Әож 811. 512. 122'37 Қазақ тілі фраземаларының семантикасы мен уәжделуі



Дата19.06.2016
өлшемі50.5 Kb.
#147992
ӘОЖ 811.512.122'37
Қазақ тілі фраземаларының семантикасы мен уәжделуі
Омар Б.Қ. ф.ғ.к., доцент. ОҚМПИ. Тіл білімі кафедрасы

Халқымыздың ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінен еленіп, екшеліп жинақталған ұлттық құндылықтарымыздың ең шұрайлы бөлігі – қазақтың төл фразеологизмдері. Өткен ғасырдың орта шенінен таныла бастаған түркі тектес халықтардың фразеологиясы орыс ғалымдары В.В.Виноградовтың, Н.М.Шанскийдің т.б. ғалымдардың зерттеулерінен бастау алса, қазақ тілшілерінен фразеологизмдер туралы алғаш ой тастап, пікір айтқан С.Аманжолов пен қазақ тілі фразеологизмінің негізін салған С.Кеңесбаев, сондай-ақ К.Аханов, Ғ.Қалиев, Ә.Болғанбаев сынды ғалымдар зерттеулерімен толықты.

Ұлтымыздың тарихымен, мәдениетімен, әдет-ғұрпымен, таным-түсінігімен сабақтаса өріліп, бізге жеткен қазақ фраземалары [1,5] тақырып жағынан сан-салалы, ал семантикалық құрылымы күрделі, бағалауыштық, модальдік, коннотациялық мәндегі мол қабаттарды құрайды.

Халықтың тұрмыс тіршілігінің айнасы іспетті фраземалар қоғамдағы алуан түрлі әлеуметтік-психологиялық жағдаяттарды суреттеуде өзінің тура мағынасында емес, ауыспалы, бейнелі мәнде, көбінше эмоциялы-экспрессивті реңкте жұмсалатыны анық. Фраземалардағы туынды мағынаның пайда болу жолдары мен шығу арналарын, қайнар көзін анықтау, оның жасалуына ұйытқы болған уәждерін, ішкі мағыналық құрылымын таным процесімен байланысты зерделеу тіл біліміндегі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Қазіргі кезеңде қазақ фраземалары екіншілік атау ретінде танылып, аналитика-семантикалық сөзжасам тәсілімен жасалған коннотациялық мәнді тіркесті туынды сөзге жататыны айтылуда [2,453]. Қазақ фразеологизмінің негізін салушы І.Кеңесбаев тұрақты сөз тіркестерінің тікелей өз мағынасында емес, туынды мағынада ғана жұмсалатынын өзінің атақты сөздігінде көрсетсе [3,597], күрделі сөздер сөзжасамын зерттеген Б.Қасым: “Бір кездері идиома мен фразаны сөзжасамға қатысы жоқ десек, бүгінгі тіл ғылымында бұл тілдік құбылыстардың сөзжасамға қатысы анықталып отыр”,- деп түсіндіреді [4, 117].

Фраземаларға тарихи тұрғыдан талдау жасау барысында олардың бірден пайда бола салмағаны, о баста еркін тіркестерден құралып, ұзақ уақыттар бойы бірте-бірте қалыптасқанын пайымдауға болады. Адам баласы күнделікті тіршілік барысында естіген немесе қолданған сөздерін, сөз тіркестерін есіне сақтап, қайталап айтып, ойы арқылы санада елестетеді, талдайды. Уақыт өте келе сол еркін тіркестердің құрамындағы сөздердің мағыналық жағынан дамып, ауыспалы мағынада жұмсалуының нәтижесінде мағына жағынан берік, табиғи бірлігі нығая келіп, тұтас бір мәнде қалыптаса бастайды. Тіркес құрамындағы жеке сөздердің қолданылу мүмкіндігі азайып, үнемі бейнелі мағынада жұмсалуы оның негізгі тура мағынасын солғындатып, ауыспалы мәнде қолданылуын тездетіп, дамытады. Сөйтіп санада таңдалғандары ғана тұрақталып, бір бүтінге айналуы әбден мүмкін. Әрине бұл ұзақ уақыттарға созылатын процесс. Мәселен, қабағынан қар жауды, көзі алақандай болды, қырық пышақ болды, аузын қу шөппен сүртті, төбесі көкке жетті, екі қолы алдына сыймады, екі қолын мұрнына тықты, қызыл кеңірдек болды, жұмыртқадан жүн қырықты сияқты халықтың санасында мыңдаған жылдар бойы екшеліп, жадында жаңғырып, бейнелі, эмоциялы-экспрессивті бояуымен есте сақталып, бізге жеткен фраземалар көзге елестеп, көңілге қонатын өмір шындығына сай санада жасалған образдарға негізделеді.

