Әож 94 (574. 1): 351. 755 «19» (043) Қолжазба құқығында аман әлібек бақытжанұЛЫ


Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі434.26 Kb.
#19961
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Зерттеудің әдістері демографиялық, математикалық және тарихи- салыстырмалы әдістер болып келеді. Бұл кешенді зерттеу әдістері аймақ ауыл халқының сандық динамикасы, ұлттық, әлеуметтік құрамы, жыныстық-жастық құрылымы, табиғи және механикалық өсімін талдауда көрініс тапты.

Зерттеу жұмысының объектісі-ХХ ғасырдың 20-80 жылдары Батыс Қазақстан аймағын мекендеген ауыл халқының тарихи-демографиялық даму мәселелері. Атап айтқанда ауыл халқының сандық, табиғи, механикалық өсімі, ұлттық, әлеуметтік құрамы, жыныстық-жастық құрылымы өзгерістерінің тарихи-демографиялық тұрғыда зерттелуі.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері-ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап 80-жылдардың аяғына дейінгі ауыл халқының демографиялық даму кезеңін қамтиды.

Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы-қазіргі Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қамтитын Батыс Қазақстан өңірі.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы-ХХ ғасырдың 20-80 жылдарындағы Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының табиғи өсіміндегі, сандық, жыныстық-жастық құрылымы мен ұлттық, әлеуметтік құрамындағы өзгерістердің алғашқы кешенді түрде зерттелуі болып табылады. Ғылыми жаңалықтарға ауыл халқының демографиялық дамуына қатысты көптеген тың мұрағат деректері негіз бола алады. Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының тарихи-демографиялық даму мәселелеріне арналған диссертациялық жұмысымызда мынадай ғылыми жаңалықтар бар:

- Зерттеу жұмысында ХХ ғасырдың 20-80 жылдарындағы ауыл халқының сандық өсімі халық санақтары, мұрағат деректері арқылы тарихи-демографиялық тұрғыда жете талданды.

- Ауыл халқының табиғи және механикалық өсімі, оның халық санының ұлғаюындағы орны, табиғи, механикалық өсімге ықпал етуші факторлар баяндалып, бұған қатысты мұрағат материалдары тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізілді;

- 1920-1930 жылдардағы ауыл халқының саны, табиғи өсіміндегі өзгерістер талданып, халық санының азаюына қатысты тың мұрағат деректері кең көлемде қолданыс табуы.

- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл халқының демографиялық даму мәселелері, жыныстық-жастық құрылымдағы өзгерістер, табиғи өсімнің құлдырауы жан-жақты баяндалып, бұған қатысты тың мұрағат деректері алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.

- Сондай-ақ 1930-1940 жылдары аймаққа күштеп көшірілген халықтар, олардың саны, орналастырылуы, оның ұлттық құрамның өзгерісіне ықпалы мұрағат құжаттары арқылы жан-жақты талданды.

- Тың мұрағат деректері және статистикалық мәліметтер арқылы аймақ ауыл халқының соғыстан кейінгі кезеңдегі жыныстық-жастық құрылымының өзгерістері кезең-кезеңмен жан-жақты баяндалды. Жыныстық-жастық құрылымға қатысты көптеген мұрағат материалдары алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ халықтың жыныстық-жастық құрылымының өзгерістеріне ықпал еткен факторларда терең талданады.

- Ауыл халқының ұлттық және әлеуметтік құрамындағы өзгерістер және оған ықпал етуші факторлар түрлі тың мұрағат деректері мен статистикалық материалдар арқылы жан – жақты қарастырылады.



Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Зерттеу жұмысында баяндалған мәліметтер, көтерілген мәселелер тарихи-демографиялық еңбектер ерекше мән беретін оқырмандарымызға құнды мәліметтер береді. Зерттеудің теориялық қорытындылары мен фактілік материалдары жаңа зерттеулер мен тарихи демография курстарына пайдалануға жарамды.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, талқыға түсті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестациялау тізіміндегі журналдарда 4 ғылыми мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан және алты тараушадан, қорытынды, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі көрсетіліп, мәселенің зерттелу деңгейі сараланды. Зерттеудің мақсат-міндеттері, деректік негізі, хронологиялық шеңбері методологиясы, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен тәжірибелік маңызы айқындалды.

ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Батыс Қазақстанның ауыл халқы деп аталатын бірінші тарауда аталмыш кезеңдегі аймақтағы демографиялық дағдарыстар және оларға ықпал етуші факторлар, ауыл халқы санының азаюы, ұлттық құрамның өзгеріске ұшырауы тың мұрағат деректері негізінде сараланды.

Төңкерістен кейін Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқы өз дамуында күрделі де қарама-қайшылығы мол кезеңге өтті. 1917-1920 жылдары Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының саны 1 390,8 мың адамнан 1 208,3 мың адамға немесе 182,5 мың адамға азайды.

ХХ ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысындағы Қазақстан халқының этнодемографиялық дамуына 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кері әсер етті. Ашаршылық әсіресе Қазақстанның батыс губернияларын қамтып, он мыңдаған адамның шығын болуына және өзге аймақтарға көшуіне, шаруашылықтың құлдырауына әкеліп соқтырды. Аштықтың басты себебі соғыс салдарынан өндіргіш күштердің әлсіреуі, экономиканың құлдырауы және азық-түлік қорының жоқтығы болатын. Орал губерниясындағы ашыққандарға көмектесетін губерниялық комиссияның мәліметтері ашаршылықтың негізгі себептерін нақты көрсетеді. «Құрғақшылық, егін шықпау, онсыз да ұзақ жылғы империалистік соғыс пен ең бастысы азамат соғысы нәтижесінде дағдарысқа ұшыраған шаруашылықты одан әрі түбегейлі құлдыратты. 1918-1920 жылдарды қамтыған азамат соғысы барысында губернияда елді – мекендер өртеліп, барлық шаруашылық құрал-жабдықтар бүліншілікке ұшырап, мал басы саны азайды. Азамат соғысының қорытындысы губерния аймағындағы шаруашылық өмірдің құлдырауы болды», - деп көрсетілді [12, 40 п.].

1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың біз қарастырып отырған демографиялық зардаптары күшті өте болды. Ашығу, үдере көшу, өлім салдарынан халықтың табиғи өсімі төмендеп, саны азайды. Статистикалық мәліметтерден халық санының жылма-жыл азайып отырғанын көреміз. Мысалы, Ақтөбе губерниясының ауыл халқы 1920 жылы 430,7 мыңнан 1921 жылы 272,5 мың, 1922 жылы 314,2 мың адамға азайды. Орал губерниясының ауыл халқы 1920 жылы 459,4 мың, 1921 жылы 234,3 мың, 1922 жылы 371,5 мың адам болды. 1920 жылмен салыстырғанда 1923 жылы ауыл халқы Ақтөбе губерниясында 37,0 %-ке, Орал губерниясында 32,7 %-ке, Бөкей губерниясында 8,5 %-ке азайды. Үш губерния бойынша 1920 жылмен салыстырғанда ауыл халқы саныны жалпы кемуі 329 078 адамды немесе 29,5 %-ті көрсетті. Демографиялық дамуға қолайлы жағдайлар 1920-жылдардың екінші жартысына таман қалыптасты.

Батыс Қазақстан ауыл халқының демографиялық даму тарихында 1930-жылдар күрделі кезең болып табылады. 1930-жылдардың басындағы нәубет, республика халқы санының азаю себептері көптеген зерттеуші тарихшылар мен демографтардың еңбектерінде айтылуда. Бұл-күштеп ұжымдастыру, көшпелі шаруашылықтарды жаппай еріксіз отырықшыландыру салдарынан үдере көшу және аштықтан адамдардың орасан зор шығынға ұшырауы болатын.

Халық санының күрт азаюы ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер нәтижесінде орын алды. 1920-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру науқаны ауылдардағы барлық меншік түрлерінің колхоз, совхоз формасындағы мемлекеттік меншік болып өзгеруіне, халықтан күштеу арқылы еңбек құралын, мал мен жерді, яғни барлық өмір сүру көздерін тартып алу мен қоғамдастыруға әкелді. Қысқа мерзімде жүргізілген науқан нәтижесінде ауылшаруашылығы өндірісінің, барлық азық-түлік түрінің құлдырауына әкелді. Нәтижесінде халық арасында кедейшілік, жұт пен өлім пайда болды.

1926-1939 жж. екі санақ аралығында Батыс Қазақстан аумағын мекендеген ауыл халқы орасан зор шығынға ұшырады. Халық арасында қазақтар қатты зардап шекті. Екі санақ материалдарын салыстырар болсақ Батыс Қазақстан облыстары ауылды елді мекендерінде қазақтардың үлес салмағы 72,8 %-тен 63,2%-ке түсті.

Батыс Қазақстан халқының этнодемографиялық даму тарихында Ұлы Отан соғысы кезеңінің өзіндік орны бар. Бұл кезеңде Қазақстанға эвакуацияланғандардың, депортацияланған халықтардың көшіріліп әкелінуі жүрсе, майданда қаза тапқандардың, тылдағы өлім-жітімнің салдарынан табиғи өсім төмендеп отырды. Халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі, майдан мен тылдағы өлім-жітім аймақ халқының табиғи өсіміне кері әсер етті. Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша 1000 адамға туу коэффициенті 1940 жылы 35,3-ті көрсетсе, 1945 жылы ол 13,4-ке түсті. Сол сияқты Гурьевте 29,6-дан 14,6-ға, Батыс Қазақстан облысында 36,5-тен 15,6-ға түсті. Өлім коэффициенті керісінше өсіп отырды. Ақтөбе облысы бойынша 1940 жылы 1000 адамға 17,2 болса, 1944 жылы 27,6 болды. Гурьевте 14,8-ден 18,9-ға көтерілсе, тек Батыс Қазақстан облысында ғана 18,6-дан 9,3-ке түсті [13]. Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының жыныстық-жастық белгілері бойынша өлім көрсеткіштері туралы мәліметтерден ер адамдар үлесінің жоғары екенін байқаймыз. 1940 жылы ерлер барлық өлген адамдардың 52,7 %-н, әйелдер 47,3 %-н құраса, 1942 жылы тез көтеріліп ерлер 60,4 %-ті, әйелдер 39,6 %-ті көрсетті. Одан әрі 1943 жылы ерлер 52,4 %, әйелдер 47,6 %, 1944 жылы ерлер 54,9 %, әйелдер 45,1 %, 1945 жылы ерлер 53,2 %, әйелдер 46,8 % болды. Сонымен бірге ерлердің ішінде 20-29 жастан бастап 50-59 жас аралығындағы ерлер өлімі басым болды. Аталған жас аралығындағы ерлердің өлімі 1940 жылы барлық өлгендердің 11,6 %-н, барлық өлген ерлердің 22,1 %-н құраса, 1942 жылы сәйкесінше 25,5 % және 42,9 % болды [13].

1941-1945 жылдар аралығында майданға Ақтөбе облысынан 117 011 адам, Гурьев облысынан 40 191 адам, Батыс Қазақстан облысынан 74 083 адам, Маңғыстау облысынан 6 000, аймақ бойынша барлығы 237 285 адам мобилизацияланды. Соңғы толықтырылған мәліметтер бойынша майдандағы адам шығыны Ақтөбе облысында 36192 адам, Гурьев облысында 15 364 адам, Батыс Қазақстан облысында 36 992 адам немесе, Маңғыстау облысында 4000 адам болды. [14, 136-137 бб.].

Ұлы Отан соғысы қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға, оның ішінде батыс аудандарға корейлер, поляктар, немістер, және кавказ халықтары күштеп көшірілді. Олардың басым көпшілігі республиканың колхоз-совхоздарына орналастырылды. КСРО территориясында алғашқы депортацияланған халықтардың бірі қиыршығыстағы корейлер болды. 1937 жылы желтоқсан айында Гурьев округіне келген 1266 жанұя балық зауыттарына және Теңіз, Гурьев аудандарының колхоздарына орналасады және келгендерден 654 адам Гурьев қаласында қолөнер, өнеркәсіп кооперациясы жүйесіндегі мекемелерге жұмысқа орналастырылады. Қазақ КСР ХалКом Кеңесінің шешімімен 1938 жылы 3 наурызда Қазақстанға көшірілген 20530 корей жанұясынан Гурьев облысына балық кәсіпшілігіне, мемлекеттік кооперативтік мекемелерге 1322 шаруашылық, Ақтөбе облысына 1287 шаруашылық көшіріледі [15, 1-44 пп.]. Батыс Қазақстан облысында 1938 жылдың 1 сәуірдегі мәлімет бойынша 2244 адамымен 571 корей жанұясы болады [16, 42–43 пп.].

1942 жылғы 28 қаңтардағы анықтама бойынша Ақтөбе облысында 5646, Гурьев облысында 187, Батыс Қазақстан облысында 159, ал барлығы республикада 103757 поляк болды. Одан әрі 1943 жылғы 7 қазандағы Қазақ ССР-гі арнайы контингенттердің саны туралы анықтамада Ақтөбе облысында 5 218 поляк, Гурьевте 142 поляк, Батыс Қазақстан облысында 145 поляк болды [17, 141,185 бб.].

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1941 жылғы 28 тамыздағы жарлығы негізінде немістерді КСРО-ның шығыс аудандарына көшіру жүзеге асырылды [18, 107 б.]. 1941 жылы 31 қазанда Ақтөбе облысына жалпы саны 5 554 адаммен 2 эшелон келеді [19, 69 б.]. Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарына немістер еңбек колонналарының құрамында келе бастайды. 1942 жылы 4 желтоқсандағы «мұнай және көмір өнеркәсібіне мобилизацияланған немістер мен оның әйелдерін жіберу туралы» анықтамаға сәйкес Ақтөбе облысынан Гурьевке ері, әйелі барлығы 364 неміс жіберілді [18, 131 б.].

Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1944 жылы 31 қаңтардағы шешімімен шешендер мен ингуштарды Қазақстан мен Қырғыстанға көшіру жүзеге асырылды. 1944 жылы наурыздың ортасында Ақтөбе облысына 20 309 адам көшіріліп әкелінді [20, 252 б.].

Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан аймағына эвакуацияланған адамдар көшіріліп әкелінді. Батыс Қазақстан облысы бойынша 1941 жылдың тамыз айы бойына барлығы 2561 адам келеді. Бұған дейінгі келген 1469 адамды қоса есептегенде облыстағы эвакуацияланғандардың саны 4030 адамға жетеді. Одан әрі қыркүйек айында 2520 адам, қазан айында 3100 адам, қараша айында 2481 адам, желтоқсан айында 4571 адам, 1942 жылдың қаңтар айының бірінші жартысында 618 адам келіп, осы аралықтағы барлық эвакуацияланғандардың саны 17320 адамға жетеді. Оның ішінде ерлер 6853, әйелдер 10467, 16 жасқа дейінгілер 6175 адам, орыстар 4275, украиндар 3586, белорустар 1151, еврейлер 8040, басқа ұлттар 268 адам болды [21, 13-36 пп.]. Ал 1942 жылдың 1 мамырында Батыс Қазақстан аймағына барлығы 61299 адам эвакуацияланып, ол Қазақстанға барлық келгендердің 29 %-н құрады [22, 2 п.].

Соғыс жылдарындағы демографиялық дағдарыстар нәтижелерінің бірі бұл халықтың жыныстық-жастық құрылымындағы өзгерістер болатын. Оның ішінде ерлер мен жас балалар үлесінің төмендеуі болды. Ауыл халқының жыныстық – жастық құрылымы бойынша есептеулер соғыс жылдары-ақ жүргізіле бастады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 1943 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша уақытша тұрып жатқандарды қоса есептегенде барлық ауыл халқында ерлер бойынша 17 жасқа дейінгілер 62,0 %, 18-54 жастағылар 26,6 %, 55 жастан үлкендер 11,4 %, әйелдер бойынша 17 жасқа дейінгілер 42,7 %, 15-54 жастағылар 46,3 %, 55 жастан үлкендер 11,0 % болды. Ал барлық халық бойынша 17 жасқа дейінгілер 50,5 %, 18-54 жастағылар 38,3 %, 55 жастан үлкендер 11,2 % болды [23, 3 п.].

1946 жылы 1 қаңтарда Ақтөбе облысында ауыл халқы 167443 адам, Батыс Қазақстан облысында 214970 адам болды. Бұл цифрларды 1939 жылғы санақ мәліметтерімен салыстырсақ ауыл халқы Ақтөбе облысында 82803 адамға, Батыс Қазақстан облысында 113080 адамға азайды.



«ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы Батыс Қазақстан ауыл халқының демографиялық дамуындағы өзгерістер» деп аталатын екінші тарауда аймақ ауыл халқының саны, табиғи, механикалық өсіміндегі, ұлттық, әлеуметтік құрамындағы, жыныстық-жастық құрылымындағы өзгерістер және оған ықпал етуші факторлар талданады.

Бұл кезеңде Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының демографиялық дамуында қалыпты жағдай қалыптасты. Аймақ ауыл халқының оңтайлы демографиялық даму жағдайы табиғи және механикалық өсімнің ұлғаюы нәтижесінде болды. Аталмыш кезеңде сырттан көші-қон толқындары тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарындарынан кейін толастап, халық табиғи өсім негізінде өсті. 1959-1970 жылдары аймақ ауыл халқы 620, 5 мың адамнан 827, 5 мың адамға, 1979 жылы 887, 6 мың адамға ұлғайды. Бастапқы кезеңдегі ұлғаю тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының ықпалынан болатын. Өйткені тың игерілген бес облыспен қатар кейбір аз көлемде тың игерілген аудандар ішінде Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары да болатын.

1954 жылы Ақтөбе облысына Украина КСР-нан құрамында 1 046 адамы бар 259 қоныс аударушы жанұясы келеді. 1954 жылдың екінші жартысы-1955 жылдың 1 сәуірі аралығында Ақтөбе облысы колхоздарына 3 868 мүшесімен 1003 жанұя орналасады. Ал 1955 жылдың 5 сәуірінде Украина КСР-ның Харьков және Тернополь облыстарынан 2184 мүшесімен құрамында 1321 еңбекке қабілетті адамы бар 583 жанұя келіп орналасады [24, 33 п.]. Тыңға келушілер легі кейінгі жылдары да жалғаса берді. 1959 жылы Ақтөбе облысына Украина КСР-нен 974 жанұя көшіп келсе [25, 43 п.], 1960 жылы 1 140 жанұя және облыс ішілік қоныс аудару бойынша 288 жанұя келіп орналасады. Сонымен бірге әскерден босатылған 3074 адам қабылданады [26, 6 п.]. 1963 жылдың 1 шілдесінде Батыс Қазақстан өлкесі колхоздары бойынша көшіп келген отбасылар саны бұрын келгендермен қоса есептегенде 551 жанұяға жетеді. Облыстар бойынша ағымдағы жылы Ақтөбеге 165, Батыс Қазақстанға 259, Гурьевке 15 жанұя орналасады. Сонымен бірге аймақтың совхоздарындағы жанұялар саны бұрынғы келгендермен қосқанда 1 225-ге жетеді. Украина КСР-нан келген отбасы саны 1 058 болды. Ақтөбе облысына 377, Батыс Қазақстанға 963, Гурьевке 38 отбасы орналасады [27, 34,37 пп.].

Нәтижесінде 1954 жылдан 1959 жылы Ақтөбе облысы ауыл халқы 189,7 мыңнан 226,6 мыңға, Батыс Қазақстан облысы ауыл халқы 217,9 мыңнан 267,8 мыңға бір-ақ жетті. Ал Гурьев облысы ауыл халқы болса 99,5 мыңнан 126,0 мыңға, Маңғыстау облысы ауыл халқы 16,5 мыңнан 20,5 мың адамға ұлғайды. Одан әрі 1965 жылы ауыл халқы Ақтөбеде 291,9 мыңға, Батыс Қазақстан облысында 349,8 мыңға, Маңғыстауда 22,5 мыңға көбейсе, тек Гурьевте ғана 123,6 мыңға азаяды [28, 62 п.].

Халық санының ұдайы өсіп өнуі негізінен халықтың табиғи өсімінің көрсеткіштеріне тікелей байланысты. Әсіресе ауыл халқының өсімінде табиғи өсімнің алатын орны ерекше болды. Ауыл халқының табиғи өсімі соғыстан кейінгі жылдары қайта қалпына келді және ол 1960-жылдардың ортасына дейін қарқынмен жүрді.

Батыс Қазақстан облысы мысалында қарастырар болсақ егер 1946 жылы облыс бойынша ауыл халқында туылғандар 4 976 адам, өлгендер 1 917 адам, табиғи өсім 3 259 адам болса, 1960 жылы туылғандар 12 225 адам, өлгендер 2 065 адам, табиғи өсім 10 160 адамды көрсетті. [29, 16 п.]. Табиғи өсім көрсеткіштері 1960-жылдардың екінші жартысынан бастап сәл бәсеңдей бастады. Егер Батыс Қазақстан облысында 1965 жылы 1000 адамға шаққанда туу коэффициенті 34 болса, 1966 жылы 33, 1967 жылы 30, 1968 жылы 30, 1969 жылы 17, 1970 жылы 24 болды [30] .

ХХ ғасырдың 80-жылдары ауыл халқының демографиялық дамуында 1960-1970 жылдармен салыстырғанда туудың төмендеуі, кері үдерістердің белең ала бастаған тұстары болды. 1980-1988 жылдары Ақтөбе облысы ауыл халқының 1000 адамға шаққандағы туу коэффициенті 26,7-ден 27,8-ге, ұлғайып, өлім коэффициенті 7,5-тен 6,8-ге төмендеп, табиғи өсім коэффициенті 19,2-ден 21,0-ге көтерілді. Гурьев облысында туу коэффициенті 26,4-тен 29,2-ге ұлғайып, өлім коэффициенті 9,5-тен 8,9-ға төмендеп, табиғи өсім коэффициенті 16,8-ден 20,3-ке өсті. Ал Батыс Қазақстан облысында туу коэффициенті 1980 жылы 24,9, 1985 жылы 29,4, 1988 жылы 28,3 болса, өлім коэффиценті 1980 жылғы 7,2-ден 1988 жылы 7,3-ке көтеріліп, табиғи өсім, 1980 жылы 17,7, 1986 жылы 22,1, 1988 жылы 21,0-ге төмендеді [31, 24,30,33 бб.].

Халық санының өсімінде көші-қон үдерістерінің маңызы зор. Көші-қон үдерістерінде ауылды елді-мекендерге көшіп келушілер санының өсуі тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны тұсында қарқынмен жүргені белгілі. Бұл жылдары әсіресе еңбекке қабілетті жастағы адамдардың келуі, көші-қондағы оң айырымдар халық санының тез өсуіне ықпал етті. 1960 жылдың көші қон-қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының 12 ауданында өсім 1910, Гурьев облысында 162, Батыс Қазақстан облысында 3 737 адам болды. 1963 жылғы ауыл халқының механикалық қозғалысы бойынша Ақтөбе облысында механикалық өсім 1 353 адам, Гурьев облысында кері өсім 1 811 адам, Батыс Қазақстан облысында өсім 3 225 адам болды [32, 11,12,13,28,31 пп.].

1970 жылдарындағы көші-қон үдерістерінде теріс айырымдардың жиі қайталануы байқала бастады. Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша ауылды елді-мекендерде 1971 жылы 910, 1972 жылы 767, 1975 жылы 89 адамдық теріс айырым болды [33, 25 п.]. Батыс Қазақстан облысында 1970 жылы теріс айырым 3,7 мың адам болса, 1975 жылы 3,7 мың адам, 1976 жылы 4,1 мың, 1977 жылы 5,5 мың, 1978 жылы 10,2 мың, 1979 жылы 4,5 мың, 1980 жылы 6,5 мың болды [34, 13 п.]. Бұл аймақ ауыл халқы санының қарқындап өсуінің тежелуіне, тіпті кейбір облыстарда азаюына әкелді. Ауыл халқы 1981 жылы Ақтөбе облысында 334 мың, Гурьев облысында 151 мың, Маңғыстау облысында 29 мың, Батыс Қазақстан облысында 366 мың адам болса, 1987 жылы Ақтөбе облысында 337 мың, Гурьев облысында 148 мың, Маңғыстау облысында 35 мың, Батыс Қазақстан облысында 350 мың адам болды [35, 31-32 бб.].

ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы көші-қон үдерістерінде теріс айырым үнемі қайталанып отырды. Мысалы, Ақтөбе облысындағы ауылды елді-мекендерде теріс айырым 1981 жылы 661, 1982 жылы 1 491, 1983 жылы 1 038, 1984 жылы 1 084, 1985 жылы 3 508 адам болды [36]. Батыс Қазақстан облысының ауылды елді-мекендерінде теріс айырым 1981 жылы 7,2 мың, 1982 жылы 7,9 мың, 1983 жылы 9,4 мың, 1984 жылы 9,5 мың, 1985 жылы 8,7 мың, 1986 жылы 8,8 мың, 1987 жылы 8,7 мың, 1988 жылы 8,0 мың адам болды [34, 14 п.].

Ауыл халқының белсенді көші-қоны, көші-қондық үдерістердегі теріс айырым ауылды елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмен болуымен де түсіндіріледі. Бұлардың қатарына ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлығы, халықтың тұрмыс дәрежесінің төмендігі, мәдени-тұрмыстық қызмет түрлерінің тапшылығы т.б. жатты.

Соғыстан кейінгі кезеңде Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының ұлттық құрамында бірқатар өзгерістер жүрді. Бұл кезеңдегі ұлттық құрамдағы басты өзгеріс бұл жергілікті халық қазақтар санының қалпына келуі болды. Аймақ бойынша 1959-1970 жылдардағы халық санақтары аралығында орыстардың 110 632 адамнан 130 058 адамға, белорустардың 2 831 адамнан 6 845 адамға, украиндардың 59 607 адамнан 61 277 адамға ұлғаюы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны нәтижесінде туындаған көші-қон үдерістерімен де байланысты болды. 1959 – 1989 жылдары аймақта қазақтардың үлесі 71,2 %-тен 79,7 %-ке өссе, орыстар 17,8 %-тен 10,8 %-ке, татарлар 1,5 %-тен 0,9 %-ке, украиндар 9,6 %-тен 4,7 %-ке, өзге ұлт өкілдері 4,2 %-тен 3,4 %-ке түсті [37].

Алдымен 1959-1970 жылдардағы санақ аралығында күшті табиғи өсім мен механикалық өсім нәтижесінде аймақтағы барлық саны басым ұлттардың үлесі ұлғаяды. Аймақ бойынша қазақтар 144 721 адамға, орыстар 19 426 адамға, белорустар 4 014 адамға, татарлар 1 642 адамға, украиндар 1 670 адамға, басқа ұлттар 5 524 адамға өседі. Бұл өнеркәсіп құрылысы, тың және тыңайған жерлерді игеру науқандары нәтижелерінде қол жеткізілген жетістіктер болатын. Алайда 1970-1979 жылдардағы санақ аралығынан басқа ұлттар санының азаю үдерісі басталды. Бұл аралықта қазақтар 81 857 адамға өскенімен, орыстар 13709 адамға, белорустар 1 121 адамға, татарлар 929 адамға, украиндар 8 286 адамға азайып, тек қалған ұлттар ғана 2 335 адамға көбейеді. Ал елдегі демографиялық дағдарыстар басталған 1979-1989 жылдардағы санақ кезеңінде тек қазақтар ғана 52 563 адамға ұлғайып, басқа ұлттар санының күрт азаюы байқалады. Сонымен 1970 жылғы санақтан бастап ауыл халқының жалпы өсімі негізінен жергілікті халық қазақтардың ғана есебінен болып отырды деп айта аламыз.

Кеңестік кезеңде халықтың әлеуметтік құрамында негізінен жұмысшылар, ұжымшаршылар және қызметкерлер деген үш топ болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша Ақтөбе облысында жұмысшылар деген қоғамдық топқа 103267 адам жатқызылған немесе олар барлық халықтың 45,6 %-н құраған. Ал қызметкерлер 40 705 адам немес 17,8 % болса, ұжымшаршылар 81 639 адам немесе 36,0 % болды. [38, 10 п.]. Қоғамдық топтарды ұлттар бойынша бөлінісі негізінде қарастырсақ, ауыл халқы бойынша барлық жұмысшылардың 18,4 %-н орыстар, 48,6 %-н қазақтар, 17,0 %-н украиндар, 9,1 %-н немістер, 2,3 %-н татарлар құрады. Қызметкерлердің 25,5 %-н орыстар, 44,5 %-н қазақтар, 22,3 %-н украиндар, 2,5 %-н немістер, 2,4 %-н татарлар құрады. Ұжымшаршылардың 7,6 %-н орыстар, 61,1 %-н қазақтар, 21,2 %-н украиндар, 6,3 %-н немістер құрады [39, 6-8 пп.].

1989 жылғы санақ мәліметтерінен аймақ ауыл халқының әлеуметтік құрамында жұмысшылар мен қызметкерлер санының ұлғайғанын, ұжымшаршылар санының азайғанын көреміз. Ақтөбе облысының барлық ауыл халқының жұмысшылар 66,5 %-н, қызметкерлер 18,7 %-н, ұжымшаршылар 14,5 %-н құрады. Гурьев облысында жұмысшылар барлық ауыл халқының 72,4 %-н, қызметкерлер 21,43 %-н, ұжымшаршылар 6,1 %-н құрады. Мағыстау облысында жұмысшылар барлық ауыл халқының 78,0 %-н, қызметкерлер 20,5 %-н, ұжымшаршылар 1,5 %-н құрады. Батыс Қазақстан облысы бойынша жұмысшылар 68,5 %-н, қызметкерлер 20,3 %-н, ұжымшаршылар 11,1 %-н құрады.

Соғыстан кейінгі кезеңде аймақ ауыл халқының жыныстық-жастық құрылымында айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Соғыстан кейінгі кезеңдегі күшті табиғи және механикалық өсім халықтың жыныстық-жастық құрылымындағы олқылықтарды толтыруға үлкен септігін тигізді.

Соғыстан кейінгі жылдары ауыл халқының жыныстық-жастық құрылымы қалпына келіп, ерлер саны ұлғайды. 1959 жылғы 100 әйелге 87,5 ерден келсе, 1989 жылы 100 әйелге 99,1 ерден келді [40,20-21 бб.]. Сонымен қатар жастар мен еңбекке қабілетті жастағы адамдардың саны мен үлес салмағы ұлғайды.

Сонымен ХХ ғасырдың 50-80 жылдары Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының саны, табиғи, механикалық өсімі, ұлттық, әлеуметтік құрамы және жыныстық-жастық құрылымында айтарлықтай оң өзгерістердің орын алымен ерекшеленеді.

Қорытындыда диссертациялық зерттеу мазмұнынан туындаған ғылыми ізденуге байланысты бағыттар жүйеленіп, алынған нәтижелер тұжырымдалды.

ХХ ғасырдың 20-80 жылдары Батыс Қазақстан аймағы ауыл халқының саны, ұлттық, әлеуметтік құрамы, жыныстық-жастық құрылымы және табиғи, механикалық өсімінде айтарлықтай өзгерістер жүрді. Бұл өзгерістер атлмыш кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістер тарихымен тығыз байланысты болатын.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет