Балқаш гидрониміндегі фоносемантикалық, имитативтік түбірін бал деп есептейтін болсақ, немесе сол атаудағы фонемотипті түбір бл фонемотипі деп айқындасақ, сол түбір (фонемотип) құрамындағы идеофондардың дыбыс символикалы мағынасын ажыратып символикалық әлеуетін анықтай аламыз.
Бал – түбірінің немесе түбір бл – фонемотипінің анлаутта тұрған л идеофоны судың немесе сулы нысанның (ол лай, балшық болуы мүмкін) жылтыр, сырғу, тайғанақтау, тайғақтау, сырғанау сипатын символдайды. Г.В.Корниловтың мәлімдеуінше, «... түрліше дыбысталған немесе кең түрде айтылған үнді л - түрлі ортада түрліше күшпен қатты, сұйық, газ тәрізді жанды немесе жансыз заттың, жарықтың және т.б. сырғуын, жылжуын білдіреді» [1, 161].
Батпақты, балшықты, яғни балқашты жермен жүргенде адам сырғанап, тайғақтап, сонымен бірге «былш-былш», «балш-балш» етіп жүреді. Сол балқып, былжырап, былқ-былқ етіп және де жоғарыда көрсеткен дыбыстар шығарып тұратын ылғалды, батпақты жерлерді символикалық (бұл жерде дыбыстық символика жөнінде айтып отырмыз) түрде бал/б..л фоносемантикалық түбірі бейнелейді. Проф. К.Ш.Хұсайынның мәлімдеуінше, «якут және түрікмен тілдерінде бал дыбыс бейнелеуіш түбірі таза формада келеді, ал басқа түркі тілдерінде туынды сөздер құрамында сұйық негізге жанасу арқылы алынатын шылпылдайтын, шалпылдайтын дыбыстарға еліктеуді білдіреді» [9, 183].
Балшықты, батпақты жерлердің тактильдік, сенсорлық және дыбыстық ерекшеліктерін дәлме-дәл дыбыс бейнелеуіш идеофондар (идеофонемалар) имитативтік түбір (фонемотип) құрамында беріп, жалпы, сол нысанды дыбыс символикалық түрде бейнелеп көрсетіп тұр. Басқаша айтқанда, балқаш сөзі - балшықты, батпақты, сазды жердің дыбыстық суреті. Академик Ә.Қайдардың пікірінше: «Атаудың бірінші сыңарындағы бал «сулы, балшықты, батпақты», яғни Балқаш – балшықты, батпақты жер, тартпа: балшық < бал+шық сұйық батпақ, жабысқақ балшық, саз» [2, 191].
Бал және бұл түбірлерінің жалпы немесе бастапқы мағынасы «су, ылғал» ұғымымен байланысты болғанымен (бұл жерде тағы ескеретін бір жай – түбір – имитативтің мағынасы кешенді мағына болатыны, ал сол имитативтен туындаған, жасалған қазіргі сөздерде бұрынғы кешенді мағынаның бір ғана бөлігі сақталған), өзара бал – мен бұл мағыналарының айырма белгілері бар. Бал – түбірі негізінен «балшық, батпақ» мағыналарымен және «балшылдау, былшылдау, шылқылдау, шалпылдау» сынды мағыналарымен байланысса, бұл – түбірі «көз, бастау, бұлақ» және «араластыру, бұлғау, лайлау» сынды мағыналарына қатысты қолданады. Салыстырылып отырған бал – және бұл – түбірлердің консонанттық сүйегі бірдей, біркелкі, тек инлауттағы дауысты дыбыстар әр түрлі болып келеді: а – ашық, езулік дауысты болса, ұ – жуан, еріндік болып келеді. Сонда инлауттағы -а- мен -ұ- ның (имитатив дәуірінде осы фонемалар идеофон қызметін атқарған) дыбыс символикалық және дыбыс еліктеуіш мағынасы, қызметі бір-бірінен бөлек болғаны.
Сонымен, Балқаш гидронимінің бал – түбірі фоносемантикалық сипатқа ие, нақтылап айтсақ, осы түбірдің дыбыс символикалы және де сонымен қоса дыбыс еліктеуіш мағыналары бар. Жұмыста аталмыш түбірдің дыбыс бейнелеуіш ерекшеліктері мен сипаты жөнінде фоносемантикалық талдау жүргізілді.
Біздің ойымызша, қазақ гидронимиясында Балқаштан басқа да фоносемантикалық сипаты бар су (өзен, көл, бұлақ т.б.) атаулары бар. Солардың қатарына біз Іле, Сырдария, Елек, Желек (Шелек), Ұлан, Ұласты, Шұлба т.б. гидронимдерді жатқызамыз. Аталған гидронимдер этимологиясы жайында біраз ғалымдар өз пікірлерін ұсынған. Кейбір этимологиялар гидронимдік атаулардың фоносемантикалық сипатына сай келеді, бірақ фоносемантикалық тұрғыдан олар дәлелденбеген, дәйектелмеген, жай ғана болжамды, не болжамсыз түрде айтыла салған. Мысалы, «іл» деген сөз (түбір) – іле атауындағы «су», «ылғал» мағынадағы сөз делінген, ал не себепті іл формасының осындай мағына беретіндігі түсіндірілмеген, фоносемантикалық этимологиясы ашылмаған.
2.3Қазақ оронимдерінің этимологиялық фоносемантикасы. Фоносемантикалық этимологиясы бар атаулардың, соның ішінде оронимдік атаулардың құрылымындағы және құрамындағы географиялық (орографиялық) терминдердің шығу төркіні көне дәуірлерге, тіпті тілдердің алғаш пайда болған кезеңіне, имитативтік дәуірге жетелейді. Г.Е. Корниловтың жорамалы бойынша адамзат тілінің тарихы төрт дәуірге бөлінеді: 1) имитатив дәуірінен алдыңғы кезең (доимитативный) – маймылдар дыбыстайтын үндерге ұқсас дыбыстық сигнал белгілер; 2) имитативтік кезең (имитативтік түбірлер) “әлсіреген” күйінде қазіргі тілдер қорында сақталған, бұл олардың тіларалық біркелкілігі – көнелігін көрсетеді; 3) постимитативтік (бұл дәуір имитативтік дәуірден кейін күні бүгінге дейін жалғасуда) дәуір; 4) “болашағы белгісіз дәуір” - әбден формалданған, ғылымның тіліне (метаязык - метатіліне) ұқсас тіл – болашақтың тілі [1, 12-13].
Қазақ оронимдерінің этимологиясын фоносемантикалық тұрғыдан сипаттау үшін біз имитативтік дәуірде пайда болған, өмір сүрген имитивтік түбірлердің (архетиптердің) түп – төркініне, болмысына бағдар жасауымыз қажет. Имитативтік дәуірдегі тілдің сапалық күйі қазіргі тілдердің табиғатымен салыстырғанда мүлдем басқаша болған, себебі имитатив қазіргі түсінігіміздегі “сөз” емес еді, қызметі және семантикасы жағынан қазіргі сөйлемдерге тән денотаттардың дыбыстық символикалық бейнесі болған. Қазақ оронимдерінің (жалпы алғанда – топонимдерінің, географиялық апеллятивтерінің, басқа сөздердің) фоносемантикалық этимологиясын анықтау үшін біз имитативтік түбірлердің дыбыс символикалық қасиетін айқындап, талдауымыз керек, онсыз сөздің (атаудың) фоносемантикалық төркіні ашылмайды.
Зерттеу нысанымыз болып отырған оронимдердің фоносемантикалық этимологиясын анықтау үшін сол оронимдердің құрамында кездесетін географиялық (орографиялық) терминнің көп тілдерде (орасан кең ареалдарда) кездесетінін анықтауға талпыныс жасадық. Соған орай аталған терминдердің (түбірлердің) имитативтік, фоносемантикалық болмысы, сипаты бар екендігі жөнінде жорамал, болжам жасалынды. Сол болжамды, жорамалды дәлелдеу, дәйектеу үшін имитативтік түбірге фоносемантикалық талдау жүргіздік.
Осындай тәсіл, әрекеттерді біз Талғар оронимінің этимологиялық фоносемантикасын талдау барысында қолданамыз. Талғар атауының этимологиясына қалам тартқан А. Әбдірахманов, Е. Қойшыбаев, Т. Жанұзақ сынды ғалымдар осы тәсілдерді біршама қолданған, бірақ фоносемантикалық талдау жүргізбеген. Мәселен, А. Әбдірахманов Талғар тау атының этимологиясы жөнінде былай деп жазған: “Біздіңше Талғар атауы екі компоненттен құралған: Тал+ғар. Тал – тәжік тілінде “холм, пригорок, горка, возвышенность, бугорок” (Таджикско – русский словарь. М., 1954, стр. 377). Атаудың екінші бөлімі ғар көптеген тілдік семьяларда, соның ішінде түрк тілдерінде тау дегенді білдіреді” [12, 168-169].
Э.М. Мурзаевтың сөздік мақаласында берілген тілдік деректер кар / ғар сөзінің фоносемантикалық (имитативтік) сипаты бар деген гипотеза – болжамды дәйектейді. Имитатив теориясы бойынша белгілі бір сөздің, терминнің (түбірдің) тілдер семьясы аралығындағы біркелкілігі оның көне (ежелгі, алғашқы) имитативтік екендігін дәлелдей түседі, себебі барлық тілдер (немесе, ата – тіл (праязык) өзінің даму тарихында ең алғашқы (тілдің пайда болуы) дәуірін өз басынан өткерген. Жоғарыда берілген тілдік деректерді салыстыра келсек, кар / ғар түбірдің бастапқы мағынасы “тас”, “жартас” болған көрінеді, сол бастапқы мағынадан “тау”, “тасты жар”, “шың”, “биік”, “қыр”, “қорым тас” (гравий, галька) т.б. өрбіген көрінеді. Осыған орай айта кететініміз - ғар / кар имитативінің фоносемантикалық сипатын “тау” емес “тас” мағынасымен байланыстырудың қажеттілігі. Басқа сөзбен айтқанда, ғар / кар имитативі таудың емес, тастың сипаттарын дыбыс символикалы деңгейде бейнелеген.
Біздің пайымдауымызша, имитативтік дәуірде кар / ғар моделі (яғни қазіргі қара сөзі) тасты (жартасты) символдаған болса, кейінірек бұл фоносемантикалық сөз тасты биіктерді – тауларды, шыңдарды, жартастарды, ал одан кейін жалпы (тасты болмаса да) табиғи биіктіктерді (төбелерді) атауға қолданылған. Мұндай құбылыс географиялық терминология және топонимия қалыптасуында кездеседі. Мысалы, қазақ тіліндегі тау, қырғыз тіліндегі тоо, алтай тіліндегі туу тауды атаса, якут тіліндегі тыа орманды, эвенк тілінде де орманды атауға қолданылады.
Дауыссыздар дыбысталғанда түрлі кезеңдерден (тіл, тіс, ерін, т.б.) өтеді, яғни “қатты” денотаттарды символикалық түрде бейнелей алады. Әсіресе, шұғыл дауыссыздар (қ, т, п т.б.) “қатты” кедергілерді, яки нысандарды атау құбылысында жиі қолданылады. Сол қатты кедергілердің бірі - тас (жартас).
Инлауттағы қолданылған а идеофон (идеофонема) символданған дено-таттың (нысанның) көлемділігін, яғни “үлкен - дәу - биік” екенін осы фоносе-мантикалық модельде көрсетіп тұр. К.Ш. Хұсайынның көрсетуінше: “Дыбыс символизмі (ең болмағанда көлем мәніндегі өлшем бойынша) әмбебап сипатқа ие, оның негізінде дыбыстың физиологиялық қасиеттері жатыр. В.В. Левицкий “үлкен” ұғымын артқы, ұяң, шұғыл, діріл, әсіресе, [о], [а], [r], [d], [z] дыбыстар білдіреді деп еді” [9, 134].
Идеофондар мен имитативтердің көп мәнді, көп мағыналы болатыны белгілі. Басқа сөзбен айтқанда, идеофон немесе имитативтің тұлғасында (формасында) визуалдық (түр, түс, форма, көлем т.б.), сонымен қоса кинемалық, яғни қимылдық (қимылдың түр - түрлері: жылдам, баяу, созылыңқы, шұғыл т.б.), акустикалық (түрлі дыбыстарға еліктеуге байланыс-ты) сипаттар белгіленуі, символдануы мүмкін. Мысалы – фонемо-типтерінде “қырнау” (қимыл) “қырылдау” “қарс - қорс”, “тар - тұр” ету - тасты сындырғанда (акустикалық) т.б. мәндерді аңғаруға болады. Мәселен, Е.З. Қажыбековтың мәлімдеуінше: *qïr-/ qir “қыру, сындыру, кесу” т.б. ↔ шек, шет, кесінді мағыналарына ие және “тау қыры”, “шет” мағынасындағы qir - ды осы қатарға қосуға болады [13, 64-65].
Лексикологиялық тұрғыдан жүргізіп жүрген этимологиялық ізденістер этимонның ішкі, “жасырын” тұрған, түпкі, ілкі мағынасына бара алмайды, соның салдарынан көп жағдайда атаулардың шын мәніндегі этимологиясы ашылмайды. Бұл ойымыз этимологиялық зерттеу шеңберін бергі “лексикалық” деңгеймен шектемей, көп сөздерде бар, фоносемантикалық “тереңге” барлаумен жалғасса деген пікірден туындайды. Осы лексикалық деңгейде жасалған этимология нәтижелерін біз А. Әбдірахманов, Е. Қойшыбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінен көреміз. Олардың біразын біз зерттеуімізде көрсетуге тырыстық.
Мысал ретінде қат / хад, та(у) фоносемантикалық түбірлері бар топонимиялық атауларға берілген этимологиялық анықтамаларды келтірейік. “Лексикологиялық” этимологияның көрнекті бір үлгісін А. Әбдірахмановтың Қатонқарағай тауына берген этимологиясынан байқауға болады. Бұл үлгіде қатын / кадын / хадан т.б. кат / хад сынды түбірлес сөздер көптеген тілдер арқылы қамтылмаған, сол себептен де негізгі этимон табылмаған. Ал енді сол негізгі фоносемантикалық этимонға кезінде фоносемантикалық (имитативтік) талдау жүргізілмегені - объективтік түрде түсінікті жайт.
Э.М. Мурзаев Моңголия мен Сібірдегі катун // хатан болып келетін өзен аттарын көне түркі тіліндегі “өзен” деген сөз деп қарайды. Бірақ біз Қатынқарағай атауының этимологиясын басқаша қараймыз.
Жергілікті қариялар бұл атауды Қатынқарағай дейді. Бұл орыс тілінде Катонкарағай деп аталып, қазақ тіліне қайта әсер етіп, Қатонқарағай делініп кеткен.
Атаудың құрамындағы қатың сөзі - көне түркі тілінде қазіргі қазақ тіліндегі қайың (береза) сөзінің көне варианты. Орта ғасырда М. Қашқари заманында бұл сөз қазың түрінде болған (М. Қашқари, Дивани. Ташкент, I том, 68 беті, III том, 380 беті).
Бұл сөз якут тілінде және Сібірдегі кейбір түркі тілдері мен диалектілерінде хатың түрінде (К.Ф. Гриценко. Якутские топонимы на – лах. Языки и топонимя Сибира. Томск, 1966, Стр 44), хакас тілінде хазын (М.А. Абдрахманов. О составе // Ученье зап. ТГПИ, том XX вып. 2. Томск, 1962, стр.118) алтай, қазақ тілдерінде қайың түрінде кездеседі. Ендеше, бұл сөз қатың > қадың > қазың > қайың түрінде фонетикалық өзгеріске түскен деуге болады. Оның ескі және дыбыстық жағынан өзгерген түрі көптеген түркі тілдерінде сақталған. Н.К. Дмитриев түркі тілдеріндегі р // д // т // з // й // дыбыстарының сәйкесетінін айта келіп, қадуң // хатың // қазың // қайың // (береза) сөздерін мысалға келтіреді. Өзге түркі тілдерінен оқшау қалған якут тілінде бұл сөздің ең көне хатың түрі сақталып қалуы да заңды. Бұл маңды мекендеген көне түркі тайпаларының көне тілінде қазіргі тіліміздегі қайың сөзі қатың аталғаны осы топонимде сақталған. Ал, атаудың Қатонқарағай түріне ауысуына орыс тілінің әсері ғана емес, бірінші және үшінші буындағы ашық а дыбыстарының ортадағы ы дыбысын ашық о дыбысына өзгеруінде әсер еткен тәрізді. Сонда бұл атаудың мағынасы “қайың - қарағай” деген қос сөз болса керек [12, 100-101].
Қорытынды. Қазақ тілінің географиялық терминологиясы мен топонимиялық сөз қорындағы дыбыс бейнелеуіш сөздер қатарына жататын атаулардың түпкі тарихы тілдің (тілдердің) шығу, пайда болу дәуірінен бастау алады. Географиялық терминология мен топонимия құрамындағы фоносемантикалық сипаты бар өте көне сөздердің, тілдің пайда болған дәуіріндегі ілкі сөздердің өзіне тән төмендегідей белгілері бар: 1) олар бір буынды түбір (имитатив) болып келеді; 2) дыбыс символикалық қасиеті бар; 3) көптеген тілдердің түпкі сөз қорында болған ұқсастықтар бар; 4) денотаттың (аталған нысанның) түрлі кешенді болып келетін акустикалық, визуалдық, тактильдік, сенсорлық т.б. сипаттарын, ерекшеліктерін идеофон, имитатив күйінде символдайды; 5)бір буынды ілкі түбір болғанымен, ұғымдық, мағыналық тұрғыдан қарастырғанда, семантикасы сөзге не сөйлемге тең. Фоносемантикалық сипаты бар топонимдер мен географиялық апеллятивтер құрамындағы түбірлердің осы және де басқа ерекшеліктері тілдердің глоттохрония үдерістерінен (процесстерінен) хабардар етеді.
Тілдің пайда болу дәуіріндегі у идеофоны суды (ағынды, өзенді т.б.) символдық түрде бейнелеп, өзінің варианттары мен туынды тұлғалары ретінде ус, су, уда, йу (ю), и, а, йыл (иль, ыл, ел, жыл, іл, йол, уол, ул т.б.), юг (юган, ëк, ëг, йога, ұйы, оëк, ëкка), ул (ол, хол/хул, джуль/жуль, чуль, шул, ула т.б.) формаларымен белгілі. Тілдің (тілдердің) алғашқы, бастапқы, ілкі имитативтік дәуірінде пайда болған осы және де басқа суды, су нысандарын дыбыстық деңгейде символикалық түрде бейнелеген идеофондар мен имитативтер қазіргі тілдердегі географиялық апеллятивтер мен топонимдер (және де басқа лексикалық топтарда) құрамында сақталып қалған. Осы имитативтік түбірлер негізінде көптеген туынды, яғни лексикаланған және грамматикалық формаларға енген географиялық (гидрографиялық) апеллятивтер мен гидронимдер пайда болған.
Фоносемантикалық тұрғысынан қалыпқа келтірілген *туб имитативінің (және оның варианттарының – төб/туп/доб/тоб т.б.) анлауттағы орында тұрған т/д «қатты (жұмсақ емес), көтеріңкі, үстіңгі (басындағы), биік, тік тұрған т.б.» + у/ө/о – инлауттағы дауысты фонема – идеофон «томпақ, домалақ, шар тәрізді, үстіңгі, биіктегі, айналма, дөңгелек т.б.» + ауслауттағы б «дөңес, дөңесті, томпақ», «аумақты, ауқымды, көлемді, қомақты» сынды идеофондық мағыналар. Түптеп келгенде төбе, дөңес, дөңгелек, томпақ, дöбö, тепе, топпа, дувэ, тöпу, тибба тағы басқа көптеген (ностратикалық ареалдағы) сөздер де имитативтік күйінде шығыңқы, көтеріңкі рельеф (жер бедері) нысандарын бейнелейді.
Жоғарыда аталған жер бетінен биікте жатқан табиғи нысан атауларының көрсетілген имитативтік (идеофондық) сипаты мен бейнесі еріндік дыбыстардың (фонемалардың) символизміне негізделген.
Дыбыс бейнелеуіш топонимдер қатарына жататын атаулар дыбыс еліктеуіш және дыбыс символикалы сөздер болып бөлінеді. Дыбыс еліктеуіш географиялық атауларға біз Даңғырақ, Жаңғырық, Сарқырама, Күркіреуік, Күркілдек, Қорс, Шар, Шарбұлақ, Шарын, Сарпылдақ, Сар (сары) бұлақ, Өкір, Топар, Қарқара т.б. жатқызамыз.
Осы фоносемантикалық сипаты бар атаулар құрамындағы түбірлер фонемотип немесе имитатив күйінде, ретінде дыбыс еліктеуіш қызметін атқарған. Мәселен, Даңғырлақ топониміндегі Даң – түбіріндегі әр фонема – идеофон (идеофонема) белгілі бір еліктеуіш мағынаға ие. Еліктеудің негізгі сипатын, болмысын осы фоносемантикалық дауыссыз д және ң дыбыстары (идеофондар) көрсетеді. Ал имитативтік сөз ортасындағы дауысты фонема (идеофонема) еліктеуіш түбірді (сөз) суреттейтін табиғи үн, шу, дыбыстың күштілігін/әлсіздігін және тобын сипаттайды. Жалпы алғанда, даң имитативі (фонемотип, фоносемантикалық модель) табиғи дыбыстардың (шудың) төмендегідей сипаттарына еліктейді: «күмбірлеген, саңғырлаған, даңғырлаған (дыбыс)», «іші қуыс заттың басқа нәрсеге соғылуынан шығатын қаңғыр-күңгір (дыбыс)», «даң-дүң» еткен, «қаңғыр-күңгір» еткен, «салдыр-гүлдір» еткен (дыбыстар), «даңғырлап қатты дауыс еткен», «айғай-ұйғайға, у-шуға ұқсайтын (дыбыстар)» т.б. Сол сияқты Сарқырама, Сарбұлақ, Шар, Шарбұлақ, Шарын, Сарпылдақ т.б. топонимдер құрамындағы сар/шар/сор/шор имитативтік түбірлер өзен, бұлақ, арық атауларында судың сарылдап, шарылдап, сорылдап, шорылдап, яғни қатты немесе баяу екпінмен қуыс, тар жермен ағуына еліктеу түрінде сипатталады. Сонымен қатар осы фоносемантикалық модельдің дыбыс символикалық қызметі бар: анлауттағы с/ш судың (немесе кез келген сұйықтың) шумен жылжуын, сусуын, ағуын (олардың түрлерін) көрсетеді, инлауттағы ашық а ағынның көлемін, кең жайылғанын (көлемділігін) сипаттайды; ал ауслауттағы р - вибрант ретінде аққан судың (сұйықтың) діріл, тербелмелі сипаттарын символдайды.
Дыбыс символикалы гидронимдер қатарына Балқаш, Іле, Елек, Шелек/Желек, Сырдария, Сілеті, Ойыл, Қиыл, Елік, Есіл, Жылға, Ұлан, Ұласты, Шұлба т.б. фоносемантикалық сипаты бар атауларды жатқызамыз. Балқаш атауындағы бал түбірі өзінің фоносемантикалық варианттық тұлғаларында семит-хамит, үндіеуропа, алтай тілдерінде кездесуі оның дыбыс символикалы сипатын деректейтін белгісі болып табылады. Балқаш гидронимінің бал түбірі (түбірі бл – фонемотипі) фоносемантикалық сипатқа ие, осы түбір (фонемотип) құрамындағы идеофондар дыбыс символикалық түрде сулы, балшықты, батпақты деген ұғымдарды имитациялайды, суреттейді, бейнелейді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
-
Корнилов Г.Е. Имитативы в чувашском языке. – Чебоксары: Чувашское книжное издательство, 1984. – 184 с.
-
Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. -Алма-Ата, Наука 1986.-328 с.
-
Мурзаев Э.М. Очерки топонимики.- М.: Мысль, 1974. – 380 с.
-
Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексика дамуының этимологиялық негіздері. – Алматы: Санат, 1994.- 168 б.
-
Левицкий В.В. Звукосимволизм в лингвистике и психолингвистике// Филологические науки. 1975. №4.-С-47-52
-
Мурзаев Э.М. Словарь народных географических терминов. -М., 1984.- 653 с
-
Малолетко А.М. Палеотопонимика. -Томск: Изд-во Томского университета. 1992.- 264 с.
-
Воронин С.В. Этимология и фоносемантика (на материале тюркских и некоторых других языков)//Проблемы этимологии тюркских языков. – Алма-Ата: Ғылым, 1990.- С.62-70.
-
Хусаинов К.Ш. Звукоизобразительность в казахском языке. – Алма – Ата: Наука, 1988 – 232с.
-
Қазақ тілінің сөздігі. Жалпы ред. басқарған. Т. Жанұзақов. – Алматы: Дайк – Пресс, 1999 – 776 б.
-
Джанузаков Т.Дж. Материалы древней топонимии Казахстана как база для этимологических исследований // Проблемы этимологии тюркских языков. – Алма – Ата: Ғылым, 1990 – 295-320 бб.
-
А.Әбдірахманов. Топонимика және этимология. -Алматы, Ғылым 1975. - 207 б.
-
Кажибеков Е.З. Глагольно – именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках. – Алматы: Наука, 1986 – 272с.
ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН ЕҢБЕКТЕР
-
Қазақ жалқы есімдері құрамындағы фоносемантикалық сөздердің зерттелуі жайында // Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Хабарлары, 2006, №6, 88-89 бб.
-
Қазақ жалқы есімдерінің мифоритуалдық аспектілері // Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15-жылдығына арналған «Әуезов оқулары -5»: «Қазақстанда гуманитарлық ілімдердің дамуы: ізденістер, даму перспективалары мен бағыттары» атты халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияның еңбектері. Шымкент, 2006, 100-104 бб.
-
Халықтық географиялық терминдерді фоносемантикалық тұрғыдан қарастырудағы глоттогенез мәселесінің рөлі // Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері: І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаевтың 100 жылдығына орай арналған ғылыми – теориялық конференцияның материалдары, Алматы, 2007, 207-209 бб.
-
Физикалық-географиялық аппеллятивтердің фоносемантикалық сипаттамасы // Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл Білімі Институты. Тілтаным, 2007, №4, 97-101 бб.
-
Қазақ тіліндегі халықтық географиялық терминдердің фоносемантикалық сипаты // Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Халықаралық ғылыми – педагогикалық «Қазақстан жоғары мектебі» журналының ғылыми қосымшасы. Ұлт тағлымы, 2007, №4, 271-273 бб.
-
Қазақ жалқы есімдерінің «Тіл - мәдениет» қатынасындағы аялық білім көрінісі. // «М.Әуезов – жаңа дәуір данышпаны» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция материалдары. Шымкент, 2007, 57-61 бб.
-
Имитативтердің негізінде пайда болған сөздер // Жаңа ғасырдағы Қазақстанның тілдік кеңістігі және әлемдік лингвистиканың өзекті мәселелері: халықаралық ғылыми – теориялық конференция материалдары. Алматы, 2008, 648-653 бб.
-
Қазақ жалқы есімдеріндегі жер бедері атауларының фоносемантикалық сипаты // Халықаралық ғылыми - педагогикалық «Қазақстан жоғары мектебі» журналының ғылыми қосымшасы. Ізденіс, 2008, №2, 96-99 бб.
-
Қазақ топонимиясында кездесетін дыбыс бейнелеуіш сөздер // Профессор Н.Оралбай және Тіл білімі мен әдістеме ілімі: Н.Оралбайдың 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми практикалық конференция материалдары. Алматы, 2008, 235-238 бб.
-
Қазақ тіліндегі дыбыс символикалы жалқы есімдердің шығу тарихы, фоносемантикалық этимологиясы // Қазақстан білім бері жүйесіндегі тарих пәндерінің өзекті мәселелері: Шымкент педагогикалық институтының 70 жылдығына арналған II – халықаралық ғылыми – практикалық конференцияның материалдары. Шымкент, 2008, 297-301 бб.
РЕЗЮМЕ
диссертации, представленной на соискание ученой степени
кандидата филологических наук по специальности
10.02.02 – казахский язык
Макулбек Азамат Болатбекулы
Фоносемантическая характеристика казахских топонимов
Актуальность исследования. Тема диссертационного исследования представляется актуальной, так как изучение фоносемантической природы казахских топонимов, их этимологической фоносемантики позволяет вскрыть и описать самые древнейшие слои топонимической лексики казахского языка, их качественно иное языковое (имитативное) состояние, что дает предпосылки и возможности рассмотрения некоторых аспектов общей теории возникновения языка и глоттохронии. Актуальность исследования определяется также тем, что основные проблемы и вопросы заявленной темы рассматриваются и изучаются с позиции антропонимической парадигмы, исследующей язык в тесной связи с человеком, его мышлением и сознанием.
Орографические апеллятивы казахского языка сохранили в своем составе реликтовые идеофоны (имитативы, фонемотипы, фоносемантические модели) в звукосимволической форме, изображающих на основе губных гласных и согласных а также лабиализованных звуков положительные формы рельефа.
В звукоподражательных казахских топонимах корневые основы и морфемы имеют реликтовые этимологически утраченные или затемненные идеофоны (или фонемотипы, фоносемантические модели), передающие звукоизобразительные подражательные “звучащим” географическим объектам.
В звукосимволических казахских гидронимах обнаруживаются корневые основы, имеющие фоносемантическую природу, передающие в символической форме интермодальные ассоциации связанные с номинируемым гидрографическим объектом.
Достарыңызбен бөлісу: |