Фраземалардың өзіне тән негізгі қасиеті – тіркестегі сөздердің бөліп-жаруға келмей, даяр қалпында жұмсалуы, идиомалығы мен тұрақтылығы көптеген тілші ғалымдардың зерттеулерінде көрініс тапқан. Зертеуші ғалымдар фраземалардың өзіне тән семантикалық ерекшелігін танып білуде олардың бөліп-жаруға келмей, даяр қалпында жұмсалу мүмкіндігіне баса назар аударады, оны еркін сөз тіркестерімен салыстыра көрсетеді [5,170-182; 6,66-70; 2,175-179]. Сөйлеу барысында белгілі бір ойды жеткізу үшін бірнеше сөз тіркестерінен құралған сөйлемдерді қолданамыз. Мысалы, Ернар биыл мектепке барады деген сөйлемді түрліше өзгертіп: Ернар биыл мектепке бармақшы; Ернар биыл мектепке барғысы келіп жүр; Ернардың биыл мектепке барсам деген ойы бар; Ернар биыл мектепке баруды ойлап жүр, - деп әркім өз қалауы бойынша қолдана беруге болады. Яғни еркін тіркес сөйлеу кезінде сөйлеу ыңғайына қарай құбыла береді. Бұл еркін тіркеске тән қасиет болса, фразеологиялық тіркестер оған көне бермейді. Мәселен, “қой аузынан шөп алмас” деген фраземаны қой аузынан шөп алмақшы не болмаса қойдың аузынан шөп алды сияқты өзгертіп қолдана алмаймыз. Фразема құрамындағы төрт сөз бір-бірімен дәл осы даяр тұлғада, бір-бірінен бөле жармай, тұтас қалпында қолданғанда ғана “момын” деген ұғымды білдіретін фразема туады. Егер тіркес құрамындағы төрт сөз түгел болмаса, не басқа тұлғада, немесе араларына басқадай сөз қолданылса “момын” мағынасы шықпас еді. Фразема құрамындағы әр сөз үй қабырғасының қаланған бір кірпіші сияқты қызмет атқарады. Сондықтан әрдайым бір-біріне телініп, бір-бірінен бөліне алмай тұтасып, бір сөздің қызметінде жұмсалады.

Даяр қалпында жұмсалу фраземалардың негізгі белгілерінің бірі, дегенмен бұл қасиет кейбір атаулық элементі бар тілдік бірліктерге де (халық әні, Отан партиясы, Тіл департаменті) тән [6,69]. Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің де даяр қалпында жұмсалуына қарап, кейбір ғалымдар оны фразеологизмге жатқызып жүр. Жер-су аттары, кісі аттары, газет-журнал, мекеме атаулары да даяр қалпында қолданыс табады. Бірақ олар фразеологизмге ене алмайды. Өйткені даяр күйінде, қалпын бұзбай жұмсалу кез-келген тілдік бірлікке тән қасиет [2,457].

Фраземаларда тіркес тиянақтылығы мен мағына тұтастығы өте берік сақталған. Фразема құрамындағы әр сөздің орны тұрақты, бір-бірімен тығыз жымдасып, өзгертуге келмейтіндей болып орналасады. Мәселен, “мұртын балта кеспейді” деген тіркестегі сөздердің орнына басқа сөзді қойып, сақалын балта кеспейді немесе мұртын пышақ кеспейді, мұртын балта қимайды, - деп қолдансақ, онда ол тіркес фразеологиялық тіркес болмай, еркін тіркеске айналып кетуі мүмкін.

Тіліміздегі фраземалардың дені еркін тіркес қалпындағы сөздердің мағынасына негізделеді, уәжделеді. Тілдік тұрғыдан сөздің уәжділігі оның атау сәтіндегі мағынасымен тарихи байланысты. Фраземалардың жаңа атау болып қалыптасуына уәждемелік белгілер негіз болады. Тіл білімінде дыбыстық уәж, морфологиялық уәж, семантикалық уәж түрлері аталады [7,230], сондай-ақ тура уәжділік, жартылай уәжділік, көмескі уәжділік деп уәжділіктің түрлі дәрежелері де түсіндіріліп жүр [4, 140]. Қазіргі уақытта фраземалар осы бағытта зерделенуде. Фразеологиялық бірліктердің кез-келгені белгілі бір болмыстың (заттың) санадағы жеке белгісін айқындау үшін, нақтылай түсу үшін, тереңірек таныту үшін жасалатыны ақиқат. Мәселен, төбе шашы тік тұрды, қой үстіне бозторғай жұмыртқалады деген фраземалардың мағынасын түсіну үшін санадағы таным мен оның тілдегі бейнесі арасындағы уәжділікті табуымыз керек. Бірінші фраземаның беретін мәні қорқу семасы, жай ғана қорқу емес, өте қатты қорқу сәтін таныту үшін жұмсалса, демек адамның қатты қорыққан кезінде шашы тікірейіп, бет-әлпеті де өзгеріп кетуі сияқты уәжін аңғаруға болады. Бұл жартылай уәжділікке жатса, екінші фразема мамыражай, тыныштық заман дегенді білдіреді. Төрт түлік малдың ішіндегі ең момыны қой болса, сол қойдың үстіне торғай қонақтап, балалап жатса да қыңқ демейтін қойдың момындығын, шыдамдылығын салыстыра ұқсату арқылы уәжделгенін байқау қиын емес. Мұндағы тіркестің уәждеуші белгісі көмескіленген деуге болады, ол адамның өмір сүруіне жайлы, жайбарақат, тыныштық заманды көз алдыңызға бейнелеп түсіндіреді.

Түйе үстінен сирақ үйіту фраземасына епетейсіз, икемсіз, істің көзін таппау, жұмысқа ықыласы жоқ деген ұғымдар уәж болса, қу бастан қуырдақ алу фраземасының уәжі – пайдакүнем, іші тар, көк ала қойдай қылды фраземасының уәжі – ұрып-соғу, денесіне жарақат түсіру, көзіне көк шыбын үймелету фраземасында біреуді қорлау, жәбірлеу уәжі бар.

Қай фраземаны алсақ та оның мағыналық жақтан тұтасқан бір бірлік екені, оның еркін тіркес ретінде жұмсалған құрастырушы сыңарларының мағыналық құрылымының дамуы нәтижесінде тұрақталып, фраземалық дәрежеге жеткені анық. Мысалы, “қырық пышақ болды” фраземасы жанжалдасты, ұрысты, төбелесті мағынасын берсе, бұл ұғым қырық, пышақ, болды деген сөздердің жеке мағыналарымен тікелей байланысы жоқ. Қырық пышақ болды деген фраземадан кем дегенде екі-үш не одан да көп адамның жанжалдасып, төбелесуі дегенді түсінеміз. Төбелес болған жерде әр түрлі қару (шоқпар, таяқ, қылыш, темір т.б.) болуы да мүмкін. Жай төбелес емес бірнеше адамның жанжалдасып, төбелесуі, қару қолданып төбелесуі осы фраземаның уәжділігін анықтайды. Сөйтіп осы үш сөздің бір-бірімен тіркесіп, мағына жағынан жымдасып, ғасырлар бойы санада талданып, табиғи қолданылуынан бізге жеткен. Фраземаға тән белгі оның өзінің тура мағынасында емес, бейнелі мағынасында, эмоциялы-экспрессивті мәнде жұмсалуында. Мысалы, аузын буған өгіздей (үндемейтін, сөйлемейтін), тас бауыр (мейрімсіз), ауыз бастырық (ақы, пара), қолын жылы суға малды (жақсы өмір сүрді) фраземалары тіркес құрамындағы жеке сөздердің мағынасынан алшақтап ауыспалы, бейнелі мағынада қолданылады.

Сонымен қазақ фразеологизмдері аналитикалық тәсілмен жасалған туынды бірліктерге жатады. Коннотативті мәнді фраземалар, негізінен, ауыспалы мәнде жұмсалып, халықтың сан ғасырлар бойғы тыныс-тіршілігінен хабар беретін уәждерімен эмоциялы-экспрессивті мәнде қолданылады. А.Салқынбай қазақ фраземаларының туынды сөз ретіндегі мәнін: құрамындағы уәжделуші тұлға мағыналарына уәжделе келіп, жаңа екіншілік мағына беруі; бірнеше уәждеуші тұлғадан құралып, бір ғана ұғымды білдіруі; бүтін тұлға болғандықтан даяр қалпында жұмсалуы; бір ғана грамматикалық категориямен түрленуі; бір бірлік ретінде танылып, бір сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір мүшесі болуы, - сияқты басқа күрделі сөздерден ажырататын негізгі белгілерін түсіндіреді [2,458].

Зерттеу еңбектерінің көпшілігінде тұрақты тіркестер мен фразеологизмдер бір ұғым ретінде саналып келеді. Ал соңғы зерттеулерде тұрақты сөз тіркестерінің ауқымы кең екені фраземалар оның бір түрі ғана екендігі айтылуда. Қорыта келгенде, жалпы фразеологизм табиғаты, оның уәжділік негізі жайында талай зерттеу еңбектері жазылатыны анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Авакова Р.А. Фразеосемантика. А., 2013

  2. Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі. А., 2008

  3. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. А., 1977

  4. Қасым Б. Сөзжасам: семантика. Уәждеме. А., 2003

  5. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 1993

  6. Смағұлова Г. Қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдерді топтастыру мәселелері // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы. А., 2001

  7. Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. А., 2008

Резюме

В статье рассматриваются семантика и мотивация фразеологизмов в казахском языке.

Summary



The article deals semantic and motivation of phraseologicol unit in Kazakh language

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет