оның ішінде қазақ терминологиясының әлі талай зерттеулерді қажет етіп отырғандығында, шешуін таппай отырған күрделі мәселелердің көптігінде болса керек. Ал осындай келелі мәселелерді қалың жұртшылыққа жеткізіп және олардың ой-пікірлері мен ұсыныс пікірлерін, көзқарастарын ортаға салуына жағдай туғызып отырған қазақ баспасөзінің бүгінгі таңдағы орны ерекше десек ұшқары айтылғандық емес.

2 ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІНІҢ ҒЫЛЫМИ ТЕРМИНОЛОГИЯНЫ ДАМЫТУДАҒЫ ОРНЫ


«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» - деп ғалым А.Байтұрсынұлы айтқан болатын.


Ғалымның бұл сөзі қазіргі кезде де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ десек артық айтқандық болмайды. Баспасөзді сөйлеу тілі лексикасы, оның ішінде әдеби сөйлеу тілі мен қазіргі кездегі жазба тіл лексикасында сұрыпталған сөздердің ғылыми дәрежеге ие болуы жолындағы аралық буын ретінде қарастыруға да болғандай.
Баспасөз қоғамның, ғылым мен техниканың әртүрлі саласын қамтитын жекелеген терминдер немесе терминдік топтар олар термин болып бекітілгенге дейін жұртшылық талқысына ұсынылып, сондай-ақ бекітілгенен кейін де оларды көпке таныстыру, үйреншікті ету мақсатында жүйелі түрде беріліп отырады. Бұл арада баспасөзде жарияланатын терминдердің тар шеңбердегі ғылыми терминдерді қамтымай, негізінен қоғамдық-саяси, экономикалық және заң, құқық терминдеріне қатысты болып келеттіндігін атап айту керек.
Ал баспасөздің терминдерді қалыптастырудағы жалпы рөлін көрсету үшін қазақ тіліндегі газеттердің ішінде таралымы ең көп республикалық негізгі үш газетті, атап айтқанда «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттерін нысанамыз етіп алдық.
Аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі газеттер таралу ауқымының шектеулігі мен жергілікті сипатына орай нысанымызға енбеді.
Ендігі жерде зерттеу нысанымыз болып отырған бұл үш газеттің термин қалыптастыру үдерісіндегі орны, олардың көпшілік назарына ұсынылып, талқыға түскен терминдер жайлы неғұрлым толық мағлұмат алу үшін біз осы газеттерде жиі жарияланған, ғалымдар тарапынан да, тілге жанашыр басқа адамдар тарапынан да қызу пікірталас нысанына айналған бірқатар терминдерге тоқталатын боламыз. Олар негізінен жоғарыда айтқанымыздай қоғамдық-саяси, экономикалық және іс-қағаздары саласын қамтиды. Олардың ішінде әр газеттің қамтитын терминдерінің тиесілі болатын саласына байланысты көрінетін ерекшелігіне келер болсақ, «Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінде іс жүргізу, педагогика терминдері, ал «Егемен Қазақстанда» қоғамдық-саяси, экономикалық, әскери т.б. терминдер болып келетінін атап айту керек.
Жалпы газет беттерінде қолданылып жүрген терминдердің сандық жиілігіне қатысты біз мемлекеттік терминология комитеті ресми түрде бекітіп берген терминдерді ғана нысана етіп алдық. Бұлардың жалпы саны 1454 болса, оның ішінде олар қоғамдық-саяси, экономикалық, физика терминдері, математика терминдері, медицина терминдері, іс қағаздары терминдері, жер туралы ғылымдар және металлургия терминдері, жалпы техника және инженерлік терминдер, әскери терминдер және т.б. болып келеді.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет